510-тапсырма. Ыңғайлас салалас құрмалас сөйлемдердің астын сызып, құрамындағы жай сөйлемдердің қалай байланысып тұрғанын түсіндіріңіздер.
Ұлы Отан соғысы аяқталысымен, еліміздің басшылығы өте қысқа мерзім ішінде атом проблемасын шешпек болды да, сол арқылы АҚШ-ты атом қаруына жеке даралықтан айырды. Ол адамзатты дамудың жаңа сатысына көтерді, әрі жалпы адамзат байлықтары алдындағы жауапкершілігін де көтерді. 21 тамызда ССРО үкіметі өзінің арнайы қаулысымен атом ғылыми-зерттеу полигонын құру туралы шешім қабылдады да, оған «№2 жаттығу полигоны» деген шартты ат берді. Полигон құруға басшылықты ССРО Қарулы Күштері бас штабының арнайы бөлімі жүзеге асырды және полигонның барлық қызметін бақылап отыруды И.В.Курчатовқа тапсырды.
14-апта. 41-тәжірибелік сабақ
Грамматика: Себеп- салдар, кезектес салалас құрмалас сөйлемдер.
511-тапсырма. Қазақстандағы радиациялық ластану мәселесінен мәлімет алып, мәтінді мазмұндаңыздар.
Қазақстандағы радиациялық ластану.
Семей полигоны
Қазіргі кезеңнің өзекті мәселелерінің бірі – радиациялық ластану болып қалып отыр. Радиоактивті ластанумен күресу тек алдын алу сипатында ғана болады. Себебі табиғи ортаның мұндай ластануын нейтралдайтын биологиялық ыдырату әдістері де, басқа механизмдері де жоқ. Қоректік тізбек бойынша тарала отырып (өсімдіктерден жануарларға) радиоактивті заттар азық-түлік өнімдерімен бірге адам ағзасына түсіп, адам денсаулығына зиянды мөлшерге дейін жиналуы мүмкін.
Қазақстан территориясында қуатты ядролық сынақтардың ең көп мөлшері жасалды. Семей полигонында 1949 жылдан 1989 жылға дейін 470 ядролық жарылыс, оның 90-ы ауада, 354-і жер астында және 26-ы жер бетінде жүргізілген.
Олар Қазақстан территориясының біраз бөлігінің радиациялық ластануына әкелді. Шығыс Қазақстан тұрғындары Хиросима-Нагасаки мен Чернобыльдан кейінгі ең үлкен ионданушы сәулелену дозасын алған. Радиациялық әсерге байланысты туған аурулар туралы мәліметтер 1989 жылға дейін құпия сақталып келді. Ресми емес көздердің мәліметтеріне сүйенсек, лейкемиядан қайтыс болғандар саны ондаған мың адамды құрайды.
Қазақстан территориясында радиациялық ластану себептеріне мыналар жатады: Семей ядролық полигонында жасалған жарылыстардың әсері, радиоактивті материалдарды пайдаланған өнеркәсіп орындары, ғаламдық жауындар, халық шаруашылығы мәселелерін шешу мақсатында жасалған жерасты ядролық жарылыстары, табиғи радиоактивті қалдықтар.
Қоршаған ортаның химиялық ластануы дүниежүзілік экологиялық мәселелерге жатады.
Жер шары бойынша адам баласы бірнеше тарихи радиациялық апаттардың куәсі болып, зардап шекті. Мысалы, 1945 жылы АҚШ-тың Жапониядағы Хиросима, Нагасаки қалаларына атом бомбасын тастауының салдарынан күні бүгінге дейін мыңдаған адамдар сәулелік аурулардың зардабын шегуде. Одан кейінгі жылдары атом қаруларын суда, жер астында және атмосферада сынады.
Біздің республикамызда 40 жылдан астам уақыт бойы Семей өңірінде, сол сияқты Тайсоған, Азғыр, Нарын жерлерінде бес жүзге тарта ядролық сынақтың жасалғанын айтып кеттік. Оның әрбіреуінің қуаты Хиросимаға тасталған атом бомбасынан кем болмады.
Табиғи ортаның биологиялық ластануы да ерекше орын алады. Биологиялық ластануларға ауыру туғызатын микроорганизмдер, вирустар, құрттар жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |