guldenkgk@mail.ru
АСҚАР АЛТАЙ ӘҢГІМЕЛЕРІНДЕГІ СЮЖЕТТІК ІЗДЕНІСТЕР
Аннотация: мақалада жазушы Асқар Алтайдың әңгімесіндегі сюжеттің өрбу
кезеңдері қарастырылды. Әңгімедегі тартыстың даму шегі айқындалды. Мақалада
кейіпкердің психологиясы талданады.
Тірек сөздер: абсурд, сюжеттің өрбуі, кейіпкер психологиясы, тартыс.
Қ.Жұмалиев сюжет туралы «шығармадағы адамдардың бір-бірімен, байланысы, қарым-
қатысы, күрес-тартыстары – шығармадағы оқиғаның дамуы. Ендеше оқиға қалай болса солай
суреттелмейді; бірі оқиға себебі болса, екіншісі оның нәтижесі» [2], – деген. Көркем
шығарманың негізгі өзегі тартыс десек, сол тартыстың өзінің де белгілі бір туындау себебі
болады. Адамдар арасындағы талас-тартыстың, әр түрлі көзқарастардың, сан түрл
мінездердің соқтығысынан пайда болатындығы да шындық. Міне, осы мәселелердің қазақ
әңгімелерінде қаншалықты көрініс тауып жатқандығын пайымдау үшін жазушы Асқар
Алтайдың абсурд әлем новеллаларына тоқталдық.
Жазушы Асқар Алтайдың «Казино» атты жинағына соңғы жылдары жазылған
әңгімелері жинақталған. Соның ішінде «Казино» әңгімесі де бар. Аталған әңгіменің бас
кейіпкері Жошы атты жас жігіт. Шығарманың негізгі оқиғасы да осы кейіпкердің төңірегінде
өрбиді. Жалпылама алып қарағанда шығармада соншалықты тартыс та көрінбейді. Қым-қуыт
оқиға, қаптаған адамдар бейнесі де жоқ. Дегенмен бас кейіпкердің ішкі сезімі, ой-толғанысы,
өзін қоршаған тіршілікке деген көзқарасы алабөтен. Әңгіменің алғашқы жолдарынан-ақ
«Құдайсыз қоғамға, имансыз адамға бәрі рұқсат... ештеңе жат емес екен. Ал мұндай мұндар
дүниеде өртті жүрек, дертті сана ақылға қонақ бермей, асау сезімге ғана бой алдырмақ» [1]
деп басталуының өзі де ондағы болатын оқиғаға, кейіпкерлерінің оғаш әрекеттеріне назар
аударуға жетелейтіндей. Өмірінің тең жартысын «Пирамида» казиносында көңге бәс тігіп,
сұлу Есілаймен көңіл көтерумен ғана өткізетін Жошының ішкі жан дүниесі әлем тапырық.
Материалдық жағынан кемдік көрмесе де, рухани дүниеден жетімсіреп өскен жас жігіт өзін
іштей кеміріп, отбасына, айналасына, тіпті қоғамға да жат көзбен қарайтын болған. Оның
жан дүниесі сезімнен де, сенімнен де ада. Автордың бейнелеуінше, оның бірінші себебі
сүйген қызының бірге өлмек болудан бас тартып, уәдесінде тұрмауы, екіншісі кейіпкердің
бес жасында әкесі мен шешесінің бір-біріне пышақ ала жүгіріскендерінде, қызыл қанды
көріп шошынуы, осы көріністің мәңгі есінде сақталып қалуы.
Сюжет дегеннің өзі Горкийше айтқанда «адамдардың өзара қарым-қатысы, байланысы,
қайшылықтары, жек көру, жақсы көру, әр характердің, типтің өсу, жасалу тарихы» болса,
онда жазушы Асқар Алтайдың «Казино» әңгімесінде сюжеттік ізденістің жаңа бір қырына із
салғаны айқын көрінеді. Шиеленіскен оқиға мен тартысып жатқан адамдар болмаса да,
аталған әңгімеде белгілі бір арқау, желі, тартыс көрінісі бар. Ол басты кейіпкердің қоғамға
қарсы шығуы десек артық айтқандық болмас. «Самырсын сасыған ауа, есігінің тұтқасынан
төбедегі аспалы шамына дейін алтынмен апталып, табандағы еденінен қабырғадағы түпнұсқа
102
суретке шейін күміспен күптелген, неше түрлі ағаш жиһаздар мен мүлік-мүкамалдар» мен «
орта ғасырлық барокка үлгісінде салынған» [1] сән-салтанатты коттеджде тұрып жатса да
өзін «Золотой храм» күзетшісі мен пешка ретінде сезінетін Жошының өзінің кешіп жатқан
өміріне жек көрушілікпен, ашу-ызамен қарауы кейіпкердің болашақта жасайтын
әрекеттеріне негіз болғандығын көруімізге болады. Еңбек етуге де талпынбаған, отбасын
құрып та жарытпаған, бауыр еті баласына да жібімеген Жошының өзінің мағынасыз тірлігін
түсінуге санасы жеткенмен, оны жақсылыққа бұруға, өмірден өз орнын табуға шамасы
жеткен жоқ. Өйткені онда адам сияқты өмір сүру дағдысында жоқ. Ол «кінәні біреуге арта
салуға» бейім. Ал өзінің кінәсін мойындау, қателігін жөндеу деген ұғым кейіпкердің ойына
да кіріп шықпайды. Оның қатігездікке толы жүрегі, сансыраған ойы, дертті санасы әйтеуір
бір опатты іске жол ашатындығын сезінуге болады. Сөйтіп, қоғамға қарсы шықпаққа бел
буады. «Қазір біз кентавр қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан бізге де нағыз кентавр –
кесек Кентавр керек. Кентаврға тән алапат күш керек. Кентавр сілкініс қана біздің
сансыраған санамызды тоқымдай қағады. Альпіден атылған Везувий вулканындай оятады»
[1] деп толғанған бас кейіпкеріміздің өртті ойлары оны тығырыққа тірелген жерінен алып
шығар күш сияқты көрінгенмен шын мәнінде нағыз шыңырауға құлап бара жатқанын
көрсететін тұс.
Автор аталған әңгімеде кейіпкердің ішкі жан жүниесіндегі тартыс пен оның салдарын
өзінше тоғыстырады. Атап айтқанда, қорым басына барған кезінен бас кейіпкердің жанында
әлдебір елес пайда болады. Жазушы бұл елестің нақты не екенін ашып айтпайды. Алайда
осы елес бейне кейіпкердің бүкіл жан дүниесінен орын алып, ондағы тартыстың күшеюіне
және бір шешімге келуіне себін тигізеді. Бұрын өзімен-өзі тартысқа түсетін кейіпкер үшін
тағы бір тартыс көзі елес бейне пайда болады.
« - Сен кімсің?
- Ажалмын...
- Менің ішімнен шықтың ба? Сайтан емеспісің?!
- Не десең - о де... Мен бүгіннен бастап сенің қасыңнан табыламын. Керек болса, ішіңде
отырамын.
- Неге?
- Е-е сорлы! Адамға ең жақын – Ажал. Құдай алыста... тым-тым жырақта. Сондықтан
да тағдырың үнемі қыл үстінде тұрады. Ал сенің қасыңда аранымды ашып үнемі мен
жүремін. Сен бейшара үнемі үреймен өмір сүресің. Міне, өмірдің шекер балдай дәмі» [1].
Шын мәнінде «құдайсызсың, құдайдың құлы емессің» деп елес бейне айтқандай
шығарма кейіпкері Жошының сәбилік кезең мен балалық шақтан-ақ бойын үрей билеген.
Отбасындағы қанды көрініс, сүйген қызының опасыз әрекеті оның бойында мәңгілікке
сақталып, өмірге, адамдарға, өзіне деген сенімін де сезімін де жоғалтқан. Оның өмірінің
мәнінің де, сәнінің де кетуі осы сенімсіздікте жатыр. Өмірді ұстап тұратын ол – сенім.
Мәңгілік сенім. Дүниенің басы да, соңы да бар екендігіне деген сенім. Жер бетінде күн кешіп
жатқан адамзат баласының тірлігінде белгілі бір мағына бар екендігіне деген сенім.
Жаратушының бар екендігіне, оның жалғыз және ақиқат екендігіне деген сенім. Бірақ осы
сенім атаулыдан жұрдай адам үшін жер бетінде өмір сүрудің қаншалықты азап екендігін біз
бас кейіпкер Жошының әрекеттерінен танып білуімізге болады. Жаратушы тарапынан өзіне
берілген жүкті көтере алмай, адами міндетін де атқара алмай жаны күйзелген Жошы үшін өз
өмірінің құны көк тиын. Ол оның парқын да бағалай алмады. Бала шақтан болашаққа өзіне-
өзі қол жұмсап өлгісі келу ниетімен аттанған ол сол ойдан ғұмыр бойы арыла алмады.
«Тартыс – өмірдегі қайшылықтардың өнердегі көрінісі, адам тіршілігіндегі түрліше
қарама-қарсылықтардың, адамға тән әр алуан көзқарастағы, идеядағы, сезімдегі, нанымдағы,
іс-әрекеттегі, мақсат-мүддедегі кереғар құбылыстардың өнер туындысындағы жинақталуы,
суреттелуі» [3] дегендей «Казино» әңгімесіне негізгі арқау болып, оның өн бойында үзілмей
жалғасып отыратын желі бас кейіпкердің өз өміріне, отбасына, жалпы қоғамға деген өкпесі,
реніші, ашу-ызасы. Осы орайда оның ішкі жан дүниесімен арпалысы, оны қалай сыртқа
шығарарын білмей азаптанып жүргенінде елес бейненің кездесуі. Сан сапалақ ойдың
103
жетегінде, ой тұңғиығына бата жүріп, ішкі арпалыстар мен талас-тартыстарға белшесінен
батқан бас кейіпкер тек қоғамға ғана емес, жаратушыға да қарсы шыққанын сезбей де қалды.
Тіпті одан өзі де бейхабар.
З. Қабдоловша айтқанда «сюжеттің, оған өзек болған өмірлік тартыстың әрбір иінінде,
бұрылысында оқырманға керегі – дәлел, образ үшін психологиялық дәлел, оқиға үшін
логикалық дәлел» [3] керек десек, аталған әңгіменің бұл талапқа сай келетінін де бағамдауға
болады. Өйткені автор жалаң сюжет қуалап, құрғақ оқиғаны баяндаудан аулақ. Әңгіменің бас
кейіпкері Жошының парықсыз өмір кешуі оның мінез құлқының айнасы десек, образдың осы
бітіміне оның отбасындағы тәрбиенің жоқтығы, әуел бастан адамдық фундаменттің дұрыс
қаланбауынан екендігін байқатса, сюжетке негіз болған тартыстың, анықтап айтқанда,
кейіпкер мен елес бейне арасындағы қақтығыстың туындауына себепкер ретінде адамдық
ортадан безінген, адамша тірлік етуден бас тартқан, жалқы жүріп, жалқы ойлап, санасын
дертті ой жайлап, сол ой бүкіл денесін меңдеп күйзеліске ұшыраған кейіпкер Жошы әрекеті
алынған.
Әңгіме сюжетінің экспозициясы деп «Пирамида» казиносы мен «сән-салтантты»
коттеджде күн кешіп жүрген Жошының өмір сүру формасын алсақ, сюжеттік байланыс
ретінде кейіпкердің әжесінің қабірінің басына барған кезін көрсетуге болады. Сюжеттің
шиеленісе түсетін жері Жошының жанында елес бейненің пайда болуы, ал шарықтау шегі
сол елес бейнемен тіресуге бел байлаған Жошы әрекеті, соның салдарынан опатты ойға бел
бууы сюжеттік шешім болып табылады. «Төңіректі әп-сәтте қараңғылық басты. Бұл
қаңтардың жаңбырына таңдана есігін аша бергенде, жарқ-жұрқ найзағай ойнап, дүн-дүние
көктегі дүлей бір жарылыстан жаңғырығып кетті. Көлігінен асыға шыққан Жошының кенет
көз алдында жап-жасыл жай оты көк төрінен найзаша қадалды. Ет жүрегі дір ете шошынып,
қарашығы лап ете түскен шыршадан тана алмай қалды... Кісі бойы шырша лаулап қоя
берген. Күлтеленген инесі майдай жанған еуропалық Альпі шыршасы Жошыға тірі адам
лапылдап жатқандай әсер етті» [1]. Осы бір көрініс оның көз алдынан кетпей, ақыры бір
шешімге келуіне де әсерін тигізгені анық. Қоғамның келеңсіз тұстарын айқын ажыратып,
түйсіне білген жас жігіттің сол қоғамға сілкініс жасамақ болғаны да түсінікті. «Сайтан билік
иектеген сайқал» қоғам мен арсыз тірліктің сайқымазағына айналған Жошының «Кентаврға
тән алапат күшті» іздеп жүргенде бар ойлап тапқаны казино мен коттедждің күлін көкке
ұшыру болды. Соған қоса өзі де өрттей лаулап жанбақ. Ішкі күштердің, тартыс-таластардың
салдарынан күлге айналмақ. Оның өмірін бұзған құмарлық иектеген казино мен салтанатқа,
атақ-даңққа бөккен коттедж. Сондықтан да болар Жошының «жастығын ала жатпақ»
болғаны. Жер бетінен сайтан иектеген бір құмарлық орны мен байлық пен мансаптың куәсі
болған коттедждің күл талқаны шығуынан қоғамға сілкініс жасай алуға бола ма? Бір күнде
ғасырлар бойы уланған адам санасын тазарта ала ма? Құдайсыз қоғамның имансыз адамы
асау сезімге ырық беріп, асығыс шешім қабылдаған жоқ па екен деген заңды сауал
туындайды. Қоғам, өмір, билік пен байлық, атақ пен мансап жайында сол ортаның өкілі
болса да, алабөтен ойлардың жетегінде жүріп, өзі сол ойлардың құрбаны болып кеткен жоқ
па? Автор елес бейнені кейіпкердің психологиялық дертке шалдыққанын көрсету үшін алды
ма, жоқ болмаса оқиға шешімін табуға қажетілігі болғандығынан қосты ма, ол жағы белгісіз.
Десе де, осы бейненің автор тарапынан сәтті шыққанын мойындау керек. Адамдар ортасына
сыя алмаған, нағыз адамша күн кеше алмаған бас кейіпкердің ішкі зар мұнына ортақтасып,
шерін тарқатуға септігі тиген елес бейне ғайыптан алынбаған болар. Оны бас кейіпкеріміз өзі
ойдан шығарды ма, жоқ болмаса оның көзіне шынымен солай көрінді ме, ол жағы да
ажыратылмаған. Бірақ осы бір елес бейненің әңгіменің сюжеттік өріміне, кейіпкер әрекеті
мен шығарма шешімінің шынайылығына септігін тигізгені ақиқат.
Жазушы Асқар Алтайдың «Казино» әңгімесін бір алып қарағанда көркем әдебиеттің
халықтығы мен ұлттығы, көркемдігі туралы қалыптасқан пікірлерге қайшы келетін сияқты.
Ондағы кейіпкердің сезім күйі, есалаң әрекеті, тіпті шығарманың шешімі де ала бөтен
ойларға әкелері сөзсіз. Көркем шығарманың басты міндеті тәрбиелік маңызы деген түсінік
тұрғысынан келгенде де, аталған әңгімеде ерекшелік бар. Дегенмен батыс пен шығыстың
104
айырмашылығы жоғала бастаған, мынау алмағайып заманда өмір сүріп жатқан қай пенденің
болсын санасында, жүрегінде не жатқанын кім біледі. Әркім өз әлінше күн кешіп, өз қал-
қадірінше қиындықтармен күресуде емес пе. Олай болса «Казино» әңгімесінің сюжетіне де,
бас кейіпкердің әрекетіне де таңданудың реті жоқ. Ал әңгіменің сюжеттік желісінің бір ізді
болып, басынан соңына дейін бір арқауымен таратылуы, кейіпкер жан дүниесіндегі
сілкіністер, адамдар арасындағы қарым-қатынастың ешбір боямасыз сол қалпында берілуінің
өзі әңгіменің көркемдігін танытса керек. Күнделікті қарбалас тіршіліктің мидай қайнаған
қазанында жүріп қоршаған орта, адамдар, қоғам туралы ойлай беруге мұрша болмасы да
анық. Солай болса да, әр нәрсеге сын көзімен қарап, оның парқына жетіп, өзі өмір сүріп
отырған қоғамның таразысы бола білу де адамзат баласының басты міндеті емес пе. Ендеше
Жошының қоғам туралы, адам туралы, сенім мен сезім туралы ерек ойлары бәрімізге де
қозғау салары хақ. Сілкініс қашанда қажет. Ол тың ойларға, жаңа бағытқа жол ашары сөзсіз.
Бірақ ол жарылыс жасап, айналаны күлге айналдыру дегендік емес. Әр адам өз көзқарасы,
санасы, түйсігі тұрғысынан әрекет етеді. Осы орайда әңгіме кейіпкері Жошының шамасы
опатты ойға ғана жетті. Өйткені әуел бастан, ол осы ойға бекінген. Одан құтылатын жолды
таба да алмады. Себебі, ол «құдайсыз тірліктің имансыз адамы», «құдайдың құлы емес».
Осының өзі адамзат баласына ой тастауы керек. Жер бетінде адамша күн кеше білу үшін
«құдайдың құлы бола білу» екендігін сезіну – адам баласы үшін бақыттың бақыты екендігін
түйсіну.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Алтай А. Казино. – Алматы. Атамұра, 2008, 367 б.
2 Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. – М: Мектеп, 1969, 55 б.
3 Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы. Жазушы, 1983, 178-179 б.
ӘӨЖ 82.1(5Қ)
КУЛЬЖАНОВА АЯУЛЫМ АСКАРОВНА
БӨКЕН ГҮЛНАЗ САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, Көкшетау, Қазақстан
Достарыңызбен бөлісу: |