Көктем келсе...
Көктем келсе алапқа гүлін алып,
Жақсылыққа балайтын мұны халық.
Анам, шіркін, сақтайтын балама деп
Ең дəмдісін аузынан жырып алып.
Əкем дағы күтетін Данатайын.
Жан ғой ол жаны ізгі, қарапайым.
Інім де күтіп жүр ме жан əпкесін
Көңіліне жасырып "алақайын"?!
Біздің ауыл, сондай-тын. Тыңда, құрбым!
Иісі аңқып тұратын мұнда қырдың.
Ол жақтағы тұлымды - намысшылдау,
Ибасы бар кез-келген сырғалының.
Бұл қала ма?
Жалықтым, бұл қаладан.
(Тағдырымнан тəуліктер жұлмалаған.)
Болар-болмас тірлікке құр алданып,
Ғұмырым Күн бетінде сырғанаған.
Ауылда ма? Ауылда Наурыз келген.
Жылай-жылай қоштасқан қар-мұз Жермен.
Бүлдіршіндер - сатпақтар кешіп жүр ғой,
Тəтті-тəтті ғұмырды дəл біз көрген.
Қала. Ымырт. Үйірілсе жаныма мұң,
Бағзы сурет - ауылды сағынамын.
...Ұшып барып, үстінен түсіп қалсам,
Арылам ғой бəрінен... арыламын!
* * *
Сен жайлы ойлар билейді қолтықтасып,
Тас жолдардан тұратын көшелерде.
Мен олардың сыртынан шалқып-тасып,
Қараймын да тұрамын ес өлердей.
Қалғанын да білмейді қанша амалы,
Есі кеткен адамша еліреді.
Таң атқанша ішінен ән салады,
Мұңға оранып алған соң төңірегі.
Өңі, түсі белгісіз көз алдында,
Сенің бейнең алыстап бара жатар...
Мен осылай тағдырдан жаза алдым ба,
Ойыма ойға алғанын аралатар...
Ол мені
Ол мені іздер болса, өзі іздесін!
Мені ойласын, сағынсын, көз ілмесін!
Мені сүйсін, аңсасын мені ғана,
Ғашықтықтан басқаны сезінбесін!
Ол мені күтсін мейлі, ұмытпасын!
Өзге қызға жүрегін құлыптасын!
Менің ғана сезімім аздық етер,
Сондықтан да сезімін суытпасын!
Мендік сөздер тек оған аға-ласа,
Құлазумен күй кешсін жағаласа.
Алдыма кеп, жүрегін өзі ұсынсын!
Қыз сезімін егер де бағаласа..
Достарыңызбен бөлісу: |