Анықтамалар


Әдеби зердедегі тәуелсіздік құндылықтары



бет6/13
Дата19.02.2023
өлшемі234,22 Kb.
#69261
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

Әдеби зердедегі тәуелсіздік құндылықтары


Әдебиет – қоғамның айнасы. Әр дәуірдің шындығы, сол кезеңде өмір кешкен адамдардың арман-аңсары, мақсат-мұраты – жалпы құндылықтар жүйесі өз дәуірінің әдебиетінде, сөз өнерінде қатталып қалатыны жасырын емес. Яғни уақыттың ізі сөз өнерінде, көркем мәтіндерде сақталады. Құндылықтар көркем мәтіндерден анық та айқын көрініс табады. Мәтіннің құдіреті осында. Батыс мәдениеттанушыларының әлем тұтасымен мәтіннен тұрады деуінде қисын бар. Өйткені, мәтін арқылы ғана адамзаттың бар құндылықтар жүйесі бүгінгі күнге дейін сақталып келді және жазба мәдениет арқылы ғана ол болашақ ұрпаққа жол тартпақ. М.Жұмабаев:


«Қазақ өмірінің түрлі өзгерісі, өрі, қыры, қайғысы, қуанышы, ойы, қиялы әдебиетінде түсіп отырған», – дейді [13, 48]. Осы қырынан алғанда, әдебиеттің біз ескере бермейтін құндылықтарды тасымалдаушы функциясының бар екенін айтуға тиіспіз. Көркем туынды – құндылық тасымалдаушы. Ол тек белгілі бір кейіпкер не әлеуметтік ортаның ғана емес, халықтық, тіпті жалпыадамдық құндылықтарды тасымалдауы мүмкін. Әрине, жалпыадамдық құндылықтардың екі жағы болады. Адамзат атаулыға ортақ құндылықтың өзі белгілі бір деңгейде ұлттың даралығы мен идентификациясын танытып тұруы мүмкін екенін, географиялық, тарихи- психологиялық факторлар мен халықтың болмысты игеру тәжірибесінің әсерінен оның өзіндік ерекшеліктерінің болуы мүмкін екенін жоғарыда атап өттік.
Қоғамның барометрі болып саналатын құндылықтардың қалыптасуы туралы әртүрлі пікірлер бар. Бір анығы, ол сәби кезден-ақ бейсаналы түрде қалыптана бастайды. Сондай-ақ, оған отбасы тәрбиесі, білім беру жүйесі, дін, бұқаралық ақпарат құралдары, кітапхана және әдебиет пен өнердің ықпалы орасан екені де жасырын емес. Осы орайда, әдебиеттің құндылықтарды тасымалдаушы ғана емес, оны өндіруші, қалыптастырушы сиптының да бар екені белгілі болады. Біздің ойымызша, құндылықтық бағдарды негіздейтін аталған арналар ішінде әдебиет пен өнерге жететіні жоқ. Ал өнер атаулының ішінде сөз өнерінің бәсі биік. Бір кітапқа жүк болатын ғылыми ұғым-түсінікті көркем әдебиеттің екі ауыз сөзбен-ақ адам жанының тереңіне қондырып қоюы ықтимал. Себебі, ол – образды ойдың жемісі әрі әдебиет – ақылдың, қиялдың, көңілдің қозғауын келтіреді. Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» деп аталатын теориялық еңбегінде былай дейді: «Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі: 1) ақылға; 2) қиялға; 3) көңілге.
Ақыл ісі – аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып ойлау. Қиял ісі – меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату, бернелеу, суреттеп ойлау. Көңіл ісі – түю, талғау.
Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама қадарынша жарайды, бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын», – дейді [14, 154]. Сөз өнерінің құндылықтарды қалыптастыру күшінің артық екенін айтқанда, біз оның адам жанының үш бірдей негізіне әсер ету қасиетіне сүйендік. Бұл – басқа өнер атаулының еншісінде жоқ құбылыс әрі сөз өнерінің синкретті сипатының бар екенін көрсетеді. Бірінші тарауда құндылықтар жүйесінің теориясын негіздеген америкалық мәдениеттанушы М.Рокичтің пікіріне сүйене отырып, құндылықтардың үш қайнар көзінің бар екенін тілге тиек еткен болатынбыз. Олар – таным, сезім және әрекет. Ал қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалаушы А.Байтұрсынұлы әдебиеттің адам санасының үш негізіне тірелетінін айтады. Осы орайда М.Рокич пен А. Байтұрсынұлының пікірлері арасында белгілі бір деңгейде жақындық бар екені байқалады, сонымен бірге әдебиет пен құндылықтар жүйесінің арасында да тығыз байланыстың бар екені айқын көрінеді.
Ал енді көркем шығармада құндылықтар қалай көрінеді деген заңды сұрақ туындайды. Осы сұраққа жауап іздемес бұрын әдеби туындының өзі тұтас эстетикалық құндылық болып саналатынын айта кеткен жөн. Әсіресе, классикалық мұралар тек белгілі бір ұлттардың ғана емес, жалпы адамзаттың ортақ мәдени-рухани құндылығы ретінде өмір сүреді. Эстетикалық құндылықтар жалпыадамдық құндылықтардың ажырамас бір бөлшегі екенін ескерсек, біз көркем шығарманы адам жанына әсер ету күшіне қарай таза әдебиеттану ғылымының аясында бағалай аламыз. Дегенмен, көркем шығармаларда эстетикалық құндылықтар ғана емес, этикалық, діни, саяси, әлеуметтік т.б. жалпыадамдық құндылықтардың түрлерін де көптеп кезіктіреміз. Міне, содан да әдеби туындыны өмірдің өнердегі сәулесіне балайды. Көркем туындыны автор-жасаушының өмірді көркем негізде игеруінің жемісі десек, онда жалпыадамдық құндылықтардың аталған түрлерінің болуы заңды құбылыс болып саналады. Жалпыадамдық құндылықтар, шартты түрде айтқанда, ең алдымен, көркем шығарманың мазмұндық бірліктерінен – тақырыбы мен идеясынан, идеялық концепциясынан көрініс табады. Сонымен бірге, кейіпкерлердің образын зерделеу арқылы біз шығармадағы құндылықтар жүйесіне сараптама жасай аламыз. Әрине, шығарма – тұтас көркемдік әлем. Оның әрбір деталі немесе кейіпкердің бір ғана ісі мен сөзі құндылықтарды танытуға айрықша қызмет етіп тұруы мүмкін екенін айтпай кете алмаймыз. Бұл көп жағдайда көркем туындының өзіндік жанрлық және стильдік ерекшеліктеріне, жазушының ұстанымы мен идеяны жеткізу жолындағы шеберлік сатыларына тікелей тәуелді құбылыс. Автор идеялық концепцияны оқырманына жеткізу үшін образдар жүйесіне, ал қаһармандар болмысын ашу үшін әртүрлі поэтикалық тәсілдерге жүгінуі мүмкін.
Мысалы, тәуелсіздік тұсындағы қазақ прозасының айтулы жетістігі ретінде бағаланатын Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романын алайық. Шығарма мәңгілік тақырыптар мен адамзатқа ортақ үлкен проблематиканы көтеруімен ғана емес, көркемдік-эстетикалық тұрғыдан да айтулы
жетістікке жеткендігімен ерекшеленеді. Қайталанбас қаһармандардың құндылықтар жүйесін ашып беру жолында автор әртүрлі жаңашылдықтарға бара білген. Бұл тұрғыдан қарағанда, аталмыш романда дәстүр мен жаңашылдықтың жарқын үлгілерін көруге болады.
Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы жөнінде Ш.Елеукенов [15], Н.Қадырбаева [16], Б.Алдамжаров [17], Ж.Қорғасбек[18], М.Кенжебай [19], С.Нұғыман [20] сынды әдебиеттанушылар мен қаламгерлер пікір білдірген болатын. Шығарма туралы пікір айтқанда, ең әуелі, оның сыртқы композициялық құрылымдары қаперге ілінеді. Оның аталуынан бастап эпилогіне дейінгі детальдар шығарма формасы туралы сауатты пікір айтуға жол ашады. Тақырыптың көркем туындының беташар-басы ғана емес, оған поэтикалық реңк үстеп тұратын қасиетінің де бар екені жасырын емес. Біз оның номиналды сипатына қатысты айтып отырмыз. Әдебиеттанушы Т.Есембеков бұл жөнінде былай деп пікір білдіреді: «...шығарманың аталуына автордың идеясы мен ұстанымынан біршама хабар беретін, туындының жанрын, стилін анықтауға себі бар, автор мен оқырман арасындағы диалогке жол бастайтын алғашқы мағлұмат деп қарау керек» [19, 108]. Жазушының соңғы романын «Соңғы парыз» деп атауында символдық-идеялық мән бар деп есептейміз. Біздіңше, өткенін сарапқа салып, тарихтан сабақ алу, өзі өмір сүріп отырған айнала-болмысты қастерлеп, кейінгі ұрпаққа игі мұра қалдыру жазушының ғана емес, күллі адамзат атаулының борышы, соңғы парызы болуға тиіс деген идеялық жүк арқалап тұр. Романның екі тарауының «Сондай да бір күн болған» және
«Сондай да бір түн болған» деп аталуының да сыры жоқ емес. Уақыт пен кеңістіктің ерекше комбинациясын жасай білген Ә.Нұрпейісовтің тарау атына да белгілі бір құндылықтық мән артуға тырысқаны аңғарылады. Әдеби шығармада кезі келгенде уақыттың өзі символдық мазмұнды арқалайтынын ескерсек, күн – жақсылықтың, түн – құлазу мен қайырымсыздықтың белгісін танытады. Көркем шығарманың әрбір компонент-бөлшегі белгілі бір мағына білдіріп, я көркемдік, я танымдық- тәрбиелік қызмет атқаруы мүмкін. Әсіресе, бұл – көрнекті қаламгерлердің шығармашылығында айрықша көрінетін жайт.
Жазушы шығарманың басты идеясын – адамзатқа қауіп төндіріп тұрған кесірлі ғадеттерді жеткізу үшін осындай форманы таңдап алған. Монологтің шығарма көркемдігін арттыруда айрықша рөл ойнайтыны белгілі. Ал енді монолог жалғасып, шығармадағы қаһарманның әр кездегі ой-толғаныстарын емес, тұтастай бір кезеңнің я болмаса қым- қиғаш, шым-шытырық оқиғалардың жүйесін сипаттауға құрылатын болса, онда монолог өзінің қалпынан шығып, әдебиеттегі сана ағымына жол ашатыны жасырын емес. Қазақ әдебиетінде сана ағымының белгілері ХХ ғасырдың бас кезіндегі Алаш әдебиеті өкілдерінің – Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Әуезовтердің әңгімелерінде көрініс тапқаны белгілі. Кейіннен ХХ ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдардағы тарихи роман- повестерде де бұл модернистік құбылыстың белгілері айрықша көрініс тапты. Біз нысанамызға алып отырған автордың, Ә.Нұрпейісовтің де «Қан мен тер» деп аталатын көрнекті туындысында мұндай сипаттарды көптеп кезіктіргенбіз. Алайда, «Соңғы парыз» романының ерекшілігі сол, тұтастай шығарма сана ағысының аясында жазылған. Бұл – тәуелсіздік тұсындағы қазақ романының формалық-поэтикалық жетістігі. Қазақ әдебиетіндегі ағымдар мен әдістердің табиғатын зерделеген ғалым Ж.Жарылғапов бұл жөнінде былай деп пікір білдіреді: «Модернистік әдебиеттің «сана ағымы» концепциясына иек артуы прозалық шығармалардың құрылымдық жүйесіне бірқатар өзгешеліктер алып келді. Автордың субъективті позициясынан өрістейтін толассыз ой ағындары мен кейіпкердің күрделі монологтары сюжет рөлін мейлінше төмендетті. Сана ағымы поэтикасына сәйкес шығарманың композициялық бітімінде, образдар мінездері мен әрекеттерінде логикадан тыс бұрылыстар, шартты суреттер белең алып отырды» [20, 90]. Әдебиеттанушының аталмыш пікірімен келіспеуге болмайды. Өйткені, біз талдау нысанына алып отырған романның бойынан ғалым айтқан ерекшеліктерге куә боп отырмыз. Жәдігер, Бәкизат, Әзім үштағаны арқылы сана ағымы алғы планға шығады. «Соңғы парыз» романында «...ішкі монологтің күрделенген типі, ой мен сезімді бейнелеудің модернистерге тән техникасы – сана ағымы доминанттық сипат алады» [20, 82]. «Тіріле сала ана бауырына жармасқан ашқарақ күшіктей өріп кеткен ой бұны талап жатыр, талап жатыр» [20, 10]. Жәдігердің ашық теңізде тұрған сәтін жазушы осылай бейнелейді. Ол дәстүрлі шығармалардағыдай айналасындағы адамдармен арпалысқа түспейді, өз ойымен, ішкі сенім-сезімдерімен арпалысып жатыр. Құндылықтар жүйесінің қақтығысы орын алуда. Бірі – қалыпты, бірі – қалыптан тыс. Модернистік шығармалардың табиғатына тән қасиеттің бірі де сол, реалды құбылыстардай емес, иррационалды, сананың еркінен тыс жатқан құбылыстардың суреттелуі жиі орын алады. Ол әдетте түс көру арқылы жүзеге асады. «Адамзат архаикалық-ұжымдық, фольклорлық- поэтикалық ойлаудан авторлық ойға, жеке сана көріністеріне дейінгі динамикалық даму жолында бірнеше сатылардан өтуі арқылы көркемдік танымның ең күрделі формаларына қол жеткізді», – дейді зерттеуші Ж.Жарылғапов [21, 4]. Әдебиеттанушының пікірі орынды. Дегенмен, сөз өнері ғалым айтып отырған көркемдік сананың ең жоғарғы шегіне жеткенімен, шығарманың поэтикалық реңкін күшейтіп, қуатын арттыру мақсатында заманауи көркем прозаның өткенге оралып, фольклорлық- поэтикалық ойлаудың үлгілерін қайта жаңғыртып жатқаны анық байқалады. Әсіресе, көркем прозада мифопоэтикалық тәсілдерге жүгіну дәстүрі алға шықты. Мұны біз, біріншіден, модернистік-жаңашыл сипаттағы прозаның өзіндік жетістігі ретінде бағаласақ, екіншіден, өткеніне көз салып, түбін-тереңін қазбалап жатқан тәуелсіздік тұсындағы әдебиетіміздің бір ерекшелігі ретінде танимыз. Сана ағысы кейде белгілі бір меже-өлшемге сыймай, қалыпты, рационалдық шеңберден шығып кетіп, онейрикалық, неомифологиялық сипатқа ауысады да, түс көру сынды мотивтер аясында көрініс табады. Бұл тұрғыдан келгенде, жазушының кейіпкер образын сомдаудағы, оның құндылықтар жүйесін ашудағы талпыныстары айрықша бағалы деп ойлаймыз. «Соңғы парыз» романында түс көру мотиві арқылы бұл құбылыс жиі көрініс табады. Жәдігер біресе қамау суды тауысып кететін тажал өгіз – Көк Өгізді көрсе [22, 52], біресе адамша сөйлейтін Көксерке балық бастаған балықтар көшінің ішінде жүргенін көріп шошып оянады [61, 19]. Әйтеуір, жақсы түс жоқ, бәрі тұнған негатив. «Дүние баянсыз болғасын, түс қайдан баянды болсын» [23, 28]. Енді бірде ол өзінің екіге жарылғанын көреді де, түсінде екінші Жәдігермен, яғни өзімен тіл қатысады. Айтатыны – Бәкизат. Өз жарын танымай тұр. Бұл да Бәкизаттың құндылықтар жүйесінің өзгеріске ұшырауын дәл танытуға қызмет етіп отыр. Жазушы түс көру мотивін белгілі бір мифологиялық аңыз-әпсаналармен ұштастырып беруге шебер. Жалпыадамдық тақырыптарды қаузаған қазіргі прозалық туындыларда көбіне мифопоэтикалық бейнелеу тәсілдері жиі қолданылады. Әдебиеттегі аталмыш поэтикалық-көркемдік мәнер-машық өз дәуірінің аса өзекті проблематикасын жеріне жеткізе көрсету үшін, сондай-ақ кейіпкер-адам- адамзат болмысының қарама-қайшылығын, оның жан дүниесі мен санасындағы ағыстардың шиеленісін тереңірек таныту үшін қолданылады. Бұл да белгілі бір деңгейде шығармадағы динамизмнің күшеюіне, қақтығыстар астарының тереңдеуіне, сол арқылы шығарманың көркемдік қуатының артып, кейіпкер болмысының, құндылықтық бағдарының айқындалуына көп қызмет етеді.
Жалғыздықтың, көп ішіндегі жалғыздықтың азабын тартқан кезде кейіпкердің құндылықтар жүйесі бұрынғыдан да айқындала, ашыла түседі. Оны біз шығарманың өн бойынан анық аңғарамыз. Жәдігер – жалғыз. Романда жалғыздық сарыны ерекше көрінеді. Үйінен алыс жүрсе де, өз үйінде отырса да, Жәдігер жалғыздықтан қашып құтыла алмайды. Айналасында осыншама адам жүрсе де, ол – жалғыз. Осы тұста аталмыш романның экзистенциалистік сипаты айқын аңғарылады. Өйткені, жалғыздық сарыны модернизм эстетикасының ажырамас бөлшегі болып саналатын экзистенциализмнің айтулы бір арнасы екені белгілі. Оның мәні көркем әдебиетте көбіне-көп кейіпкер тұлғасының жалғыздыққа тап болуынан, оның өз-өзінен ғана емес, адамнан, тіпті қоғамнан жатсынуы арқылы көрініс табады. Шығармадағы Жәдігер де, Әзім де – осы көңіл күйді іштей терең сезінген, жалғыздықтың жапасын шегіп, азапқа түскен жандар. Жалғыздық пен жатсыну, айналып келгенде, мәндес ұғымдар. Осы жатсыну құбылысы екі бір-біріне қарама-қайшы кейіпкерлердің образы арқылы көрінеді. Сол арқылы өз бастарының ғана емес, тұтас қоғамның құндылықтар жүйесін танытады. Әдебиеттегі жинақтау құбылысы тұрғысынан қарастыратын болсақ, бұл, түптеп келгенде, Жәдігер мен Әзімнің ғана ішкі күйініш-азабы емес, бұл – сол дәуірдің, совет заманының әрбір азаматының басында бар қайғы-мұң. «Кеңестік жүйедегі жеке адамның еркі мен бостандығының шектелуі қоғамның бүкіл саласында жатсынуды тереңдетіп жіберді. Сананың тұйықталуы, адамның адамдық түпкі негізден, яғни өз-өзінен, өзінің ұлттық тегінен, тарихынан, әдет- ғұрпынан жатсынуына әкеп тіреді. Мұның бәрі қоғамдық қайшылықтардың барған үстіне ұлғая беруіне түрткі болды» [24, 14]. Жалғыздардан – айналасынан, өзінен жатсынған жандардан құралған романдай әсер қалдырады. Жәдігер де, оның анасы да, Бәкизат та, тіпті Әзім де жалғыз. Көп ішінде жүрген жалғыз. Айналасын жағымпаздар қоршаған Әзімнің кейінгі өмірі де жалғыздықпен өтеді. Тіпті автор оқырманға оның бүгінде солтүстік облыстардың бірінде жеркепеде жалғыз тұрып жатқанына дейін ескертіп өтеді. Осылайша кейіпкерлердің тұтас галереясын жасаған
жазушы олардың мінез-құлқын көбіне-көп жалғыздықта, өзімен-өзі сырласқан сәттерінде ашып беруге тырысады. Біз жоғарыда шығармадағы идеялық концепция мен тақырыптың құндылықтар жүйесін танытудағы маңызына тоқталған болатынбыз. Алайда, идеяға, көркемдік мақсатқа жеткізетін образдар жүйесі, олардың қимыл-қарекеті мен мінез-құлқы екені белгілі. Біз шығармадағы кейіпкерлердің іс-әрекеті мен мінез-құлқы арқылы олардың құндылықтық бағдарын, құндылықтар жүйесінің қалыпты сипатын ғана емес, өзгеру, құбылу себептерін де біле аламыз. Сонымен бірге, не үшін адам бойындағы, кейіпкерлер болмысындағы құндылықтар жүйесі өзгереді деген сұрақтың да жауабын туындының өзінен табуға мүмкіндік бар. Қоғамдағы адамдардың құндылықтық бағдарларының әркелкі болуына нендей факторлар әсер етуі мүмкін деген сұрақтардың да тұщымды жауабын табуға болатын сыңайлы. Жалпыадамдық құндылықтарды әрі статикалық, әрі динамикалық сипатқа ие дедік. Оның өзгеруіне, құбылуына да белгілі бір факторлардың әсер ететіні табиғи заңдылық. Аталмыш романда кейіпкерлердің бойындағы құндылықтардың өзгеру үдерісі өте жақсы көрінеді. Шығармаға сүйене отырып, біз жас ерекшеліктерінің, дала мен қала адамының, әйел мен ер кісінің құндылықтар жүйесінде елеулі айырмашылықтардың бар екеніне көз жеткіздік. Сонымен бірге, құндылықтардың қандай да бір өмірлік ситуация кезінде құбылатынын байқадық.
Жәдігер отбасылық құндылықтардан гөрі колхоздың жоспарын орындауды, ұжымдық құндылықтарды биік қояды. Жалпы, өмірде де адамдар арасындағы қарым-қатынастың жақсы болуы, өзара тіл табыса білуі олардың құндылықтар жүйесіне тікелей тәуелді. Ал енді әдеби шығарманың өмір шындығын көркем шындық аясында жеткізіп беретінін ескерсек, шығармадан осындай ерекшеліктерді айқын аңғарар едік. Жәдігер мен Бәкизаттың, ерлі-зайыптылардың ортақ құндылықтары аз. Жанұяның бақыты ер мен әйелдің құндылықтарына тікелей тәуелді екеніне көз жеткіземіз. Екі бала ғана үзілген жіпті жалғағандай-ақ болып тұрады. Әйтпесе, екеуінің құндылықтар жүйесінде ұқсастықтан гөрі, айырмашылықтар, алшақтықтар көп. Сол үшін де бұлар бір-бірімен тіл табыспайды. Отбасы құндылықтары – жалпыадамдық құндылықтардың ажырамас бір бөлшегі. Бірақ оған ұжымдық құндылықтар қарсы қойылады. Жәдігер үкіметке тапсыратын жоспарлы балық орындалмай жатыр деп, әйелімен бірге қалаға бармай, оны жалғыз жібереді. Сырдарияның балығын ұстауға жолға шыққалы отырған Жәдігерді Бәкизат жібергісі келмеді. Жәдігер ер жігітке тән соңғы сөзін айтып, ертеңіне-ақ оралам деген уәдесін берсе де, балықшылардың көңіліне қарап, райынан қайтты. Ол үшін отбасынан гөрі колхоздың, көптің мүддесі биік. Оның бойында ұжымдық құндылық басым болғандықтан, осындай шешім қабылдады. Жалпы, психолог ғалымдардың зерттеулерінде адамның шешім қабылдау қасиеті оның құндылықтар жүйесіне тікелей қатысты делінеді. Адам өзінің
бойындағы құндылықтарына сүйене отырып шешім шығарады. Әрине, ол кейде рационалды, кейде эмоцианалды болуы мүмкін. Бірінші тарауда айтып өткеніміздей, құндылықтардың үш қайнар көзі (ақыл, сезім, әрекет) болады десек, осы үшеуі де адамның шешім шығаруына түрткі болады. Ал енді адамның бойында индивидуалды құндылықтардан гөрі ұжымдық құндылықтар басым болған жағдайда, ол үнемі осындай шешім шығаруға мәжбүр болады. Біз психологтер жиі айтатын құбылыстың шындығын
«Соңғы парыз» романындағы Жәдігер бейнесінен анық көре аламыз. Ұжымдық құндылық кейде оң нәтиже берсе, кейде теріс салдарын туғызады. Мысалы, Сары Шая үшін билік – құндылық. Өзі болмаса да, өз руынан шыққан бір адам басшы болса, сол – көңіліне медеу. Шығармадағы ұжымдық құндылықтармен бірге бірлік, ынтымақ, татулық деген жалпыадамдық құндылықтардың сипаты көрініс табады. Бірақ ұжымдық құндылықтар шығармада көбіне бірлік, ынтымақ құндылықтарына қарсы қойылады. Ауыл тұрғындарының бойында ұжымдық құндылықтар басым десек те, олар өз руының шеңберінен шыға алмайды. Яғни, рулық сана шеңберінде ойлайды, тұрмыс кешеді. Әрқайсысы өз мұраты жолында жүр. Алға ұмтылған сайын өз көрін қазып жатқан қауым секілді. «Аналар бізді көп бидай ішіндегі жалғыз арпадай тұншықтырып өлтіргелі жатыр ғой? Ойбай-ау, ер намысы қайда? Жарайды, ер намысын, еркек намысын сен аяққа бассаң бас, ал ру намысы бар емес пе? Ру намысы үшін баяғы ата-баба басты оққа байлап шықпаушы ма еді?» – деп Сары Шая Жәдігердің жанын жейді [25, 12]. Тілеу-Қабақ пен Жақайымның арасындағы көзге көрінбес бақталастықты, әсіресе, осы Сары Шая қоздырып жүреді.
Романдағы оқиғалар желісі екі түрлі кеңістікте – қала мен далада өрбиді. Бұл, бір жағынан, екі кеңістіктің де өз құндылықтары бар дегенге саяды. Шығармада далалық құндылықтар мен қалалық құндылықтардың да өзіндік айырмашылығы көрініс табады. Бірінші бөлімде көбіне-көп далалық құндылықтар жүйесі жақсы көрінсе, екінші бөлімде – «Сондай да бір түн болған» деп аталатын тарауда қалалық құндылықтар, қалалық адамдарға тән құндылықтар жүйесі ашылады. Жәдігер – ауылдың, Әзім – қаланың өкілі. Бір-біріне қарсы кейіпкерлер – Жәдігер мен Әзімді қала мен дала мәдениетінің өкілі ретінде алып көрсетуі де қалалық және далалық құндылықтарды өзара бинарлық оппозияцияда көрсетудің мысалы бола алады. Қала мен дала құндылықтарының өзі аталған екі кейіпкердің болмысын танытып тұрған секілді. Романның екінші тарауында қала халқының тұрмыс-тынысы, құндылықтары Әзім бейнесі арқылы ашылады.
«Соңғы парыздағы» қала тұрғындары дәстүр-салтынан қол үзіп қалған болса, ал ауыл тұрғындарында әлі де ата-баба культі үстем, қала халқында индивидуалдық құндылықтар биік қойылса, Аралды мекендеген ауыл адамдары ұжымдық құндылықтарды бәрінен биік санайды. Ауыл адамдары барынша адал да ақкөңіл келсе, қала адамдары сайқалдау әрі қорқақ, ал балықшылар кезі келгенде, басына қауіп төнсе де, тәуекел етіп, ерлік
жасауға бейіл боп тұрады. Осындай ерекшеліктерді тағы да ұзартып тізбектей беруге болады. Себебі, романдағы қала мен ауыл құндылықтарының айырмашылығы айқын аңғарылады.
Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, кейіпкерлер бойындағы құндылықтық бағдардың әркелкі болуы олардың жас ерекшелігіне де байланысты. Яғни әр жастағы кейіпкерлердің ішкі діңгек-түбірі, құндылықтық бағдары да біркелкі болмайды. Мысалы, жастар үшін құнды болып саналатын кейбір дүниелер үлкендер үшін мән-маңызын жойған болуы мүмкін. «Соңғы парызда» көш концепті ерекше көрініс табады. Тек ел-жұрт қана емес, сонымен бірге оның астарында бақ пен бақыттың, абырой мен тоқшылық заманның да көше бастағаны, көзден ұша бастағаны астармен айтылады. Мысалы, 25 үйдің көшер сәтінде [26, 81] үлкендер қимай, мұңға батып жатса, жастар – балалар жағы масайрап, мәз болып жүр. Сол секілді, осы 25 үйдің көшуі де жазушы үшін тектен-текке алына салған деталь емес сияқты. Қазақ ұғымында жиырма бес саны серіліктің, қуаныш пен қызықшылықтың символы ретінде қолданылады. Көш алдында жас келін жоқтау айтады: жоқтау екені, зар екені белгісіз. Осы жерде ұлттық құндылық пен жалпыадамдық құндылықтың жымдасып кеткеніне куә боламыз. Көш концепті арқылы Отан, туған жер, Атамекен құндылығы айрықша көрінеді. «Соңғы парыз» романының кейіпкерлер жүйесі аса күрделі емес. Әдетте, романда көп кейіпкер болады. Мысалы, М.Әуезовтің
«Абай жолы» роман-эпопеясында 200-ден астам кейіпкер кездеседі. Бұл – эпикалық шығармалардың қай-қайсысына ортақ қасиет. Кейіпкерлердің көптігі белгілі бір деңгейде шығарманың коллизиялық өрісінің күшеюіне, заман мен қоғам шындығының барынша боямасыз, сенімді әрі шынайы танылуына, сондай-ақ бас кейіпкер, қаһарман тұлғасының егжей-тегжейлі ашылуына да қызмет ететін. Бірақ, шетел әдебиетінде бар үлгі, қазақ әдебиетінде де белгілі бір үлгілері қалыптасып жатқан айналасы бірнеше кейіпкердің тағдыр талайымен-ақ тұтастай бір дәуірдің құндылықтар жүйесін, қоғамның идеологиялық бағдарын айқындап беретін шығармалар туып жатыр. «Соңғы парыз» – соның бір үлгісі. Айналасы 20 шақты кейіпкердің жас ерекшеліктері де әр алуан. Жас ерекшеліктерінің құндылықтық бағдары да шығармадан жақсы көрінеді. Бірақ осының өзі, егер біз бинарлық оппозиция арқылы құндылықтардың табиғатын ашуға тырысатын болсақ, екі түрлі бағытта көрініс табатынына көз жеткіземіз. Бір тобы – жалпыадамдық құндылықтарға қарсы. Жуан Жақайым – бөлінуге бейіл, ынтымақ-бірлікке қарсы. Сонымен бірге, ол жарамсақ, өз пайдасы үшін ақиқаттан аттап кетуге әзір адам ретінде көрінеді. Шофер баланың да бейнесі осыдан алыс емес. Ол да өз қара басы үшін тіпті дәстүр мен дінді аяқасты етуден тайынбайды. Жан бағу үшін ішіп алып, молдалық етеді. Кәрі қақсал өз қызын күйеу баласына қарсы қойғыш, Сары шая – бәлеқор, Көткеншек Көшен қырсық т.б. Көткеншек Көшен, Қожбан, Сары Шая образдары әдейі алынған. Үшеуі де үш түрлі образ болғанмен, бәрі де «қалыпқа сыймайтын» жандар. Бірінің образы – екіншісін, екіншісі үшіншісін толықтырады. Бірі – қырт, бірі – мақтаншақ, бірі – арызқой. Мысалы, Сары Шая үшін «туыстық парыздан көрі партия алдындағы парыз қымбат» [27, 15]. Жас ерекшелігі бойынша алып қарағанда, шығармада балалар да, орта жастағылар да, қарттар да бар. Бірақ қарттары қазыналы емес. Қария боп отыруға тиіс Көткеншек Көшен, Сары Шая сынды шалдар елге үлгі емес, күлкі боп жүреді. Колхоз қойларын сату үшін қалаға кеткен екеуінің жолай біріне-бірі қырсығып, бір отар қойды жоғалтып жіберуі осыған дәлел бола алады. Осы буынның тәрбиесін көрген кейінгі толқында да кінәрат бар: құндылықтар жүйесінде жұтаңдық бар. Дәстүрлі құндылықтардан ада, советтік құндылықтарды бойына сіңірген. Советтер ұсынған құндылық – пейіштей қоғамға – коммунизмге жетеміз деген мақсаты (құндылығы) қалыптасқан жалпыадамдық құндылықтарды күстәналауға яки олардың жүйесіне сына қағып, жүйесін бұзуға әсер етіп жатқанын астармен жеткізеді жазушы. Осы тұста ұрпақтар сабақтастығы дейтін аса өзекті мәселе туындайды. Ұрпақтар сабақтастығы өз мәнінен айырылған тұста табиғат азып, әулеттердің рухани бейнесі ажарсызданады деген ой бар. «Теңіз тартылғалы бұл өңірдің халқының ісі мен мінезі ұсақтап барады», – дейді жазушының өзі [28, 27]. Оған дәлел ретінде шофер баланың образын айтуға болады. Ол өмір бойы арақ ішіп, темекі шегіп, неше түрлі арсыздықты жасап жүрсе де, жаназа, садақа дегенде жаны қалмай, құран ұстап, молдалық қылады. Онысын «жит нәдә» деп
«түсіндіреді». Ал осы шофер бала мен Жәдігер, Әзімдердің замандасы, жалпы, сол дәуірдің бір өкілі – «Райым» совхозының басқармасы да шаш ал десе, бас алатын шолақ белсендінің нақ өзі. Айналып келгенде, осы дәуір адамдарының тұтастай портреттік палитрасын қалыптастырған жазушы сол кезеңнің құндылықтар жүйесін көркемдік-эстетикалық тұрғыдан боямасыз суреттеп отыр деуге әбден негіз бар. Советтік жүйе қалыптастырып берген құндылықтардың соңынан жүреміз деп өздігінен, даралығынан айырылып қала жаздаған халық суреттеледі. Ол, әсіресе, кейіпкерлердің жас ерекшелігінен, ұрпақтар сабақтастығынының үзілуінен көрінеді. Қазыналы қарт болуға тиіс толқын тұтасымен жалаға ұшырап атылған, асылған, келмеске кеткен. Адай шалдан басқасының бәрі ел түгіл, өз басын алып жүруге жарамайды. Мұны біз этностың геронтологиялық рухани эрозияға тап болуы деп атауды ұсынамыз. Жәдігердің анасының жөні бөлек. Ол – береке мен бірліктің жақтаушысы. Сондай-ақ, дәстүрге жақ. Бойында батылдық пен қайсарлық тұнып тұр. Жазушы осы тұста ертедегі аңыз әңгімені жаңғыртып, оның ұлы әжесінің батырлығын баяндайды. Ұлы әжесі елге жау шапқанда емізулі сәбиін тастап, ел қорғауға шығыпты. Талай жаудың басын алыпты. Соңында оның әйел екенін білген жау жақтың батырлары жабыла бас салып, шаһит еткен деседі. Осылайша автор қазақ даласындағы әйелдер қауымының да мінез-болмысының эволюциясын жасайды. Осының ішіндегі ең сорлы әйел тұлғасы – совет дәуіріндегісі – Бәкизат. Бірақ келініне кінә артпайды, советтік құндылықтарға барынша адал баласына артады. «Бар пәлені бастаған өздерің. Құдай о баста төмен етекті жаратқан қатынды теңестіреміз деп, көрінген жерде шуылдап- шуылдап, енді, әне, төбелеріңе шығарып алдыңдар», – дейді [61, 79]. Ұрпақтар сабақтастығының үзілуі, бұрынғы һәм бүгінгі күннің құндылықтар жүйесіндегі айырмашылықтар Жәдігер мен анасы арасындағы әңгімелерден біршама нанымды ашыла түседі. Анасы былтыр берген ақшасын сол күйі сақтап отыр. Оған қызықпайды да. Анасы үшін экономикалық, нарықтық, материалдық құндылықтар қызық емес. Есесіне ол отбасы құндылықтарына берік, дәстүр-салтына бекем. Кейінгі ұрпақтың экономикалық құндылықтарға келгенде барынша тыңғылықты болғанмен, аса маңызды деп есептелетін отбасылық, рухани құндылықтарға келгенде самарқау екені де осы кезде бірден көрінеді. Анасы «отырса да – тәуба, тұрса да – тәуба» [29, 100]. Дәл осы сөйлемнің өзі оның құндылықтық бағдарына біршама дұрыс баға беруге жол ашады. АҚШ-тағы Мичиган университетінің профессоры, әлемдік деңгейдегі құндылықтар картасын жасаумен айналысып жүрген ғалым Рональд Инглехарт қоғам түрлеріне тоқталып, дәстүрлі қоғам өкілдерінің көбі дін мен дәстүрге бейім болатынын айтады [29]. Бәкизат пен енесінің жынысы бір әйел болғанмен, болмысы бөлек. Екеуі екі заманның, екі толқынның өкілі. Әйел болса да, олардың арасын қоғамдық формация бөлген. Анасы діндар, намазын оқыған сайын келіні үшін оның көп бала тумағанына кешірім сұрайды. Бойында Ш.Шварц пен Р.Инглехарт айтатын дәстүр құндылығы басым. Бәкизат үшін ол консервативті адам боп көрінуі мүмкін. Бірі – дәстүрлі қоғамның, екіншісі – индустрияға қадам басқан советтік формацияның өкілі. Екеуінің құндылықтары тым алшақ, сол үшін шығарған шешім, жасаған істерінде, айтқан сөз, істеген әрекеттерінде алшақтық көп.
Туған ауылдан 500 шақырым қашықтықтағы бір шоғыр балықшының сапары жай ғана сапар емес. Я болмаса, колхоздың жоспарын орындау үшін жасалған сапар да емес. Көркем шығармада бұл ең әуелі осы аз ғана топтың психологиясын, құндылықтар жүйесін терең де тартымды етіп ашып беруге арналған сапардай боп шыға келген. Өйткені, адам баласының құндылықтар жүйесі, оның шынайы көрінісі тек қана басына іс түсіп, майданға түскенде ғана анық көрінеді екен. Жәдігердің әрі өзіне ұқсап, әрі ұқсамай, түнгі жаман түстің әсері мен «Райым» совхозының басқармасына ерегіскен қалпының нәтижесінде ол екіге жарылды. Кейіпкердің өз-өзімен арпалысуы, өз ойына өз ойы қайшы келіп, ішкі алай-дүлейге түсуі көркем шығарманың психологиялық сипатын терең де нанымды ашып беруге қызмет етеді. Кейіпкерлердің құндылықтары қиындыққа тап болғанда құбылып, бойындағы басты құндылықтар барынша шынайы көрінеді. Мысалы, Жәдігер басқаның бәріне қол сілтеп, салдырлақ машинамен теңізден өтем деген кезде ол бұрынғы өзіне мүлдем ұқсамай кеткен еді. Қайта өлім қаупі туып, басқа таңдау қалмаған сәттерде адам белгілі-белгісіз
күштерге арқа сүйегісі, содан медет тілеп, көмек сұрағысы келіп тұратын сыңайлы. Романда мұндай ситиуациялар бір емес, бірнеше рет қайталанады. Жәдігер, Әзім, Бәкизат – үшеуінің ауылдай алып сеңнің үстіндегі, қыл үстіндегі тағдыры осы үштік айналасында өткен тағдырлардың – құндылықтар қақтығысының қорытындысын жасағандай еді. Сонда әншейінде Құдайын еске алмайтын Бәкизат та құдайшыл болып, Тәңіріден медет сұрады. Сең үстінде Алласын есіне алып, бұрынғы пендешілктерінің бәріне өкінді. Кейіпкерлердің басына қандай да бір қиындық түскен кезде оның қалыпты өмір тіршілігіндегі құндылықтарына қарағанда діни-нанымдық құндылықтары алғы планға шығып кететінін біз талдап отырған романымыздан біліп отырмыз. Адамның құндылықтық приоритеті ситуацияға қарай құбылып отыруы мүмкін.
«Ұлы әңгіме өңшең үлкен оқиғалармен болмай, ұсақ істерден де өнеге көрсетуге тырысады», – дейді қазақ әдебиеттану ғылымының іргесін қалаушы А.Байтұрсынұлы [29, 327]. Шығарманы тұтасқан көркемдік әлем деп қарастырсақ, оның әрбір деталь-бөлшегі белгілі бір поэтикалық жүк арқалап тұратыны сөзсіз. «Соңғы парыз» романындағы жалпыадамдық құндылықтарды саралағанымызда, әсіресе, уақыт пен кеңістіктің атқарар рөлінің айрықша үлкен екеніне көз жеткіздік. Өйткені, аталмыш қос философиялық категория әлемді танудың басты тіректерінен болып саналады. Уақыт пен кеңістік кейіпкерлер болмысын ашуда зор қызмет атқарады. Зер салсақ, «Соңғы парыздың» негізгі сюжеттік желісі бір тәулікте өтіпті. «Сондай да бір күнде» және «сондай да бір түнде» ғана өткен секілді. Бұл белгілі бір деңгейде бір оқиғаның бір тәулікте, бір орында өтуі тиіс дейтін классицизм қағидасын еске салғанымен, осы «бір тәуліктің» ішіне тағдырлардың он үш жылдық арпалысы мен ырың-жырың тірліктерінің тұтас картинасы сыйып кеткен. Романдағы уақыт пен кеңістіктің көріну сипатының әдеттегі дәстүрлі туындыларға ұқсай бермейтін тұстары аз емес. Басты кейіпкерлердің жан дүниесін қопара ашатын тұстарында уақыттың баяулау құбылысы орын алып, лирикалық- оқиғалық шегіністерге жиі-жиі баруы шығарманың салмағын арттыра түскен. Тарихи-реалды уақыттан әдеби-көркемдік уақыттың бір ерекшелігі сол, автор-баяндаушының немесе автор-кейіпкердің уақытты баяулату – ретродациялық тәсілдерді еркін қолдануында болса керек. Өйткені,
«көркем әдебиеттің уақытты тығыздай алатын, қысқартатын, ұзартатын пәрмені бар, олар сюжет дамытуға, психологизмді күшейтуге қызмет етеді» [18,120]. Шығарманың сюжеттік мәресі Жәдігер мен Бәкизаттың отасқанына он үш жыл болған кезіне сай келсе де, жазушы ретроспекциялық тәсілдер арқылы оқиғалық шегіністер жасап, Әзім мен Жәдігердің жадындағы айтулы оқиғаларды жаңғырту арқылы бірнеше жыл бұрынғы оқиғаларды таратып береді. Он үш жыл отасқан зайыбын қалдырып, Жәдігердің бес жүз шақырымдық қашықтыққа балық аулауға кетуі және бірер ай бойы табиғаттың қатыгез суығында колхоздың
жоспарын орындаймыз деп жан аямай еңбектенуі бір шоғыр еңбек адамының ішкі рухани-психологиялық әлемін ашу үшін алынғаны өз алдына, автордың бес жүз шақырымға тартылып кеткен Аралдың мүшкіл халіне оқырман назарын аудартқысы келгені деп ұғу керек. Әдетте, қазақ әдебиетіндегі көптеген шығармаларда кеңістік динамикалық сипатта көрінетін. Көркем туындының сюжеттік желісі жолда, жайлауда, өзен жағасында т.б. кеңістік түрлерінде өрбиді. Алайда «Соңғы парыздың» финалдық сюжеті статикалық кеңістікте орын алады. Жәдігер теңіз жағасында жападан-жалғыз ойға шомып тұр. Жай тұрмайды, өзімен бірге еріп келген ізіне қарап ойланады. Қарап отырсаңыз, кеңістік шексіз сияқты. Бірақ тұйықталған кеңістікте тұрғанын да біліп отырасыз. Бұған күн бата қалаға жол тартқан Әзім мен Бәкизат келіп қосылады. Осы жерде қақтығыс бояуы қалыңдап, шиеленіс барынша дамиды да, солтүстігі мен оңтүстігін, шығысы мен батысын айыра алмай боранды түнде адасқан үшеудің шынайы құндылықтары барынша айқын ашылады. Олар жол табуды, жөн табуды білмейді. Бұл – отбасылық қатынастардың ғана емес, Арал мәселесінің де тұйыққа тірелуі. Жазушының бас кейіпкерлерді тұйықталған кеңістікке әкеліп, осылай «сөйлетуі» жайдан-жай емес. Басты идеяны беру үшін жасап отырған көркемдік тәсілінің бірі деп қабылдау керек. Табиғатқа орасан зиян тигізген адамдардың осындай алапат табиғат аясында – боранды түнде, сең үстінде қалуы олардың өмір бойғы арман-тілектерінің шынайы да әділ бағасын анықтап берді. Өйткені, қиын да ауыр ситуацияға тап болған кезде ғана адамның құндылықтары барынша нанымды ашылады екен. Сең үстінде олардың бұрынғы құндылықтары келмеске кетті. Осы кезде ғана олар басқа құндылықтар туралы ойлана бастады. Қазақстанның халық жазушысы Ә.Кекілбайұлы бұл жөнінде: «Үшеуінің де ұстанып келген қағидалары далбаса боп шықты. Үшеуі де қысыр қиял қуып жүрген, өздерін-өздері алдарқатып жүрген алаңғасар екен. Тіпті, бір-біріне артар кінәсі де жоқ боп шықты», – дейді [15, 74]. Осы кезде өмір құндылығы алғы шепке шығады. Әсіресе, Әзім өмір үшін серттескен Бәкизатты да, бала кезден бірге өскен жолдасы Жәдігерді де тастап кетті. Әзім үшін жолдастық, достық, туыстық деген құндылықтар маңызды емес. Оның шынайы досы да, туысы да жоқ. Тек атақ, даңқ бар-тын. Енді ол да жоқ. Өмір ғана бар. Тап осы сәттен бастап Бәкизаттың алдында Жәдігер тұлғасы аспандап қоя берді. Өмір бойы өзінің күйеуін кінәлап келген әйел алғаш рет қатесін мойындап, іштей өз-өзін кінәлады. Ол не болса да күйеуін кінәлаудан жалықпас еді. Кешірмейтін. Оның үкіметтік жоспар деп, колхоздың жұмысы деп жүріп күндіз-түні жасаған еңбегі үшін емес, сөйтіп жүріп отбасын ұмытып кететіні үшін, отбасылық құндылықтарды елемейтіні үшін кешірмейтін. Ол ғана емес, оның анасы да көрінген жерде оны көрге тыққысы келіп тұратын. Тіпті мұз үстінде Әзім, Жәдігер – үшеуі қалған кезде де ол кінәнің бәрін Жәдігерге жауып отырған-ды. Бірақ Әзім тастап кеткен соң, Бәкизат сең үстінде бәрін кешірді. Егер осыдан аман
қалса, аялайтынына, сөзсіз күйеуінің көңіліне қарап өмір сүретініне күмәнсіз сенді. Алайда, бәрі кеш еді. Алдымен Жәдігер, кейін өзі мерт болды… Кеңістік – сең, уақыт – түн. Түнектің тұңғиығына батқан жұбайлардың өмірі зая кетті. Жазушы оқырманына ой салу арқылы осындай құндылықтарды бағдар тұтып өткен советтік толқынның зая кеткен өміріне ашынады. Бұл қазіргі адамзаттың баласында жоқ деуге келмейтін дерт емес. Тап қазіргі сәттен бастап адам пиғылын түзеп, ұстанымын өзгертпесе, өз өмірін құрдымға жібереді деген идеялық жүгі бар. «Қарық боламыз деген сайын ғарып бола түсеміз. ...Қанағат, мейірім жоқ жерде махаббат жоқ. Махаббат жоқ жерде әділет жоқ. Әділет жоқ жерде асылың жасық, алтының тас боп көрінеді. Адамзат жоғалтқан қасиетіне қайта қауышса ғана абзал атын ақтай алуы мүмкін» [16, 78] деген Ә.Кекілбайұлының пікірі жалпыадамдық құндылықтардың маңыздылығын, оның қоғам мен адам алдындағы бұлтартпас діңгек екенін тағы да еске салады. «Соңғы парызда» нақты тарихи уақыт көрсетілмейді. Оқырман тек оқиғалар жүйесінің Совет кезеңінде өрбігенін ғана біліп отырады. Әрі он үш жыл отасқан үйелменнің азапты, ауыр тағдырына куә болады. Автор шығармада тарихи-реалды уақытты осылай көрсету арқылы қоғамдық-әлеуметтік уақытты көрсетуге күш салады. Еріксіз неліктен деген сұрақ туындайды. Біздің ойымызша, жазушының басты мақсаты жекелеген адамның болмысын ашу ғана емес, қайта сол жекелеген кейіпкерлердің тарихи-реалды уақыт ауқымындағы өмір өрнектері арқылы, олардың істеген ісі, өмірде қалдырып жатқан ізі арқылы қоғамдық-әлеуметтік уақыттың портретін жасауға тырысқан. Оқырман осылайша қоғамдық сананың трансформациясына куә болады. Осы арқылы жазушы отарлаушы жүйеге деген қарсылығын білдіреді.
Жалпыадамдық құндылықтардың жұтаңдануы салдарынан Арал мәселесінің шиеленісе түскенін түсіну қиынға соқпайды. Ал Арал мәселесі

  • адам мәселесі, адамзаттың рухани экологиясының жұтаңдануының сыртқы көрінісі ғана. Осылай кете берсе, ол тіпті бұдан да сорақы, бұдан да ауыр қасіреттерге жол ашуы мүмкін. Осы мәселені барынша терең әрі шынайы көрсету үшін жазушы символдық тәсілдерге де жүгінуді жөн көріпті. Шығармада барынша негативті, бірақ шындықтың шекара- шеңберінен аспайтын оқиғалық детальдар сана экологиясының тым нәзік те жұтаң келбетін танытуға қызмет етіп тұр. Жоғарыда тілге тиек еткен онейрикалық сипаттағы детальдармен бірге, қазақ ұлты қасиет тұтатын домбыраның жарылуы, қара інгеннің суалып, жиырма бес үйдің көшуі, үйлердің қирауы, ботасынан айырылған інгеннің, ғасырлар бойы далалық өркениеттің көлігі боп келген түйенің енді темір көлікке жүк болып тиеліп кете баруы – осының бәрі де қоғамның өзгеріп, адамның азуын білдіретін көркемдік-символикалық детальдар болып есептеледі. Шығармадағы әрбір көркемдік детальдің үлкен мән арқалайтыны, тіпті кей кездерде кішкентай ғана бір көркемдік детальдің тұтас замана шындығын немесе бір қауым

жұрттың дәл психологиялық бейнесін танытар құдіреті бар екені жасырын емес [29]. Біздіңше, аталмыш детальдардың бәрі де романдағы құндылықтардың табиғатын ашуда айрықша мәнге ие.
Әдебиеттану ғылымының концептуалдық зерттеулерінде жол концептінің алар орны ерек. Өйткені, кейіпкер тұлғасының жетілу эволюциясын танытуда, шығарманың поэтикалық динамикасын асыруда жол концептінің алар орны бөлек деуге болады. Мысалы, М.Әуезовтің
«Абай жолы» роман-эпопеясы жол концептісін алға шығарудан басталады. Семейден Ералы жазығына келе жатқан бала Абайдың бейнесі кейіннен бірте-бірте толысып, дана Абай боп қалыптасқанға дейін жалғасады. Біз талдау нысанамызға алып отырған Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романында да концептуалдық ұғымдар жоқ деуге келмейді. Өйткені, бас кейіпкерлердің болмысын беруде біз тілге тиек еткен жол концепті жанама түрде із және көш концептілері негізінде көрініс табады. Өйткені, романда іздің орны айрықша. Ол адамның физикалық әрекетінің қорытындысы- жемісі ғана емес, философиялық-құндылықтық мән арқалаған көркемдік концепт ретінде көрінеді. «Ұзын қара кісі соңындағы шұбалаңдап жатқан ізіне қарап тұр» деп басталады роман [5, 5]. Әр тұсында әртүрлі ракурста бейнеленеді. Ол біресе жеке индивидтің физикалық ізі, біресе оның мына пәни дүниеге қалдырар өнегесі, енді бірде тұтас толқынның кейінгі, келесі ұрпаққа өсиет етіп қалдырар рухани мұрасы т.б. болып суреттеледі. «Айтса да, бүгін жерге сыймай, жаны ширыққанда бұны алды артына қаратпай, аңыраған ашық теңізге қуып әкелген із емес еді ғой? Қайта осы ізді осы араға сүйретіп әкелген бұның өзі емес пе еді?» [5, 14]. Міне, осындай сұрақтар жиі қайталанады. Жәдігер ашық теңізде, аязды күнде өз-өзімен есеп айырысып тұр. Басқан ізіне – өткен өміріне көз жүгіртіп, өзегін өкініш өртеп тұр. Бірақ бәрі де кеш. Не үшін бас кейіпкеріміз осындай қиын да күрделі шақта өзінен есеп алып тұр деген заңды сұрақ туындайды. Ол өз ізіне тап бүгін ғана мән беріп, ой жүгіртіп отыр, не үшін? Осыған дейін де ол осы өңірге мың сан ізін қалдырды, ізімен шиырлады ғой. Бірақ бүгін ғана назар аударып отыр. Өйткені, адам сондай, айнала сан түрлі сынақтарға толып (қар жауып, мұз қатып), басқа амалы қалмағанда ғана өз ізіне қарайды. Әйтпесе, оған мән бермейді де. Ол – тек Жәдігердің ғана емес, күллі адам баласының ізі, солақай саясаттың кесірлі қорытындысы; адам жанының, арының құлдырап, құнсыздануы. Экзистенциалистер жиі айтатын адам әдетте өзінің жанына үңілмейді, тек қиын-қыстау күн туғанда ғана ішкі әлемін танып, болмысына көз салады деген идеяның жаны бар сияқты. Жазушы осы арада сентименталистік әдістерге де жүгінген. Өйткені, сентименталистердің дені оқырманға берілер әсерді ұлғайтып, оның жанын сыздату үшін кеңістік түрлерін де таңдайтыны бар. Қабір, мола, қара орман, тұманды дала т.б. Айналасы вакуумдай тұйық сең… Бұл да шығарманың рецептивтік қасиетін арттыра
түсетін детальдар. «Сосын соңындағы шұбалаң ізге назар аударды. Көзі қайта түскенде, жүрегі дір етіп шошып қалды. Мына із не дейді, әй?» [30, 16]. Ол өзінің зая кеткен ғұмырына қарап шошынады. Қорқады. Бұл – басындағы бақтың тайғанының, жақсылық атаулының бәрі мұны тастап, көшкенінің белгісі. Жоғарыда айтқанымыздай, жол концепті осы із және көш концептілерінің аясында ашылады. Бұл екі ұғым бір-бірін толықтырып, біріне-бірі «сәуле шашып» тұр деуге болады. Өйткені, бірінсіз бірінің көркемдік қуаты аз болып қалар еді. Із секілді, көштің өзі әртүрлі ракурста беріледі. Ол алдымен күнкөріс қамындағы адамдардың қоныс аударуы үлгісінде көрініс табады. Әсірісе, жиырма бес үйлі әулеттің көшуі мұның салмағын арттырып жібереді. Одан бөлек жекелеген үйелмендер басқа жаққа қоныс аударып жатыр еді. Көшті әулеттің басы – ақсақал қария, Адай шал бастайды. Қисынға салсаңыз, қазыналы қарияның туған жерді тастап кетуі әбестік секілді көрінуі мүмкін. Бірақ ол өзінің емес, ұрпағының қамын жегендіктен ғана осы қадамға барып отыр. Ұрпақ, ұрпақтарға қалдырар өнеге, мирас – мұның бәрі қазақ танымында айрықша орын алатын концептуалдық ұстындар. Тек адамдар ғана емес, жазушы табиғатпен біте қайнасып тіршілік етіп жатқан жануарлардың да көшін суреттейді. Бұл – өз кезегінде ұрпақ құндылығының тек адам баласы үшін ғана емес, табиғатпен етене күн кешіп жатқан кез келген жаратылыс атаулының биік мақсұты екеніне айғақ. Мысалы, жан сауғалаған киіктердің су іздеп көшуі романның идеялық салмағын арттыра түскен. Әдеттегідей емес, су үшін ауыл үстін жайпап өтіп, ащы суға бас қойған киіктер қырылғанына қарамады. Алайда
«ұзақ жолда оты, суын ала алмай әлсіреп жеткен құралайдың лағын балалар қуалап, қатындар иінағашпен ұрып алып жатыр. Ауыл үсті абыр-сабыр. Айқай-шу» [30, 77]. Бір күні бұл ауылдың тарихында болмаған, адамдары естіп көрмеген бір сұмдық болды. Бірнеше күн бойы балық торға түспеді. Балықтар да көшіп жатыр екен. Әмудария бойымен ағысқа қарсы жүзіп, өзен тасып жатыр. Осы кезде де колхоздың жоспары үшін «коммунизмге бет алған» еңбекшілер Әмударияға барып, балыққа қарқ болды. Балықтың бәрін қырып салды. Бір айда орындайтын жоспарын бірер күнде бітірді. Қарап отырсаңыз, шығармада балық та, киік те, тіпті құс та көшеді. Бірақ соның бәрін қанағатсыз адам баласы қырып салды. Жан-жануар, құс атаулы өзі үшін емес, ұрпағы үшін қоныс аударады екен. Алайда, соның бәріне адам баласы зұлымдық жасап, өз қара басының қамын күйттеп, табиғаттағы үйлесімділік заңына қарсы шығып, теңгерім-балансты бұзды. Балық көшінде де, киік көшінде де адамдар бір күндік қамы үшін оларды қырып- жоюшы ретінде көрінеді. Бірақ соңында өздері де солардың кебін киді... Бақыт іздейді. Жан сауғалайды. Міне, енді Жәдігердің әйелі де көшіп жатыр. Жас кездегі ғашығы – Әзіммен бірге қалаға кетпекші: бақыт іздеп барады. Бұл да көштің бір түрі. Көш концептісі арқылы бақыт, байлық, мейірім, туысқандық, теңдік, ынтымақ, бірлік, махаббат құндылықтарының да ауып бара жатқандай әсер қалдырады. Көш концепті адам-киік-балық үштағаны аясында көрінеді де, осының бәрі бақыттың, бақтың көшуін меңзейді. Бақыт ауған кезде адам бойында сағыныш құндылығы маңыз алады екен. Кейіпкерлер өткенге сағына қарайды. Шығармада сағыныш мотиві ерекше көрініс табады. Жазушы шығарманың өне бойында сағыныш құндылығын қадау-қадау көрсетіп отырады. Ол заманда бәрі басқаша еді, бақыт, сенім, тыныштық, Отан бар еді. Бүгін бірі де бүтін емес, өткенге деген сағыныш қана бар. «Шіркін! Ол кезде Арал қандай еді! Аралдың адамдары қандай еді!» [30, 13] деген сөйлемнің өзі бірнеше рет қайталанады. Романда өткен шақ пен осы шақ қатар көрінеді. Өткен шаққа деген сағыныш көбіне-көп жер мен елге, Арал өңіріне қатысты айтылса, жекелеген адамдарға қатысты тек негативті сипатта өрбиді. Өйткені, өкініш бар, ыза бар. Жазушы жиі қайталайтын өмірдің соңының «ырың-жырың болуы» – өткенге деген өкініштің бір белгісі. «Аяғы дүниенің ырың- жырың» деген қайталау романның бірнеше жерінде кезігеді. [30, 86]. «Бұл елде пойыздар батыстан шығысқа, шығыстан батысқа қарай жүйткіп жатады» деп келетін Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романындағыдай, аталмыш қайталаулар да «Соңғы парыз» романының эстетикалық табиғатына әр сыйлаған. Әдетте, қаламгерлер оқырманның назарын бір нәрсеге ерекше аудартып, оның маңыздылығын танытқысы келсе, қайталау тәсіліне жүгінеді. Біздіңше, Ә.Нұрпейісов те осы тәсіл арқылы табиғат пен адам жанының табиғатының бұзылуына айрықша екпін түсіргісі келген секілді. Өмір концепті осылайша пессимистік сарынға ие болған. «Апырай, сонда бұл жазған неден қателесті?» [30, 98] деген Жәдігердің өз-өзіне тоқтаусыз қоятын риторикалық сұрақтары бүкіл қоғамның өз-өзіне қояр сұрақ-соты болуға тиіс. Қоғам өзінің өткеніне, артында қалдырған ізіне қарап, есеп беріп, қателерін сараламаса, Жәдігердің кебін киюі әбден мүмкін деген идея жатқандай. Ол «жазған» – Жәдігер ғана емес, тұтас советтік жүйе. Жазушы романның басты идеясын Әзімнің қарсыласы ретінде көрінетін ғалым жігіттің аузына салған.
«Келешекте адам баласының жер бетінде болу-болмауы – табиғаттың болу- болмауына тікелей байланысты» [31,22]. Адам тойымсыздығын тоқтатпаса, табиғат апатқа ұшырайды. Адамды да апатқа тап қылады деген идея жатыр. Жазушының идеясы тым тереңде. Арал – символикалық бейне. Арал арқылы адам жанының жұтаңдануы көрінеді. Табиғаттың жұтаңдануы

  • адам жанының жұтаңдануының салдары. Ал адам жанын жұтаңдатқан – советтің солақай саясаты. Осы орайда жазушының аталмыш романы постколониалдық зерттеулердің нысаны болуға сұранып тұр дер едік. Әлеуметтік тойымсыздық тоқтамаса, табиғат азып, ұрпақтар құрып, дүниенің соңы ғана емес, өмірдің өзі де ырың-жырыңға айналады деген трагедиялық астар бар. Ол үшін отбасы құндылықтарына берік болып, қанағат пен мейірімді серік қылып, кейінгі ұрпақтардың қамын ойла деген өсиет бар. Табиғаттың қордалы проблемаларын көтерген шығармада пейзаж поэтикасының кезікпеуі мүмкін емес, әрине. Ә.Нұрпейісов

романдағы кейіпкерлерінің ішкі әлемін табиғаттың аясында, табиғатпен етене байланыс арқылы ашып беруге тырысқан. Сең үстінде Жәдігер, Әзім, Бәкизаттармен бірге торғай мен қасқырдың – бес тіршілік иесінің қалуы да көп сырды аңғартқандай. Бұл да адам баласының табиғатсыз күнінің жоқ екенін білдіруге тырысқан жазушының шеберлігі болса керек. Образдар жүйесінде торғай мен қасқырдың да өз орны бар. Біздіңше, автор бұларды микрообраздар ретінде әдейі алып отыр. Жәдігер өлді. Торғай ұшып кетті. Бақ өлмейді, ұшып кетеді, көшеді. Өйткені, «осы қазақ басқа қонған бақытты құсқа бекер теңемеген» [31, 41].
Жоғарыда біз кейіпкерлер басына қиын күн туған кезде құндылықтық приоритеттің құбылуы туралы сөз еткен болатынбыз. Яғни адамның шынайы құндылықтар жүйесі көркем шығармада қақтығыс үстінде ғана ашылады деген сөз. «Шығармада қақтығыс фабулалық-сюжеттік сипатта емес, көбінесе ой-сана алаңында орын алып жатады. Сайып келгенде,
«Соңғы парыз» романы көркемдік қуаты мол шығарма болса, біздіңше, ең алдымен, құндылықтардың қақтығысы арқылы осы биігіне жеткен деуге болады» [31, 99]. Әрине, көркемдік деңгейі жоғары. Алайда, осы көркемдіктің биігіне жету үшін шығармадағы құндылықтар қақтығысы, құндылықтар жүйесінің өзара байланысы сөзсіз әсер еткен. Мақтаулы кейіпкер жоқ. Әзімнің әрекеті мен сөзіне қарасаңыз, жалпыадамдық құндылықтар туралы айтады. Ісі де жалпы адамзатқа ортақ құндылықтарға сай келіп жататын сияқты. Бірақ ол өзінің қамы үшін кейбір өзгертуге болмайтын, тұрақты болуға тиіс құндылықтарды құрбандыққа шалды. Сол секілді, Жәдігердің де бойынан осындай оң және теріс сипаттарды тауып алу қиын емес. Жалпы, кез келген құндылықты біржолата оң немесе теріс деп айтуға келмейтінін осыдан аңғарамыз. Себебі, бір құндылық өз ретімен қолданбаған жағдайда немесе шегінен асып кеткен кезде басқа бір құндылықтың жойылуына немесе басқа адамзаттық құндылықтардың өз деңгейінде көріне алмауына кесір болады. Шығармадан біз еңбектің немесе ұжымдық құндылықтардың отбасы құндылықтарына тигізген зияны туралы сөз еттік. Сол секілді, туыстық байланыстың да бірлік, ынтымақ құндылығына кейде зардап беретінін байқадық. Оған Сары Шаяның шолақбелсенділігі дәлел. Қақтығыс арқылы құндылықтардың сипаты, ерекшеліктері, түрлері көрінеді. Мысалы, Жәдігер мен Әзімнің жан дүниесі екі бөлек. Яки Жәдігер мен әйелінің жан дүниесінде бітіспес қайшылықтар бар. Ал қайшылықтар көркем туындыдағы бинарлық оппозицияны туғызады. Осы орайда әдебиеттанушы-ғалым Г.Пірәлінің «Психологиялық роман табиғатының өзі жеке адам тағдыры екі әлем, сұлулық пен ұсқынсыздық, саналы мен бейсаналы, өмір мен өлім т.б. арасындағы ымыраға келмейтін мәңгілік құндылықтар жайында ой қозғауға мәжбүр етеді» [32, 6] деген пікірі орынды деп есептейміз. Біз романнан бинарлық оппозициялардың мынадай үш түрлі бағытта жүзеге асқанына көз жеткіздік. Бірінші, қалыптасқан концептуалдық негіздегі жалпыадамдық
құндылықтардың өзара қайшы келуі. Қанағат – тойымсыздық, әділет – қиянат, жақсылық – жамандық, мейірім – қатыгездік т.б. Екінші, кейіпкерлер арасындағы бинарлық оппозициядан. Жәдігер – Бәкизат, Жәдігер – анасы, Жәдігер – Әзім, Жәдігер – балықшылар, Жәдігер – Сары Шая, Көткеншек Көшен, шофер бала, Жәдігер – заман сиқы контексінде ашылады. Жәдігер, Бәкизат, Әзім үштағанынан, түптеп келгенде, мына әлемнің жұтаңдануы ең алдымен отбасылық құндылықтардың дағдарысқа ұшырауынан туындайды деген идеяны аңғару қиынға соқпайды. Кейіпкерлердің табиғатқа деген қатынасы Адам – Табиғат контексінде танылады. Үшіншіден, жалпыадамдық құндылықтардың өзара қайшы келуі. Мысалы, еңбек құндылығы көбінесе отбасы құндылықтарына қарсы қойылады. Жәдігердің колхоздың жоспары деп жүріп жан аямай еңбек етуі оның отбасылық құндылықтарының әлсіреуіне түрткі болды. Оның аяғы трагедиялық шешіммен тынғаны белгілі. Сондай-ақ, еңбек құндылығы табиғатты қорғау, аялау дейтін жалпыадамдық құндылыққа қарсы қойылады. Балықшылар еңбек ете жүріп туған жердің табиғатына өлшеусіз зардап әкеліп жатқанын білмейді, яки білсе де, советтік идеологиядан әрі аса алмайды. Намыс құндылығының Жәдігердің ерге тән батылдығын танытатын деталь ретінде алынған тұсы бар [32, 59]. Бірақ шығармада намыс құндылығы көбіне бірлікке, ынтымаққа сына қағу үшін пайдаланылады. Намыс құндылығын жиі тілге тиек ететін – Сары Шая. Руаралық бақталастықтың отына май құйып жүретін Жәдігердің немере ағасы. «Ер намысын сен аяққа бассаң бас, бірақ ру намысына жан пида деп айқайлап шықпайсың ба? Халқың әне!.. Сыртта жиналып әзір тұр!» [33, 99]. Бұл – оның Жәдігерді Әзімдердің руына қарсы айдап салатын тұсы.
Отан құндылығы шығарманың басынан аяғына дейін тұтастай қамтылып отырады. Өйткені, көркем туындының басты идеясы да сол – туған жердің, Отанның тағдыры. Дегенмен, туған жерге деген құрмет, оған деген сағыныш пен қимастық, әсіресе, көш үстінде қатты білінеді. Аталмыш шығарманы советтік идеология қалыптастырып берген ұстанымдар мен символдар, үміттер мен мақсаттар – бәр-бәрінің жалған екенін, ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың үзіліп, әрі өзіне ұқсап, әрі өзіне ұқсамай қалған ұлттың тағдыры туралы жазылған роман деуге негіз бар. Ұқсамайтын себебі, рухани экологиясы бұзылған. Жалпы, соңғы жылдары «рухани экология», «сана экологиясы» деген терминдер тұрақтап қалды. Бұл экология терминінің тек жаратылыстану ғылымдарының еншілі ұғым шеңберінен шығып, қоғамдық ғылымдардың бәріне де ортақ категорияға айналғанының белгісі болса керек. Біз мұны аксиологиялық- әдеби контексте қарастырдық.
Біз өткен тарауда қазіргі әлемдік мәдени-рухани көштің индивидуалдық құндылықтар аясына топтаса бастағанын, ал оның түпнегізінде батыстық парадигмалар жатқанын тілге тиек еткен болатынбыз. Аталмыш тенденцияны әдеби үдерістен де анық байқауға
болады. Себебі, ХХ ғасырда дүниеге келген көркем туындылардағы кейіпкерлердің құндылықтар жүйесін олардың ұжымдық қатынастары аясында дұрыс танитын болсақ, бүгінде ол құбылыстың мәні өзгеріп, кейіпкерлердің рухани-адамгершілік мұраттары, құндылықтық бағдар- бағыты, күйініш-сүйініші керісінше көп жағдайда оның көппен қарым- қатынасы арқылы ғана емес, негізінінен, өзінің ішкі толғаныстарын ақтарумен, логикаға сыйыңқырай бермейтін иррационалдық құбылыстарға
«асып кету» құбылыстарымен өлшенетін болды. Бұл құбылыс әдебиеттің жанрлық, формалық ерекшеліктерін туғызды деуге негіз бар. Өйткені, әр дәуірде дүниеге келген әдеби ағымдардың, стильдік мәнер-машықтардың өзі өткенге сын көзімен қараудан, оған объективті баға беру мен қайта интерператация жасаудан туындайды. Олардың өзіне дейінгі ағымдарға қарсы туып, жаңа құндылықтарды іздеуден, бұрынғы құндылықтар жүйесіне қайта баға беруге деген ұмтылыстан туындайтыны шындық. Тәуелсіздік тұсындағы, әсіресе, ХХІ ғасырдағы қазақтың жаңа әдеби алаңында осындай сипаттарды бойына сіңірген көркем туындыларды көптен кезіктіруге болады. Әрине, оның бастаулары ретінде ХХ ғасырдың басындағы көркем прозалық үлгілерді атаймыз. «Өткен ғасырдың басындағы қазақ жазушыларының кейбір жекелеген әңгімелерінен бастау алатын модернистік нышандар «жылымық жылдар» деп аталып кеткен алпысыншы-жетпісінші жылдардағы әдебиетте біршама дамып, тәуелсіздік тұсында барынша өзінің болмысын ашуға мүмкіндік алды» [33, 106]
Әрине, модернистік бағыттағы шығармалардың бәрі де еуропалық- батыстық сипаттағы қырларымен толыққанды, егжей-тегжейлі көріне алды дей алмаймыз. Бұл жерде қазақтың өзіндік қасиет-белгілерінің болуы заңдылық. Дегенмен, жаңашыл сипаттағы шығармалардың бой көрсеткені, әр жазушының әртүрлі эксперименттерге қол созғаны айқын аңғарылады. Қазақ әдебиетінде экзистенциализм, неомифологизм, сана ағымы сынды модернистік ағымның еншісіндегі шығармалармен бірге соңғы ширек ғасырда барынша дамып келе жатқан, өз кезегінде бірқанша пікірталастардың тууына түрткі болған постмодернистік туындылардың дүниеге келуі пікірімізді қуаттай түседі. Қазақтың көркем прозасында да оқиға емес, ой алға шықты. Біз сөз етіп отырған жалпыадамдық мәселелерді көтерген шығармалардың да философиялық сипаты басымдау түсіп отырады. Ол, жоғарыда айтқанымыздай, ең әуелі қазіргі сөз өнерінің өзіндік ерекшелігінен туындаған құбылыс болса керек. Ойды алға шығару арқылы қаламгерлер ой динамизмін, ой драматизмін жасауға ұмтылады. Осы тәсіл арқылы олар адамзатқа ортақ құндылықтардың сыры мен сипатын ашып беруге талпыныс жасайды. Өткен ғасырда дәстүрге айналып кеткен натуралистік-реалистік сипаттағы сюжеттерге ұқсаңқырамайтын, шығарманың бар поэтикалық салмағы кейіпкерлер арасындағы диалогтар мен ішкі монологтар арқылы ашылатын шығармалар соңғы ширек ғасырда қазақ әдебиетінде де аз жазылған жоқ. Соның ең көрнектілері ретінде біз
Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романын жоғарыда талдадық. Сондай-ақ мұндай үрдістерді біз Т.Әбдікұлының да шығармашылығынан жиі аңдаймыз. Әсіресе, оның «Парасат майданы» повесі адамзат тарихындағы бір-бірімен күресіп келе жатқан жақсылық пен жамандық, әділдік пен қиянат, бостандық пен бодандық сынды құндылықтардың табиғатын эстетикалық-философиялық тұрғыдан ашып бергенімен қазіргі прозаның айтулы жетістігі ретінде бағаланып отыр. Аталған екі шығарма да өзара ұштас, сабақтас. Алайда, екеуінің де өз даралығы, көркемдік қуаты алабөтен екені даусыз. «Парасат майданы» повесінде де сюжеттен гөрі ойдың салмағы ауыр. Емханада жатқан бас кейіпкер біреумен хат алысады. Екеуінің өмірлік ұстанымдары, көзқарастары – жалпы құндылықтар жүйесінде айтарлықтай айырмашылық бар. Бір-бірімен келіспейді, содан да олар біршама уақыт бойы хат арқылы пікір таластырып жүрді. Интеллектуалдық сайысқа түскен екі бейтаныс жан парасат майданындағы үлкен даудың қатысушылары болды. Алайда, бас кейіпкер өзіне хат жазып, күнделігін оқып жүрген бейтаныс адамның тап өзі екенін кеш білді. Ертеңіне мүлдем басқа адам – өзіне хат жазып жүрген ішкі болмысындағы екінші аса қатерлі адам боп оянудан қорқып, ақыры өзіне қол жұмсап дүниеден өтті. Шығарманың кіріспесі мен эпилогінде жазушы бейнесі анық көрінгенімен, негізгі сюжеттік желі бірінші жақтан, бас кейіпкердің аузымен баяндалады. Әйтсе де, жазушының бейнелеу объектісі – адам мен қоғам. Жеке адамның құндылықтарын ашу арқылы қоғамдық сананың бүгінгі қалпын танытқан. Автор ол мақсатына ұжымдық қатынастарға түскен кейіпкер арқылы емес, негізінен жеке-дара болмысын терең ақтару арқылы ашуға тырысқан. Бүгінгі әдебиеттің өзегінде тұлға тұрғанын осыдан да аңғаруға болатын сияқты. Көркемдік-эстетикалық, философиялық-психологиялық детальдің бәрі тұлға төңірегіне топтасады. Тұлға – оның бүтін бітімі, терең танымы; тұлға – тарих, тұлға – әлеумет, тұлға – қоғам, тұлға – табиғат байланыстары негізінде көрініс табады.
«Парасат майданы» повесінде эпистолярлық жанрдың үлгілері басым. Өйткені, екіге жарылған бір адамның санасындағы қақтығыстар үдерісі, динамизмнің күші осы хаттар арқылы жүзеге асады. «...үрей қысқан сезімдер, ойлар бет-бетімен тым-тырақай қашқан аңдар секілді, менің ырқыма бағынбайды», – дейді кейіпкер [34, 19]. Әдетте, эпистолярлық мәтіндерде ой тым күрделі болмайды. Бірақ біз аталмыш туындыдағы хаттардың философиялық трактаттарға ұқсап кеткенін көреміз, күрделі ойлардың желісін қамтыған ұзын-сонар құрмалас сөйлемдерге де тап боламыз. Бұл, бір жағынан, кейіпкер болмысын ашатын белгілер болып есептеледі. Мысалы, М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясының бірінші тарауында Абайды сөйлеткен кезде оның аузына қысқа да нұсқа жай сөйлемдерді салса, соңғы томда кеңінен көсілетін ойшыл Абайға тап боламыз. Яғни диалогтар мен монологтардан, абзацтар көлемінен де кейіпкер психологиясы, рухани-интеллектуалдық деңгейі көрініп тұрады
екен. Мұны, бір жағынан, жазушының шеберлігі деп түсінгеніміз жөн. Осы секілді, Т.Әбдікұлының кейіпкері ұзақ көсіледі, алыстан орағытады. Ойы күрделі. Бір ойды екінші, екінші ойды үшінші-төртінші ой басып әкетеді. Шығармада сюжеттік, оқиғалық «ойындардан» гөрі ойдың «ойыны» көп. Ой драматизмін қисынды қолданған қаламгердің ішкі толғаныстары, бір жағынан, өзара құндылықтар қақтығысынан хабар береді. Жазушы мазмұндық бірліктерді оқырманға жеткізудің тың формасын таба білген. Жалпы, күнделіктердегі жазбалар арқылы идеяны беру көркем әдебиеттегі психологизмнің бір элементі болып саналады. Әсіресе, бұл – модернистік шығармаларда жиі кездесетін тәсіл. Эпистолярлық жанрдың бір ерекшелігі

  • оның субъективті пікірлерге ден қоюында. Жазушы аталмыш жанрдың осы қасиетін де шебер қолдана алған деп есептейміз. Өйткені алмасқан хаттардың өзегінде субъективті пікірлер жатыр. Асылы, оның бәрі кейіпкерлер болмысын танытып, құндылықтар жүйесін көрсететін көркемдік материалдар болып шыға келген. Хатты оқып отырып оқырман бір семантикалық шеңберден келесі бір семантикалық шеңберге ауысып кетеді. Оның өзі туындыдағы динамизм табиғатын күшейтуге қызмет етеді. Жазушының «Парасат майданы» повесі туралы ғылыми басылымдарда да, мерзімді баспасөз беттерінде де аз жазылған жоқ. Н.Ақыш, Қ.Жанұзақова, Ж.Кішкенбаева т.б. сынды әдебиеттанушы ғалымдар аталмыш туындыны ғылыми талдау нысанына алып, көркемдік қуатын таразылады. Мысалы, жазушы-ғалым Н.Ақыш «Парасат майданы» жөнінде ғылыми тұрғыдан пікір білдіріп, оған қарсы бірнеше уәж келтіреді. Ғалымның ойынша, аталмыш повесть «әлдебір медициналық тұрғыдан болмаса, әлеуметтік-қоғамдық жағынан аса актуалды құбылыс емес» әрі қоғамдағы типтік құбылыстардың қатарына кірмейтін тосын жайттардың бірі ғана [6, 106]. Н.Ақыш «Парасат майданының» жапон жазушысы Эдогаво Рампоның «Түнек ішіндегі құбыжық», мысыр жазушысы Алайданың «Аббас әл-Абд болу үшін» және украин жазушысы Дина Рубинованың «Леонардоның қолтаңбасы» деп аталатын шығармаларымен ұштас, сабақтас екенін нақты мысалдарымен дәйектеп береді. Көркемдік- эстетикалық категориялардың өлшемі тұрғысынан алып қарағанда, повестің кемшіліктері байқалмай қоймайды. Өйткені, әдебиеттің басты заңдылықтарының бірі болып саналатын көркемдік-поэтикалық емеурінмен емес, шығармадағы шындық барынша ашық та анық философиялық тұжырымдармен танытылады. Осы қырынан қарасақ, Н.Ақыштың аталмыш туындының публицистикалық-философиялық сипаты басым деген пікірімен келіспеске болмайды. Себебі, әдебиет айнала болмыстың ақиқатын емеурінмен, көркемдік детальдармен жеткізуді мақсұт тұтады. Әйтсе де, біз «Парасат майданын» көркем әдеби туынды санатынан шығарып тастаудан аулақпыз. Мұндағы көркемдіктің биігінен көрінетін элементтер аз емес. Оның үстіне, әлемдік әдеби үдеріс аясында қарайтын болсақ, жазушының бұл ұмтылысын ақтап алуға тура келер еді.Заманауи әдеби үрдістердің бірі ретінде әдебиеттің қоғамдағы тосын жайттарды қаузайтынын, сол арқылы болмысты танытуды көздейтінін айтуға тиіспіз. Сонымен бірге, қазіргі әдеби процестің өзіндік ерекшелігінің бірі ретінде біз көркем шығармалардың формалық тұрғыдан трансформацияға ұшырағанын және айтар ой, жеткізер идеялық концепциясын тұспалдаулардан арылып, барынша ашық айтуға тырысатынын, мұндай құбылыстың өз кезегінде қысқалыққа әкелгенін де ескеруіміз керек. Аталмыш повестің тек көркем шығарма ғана емес,

«жазушының адамзат баласына айтқан ескерту-аманаты» екенін айтқан А.Кеңшілікұлының пікірі ойымызды қуаттай түседі [7, 88]. Міне, қазіргі прозаның мұндай сипаты сөз өнерін философиялық критерийлерге біршама жақындатты.
Шығармаға арқау болған кеңістік түрі мен уақыт мерзімінде белгілі бір символикалық салмақ бар. Повестің идеялық мақсатына жетуіне сеп болатын деталь болуға жарайды. Өйткені, жалпыадамдық құндылықтарды қызғыштай қорыған бас кейіпкер психологиялық паталогияға шалдыққан науқастар жататын ауруханада жанталасып жүр әрі оның «өзімен» алысқан хаттары тура қырық күнге созылады. 13 наурыздан басталған парасат майданындағы хат алысулар 22 көкекке шейін жалғасады. Әдетте, қырық санының этномәдени сипаты басым. Халық ұғымында жеті, қырық сандарының концептуалдық мәні бар. Халық даналығында жиі айтылатын
«Қырықтың бірі – Қыдыр» деген тәмсілдің өзі бекер айтылмаса керек. Қырық күнге қатысты халық дәстүріндегі орындалатын жоралғы-салттар туралы көп айтуға болады. Алайда, ол біздің мақсатымызға жатпайтындықтан, тек қаперге алып, аталмыш шығармадағы оның қызметі жөнінде ғана тілге тиек етіп өтуді мақсұт тұттық.
Автор модернистік дәстүр бойынша кейіпкердің жадынан сыр суыртпақтап, оның жан дүниесін қопару арқылы шығарма құрылымын қалыптайды. Бірақ ол кейіпкерімізді біреу десек те, біреу емес десек те – шындыққа қарсы келмегеніміз. Өйткені, бір тұлғаның екі түрлі қалып-күйі, бір адамның санасында жаңғырған екі түрлі принциптер мен сенімдер жиынтығы шығармаға арқау болған. Шығармада бас-аяғы 4-5 кейіпкер ғана бар. Алайда, барлық тартыс екі «адамның» – бас кейіпкердің екі болмысында өтеді. Кейіпкердің екіге жарылуы – аса күрделі мәселе. Жалпы, кейіпкердің екіге жарылу үрдісі қазақ әдебиетінде жоқ құбылыс дей алмаймыз. ХХ ғасырдың басындағы қазақ прозасында – Ж.Аймауытұлының «Елес» әңгімесінде, М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» мен М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімелерінде оның алғашқы нышандары көрініс тапқан. Аталған көркем туындыларда кейіпкерлер ішкі монолог арқылы өз-өзіне қарсы шығады. Сонымен бірге, алпысыншы жылдардағы «жылымық кезең» әдебиетінің ірі өкілдері – О.Бөкей, А.Сүлейменов, Ә.Кекілбаев, Ә.Тарази, М.Мағауиндердің шығармашылығында кейіпкердің іштей өзіне қарсы шығу құбылысын
кезіктіруге болады. Дегенмен, Тәуелсіздік тұсындағы кейіпкердің қос рухани кеңістікті мекендеу құбылысы терең талдауды қажет етеді. Себебі, соңғы ширек ғасырда ғана шын мәніндегі батыстық модернистік роман- повестердегідей кейіпкердің екіге жарылып, өзара таласқа түсу көріністері бар бояуымен көріне алды. Мысалы, екі мыңыншы жылдардың айтулы жетістігі ретінде аталатын М.Мағауиннің «Жармақ» романында (2007) кейіпкердің екі тұлғаға бөлінуі шебер суреттелген [30]. Алайда, автор бір адамды екі тәнге – екі адамға бөлуді құп көрсе, біз талдап отырған Т.Әбдікұлының «Парасат майданында» кейіпкерлердің тәні емес, жаны екіге бөлінген, рухани тұрғыдан екіге жарылу құбылысы суреттеледі. Мұның бәрі адам жанының аса күрделі құбылыс екенін, оның ішкі шиырларына әлі де болса дамыған ғылымның жете алмай жатқанын көрсетеді. Адам – күрделі болмыс. Оның сырын ашып, тереңіне бойлау үшін қазіргі әдебиет психология ғылымындағы бейсаналылық теориясында айтылатын құбылыстарды суреттеуге ұмтылып жатқаны байқалады.
Т.Әбдікұлының «Парасат майданы» повесіндегі бас кейіпкер мен бейтаныс кейіпкер арасындағы хаттар – құндылықтар жүйесі қақтығысының сыртқы формасы. Мұнда әдеттегі классикалық туындылардағы сюжеттік қақтығыс кейінгі шепке ығысып, басты рөлді ой қақтығысы алады. Парасаттың алаңында орын алған ой-көзқарастар қақтығысы құндылықтар жүйесінің бейнесін анықтауға жол ашады. Бірінші кейіпкер – жалпыадамдық құндылықтарды қастер тұтатын азамат. Ал
«екінші», бейтаныс кейіпкер – қалыптасқан жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың бәрін қайта қалыптау керек деген деструктивті ұстанымдағы адам. Біріншісі – «рақымшылдық, жанашырлық, аяушылық, жақсы көрушілік, ізгілік жолындағы жанпидашылдық тағы басқа тіршіліктің мәніне айналған әулие қасиеттер – осының бәрі мәңгілік түнекке сіңіп жоқ болады дегенге көнгісі келмейтін» кейіпкер [66, 9]. Ал бір-бірін көрмейтін, тек хат жазысу арқылы ғана пікір сайыстыратын екеудің құндылықтар жүйесінде айтарлықтай алшақтық бар. Өйткені, бас кейіпкеріміз өзінің бейтанысына жазған хатында «Сіздің дүниетанымыңызда менің жанымды, сезімдерімді, қорлайтын нәрселер көп», – деп жазады [37, 23]. Ал сезімдер, көзқарастар негізінен құндылықтар арқылы қалыптасады. Яғни, біз бұл екі кейіпкердің арасындағы шиеленісті жағдайды құндылықтар қақтығысы ретінде қабылдауымыз керек. Бірақ бұл қақтығыс тек ойда, сана алаңында өтеді. «Тура бір ғашығым секілді – күндіз-түні ойынан кетпейді» [6, 24]. Бас кейіпкеріміз бен оның бейтаныс досы бақыт құндылығы жөнінде көп таласады. Бақытқа жету үшін біріншісі қалыптасқан тұрақты құндылықтарға адал болу керек десе, екіншісі оның бәрін бұзып, қайта жасау керек деген ұстанымын ашық айтады. Ол: «Ар- аят, адамгершілік, әділет туралы түсініктерімізді қайта жасауымыз керек.
...Тек рухани шексіз бостандық қана адамзатты бақытты ете алады», – деп жазады хатында [6, 26]. Оған бірінші кейіпкердің жауабы әзір. «Адамдар
осы кезге дейін қалыптасқан адамгершілік қағидаттарын орындағаннан емес, керісінше, орындамағаннан рухани тоқырауға ұшырап отыр. Рухани ғибадатханаларды қате салғаннан емес, керісінше, қасиетті орындарды қадірлемегеннен, құндамағаннан, ластағаннан бақытсыз болып отыр», – дейді [6, 28]. «Өйткені, бостандық біреуге залалың тимейтін жерге дейін ғана бостандық, одан әрі – қиянат» [6, 29]. Осы тұста құндылықтық шекара деген ұғым пайда болады. Жалпыадамдық құндылықтардың да өз шекара- шегі бар. Одан асқан кезде басқа құндылыққа көлеңкесін түсіру қаупі бар. Мысалы, жомарттықтың көбі – ысырапқа, сабырлықтың шегі – көнбістікке, бостандықтың шегі – қиянатқа, ал батырлықтың көбі зұлымдыққа т.б. ұласып кетуі мүмкін. Ал адам баласының парызы, бұзылмауға тиіс борышы

  • осылардың орта салмағын сақтай білу. Қоғамдағы әлеуметтік проблемалардың негізі, шығармадағы идея бойынша, «адалға да, арамға да, ізгілікке де, қиянатқа да жататын рухани қосмекенділердің көбеюінен» [38, 33]. Ол өз кезегінде рухани терроризмге жол ашуы мүмкін. Шығармада осы жалпыадамдық құндылықтардың қас жауы ретінде жалғыздық концептісі көрсетіледі. «Жалғыздық та осындай космостық қара тесік («черные дыры») секілді. Бойыңдағы сәулеңді, күш-қуатыңды, жігеріңді, үмітіңді, сеніміңді қайтып шықпастай етіп сорып алады. Жалғыздыққа кеткен қайратыңның жүзден біріне қыруар ерлік жасауға болар еді» [6, 34]. Екі кейіпкер де жалғыз. Бірақ бір адамның бойында өмір сүреді. Екі кейіпкерді айтыстыру жазушының басты мақсаты емес. Ол тек қана айтқысы келген ойын – шығарманың идеясын беру жолындағы құрал ғана. Бірінші кейіпкерге қатысты автор Мағжан Жұмабаевтың «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деген өлең тармағын келтіреді. Өйткені, бас кейіпкер қоғамдағы әділетсіздікке, қаталдық пен надандыққа іші ашиды. Олар – саналы адамның жанын қинайтын, тыныш өмір сүруіне кедергі болатын дерттер. Сол үшін бас кейіпкер үшін өмір құндылығы аса қымбат емес. Оған ар, әділет, ұят қымбат. Аталмыш жалпыадамдық құндылықтар қадірлі болғаны үшін де ол хатқа жауап жазып, пікір таластырып жүр. Осы орайда, ол – жалпыадамдық құндылықтардың жақтаушысы ғана емес, қорушысы да. Бас кейіпкердің кей күндерде күнделік жазуды ұмытып кетем деуінің астарында психологиялық паталогия ауруының өзіндік ерекшелігі жатыр. Ол әр төртінші күнде өз болмысындағы екінші адам бейнесінде оянады. Сол үшін күнде толтырып жүрген күнделігін толтырмайды. Қайта ол күнделікті сырт көз – басқа адам болып оқиды. Физиологиялық, психологиялық ауытқышулыққа тап болған адамдардың патология диагнозымен ауруханаларға жатқызылатыны заңдылық та, ал енді рухани тұрғыдан кемтарлыққа, сорақы паталогияға ұшырағандар еркіндікте жүруі әдеттегі қарапайым нәрсе ретінде қабылданады. Жазушы осы туралы «адамгершілік мұратыңды сатудан артық қандай патология болуы мүмкін?» [39, 17] деген кейіпкердің сұрағы арқылы үлкен проблема көтеріп отыр. Дәл осы сұрақ

«Парасат майданының» проблематикасы бола алады.
Шығармадағы бейсаналылықтың көріністері түс көру мотиві арқылы ашылады. Мысалы, ол алғашында өзінің теріс қарап тұрған бейтаныс құрбысын жақыннан көреді, бірақ қол соза бергенде ғана оянып кетіп, өзінің бастырылығып жатқанына көзі жетеді [39, 20-21]. Әсіресе, оның екінші рет көрген түсі шығармадағы көтерілген жалпыадамдық құндылықтардың табиғатын тереңірек түсінуге жол ашады. Ғимарат алдындағы ұзын-сонар кезекке тұрып, басқа бір адамның өз кезегін беруімен іштегі қабылдауға кіреді. Шындап қараса, кабинет сыртында өзінің аты-жөні жазылған. Ол өзінің қабылдауына кірген боп шығады. Ал сырттағы кезектің соңы көрінбейді, ол тіпті қала сыртына дейін жалғасады екен. Қабылдауға жазылған адамдардың көбі ішке кіре алмай, өз кезектерін баласының баласына қалдырып кетеді дейді [39, 48-49]. Бұл эпизодтың астарында әр адам өз ішіне терең үңіліп, құндылықтық бағдарын дұрыс тапқанда ғана бұл «кезектен» өте алады деген ой жатыр. Қоғам тұтасымен рухани ауруға шалдыққан. Оның емі сыртта емес, адамның ішкі әлемінде деген идея бар.
Тартыссыз шығарма жоқ. Шығарма бола қалса да, поэтикалық қуаты тым әлсіз, жұтаң шығарма болмақ. Ал «Парасат майданы» деп аталатын повестің өзі әлі бұл шығарманы оқымаған оқырманның өзіне өне бойында үлкен тартыс бар екенін паш етіп тұр. Тақырыбынан көріп тұрғанымыздай, шығарманы оқып болған кезде, бұл шығармада тартыс, коллизия оның сюжеттік желісінде емес, кейіпкер(лер)дің ой-санасында өтетініне көз жеткіздік. Парасат майданы деген – осы. Оның күрескер(лер)і – жеке адам. Бірақ біз оның сыртқы түр-тұрпаты мен есім-сойын біле алмаймыз. Бұл орайда әдебиеттанушы Қ.Жанұзақованың мына пікірі өзекті деп ойлаймыз.
«Парасат майданы повесінде автордың алғы сөзінен қаһарманның «ақ сары жігіт» екенін жобалаймыз, бірақ нақты түр-түсін, бет-әлпетін айқын көзге елестете алмаймыз. Есесіне, кейіпкердің ішкі әлемін, адамдық табиғатын, дүниетанымын айқын танып, оны не толғандыратынын анық бағамдаймыз» [39, 4]. Яғни аталмыш туындыда бас кейіпкердің сыртқы портреті емес, ішкі портреті – жеке адамның ішкі жан дүниесі, күйініш-сүйініші, рухани- психологиялық бағдар-бағыты көрінген. Осы арқылы автор қоғамның ой- сана портретін қалыптап береді. Асылы, біз үшін де керегі – осы. Құндылықтар жүйесі көбіне-көп сыртқы түр-тұлғадан гөрі ішкі рухани діңгектерден көрінетіні жасырын емес.
Қазіргі прозада тәуелсіздік құндылығын сақтаудың ең маңызды алғышарты ретінде моральдық-этикалық құндылықтарды қайта жаңғырту мәселесі көтеріледі. Ұлттың өзіне тән қалыптасқан этикалық жүйесіне оралу мәселесі қай шығармада да терең қозғалады. Біздің ойымызша, жоғарыда талданған екі туындыда ең басты құндылық тәуелсіздік құндылығы деп санаймыз. Ол ашық айтылмағанмен, көтеріліп отырған проблематикасы ел егемендігін сақтаудың, оны нығайтудың алғышарты ретінде аталады. «Соңғы парызда» өткен тарихи кезеңге тәуелсіздік көзімен қайта баға берілсе, «Парасат майданында» тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қазақ қоғамының шынайы бет-бейнесі ашылады. Екі шығармада да тәуелсіздік құндылығының аксиологиялық өрісі ретінде қанағат, әділдік, ар-ұят, мейірім, құрмет құндылықтары көрініс табады. Мысалы, ХХ ғасыр басында өмір сүрген Алаш арыстарының шығармаларында елдікті сақтаудың алғышарты ретінде білім құндылығы аталса, қазіргі прозада татулық, қанағат, әділдік құндылықтары тәуелсіздіктің нығаюына жол ашатын, сақтап қалатын құндылықтары ретінде көркем шығармаларға арқау болып отыр


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет