Екінші, зерттеу бағыты: салалардың ішінен қай бағыт қызықтыратынын анықтап алу қажет. Мәселен, Мені Қазақстанның Кеден одағына қосылғаннан кейінгі жағдайы қызықтырады Үшінші, зерттеу сұрағы: жазба жұмысының негізгі зерттеу сұрағын анықтап алу керек. Мүмкіндік пен уақытты ескере отырып зерттеу сұрағын таңдау қажет. Кейде бір немесе бірнеше, тіпті шағын сұрақтар туындауы мүмкін. Мәселен, Қазақстан экономикасына Кеден одағы қандай пайда әкелді? Кеден одағы экономикамыздың қай саласының дамуына ықпал етті? Тақырыпқа қатысты ақпараттарды табу зерттеу сұрағы мен зерттеу тақырыбын таңдауға және зерттеу жоспарын құрып, оны жүзеге асыру үдерісіне көшуге мүмкіндік береді. Ақпараттардың сенімділігіне көз жеткізіп болған соң, оларды синтез немесе анализ жасау арқылы қолдану жолдарын қарастыруға болады. Ақпараттарды дереккөз ретінде пайдалану және қолданылған әдебиеттер тізімінде дұрыс безендіру үшін қай жерден алынғанын арнайы жеке қағазға мұқият жазып отыру қажет.
Жазылым үдерісі Ғылыммен айналысатын немесе зерттеу жұмысын жүргізіп жатқан кез-келген адам өзінің күнделікті уақытын өзіне ыңғайлы етіп жоспарлап алады. Сонымен қатар әрбір адамның, жұмысы мен атқаратын қызметіне қарай, жекелеген мақсаты мен міндеттері болады және олардың зерттеу еңбектерінің көлемі мен жанры да әртүрлі. Осыған байланысты олардың күрделілігі мен қиыншылықтары да әрқалай болады.
Сонымен қатар жазба жұмысын бірден бастап кету үлкен қиындық туғызуы мүмкін. Себебі көп студенттер алдындағы ақ параққа нені жазудан немесе жазба жұмысын қалай бастаудан жүрексінеді. Мұндай кедергіден арылу үшін жұмысты бастамас бұрын студент өзін ешқашан түзуші немесе сыншы рөліне қоймауы тиіс. Ол үшін алдымен өзін шығармашыл адам ретінде есептеп, тек дайын болған жұмысты тексеру барысында ғана өзін сынаушы рөліне ауыстырғаны дұрыс. Өзін шығармашылық қабілеті жоғары, ойы ұшқыр жан ретінде ойына келген тақырып жөнінде ойшақырту амалдарын жасау қажет. Ол үшін алдымен тақырыпқа қатысты кілт сөздердің тізімін жасап, сол сөздер арқылы карта жасағаны дұрыс. Бұл – жазбаша зерттеу жұмысын жазудың тиімді қадамы.
Ойшақырту амалдарын жүзеге асырғаннан кейін ғылыми әдебиеттерге шолу жасалынады. Бұл кезеңде студент өз алдына дербес жұмыс жасайды және тақырып бойынша өз бетімен ізденеді және ойланады. Бұл арқылы жаңа ғылыми білім, көзқарасы, ойы өзгереді.