Тереземнен қарап тұрмын тесіле
Тереземнен қарап тұрмын тесіле,
Өткен күнді алып тағы есіме.
Күзгі уақыт неге қайта келмейді,
Жаңбыр жалғыз келді неге, несіне?
Бар қайғысы қара жерге жаншылып,
Тереземнен сырғанайды тамшы-үміт.
Қолшатырсыз жүріп қайтқым келіп тұр,
Көктем, сенің жаңбырыңа малшынып.
Кей күндердің арты – өкініш, алды – үміт.
Көктем бүгін көңілге ой салдырып.
Құрбымды ертіп, шығып кеттім көшеге,
Күзге деген ренішті қалдырып.
Тымық ауа, таза бәрі күнәдан.
Көк аспан да қуаныштан жылаған.
Құрбым да пәк қасымдағы, сіз де пәк
Жүрегімнен орын алған ұлы адам.
* * *
Баса алмаған жүрегімнің аптығын,
Өзіңізсіз өткен күннің бәрі – мұң.
Көктем қанша сыйлағанмен шаттыған,
Бірдеңесі жетіспейді бәрінің.
Бақытына себеп болған күздегі,
Көп адамдар қия алмай жүр асылын.
Көрінгенмен бақытты боп жүздері,
Бір қайғысы жасырын.
Жаңарғанмен ескі бақтар бүгінде,
Көк құлпырып, күндіз демей, түн демей.
Әр адамның қалған жүрек түбінде,
Бір сезімі гүлдемей.
Кетсе дағы ақ жүрегін дақ қылып,
Енді алдына келместей боп Күз алдай.
Жүр адамдар болады деп жақсылық,
Бір үмітін үзе алмай.
Еш мәні жоқ енді маған өткеннің,
Онсыз дағы басым менде уайым.
Шығарып сап келдім бүгін Көктемнің,
Өзіңізсіз бір айын.
Махаббатын кезіктірер жолды ұққан,
Менен өзге құрметтейді ел сені.
Көктем, маған сыйлап кетші, сондықтан,
Бір күніңді еңселі!
Достарыңызбен бөлісу: |