Шәлі – шашақты сәндік орамал.
Бөкебай – түбіттен қалың тоқылған қыстық орамал.
Бөрік – қымбат бағалы матамен тысталған, әртүрлі бағалы аң терісімен термеленген, әр үлгіде тігілген қыздардың жаздық және қыстық бас киімі.
Қалы – қымбат бағалы түкті шәлі.
Оқалы бөрік – құндызбен жиектеліп, қызыл не көк масатымен тысталып, төрт сайына тігісін бастырып оқа ұстаған, сайларының аралары алтын, күміс жіптермен кестеленген, шекесіне үкі қадаған қыздардың бас киімі.
Шарқат– әйелдердің басқа тартатын үлкен жібек орамалы.
Сарапшаң – жұмсақ торғын, жібекпен жылқының қылынан, шуданың қылшығынан тоқылған, қыздар мен келіншектердің бетін шаң-тозаңнан қорғайтын бет перде шаң тимес деп те аталады.
Ақбүркеншек – алғаш түскен келінге сәукеле сыртынан жабатын жамылғыш.
Қарқара – төбесі биік шошақтау келген, қауырсын қадаған жас әйелдердің, қыздардың сәнді бас киімі.
Сылама– өте әдемі, сәнді бас киім.
Сығым – жұқа жібек орамал.
АЯҚ КИІМДЕР Ер адамның аяқ киімдері Шәркей – көннен тігілген жеңіл аяқ киім.
Шоқай– көн теріден бүріп тігілген жұмысқа киетін жеңіл аяқ киім.
Шабата – жөкеден, талдан тоқылған жаздық жеңіл аяқ киім.
Боршын – қоғадан тоқылған жазғы аяқ киім.
Башмақ– үй ішіне киетін өкшесіз жеңіл аяқ киім.
Шүбек – үй ішіне киіп жүретін жеңіл аяқ киім.
Шұлық – аяқ киімнің ішінен киетін қонышы қысқа жүн тоқыма.
Шұлғау– етік кигенде аяқты орайтын мата.
Аяқ қайрақ – аяқ киімнің сыртынан киетін, шикі терідеи орап не бүріп тіккен аяқ киім.
Бәкі (бөкі) – түйе терісінен жасалған жұмысқа киетін кебіс.
Кебіс, кеуіш– мәсінің сыртынан киетін былғарыдан тігілген, ұлтаны қалың өкшелі аяқ киім.
Мәсі – етік тәрізді, жұмсақ былғарыдан, ешкі терісінен тігілген өкшесіз, ұлтаны жүқа, кебіспен киетін қонышты аяқ киім.
Етік – былғары, көн сияқты материалдардан тігілген, қонышы ұзын, ұлтаны қалың, өкшелі аяқ киім. Түрлері: бастама етік, әмірхан етік, саптама етік, бітеу етік, мықшима етік, кәймәлі етік, көксауыр етік, көн етік, ұлтарған етік, түзу табан етік, қисық табан етік.