Алаш көсемсөЗІ: тіл мәселесі көптомдық 2 том Қайрат сақ



Pdf көрінісі
бет36/38
Дата30.01.2017
өлшемі1,66 Mb.
#3031
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   38

Тіл
Жанның  жайын  жарыққа  шығару  жолы.  Жанның  жайын  жарыққа 
шығару үшін, жанның сырын сыртқа білдіру үшін адамның екі құралы 
бар: біреуі – мимика, біреуі – сөз. Мимика дегеніміз – жанның сырының 
дене  арқылы  сыртқа  білінуі  (бас  изеу,  күлу,  жылау  сықылды).  Мимика 
тілін әркім-ақ ұғады. Бірақ мимикамен бар нәрсені ұқтырып болмайды. 
Мимика  –  ішкі  сезім  тілі.  Мимика  арқылы  ойды  жарыққа  шығаруға 
мүмкін емес. Ойдың тілі – сөз. Біз сөз арқылы ғана неше түрлі ойымызды 
сыртқа білдіре аламыз һәм басқа адамдардың ойларын біле аламыз. Сөз 
болмаса, адамда білім болмас еді. Атын атап, сөзбен бекітіп тастамасақ, 
жанда  суреттер,  ұғымдар  тұрмас  еді.  Сөз  болмаса,  сөзбен  адамзаттың 
бірін-бірі  ұғысуы  болмаса,  жер  жүзіндегі  осы  күнгі  адамзат  тұрмысы 
деген тұрмыс та болмас еді. Қысқасы, жан көріністерінің ең қымбаты – 
ой, ой тілі – сөз. 
Мағжан Жұмабаев
Мағжан Жұмабаев Үш том. шығ. жин. Алматы: «Білім», 1996, 2,3 том, 288-289 б.
Тілдің адам өмірінде һәм ұлт өмірінде 
алатын орны
Тіл – адам жанының тілмашы. Тілсіз жүрек түбіндегі бағасыз сезімдер, 
жан түкпіріндегі асыл ойлар жарық көрмей, қор болып қалар еді. Адам тіл 
арқасында ғана жан сырын сыртқа шығарып, басқалардың жан сырын ұға 
алады. Ойлаған ойын сыртқа шығарып басқаға ұқтыра алса, адамның не 
арманы бар. Жазушы, ақын деген сөз – ойлаған ойын әдемілеп жарыққа 
шығара  алатын  адам  деген  сөз.  Тілі  кем  болса,  адамның  қор  болғаны. 
Ойың  толып  тұрып,  айтуға  тілің  жетпесе,  іш  қазандай  қайнайды  да. 
Қысқасы – адамның толық мағынасы мен адам аталуы тіл арқасында. 
Тіл әрбір адамға осындай қымбат болса, әрине, ұлт үшін де қымбат. 
Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. 
Ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу. 
Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағандығын көрсетеді. Ұлтқа 
тілінен қымбат ешнәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың 
сыры,  тарихы,  тұрмысы,  мінезі  айнадай  көрініп  тұрады.  Қазақ  тілінде 
қазақтың  сары  сайран  даласы,  біресе  желсіз  түндей  тынық,  біресе 
құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмыс, асықпайтын, 
саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сар даласы кең, 
тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды, 

365
терең тіл жоқ. Түрік тілімен сөйлеймін деген түрік балалары күндерде 
бір күн айналып қазақ тіліне келмекші. Қазақ тілін қолданбақшы. Осы 
күнде-ақ  айналып  келе  жатыр.  Татардың  әдебиет  тілі  жыл-жыл  сайын 
қазақ тіліне жақындап келеді. Күндерде бір күн түрік балаларының тілі 
біріксе,  ол  біріккен  тілдің  негізі  қазақ  тілі  болса,  сөз  жоқ,  түрік  елінің 
келешек  тарихында  қазақ  ұлты  төрден  орын  алмақшы.  Келешектің 
осылай болуына біздің иманымыз берік.
Мағжан Жұмабаев
 
Мағжан Жұмабаев. Үш том. шығ. жин. Алматы: «Білім», 1996, 2, 3 том, 289-290 б.
Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан
Белгілі,  мұнан  бес-он  жыл  бұрын  хат  біледі-міс  деген  қазақтардың 
қолдан-қолға түсірмей, құлқынын құртып, құмартып оқитын кітаптары: 
«Зарқұм», «Салсал», «Алпамыс» тағы да солар секілді «қырды-жойды», 
«қиратты»,  «жеті  бас»,  «айдаһар»,  «пері»,  «жалмауыз  кемпір»,  «дәу» 
дегендей  ұшы-қиыры  жоқ  түпсіз  өтірік,  қисынсыз  хикаяттар  еді.  Міне 
бұған  қазақ  отағасылары  көздерін  жұмып,  нанып,  мейірлері  қанып, 
кеңкілдей түсіп, шұлғысып, мүлгісіп отырған еді. Сондай шөп-саламмен 
қандары ұйып, жандары ұйықтап қалғығаннан қалғып, қаннен-қеперсіз 
отырған  бір  заманда...  «тұр-тұрдан  хабар  келіп,  ұйқыдан  маза  кете 
бастады».  Бырқырап  ұйықтай  беруден  жиренбеген,  бұрын  мұндайға 
құлақтары  үйренбеген  халық  «Аллаңнан  ойбайым  жақсы»  дегендей 
қылып, әуелгі кезде ордаңқыраса көздері шалған соң, көкіректері сезініп, 
құшағын  жайысып,  жарбаласып  түсті.  Бұрынғы  «Зарқұмдарын»  құмға 
көміп, «Салсалдарын» суға лақтырып, пері қыздарын аспанға ұшырып, 
ақырындап ескі достарына қош айтыса бастады. Сонан бері қарай беттері 
бермен етпеттеуде.
Жаңа бір жас иіс туды, дегенді құлақтары шалса, қолдарын жайып, 
құшақтарын ашып, искеуге – мұрындарын, сүйуге – ауыздарын даярлап 
тұрмақ  та.  Қазақ  секілді  қараңғы  көшпелі  халықтың  ішінде  шыққан 
газет, журналдардың малтықпай тез жүріп, жеңіл кетулері сол етпеттеп 
тұруларының  арқасы,  өйтпесе,  Самарқан,  Түркістан,  Бұхара,  Ташкент 
жақтағы газеттер секілді адым жер шықпай, арбасы төңкеріліп қала берер 
еді. Олар мәдениетті болғаны қайда? Атам заман. Ата-бабаларымыз өнер-
білімді сол жақтан іздеген...
Бет бері қарап, қол оң жайылғаннан бері қарай жыл сайын бестеп, он-
дап «жас иіс» жаңа талап риссалар да туып тұрды. Бірақ бұларды туды деп 
құр туғанына ғана сүйінбесе (екеу-үшеуін былай қойғанда) «осы қарағым 

366
ер жетіп ернім аққа тиер-ау» деп үмітке кіріп, түшіркенерлік біреуі жоқ. 
«Қой бұты қозы саны» дегендей құраған, сұраған бірдеңелер. - «Бұрынғы 
қисаларымыздың-ақ (әдебиет) ақ көңілге күйе жағып адастырудан басқа 
пайдасы жоқ, бас қатырғыш хикаят еді» дедік. Ал енді адастырмай қанға 
қуат, көңілге көрік беріп алды түзуге қарай бұра бастайтын ақ үстіндегі 
қара қайсы? Ол жоғары айтқан кейіп жоқ, келісім жоқ, құр қатын ойбай. 
Екшеп-екшеп  қарасақ  «ойбай-ойбай  бетім-ау,  қайтермін-ау!  Пәлен-ау, 
түген-ау» деп құр зарлаған құр ойбайдан басқа дым да шықпайды. Қайта 
бұрынғыларымыз  «хикаят»  болса  да  тілі  қазақша,  рухы  қазақ  рухына 
қарай  бейім  келгендіктен  өзін  сүйдіруші  еді.  Бұл  жаңа  ойбайда  шата 
тілдер  көп  араласқан.  Кейде  шүлдіреп,  кейде  шолжыңдап  жығылып-
сүрініп жүрген жайы бар. Шүлдірге мысал:
«Қолыңа ал қаламыңды,
Қайғырып хал мұстақпал заманыңды.
Намунә әр нәрседен көшіргіш ал,
Яза бер, ойыңа алған кәләміңді.
 
 
 
 
(«Милли шиғыр»)
Халықты бүкүн құяш шеттен,
Ыслахлық енді керек ертеректен.
Ашық қыл бізнің үшін ғазым атам»...
 
 
 
 
 («Әдебиет өрнегі»)
Керексіз шолжыңдап алғанға мысал:
«Ойладым бір хикая шығаруға-ай
Қалсын деп жақсылардың құлағында-ай,
Қазақтың өткен хәлін естіп мен»...
Сүрініп соқпағы қиыспағанға мысал:
«Хан болып, халықты билеп бағзылары
Көрсетіп әділшілік мінген таққа. 
Қан төгіп, бағзылары қаһарлы боп,
Аямай зұлымшылық еткен халыққа.
Ішінен дін үйренген ғалым шығып,
Үндеген, хақ деп білген шариғатқа,
Үйреніп дүние ғылымын данышпандар.
Тырысып шақыруға жұртты жарыққа;
Табылып арасынан жауыздар да,
Жол бөгеп надандықпен тарқан артқа...»
Қараңыз осылардың ішінде қайда қазақ тілі, қайда қиысқан назым? 
Қайда көңілге, тілге ойнау, теп-тегіс, өрескелсіз өлшеусіз өлең?..
Бәрі  бір  қатын  ойбай  екендігі  әр  қисыннан  мысал  жазып  көрсетуге 
орын  тар.  Сонда  да  біреу,  екеуін  көрсетсем  әнеукүнгі  «Оян»  рисала-

367
сында жазылған харіптердің орындарын ғана ауыстырған шала жансар 
(тәржіме)  көшірме  екендігін  менен  бұрын  өздеріңіз-ақ  айтарсыздар! 
Көшірме  болғанда  да  жетіспей  қалған  жерім  жинаған,  бүркеулі  жерін 
ашқан, кеткенін келтірген, кемтігін толтырған түзу көшірме дейсіздер ме? 
Жоқ, жоқ еліктей алмай солықтап, соқпақтап айырылып қалған көшірме. 
Мысалы:
Көзіңді аш! Оян... көтер басты,
Өткізбе қорлықпенен бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал харам боп жарамасты.
Бұл түпкі нұсқа.
Ал, қазақ көтер басты, аш көзіңді, 
Бір уақыт адам санап сен де өзіңді.
Тұрсаңдар қараңғыда қор боласың
Алашым теріс деме бұл сөзімді.
Міне,  бұл  ананың  көшірмесі.  Мұның  аты  солықтау  былай  тұрсын 
аңқылдау емес пе?
Бұзылған қанымызды түзеп, қарайған көңілімізді жуып, жанымызға 
пайда, дертімізге шипа болады-мыс деген жараспал жаңа әдебиетіміздің 
«қатын ойбайға» айналып, әркім соны ән көріп бара жатқан соң, қазақ 
жазушылары-ау  алдарыңа  салып  айтып  отырмын:  құр  ойбай  дегенмен 
ойбайдың да ойбайы бар ғой, жылаудың да жылауы бар ғой. Туыстағы 
тұрмыс дерті, зығырыңды қайнатып, бармағыңды шайнатып ықтиярсыз 
ызалы ызғарын төгеді, сай-сүйегің сырқырарлық ащы зарлы бебеулерін 
қағып көңі толқыған, жүрек түйінін тарқатады. Мен анық ақ сүйек, аты 
жоғалмайтын  өлең  деп,  өнер  деп  соны  айтамын.  Сырт  көрінісі  қатын 
ойбай  тұрсын,  шайтан  ойбай  болып  көрінсе  де  дәмі  бар,  маңызы  бар 
ойбай  сол,  қайнаған  қанның,  қиналған  жанның,  толғатқан  көңілдің, 
толғанған жүректің сығындысы сол. Соның үшін ондай «ойбай», ондай 
«бебеу»  табыла  қалса,  салған  жерден  өзі  де  шертке  шипа  бола  кетеді. 
Басқаларға қарағанда пайғамбардың жүрегінен құйылған құрандай соқыр 
кісі сыбдырынан танырлық аққұла ашық тұрады. Марқұм Абай өлеңдері 
секілді.
Байтұрсынның «Қырық мысалдағы» мысал соңдарынан айтқан секіл-
ді. «Азаматтың», «Қайтер едің», «Шағым» деп өз басына түйіскендерін 
айтуы секілді.
Қарасақ  бұл  айтқандардың  бәрінде  де  өздерін  жұртқа  ауыз  айтып 
көрсетушілік бар. Мәселен, марқұм Абайдың:
«Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі,
Өрнегін сендей сала алмас...

368
Саудырсыз сары қамқаны
..............................................
Сезімде жаз бар шыбынсыз...»
А.Байтұрсынның:
Бәленің түрін көрген мен сары маса..
М.Дулатовтың:
Бәйге алмас болғанменен жүйрік шаппай
 ......................................................................
деген өлеңдері секілді. Бірақ айтқандары артығымен шын. Шын жылы-
ғын  жастың  тамшысы,  рас  қайнаған  сорпаның  сөлі  болғандықтарынан 
сезілмейді,  сезілсе  де  басқалардыкіндей  көзге  қатал,  көңілге  суық 
тимейді. Қайта өзіңді сүйсіндіріп әкетеді. Осы айтылған ретпен болмай 
күндікке ізденіп, өзінше ойыңнан ұйқасыңқырап шыққан керекті-керексіз 
сөзді  «өлең»  деп  қуанып  жаза  беру  –  дерті  жоқ  кісінің  ыңқылдағаны. 
Толғағы жоқ қатынның бебеулегені қандай жексұрын болса, бұ да сондай 
жексұрын  болады.  «Қисынсыз  қышқырған  неткен  тантық»  деп  Абай 
айтқанның көбіне ұшырап жүргендер көп.
Нағыз  шынын  айтқан  уақытта,  қазақ  тіліне  деп  бастырылған  кітап-
тардың көбінде қазақтың исі де жоқ. Неге десең, дені бытпырақ, бытпырақ 
болмағандардың ағыны теріс. Рухын тексерсек, баяғы айтылған «қатын 
ойбай». Ал енді қазақты сіріге жамаған былғарыдай қай жеріне апарып 
жапсырамыз!  Мен  тілімізге  шата  тілдердің  шатысуынан  бегірек  тілдің 
ағыны теріске бейімдеп, өріс алып бара жатуынан қорқамын. Біз бұралқы 
тіл  кірмей  ұйысқан  сөз  болса,  ойбай  мынау  қазақша  екен  дейміз.  Ескі 
сөздің қаспағына жаңа сөздің қаймағын апарып қатарластырып қарасақ 
та,  ол  ағын  мен  бұл  ағынның  арасы  алты  айшылық  алыс  кеткендігі 
көрінеді. Мәселен, мынау сөз:
«Әбілхайырдың  Руссия  қол  астына  кіруінің  мақсаты  һәм  де  қазақ 
хандарының  халық  қасында  күшсіз  екендігі,  саяси  істерде  қазақ  һәм 
басқа  шарық  халқының  хайлакер,  ант  бұзғыш,  суз-қасд  екендігі  Русь 
үкіметі  қасында  анық  мағлұм  болмағандықтан,  Әбілхайыр  ханның  бұл 
өтініші  жағарғы  даһираларда  қуанышпенен  қабыл  етеді.  Неге  десеңіз, 
қан төгусіз, тек тұрғанда бірнеше милион халықтың өзі тіліп қосылуы 
Россия үшін бір шәриф еді».
Бұл  мұсылманша  оқу  мен  жазушы  атына  кірген  жастарымыздың 
тұңғышының сөзі. Жоғарғы мынау сөздің ағына салыстырып қараңыз:
«Қазақта бір мақал бар еді: «Батыр деген бір барақ ит, екі қатынның 
бірі табады, би деген ақ шариғат, ілуде бір-ақ қатын табады» деген. Сол 
айтылған  билер  жүзден  шықты:  Үйсін,  Төле  би,  орта  жүзден  шықты; 
арғын  Әйтеке  би,  кіші  жүзден  шықты;  Алшын  Әйтеке  би,  ең  ақыры 
кеше  қазақ  Россияға  қараған  заманда  Шоң  билер  болды.  Ол  қазақтың 

369
ортасына құдай жаратқан билері бар заманда халық қандай халде болды, 
қой  үстінде  торғай  жұмыртқалаған  заман  болды.  Кеше  Шоң  деген  кісі 
тоқты ұрлаған ұрыны таттырып өлтіртті. Жеті ұрыны бір көлдің басына 
тарттырып өлтіргеннен, сол көл «Ұрының көлі» атанды. Міне бұл тым 
арманындағы кісінің сөзі емес, мұнан 50-60 жыл ана бұрын жазылған сөз.
Мұның  аты:  тіліміздің  орнын  сипалап  қалуға  бейімдеп  бара  жату 
болады.
Осы күні қазақша сөз боп жазылады – қара бұқара жеңіл ұғынады. 
Егер  орысша  оқығандардың  аузынан  шықса,  құдай  өзің  жөн  бер!.. 
Шәкірттер өзді-өзі ғана ұғынады да қояды. Қара бұқара құлақты саңырау, 
дәнеңесін аңғаруға болмайды. Бұ... қалай? Мен түсіне алмаймын, жауап 
та бере алмаймын. Бұларды мен сыншы болып жазып отырғаным жоқ; 
сыншы болуға өзім сыннан өткен кісі емеспін. «Сабасына қарай піспегі» 
көргенімше көзге шыққан көсеудей сүйелдерін ғана көрсетіп отырмын. 
Шын  тездің  қолына  түсіп  түзете  бастаса,  бір  журналы  бір  кітаптың 
саны  толтырар  әдебиетімізді  бар  деп  атауға  болады.  Бірақ  жетілген 
жұрттардыкіндей азуы алты қарыс емес. Соған қарай сыншы да балаң, 
бар  моншағымызды  бай  қызының  қолындағысына  апарып  салыстыра 
берсек, біздің бұлбұл дегеніміз қарға болып, дүлдүл дегеніміз есек болып 
шыға бермес пе екен?
Сұлтанмахмұт Торайғыров
Сұлтанмахмұт Торайғыров. Екі. том. шығ. жин. Құраст.: Б.Мамраев., А.Еспенбетов., 
Қ.Ергөбеков. Алматы: «Ғылым», 1993, 2 том, 138-143 б.
 
Ахмет Байтұрсынұлы халық ағарту және әдебиет саласында
Бар  ғұмырын  өз  халқына  шын  құштарлықпен  қызмет  ету  жолына 
бағыштаған, бар бақытын содан тапқан, табиғаты бөлек жандар болады. 
Ахмет Байтұрсынұлы сондай адамдар қатарындағы ұлағатты ғалым.
Ахмет  Байтұрсынұлы  мәдениетіміз  бен  ғылымымызға  қалтқысыз 
қызмет сіңірген, таланты мен тағдыры, жан дауасын тек сол мақсаттан 
тапқан жан. Ахаң – күрделі тұлға, зерделі ғалым.
Күрделі болғанда ел-жұртының тарихы мен тағдыр талантын терең бі-
ліп толғаған, танымына лайық алысқа қол ұсынған алғашқы оқымыстысы.
Кең  құлашты,  ұлан-асыр  терең  ойлы  ғалым  –  халық  ұлы  өмірдің 
қай  саласында  да  өз  пікір-толғамын,  бағдар-бағытын  білдіріп  келеді. 
Осыншама  санқырлы  қызметін  жазған  еңбектері  арқылы  жалпылама 
тізбелеп жеткізуге болар, бірақ шағын мақалада саралап айта алмасымыз 
анық. Дегенмен де мәдениетімізге орасан еңбек сіңірген адам ер жасы 
елуге келіп отырған шағында, біз оның қазақ әдебиеті мен халық ағарту 

370
істері саласындағы қайталанбас қызметін атап өтуге өзімізді парыздармыз 
деп санаймыз.
Ахаңның асқан ағартушылық жұмысын «Маса» атты кітабының ба-
сында келтіретін әйгілі Қожанасырдың сөзі арқылы тануға болады. Жи-
налған  қалың  жұрттан  Қожанасыр  былай  деп  сұрайды:  «Сендер  менің 
не айтқалы тұрғанымды білесіңдер ме?» Халық: «Білмейміз», – деп ай-
қайлайды. Сонда Қожа: «Білмесеңдер несін айтамын», - деп түсіп кетеді.
Халық тарап кетеді. Келер жолы жұрт Қожаның қойған сұрағына оның 
не туралы айтатынын білетіндіктерін айтса, ол білетін болсаңдар несіне 
айтамын деп кетіп қалады. Қауым амалсыз тағы тарасады. Үшінші жолы 
жұрт  жартысы  білетінін,  жартысы  білмейтінін  жеткізсе,  сонда  Қожа: 
«Білетіндерің білмейтіндеріңе үйретіңдер», - деп тағы ештеңе айтпапты. 
Осы екі ауыз сөзде Қожанасырдың барлық ойының түйіні жатыр.
Ахаң Қожаның осы бір әпенділігін кітабында тегіннен-тегін келтірген 
жоқ.  Шындығында  да,  Ахаң  өзінің  бүкіл  саналы  өмірін  сарп  еткен 
қазаққа  өзі  білген  нәрсесін  ұтымды  жеткізуден  жалықпады.  Сол  үшін 
жанын сала тер төкті. Сондықтан да болар, оның еңбегінің өнімді жағы 
ағарту  алқабында.  Осыған  дейін  ел  ішінде  оқу-ағарту  ісіне  дәл  Ахмет 
Байтұрсынұлын-дай еңбек сіңірген ешкім жоқ.
Оның  мәдени-ағартушылық  қызметі  ашық  та  айқын;  егер  біз  әде-
биетіміздің  тарихына,  тағдыр-талайына  қатысты  ең  сорақы  жағдайды 
еске түсірсек, ол ауыр да азапты күй Екінші Николай құлағанша болды. 
Соның зардабы біздің ұрпақ санасында әлі де сезіледі.
Қалай  ұмытайық,  бәрі  де  біздің  есімізде.  Сорымыздың  зоры  ана 
тілімізде  оқып,  білім  алудың  тұтқасы  дүмше  молдаларды,  қашқындар 
мен Хиуадан, Қарақалпақтан, Бұқарадан, Түркістаннан, Қазаннан, Сейіт-
шілдер тобы мен Стерлитамақтан ақ шалмадан басқа түгі жоқ келімсек 
оқымыстысымақтардың,  шәкірт  тәрбиелеудің  қарапайым  жөн-жосығын 
да білмейтіндердің тізгінінде кеткені еді. Олар балаларды соқыр сеніммен 
арбап, діни ілімге оқытып, ата-аналарды тозақ отында молланың шыбығы 
тиген жер күймейді дегенге иландырып, жас шыбықтай солқылдаған жас 
ұрпақтың жанын да, тәнін де қинап азаптады. Олар молданың қолында 
сырттай,  сыпайы,  кешірімді  көрінгенімен,  іштей  тасбауырлық,  түйін 
байлап, кектеніп өсті: Абай айтқан өлмес өлең жолындағыдай:
Кітапты молда теріс оқыр,
Дағарадай болып сәлдесі,
Малқұмар көңілі бек соқыр.
Бүркіттен кем бе жем жесі, - деп түсінеді.
Жан баққан, мал аңдыған молдада не қасиет болсын. Қасиетті жазуды 
бұрып оқуға ақ шалманың өзі де тоқтау сала алмады. Молданың айтқанын 
істеме, істегенін істе деген... Дүниеқоңыздық, байлыққа құмарлық олар-
ды да аздырып біткен-ді. Олжаға таласқан құзғыннан не айырмасы бар?

371
Осының бәрі – біздің кешегі, рухани мәдени болмысымыздың жанды 
жеген дерті – қылмысты шындығы. Біздің құрдастарымыздан, әйел затын 
қоса айтқанда, молдалардың ойды өсіріп, сананы серпілткен мағынасыз, 
мәнсіз «ұстаздығын» кім түсінбейді?
Екінші жағынан орыс-қазақ мектептеріне көңіл аударсақ, оның пат-
ша өкіметінің отарлау саясатына сай ашылғаны, соған бағытталғаны да 
бәрімізге  аян.  Бұратана  мектептерге  арналған  заңның  бірінші  тармағы 
бәрімізге таныс.
Бұл  мақсаттың  ашық  та  айқын  көрінісі  патша  әкімдері  мен  ағар-
тушыларының  әртүрлі  мейрамдарда  сөйлегендерінен  анық  байқалады. 
Торғай  губернаторы  Барабаш  өзінің  мүшел  мерекесінде  «Өзіме  бағы-
нышты  қазақ  халқына  православиялық  дін  мәдениетін  таратып  үлгер-
медім» - деп өкінгенін қарттар біледі.
«Тағы  жұрттардың  ағартушысы»  Ильминскийдің  халық  ағарту 
министрі Д.Толстой қатысқан қазан-татар семинариясының ашылуында 
сөйлеген  сөзі  баршаға  белгілі.  Ол  бұратана  мектептің  басты  мақсаты: 
бұратаналар  арасында  орыс  православиялық  шіркеуінің  ықпалын  кү-
шейту, бұратаналардың біртіндеп орыстануына жағдай жасау еді. Патша 
өкіметі өз мақсатын қадағалай отырып, қазақтарға ана тілінде оқуға рұқсат 
етпеді; рұқсат бергеннің өзінде жағдайды ауырлата түсті. Медреселердің 
ашылуына орай қазақ тіліңде миссионерлік бағыттағы кітаптар көптеп 
шығарылды,  православиялық  діннің  мифологиялық  транскрипциясы 
алынды.
Аз-маз  сауаты  бар  қазақ  осы  істің  басында  Ильминский  мен  Побе-
доносцев, Яковлев, Мироглов және басқалар болғанын, ал өмірде жүзеге 
асырушылар Алекторов, Васильев, Присне екенін біледі.
Осы жолдарды жазып отырған адам бала кезінде ауылда бағынышсыз 
мектеп болғандықтан пристав келе жатыр дегенде, сабанның астын үңгіп 
тығыламыз деп тұншығып өліп қала жаздағаны әлі есінде. Міне, осындай 
мүсәпір  қиын  кезеңде  Ахмет  алғашқы  болып  дауыс  көтеріп,  қазақ 
мектептерін  бір  жағынан,  дүмше  молдалардан,  екінші  жағынан,  патша 
миссионерлері ықпалынан құтқару үшін қызмет етті. Болашақ ұрпақты 
молдалардың  дүмше  дым  білместігінен,  сол  секілді  миссионерлердің 
жаңащылдығынан құтқару үшін Ахаң жалғыз күресті. Бұл жолда Ахаң 
жалғыз да алғашқы ағартуша болды. Оның жаңа қазақ алфавитін жасауы 
іс  жүзіндегі  ішкі  және  сыртқы  жаулармен  күресінің  көрінісі  болатын 
біздің тіліміздегі барлық дыбыстарды сақтай отырып, дыбыс үндестігінің 
заңдылығы бойынша жаңа әріптер белгілеп, ана тіліміздің синтаксисі мен 
этимологиясын  жасап  шықты.  Қазақ  тілінде  қолданылмайтын,  мүлдем 
қажетсіз он екі араб әрпін әліппеден алып тастады. Бұл жазу емлеміздегі 
көптеген қиыншылықтарды жойды.

372
Бұған дейін бізде өз әліппеміз болған емес, дүмше молдалар әліппе 
жасай алмай, балаларды «әліп-би» шартымен қағаз жүзінде оқытса, ал 
миссионерлер  Васильев,  Алекторов  Рожинский  және  басқалар  қазақ 
әліппесін орыс транскрипциясымен берді.
Сондықтан  да  Ахметтің  жаңа  алфавиті  мен  жаңа  әліппесі  біздің 
мәдени өркендеуімізге зор пайдасын тигізетін құбылыс еді. Жаңа алфавит 
тіліміздің  таза  сақталуына  мүмкіндік  туғызды.  Жаңа  алфавит  әлемдік 
мәдениетпен араласа түсу жолын жеңілдете түсті. Жаңа алфавит халық 
мектептерінің өркендеуі жолында алып адым жасағаны анық.
Қазіргі кезеңде Ахметтің алфавитімен басылған кітаптар, журналдар, 
газеттер  мыңдаған  баспа  табақпен  даланы  шарлап,  ең  алыс  қараңғы 
түкпірлерге дейін тарап кетті. Ал Ахметтің кітаптары болса қазіргі қазақ 
мектептерінде  қолданылатын  жалғыз  оқулық.  Оны  Кир  Наркомпрос 
қайталап бастырып шығармаса, сол қалпында қалмақ.
Адамзат  қоғамының  идеологиялық  жағынан  толысуы  өмірден  де, 
техникалық  прогресстен  де  қалыс  қалып  келеді.  Сондықтан  да  идео-
логия  болмыстың  (өзге)  салаларынан  консервативті.  Идеологиядағы 
кертартпалық  консервативтік  ағымның  салқыны,  әсіресе,  кейін  қалған 
халықтарға, мәселен қазақтарға қатты зиянын тигізеді. Бұл, әрине, тың 
тұжырым  емес.  Идеологиялық  консерватизм  халықтың  дамуына  үлкен 
кедергі  келтіреді.  Бұл  ой  алфавиттік  реформаға  да  қатысты.  Мысалға 
орыс  алфавитін  орнықтыру  мәселесі  өткен  ғасырдың  60-шы  жылдары 
столыпиндік  кезеңде  шаруалардың  орыс  ойшылдары  арқасында  азат 
етілуімен тұспа-тұс келсе де, екінші Николайды құлатқаннан кейін ғана 
жүзеге асты. Мәдениеті бізден сөзсіз жоғары тұрған орыс қоғамының өзі 
дайын  алфавитті  тұрақтандыру  үшін  бұдан  да  күшті  күресте  айрықша 
қажыр-қайрат таныту керек болды.
Қазақ арасында «Қадим» (ескіше) және «Жәдит» жаңаша, төтеше оқу 
деген мағына нақ осы кезден басталады. Бірақ бас-аяғы он жыл ішінде 
ескі  молдалардың  сағы  сынып,  біздің  мектептерде  жаңа  азаматтық  заң 
жеңді. Біздің мұғалімдер оқытып жатқан бүгінгі европалық әдіс – Ахмет 
Байтұрсынұлының жанашырлық қызметінің жемісі.
Ахметтің  жаңа  оқулықтары  жаңа  әдістермен,  қазақ  өміріндегі 
жағдайға  ғана  орайластырылып  қойылмаған,  сонымен  бірге  ең  соңғы 
жаңа  методика  мен  дидактика  әдістері  тұрғысынан  жазылған.  Қандай 
да  танымның,  методиканың  негізі  –  салыстыру.  Талантты,  озық  ойлы 
методистердің бәрі де ежелден-ақ оқулықтарын осы салыстыру тәсіліне 
сүйеніп жазған. Ахмет өз әліппесіндегі материалдары да осындай жолды 
ұстанып отырып әзірленген. Ұғымға да, есте сақтап үйретуге де оңтайлы. 
Мысалы: ас сөзі аяғына қосылғанда аса,; соңына «р» жалғасақ асар; егер 
«а»-ны алып тастасақ сар және т.б. деген сияқты.
Немесе  сал  сөзіне  «А»-ны  қоссақ,  сала  шығады,  оған  «Р»  қоссақ, 

373
салар  болады  және  т.б.  Мұндай  мысалдардан  шәкірттер  біртіндеп 
сөздердің  ұқсастығы  мен  айырмашылығын  танып,  мұғалімнің  арнайы 
жетектеуінсіз-ақ  жеңіл  және  еркін  меңгеріп,  жеңілден  қиынға, 
қарапайымнан күрделіге ауысып өзі-ақ үйрене бастағанын аңғармай да 
қалады әрі өз бетімен оқып та кетеді. Тәжірибенің көрсеткеніндей жаңа 
әліппемен оқып-жазып үйрену үшін орташа қабілетті балаларға төрт апта 
уақыт жетеді екен.
Ахмет Байтұрсынұлы педагогика мәселесі мен ғана шектеліп қалмай, 
халық  ағартудың  басқа  салаларында  да,  әсіресе,  тілге  қатысты  қыруар 
істер тындырды.
Дәрежелі ғылымның дәлелдеуінше, тіл – мәдени өркендеудің басты 
факторы.  Тіл  жоқ  жерде  халық,  біріншіден,  ұлттық  бет-бейнесінен 
айырылып  қалады,  екіншіден  рухани,  мәдени  тозғындауға  ұшырайды. 
Тілсіз, сөзсіз ақыл мен ойды қозғай алмайсың. Ал ой-санасыз сөз жоқ. 
Яғни, сөйлей білмесе, адамның хайуаннан айырмасы аз.
Міне,  осы  тұрғыда  Ахаң  өлшеусіз  көп  қызмет  етті.  Бізге  тілдің 
тереңдігі  мен  шеберлігін,  тіл  мәдениетінің  мәнін,  қасиетін  дәлелдеп, 
тілімізді құрметтеуге мәжбүр етті. Оның тіліміздің тазалығы мен дербес 
өмір сүруі үшін күресі бұл саладағы аса зор еңбегі – кеңінен мәлім, кім-
кімнен болса да зор.
Бір кездерде мұсылмандар арасында ерекше бір толқын -пантюркизм 
болған еді. Ол кезде мәдени жағынан жоғары тұрмыз деп есептеген татар 
интеллигенциясы өзге түркі халықтарын татарландыруға, ішінде қазақ та 
бар, басқа да ұсақ түркі тайпаларын да ешқандай себеп-салдарсыз татар 
санауға болады дегендей ұсыныс та жасады. Оның өзі күллі түркі тектес 
жұртшылықта  татар  тілі  қабылдансын  дегеннен  басталған  еді.  Кезек 
қазақ тіліне де таяған. Сол тұста Ахметтің ана тілімізді қорғап сөйлеуіне 
тура келді. Осыған байланысты «Шекіспей бекіспейді» деген мақаламен 
«Туған тілім» өлеңі жазылды. Міне содан үзінді. 
Кенің бай, келімің мол туған тілім, 
Дыбыстың сөз ғып теріп буған гүлін, 
Қайырған қайдағыны жүйрік ең сен 
Мен қосып құтыла алмас қусам білім.
Мен болман болдырамын татар десең, 
Мен жатпан босағаңда жатар десең.
Осылай ана тілімізді қорғай жүріп, әдебиет пен тіл ғылымын дамытты, 
ілгерілетті.  Енді  біздің  тілімізге  ешкім  тиісе  алмайды,  ал  ол  уақытта 
жағдай  мүлде  басқа  еді  ғой.  Қазір  бізге  өз  тілімізде  жазуға,  оқуға,  сол 
арқылы  мәдениетті  көтеруге  толық  мүмкіншілік  бар,  газет  оқу  халық 
ағартушылығын  арттыра  түсетіні  де  сөзсіз.  Орынбор  губерниясында 
айдауда  жүріп  те  Ахмет  қазақ  тілінде  материалдардың  жетіспеуіне, 

374
жұтаңдығына,  көмектесетіндердің  жоқтығына  қарамастан  «Қазақ» 
газетін  шығарады.  Газеттің  техникалық  жұмысын  өз  жары  мен  қызы 
атқарады.  Несиеге  ала  тұруға  экспедитор  мен  хатшы  да,  алғашқыда 
қаражат  та  болмады.  Газет  қазақ  өмірін  жан-жақты  әр  қырынан  алып, 
өкіметтің  арам  пиғылын  жоғарыдан  бастап  урядниктерге  дейін  сынап-
мінеп отырды, сол үшін де газетке бірнеше рет айып салынып, редакторы 
бастап үйреді. Мұның да бастаушысы – Ахмет Байтұрсынұлы.
Ахметтің  мәдениетімізге  сіңірген  еңбегі  орасан  зор,  жазған  кітап-
тары да аз емес, ол кітаптар ағарту мақсатында қызмет етумен қатар да, 
ғылыми тұрғыдан да аса құнды.
Сондықтан  Ахмет  Байтұрсыновтың  әдеби  қызметіне  қысқаша  ғана 
тоқталсақ.
Біздің  жазба  әдебиетіміз  әлі  жас.  Ол  қазіргі  ақындар  шығармасына 
да  әсер  етіп,  өзіндік  өрнек  бедерін  танытып  қалады.  Басқаша  айтсақ, 
ақынға  әсер  тигізіп  қана  қоймайды,  халықтың  мәдени  өсу  деңгейінен, 
рухани  құнарынан  да  хабардар  еді.  В.Г.Белинскийдің  ақын  –  өз  халқы 
мен ғасырының перзенті деген ойы шындықтан туған. Әлбетте, ақын – 
суреткер. Шығармасының мәні, нәрі шындықтан алынуға тиіс, онсыз ол 
дерексіз қызыл сөзге сүйенген тілші. Сондықтан да заман тудырған, уақыт 
толғандырған сұрақтарға ақын сергек қарауы керек. Уақыт шындығымен 
бірге толғанып, ел тағдырымен жаны бір тұруы шарт. Онсыз ақын құр 
өлеңші.  Бұлай  қарағанда,  Ахметті  өз  дәуірін  шындықпен  суреттеген 
сергек ақын деп айта аламыз.
Халық Абаймен танысқаннан кейін:
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін,
Көкірегі сезімді, тілі орамды
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін;
Оның ескі ақындар өлеңіне деген:
Ақындары ақылсыз надан келіп
             Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап, - деген уытты сынынан 
соң, «Құны түскен кешегі өлеңнің» уақыты келмеске кеткен. Бұған біздің 
әдебиет тарихымыз да куәгер. Абайдан бастап әдебиетімізде жаңа бағыт 
пайда болды. – Егер, біз Абайды сол бағыттың кірпішін қалап, жаңа әде-
би  құрылысқа  сілтеме  жасады  десек,  Ахмет  Байтұрсынов  ірге  тасын 
салып,  қабырғасын  көтерді.  Ендігі  әрлеп-сырлауы,  әшекейлі  күмбезі  – 
болашақ ақындардың ісі.
Бұл  бағыттың  бет-бағдары  –  біздің  ақындарымыздың  халықты  жа-
рыққа,  білімге  мәдениеттің  даңғыл  жолына,  жарқын  өмірге  жетелуге 
ұмтылдыруы. Біздің ақындар ақындығымен қоса ағартушы да, ғалым да.

375
Ахмет  шығармаларының  сырт  пішіні  шебер:  қарапайым,  оқуға 
жеңіл  сазды,  сөздері  үйлесімді,  ұйқасы  ұтымды  болып  келеді.  Көркем 
шығарманың пішіні туралы Ахмет өз өлеңінде: 
Оюын ойып, орындап қойып, 
Түр салғандай өрнекке. 
Қиыннан қиып, қиырдан жиып 
         Құрап сөзді термекке, - деп қалай жазса, солай орындауға ұм-
тылған.  Ақын,  ағартушы  аудармамен  де  көп  айналысты.  Көркем  туын-
дылары негізінен осы екі салада – аударма және түпнұсқа болып жазылған. 
Бәрінен де Ахметтің ден қойып, көп аударғаны Крыловтың мысалдары, 
сосын  Пушкин,  Лермонтов  шығармалары,  басқа  да  өзі  қалаған  орыс 
ақындарының туындыларын ана тілімізге түсірді.
Бұл  орайда  Ахмет  Байтұрсыновты  жаңа  аударманың  көш  басшысы 
десек  те  болады.  Аудару  шеберлігі  сондай,  егер  оқырман  түпнұсқамен 
таныс болмаса, онда шығарманың өзге әдебиеттен екенін аңғармай қалар 
еді. Мысалды «Олегтің заты туралы әнінің» басынан келтірейік:
Жар салып жасақ жияр білімді Олег,
Білімсіз хазарлардан алмаққа кек.
Қаласын, егіндерін азасы үшін,
Отпенен қойған арнап қылышқа, деп.
Немесе, осындағы Пушкин сыпаттаған ат сынын алайық.
Сен неге жүйрік атым кісінейсің? 
Жабығып мұнша неге түсті еңсең? 
Ерігіп ауыздығын қарш-қарш шайнап
Бұл қалай, бұрынғыдай сілкінбейсің? 
Әлде мен бабын тауып бақпадым ба? 
Болмаса жемнен қысып сақтадым ба? 
Әйтпесе, әбзелдерің сәнді емес пе? 
Жібектен тізгініңді тақпадым ба? 
Малдырып сом алтынға үзеңгіңді 
Тағанды шын күмістен тақпадым ба?
Ал  түпнұсқамен  салыстыратын  болсақ,  әуелде  кім-кімнен  аударға-
нын  аңғару  қиынға  соғар  еді.  Ахмет  Байтұрсынұлы  Пушкиннен  бе, 
әлде  Пушкин  Ахмет  Байтұрсынұлынан  ба?  Бұл  жәй  аудару  емес,  өнер 
жарыстыра творчесволықпен жеткізу. Аударма үлкен өнер. Басқа халық-
тарда да небір ұшқыр, жүйрік аудармашы-ақындары ішінде Жуковскийді 
мойындап,  соған  жүгіну  қалыптасқан.  Біздіңше,  аудармашы  ретінде 
Ахмет  Байтұрсынұлы  Жуковский  секілді  таланттардан  артық  болмаса, 
кем соқпайды. Орыс әдебиетін қалай білсе, қазақ тілін де солай түсіне-
тіндер бізбен келіседі ғой деп сенеміз. Ахаңның аударма арқылы мәде-
ниетімізге қосқан үлесі жөнінде осылай ойлаймыз.

376
Ахметтің шығармаларының, музасының негізгі мәні – құр ой-қиялдан 
емес,  қоғамның  құрылысына,  патша  өкіметі  құрылымына  деген  көңіл 
толмаушылықтан туған тебіреністер. Жарқын болашаққа, білімге, жарық 
өмірге  құштарлыққа  толы  жігерлі  толғаныстар.  Ол  халыққа  қызмет 
етуде  кеткен  жаңсақтық  пен  қастандықты  танып  ашуда,  оны  түзетуде 
әшкерелеушілікті  мақсат  еткен  ақын  творчествосының  сыншылдық, 
жол ашушылық сипаты күшті. Соның бәрі де халық мүддесімен астасып 
жатады. Ақын бір өлеңінде Николай патшаның режімін былай суреттейді:
Боламын неғып ырза туысыма?
Туыппын таршылықтың уысында.
Шамам жоқ жан-жағыма қол созарлық,
Тар өмірдің қысылғандай қуысына.
Айта алмай шын сөзіңді қорғалайсың,
Туғаның бүйтіп қор боп құрысын да.
Бар пайдаң өз басыңнан арталмаса,
Мал құрлы мағына жоқ тұрысында.
Ел-жұртына қызмет сіңіргісі келген көзі ашық азаматтардың дәрмен-
сіз мүшкіл халін сезбеу мүмкін емес. Бұл – сол дәуірдің өзекті шындығы.
Ақын Ахметтің айтуынша халық жағдайы былай көрінеді:
Малың алдау, талауда түр,
Жаның арбау, қамауда түр, 
Аяғыңды тұсау қысты
Жақтарың құрсау қысты
Көрмесінде пердең мықты.
Осындай сьшшылдығы үшін ақын патша өкіметінің қыспақ та көрді. 
Қуғынға да ұшырады. Патша үкіметіне қатысты жазылған өлеңдері үшін 
түрмеде отырған ақын былай толғайды.
Пәле деген төбеті балтырымнан қауып тұр.
Жау білегін сыбанып,
Пышағын қайрап жанып тұр.
Бірақ, жабылған жала, қуғын-сүргін ақын үнін тұншықтыра алмады. 
Шындықтың үні үнемі Ахаң тілінен естілді де тұрды: 
Байқасақ, жезде, 
Бауыздар кезде 
Үн шығу бар емес пе? 
Үндемей өлсек, 
Сүйекпен көмсек, 
Кейінгілер демес пе? 
«Лақ құрлы бақырмай, 
Өлген екен япырмай».

377
Бұл жалаң қарсылық, жайдақ егес емес-тін. Сонымен бірге халықтың 
ішін жайлаған бойкүйез еріншектік, парықсыздық, басқа да түрлі жаман 
әдеттерден  ақын  өзі  де  жиренді,  басқаларды  да  жирендірді.  Бейқам, 
бейжай жұрт санасын қозғауға барын салды.
Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларының басым бөлігін өлеңмен жаз-
ған,  прозасы  жоқ.  Қарасөзбен  жазғандары  газеттік,  журналдық  мақа-
лалары  мен  оқулықтары  ғана.  Жарияланған  шығармаларының  ішінде 
лирикалық дүниелері кездеспейді. Бірақ, лириканы да тамаша жазғанын 
«Дүниеге» атты жарық көрмеген элегиясынан аңғаруға болады. Ол роман, 
повесть, драмалық көркем туындыларды әзірлеген жоқ. Оған мұршасы да 
болмаған тәрізді.
Ахаң  өзінің  қуатын  халықтың  зәру  мәселелеріне,  күнделікті  қажет-
тілігіне  арнап,  сарп  еткен  қаламгер.  Өлең-мақалалары  да,  ғылыми  да, 
ғылыми-зерттеу  еңбектері  де  халық  ағарту  ісіне  бірден-бір  қажетті, 
өнегелі жолдың басы болған дүниелер. Қазақ халқы үшін Ахмет жасаған 
әдеби  дүниенің  көркемдік-әлеуметтік  таным  әлемінің  әсері  ғаламат. 
Оның «Маса» мен «Қырық мысал» кітаптары шыққанда халайық қалай 
қуанышпен қарсы алғаны есімізде.
Өзімнің шағын шолуымды ақынның белгілі «Адамдық диханшысы» 
өлеңімен аяқтайын:
Адамдық диханшысы қырға шықтым, 
Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім, 
Көңілін көгертуге құл халықтың.
Иә, Ахмет Байтұрсынұлы адамдық дәнін, қайырымдылық, махаббат 
мәйегін септі. Міне, қайырымдылық дәнін себуші мүлде жаңа жағдайда, 
өзі  күрескен  өмірден  түбірінен  өзгеше  қоғамда  50  жасқа  толып 
отыр.  Туған  әдебиетіміз  бен  халық  ағарту  ісіне  пайдалы  ұлы  еңбек 
сіңірген  казақ  халқының  ірі  әдебиетші-ағартушысын  шын  жүректен 
құттықтаймыз!
Қ.Құлманов Телжан Шонанұлы, Астана: «ҚЭКО» ЖШС, 2008, 129-139 б. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   38




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет