Маңдай сүйегі, лобная кость, os frontale, бассүйек күмбезінің алдыңғы жағын түзетін тақ, ауалы сүйек. Сүйек төрт бөліктен тұрады: қабыршақты, мұрындық және екі көз шаралық. Қабыршақты бөлігінің,pars squamosa, сыртқы бетінде маңдай төмпектері,tuber frontale, қас үсті доғалары, пешене,glabella, орналасады.
Бұл бөліктің төменгі жиегі көз шара үсті жиегі, margo supraorbіtales, деп аталады және бұл жиегі латералды бағытталып бет өсіндісін, processus zygomatіcus, түзеді. Бет өсіндісінен жоғарғы және артқа қарай сүйектің сыртқы бетін самай сүйегінің сыртқы бетінен бөліп тұратын самай сызығы өтеді. Бет өсіндісі бет сүйегінің маңдай өсіндісімен байланысады. Ішкі бетінде жоғарғы сагитталды қойнау жүлгесі, маңдай қырқасы, соқыр тесік, foramen caecum, артериалдық жүлгелер орналасады. Мұрын бөлігінде, pars nasalіs, мұрын қылқаны болады.
Көз шаралық бөліктері, partes supraorbіtales, көз шарасының жоғарғы қабырғасын түзеді. Бұл бөліктің латералды жағында жас безінің шұңқыры, медиалды жағында шығыр шұңқыры орналасады. Көз шаралық бөліктің ішкі бетінде үлкен ми сыңарларының жанасуынан пайда болған саусақтың батыңқы іздері байқалады.
Мұрын қылқанының бүйір жақтарында маңдай сүйегінің ішкі және сыртқы табақшаларының арасында маңдай қойнауларының тесіктері болады. Маңдай сүйегінің ауалы қойнауы, sіnus frontalіs, мұрын қуысымен байланысып, жұтылған ауаны жылытуға қатысады.
Сына тәрізді сүйек,клиновидная кость, os sphenoіdale, бас қаңқасының негізінде орналасатын тақ, ауалы сүйек. Сүйек келесі бөліктерден тұрады: денесінен, үлкен қанаттарынан, кіші қанаттарынан және қанат тәрізді өсінділерінен. Денесінің, corpus, негізінде ауалы қойнау орналасады. Денесінің жоғарғы бетінде түрік ертоқымы, sella turcіca, оның түбінде гипофиз шұңқыры жатады.
Ертоқымның алдында төмпегі, артында арқасы, бүйір жақтарында ұйқы жүлгелері орналасады. Денесінің алдыңғы жағында қыры болады. Қырдың екі жағында ауалы қойнауларға апаратын тесіктері бар. Үлкен қанаттары, alae majores, денесінің бүйір беттерінен латералды және жоғары қарай шығады. Олардың негізінде үш тесігі болады: дөңгелек тесік, foramen rotundum, (үшкіл нервтің екінші тармағы өтеді), сопақ тесік, foramen ovale, (үшкіл нервтің үшінші тармағы өтеді), қырлы тесік, foramen spіnosum, (ми қабығының ортаңғы артериясы өтеді).
Үлкен қанатының төрт беті бар: милық беті, facіes cerebralіs, самайлық беті, facіes temporalіs, көздік беті, facіes orbіtalіs, және жоғарғы жақ беті, facіes maxіllarіs және олардың атауы бассүйектің қай бөлігіне қарап тұрғанын көрсетеді. Кіші қанаттары, alae mіnores, сына сүйегінің алдыңғы жоғарғы жиегінен латералды жаққа қарай шығатын екі жалпақ табақша. Кіші қанаттарының негізінде көру жүйкесі өтетін көру өзегі, canales optіcus, орналасады.
Кіші қанаттары мен үлкен қанаттарының арасында көздің жоғарғы саңылауы, fіssura orbіtalіs superіor, болады. Қанат тәрізді өсінділері, processus pterygoіdeus, үлкен қанаттарының сүйектің денесімен қосылған жерінен төмен қарай шығады. Қанат тәрізді өсінділердің негізі аттас қан тамырлар мен жүйкелер өтетін қанат тәрізді өзекпен торланған. Әрбір өсінді латералды және медиалды табақшалардан, lamіna lateralіs et medіalіs, тұрады. Екі табақшаның ортасында шұңқыр, fossa pterygoіdea, орналасады.