Алаш көсемсөзі 1 том "Шолпан" журналы



Pdf көрінісі
бет16/20
Дата27.01.2017
өлшемі1,7 Mb.
#2803
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20

С. Асфендияров 
 
Білім бөлімі 
 
ҒЫЛЫМ НЕ БЕРЕДІ? 
 
«Шолпан»  журналында  «Білім  бөлімі»  деген  бөлім  бар.  Бұл  бөлімде  әртүрлі  ғылыми 
нәрселер  жазылып  тұрмақшы.  Қолдан  келгенше  әртүрлі  пәндерден  мағлұмат  беріліп 
тұрмақшы.  Мұны  істегендегі  мақсат  не?  Ғылым  —  адамзатқа  не  береді?  Ғылымның 
керектігі  қандай?  Ғылым  адамзатқа  керек  нәрселердің  ішінде  қандай  орында,  бірінші 
орында  ма,  болмаса  екінші,  үшінші  орында  ма?  Бұл  сұрауларға  жауап  беру  үшін  жеке 

144 
 
алғанда, әрбір кісінің, жалпы алғанда, бүкіл адамзаттың тіршілікте іздейтіні не екенін айту 
керек. 
 
Дені сау, есі дұрыс кісілердің бәрі де өмір бойы дамыл таппайды, әр қайсысы әртүрлі іс 
істеп  жүреді.  Қарап  жүрген  бір  кісі  де  жоқ,  жұрттың  бәрі  де  әрекетте,  жұрттың  бәрі  бір 
нәрсені  іздеуде.  Ол  жұрттың  іздейтіні  немене?  Жұрттың  бәрінің  де  іздейтіні  —  тірлігін 
сақтау һәм ол тірліктегі тұрмысты жөндеу. Онан соң жұрттың бәрі демесек те, шын кісілік 
дәрежесіне жеткендердің тағы бір іздейтін екі нәрсесі - білім және әдемілік. 
 
Тіршілік сақталу дегеніміз - көп жасау, мүмкін болса, тіпті өлмеу. 
 
Тұрмысты  жөндеу  дегеніміз  -  керек  болған  нәрселердің  бәрі  де  табылып  тұру,  әрі  ол 
нәрселер мүмкін қадірінше аз уақытымызды алып, мүмкін қадірінше аз еңбекпен табылып 
тұру. 
 
Кісінің өмір бойы дамыл таппай әрекет еткендегі мақсатының ең үлкені - тірлікті сақтау 
һәм ол тірліктегі тұрмысты жөндеу болса, бұл мақсатқа жету үшін не керек? Өнер-білім 
керек. Екінші түрлі айтқанда, мәдениет керек. Мәдениет адамзаттың керегінің бәрін тауып 
беріп,  асырап,  әлпештейтін,  адамзатты  әртүрлі  жауынан,  әртүрлі  бәледен  қорғайтын 
азаматы, қорғаны. Азамат әуелі жоқтан бар болады, яғни, туады, онан соң, күннен-күнге 
өседі,  ер  жетеді.  Сол  секілді  мәдениет  те  әуелі  туады,  онан  соң  күннен-күнге,  жылдан-
жылға өседі, ержетеді. 
 
Азаматты  өсіретін  әртүрлі  тамақ,  тамақсыз  азамат  өспейді,  өледі.  Мәдениетті  өсіретін 
ғылым,  ғылымсыз  мәдениет  өспейді,  өшеді.  Ғылымы,  білімі  көп  жұрттың  мәдениеті 
жоғары.  Ғылымы,  білімі  аз  жұрттың  мәдениеті,  еш  ғылымы,  білімі  жоқ  жұрттың 
мәдениеті де жоқ. Европадағы жұрттар әртүрлі ғылымды көп білетін жұрттар. Сондықтан 
олардың  мәдениеті  жоғары,  Азиядағы  жұрттардың  көбі  ғылымды  аз  біледі.  Білімді  аз. 
Сондықтан олардың мәдениеті де төмен. Африкадағы, Америкадағы және Австралиядағы 
бір  сыпыра  жұрттар  ғылым  дегеннің  не  екенін  білмейді.  Түк  білімдері  жоқ.  Сондықтан 
олардың түк мәдениеті де жоқ. 
 
Ал,  енді  дүниеде  қандай  жұрттың  тұрмысы  жақсы?  Мәдениетсіз  жұртқа  қарағанда, 
мәдениетті  жұрттың,  мәдениеті  төмен  жұртқа  қарағанда,  мәдениеті  жоғары  жұрттың 
тұрмысы жақсы. Мәдениетсіз жұрт егін ексе, жерді таяқпен шұқып егеді. Оған көп уақыт, 
көп  еңбек  сарп  етеді.  Өндіріп  көп  іс  істей  алмайды.  һәм  еккен  азғантай  егіні  де  жөнді 
шықпайды.  Мәдениетті  жұрт  егін  ексе,  жерді  көліксіз,  табиғаттың  күшімен  жүретін 
машинамен  жыртады.  Аз  уақытта  жаны  қиналмай,  аз  еңбекпен  өте  көп  жұмыс  бітіреді. 
һәм  еккен  егіні  де  өте  жемісті  болады.  Шығысы  өте  жақсы  болады.  Мәдениетісіз  жұрт 
жақсы  жерге  ғана  егін  еге  алады.  Мәдениетсіз  жұрт  ашаршылықты,  жұтты  көп  көреді. 
Мәдениетті жұрт мұндай нәрселерден тым онша қорықпайды. Мәдениетсіз жұрттың малы 
уақ, күшсіз, етсіз, сүтсіз һәм басқа пайдалары да кем болады. Мәдениетті жұрттың малы 
ірі,  күшті,  етті,  сүтті  әрі  басқа  пайдалары  да  мол  болады.  Мәдениетсіз  жұрттардың қора 
секілді,  аң  жататын  апан  секілді,  көр  секілді  үйлерінің  жанында  мәдениетті  жұрттардың 
үйлері  жұмақ  секілді  деп  айтуға  болады.  Надан  жұрттар  әртүрлі  ауруға  шалынып,  іріп-
шіріп  қырылып  жатқанда,  мәдениетті  жұрттар  ол  аурулардың  көбін  білмейді.  Олардың 
арасында  ауру,  өлім  деген  надан  жұрттарға  қарағанда  өте  кем  болады.  Кейбір  аурулар 
мәдениетті жұрттарда тіпті болмайды. Мәселен, сүзек деген ауру Германияда еш уақытта 
болмайды.  Бір  жерден  бір  жерге  бару  керек  болса,  мәдениетіне  қарай  бір  жұрттар  жаяу 
жүреді.  Бір  жұрттар  хайуанға  мініп  жүреді,  бір  жұрттар  хайуанға  арба  жегіп  жүреді 
(арбалар  да  мәдениетіне  қарай  түрлі-түрлі  болады).  Бір  жұрттар  от-арба,  автомобиль 
секілді  көліксіз  табиғаттың  күшімен  жылдам  жүретін  машиналарға  мініп  жүреді.  Кейде 

145 
 
құс  секілді  аспанмен  ұшып  кетеді.  Яки,  теңіздің  бетімен  де,  астымен  де  балық  секілді 
жүзеді. Мәдениеті жоғары жұрт мәдениеті төмен жұртты бағындырады. Құл қылады, мал 
орнына жұмсайды. Қанын сорады не болмаса, жұтып қояды. Яки, орнын тартып алады, елі 
көп  болғандықтан  емес,  мәдениеті  жоғары  болғандықтан.  Ағылшындар  өзінен  әлденеше 
есе  көп,  мәдениеті  төмен  жұрттарды  бағындырып,  қанын  сорып  отыр.  Тарихтан  білеміз, 
талай  жұрт  басқа  жұрттардың  ішіне  кіріп,  араласып  жоқ  болып  кеткен.  Яғни,  өнерлі, 
мықты жұрттар нашар жұрттарды жұтып қойған. 
 
Европадағы  өнерлі  жұрттар  Америка,  Австралия  секілді  жерлердегі  жабайы  жұрттарды 
ата-бабаларынан  бері  қарай  мекен  еткен.  Өсіп-өнген  қонысынан  қуып  шығып,  жерлерін 
тартып  алды.  Жерлерінен  айырылған  соң,  тұрмыстары  өзгеріліп,  ол  сорлы  халықтар 
қырылып,  жылдан-жылға  соңы  кеміп  бара  жатыр.  Сөйте-сөйте  ол  халықтар  бір  заманда 
мүлде жоқ болып кетуі де ықтимал. Мәдениет жолында артта қалған қазақ-қырғыз халқы 
да  орыстың  тырнағына  іліккен  жұрттардың  бірі  еді.  Барлық  жақсы  жерін  тартып  алып, 
өзін  жаман  жерге  айдап  шығып,  оның  үстіне  ол  қылып,  бұл  қылып,  қанын  сора 
бастағанына  қанағат  қылмай,  орыстар  бұрынғы  үкіметі,  қазақ-қырғыз  деген  атын  өшіріп 
орыс қылып жіберу жағын, жұтып қою жағын қарастыра бастап еді. Дүниедегі халықтар 
бір-бірімен  аңдаспаған,  арбаспаған  реті  келсе,  бір-біріне  зорлық  қылмаған,  бірін-бірі 
жеуге  тырыспаған  уақыт  болған  жоқ  және  болмайды.  Осылай  бір  халық  бір  халықпен 
кездесе қалғанда, мәдениет керек. Мәдениеті төмен халық мәдениеті жоғары халықтардан 
өне бойы зорлық көрмек, қорлық көрмек, оларға құл болмақ, жем болмақ, кейде аты өшіп 
жоқ болмақ. 
 
Мәдениетсіз  халықтың  тұрмысынан  мәдениетті  халықтың  тұрмысының  артықтығы, 
мәдениеттің адамзатқа керектігі толып жатыр.  Оның қайсы бірін айтып бітіруге болады? 
Сол мәдениетті тудыратын әкесі де, сол мәдениетті өсіретін тамақ та - ғылым. Ғылымды 
мәдениет  тудырмайды,  мәдениетті  ғылым  тудырады.  Мұны  еш  ұмытпау  керек.  Европа 
жұрттары ғылымды көп білгендіктен мәдениетті. 
 
Жұрттың  бәрі  болмаса  да,  шын  кісі  деп  айтуға  сыятындардың  тірлікті  сақтаумен, 
тұрмысты жөндеуден басқа тағы бір іздейтін ескі  нәрсесі  - білім және әдемілік деп едік. 
Білім дегенде, тіршілік үшін, тұрмыс үшін керек болатын білімді айтамыз. Кісінің кісілік 
дәрежесін өсіретін білімді айтпаймыз. Жалғыз тірі жүруден басқаны ойламайтын адамды 
кісі деп айтуға да қиын. Ондай адамның сыртқы түрі кісіге ұқсағанмен, ішкі рухы кісіден 
гөрі  хайуанға  жақынырақ.  Себебі,  хайуан  да  тірі  жүргісі  келеді.  Бұл  жағына  келгенде, 
ондай адамдардың хайуаннан артықпын деп көкірегін көтеретін де жөні жоқ. Хайуанның 
тірі жүруден басқа керек қылатыны, іздейтіні жоқ болса, мұндай адамның да тірі жүруден 
басқа  керек  қылатыны,  іздейтіні  жоқ.  Мұндай  адамдардың  хайуандардан  жалғыз  ғана 
артық  жері  -  хайуандардың  тұрмысына  қарағанда  адамдардың  тұрмысы  жеңілірек, 
тынышырақ. Шын кісі деп айтуға сыярлық болу үшін адам бүкіл дүниедегі заттардың не 
екенін білуге, яғни бүкіл табиғатты тануға һәм ол табиғатта болатын әртүрлі өзгерістердің 
себептерін  білу  тиіс.  Бұл  қолынан  келмеген  кісі  осыған  құмар  болуға  тиіс.  Сонда  ғана 
адам хайуандық дәрежесінен жоғары көтеріледі. 
 
Хайуандықтан өтіп, кісілікке жеткен адам табиғатты тануы бір табан ілгері басқан сайын 
көңілі көтеріліп, олжа тапқандай болып қалады. Сондықтан ондай кісі табиғатты тануға, 
табиғаттың сырларын білуге құмар болады. Бұл құмарлық әркімнің кісілігіне қарай түрлі-
түрлі  болады.  Кісілігі  көп  кісіде  көп  болады,  кісілігі  аз  кісіде  аз  болады.  Сүйінерлік  бір 
нәрсе - хайуандық дәрежесінен аса алмай жүрген адам аз. 
 
Сондықтан  жұрттың  көбі  тіпті  жабайы  жұрттар  да  табиғатты  тануға,  табиғаттың 
сырларын білуге құмар. Мәселен, жұрттың көбі көктегі күн, ай, жұлдыз дегендер немене 

146 
 
екенін, не себептен біресе күн, біресе түн, біресе жаз, біресе қыс болатынын, не себептен 
найзағай жалтылдап, күн күркірейтінін және басқа толып жатқан осы сияқты нәрселерді 
білуге  құмар.  Мұндай  нәрселерді  көзге  көрсетіп,  қолға  ұстағандай  анық  қылып  айтып 
беретін - ғылым. 
 
Адамзаттың  өмірінің  бастапқы  дәуірлерінде,  ғылым  жоқ  кезде,  болса  да  нашар  болып 
жаңа  туып  келе  жатқан  кезде  кісі  көп  табиғи  нәрселерді  не  екенін  анық  білмегендіктен, 
яғни табиғатты жете танымағандықтан Құдай деп білген. һәм табиғатта болатын әртүрлі 
өзгерістердің,  әр  қайсының  өз  алдына  Құдайы  бар  деп  ойлаған.  Мәселен,  ол  кезде  кісі 
табиғатты дұрыс тани алмағандықтан күнге де, айға да, жұлдыздарға да, отқа да, жыланға 
да,  өгізге  де  әр  басқа  бірсыпыра  мақұлықтарға  да  Құдай  деп  табынған.  Әуелгі  кездегі 
кісілер  табиғаттың  сырын  білмегендіктен  күнді  күркірететін  бір  Құдай  бар.  Жаңбыр 
жаудыратын  бір  Құдай  бар,  жылдың  бір  Құдайы  бар,  күннің  бір  Құдайы,  түннің  бір 
Құдайы,  жаздың  бір  Құдайы,  қыстың  бір  Құдайы  бар,  ағаштың  бір  Құдайы,  судың  бір 
Құдайы бар, тағы басқа сол сияқты толып жатқан Құдайлар бар деп ойлаған. Осылайша, 
табиғатты  тани  алмағандықтан  һәм  табиғаттың  сырын  білмегендіктен  мәжусилер,  яғни, 
Құдай  көп  деп  білушілер  діні  туады.  Мәжусиліктің  қалдығы  осы  күнге  шейін  бар. 
Мәселен, аққудың, судың орманның иесі, теміршінің, дүкеннің иесі деген һәм басқа осы 
сияқты  сөздер  бар.  Бұл  мәжусиліктен  қалған  жұрнақ,  сөйтіп,  табиғатты  танымаған  кісі, 
яғни ғылым білмейтін надан кісі Құдайын да жөнді танымаған. 
 
Тірлікті сақтау, тұрмысты жөндеу һәм білімнен басқа кісінің тағы бір іздейтіні  - әдемілік 
деп едік. Әдемілік дегеніміз - бояумен салған әртүрлі суреттер (әртүрлі кесте, ою сияқты 
нәрселерді  де  осыған  қосуға  болады).  Балшықтан,  тастан,  шойыннан  және  басқа  сол 
сияқты  нәрселерден  істеген  әртүрлі  суреттер.  Үйді  әдемілеп  салу,  ән,  домбыра,  қобыз, 
сырнай - керней, айтылған яки жазылған әдемі сөздер, поэзия тағы басқа көз арқылы яки, 
құлақ  арқылы  ләззат  беретін  әдеміліктер.  Әдемілікке  жету  үшін  де  ғылым  керек. 
Ғылымсыз әдемілік болмайды. Ғылым болмаса, мәдениет болмас еді. Мәдениет болмаса, 
кісінің тұрмысы қиын болар еді. Барлық уақыты тамақ іздеумен өтер еді. Әдемілік іздеуге 
уақыты болмас еді. Сондықтан әдемілік беретін әртүрлі өнерлер ілгері баспас еді. 
 
Ал  енді  сөздің  қорытындысына  келсек,  кісінің  өмір  бойы  дамыл  таппай  әрекет 
қылғандағы іздейтіні — тірлікті сақтау, тұрмысты жөндеу, білім және әдемілік. Бұлардың 
бәрі  де  ғылым  арқылы  ғана  табылады.  Сөйтіп,  ғылым  не  береді  десек,  ғылым  кісінің 
іздегенінің  бәрін  беретін  болып  шығады.  Олай  болатын  болса,  әрбір  жұртқа  алдымен 
керек  нәрсе  -  ғылым.  Ғылымға  әуес  болу  ілгері  басатындықтың  белгісі,  ғылымды 
керексінбеу кері кеткендіктің белгісі. 
 
Ғылым  алатын  жер  -  мектеп,  медіресе,  журнал  арқылы  мектеп,  медресенің  беретін 
ғылымын  түгел  беру  қиын.  «Шолпан»  журналының  білім  бөлімінде  қазақ-қырғыз 
тұрмысына керекті, оқушыларымыздың көбіне түсінікті һәм қызықты ғылыми мәселелер 
ғана  жазылып  тұрмақшы.  Оқушыларымыз  өздерінің  қандай  ғылыми  мәселелерді  керек 
қылатынын  «Шолпан»  басқармасына  білдіріп  тұруларын  өтінеміз.  Алдымен  қолдан 
келгенше оқушыларымыздың сол керек қылатынын жазып тұрмақпыз. 
 
Ф. 
 
ДАРВИН СӨЗДЕРІНІҢ НЕГІЗДЕРІ 
 
Қазақ  -  мал  асыраған,  мал  баққан  халық.  Малдың  жайын  қазақ  жақсы  біледі.  Малдың 
тұрмысында, тіршілігінде, өсіп-өнуінде сыртқы суретінде, ішкі сарайында қазаққа жат еш 
нәрсе жоқ. 

147 
 
 
Жазға  салым  мал  түлейді.  Жылқы,  сиыр  жүнін  тастайды,  қой  -  түйенің  жабағысы 
көтеріледі. Жабағыны шаруа қырқып алмаса, қой мен түйе жабағыны жаз бой жамылып 
жүре  бермес  еді.  Күн  ысыған  уақытта  жылқы  жүнін  тастаған  сияқты  қой  мен  түйе  де 
жабағысын тілім-тілім қылып сүйкенген, я жатып аунаған жеріне тастап кетер еді. 
 
Қысқа  қарсы  күн  салқын  тартқан  уақытта  жаз  түлеген  малдың  жүні,  түгі  қайтадан 
қоюланып  бітеді.  Мал адам  мінезді,  жазға  салым  мал  жеңілденіп  шешінеді,  қысқа  қарай 
қайта киінеді. Малдың жүні - түгі киім орнына жүреді, жүні - түгі болмаса, қыстың аязын 
мал  анық  көтере  алмас  еді.  Жүн-жабағы  (түк)  табиғаттың  суықтан  сақтану  үшін  малға 
берген панасы. 
 
Жабағының қойға ауырмалығы жоқ, пайдасы көп. 
 
Қазақтың жылқысы қыста қолдан шөп жемейді, қысты далада тебінде өткізеді. Тебіндегі 
жылқы тұяғымен қарды ойып, қар астынан  шөп алып жейді. Жылқының тұяғы болмаса, 
жылқы тебінде жүріп, күн көре алмас еді. Өткір  қатты тұяқ табиғаттың жылқыға берген 
мықты қаруы. Түйеде жылқының тұяғындай тікше өткір  тұяқ болмайды, түйенің табаны 
жалпақ келеді. Сондықтан, түйе қар астынан шөп алып жей алмайды. Қыста далада ашық 
жерде  жүріп,  өз  бетімен  түйе  тамақ  асырай  алмас  еді.  Бірақ,  түйенің  басқа  малдан  бір 
артық  қасиеті  бар.  Түйе  шөлге,  тамаққа  төзімді,  шыдамды  келеді.  Ашқарақтық  түйеде 
болмайды. Шөлге, тамаққа төзімділігіне қарағанда, табанының жалпақтығына қарағанда, 
түйе құмды, шөлді жерде жүру үшін жаратылған хайуан болса керек. Түйенің ата-мекені – 
Африка  -  Азияның  құмды  -  шөлді  жерлері  саналады.  Ежелден  түйеге  берілген  «Түйе  - 
құмды жердің кемесі» деген лақап бар, түйенің табаны жалпақ болмай, тұяғы тікше болса, 
аяғы құмға кіріп, түйе малмаңдап жүре алмас еді. 
 
Түйенің  жүні  құммен  түстес,  түйенің  құммен  түстес  болуында  қоянның  қыс  ағарып 
қармен  түстес,  жаз  көкшілденіп,  қоңыр  тартып,  жерге  біткен  өсімдіктермен  түстес 
болуында көп мағына бар. Түсі жүрген жерінің түсімен үйлескен хайуан елеусіздеу болып 
алыстан  «мені  көр»  деп  айқайлап  тұрмайды.  Ондай  қасиеті  бар  хайуан  жақын  келген 
жауынан  да  оңай  жасырынып  қала  береді.  Сонымен,  хайуанның  жүні  бір  жағынан 
суықтан пана, екінші жағынан жауынан пана болады. 
 
Тағы  мысық  күндіз  жатып,  түнде  жүретін  хайуан.  Түнде  жүріп  тамақ  асырау  үшін 
мысықтың:  1)  қараңғыда  жол  тауып  жүре  білеуі,  шөп  арасында  жорғалап  жүрген 
тышқанды  яки,  ағаштың  бұтағында  ұйықтап  отырған  торғайды  күндізгідей  жақсы  көре 
білуі  керек;  2)  тышқанның  болсын,  құстың  болсын  қасына  білдірмей,  ептеп  келіп  тез 
басатын болуы керек, оның үшін мысықтың көзі жіті болуы керек, өзі епті болуы керек. 
Назарын  алған  кісі  білсе  керек,  мысықтың  көзінің  қарашығы  күндіз  жарықта  кішірейіп, 
түнде  қараңғыда  үлкейіп  тұрады.  Түнгі  жүріске  мысықтың  көзі  ыңғайлы.  Мысықтың 
ептілігі кімге де болса мәлім. Мысықтың табаны жұмсақ, оның үстіне аяғын жерге басқан 
уақытта мысықтың тырнағы ішке тартылып жерге тимейді. Түнде дыбыс шығармай, ептеп 
жүруге жұмсақ табан, ілгідей тырнақ өте қолайлы. Мысықтың көзі  мен табаны (тырнақ) 
мысықтың тіршілігі үшін, әрине, пайдалы. 
 
Құс өмірінің көбін ауада өткізеді. Жерге ұя салу үшін, дем алу үшін қонбаса, құс тамақты, 
қонысты  ұшып  жүріп  іздейді.  Қанаты  болмаса,  құс  ұша  алмас  еді.  Ол  анық  ұшатын 
мақлұқтың  қанаты  болуы  керек.  Екінші  денесі  ауыр  болмауы  керек.  Ауыр  денені  алып 
ұшу оңай болмас еді. Тұлғасына қарағанда  құстың денесі  жеңіл. Сабай  - құстың қуысты 
сүйектері  майсыз, іші бос болады. һәм қанаттарының іші қуыс болады. Қанаты болмаса, 

148 
 
құс  жердің  бетінде  жүріп  күн  көре  алмас  еді.  Ұшып  жүру  үшін  табиғат  құстың  денесін 
жеңіл қылып, ол денеге қанат беріп отыр. 
 
Суда  жүзетін  мақұлықтарды  (мәселен,  балықтарды)  алсақ,  олардың  денесі  тұрмыс 
шарттарына  ыңғайланып,  үйлесіп  біткен.  Балықтың  денесі  жып-жылмағай  һәм,  қалақ 
тәрізділеу,  көлденеңі  енсіз,  алды  сүйірлеу.  Балықтың  денесі  суды  жарып  жүруге 
ықшамды,  балықтың  аяғы  да,  қанаты  да  жоқ.  Аяқ  пен  қанаттың  балыққа  керегі  жоқ. 
Балыққа  аяқтан  да,  қанаттан  да  ескіш  пайдалы,  ескіш  қадірлі.  Аяқ  һәм  қанат  орнына 
балыққа ескіш біткен. Балықтарда құрғақта, ауада жүретін мақұлықтарға бітпеген, оларда 
жоқ  бір  мүше  бар,  ол  мүше  -  торсылдақ  судың  түбінен  бетіне  шығуға,  бетінен  тереңге 
түсуге  балықтың  денесінің  салмағы  өзгеріліп  тұру  керек.  Торсылдағын  үлкейтіп,  ішін 
кернесе,  балықтың  денесі  жеңілдейді.  Балық  судың  бетіне  шығады.  Торсылдағын 
кішірейтіп  ішін  жиырса,  балықтың  денесі  жұмырланып,  салмағы  өседі.  Судың  бетіндегі 
балық тереңге түседі, торсылдақты балық ермек үшін алып жүген жоқ. 
 
Сонымен, құрғақта, ауада, суда жүріп өмір сүретін мақұлықтарды алып қарасақ, олардың 
денесін  тексерсек,  өзіне-өзі  ашық  көрініп  тұрған  ақиқат  мынау:  жер  жүзіндегі 
мақұлықтардың денесінде иесі ауырсынатын, иесіне зиянды бір мүше жоқ. Денеге біткен 
әрбір  мүшенің  өзіне  тән  иесіне  пайдалы,  атқарып  тұратын  жұмысы,  міндеті  бар.  Әрбір 
мүше  тұрмыс  тіршілік  шарттарына  ыңғайланып,  ықшамданып,  үйлесіп  біткен.  Соның 
арқасында дүниеде мақұлыққа қоныс болмай, бос қалған орын жоқ. Құрғақта да, құмда да, 
суда  да,  ауада  да  мақұлық  бар.  Әр  мүшеге  өзінің  міндетіне  қарай,  тұрмыс  шарттарына 
ұйқасып,  үйлесіп  тұр,  қалып  -  пішін  біткен.  Мақұлықтардың  денесі,  ақыл  иесі  біреу, 
қолдан құйып шығарғандай мінсіз. 
 
Жер жүзінде тұрмыстың түрлі-түрлі табиғи шарттары толып жатыр. Ағашты жер, қопалы 
қамысты, қоғалы жер, көделі - қаулы, құмды - шөлді, таулы-тасты, сулы - сусыз, ыстық - 
суық жер, таудың басы, етегі, қабырғасы, көденің түбі - беті, теңіздің түбі - беті, қысқасы 
әр  жерде  тұрмыстың  табиғи  шарттары  әртүрлі.  Сондықтан  тұрмысы  шарттарына  қарай 
жер  жүзіндегі  мақұлықтар  да  түрлі-түрлі  толып  жатыр.  Мақұлықтардың  түрі  көп 
болғандықтан,  аз  жерге,  аз  орынға  көп  мақұлық  сыйып  жүр.  Мақұлықтардың  түрі  көп 
болғандықтан табиғаттың үнемі (экономия)-сы артып отыр. 
 
Өсімдіктерді  алып,  олардың  да  денесін,  денесіне  біткен  мүшелерін  тіршілік  назарынан 
қарап, сынға салып тексерсек, онда да көретініміз осы. Бірінде артық, керексіз, пайдасыз 
мүше  жоқ.  Өсімдіктің  тамыры,  сабағы,  жапырағы,  қабығы,  өзегі,  гүлі,  бәрі  де  тіршілік 
үшін пайдалы керек заттар. Өсімдіктің тіршілік үшін гүл жапырақтарының түрі,  түсі  де, 
гүлдің исі де пайдалы, өсімдік дүниесінде де мін жоқ. 
 
Жоғарыда  жазылған  сөздерді  қорытып,  қысқа  айтқанда,  мүшелі  табиғатта  мін  жоқ. 
Мүшелі  табиғатта  гармония  бар  дейміз.  Бұл  мүшелі  табиғаттың  адамды  таң-тамаша 
қылдыратын айрықша қасиеті, сипаты, бұл табиғаттың кереметі. Ақыл иесі - адамның бір 
ісі де мінсіз болып шықпайды. Адам ісінде қате көп болады. Табиғат ісінде мін жоқ, қате 
жоқ, жаңылыс жоқ, ақылды адамның ісінен соқыр табиғаттың ісі анағұрлым артық, мұның 
реті қалай? Табиғат жүзіндегі тамаша гармония қайдан шыққан, неден пайда болған? 
 
Саналы адам керемет дегенге сенбейді. Адамның ақылы әр нәрсеге себеп іздейді, адам әр 
нәрсені  түсінуге  тырысады.  Сондықтан,  білім  иесі  табиғат  ғылымына  жетік-жетік 
кісілердің қашаннан жауап іздеген сұраулары осылар болушы еді. Бұл сұрауға жауап беру 
үшін табиғат әуелден осылай ма екен, әуелде-ақ тірі мақұлықтар да мінсіз болып бітті ме 
екен, болмаса бұл халге табиғат бірте-бірте жетті ме екен, соны шешу керек, табиғаттың 
тарихын білу керек. Мүшелі мақұлықтар қалайша түрлі-түрлі болып жаратылды, қалайша 

149 
 
олар  мұндай  болып  шықты,  жауап  іздейтін  сұрауларымыз  осылар  болуы  тиіс.  Мүшелі 
мақұлықтарды  жеке-жеке  алып  қарамай,  бәрін  жіпке  тізгендей  қылып  қатар  қойып, 
бірімен-бірі  салыстырып  көрсек,  олардың  арасында  сыртқы  суреттерінде  бір  түрлі 
жақындық,  ұқсастық  бар  екендігі  сезіледі.  Сондықтан,  табиғат  ғылымының  тараулары 
(зоология және ботаника) арасында ұқсастығы мол, айырмасы аз мақұлықтарды бір түрге 
жинап, арасында ұқсастық бар түрлерді бір руға жинап, арасында ұқсастығы көп руларды 
бір  жынысқа  жинап,  онан  ары,  жыныстарды  бөлімге,  соңғыларды  топқа  жинап,  дүние 
жүзіндегі  сансыз  көп  мақұлықтарды  бірімен-бірі  таяу  жалғас  қойып,  топтастырған 
болады. 
 
Ғылым тілінде мұны - топтастыру (классификация) деп атайды. Мысалы, қарсақ бір түр, 
түлкі бір түр, екеуі екі түр, түрі басқа, бірақ екеуінің руы бір (қасқыр руынан) жынысы бір 
(ит жынысынан). 
 
Мақұлықтарды  топтастырып  қараған  уақытта  мүшелі  табиғат  баспалдақ  тәрізді  болып 
көрінеді.  Баспалдақтың  төменгі  басқышында  жалғыз  қужайралы  (одна  летоцикл) 
мақұлықтар  (мысалы,  амеба,  энфузорилер)  болады.  Төменнен  жоғары  көтерілген  сайын 
мақұлықтардың  қужайралары  көбейіп,  бірте-бірте  түрлі  мүшелер  бітіп,  бірте-бірте  өсіп, 
ұлғая береді. Баспалдақтың жоғарғы басқышында адам болады. Неғұрлым басқыштардың 
арасы  жақын  болса,  арадағы  ұқсастық  мол  бола  бермекші.  Қатар  екі  басқышты  алсақ, 
арасында көп ұқсастық табамыз. Арадан біреу тастап алсақ, ол уақытта ұқсастық онан сәл 
кем  болады.  Мәселен,  адамға  таяу  басқышты  алсақ  (жоғарыдан  төменгі)  оның  иесі 
маймыл боларға тиіс. 
 
Бұл түрлі мағлұматтардың арасындағы ұқсастық неде? Бағанағы қарсақ пен түлкіні алсақ, 
қарсақтардың  арасындағы  ұқсастық  туысқандықтан,  қаны,  заты,  түбі  бір  болғандықтан 
десек,  ешкім  дау  айтпайды,  шек  келтірмейді.  Қарсақтардың  бәрі  бір  атадан,  бір  анадан 
болса  да  ықтимал.  Түлкілердің  арасындағы  ұқсастық  та  -  туысқандықтан.  Бұ  да  шүбәсіз 
ақиқат есебінде қабыл алынады. 
 
Түлкі мен қарсақтың арасындағы ұқсастығының себебі не? Ол да - туысқандықтан. Түлкі 
мен  қарсақтың  заты  бір,  ата-енесі  бір  деп  айту  қиын.  Ешуақытта  түлкіден  қарсақ  я, 
қарсақтан түлкі туып көрген емес. 
 
Бұл  көпке  дейін  даулы,  талас  болған  мәселе.  1859  жылы  Англия  оқымыстысы  Ч. 
Дарвиннің  «Происхожденнее  Видовь»  деген  кітабы  шыққанша  ол  сұрауға  білім  иесі 
кісілердің  көбі  «түлкі  әуелден  түлкі,  қарсақ  әуелден  қарсақ,  түрлі  түрлердің  арасында 
жақындық, туысқандық жоқ. Түрлі түрлер әуелде осы күйінде, осы қалпында жаратылған. 
Онан  соң  айныған  жоқ,  өзгерілген  жоқ.  һәм,  әрі  бір  қалыптан  айнымайды»  деп  жауап 
беріп жүрді. Бұл жауаптың зор айыбы - мұны айтушылардың бұл сөзді әспеттейтін қуатты 
дәлелі  болмағандықтан.  Бұл  сөз  сұйық  -  сылдыр  болып  көрінеді.  Адамның  ақылын 
қанағаттандырмайды.  Ч.  Дарвиннің  айтуынша,  түрлі  мақұлықтар  бірінен-бірі  өнген. 
Бәрінің  нәсілі,  заты  бір.  Түрлі  мақұлықтардың  арасындағы  ұқсастық,  туысқандықтың 
ишараты,  туысқандықтың  белгісі  бар.  Олай  болған  уақытта,  қалайша  нәсілі  -  қаны  бір 
мақұлықтар  осыншама  өзгеріп,  бірінен-бірі  айнып  кетті?  Қалайша,  түрлі  түрлер  пайда 
болды. Бұл сұрауларға беретін Дарвиннің толық-толық жауаптары бар. Дарвин ойланбай - 
толғанбай арзан сөз айтқан кісі емес. 
 
Дарвиннің жауабымен оқушыларды бірте-бірте таныстыруды «Шолпан» міндетіне 
алады. 
 
(жалғасы бар) 

150 
 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет