Алаш көсемсөЗІ: тіл мәселесі көптомдық 2 том Қайрат сақ



Pdf көрінісі
бет34/38
Дата30.01.2017
өлшемі1,66 Mb.
#3031
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   38

Ана тілі
Мектепте оқылатын пәндердің біріне бірдей керекті бәрін қаусырып, 
орын алатын пән ана тілі екендігіне дау жоқ. Ана тілін жақсы меңгеріп 
алмай,  өзге  пәндерге  түсіну  мүмкін  емес.  Ана  тілі  –  халық  болып 
жасағаннан  бергі  жан  дүниесінің  айнасы;  һаман  өсіп,  өніп,  түрлене 
беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын басынан 
кешірген дәуірлерін, дүниеге көзқарасын, нанымын – айманын, қайғысын, 
қуанышын, қысқасы жанының барлық толқындарын тұқымынан тұқымға 
жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы – сол халықтың тілі. 
Ана тілін меңгеру – сөздерді жаттау, олардың жүйесін, өзгеру заңда-
рын білу ғана емес, тіл үйренумен бірге бала тілдің сансыз көп ұғымда-
рын, ойларын, сезімдерін, сұлу үлгілерін, ойлау жүйесін, ой фәлсәфасін 
де меңгереді. 
Бала  оқытуды  тілден  бастайды.  Бастауыш  мектептің  көбінесе, 
айналдыратын  оқуы  –  тілдің  мүшелерін  нық  білдіріп,  баланың  тілін 
байыту. Орта дәрежелі мектепте үнемі тілді жаттықтыру, дағдыландыру 
керек. Әр сабақ, әр пән бір жағынан өзіне хас мақсұтын көздесе, екінші 
жағынан  тіл  түзетуге,  тіл  сабағының  міндетін  атқаруға  тырысу  керек. 
Бала сөйлегенде, жазғанда, тілді дұрыс қолдандыруға – әр оқытушының, 
әр мектептің міндеті. Осы соңғы пікір туралы бұл кезде хатта мынадай 
мәселе қозғалып отыр. Баланы тілге жаттықтырудың мағынасы: баланы 

341
сөйлеуге,  басқалардың  сөзін  ұғуға,  өз  бетімен  жазуға,  оқуға  төселдіру. 
Бірақ бұл мағынасыз әдеттендіру, құрғақ төселдіру емес, тілге жаттығу-
мен  бірге  адам  ойлауға  да  жаттығады.  Сөз,  сөйлем,  әңгіме  дегенміз 
–  жазуша,  не  ауызша  кісінің  өзі  айтқан  ойы,  не  басқалардың  сөзі 
арқылы жасайтын ақылымыздағы жасырын ой. Сөз бен ой бірінен-бірі 
айырылмайтын қайнаса біткен нәрсе. Сөз – ойдың айнасы. Ойсыз сөз – 
сөз болмайды. Ой жетілу мен тіл жетілу қатар жүреді. Тілді ойдан бөлек 
жетілту  мүмкін  емес.  Олай  болса,  тілді  жеке  пән  ретінде  оқыту  дұрыс 
емес. Дұрыс еместігі мынадан тағы байқалады. 
Мұғалім  тіл  сабағында  сөйлеуге,  жазуға,  оқуға,  қысқасы,  әңгімеге 
жаттықтырады екен. Ал басқа пәндерді оқытқанда не істемек? Физиканы, 
жағрафияны, тарихты оқыту дегеніміз осы пәндердің құбылысы туралы 
әңгіме ету емес пе? Ендеше, тілге төселдіру ғой. Есеп үйрету – сан туралы 
ойлау  ғана  емес,  есеппен  айтылған  ойды  ұғу,  ұққанын  айта  білу  ғой. 
Тереңірек қарасақ, әр пәннің ісі баланың ойын қозғау, ойлағанын ауызша, 
иә жазумен сыртқа шығару. Олай болса, тілсіз оқылатын, ұғылатын пән 
жоқ екені анық. 
Біреудің ойын ұқпай, өз ойын айта білмей, ешбір білім табу мүмкін 
емес. Бұл даусыз. Ендеше, ойға төселмеген жас баланың тіл ережелерін 
дағдыландыру, машықтандыру жұмыстарын ұғуы да қиын. 
Тіл оқытушы мұғалім өз міндеті тілге машықтандыру деп ұғады, тіл 
үйретуге керекті ойдың әр тарауын қозғайтын мағлұматтар іздеумен оның 
жұмысы жоқ. Жаратылыс пәнін оқытушы мұғалім міндетін балаға білім 
беру деп ойлайды, тілге төсілдіру оның жұмысы емес. Мұнан шығатын 
нәтиже:  тілге  жаттығатын  бар  мағлұмат  тіл  оқытуында  болмайды. 
Жаратылыс  оқушы,  мағлұматтары  көп  болса  да,  ұқтыра  алмайды, 
үйткені  тілге  төсілдіре  алмайды.  Сөйтіп,  екеуі  де  көздеген  мақсатына 
жете алмайды. Тілді өзге пәннен бөлек оқыту баланың тілін де, білімін 
де жетілдіре алмайтындығын сезіп, бұрынғы мектептер басқа пәндерді 
көбейтуге  тырысқан.  Ондай  шаражүкті  бұрынғыдан  да  ауырлатқаннан 
басқа түк пайда берген жоқ.
Бұдан шығатын қорытынды мынау: білім тану жолы мен тіл үйрену 
жолын  айыру  дұрыс  емес.  Сондықтан  ана  тілін  өз  алдына  пән  ретінде 
оқыту  ақылға  да,  табиғатқа  да  жанаспайды.  Жоғарғы  айтылғандардан 
қорытып, іс жүзінде қолдануға мынаны ұсынамыз: 
1. Басқа пәндерден тіл оқыту айырым болмасын, қайта өзге пәндер тіл 
үйренуге керек етсін. 
2.  Жан  дүниесінде  тіл  үйрену  басты  жұмыс  емес,  жанама  жұмыс 
болғандықтан,  бала  әуелі  тәжірибеге  талпынып,  нәрсемен  танысып, 
сонан кейін сол нәрсе туралы сөйлесін, тыңдасын, жазсын, оқысын, тілге 
үйренсін. 

342
3.  Баланы  тілдің  әр  түріне  машықтандырғанда  белгілі  жүйе  қолда-
нылсын.  Жазу,  оқу  тыңдаудан,  сөйлеуден  соң  келеді.  Сондықтан  әуелі 
баланың көрген-білгені туралы әңгіме құрып, сонан кейін оқуға, жазуға 
үйретілсін.
4. Бала әуелі өз бетімен сөйлеуге, жазуға төселіп, сонан кейін үлгілі 
сөздерге еліктеуге мүмкіндік берілсін. 
5. Әңгіме үшін берілетін мағлұмат кітаптағы даяр заттар бола бермей, 
баланың  тәжірибесінен,  көрген-білгенінен  алынсын.  Кітаптан  өмірге 
емес, өмірден кітапқа қарай жылжысын.
Жүсіпбек Аймауытов
Жүсіпбек  Аймауытов.  Бес  том.  шығ.  жин.  Құраст.:  Д.Қамзабекұлы.,  С.Аққұлұлы., 
Г.Ахметова., Б.Байғалиев., А.Асан. Алматы: «Ғылым», 1998, 4 том, 306-307 б.
Ана тілін қалай оқыту керек?
Бүгінде Америка әдісі, жиынды (комплексті) әдісі, тәжірибелі (лабо-
раториялы)  әдісі,  құлшынды-белсенді  (активнодвигательный)  әді сі... 
тағы  сондайлар  майданға  шығып,  сөз  болып  жатыр.  Бәрінікі  –  білім 
берудің төте жолын табу. Бізде көп әдістер түгіл жөнді бір де әдіс жоқ 
деуге болады. Елдегі шала мұғалімдерде қандай әдіс бар? Айтыңызшы! 
Рас, тіпті жұрдай емеспіз: “Әліпте жоқ, би астында бір ноқат” та өз әлінше 
әдіс  боп  келді.  Ел  мұғалімдерінің  бала  оқыту  әдісі  де  соның  ағайыны 
емей не дейсіз?
Тап осы қалыпта басқалардың қолданып жатқан көп әдісінің бірін ала 
қоюға ыңғайымыз келетін емес. Оқытушымыз, аспабымыз – бәрі шалағай. 
Және көп әдістер біз түгіл өзге өнерлі елде де жүйеленіп жетпей жатыр. 
Дегенмен,  “көрің  қадырға”  жабыса  беруден  мән  шықпайды.  Қолдан 
келетін, пайдалысын біз де сығалап, шымқылап ала беруіміз керек.
Бұл мақалада “мынау пәлен әдіс” деп қолақпандай қып, қолға ұстата 
қоярлық пәлендей тартуымыз жоқ, орыстың түрлі әдістерін қарастырып, 
одан,  бұдан  құрастырып,  әзірше  ойымызға  келген,  тәжірибе  етіп, 
қолданып  жүрген  қойыртпақ  әдіс  сымақтарымызды  біз  де  айтқалы 
келеміз.  Қарап  отырғанмен,  бүркей  бергенмен  бола  ма?  Журналға 
ықшамдалған мақалада қарқ қылуға да әуелі тіл оқытудың өзін былайша 
жіктеп алсаң, қалай болар екен:
1) жазу-сызу (емле) үйрету; 2) сөйлеуге, шығарма жаздыруға төселдіру; 
3) тіл бақылау (грамматика);   4) әдебиет жайынан кеңес құру;
Бұл мақалада бастапқы екеуі туралы сөз қылармыз. Сөйтпесек, орын 
жететін емес. Тегінде әдіс туралы көп жазу керек қой. Бұлардың әрбіріне 

343
бір мақала жазылса да, аздық қылады. Біздікі қысқаша, үстіртін әңгіме 
болар. Мұның ең қиыны – жазу (емле) үйрету болуға тиіс.
Бұған  шейін  жазу  дыбыс  әдісімен  үйретіліп  келді.  Дыбыс  әдісінің 
кемшіліктері  көп.  Дыбыстарды  бір  айыртып,  одан  әр  дыбысқа  таңба 
(қаріп)  салып,  ол  таңбаларды  түрлі  түрде  құрастыру  жас  балаға  зор 
машақат екенін оқытушы білсе керек. Біздің таңбаларымыз қайбір тия-
нақты?  Біресе  есіктің  тұтқасындай  сорайып  тұрса,  біресе  шұнтитып, 
мықырайып  қалады.  Оның  үстіне  тап-таза  естілетін  дыбыс  болған  ба? 
Өте-мөте  даусыздар.  “Бигесекінді”  (б)  жеке  күйінде  айтып  беріңізші! 
Сөз жоқ, басында “н” дыбыс шыға келсін. Басында естіртпеймін десең, 
аяғынан солаң етсін. Ол ол ма? Дыбыстардың жеке күйінде естілуі мен 
сөз ішінде естілуі тағы қайта келіп қалады. Мұның тағы бір жаман жері 
сол: салғаннан өлі дыбыс, өлі қаріп үйретеміз. Бұл психология  заңына 
келмейді. Психологияның айтуынша, ұғым алу жолы былай: адам әуелі 
нәрсені  бақыламақ.  Бақылаған  нәрсенің  суреті  (пернесі)  мида  қалмақ, 
ол  пернеге  ат  қойылмақ,  сөз  тумақ.  Дыбыс  әдісімен  оқытқанда,  нәрсе 
бақыланбайды, перне қалмайды, сөз де болмайды, шуу дегеннен дыбыс-
тың таңбасы деген “бірдеме” үйретіледі. Тағы да талай кемшіліктері бар. 
Әрпіміз, әліппеміз ыңғайына қарай, хат танытуға дыбыс әдісін қолданып 
жүрміз. Әйтпесе, қолға түспейтін төте әдіс бұл ғана емес.
Енді Америка әдісін қолдану керек деген әңгіме көтеріліп келеді. Бұл 
әдістің  қандай  екені  туралы  сөз  көбейтудің  керегі  жоқ.  Үйткені,  оған 
лайықталып жазылған бізде әліп-би жоқ. Жаңа шығатын Ақаңның әліп-
биі кітабында осы әдіспен оқыту жолы да көрсетілсе керек. Сол шыққан 
соң, бұл мәселе қозғала жатар.
Сонда да емле үйрету жайынан бір-екі сөз айта кетейік.
Бір нәрсе туралы адамның саңылау мүшелері неғұрлым жапатармағай 
қызмет  етсе,  соғұрлым  ол  нәрсені  тезірек,  нығырақ  меңгеріп  алмақ. 
Білімнің қиқымы бейне бір суда жүзген жеміс: бес бармақты батырып, 
шеңгелдемесең,  уысыңа  түк  ілінбейді,  іліксе  де,  аз  келеді.  Ендеше, 
білім алуға қармақты тұс-тұсынан салу керек. Ол қармақтар – саңылау 
мүшелеріміз  (көз,  құлақ,  тіл,  мұрын,  қол  дене).  Балаға  сөйлеңіз 
(тыңдасын!),  жазыңыз  (көрсін!)  айтқызыңыз  (тілімен  қызмет  етсін!), 
жаздырыңыз  (қолымен,  денесімен  істесін!).  Міне,  тұс-тұсынан  қармақ 
салған деп осыны айтады. Мүшелері жегілсе, оқушы тез меңгеріп, тоқып 
алады. Сабақ сайын оқушының есінде болатын бір мықты әдісі осы болу 
керек.
Танық нәрселердің атын жаздырмай тұрып, өзін, әйтпесе тұрпатын, 
суретін,  үлгісін,  жоспарын  көрсету  керек.  Мұның  бірі  де  мүмкін  емес 
екен,  ауызша  ұқсас  нәрсемен  салыстырып  оқыту  керек.  Сонда  барып 
миына перне қонады, сонда барып перненің аты көкейінде қалады.

344
Бұрын  емле  үйретуге  жатқа  жаздыру  сән  боп  жүрген.  Жаңа  хат 
танып  келе  жатқан  адамға  хатқа  жаздырудан  да  кітаптан  не  тақтайдан 
қарап жазған пайдалырақ. Үйткені, саңылау мүшелеріміздің ішіндегі ең 
шалымдысы  көз  болады.  Ескі  молдалар  араб  сөздерін  қатасыз  жазуды 
кітап көшірумен білетін. Көз деген - жақсы айна. Көркем жазуға да жол 
беру  керек  емес.  Оны  көркем  жазуды  көшіріп  жүріп  үйренгені  жақсы. 
Хат жазу соңғы кездерде емле тексеру үшін ғана керегі болар. Онда да 
көп бола бермесін! Жазу үйрету туралы айтатынымыз осы-ақ. Енді сөзге 
төселдіру жайынан.
Сөзге төселдіру ә дегеннен басталу керек. Бісімілдесі – сұрау, жауап. 
Дұрыс қойылған сұрау дұрыс жауап алу керек. Дұрыс жауап бере алмаса, 
әуелі жолдастары, одан қалса, оқытушы түзетіп отырсын. Оқытушының 
түзетуі  берілген  жауаптың  мәнісін  түзету  болмасын,  сөйлемнің  қырыс, 
қисынын түзету болсын, тілі жетпей тұрған жерін жөндесін.
Қазақ  баласының  бір  әдеті:  «бәлен  етіп,  сонымен  кетіп,  содан 
сүйтіп...» деген тәрізді нүктесіз шұбата береді. Сөйлегенде де, жазғанда 
да  қысқа  сөйлеуге  уағдалана  беру  керек.  Ұзын  әңгімені  аз  сөзбен 
қысқартып  айтқызу  –  сөзге  төселдірудің  бір  керекті  жері.  Бала  түгіл, 
әлеумет қызметкері боп жүрген кейбір азаматтардың топтарда орыс сөзін 
қазақшаға  аударғанын  тыңдасаң,  олақтығы  көрініп  тұрады:  қысқаша 
мазмұнын өз ойымен айтып бере алмайды, сөйлеушінің сүрлеуімен түгел 
айтып шығам деп әуре болады. Кетеусіз, татымсыз көпсөзділікке тұрмыс 
үйретеді  ғой.  Одан  пайда  да  бар  шығар,  әйтсе  де,  зияны  басым  болар. 
Түбінде көпсөзді адам берекесіз келеді. Аз, дәмді, тиімді сөздің қадірін 
қазақ та білген ғой, білмесе, «ердің құнын екі ауыз сөзбен кеспей» деп, 
мақтамас  еді. Қазақ баласы  бұлдыратып,  түссіз қылып  сөйлейді: ақтан 
тигізіп, тапбасар сөйлейтін адам кем болады; көбінесе құба жондатып, 
тайғалақтатып,  бетін  қырпып,  жалпы  сарынға  салып  отырғаны.  Сотта 
жауап  берген  кейбір  қазақ  бұлтақтатып,  құйрығын  ұстатпай  қояды; 
жауабын  олай  да,  бұлай  да  ұғынуға  болады.  Қызылдар,  ақтар  елге 
кезек  келіп,  ығыр  болған  кезде  қай  келгені  қыр  қазағынан:  «Қызылды 
жақсы көресің бе? Ақты жақсы көресің бе?» деп сұрайды білем, сұрап 
тұрғаны ағы екенін, қызылы екенін қайдан білсін. Жауабы қайшы келіп 
қалса,  өлгені  ғой.  Сонда  қазекең  тұрып:  «Сізді  жақсы  көреміз.  Сізді 
жақсы көреміз» деп құтылады екен. Әрине, мұндай тапқыштықта пайда 
да  бар.  Бұл  –  мақтарлық  нәрсе.  Ал  үнемі  бұлдырата  беру  ойды  дұрыс 
шығармайды.  Ой  дұрыс  болмаса,  білім  табылмайды.  Оқытушы  осы 
жағын баса аңду керек.
Мектепте  қысқа  әңгімелер  қалай  оқытылу  керек?  Салған  жерден 
кітаптан  оқыта  бастамай,  алдын  ала  сол  әңгімеге  балаларды  даярлап 
алған жөн. Балалардың көргені, естігені жайынан сұрап, сурет көрсетіп, 

345
әлдебір оқылған, сөйленген нәрседен, не өмірден алып, әйтеуір оқылатын 
әңгімеге  балаларды  төндіріп,  ынталандырып  алу  керек.  Содан  кейін 
оқылса, әңгімені балалар құлшынып тыңдайды. Алдымен жақсы оқитын 
балаға, сонан соң төмендеуіне оқытылсын. Әңгіме қандай әсер берді екен, 
тыңдаушылар  ойлансын.  Ұғымсыз,  жат  сөздер  түсіндірілсін.  Суретті, 
көркем  сөздері  тапқызылсын,  мазмұны  қысқаша  қайта  айтқызылсын. 
Әңгіме  бөлшектелінсін.  Бөлімдерінен  сурет  туғызылсын.  (Оңай  сурет 
болса,  балалардың  қолынан  келсе,  тақтайға  салғызылсын;  қиын  болса, 
ауызша  суреттелсін.  Болмаса,  үйде  салып  келуге  берілсін).  Сұраулар 
қойылып, балалармен кеңесілсін. Әр бөлімдерін тақырыптатып қарасын. 
Әңгімедегі қаһармандар атынан сөйлетілсін. Әңгімеден баланың есіне не 
түсті екен, айтқызылсын. Қорытынды шығартылсын.
Оқылатын әңгіме қандай болу керек? Оны таңдау үшін, оқыту әдісін 
ескеру үшін мұғалім мынадай сұрауларды өзіне қойып алса, дұрыс болар 
еді: 1) осы әңгіме мектеп мүддесіне, баланың біліміне лайықты ма? 2) 
бұл сабақтың мақсаты не? Мөлшерлі уақытта сол мақсатқа жете алам ба? 
3) қандай әдіс қолданамын: а) әңгімеде шәкірттерге не таныс, не танық? 
б) әңгімеге даярлау үшін, алдын ала қандай тұрғыдан қозғау керек? п) 
әңгіменің  басқы  пікірі  қайсы?  Жанамай  пікірі  қайсы?  т)  қиын  сөздері, 
сөйлемдері: өзгеше жерлері қандай? ж) балалармен қай түрде кеңесемін? 
д)  бұл  әңгімеден  дағдыландыруға  (жаздыруға)  қандай  жұмыс,  мәселе 
туғызуға болар еді? е) оқытқанда дауысты қай жерінде, қалай құбылту 
керек?..  Бұл  сұраулар  тек  мысал  үшін.  Шалымды  оқытушы  әңгіменің 
түріне қарай, әдісін өзі таңдамақ.
Алғашқы  кезде  қысқаша  көркем  әңгіме,  ертегі,  мысал,  өлеңнен 
бастап,  жүре-бара  маңызы  да,  көлемі  де  ұлғайып,  әдебиеттің  түрлі 
тарауларына жасалған жөн. Бас-аяғы жоқ ұзын әңгіменің бір қиқымын 
оқыту керек емес, аз да болса, бір нәрсе туралы толық айтылған, тұтас 
нәрсе оқытылу керек (ұзын романдардың әлдебір тақырыпқа жазылған 
лайықты жерлерін алуға, әрине, болады). Әуелі әліптеу (описание), содан 
кейін баяндау (повествование) түріндегі әңгімелер аралас алынған жөн. 
Әңгімелер, өлеңдер үлгілі әдебиеттен не балаларға арнаулы кітаптардан 
алыну  керек.  Өмірді  әр  жағынан  суреттей  алмаған,  мақсаты,  өнегесі 
сыңаржақ,  анық  көрініп  тұрған,  әйтпесе  ерсі  сөздер  балаға  оқытылмау 
керек.  Тұрмыстың  жаратқыштық  жағын  суреттеген,  көңілді  ашқандай, 
ойды түрткендей пернелі, үлгілі, сырлы сөздер оқылу керек.
Түріне  қарай,  әңгімелердің  оқыту  жолдары  да  өзгеше  болады. 
Газет  хабарлары  сықылды  қара  сөзбен  толғаулы  өлеңдердің  оқытуы 
бір емес. Ертегі, әуезелердің пернелі, кестелі сөздерін тастап, баланың 
өз  сөзімен  қайта  айтқызуға  болмайды.  Олардың  маңызы  қиялға  әсер 
беріп, шарықтатуында толғаулы, суретті, сәнді сөздерді, өлең-жырларды 

346
өз  сөзімен  мылжалау  жарамайды:  олардың  маңызы  сезімге  әсер  беріп, 
көңілді ұйытқытуында.
Өмірді  дәл  суреттеген,  қаһармандарын  толық  мінездеген  аса  бір 
жақсылары  болмаса,  Крыловтың  мысалдарын  көп  оқыта  беруден  де 
пайда аз, үйткені, тегінде ондай мысалдарда терең мән болмайды; күндегі 
өмірдің тәжірибесі қасқырды, түлкіні, аюды, бұлбұлды, есекті мінездеген 
мысалдарын алуға болады.
Баланы  күн  бұрын  даярлап  алған  соң,  толғаулы,  көркем  өлеңдерді, 
сөздерді әуелі оқытушы өзі оқып берсе, балаға әсері күшті болады. Тол-
ғаулы, ырғақты сөздер күй емес пе?! Күйді күйші тартса, құйма құлаққа 
сый  емес  пе?  Күйге  қарай  көңіл  күйі  билемес  пе?  Жақсы  оқылған, 
толғаулы  сөз  балаға  әсер  бере  алмаса,  мұратына  жетпегені.  Алғашқы 
алған әсер күшті болады. Ендеше күйлі сөзді көп оқып, жасытпаған жөн, 
3-4  қайтара  оқылса,  жетеді.  Қара  сөзге  қолданатын  әдісті  ақын  сөзіне 
келгенде  тастау  керек.  Мұнда  назар  ақынның  пернесі,  суретті  сезімі 
жағына аударылу керек. Түсіндірем деп, ақынның тілін созғыласа, әсер 
бұзылады; түсіндіру әсерді әлсіретуге емес, күшейтуге жұмсалсын.
Көркем  әдебиеттен  оқытқаннан  кейін,  балаларға,  мәселен,  мынадай 
сұраулар қойылса, жарайды:
1) Әңгіменің қаһарманы кімдер? 
2) Заманы, орны, уақыты, жағдайы нендей?
3)  Басында,  ортасында,  аяғында  айтылмай  кеткен,  жетпей  тұрған 
сөздер жоқ па? 
4) Шығарманың өте маңызды жерлері қайсылар?
5) Қандай сөздер, жолдар, сөйлемдер өте сұлу, жат, күшті келген?
6) Қандай сурет салуға, қай-қайсын айттыруға болар еді?
7) Қай жері күйге келтіріп оқуға, қай жері сымбатқа түсіруге қолайлы?
8) Қай жерлері өте қуаныш, мұң, қауып-қатер, қайғы, шаттық сезім 
туғызады?
Дауысты құбылтып, мұғалім оқи бастаса, мұның бәріне оқушы жауап 
бермей қоя ма? 
Енді шығарма жазу туралы азырақ сөз.
Шығарма  жазу  –  сөйлей  білгеннің  белгісі.  Бірақ  сөзшеңдік  пен 
жазымпаздық  бір  емес.  Әрқайсысына  өзгеше  зеректік,  өзгеше  дағды, 
еңбек керек.
Шығарманың  материалын  (дерегін)  қайдан  болса,  содан  алуға 
болады. Көбінесе шығарманы оқылған әңгімеден туғызу керек. Не әңгі-
менің өзі қайта жазылсын, болмаса әңгіме арқылы баланың есіне түскен 
нәрсе айтқызылып, содан кейін жазуға берілсін. Әрине, оны бір сабақта, 
бір  сағатта  істеп  бітіруге  болмайды;  көлеміне  қарай  уақыт  шамалану 
керек.  Белгілі  тақырыпқа,  белгілі  планмен  жазу  алғашқы  кезде  қиын 

347
тиеді.  Сондықтан  әуелде  плансыз  жаздырып  жүріп,  бара-бара  планды 
тәжірибе  арқылы  өздері  тапқандай  болса,  тым  жақсы.  Тақырып  көп 
жазу тілемейтін дәл, ықшам болу керек. Жылдың мезгілдері, өмірбаяны, 
көрген-білгені  деген  сықылды  кең  өрісті  тақырыптардан  қашу  керек. 
Тақырыпқа жазып, төселуге класқа сурет әкеліп, іліп койып, әліптеткен 
жақсы. Қазақ баласына класты, орындықты, шкафты суреттету сықылды 
өмірге керексіз жұмыстар берілмеген жөн, одан да «әке, шеше, туғаным 
не  істеп  жүр  екен?»  деген  тәрізді  ойландыратын,  сезімін,  қиялын 
ұстартатын нәрсені жаздырған артық. Бұл тәрбие жағынан да татымды. 
Оқушылардың  бір  бүйрегінен  ауылы,  елі  кетпегені  жарайды.  Бұған 
талай жерде оралып соғып отыру керек. «Өзі болып, төркінін танымай 
кететін» жаман қылықтар алды-артына қарап, ойланбағандықтан, өзіне 
есеп  бермегендіктен  туады.  Неғұрлым  шығарманың  тақырыбы  күндегі 
өмірден, әсіресе, еңбектен, істен, балаға пайдалы, зиянды, жұғысы бар 
нәрселерден алынса, соғұрлым бала жұмысына ынталы болмақ, ендеше, 
жемісті де болмақ.
Үй  ішіне,  жолдасына,  танысына  сәлем  хат  жазғызып  үйрету  де 
пайдалы нәрсе. Дардай жігіттердің хат жаза білмейтіндері көп болатын 
көрінеді (Әсіресе әскерлік мектепте).
Газет  хабарларын  оқытып,  тақырыптатып,  тілін,  сөз  құрылысын 
бақылату,  ол  хабарлар  туралы  кеңесу,  мәселеге  пікірлерін  айтқызу, 
өздеріне  көрген-білген  елдегі  жұмыстарды  хабар  қылып  жаздыру, 
жақсысын  басқармаға  жіберіп  тұру  –  міне,  өмірге  керекті,  пайдалы 
тақырыптар. Газеттің белгілі бөлімдерін әр балаға не бірнеше балаға оқып 
отыруға  тапсырса,  бір-екі  жеті  өткенде  сол  бөлім  туралы  баяндамалар 
жасап, өздері жоба ұсынса, мұның бәрі жұртшылыққа, азаматтыққа аяқ 
басқанның  нышаны  болар  еді.  Газет  оқуға  қызықса,  сөз  жаза  бастаса, 
әлеумет жұмысына араласқаны деп біл.
Оқылған,  естілген  әңгіменің  мазмұнын  қайта  жаздырғаннан  да 
бастан кешірген оқиғаны, көрген-білгенін, өз пікірін жаздырған артық, 
бастапқыда  сөз  құрастыру  жағына  көбірек  назар  салса,  соңғыда  қиял, 
сезім, шығарғыштық қуаттары да қызмет етеді. Өз бетімен істеп шығарған 
қандай рақат! Өз күшіне сенімі артып, бір жасап қалады.
Шығарма  жазылды.  Оны  қалай  түзету  керек?  Өз  қатесін  жазушы 
өзі  түзетуге  кіріспесе,  ондай  шығармадан  пайда  да  шамалы.  Бұрынғы 
оқытушылар шәкірттің дәптерін қарағанда қызыл сиямен сызып-сызып, 
«жаман, жақсы» деп қоя салатын, болмаса, «пәлен жерін қайта көшір! Әне 
жері анадай боп кетіпті...» деп бірдеме жазып қоятын. Шәкірт «жаман, 
жақсы» дегенін көрсе болғаны, жаман болса, тыға салатын, жақсы болса, 
жайып  салып,  жолдастарына  көрсететін.  Ол  жолмен  шығарма  түзету 
керек емес. Әсіресе, алғашқы кезде, жеке баланың жазғанына көптеп, бар 

348
класс түзету керек. Бәрін бірдей класта түзетіп шығаруға уақыт жетпейді 
екен, бұған мынадай шара істеу керек: үлгі қылуға жақсы, жаман, орташа 
жазылған  үш  шығарманы  алып,  соларды  көптің  талқысына  салып, 
мінетін түзету керек. Ол – бір. Екінші – шығарманың бәрін түгел оқып 
шығамын демей, ең оғаш жерлерін алып, тақтайға жазғызып, балаларға 
түзеттіру керек. Бірталай шығармаларды солай өткізуге болады. Тақтайға 
жаздырып түзеткеннің пайдасы: көз қанады, ал енді шығармаға төселген 
кезде оқытушы түзетіп әкеліп, оғаш жерлерін, тәуір жерлерін көрсетіп, 
қайырса да жарайды.
Олақ  оқытушы  бар  баланың,  жазғанын  бір  қалыпқа  сыйғызып 
шығарам  деп  әуре  болады.  Әлгі  «бірдеме»  зорлық  деген  осы  болады. 
Етікші,  ерші  ұста  біткеннің  қолы  бір  ме?  Әркімнің  өз  ойы,  өз  оңтайы 
болады. Баланың ой желісі, өз оңтайы болады. Баланың ой желісін, өз 
оңтайын бұзып керек емес. Тек өз сарынымен келмей, үйлеспей тұрған 
сөздерін дұрыс құрастырып, не демек болғанын табу керек. Тамыршылық 
осында.
Жүсіпбек Аймауытов
Қайта оралған қаламгер (Халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, ғалым, жазушы 
Жүсіпбек Аймауытұлына арналады). Құраст.: В.Қ.Күзембаева. Алматы: Орталық ғылыми 
кітапхана, 2003, 95-100 б.
ұлтты сүю
Ұлтты  сүю  әртүрлі.  Қазақтың  аты  орыстың  атынан  озса,  балуанын 
балуаны  жықса,  шешенін  шешені  сөзден  тоқтатса,  мардымсып,  бар 
қазақ  сүйсініп  қалады.  Қазақ  жеңілсе,  орыс  та  дардияды.  Ноғай  мен 
қазақ, сарт пен ноғай егессін, олар да солай. Бұл – әр жұрттың қанына 
біткен өзімшілдік. Тұрған жерін, өскен елін, өз тұқымын басқадан артық 
болса екен деген құрғақ тілек, құрғақ сезім ең төменгі дәрежедегі надан 
адамда да бар. Бұл қасиетті сезім емес; жерін, үйірін сағыну, жеріне тарту 
хайуанда да бар. Үйренген, тамақ жеген жерін жақсы көру – табиғаттың 
еріксіз каноны. Ұлт сүюдің ең төменгі дәрежесі осы.
Ақылы,  сезімі  ұстарған  қазіргі  мәдениеттің  түрінде  жүрген  адам 
баласын  алсақ,  әр  ұлт  өзінің  өскенін,  өзінің  көркейгенін,  жетілгенін, 
өзінің  қожалығын  көксеп,  жанын  салып,  қанын  судай  ағызып,  дүние 
-мүлкін ортаға салып, алысып жатыр. Бұған қарағанда, адам баласының 
өз мешелділігі мәдениет өрлеген сайын күшейіп қеледі. «Өзіңе тілегенді 
біреуге де тіле», «Адам баласын бауыр тұт» деген көркем тілек далада 
қалып,  тұрмыс  күресі,  қанішерлік  майдандап  тұр.  Ұлты  үшін  құрбан 
болуға шыдағандық – ұлтшылдықтың осы күнде ең берік ережесі.

349
Зорлық, қиянат, қанішерлік жоғалып, бір заманда адам баласы бірін-
бірі маңдайға шертпейтін, жер жүзіне ұжмақ орнайтын шақ бола ма? Жоқ 
па? Белгісіз болса, алыс. Өзі көксеу – тәтті қиял; заман көксететін емес. 
Ендігі  мақсат  –  аяқ  астында  қалмай,  тырбанып  тырнақатар  ретке  кіру, 
дүниежүзінен жоғалып кетпес қамын қылу.
Ұлтын  шын  сүйіп,  аянбай  қызмет  қылған  азаматы  көп  жұрт  күшті, 
өнерлі,  білімді  жұрт  болып,  күресте  тең  түсіп,  басқаларға  өзін  елетіп 
отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың 
елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Япония, Англия, 
Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар 
білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы – 
мемлекеттің керегі, қызметкері.
Көршіміз орысты алайық. Бұлардың қара халқы надан болды. Оқы-
ғаны  ұлт  қамын  ойлаған  жоқ,  қызыққа,  шенге  дәрежеге  салынып,  бас 
пайдасынан өзгені ескерген жоқ. Шенеунігі өзі қожа, өзі төре болып, қара 
халықты менсінбеді, жан есебінде көрмеді. Кешегі ояздар, жандаралдар, 
генерал-губернаторлар өз алдына кішкене патша еді. Олардың ақ дегені 
алғыс,  қара  дегені  қарғыс  болды,  асуға,  атуға  әмірі  жүрді.  Қара  халқы 
мен  оқығанының  арасында  жақындық  болмады,  бірін-бірі  жек  көрді. 
Ақсүйек,  дворяндар  қара  халықпен  сүйкесуді  бойына  қорлық,  намыс 
көрді. Екінші жағынан, орыс патшасын құдайдан жаман әспеттеп, көкке 
көтерді.  Именді,  қорықты,  патшадан  күшті  әмір  иесі  бар  деп  ой лаған 
жоқ.  Патшаны  шырғалаған  өңкей  ақсүйек,  шенеуніктер  патшаны  қара 
халықтан  алыстатпаса,  жақындатуға  себепші  болған  жоқ.  Қара  халық 
қорлықта, қысымшылдықта жүріп жатты...
Қорлыққа  көшіп,  тепкіге  шыдап  жүрген  орыстың  қара  мұжығы 
үнсіз,  тілсіз,  көнбіс  надан  емес.  Қылжыр,  өзімшіл,  зор  көкірек  надан 
еді.  Патшаның  пәрманына,  ақсүйектің  тізесіне  амалсыз  көніп,  кекетіп-
мұқатып, сырттан қоржиып жүруші еді. Мұжықтың мұндай болған себебі 
– орыстың жоғарғы табынан шыққан талай атақты, білімді жазушылары 
мұжықты мадақтап, кітаптар жазып, көтеріп, өзімшіл қылып, тәңірсітіп 
жіберіп еді. Міне, осы халда жүрген орыстың бір тәңірісі Николай жоқ 
болып еді – не болды?
Тәңірсінген,  өзін-өзі  зор  тұтқан  қожа  болып,  мемлекеттің  астын 
үстіне келтірді. Неше түрлі бассыздық, қылып Россияның күл-талқанын 
шығарды.
Жоғарғы айтылғаннан шығатын қорытынды мынау: орыстың ақсүйегі, 
оқығаны  ұлт  қамын  ойлап,  халыққа  жаны  ашып,  қызмет  қылған  жоқ: 
«дәреже»  қуып  кетті.  Тәңірімсінген  қара  халық  жүгенсіз  надан  бо лып 
қалды. Қысқасы, орыс ұлтшыл жұрт еместігін, таптан тапқа, партиядан 
партияға бөлінген берекесіздігін көрсетті. Мұнан былай маңдайына тас 

350
тиіп  барып  түзелмесе,  бұ  қалыпта  үлгі  аларлық,  жіктерлік  еш  нәрсесі 
қалған жоқ.
Енді қазаққа келейін. Біз жұрт болуды жаңа ойланып, жаңа қамдан-
дық, қазақ әлі ақсүйек, қарасүйекке, оқыған, оқымағанға бөлініп, арасына 
жік түскен жоқ. Бірақ жуан ата, жіңішке ата болып, жуанның жіңішкеге 
көрсететін зорлығы, қиянаты бар. Жақсы тәртіп, әділ билік орнаса, жуан 
мен  жіңішкенің  айырмасы  жоғалып  кетуі  мүмкін.  Басшы  түзу  болса, 
басшыдан бас тартып, ауа жайылатын халық аз, қазан бұзар, ар соққан 
біреулер болмаса. Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да - 
оқығаны. Оқығанын қазақ сыйлайды, соңынан ереді. Кәдірлейді. Сенеді. 
Білімді,  ақылды,  жақсылықты,  үлгілі,  тәртіпті,  ақиқатты,  әділдікті, 
қызметті  оқығандарынан  күтеді.  Оқыған  –  қара  халықтың  шырағы 
(идеалы), бұқарасы сонша кәдірлегенін оқығандар білу керек. Халыққа 
қызмет қыла білмеген, үлгі, шырақ болуға жарамаған оқыған халықтың 
ықыласын  қайырады,  көңілін  шығарады.  Халықты  өзінен  алыстатады, 
өсек арқалайды, пайдасы артық тимейді.
Бұқараның әспеттеуіне қарай «бұл уақытта» төрт аяғы бірден түсіп, 
ұлт үшін жанын салып, сілетсіз, таза қызмет қыларлық шын «шырақ» та-
была беруі қиын. Бұл уақыт – қазақтың мәдениетке аяқ басатын, шаруасы, 
тұрмысы, білігі өзгеретін, ғаскер болатын, жалпы ұлт ісіне жол ашатын 
уақыт. Қазақтың өміріне көрмеген жаңалықтар кіретін уақыт – осы күнгі 
оқыған  қызметкерлер.  Қазақтың  ескі  қалпынан  жаңалыққа  көшетін  – 
«көшпелі»  заманның  кісілері.  Көшпелі  заманның  қызметкерлерінің 
қашанда болсын кемшілігі көп болмақ.
Әркім  әртүрлі  пікір  тұтынып,  әртүрлі  жоба  ұсынып,  жаңалықты 
орнатуға жиһат қылмақ. Бірақ бұл буынның адамның тәжірибесі, тәрбиесі 
жетілмегендіктен  істеген  ісінде  үстірттік,  төселмегендік  көп  шығып, 
ойлаған мақсатына жете алмай, ескі өмірдің жауыздығымен алысуымен 
күні  өтеді.  Бұлардың  істеп  кеткен  ісінен  келесі  буын  тәжірибе  алып, 
төселіп, анық қызмет қылатын, қызметінің жемісін көретін солар болады. 
Бұл  жүрген  буынның  адамында  кемшілік  болатын  бірнеше  себептерін 
айтып өтейін.
Адамның өмірдегі ісі – алған тәжірибесінің жемісі. Жанның тәрбие-
ленетін үш түрлі сыпаты бар: ақыл, сезім, қайрат. Адам жаратылыстан 
ақылды  болып,  осы  үш  сыпаты  бірдей  тәрбиеленген  болса,  ол  кісі 
әрі  данышпан  болады.  Ал  адам  ісінде  байыпты,  табанды  болып,  көп 
қата  жібермейді.  Егер  ақылы  шамалы  адамның  үш  жан  сыпаты  бірдей 
тәрбиеленген болса, ол адам өзіне-өзі қанағатшыл, өміріне ырза, орташа 
тығынды кісі болады. Бұл кездегі оқығандардың алған тәрбиесі қандай? 
Үш түрлі жан сыпаты бірдей жетілген бе? Соны айтпақпын.
Қазіргі  оқығандардың  тәрбие  негізі  қазақ  ішінде  салынған.  Қара 

351
қазақтың  баласына  беретін  тағылымы  белгілі.  «Өтірік  айтпа,  қиянат 
қылма,  адал  бол,  ақжүрек  бол,  өзің  үшін  оқыма,  мен  үшін  де  оқыма, 
ұлтыңа қызмет қылып, пайда тигізу үшін оқы!» деп үйреткен қазақ некен-
саяқ  шығар.  «Шіркін,  бәленшенің  баласының  қуы-ай!  Кісі  сыртынан 
сатып жіберетін», «кісіге ақыңды жібермейтін бол, закон біл, ақша тап, 
даражаға ілін» деген мақсатпен оқытады. Айтса да, айтпаса да, қазақтың 
бұл ойы белгілі. Осы тәрбиемен өспеген бұ жүрген оқыған да кем шығар; 
жасынан  баланың  ақылы,  сезімі  қулық-сұмдыққа,  біреуден  артылуға, 
дәрежеқұмарлыққа үйренеді, бұл – бір.
Орыс шкөлінің тәрбиесі де оқығандарды ұлтшылдық, кішіпейілділік, 
таза  жүректі  қызметкерлікке  артық  әсер  бермейді.  Орыс  балалары 
ұлт  дегенді  көп  ескермейді,  көбі  өзімшіл,  мақтаншақ,  тәкаппар  келеді. 
Олардан жақсы мінез шамалы, ал қызметке кіргелі көргені - Николайдың 
жадағай  шенеуніктері.  Олардың  көретін  рахаты:  жақсы  киім,  жақсы 
тамақ, тройка арғымақ катайтса, секектеткен «мадмазел» (әйел). Мәжілісі 
-  арақ,  қарта,  биллиард,  салтанат,  айбар:  «Тақсыр-еке!  Господин!», 
шұлғыған, шоқынған қара жұрт, міні, бұлардан алған тәрбиенің түрі осы 
сияқты, бұл - екі.
Ұлтымыз бар екенін, еліміз-жұртымыз бар екенін, жұртымыз қатарға 
кірмей,  теңдік  жоқ  екенін,  Николайдың  қасқырлары  қазақты  ішіп-жеп 
құртып бара жатқанын сезгелі, «Ұлтқа құрмет қылайық» дегелі бес алты-
ақ жыл болды. Әрине, бұл оянуға 1905-інші жылғы толқын, тағы әртүрлі 
түрткілер қамшы болған шығар; көбінесе ес кіргізіп оятуға, ұлтты таны-
туға себеп болған – «Қазақ» газетасы. Онан бұрын ұлт дегенді кім білген: 
көбіміз  кеше  өзгеріс  болған  күні  ұлтымызды  тауып  алдық.  Сондықтан 
оқығандардың  кейбіреулері  жан-тәнімен  адал  қызметімен  ұлтына  көр-
сете алмай, пайдасын не дәрежесін сағалап кетуі ғажап емес, себебі, ... 
– танылмаған сөз орны (Н.Қ.) «ұлтшылдық», «адалдық», «қызмет» деген 
нәрселер сүйегіне сіңіп өскен...» емес. Сырттан жапсырылған жамау.
Оқығандардың жолдан тайып кетуіне себеп болатын – бар адамның 
табиғатына  біткен  жергілікті  мінездер.  Орын,  атақ,  дәреже,  мұқтаж-
дықтың  жоқтығы  адамды  тастырып,  көтеріп  жібереді.  Бұларды  кісінің 
кісісі-ақ  көтереді.  «Қой  көрмеген  қуалап  өлтіреді»  дегендей,  бұрын 
қолына  билік  тиіп  көрмеген  жұрт  білікті  жақсылыққа  жұмсай  алмай, 
жаман  жаққа  жұмсап,  адыраңдап,  «тағдырың  қолымда»  деген  сияқты 
пікірге  түсіп  кетуі  де  мүмкін,  бұны  Николайдың  шенеуніктерін  көз 
алдыма елестетіп айтамын.
Кейбір  оқығандарда  қара  халықтан  бойын  аулаққа  салғысы  келіп, 
қызыққа,  салтанатқа  салынғысы  келетін  салқындық,  ірілік  мінездердің 
ұшығы сезіледі. Адам шалдуар нақысының әнімен кетсе, өзін-өзі тергеуге 
алмаса,  жаман  мінезінен  тыйылып,  жақсы  жағын  тәрбие  қылмаса, 

352
бұзылып  кетуі  оп-оңай.  Меніңше,  қара  халықтан  жиренгендік,  ірілік  – 
ұлтын сүюге, мұқтажын, сырын білуге жиһат қылмағандық деп білемін. 
Бұл мінез Николайдың шенеуніктеріне еліктеген болып табылады.
Орыстың білімін алуға, өнерін білуге, жақсы жағын жаттауға еліктеу 
–  дұрыс  та,  кәпірлігін,  мақтаншақтығын,  рақымсыз,  қызықшыл,  қалта-
шыл,  антшыл  «суық»  шенеуніктігіне  еліктеу,  ақсүйек  болуға,  салтанат 
түзеуге, тұрмысын, жүрісін, үй ішін жат түрге салып, қазақтан қашыртуға 
еліктеу – үлкен мін, кемшілік. Бұ жағынан оқығандар арына төрелетіп, 
сақ  болуы  керек.  Осындай  әдетті  күшейтуге  себеп  болатын  күншығыс 
халқының табиғатында тағы бір мінез бар. Ол: антқұмар, зиннатқұмар, 
әйелшілдік, адымын алыстатпайтын ұсақтық, қайратсыздық, жалқаулық. 
Көңілдегісі болмаса, біздің тұқымдар тез табаны қайтып, қажып қалады. 
Мақсатының жолына құрбан болуға шыдамайды. Бұ да есте болсын.
Ақтығында  айтпағым:  оқығандар  өзін-өзі  тәрбие  қылу  керек.  Қара 
халықтан  жиренбей,  жақын  жүріп,  сырласып,  мұң-мұқтажымен  таныс 
болып,  өзі  ұлтын  сүюге,  халыққа  өзін  сүйгізуге  жиһат  қылуы  керек. 
Естеріңізде  болсын:  қара  халықтың  мәдениетті  болуынан  мәдениетті 
кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ 
өміріне  жақындатып  тәрбиелеу  керек.  Орыс  тәрбиесін  алған  бала  ұлт 
қызметкері  бола  алмайды.  Қазаққа  аюдай  ақырған  шенеунік  табылуы 
оңай; ерінбей-жалықпай, бақырмай, шақырмай іс бітіретін, терісі қалың, 
көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын. Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, 
ақша  жегіш  жалтырауық  шенеуніктің,  сұлу  сөзді,  құрғақ  бектің  керегі 
жоқ; адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек. Сол жұмыс-
шы – оқығандар. Бекерге кеткен сағат, босқа өткізген минут – ұлт ісіне 
зор шығын.
Оқығандар! Бұл уақыт – жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт 
емес,  қызмет  қылатын,  еңбек  сіңіретін  уақыт.  Ойлаңыздар:  халық  біз 
үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойнымызда халықтың 
зор борышы, ауыр жүгі жатыр.
Жүсіпбек Аймауытов
Қайта оралған қаламгер (Халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, ғалым, жазушы 
Жүсіпбек Аймауытұлына арналады). Құраст.: В.Қ.Күзембаева. Алматы: Орталық ғылыми 
кітапхана, 2003, 87-91 б.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   38




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет