ҚОШ БОЛ, ƏДЕБИЕТ!
Мені шайырдан жазушыға айналдырған
Эрнест Хемингуэй, содан кейін – Альбер
Камюдің Жерорта теңізін аштым. Камю
дегеніміз – жалған махаббатқа жаза кесу,
ажалдың ауытқымай тура келе
жатқандығын ешқашан естен шығармау,
ғұмыр қағидасын жаңадан қалыптастыру.
Тың мазмұн – толығымен сезімге берілу,
тіршіліктің мүмкіндіктерін түбіне жет-
кенше сарқу. Хемингуэй – адамның өмір
сүру тəртібі, Камю – ойлау жүйесі.
Кітап құрып барады. Бірақ, кітап құрып
кететіндігімен бағаланбауы қажет. Оның
қасиеті өртеп жіберсең де еш жанбайтын
қолжазбалар екендігі мен кездейсоқ
жолықтырып қалған пенденің жан
дүниесін кері аударып тастауында
шығар.
Жақсылық қалқып су бетіне шығады,
зұлымдықты құрдым дөңгелетіп тереңіне
алып кетеді. Мəңгілік сапарына аттан-
сын, ғаламға əдемілік пен əуезділік
үстемдік жүргізсін, бар əлем қара сөздің
құлақ күйіне келтірілсін.
Хемингуэйді киноға қанша түсірсек те
кинорежиссер қиялы оның бір сөйлеміне
тұра ма екен. Нағыз прозада жойылмай-
тын қуат бар, ғасырлар арнасынан
тасқындап құйылған санскрит жазбалар
секілді ғажап сөйлемдер де төл
дəуірінде ұмытылып кетіп, замандар өте
келе, өзінің асқар биігіне қайта оралады.
Шекспир поэмасын жазсын, Толстой
даналық туралы жарлық шашсын, Бе-
йімбет халықтың мұңын шақсын.
Əдебиетті кебініне орап, табытына салу
– асығыстық. Кітап үңгіріне қайтады.
Ғасыр дəстүрдің бұзылуымен басталды.
Үйреншікті даңғыл жолайрыққа келді,
арбаның доңғалағы қира-ды, жүректі өрт
шалды. Дүниежүзілік соғыс өлімнің бет-
бейнесін көрсетті, қанның иісі, түрі
қандай болатынын білдік, қасқырдың
азуы жамбасымызға батты. Адамгерші-
лік сенімнен айырылды. Қайырымдылық
мұң-шер, қайғы-қасірет, азап-бейнетке
көмектеспеді. Елдің пейілі тарылып,
арман-ниеті асыл мұратынан адасты.
Ұрпақтар толқыны үзілді. Аталар салған
соқпақ немерелер үшін керексіз болып
қалды. Жас солдат кеудесіне қастасқан
дұшпанға деген кек қатты. Адамзат –
дұшпан бейнесі, соғыста жауды аяған –
жаралы. Майданнан жаралы қайтқан
қападар жауынгер бейбіт қаланың
жайлы кафесінде жақсы көретін шара-
бын ғана ішті, құшағында омырауы
ашық, жеңіл мінезді жезөкше отырды,
ойында – қалайда бүгін майдан даласы-
нан шығандап қашып шығу. Қашып
шығуына шарап жəрдемдесті. Адасқан
ұрпақтар Парижде де, Миланда да, Бер-
линде де, Байонна мен Венада да
қаптап жүрді. Ғаламды қайыра түсіндіру
қажет болды: қысқа жəне анық. Ажалдың
кескін-келбеті бұлдыр емес, өлген
адамды көрген шеріктің жанары
]]]]
Қарқаралы
]]]]
15
тұманданған жоқ, көзін жұмған досына
серігі немқұрайды қарап тұрды.
Қасіреттің бетіне тік қараған жөн. Сыртқы
дүние бұзылды, сондықтан ішкі
космостың быт-шыты шықты, сана – екі
əлемнің жиынтығы – қазаға ұшырады.
Дүние не болып кетті, адам неге
азғындады, оларды кім құтқарады.
Жаңа тəсіл жаңа сананы
қалыптастырды: адамзатты арашалау
қажет еді. Қандай қиындық болса да
рухтың тұғыры – аспанда. Жүрексіздік,
аярлық, рухани құлдырау орны –
əрдайым аяқ астында.
Кісіліктің абзал қасиеттері мен
пендешіліктің аяр сипаты мылтықтың
аузы саған көзделгенде ашылады: не
сатыласың, не жер құшасың. Адам
ешқашан беріл-мейді, оны тек қана
өлтіріп тастауға болады.
Оңай жеңіс, жеңіл табыс, жалаң сезім,
жалған намыс, арзан күлкі шептен
оралған шеріктердің ашу-ызасын ту-
дырды: махаббат жоқ, бірақ қайткенмен
табу, жақсылық жоқ, бірақ ұдайы іздеу,
мағына жоқ, бірақ əйтеуір беру.
Сөздің тігісі сөгілді, өйткені – əлем
қопарылды, себебі – дүние бүлінді, жүк
тасыған дара-дара автомобильдер
сияқты əр сөйлем жеке-жеке оқшау
мəнге ие болды.
Əдебиетке Хемингуэй келді. Ол рево-
люция жасады. Проза тарихы мұндай
аласапыранды тұңғыш рет басынан
өткерді. Əсіре сөздерге өлім үкімі жария-
ланды. Күшейтпелі шырай сызылып та-
сталды. Артық сөйлемнің басы кесілді.
Уақиғаны кейіпкердің өзі айтпайды, оны
бастан-аяқ оқырман өзі кешіп отырады.
Баяндау – майданға қатыспаған
желөкпенің ертегісі, “қасіреттің түсі ақ”,
аптықпай суретін салып беруге болады.
Детальды өзі анық көрмеген қаламгер
боямалап əңгімелеуге ұрынады, əйтпесе
несін жазады.
Əр сөз – пайдалануға берілген кірпіш,
қалаудың əдісі балшық жағып, бірінің
үстіне бірін қабаттап жатқыза беру емес,
кейбір тұсына кірпішті тік қойып, терезе
жасаймыз. Қабырғаның міндетті түрде
ұзын болуы шарт емес, кейде қапталын
шағындап, келте қайырған абзал,
ғимарат тек қана атшаптырым дəлізден
тұрмайды.
Сөйлемде – етістіктің рөлі зор, одан
ырғақ туады, айтарыңды дөп басса –
ойды бекітеді, үнемі мəн-мағынаны
ықшамдап бере алатын сөзді шарқ ұрып
іздеу қажет. Зады, қысқа жазу
қарабайырлықтан бо-йын аулақ салсын,
арқасы жауыр сөзге жоламасын, ешкім
ұқпайтын сөйлемді үйір қылмасын.
Білмейтін тақырыпқа қолыңды сұқпа.
Білетін нəрсені түгел сипаттап, түгендеп
айтып талпынудың қажеті шамалы, бүге-
шігесіне дейін мəлім жайтты түсіріп,
қалдырып кеткен көп ұтады: диалог ада-
сып жүргендей көрінуі мүмкін, бірақ
түсіріп, қалдырып кеткен жайт сөздің
астарында жатады. Хемингуэй
қаһарманымен таныстырмайды,
ешқайсысына мінездеме бермейді, оны
қарекетін көріп, мінез-құлқының қыр-сы-
рына қанығып, кейін өзің танып аласың.
Ештеңе қайталанбауы тиіс: шыққан
асуды екі мəрте бағындырып қажеті жоқ.
Мəтін ырғақпен түзетіледі. Диалогтағы
жауап кейде шорт қиылады. Қолға
ұстатпай қойған ой шың-дала түседі,
əңгіме жонылады, романның повеске
ауыс-уы мүмкін, новелладан бір ауыз
оқиға қалады. Əр сөзіңе жауап беруге да-
йындал, уақыт алдап-арбауға көнбейді.
Кейде, ауық-ауық соңырқалап жаңа əдіс
жолы кездеседі: бір сөз əлденеше мəрте
жалғыз па-йымды түптеп кетеді.
Лирикалық көңіл күйін созу үшін немесе
қалам сүйіп жазған əсерді нақыштау
үшін. Түзетуден қорықпаған жөн. Ырғақ
тербетпеген сөз архитектураны бұзады.
Шағын дүние – талант пен ізденістің же-
місі. Новелла соңын алдын ала көре білу
– дарындылық. Шарықтатып əкеліп,
ақырында əдемі үзіп жіберу –
шеберліктің белгісі.
Дəлдікте Хемингуэйден озған ешкім
жоқ. Оны мойындамаған жазушының
қабілетіне өз басым күмəн-мен
қараймын. Əр сөйлемді музыкаға
айналдырған эстетикасының дөптігі тұла
бойыңды шымырлатады. Сондай ғажап
шағын туындылар, көркемдігі көз
сүйсінтеді, əсемдік əсерін сезіну қайыра
оқуға себепші болады. Шоқтығы биік
шығармасы – “Түнгі жарық”.
Ол көріп жазды. Əуелі басынан кешірді,
артынан қаламы оқырманына жеткізді.
Бұқа майдан, боксшы ережесі, соғыста
сынған қол, тəуекелшіл махаббат,
балықшы күркесі, жолбарысты атып
өлтіру – өмірінде болды.
Болмаған, бастан кешпеген нəрсені
жаза алмады, сонысымен ұлы.
Шығармашылығы мен ғұмыр-
намасындағы қос желі бір-бірін қайталап,
жұптасып қатар жүрді, жазу үшін сапар
шегіп, ел көрді, жер бетін кезу үшін жазу
керек еді. Ол естіген сөзін ұмытпады.
Көргенін қағазға түсіре алды. Жазғысы
келмесе, қаламы жүрмеді. Кей уақ
азапты күйзелістер айларға, жылдарға
созылды. Ол ештеңе жазбай тірлік кешті:
Хемингуэй үшін қасірет. Уақыт көші
жылжи келе жазып кетеріне сенді.
Бір жолғы дағдарыс он жылға созылды.
Қатты қапаланды, тез қартайып қалды,
жастық шағын жиі ойлады. Оны “Шал
мен теңіз” құтқарды. Бірақ, оны енді
ештеңе құтқара алмайтын еді. Сырқаты
көбейді, шабыты шау тартты, тіршілігі
мəнінен айырылды.
Хемингуэй туралы жазылған естеліктер
көп. Əр қаламгердің жеке айтары бар,
үйренген тұстары мол. Ғұмыры жайлы
Б.А.Гиленсон кітап шығарды: “Эрнест Хе-
мингуэй”. Жақсы сарапталған туынды.
Пəлсапашы Э.Ю.Соловьев “Қасіреттің
түсі ақ” атты очерк жазды, Евгений Евту-
шенко “Қош бол, Хемингуэй” эссесін
дүниеге əкелді, Ю.Я.Лидский “Э.Хемин-
гуэй шығармашылығы” деп аталатын
сүбелі еңбегін жариялады. Оны
]]]]
Қарқаралы
]]]]
16
орысшаға аударған адамдар ше, олар өз
түсініктерімен бөлісті. Америкалықтар
төл азаматын жат жұртқа беріп қойған
жоқ, қаншама кітаптар сомдалды,
естеліктердің көлемі ұшан-теңіз, жаңа
толқын, зады, басқаша көзқараспен
туады.
Солай болса да, ешқандай сыни
əдебиетке еліктемей, өзімнің Хемингу-
эйімді жазғым келді. Қаламгерді осылай
қабылдадым. Кейінгі жылдары Хемин-
гуэй ауруға шалдықты, ұзақ жаза ал-
мады, бұрын оңай есіне түсіретін
жайттарды ұмытып қала берді. Ол
құлдырауға ұшырады. Ержүрек солдат,
ашық теңізге еркін шығып кете беретін
батыл балықшы, мықты аңшы, ғажап
бокс-шы, карнавалды сүйген
қыдырымпаз жəне... ұдайы мойымаған
жігерлі тұлға, дарыны сұмдық жазушы
бейшара халге түсті. Ешқашан
жеңілмеген ол шешімін күні бұрын да-
йындап қойған еді.
1961 жылдың екінші шілдесінде, жек-
сенбі күні, Хемингуэй ерте оянып кетті.
Ертеден келе жатқан əдеті, күннің
алғашқы сəулесімен қатар тұратын. Үй
іші ұйықтап жатты. Қызыл халатын жа-
мылып, ол төменгі қабаттың астындағы
шошалаға түскен. Мылтық жатқан
бөлмені кілтпен ашып, қосауызға екі пат-
ронды салды да, жоғары көтерілді.
Содан кейін мылтықтың ұңғысын ауы-
зына тіреп, шүріппені бас-ты .
Алматы, 28.06.1996
ҚАРАҒАЙЛЫДАҒЫ ТАНГО
Күзгі бақты мұң-шер меңдеп, уайым-
қайғы иектеп алыпты. Сəкілер бос,
сүйісіп отыратын жас алматылықтардың
орнын сары бояу, қызыл түсті
жапырақтар басқан. Қара суық бүрістіріп
тастаған қалалықтар үйлерінде кешкі
асты күтіп, əредік қана терезені жапқан
пердені түріп, ақшам жамыраған тысқа
көңілсіз қадалады. Сол кезде, бақ ішін-
дегі сүрлеуді қураған шөп-шаламнан
бəтеңкесімен тепкілеп аршып келе
жатқан бозбаланы байқап қалатын
шығар.
Маған назар аудармай-ақ қойыңыздар.
Кешігіп оралған таңсық сезім мені
сүреңсіз көшеге алып шыққан. Бұлыңғыр
аспан, шалшық иірген жадағай сорап
зиын түкпіріне жасырған кешегі сүйікті
таныс бейнені, жүректі ауыртқан жылы
жүзді қайыра көз алдыма дедектете
сүйретіп əкеледі. Қартайып қалыппыз біз,
арман жолында сəуле шашқан ізгілікке
сеніп, жан ұшырған жылдарды еске алып
тұрып, солай тұжырғым келіп,
қиналамын. Аңғал кез, ақымақ шақтар
тілсіз ғарыштың қойнауында қалайша
адасып қалды. Ұмытылды барлық кел-
беттегі сен ұнатқан, өзіңді жақсы көрген
тоқтаусыз күлкі, келешектен опа іздеген
тұңғиық жанарыңдағы мұңды көзқарас,
түгел өтіп кеткен, қандай қасиетіміз
сақталды, қай үмітіміз кеудемізде əлі тірі
жүр, ақ қырау шала бастаған самайдағы
шашымыз ба, əлде кір жуытпаған
көкірегіңе ұдайы жолың болмағандықтан
қаяу түсті ме, ештеңеге сенбей
қойыпсың, ақындардың əн қылып жы-
рына қосатын өмір дегені осы ма, кірпік
айқасқанша сүріліп тасталатын, сондағы
ұсынатын қызығы қайда, мен пенде
адамдар атынан суық, қатыгез Ғаламға
лағынет айтамын, ешқашан көсегең
көгермесін!
Мəңгілікті əперші маған, бəйіт оқыған
жалғызілікті шайыр. Ешкім кешіп тауыса
алмайтын ғұмырды талап етемін,
конституцияның шектеулері ерте солған
бозша жігітті байлыққа кенелтпек түгілі,
ішкі аласапыран мұхит əлемінде бас
көтерген бүлікшіл ниетіне бөгет жасауға
да қауқары жетпейтіні анық.
Құс жолы секілді кəрілік дертіне
ұшырамайтын тағдырды неге сүйеніш
етпедің, құйтақандай адам ретінде
өзімнің жазмышыма келіскім келмейді,
бақытты болуға тиіспін, неғып үнемі
меңіреу құсап жауап қатпай жатасың,
атаңа нəлет, тамағыңа тас кептелгір,
абыройсыз, бірақ соны ұғарлық жетесі
жоқ, жалпақ дүния.
Уақыт кесе-көлденең кездескен
тосқауылдарды бұзып, ойды шашыра-
тып, тəніне таңба салады екен де, саған
жолдас қылып тек қана орындалмай
қалған балалық тілегіңді иықтастырып
кетеді екен. Əрбір қарттың бауырында
жастық шағының салмағы жатыр. Түнде
түйнеп ұйықтатпайтын сырқат – жаман
шалдың алданышына айналған жалғыз
серігі. Оның қол созған мұратының
жалғасы іспетті. Қария пішін жəне сəби
түйсік.
Мұндай болашақтан бас тартамын. Тап
қазір қанша қатуланып тұрсаң да суық
жүзіңе тік қарап, қаймықпаймын, маған
шығарар үкіміңді естірт, қорықпаймын,
құрдымыңа табан астында алып кетсең
де, түпсіз космос. Берекесіз тіршілік не-
гізгі мағынасын жоғалтып, сұлулығынан
айырылғанда, көрікті əйел мен үкілі
дəурен несімен қызықтырып əкетсін.
Əуелі басты сауалыма түбегейлі толық
толғамыңды ұсын, содан кейін
жайылымның нендей шұрайлысын,
етектінің кімдей ажарлысын
таңдайтынымды жайып салмақпын.
Маңдайға əжім түскен сайын бастапқы
пəни соқпа-ғымды аласұрып іздеймін.
Кейде оны құйылған темір қалыптың бей-
несінде, рəміздік пішінде көргім келеді.
Сонда бүлдіршін бал кезді білегінен
ұстап алар ма едім. Бірақ, оқта-текте
əдеттегідей таң сəріде қалың ұйқыдан
оянып, көрпемен қымтанып жатқанымда,
Абай даңғылынан автомобильдер
шуылы жаңа тарай бастағанда, қайдан
қаңғып келгені белгісіз, манағы таңсық
сезім қайта мазалап, Қарағайлыға
шақырып тұрғандай күйге бөлейді. Мен
сағынып жүрген əлди бесік сол шаһарда
қалып қойғандай көрінеді. Қарқаралы ір-
гесіндегі қалашыққа сағынышымды
]]]]
Қарқаралы
]]]]
17
қанатыма байлап құстай ұшып жетсем,
сартап қиял қарсы алдымнан жолығар ма
еді, – қарқарадай, қарағайдай биік
ғасырым! Содан соң ажал келіп, есігімді
қақса, ілгекті өзім ағытып жіберермін бе,
айналайын, Талды өзені, Қар өлке, Бай-
бала асуы, Қызылтас сілемі, Кент тау-
лары. Қарағайлының жеңіл жүрісті
бикештерімен танго билеп, шыр көбелек
дөңгеленіп тұрып аламын, лəззатқа мас
болған қарқаралылық беймаза қазақ
солай ғана бүлікшіл ниетінен біржолата
айнып, Жер бетінен бақи жоғалатын
шығар.
Күзгі бақты мұң-шер меңдеп, уайым-
қайғы иектеп алыпты. Сəкілер бос,
сүйісіп отыратын жас алматылықтардың
орнын сары бояу, қызыл түсті
жапырақтар басқан. Қара суық бүрістіріп
тастаған қалалықтар үйлерінде кешкі
асты күтіп, əредік қана терезені жапқан
пердені түріп, ақшам жамыраған тысқа
көңілсіз қадалады. Сол кезде, бақ ішін-
дегі сүрлеуді қураған шөп-шаламнан
бəтеңкесімен тепкілеп аршып келе
жатқан бозбаланы байқап қалатын
шығар.
Алматы, қыркүйек, 1996 жыл
МАХАМБЕТ
ФИЛОСОФИЯСЫ
1846 жылы Қараойда дегдар Махамбет
қаза тапты. Кекілік тауындағы – кейінгі,
алапат аласапыранда, қазақтың ұлы
ханы Кенесарыны жауыздықпен өлтіретін
қандықол, опасыз, жырынды жау –
қастасқан ділмар шешен, алғадай
батырдың басын қапылыста шауып –
құныкер атанды.
Өр тұлға қапыда қор болды.
Қиянатшыл, əділетсіз топ, аяр қауым, те-
гінде, заманын биледі, кең-байтақ
сақараға шексіз үстемдігін жүргізді.
“Қамбар батыр”, “Ер Тарғын”, “Қырымның
қырық батыры” дастандарын, Сыпыра
жырау, абыз Асанқайғы, жорық жыршысы
Қазтуған, жауынгер ақын Шалкиіз,
қаһарман шайыр Жиембет, жаужүрек
қолбасшы Доспамбет мұраларын жас ке-
зінен көкірегіне тоқып, ғұмыр бойы жұрт
қамын жеп, ел қорыған, қайран ердің
өшпес кегі, кешпес өші кетті.
Задында, Махамбет ажалын түсінде
көрді. Алайда, Өтемістің ұрпағына
ештеңе қорқынышты емес еді: жаза да,
азап та, өлім де. Исатайдан айырылған
қызғыш құстың бойын енді қандай үрей
билесін, уа-йымдап біткен жоқ па,
алаңдап болған, содан соң... дүниеден
жеріп – жаны сірі, дəті берік, өмірі жырақ
– алабөтен саяққа айналды. Ешқайда
жолы түспей қойды, қонақтар легі үзілді,
достардың пейілі өзгерді, жапандағы
жалғыз үй кеудесіне үміт отын жақты,
қайыра жолығысамыз біз, Исатай
баһадүр, қамықпа, менің тұғырым –
мəңгілікте.
Махамбетше өмір кешу – қажет!
Спартандық хал-ахуал, қатал тұрмыс
алысқан жаудың жігерін мұқалтады,
бірақ, өзіңе қайрат береді, бойыңа күш-
қуат қосады, тілемсектеніп ел аралап
қайыр сұрама, күйреуіктей жасып, езіліп
кетпе, намыстың қайқы қылышын
қоршауды, шеңберді бұзып-жарып,
дұшпанға сілте, сөздің өткір – селебе
жүзін өтірікке қарсы жұмса, сөйтіп,
жағдайы əрі қатаң, əрі жалаң тіршіліктен
де асып түс. Тыныштықты бұз, көңілді
мазала, ұйқы көрме, тыным таппа, аз
мүмкіндікпен көп нəрсеге жет, мол
табысқа кенел.
Қазақ тілді бозбала, біз – Махамбетпіз.
Онтология
Махамбет болмысымыз Кант ілімі
тəрізді екіге – қақ жарылады: ішкі табиғат
жəне сыртқы көрініс.
Сыртқы көрініс, бəрімізге белгілі, көз
қызық-тыратын көрікті тұрмыс жоқ, бас-
панамыз – көк түріктің аспанының асты,
қайда көшіп барсаң да қарсы алдыңнан
басқан жері сықырлап мехнат шығады,
ата-анамыз елде, ұмыт қалған ауылда
қара шаңырақтан желек созып, түтін
түтеткен, бала-шағамыз жұртта, кеш
батып үйге қайтқанда, шуылдасып қызыл
іңірде жарыса тамақ сұрайтын. Тап осы
кезде құпия мақсатын, жұмбақ бағыт-
бағдарын қуалап кетіп бара жатқан
Құсжолын Нью-Йорк тұсынан қопарып,
salute атқан тоқ бала сыраға бөгіп,
теңселіп құлап бара жатады. Ол –
ағылшын тілі мен экономика кəсібін
меңгеруге мұхит асып кеткен сенің екі
туып, бір қалғаның.
Менің кішкентай Махамбетім, ешқашан
сағың сынып, меселің қайтпасын. Біздің
ішкі табиғатымыз сан қатпарлы, қабат-
қабат арна салатын ұлы мұхит ағыстары
секілді, айрықша, өзгеше, алабөтен, –
Мексика бұғазының жағалауларына
майда жылылықты алып баратын қуатты
Гольфстрим іспетті. Көкірегімізді
толтырған рухани дүние бізді ұдайы ба-
йытып, кемелдендіріп, құнарымызды арт-
тырып отырады. Қазақ тілді, жұпыны
киімді сəби – жанкешті перзент,
ауыртпалыққа белшеден батса да жанын
шүберекке түйіп алады. Мен үшін
қорықпа, көкем, үлкен қаланың, бəрібір,
бір жерінен тесіп шығамын, бас аман,
ден сау, еліміздің іргесі берік болсын.
Көкесі уайым жемейді, даланың бейнетін
көрген, қатал тəрбиесінен өткен бала
ғылым-білім жолындағы қиындықты оңай
жеңіп, асыл мұратына қол созады.
Париж, мені сəл ғана күте тұр, Тəңір
жарылқаса, саған да қанатына сенген
қарлығашқа ұқсап, Берлин мен Венадан
көктей өтіп, шуақты көктемде ұшып же-
темін.
Гносеология
Махамбет құбылысы зерттеуге
көнбейтін – иррационализм. Бес жыл
бойы қара нан мен қара шайды қорек
етіп, кейін ғажап биікке көтеріліп алатын
]]]]
Қарқаралы
]]]]
18
рухтың болмысы қанша талқыға салсаң
да, ақылға қонбайтын категория.
Бұл жерде агностицизмге жақпын.
Ерекше қайрат-жігер формуласы басқа
жерде қолданылса, ешқандай нəтиже
бермейді. Махамбет құбылысы ден
қойған, зер аударған объект тұрғысында
танылуы үшін айрықша субъект қажет.
Логика
Өйткені, рухтың болмысы – ана жаты-
рына түскенде, ошақтағы қазанға жерік
ас тасталғанда – қалыптасады. Өр, бір-
беткей мінездің тегі – анасының омыра-
уында, əкесінің қабағында, сосын –
ауылдың табиғатында.
Сондықтан, ертең жансебіл болуға,
зады, бүгін кіріскені шарт. Қапылыста
ештеңе тумайды, аяқасты-нан жоқтан
бар жаратыла кетпейді. Əрдайым
жыртық киіз үйде жұтаң өмір сүріп, жадау
тұрмыста жалаңаяқ жар кешіп дағды
алған тарлан ұл, далалық перзент қиын-
қыстауда нəр сызбай еңбек етуге
қашанда дайын. Олар жастайынан пəни
дүниені қатал қалпында көріп, мейрамы
мен тойы жоқ тірліктің шартын əу бастан
қабылдап үйренгендіктен, азапты
ғұмырдың ырқы – ер көңілін жанып, на-
мысын қайрап – жүре береді. Өз
жағдайыңнан өзің жоғары тұр, аш өзегің
үзіліп бара жатса да, жалыңды күдірейтіп
жүр, біреудің ырысына көзіңді сүзбе.
Ойлау жүйесі мен мойынсынған
тағдыры ат ауыздығымен су ішкенде,
Махамбет жұртына қатаң қағида, жансе-
біл ынсапты көлденең тартады.
Философия тарихы
Махамбеттік асқақ метафора – түркілік
түп ата – көшпелі тайпалардан қалған
мұра. Сақаралық қонақжайлық, ірі
сөйлеп, ұсақ қылықтан жирену,
астындағы жүйрігін айыбына тарту – ке-
шегі Иманжүсіп, Балуан Шолақ, Мəди
тəрізді ардақты, сайдақ, мəрт бабалар-
дан жомарт ұрпаққа жеткен асыл дəстүр.
Біз – Махамбет ғасырдың бөлшегі –
қанымызға сіңген қасиеттен
жаралғанбыз, жауһар дүние қанша
қызықтырғанымен, жалғыз оқтық батыр
бір-ақ мəрте тірлік кешетінін жақсы бі-
леді. Ата-бабамыз Тəңірге деген махаб-
батты адамның өр мінезі, сұңғыла
ойымен өлшепті. Биіктеген, асқақтаған
сайын, кішік боласың – Жаратқан Иеге
жақындап, парасатқа жетесің.
Шумерлік дегдарлық, сақтар
тəкаппарлығы, Еуропаны қалтыратқан
ғұн айбыны, көшпелі түркінің жойқын
жорықтары, қыпшақтардың ғаламды тіті-
реткен даңқы қашанда есте. Жад оны
ешқашан ұмытпайды, əр дəуірде тарих
сахнасына жаңа тұлғаны шығарып от-
ырады, биыл Сырым батырды күт, ертең
Аманкелді, Кейкі, Жəмеңке, Бекболат,
Ысқақ Кемпірбайдың соңынан ереміз,
бірақ, Абылай ханның түсінен сақта,
Құдай, көлеңкеңмен қорғай жүр, енді
Жұбан, Сағат, Сейдахмет, Қайрат,
бұйырса, 1986 жылы өктем саясатқа
қарсы көтерілуге дайындалып жатыр.
“Ереуіл атқа ер салмай, Егеулі найза
қолға алмай, Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай, Тебінгі терге
шірімей, Терлігі майдай ерімей, Алты
малта ас болмай, Өзіңнен туған жас бала
Сақалы шығып жат болмай, Ат үстінде
күн көрмей, Ашаршылық, шөл көрмей,
Өзегі талып ет жемей, Ер төсектен без-
інбей, Ұлы түске ұрынбай, Түн қатып
жүріп, түс қашпай, Тебінгі теріс тағынбай,
Темір қазық жастанбай, Қу толағай ба-
станбай Ерлердің ісі бітер ме ?”
Этика
Жарық дүние – бейтарап, ғұмырда
дайын тұрған əділдік жоқ. Əділетті əркім
өзі орнатады. Жеке өмірінде, оңаша
жағдайында. Барлық құбылыстың
өлшемі – адам. Адамдықтан аттаған
идея қашанда айыпты, айыпты идея сал-
танат құрғанда, кісілік қуғында жүреді.
Əділет дегеніміз көп жақты тепе-теңдік:
сан қырлы тіршіліктің үйлесімде өмір
сүруі.
Махамбеттік тұлғадан, Вашингтон мен
Лондон мектептеріне бара алмаса да,
ғаламдық өркениеттен шеткеріле берген
аймақтық қалаларда спартандық
ғұмырды кешіп жүріп-ақ ағылшын тілін
ғажап меңгеріп шығуы талап етіледі.
Таңдауың жоқ болса да, мүмкіндігі көп
мырзаның тоқ ұлынан құрық бойы озып
кет, сол ғана сенің махамбеттігіңді біт-
пейтін машақаттан құтқарып, өрге сүйреп
алып шықпақ. Тарығып тұрып,
кеңпейілділік көрсету, тізеге салып
тұрып, үстем шыққан мерейіңді жасыру –
маңдайымызға Тəңір жазған бақ-талайы-
мыз.
Эстетика
Бейнет пен азап – адамның қасиетін
күшейтеді, ләззатта, негізінен, тек
күнәкарлық бар. Қалың елдің құрметі
мен өшпес даңққа бөлейтін, ұлт аңсаған
зиялылыққа соқпақ салатын – қайғы-
қасірет, ауыртпа-шылық. Арзан жеңістің
қадірі, оңай табыстың құны жоқ, себебі
ұлылық дегеніміз – қиын-қыстау күн
кешіп жүрсек те, мехнатқа мойымай,
ауырға иілмей, орнымыздан тұру, жатқан
жерімізден көтерілу, түпкілікті қарсылық
көрсету, бірақ, азаптан өткен соң,
қастасқан дұшпанына кешірім жасай
білу.
Спартандық өмір жағдайында өзіңді сар-
баздарша тәрбиелеп, ер мінез
қалыптастыру – әдемі. Арқасына жүк
артқан ауыр тағдыр соры қайнап,
бақыты өшсе де, өз ғұмырын
құрбандыққа шалып, құрдымнан тұтас
халықты өгіздей тартып, өрге сүйреп
шығарады. Махамбеттік тек – сойы асыл
]]]]
Қарқаралы
]]]]
19
халықтың түп нəсілін – болашаққа
жалғастырады. Жаяу Мұса, Иманжүсіп,
Батақтың Сарысы, Аманғали, Мəдидің
рухы жылдарды араға тастап, орыс тілді
Алматының еңселі, шыршалы көшесіне
қайтадан ақтарылсын, ақ жауындай
құйылсын.
Əдемілік – бақытты уəде ету. Зады, Стен-
даль айтқан, сосын Ницше қайталады.
Себебі, əлемді сақтап қала алатын
əдемілік қана. Достоевскийдің сөзі.
Меніңше, адамзатты рухани азғындық
пен ақырзаманнан аман-есен алып
қалатын əлеумет – спартандықтар. Ма-
хамбет, іштарлықты қарауылға іл,
əлсіздерге жолбарыстың қайрат-серпінін
бер, игі жанның ырзығына Ібілістерді жо-
латпа. Жақсылық қуатты, жаужүрек бол-
сын.
Қазақ тілді бозбала, біз – Махамбетпіз.
Алматы, 11.10.1996
АҚ СұңҚАРДЫң СЕРІГІ
Сал кеуде сандуғаштай
сайрап тұрған.
“Сандуғаш”, Естайдың əні
Ақ сұңқар – аса даңқты болғанымен,
өте сирек кездесетін құс.
Ж.А.Адаев
Өртеніп кеткен ақын орнында бір уыс күл
емес, өлең қалады. Жана алмаған ақын
– шала.
Тегінде, от шарпыған бұтақ, өзегіне дейін
өртенбеген соң – шала. Лапылда, қатты
маздап жалында, сөнбей мəңгі лаула,
Ақын. Өлең сонда туады, біреуге қарап,
еліктеп-солықтап, қоңырсып түтіндеген,
булыға бықсып, ойды, сананы, көзді
ашытқан – қолдан жасалған қола ескерт-
кіш, өзінен-өзі тұтанған шайыр – Өрт.
Қола ескерткіш – тарихтың күлі,
артыңнан өлең қалсын, Ақын.
Достарыңызбен бөлісу: |