Арнаулы бiлiм министрлiгi



жүктеу 5.01 Kb.

бет4/12
Дата22.12.2016
өлшемі5.01 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

                     Ақтамберді жырау Сарыұлы 
                               
«Тауарих    хамсаның»  айтуынша,  Ақтамберді    ойраттармен    күрес  
дəуірінде қазақ қолының басында жүрген аруақты ерлердің бірі. Ол атақты -Қара 
Керей  Қабанбаймен  бірге  Найманның  рубасы  көсемі,  əскербасы  батыры. 
Сонымен қатар Ақтамберді жортуыл жыршысы, əлуетті жырау да болған. 
Ақтамберді-əкесі  Сары  мен  шешесі  Сырбикеден  жалғыз  туады.Сары - 
Найман  Сыбан  ішіндегі  орташа  ғана  дəулеті  бар,  қақ-соқта  жұмысы  жоқ  момын 
адам екен. Сондықтан да ол өз малы өз қызығына жұмсай алмай,ағайын- туғаннан 
зорлық-зомбылықты  көп  көреді.  Бұл  күн  сүйеніші,  жанашыры  жоқ  жас  бала 
Ақтамбердінің  де  басына  туады.  Алайда,  жүрегінде  от  бар  болашақ  жырау 
жасымайды,  өзіне,  ата-анасына  теперіш  көрсетушілерден  именбей,  реті  келген 
жерде  көңілдегі  сөзін  айтып  салатын  болады.  Жырау  өзінің  алғашқы 
туындыларын  осы  шамада, 10-11 жасында  шығара  бастайды.  Ақтамбердінің  бұл 
кездегі өлеңдері мұң, зар, жалғыздыққа налу түрінде келеді. 
Жағалбай деген ел болар,  
Жағалтай деген көл болар,  
Жағалтайдың жағасы  
Жасыл да байтақ ну болар.  
Атадан алтау туғанның 
Жүрегінің бастары  
Алтынменен бу болар,  
Атадан жалғыз туғанның 

 
 
 
31
Жүрегінің бастары 
Сары да жалқын су болар,  
Жалғыздық ,сені қайтейін! 
Бала  сонымен  қатар  ертең-ақ  «жасы  он  беске  жетіп,  кеңеске  кірер»  күн 
туатынын,  болашақтан  үміті  зор  екендігін  жырға  қосады.  Міне,  осы  өлеңдерді 
құлағы    шалған    қара    жүрек    ағайындарының    бірі    Жангөбек    Ботағара    деген 
Ақтамбердіні  қамшының  астына  алады.  Алайда  жазықсыз  жас  балаға  аталас 
туысы  Бердіке  ара  түседі.  Сол  күннен  бастап  бұғанасы  қатқанға  дейін  болашақ 
жырау осы Бердікені паналайды. 
Ақтамбердінің  ақындық  даңқымен  палуандық,  батырлық  даңқы  қатар 
шығады. Алайда, ол күні кеше ғана  өзіне теперіш көрсеткен ағайындарына қарсы 
күш  жұмсауды  нəмарттық  деп  біліп,  бүкіл  ел  мүддесін    ойлай  бастайды,  ру,  ата 
намысын емес, исі қазақтың намысын қуады. 
   Дұшпаннан көрген қорлығым 
   Сары су болды жүрекке, 
   Он жетіде құрсанып, 
  Қылыш ілдім білекке, 
  Жауға қарай аттандым, 
  Жеткіз деп құдай тілекке! 
Бұл-Орта Азия хандықтарымен, қалмақтармен үздіксіз соғыстар дəуірі еді. 
Ақтамберді      қанды      ұрыстардың      талайына      қатысады,   өзінің   
ерлігімен,ұйымдастырғыштық, қолбасылық қабілетіменен көзге түседі. Батырдың 
басынан бақ тайып, сəтсіздіктерге ұшыраған кездері де болады. Мəселен, бірде ол 
түрікпендерге тұтқынға түсіп, ажал пышағы кеңірдегіне төніп тұрған соңғы сəтте 
ғана ретін тауып қашып құтылады. 
Ақтамберді  жер  ортасы  қырықтан  асқанда  үш  жүздің  тізгінін  ұстап 
отырған  Əз-Тəуке  хан  дүниеден  қайтады.  Тəукенің  көзі  жұмылысымен-ақ  қазақ 
сұлтандарының  арасындағы  ежелгі  бақастық  ашық  жаулыққа  айналады,  үш 
жүздің  жігі  ыдырайды.  Міне,  осы  сəтте  бұдан  гөрі  құдыреттірек  кезіндеде  ел 
шетіне  ене  алмаған  жоңғарлықтар  қазақтарды  аяусыз  соққының  астына  алады. 
Ауыр  күрес  жылдары  басталады.  Ақтамбердінің  осы  кездегі  елеулі  тарихи 
оқиғалардың бел ортасында жүргенін көреміз. 
Ақындық  даңқы  жас  кезінде-ақ  шыққанына  қарамастан,  Ақтамберді  тір- 
шілігінде бел шешіп өнер жолын қумаған тəрізді. Əйткенмен де, оның өз артына 
елеулі  мұра  қалдырғандығы,  жырау  поэзиясы  тақырып  жағынан  да  бай 
болғандығы аңғарылады. 
Ақтамберді  өзінен  бұрынғы  Доспамбет,  Шалкиіз  дəстүрін  алға  апарушы 
еді.Жырау туындылары негізінен көне қазақ поэзиясы үлгісіндегіҮ 
 Түие мойнын тұз кесер,  
Жігіт мойнын қыз кесер,  
Сартылдаған сары аяз 
Жылқының мойнын мұз кесер.  
Бұлан да бұлан, бұлан сан,  
Бұланның санын оқ тесер,  
Бұлаңдап жүрген жігіттің 

 
 
 
32
Жомарт  қолын  жоқ  кесер.-деген  сияқты  нақыл,  афористік  толғаныстар 
түрінде келеді. 
Ақтамберді    жырлары    көшпенді    қазақтардың    ой,  арманынан,  мақсат, 
мүддесінен  елес  береді,  сахара  тұрғындарының  өмір,  тұрмыс  жайлы  түсінігін 
бейнелейді.  Жыраудың    кейбір    толғауларынан    халқымыздың    мінез-құлық 
ерекшеліктері. болмысқа  өзіндік көзқарасы айқын аңғарылады. 
Мəселен,  жыраудың  «Күлдір-күлдір  кісінетіп»  деп    басталатын    ұзақ 
толғауын  алайық.  Қазақтар  өзінің 
қонақжайлығымен,меймандостығымен 
ежелден-ақ  мəшһүр.  Халқымыздың  бұл  қасиетіне  өткен  ғасырларда  қазақ  топы- 
рағын  басқан  европалықтардың  қай-қайсысы  болмасын  ерекше  назар 
аударып,өздерінің      шын      көңілден      шыққан      ризашылықтарын      білдіргені   
мəлім. 
Қазақтардың  осы  ұлттық  қасиеті-қонақжайлық,  меймандостық-толғаудың 
лирикалық кейіпкері жас жігіттің арманында ең өзекті орындардың бірін алады. 
Өзім бір  бөлек  жайласам,  
Жігіттен нөкер сайласам,  
Ойпаң жерге он отау, 
Қыраң жерге қырық шатыр тігіп. 
Қонағымды жайғасам! 
Пышақтан малым кетпесе, 
Қазаным оттан түспесе,  
Ауылдан топыр үзілмей,  
Ошақтың оты өшпесе!  
Май жемесе қонағым, 
Қан жемесе барағым,  
Он кісіге жараса, 
Бір кісіге арнап тартқан табағым! 
Халыққа атым білініп, 
Шүлеңгір мырза атанар ма екеміз? 
Жомарт болған, шүлен болған жақсы-ақ, бірақ бұл-кез  келген қара сирақ 
кедейдің  қолынан  келе  бермейді. «Ойпаң  жерге  он  отау,  қыраң  жерге  қырық 
шатыр тігіп» сансыз қонақты атқару   үшін, «ауылдан топыр үзілмей»,күніне он-
ондап  мал  сойылып,  қазан  астынан  от  кетпеуі  үшін  мыңғыраған  бай  болу 
керек.Қазақ  үшін  байлық-малда.Малдың  еті,сүті-тамақ  та,жүні,терісі-киім,мал 
қазаққа  көшсе-көлігі,  мінсе-жүйрігі,  яғни  малсыз  тірлік  жоқ.Сондықтанда  ескі 
патриархалдық-феодалдық  қазақ  қоғамында  қай  көшпендінің  болмасын 
арманының  асқарларының  бірі-мал.  Міне,бұл  жай  да  толғау  кейіпкерінің 
назарынан тыс қалмайды. Ол «алғайдың құба жонына сыймас»ақтылы қой, «көлге 
түссе  көз  жетпес»  көк  алалы  көп  жылқы,  боздаған  даусы  «жаралы  қудай 
ыңырантып,  жарылған  мұздай  күңірентіп»күй  боп  төгілетін  сансыз  түйе  жайлы 
армандайды, төрт құбыласы тең басқанын қалайды. 
Мал...  Көшпенділер  үшін  өмірдің  қуанышы,  тіршілік  көзі  болған  осы  бір 
тақырыпқа Ақтамберді өз толғауларында қайта-қайта оралып соға береді. 
Қазақтар үшін мал асылы-жылқы екені мəлім.Ешбір халықтың əдебиетінде  
жылқы  дəл  біздің  əдебиетіміздегідей  дəріптелмейтін  шығар. 

 
 
 
33
Əйткенмен      де,   мал      атаулының,   оның      ішінде      жылқының   
көшпенділер өміріндегі алатын орны жайлы Ақтамбердідей толғаған қазақ ақыны 
жоқ.  
Арудан асқан жар барма, 
Жылқыдан асқан мал барма, 
Биенің сүті сары бал, 
Қымыздан асқан дəм бар ма! 
Желіде құлын жусаса,  
Кермеде тұлпар бусанса  
Сəні келер ұйқының,  
Жылқы қолдан тайған соң, 
Қызығы кетер күлкінің. 
Қыздың көркі құлпыда,  
Жігіттің көркі жылқыда. 
Жыраудың    жылқы    малын    ерекше    көтермелеуінің    тағы    бір    мəні  
бар.Қолбасы  батыр  болған  Ақтамберді  сайгүлік  тұлпарды  ер  жігіттің  жан  серігі, 
ең жақын досы деп есептейді.Сондықтанда ол:  
От басар орны отаудай, 
Қабырғасы халық орнаған жонсаудай,  
Ор қояндай қабақты, 
Қиған қамыс құлақты,  
Сары мысықтай азулы,  
Саптаяқтай ерінді, 
Қидасын кəрі жілікті,  
Омырау еті есіктей,  
Ойынды еті бесіктей 
Табаны жалпақ тарланды-мадақ етіп жырға қосады. 
Ақтамберді қазақ тарихындағы ең қиын кезеңдердің бірінде өмір сүрді.Ол   
ауыр жеңілістерді,дұшпанға бет қарай алмай дүркірей қашқан босқыншылықты өз 
көзімен  көрді.  Бірақ  атақты  батыр,  ел  тірегі,  орта  жүздің  көсемдерінің  бірі 
қажырлы  жыраудың  еңсесін  қайғы  баспайды.Ол  ойраттарға  қарсы  күресті 
ұйымдастырушылардың алдыңғы сапында жүреді, елге ұйытқы болады. Басынан 
таяқ  өтіп,  қаннан  қаймыққан,  бет-бетімен  бас  сауғалап  кетуге  айналған    жұртқа  
жанқияр    ісімен    де,  жалында    жырымен    де    дем    береді.  Ақтамберді 
творчествосындағы  ең  басты  сарын - ерлікке,  батырлыққа  шақыру,  дұшпаннан 
именбеуге, тайсалмай шабуға жігерлендіру. 
Балпаң, балпаң кім баспас  
Басарға балтыр шыдамас, 
 Батырмын деп кім айтпас,  
Барарға жүрек шыдамас.  
Жалтара шапсаң жау қашпас,  
Жауды аяған бет таппас, 
Уа жігіттер, жандарың 
Жаудан аяй көрмеңіз, 
Ғазірейіл тура келмей жан алмас! 

 
 
 
34
Қалмақтардан  жеңіліс,атамекен-  шығыс  облыстар  мен  Жетісудан  айрылу,  
көптеген    рулардың    жау    табаны    астында    қалуы    бүкіл    қазақ    халқының 
қабырғасына  қатты  батқан  еді.  Жұрт  дұшпаннан  кек  алар,  жау  қолында  қалған 
ескі қонысты азат етер күн тууын аңсады. Өз заманының талабын, өз ортасының  
тілек  мүддесін  білдірген  Ақтамберді  исі  қазақ  болып  атқа  қонуды, дұшпанға 
соққы беруді армандайды. 
Күлдір-күлдір кісінетіп, 
Күреңді мінер екенбіз,  
Күдеріден бау тағып, 
Кіреуке тон киер ме екенбіз,  
Жағасы алтын, жеңі жез,  
Шығыршық торғай  көз Сауыт киер ме екенбіз! 
Қоңыраулы найза қолға алып, 
Қоңыр салқын төске алып, Жау қашырар ма екеміз! 
Жырау  өз  арманына  жетеді:сақал-шашын  ақ  қырау  басып,  қартайған 
шағында ол талай жеңістердің куəсі болады, туған жердің бір бөлегі иесін қайта 
тапқан  күнді  де  көзімен  көреді.  Жау  қолынан  азат  етілген  шығыс  облыстарға 
қазақ  рулары  қайтара  қоныс  аударған  кезде  ата  мекенді  жатырқап  қалған 
жұртты  орнықтыру  жолында  қарт  батырдың  белсенді  қызмет  атқарғандығы 
аңғарылады. Ол тіпті, өз қол астындағы елді отырықшыландырмақ болып, егін де 
салғызады.  Шыңғыс,  Аягөз,  Қарақол  өңірінен  Ақтамберді  қаздырыпты  дейтін 
тоғандардың жер болып кеткен орындарын əлі де көруге болады. 
Ақтамберді  тоқсан  үш  жасында  дүние  салыпты.  Туған  жердің  топырағын 
мəңгі  жастанар  алдында  айтқан  толғауында  жырау  өзінің  өмірлік  мақсаты  тегіс 
орындалғанына  ризашылығын  білдіре  келіп, «батырларша  оққа  ұшпай,  төсекте 
жатып тек өлгендігін» арман етеді. 
Ақтамбердінің  мазары  қазір  Семей  облысы  Абай  ауданының  шегіндегі 
Шет  өзенінің  бойындағы  Құндыздағы  Қос  деген  жердегі  Жүрек  Жота  деген 
төбенің басында тұр. 
 
Сұрақтар мен тапсырмалар: 
1. XVІІІ ғасыр қазақ халқы үшін қандай кезең болды? 
2. Ақтамберді туралы қандай мəліметтер бар? 
3. Ақтамберді толғауларынң басты тақырыбы не? 
4.  Ақтамбердінің  жорықшы  жырау  екенін  қайсы  толғауларынан 
байқаймыз? 
 
                                 Тəтіқара ақын 
XVIII    ғасырда    жасаған    қазақ    ақын-жырауларының    ішінде    ең 
мəшһүрлерінің  бірі - Тəтіқара.  Халық    əдебиеті  қазыналарын  жазбай  танитын 
Шоқан  кезінде Тəтіқара жырларына да назар аударып, онің бір өлеңінің жолма-
жол тəржімасын да жасаған болатын. 
ХVІІІ    ғасыр    əдебиеті    жайында    сөз  болса  Тəтіқараның  аты  аталмай  
қалмайды.  Жұртшылық  санасындағы  Тəтіқара - қазақ    халқының  тарихындағы 
қиын  кезеңдердің  біріндегі  сырт  жауларға  қарсы  күрестің  ұраншысы,  өз  отан- 

 
 
 
35
дастарын  басқыншылырмен  қайтпай  ұрысуға  шақырушы  жауынгер  ақын,  жор- 
туыл кернейшісі. 
Алайда,  Тəтіқараның  қолда  бар  шығармалары  ақынның  дабыралы  атын 
ақтай  алмайдыҮ  олардың  көлемі  тым  аз,  көркемдік  дəрежесі  де  айтарлықтай 
жоғары өреде емес. 
Тəтіқараның  сүйегі - Сарыкөл  маңындағы  Уақтан,  Уақ  ішінде  Қалмақ 
деген  атадан. Ақынның туып-өскен жері - қазіргі Қостанай облысының Урицкий 
ауданының территориясы. Алайда ақынның саналы өмірі түгелдей дерлік Абылай 
ханның төңірегінде өткен сияқты. Ел аузындағы сөздерге қарағанда , Абылай хан 
жаугершілікке аттанғанда Тəтіқараны қасынан тастамайды екен. 
Əрине,  кез  келген  ақын  жортуыл    жыршысы  бола  алмайды.  Аумалы- 
төкпелі  заманда  жорықтағы  жауынгерлер  арасында  жүрген  ақынның  басы  жау 
найзасына шаншылып кетуі де мүмкін. Сол себепті бұл ретте ақындық қана емес, 
жүрек  те  керек.  Ақын  қаруы  көбіне  өзге  жұртпен  бірдей-шашақты  найза~ 
домбыра - жаугершілік  арасындағы  тыныштық  сəттерде,  сарбаздар  қонаға  не 
дамылдауға тоқтай қалған кездер де ғана қолға алынады,ал кейде қарбалас сəттің 
өзінде-ақ,жауынгерлер  қатары  бұзылып,еңсесі  түскенде  олардың  рухын  көтеру 
үшін,  жігерлендіру  үшін  ақынның  дауыс  көтеруі  қажет  болып  қалады. 
Тəтіқараның бізге жеткен шығармалары көбіне осындай реттерде айтылған. 
Бірде  Абылай  ханның  жортуылда  жолы  болмапты.  Өкшелеген  жаудан 
құтылуға  айналғанда  алдынан  өткел  бермес  тасыған  өзен  кездеседі.  Жұрт 
ұйлығып  қалыпты.Бəріне  де  харап  болу  хаупі  төнеді.  Сонда  Тəтіқара  суырылып 
шығып: 
Қамыстың басы майда, түбі сайда, 
Жəнібек Шақшақұлы болат найза.  
Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,  
Ер жігттің ерлігі осындайда. 
Бөкейді айт Сағыр менен Дулаттағы, 
 Дербісəлі Маңдайды айт қыпшақтағы 
 Өзгебатыр қайтса да бір қайтпайтын 
 Сары менен Баянды айт Уақтағы 
 Ағашта биікті айтсаң қарағайды айт 
  Жігіттік ерлікті айтсаң Бөгембайды айт,  
Найзасының ұшына жау мінгізген  
Еменалы  Керейде  ер  Жабайды  айт,-дегенде,  аты  аталған  батырлар 
ақынның соңынан тасып жатқан өзенге түсе бастапты. Бұлардың артынан қалың 
қол да еріп,судан аман өтіпті. 
Тəтіқара Шоқан тəржімалаған жыры да осындайда айтылған. Абылай бас- 
таған    қазақтар  саны  көп,  күші  басым  қытай  əскерлерімен  табан  тіреп  ұрыса 
алмай,  шегінуге  мəжбүр  болады.  Жауынгерлердің  еңсесі  түсіп  кеткенін  көрген 
Тəтіқара  бір  жағы  күйінішпен,  бір  жағынан  жұрттың  рухын  көтеру  үшін  табан 
астында суырып салып, жырлап қоя береді. 
Бұл  жырдың  түпнұсқасы  біздің  заманымызға  жекелеген  үзінділер түрінде 
жеткен. 
Кебеже қарын, кең құрсақ 

 
 
 
36
Артық туған Абылай 
Көтере көр бұл істі 
Көп қытайдың жылқысы  
Тұрымтайдай құнысты,  
Жау жағадан алғанда, 
Ит етектен алғанда, 
Ер Абылай қорыққан жоқ, 
Əншейін еңкейе бере жылысты.  
Бəсентиін Олжабай 
Оны да мен ер көрдім,  
Оқ жіберіп ұрысты. 
Жырдың  тағы  бір  үзігін  Мəшһүр  Жүсіп  қолжазбаларының  арасынан 
ұшыратамыз.Онда  өлеңнің кімдікі екені айтылмаған.  
Ақыл қалмас қашқанда  
Дегбір қалмас  сасқанда  
Баяндай ерді көрмессің 
Бүрылып жауға шанышқанда. 
Тəтіқара  «бас  кеспек  болса  да  тіл    кеспек  жоқ « деген  көне  мақалдың 
жөнімен реті келгенде тартынбайтын, əділдікті көзіне айтқан турашыл, бетті ақын 
болған. Бүған мысал ретінде ел аузында қалған мына бір əңгімені келтірейік. 
Қалмаққа  аттанған  батырларға  еріп  Абылайдың  тұңғыш  ұлы  бала  жігіт 
Жанбай  да  кеткен  екен  ,сол  сапарда  қаза  тауыпты.  Баласының  өлімі  жанына 
батқан хан бас көтермей жатып алады. 
Жаугершілік  заманда  өлім,  қаза-əдепкі  құбылыс.  Ол  таңдап  алмайды, 
жалпыға бірдей. Сол жорықта жалғыз Абылайдың ұлы ғана өлген жоқ, талай жас 
қыршынынан қиылды, сол себепті  ел билеп отырған əмірші тек өз қара басының   
ғана     қайғы-зарын   шегуі-кейбір   шонжарлардың да,жұрттың қытығына тиеді. 
Сол көптің атынан Тəтіқара сөйлейді. Абылайдың кеше ғана «Түркстаннан келген 
ұл» екендігін, оны жұрттың өзі хан көтергіндігін айта келіп ақынҮ 
Үш жүздің баласы 
Ақылдасып, жолдасып,  
Хан көтеріп еді- 
Үш  жүздің баласын 
Бір баласындай көрмеді,  
Ат құйрығын сүзіңдер,  
Аллалап атқа мініңдер, 
Хан талау қылып алыңдар,- дейді. 
Мұндағы бір назар аударарлық жай-үнемі хан қасында болған Тəтіқараның 
бұл  жолы  оған  қарсы  партияны  жақтауы.Əрине,жоғарыдағы  сөздерді  айтқызған 
ақынның  батылдығы    ғана  емес,-артында  «тəңірісі»  тұр.Алайда  осының  өзі-ақ 
Тəтіқараның  үнемі  тура  басуға  тырысып  отырған  адам  екендігінің  айғағы 
іспеттес. 
Тəтіқараға қатысты бізге белгілі мəліметтер осындай.Əрине, импровизатор 
ақын 
туғызған 
жырлардың 
дені 
сақталмаған.Бұл-жалғыз 
Тəтіқараның 
емес,қазақтың  өткендені талай  талантты ақынының трагедиясы. 

 
 
 
37
Тəтіқараның  біздің  дəуірімізге  жеткен  шығармалары  оның  үлкен  сөз 
зергері болғандығын  көрсетпейді. Бұл тұрғыдан алғанда Тəтіқара қарабайыр көп 
ақынның  бірі.Алайда,Тəтіқара  шығармалары  өзінің  қарбалас  шақтарда,от-
жалында  туғандығымен,тəуелсіздік жолындағы күрестің қиын кезеңінде жұрттың 
рухын    көтерген,елге  жігер  берген    ұран    іспеттес    болғандығымен  құнды.  Бұл 
тұрғыдан  алғанда  Тəтіқара  жырлары,-жоғалғандары  да,  біздің  заманымызға 
жеткендері де, өз міндетін атқарды деп айта аламыз. 
                   Сұрақтар мен тапсырмалар: 
1. Тəтіқара туралы қандай мəліметтер бар? 
2. Тəтіқара шығармалары қандай жағдайда туды? 
3. Тəтіқара жырларының сол дəуір үшін құндылығы неде? 
4.  Тəтіқараның жырларын жаттау. 
                        
                  Үмбетей жырау 
                        
Үмбетей  мен  Бұқар  жырау  екеуі  жақын  дос  болыпты.  Үмбетей  Бұқарды 
қадір тұтып сыйлайды.Ел əңгімесі былай дейді- Үмбетей  Бұқарды əлденеше рет  
қонақ  етіп,өзінің  ықыласын  білдірген  екен,  ақыры    кезек  Бұқарға  да  жетіпті. 
Алайда, Бұқарекеңнің  зайыбы қараулау адам болса керек. Тіпті, ауырған болып 
жатып қалады. Мұны аңғарған Үмбетей аялдамапты. Үйден шығып бара жатқанда 
Бұқарға қаратып айтқан сөзі- 
Үй сыртында ақра тау,  
Панасы жоқ болса, 
Бұл шіркіннің несі тау.  
Кетеген  болса түйең жау,  
Тебеген болса биең  жау, 
Ұрысқақ болса ұлың жау,  
Керіскек болса келінің жау. 
Үйіңдегі ұлың жаман болса,  
Есіктегі құлмен тең, 
Қойныңдағы қатының жаман болса, 
Қаңтардағы  мұзбен тең. 
Қай сорлының қатыны 
Күндіз  ауру, түнде сау. 
Осы  қысқа  өлеңнен-ақ  Үмбетей  творчествосының    сыр-сипаты  жайында 
біршама мағлұмат алуға болады. 
Жыраудың  философиялық-дидактикалық  сарындағы    толғау  жырлары 
сақталмаған. Біздің түсінігіміздегі Үмбетей бейнесі Бөгембай батырдың есімімен 
байланысты.Жыраудың даңқын шығарған да осы туындылары. 
Үмбетейдің  Бөгембайға  қатысты  екі  ұзақ  жыры бар.Мұның  біріншісі- 
Бөгембайды жоқтау да, екіншісі- Бөгембай өлімін Абылай ханға естірту. 
Қанжығалы  Бөгембай  батырдың  аты  кімге  болмасын    жақсы  таныс.  Ол- 
Жоңғарға  қарсы күрестің қаһарманы, əлуетті батыр , атақты қолбасы, еліне еткен 
қызметі  арқасында    жұрт    сүйіктісіне  айналған    қазақ  халқының  ардагер 
ұлдарының бірі. 

 
 
 
38
Үмбетей    даңқты  əкесі»Алатаудай  Ақша  батырдан  асып  болат    туған» 
Бөгембайдың өшпес образын жасады. 
Баян Аула, Қызыл  тау,  
 Абыралы, Шыңғыс тау 
Қозы-Маңырақ, Қой-Маңырақ, 
 Арасы толған көп қалмақ, 
Қалмақты қуып қашырдың, 
Қара Ертістен өткізіп,  
Алтай тауға асырдың,  
Ақ Шəуліге қос тігіп, 
Ауыр қол жиып алдырдың, 
Қалмаққа ойран салдырдың, 
Қабанбай мен Бөгембай 
Арғын менен Найманға 
Қоныс қылып қалдырдың. 
Осы  аталып  отырған  жерлер  ұзаққа      созылған  күрестерден  соң  Жоңғар 
тауларынан  шыққан  ойрат  тайпалары  басып  алған  қазақтың  байырғы  мекендері 
болатын. XVIII ғасырдың  орта шенінен бастап бұл қоныстар   қайтадан қазаққа 
өтті.Осы жеңісті жорықтар кезінде қазақ қолының   басында жүрген батырлардың 
бірі Бөгембай еді. Тек бұл ғана емес. Бөгембай-Жоңғарға қарасы күрестің  қиын  
күндерінде    қазақтар  ауыр  жеңілістерге  ұшырап,  Сайрам,  Түркстан,   
Ташкенттердің   бірінен  соң      бірінен      айрылғанда,   ақтабан-  шұбырындыға 
ұшырап,  ата  мекенінен  босқан  кездерде    еңсесі  түспеген,  жүрегі  шайлықпаған 
ерлердің  бірі  еді.  Бұл  кезде  Бөгембай  қаламақтарға  қарсы  күресті 
ұйымдастырушылардың    бірі    болды.  Үш    жүздің    хан,  сұлтандары    бір    сəт 
мəмлеге  келіп,  бас  қосып,  жоңғарға  қарсы  соғысты  қайта  ашқанда,ол  алдыңғы 
сапта шапты.Қазақтардың 1728, 1730жылғы жеңісті   жорықтарында Бөгембайдың 
атқарған ролі ерекше. 
Сондықтан»дұшпанға   қарсы   оқ   атқан»,  
 үрей   болған   қалмақты талқандаған
Қолтығы ала бұғының 
Пəйкесіндей  Бөгембай,  
Жалаң  қия жерлерден  
Жазбай  түсіп түлкі алған, 
Білегі жуан бүркіттің 
Тегеуріндей Бөгембай,-дүниеден көшкенде Үмбетей  жырау көзінің жасын 
көл қылады, батырдың өлімін  аза  тұтады,оның тірісінде халқына еткен қызметін  
еске  алып, марқұмды мадақтайды. 
Бөгембай  қабырының  басында  жоқтау  жырын  айтқан  соң,  жырау 
батырдың аманатын орындауға  Абылай ханның ордасына барады, ел сүйіктісінің 
өлімін хабарлайды. 
Бұл  жыр  естірту  түрінде  келеді.Бұрын    қазаны    естіртудің    өзі    өнер 
болғаны  мəлім.Əдетте  естіртуші  қайғылы  хабарды  бірден  тоқ  еткізбей,  əңгімені 
алыстан  орағытып  бастайды,  алдымен  тұспалдап  сөйлеп,  қара  жамылуға    тиіс 
адамды ауыр хабарға дайындап алады. 

 
 
 
39
Үмбетей де ескі салтты бұзбайды.Жырау алдымен Абылайдың өз басынан, 
халық  басынан  өткен  ауыр  күндердің  жайынан  толғайды.Бұдан соң қуанышты 
күндерге  келеді. жеңісті жорықтарды, ондағы батырлардың көрсеткен қайратын 
мадақтайды.  Осыдан  соң  жырау  дүниенің  аумалы-төкпелі  екенін,  қазасыз  пенде 
жоқ  екендігін  еске  салады,  əйткенмен,  өлімнің  артынан  тағы  да  қуаныш 
болатынын , бір батыр өлсе, оның орнына  тағы бір батыр туатындығын айтады. 
Сонымен  Үмбетей    өзінің  қаралы  хабаршы  екендігін,  атақты  батырлардың  бірі 
дүниеден  көшкенін  естірту  үшін  келгендігін  жеткізді.  Енді  жырау  турасына 
көшеді- 
Ей Абылай, Абылай, 
Сөзімді тыңда тағы да-ай! 
Өзіңнен біраз жасы үлкен, 
Дөмпеш таудай басы үлкен,  
Жасыңда болған сырласың, 
Үлкен де болса құрдасың,  
Сексеннен аса бергенде 
Қайрылмас қаза келгенде 
Батырың өлді - Бөгембай! 
Ұзақ  жырдың  түйіні  осында.  Жырау  өз  мақсатын  орындады-қаралы  
хабарды    естіртті.  Енді    қайғы    хабаршысы    азалы    адамды    жұбатады,  көңілін 
бекітеді.  Бұл - манағы  дүниенінің  баянсыздығы  жайындағы  сөздердің  жалғасы 
іспеттес. 
Жыламай тыңда ,Абылай,  
Жараға жақсы қасқарар,  
Ойбайлап жаман бас салар. 
Осы  тамаша  жыр  батамен,  тілекпен,  халыққа  бақыт,  береке,  тыныштық 
тілеумен  аяқталады.  Бұл  жолдардың  өзі  аруақты  батыр  Бөгембайды  жоқтау  за- 
рына, адам көңілін иітерлік əсерлі сөздерге толы. 
Көзіңнің жасын тия көр,  
Жақсылық бата қыла көр,  
Тағы да талай бақ берсін,  
Бөгембайдай жас берсін!  
Бөгембай сынды батырдың 
Береке берсін артына-ай,  
Сабыр берсін халқына-ай,  
Жасаған ие жар болып  
Бейіште нұры шалқығай! 
Бөгембайдың    нақты  туған,  өлген  жылдары  белгісіз.  Үмбетей  жырынан 
көрінетіндей, батыр Абылайдың (1710-1781) көзі тірісінде, сексеннен аса бергенде 
дүние салған. Жəне батырдың Абылайдан «біраз үлкен» екенін білеміз.  Тағы  бір  
дерек -Бөгембай  өлімінің  Абылайдың  қырғыздарды талқандауынан соң болуы. 
Абылай  бастаған  қазақтардың  қырғыздарды  ауыр  жеңіліске  ұшыратуы - 1770 
жылы. Бөгембай өлген кезде бұл оқиғаға біраз уақыт болғандығы көрінеді. 
Соған  қарағанда  Үмбетейдің  Бөгембай  атына  байланысты  жырлары 
XVIIIғасырдың 70-жылдарының орта шенінде туған деп шамалауға болады. 

 
 
 
40
Үмбетей  шығармасы  жырау  кеңінен  толғаған  себепті  əдепкі  салт  өлеңнің 
көлемінен  шығып  кеткен.  Жырдан  сол  кезде  болған  тарихи  оқиғалардың  біра- 
зының  елесін  көреміз.  Жырдың  бас  жағында  Абылайдың  жайы,  оның  «Сары- 
арқаны жерім деп, қалың қазақ елім деп» Үргеніштен келігендігі, алғашында Төле 
бидің түйесін бағып жүргендігі, ер жетіп бұғанасы қатқан соң, ойраттармен күрес 
дəуірінде көзге түскендігі айтылады. 
Жиырма жасың толғанда, 
Қалмақпен соғыс болғанда,  
Алғашқы бақты тапқанда  
Шарыштың басын қаққанда, 
Қанжығаңа бас байлап,  
Жау қашты деп айғайлап,  
Абылайлап шапқанда... 
Сол  сияқты  Абылайдың  Ташкентте  қалмақ  тұтқынында  болуының  жайы 
сөз  етіледі.  Қазақтардың  сырт  жауларға  қарсы  жасалған  сəтті  жорықтарының 
кейбірі    еске    алынады.  Сол    замандағы    дұшпанды    мұқатқан    Қара    Керей 
Қабанбай,  Қанжығалы  Бөгембай,  Сары,  Баян,  Сағымбай  сияқты  батырлардың 
ерлігі мадақталады. Мұның бəрі бізге ел жадында сақталған тарихи əңгімелер мен 
поэмалардан да белгілі. 
Осыларға  қарағанда  Үмбетейдің  Абылай  жəне  XVIII  ғасыр  батырлары 
жайындағы жырларды туғызушылардың бірі болғандығы көрінеді. 
Айтылмыш жырда Бөгембай атынан көрі Абылай аты көп аталады. Жырау 
Абылайды  идеалдық  герой  деп  есептейді,  оны  мадақтайды,  ал  Абылай  заманы 
ғасырдың 
алғашқы 
жартысындағы 
қалмақ 
шапқыншылықтары,үздіксіз 
соғыстардан  соң  туған  тыныш  заман,  қой  үстіне  боз  торғай  жұмыртқалаған  кез 
ретінде бейнеленеді. 
Батыры ханға сай болды, 
 Елің жалпақ бай болды, 
Қыс қыстауы тау болды,  
Жаз жайлауы көл болды,  
Салқын сары бел болды,  
Елге лайық ер болды,  
Сарыарқа деп таңданып 
Өзге жұрт аңсар жай болды. 
Үмбетей-тынысы  кең  жырау.Оның  өз  жырларында  ел  тұрмысы  үшін 
маңызды  мəселелерді  көтеріп,жауды  мұқатқан  батырлардың  ерлігін  мадақтап 
отырғандығы  көрінеді.Үмбетей  шығармалары  форма  жағынан  алғанда  бай 
болмағанымен,аса  көркем  келеді.Жыраудың  ұйқасқа  ерекше  көңіл  бөлгендігі 
аңғарылады,өлең жолдары  көбіне-ақ үш буыннан үйлеседі. 
Міне,осы 
жоғарыда 
айтылғандардың 
бəрі 
Үмбетей 
жырауды  
XVIIIғасырдағы  қазақ  əдебиетінің  көрнекті  өкілдерінің  бірі  деп  есептеуге  негіз 
береді. 
  Сұрақтар мен тапсырмалар. 
1 Үмбетейдің Бұқарға арнаған өлеңінде не айтылады? 
2. Бөгембайға қатысты жырлары туралы не білесің? 

 
 
 
41
3. Үмбетейдің өлеңдерін жаттау 

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12


©emirsaba.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал