Үстеулердің морфологиялық және синтаксистік белгілерін кеңірек зерттеген ғалым-профессор А.Ысқақов. Автор Қазіргі қазақ тіліндегі үстеулер атты бес тараудан тұратын үлкен монография жазды [ 8, 142 б.]. Бірінші тарауда түркі және қазақ тіліндегі үстеулердің зерттелу тарихы мен оқытылуы, екінші тарауда қазіргі қазақ тіліндегі үстеулердің проблемалары, олардың сөз табы ретінде өзіндік белгілері, сын есім мен үстеудің ортасында арасында жүрген үстеу құрамындағы кейбір көнерген қосымшалардың қолданылуы зерттелінді. Ал үшінші тарауда үстеудің мағыналық топтары жан-жақты қамтылып оның әрбір мағыналық түріне жеке -жеке тоқталады. Төртінші тарауда үстеулердің морфологиялық белгілерін, яғни олардың морфологиялық құрылымын, түбір және туынды үстеулерді, туынды үстеулердің жасалу жолдарын және олардың қандай сөз таптарынан жасалғанын, үстеулердің шырай формаларын қарастырады. Үстеулердің жасалу жолдарын тарихи тұрғыдан талдай келе, үстеу жасаудағы басқа сөз таптарының алар орны мен қызметін анықтайды. Соңғы бесінші тарауда үстеулер синтаксисі деп атап оны үш бағытта қарастырады; үстеулердің сөйлем мүшесі қызметінде жұмсалуы, үстеулердің басқа сөз таптары мен тіркесу қабілеті және үстеулердің сөйлемдегі орны. Бірінші мәселе бойынша автор үстеулердің сөйлемдегі пысықтауыш, анықтауыш, баяндауыш қызметтерін көрсетсе, екінші пункт бойынша үстеулердің етістіктер, сын есімдер, есімдіктер және зат есімдер мен аталған сөз таптарының қайсысымен тіркесе алтынына да тоқталады. Үстеулердің сөйлемдегі орнына келсек, автор үстеулер көбіне пысықтауыш пен анықтауыш қызметін атқарып өзі қатысты болып тұрған сөздің алдына тұрады- деп тұжырымдайды. Дегенмен мезгіл үстеулерінің орны еркін болатынын ескертеді. Міне, қазіргі қазақ тіліндегі үстеулердің зерттелу тарихы осындай. Бұл еңбектердің барлығына ортақ қағида, ол үстеулердің морфологиялық өзгермейтіндігі немесе аз өзгеретіндігі.