ӘДЕБИЕТШІ ТҰРСЫНБЕК КӘКІШЕВ – ҚАЗАҚ МҮДДЕСІН ОЙЛАУШЫ ҒАЛЫМ
Тұрсынбек Кәкішев – қазақ әдебиеттануында өзіне ғана тән орны бар ғалым. Ғылыми шығармашылығының басты ерекшелігі – Шыншылдық екені де анық. Бұл ғылыми мұраның басты мақсаты – мәселенің шынайы келбетін ашып, турасын анықтап беру болып табылуы да сондықтан. Тұрсекең не жазса да өзіне маңызды тақырыптарды тандап алады, сондықтан бұл зерттеулерде салғырттыққа орын болмайды. Сәкентану, қазақ әдебиеті тарихының зерттелуі, қазақ әдеби сынының тарихы, Алаш мұрасы – бұлар Т.Кәкішұлының басты тақырыптары. Әдебиетші бұл еңбектерді жазып қана қоймай, оларды білім беру жүйесіне еңгізе алды, яғни олардың іске асуына қол жеткізген ғалым.
Тәуелсіз кезінде Тұрсекең алғашқылардың бірі болып кеңестік әдебиеттанудың кемшіліктерін әшкерелей бастады. Заман қалай болып кетеді деп отырғандарға қарамай ғалым әдебиеттің басты мәселелерін батыл көтерді. Кеңес кезінде қазақ әдебиеті тарихы белгілі шеңберде ғана зерттелгенін, әдеби ғылымның сонау Әл-Фарабиден басталатынын, ХХ ғасыр басындағы кәсіби сынның даму мәселелерін ғалым бүгінгі ғылыми ортаның алдына тартты. Бұл жай жар салу емес еді. «Қазақ әдебиет сынының тарихы» деген жалпы оқу курсының бағдарламасын ғалым сонау 1982 жылы жасапты. Содан бері бұл курс бүкіл Қазақстанның филология, журналистика факультеттерінде оқытылып келеді. Көп ұзамай сәкентануға да тың деректі ғылыми еңбектер қосылды: «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» (Оқу құралы. 2 кітап А., 2001, 2002); «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» (2 кітап, 1994, 1995, 2002, 2003) жарық көрді. Бұл кітаптар оқу беру саласында кеңінен пайдаланылып кетті.
Кеңес кезіндегі шеңбермен шектелген оқулықтардың орнына қазақ әдебиетінің көне кездерінен бастау алған еңбектер, әсіресе, даңқты тұлғалар Анархасис, Алып Ер Тұңға, Мәде, Қорқыт, Асан Қайғы, Бұқар, Махамбет, Шоқан, Ыбырай, Абай және жазықсыз репрессияға ұшыраған қайта ақталған қаламгерлер – Ш.Құдайбердыұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Садуақасов, Ә.Бөкейханов, Ғ.Тоқжанов туындыларының қазақ әдебиеті тарихындағы орны айқындалды.
Оқулықта тұңғыш рет «Ертедегі көшпелі тайпалар әдебиеті» бөлімі берілген: «Аталар жырының айғағы». «Тарих тұнығы тереңде». «Көне әдебиет көгіндегі көк бөрі». «Авеста» әлемі». ІІ бөлім: 1. «Түрік ескерткіштері». «Түрік қағанаты дәуіріндегі әдебиет». «Орхон ескерткіштері». 2. «Оғыз дәуіріндегі әдебиет («Қорқыт ата», «Оғыз қаған жыры»)». 3. «Ислам дәуіріндегі әдебиет (Сыр бойы әдебиеті, Әл-Фараби, Ахмет Йассауи, Ахмет Йгүнеки, Қарахан әдебиеті, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари)»; «Алтын Орда дәуіріндегі әдебиет. Сайф Сараи». ІІІ бөлім: «Қазақтың төл әдебиеті (15-18ғғ)». Бұл бөлім: Жыраулар поэзиясының зерттелу жайы: «Жыраудың әлеуметтік тұлғасы; Жырау поэзиясының басты сарындары, көркемдік ерекшеліктері; Жыраулар поэзиясының көркемдік негіздері, дәстүрлі арналары» атты тараулардан тұрады. Асан Қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Марқасқа, Қожаберген, Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетей, Бұқар жырау. ІV бөлім ХІХ ғасырдағы әдебиет: Ұлт – азаттық күрес жырлары. Тарихи өлеңдер. Махамбет Өтемісұлы. 2. Зар – заман әдебиеті. Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы. 3. Қазан хандығы және әдебиет. Мәделі Жүсіпқожаұлы, Құлыншақ Кемелұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Сүйінбай Аронұлы. 4. Айтыс. 5. Сал – серілер поэзиясы. 6. Шешендік өнер табиғаты. 7. Қазақ арасына кең тараған шығыс қисса – дастандары. 8. Жаңа жазба әдебиет. Абай, Ыбырай, Шоқан. Оқу құралының екінші кітабында ХХ ғасыр басындағы Алаштың азатшыл әдебиеті қарастырылған: Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсүпбек Аймауытов. Кеңес дәуіріндегі әдебиет (С.Сейфуллин, І.Жансүгірұлы, Б.Майлин, Жамбыл, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов. ІІІ. Шетелдегі қазақ әдебиеті. Қазақ әдебиеті – әлем халықтары тілінде.
Қазақ әдебиеті сынының тарихы жалпы қазақ әдебиеттануы қашан, қай кезден басталады деген сауалға жауап береді: 1. «Қазақ әдеби сынының туу дәуірі және оның қазан төңкерісіне дейін созылғаны». 2. «Қазақ әдеби сынының жанр ретінде қалыптасуы және әдебиеттану ғылымының туу дәуірі (1917-1937)». 3. «Қазақ әдебиеті сынының өсіп өркендеуі және әдебиеттану ғылымының қалыптасуы – 1938-1985 жж.».
Кеңес кезіндегі әдебиеттану ғылымы тек Қазан төңкерісінен кейін басталды деген пікірге ғалым ашық тойтарыс беріп, репрессияға ұшыраған әдебиетшілердің есімдерін тұңғыш рет ғылыми айналымға осылай енгізді. Т.Кәкішевтің тікелей атсалысуымен «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» 1967 жылдан басталып, 1974 жылдан бері жалпы курс ретінде оқытылып келеді. Онын бағдарламасы 1982 жылы жасалып, бүкіл гуманитарлық оқу орындарында басшылыққа алынған.
Бұл ғылыми басылым оқулық ретінде тұңғыш рет 1994 жылы жарық көрген. Қазақтың сыни ой-пікірінің оянуы және әдебиет сынының тууы алты тарауға бөлініп зерттелген: І тарау: Сын арналары: халықтық эстетика; көне дәуірдегі сүбелі ойлар; қазақтың ұлы ағартушы-демократтарының сыни ойлары. ІІ тарау: Баспасөз және сын. «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің әдебиет сынын тудырудағы тарихи маңызы. ІІІ тарау: Жазба әдебиет және сын. Дәйектеме сын. Абай өнері – өсер сынға өрелі өрнек. Екінші кітап «Қазақ сынының жанрлық қалыптасуы және әдебиеттану» деп аталады. Бірінші тарауда 1920 жылдардағы қазақ әдеби сынының пікірсайысы мен дискуссиялары қамтылған. Бұл кітаптағы мұрағаттық тың деректер мен мәліметтер ұшан теңіз. «Ақжол», «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан», «Лениншіл жас», «Жаңа мектеп», «Жаңа әдебиет», «Әдебиет майданы» басылымдарындағы пікірсайыс толығымен тұңғыш рет осы Т.Кәкішұлы еңбегінде анықталып берілген. Бұл басылым сонау ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдеби өмірінің шежіресі ғана емес, энциклопедиялық мұрасы екені бүгін мойындалып отыр. Қаншама әдебиетшілердің есімдері тұңғыш рет осы кітапқа енгізіліп қана қоймай, олардың шеккен тағдыр қасіреті сөз етілген. Сондықтан ХХ ғасыр басындағы әдеби процесті зерттейтін ғалымдардың Кәкішевтің бұл кітабына соқпай кетпеуі мүмкін емес. «Әдеби мұраны игеру мәселелері» атты тарау: «Әдеби өркендеудегі тарихи сабақтастық»; «Ауыз әдебиетінің үлгілерін жинау мен зерттеу мәселелері»; «Абайтану асулары» атты тараушаларынан тұрады.
Ғалымның сәкентануға қосқан үлесінің энциклопедиялық мәні де ерекше. Сәкеннің қай күні, қай жерде, қалай сөйлегеніне дейінгі құнды ғылыми мәліметтерді Т.Кәкішұлы еңбегінен табамыз. Ғалымның зерттеулерінің құнарлығы – мұрағат деректерінің молдығы, төте, латын жазудағы мәтіндерді парақтап шығуынан екені де айқын. Бұл бір институт атқарып отырған ғылыми жүйелеудің сараптамалық ісі.
Ғалымды мінез қалыптастырады деген сөз бар. Атақ, даңқ қумаған Т.Кәкішұлы қазақ әдебиеттануына үлкен үлес қосқан ғалым. Біреуге жалтақтаудан аулақ болуы шындықты айтуына байланысты екен. Не нәрсе болса да тоқетерін тауып анықтап беру – ғалымның басты ғылыми мінезі. Бір ғылыми тұжырым жасау үшін мұрағаттардағы мыңдаған құжат мәліметтерді сүзіп шығу тек Тұрсекеңе тән шарт. Олай болса, шындықты айтқанынан көп атақ, лауазымдардан айырылып жүрген ғалым тұлғасы бізге өнеге болары сөзсіз. Анық сөйлеп шынайылықты баяндау, әдеби деректің ақиқатына жету ғалым үшін басты талап. Тұрсекеңнің қай аудиторияны болса да еркін меңгеріп әкетуінің сыры да осында шығар.
1992 жылы Ақадыр мекенінде Ағыбай батырдың мерейтойы өтті. Ғылыми конференцияда сөйлегендердің сөзі әртүрлі деңгейде болды. Мінбеге Тұрсекең шыққанда ел бір көтеріліп қалды. Қағазға қарамай жалпы жұртқа арналып айтылған сөздері ерекше әсер етті. Ұлттық рух пен ұлттық мүддені алға тартып, батырлық дәстүрдің осы екі ұғымға тікелей қатысты екенін айқындап берген Тұрсекеңнің сөзін халық тік тұрып қол шапалақтаумен жалғастырды. Өкінішке орай, кейін Ағыбай батыр туралы кітап шыққанда Тұрсекең сол сөздерін бере алмады. Бірақ оны тыңдаған қауымға әсер еткенін және тоқетерін айтқанын көрген маған бұл күні бүгінге дейін қарыз сияқты еді. Т.Кәкішұлын осындай қарапайым елдің алдында берген дәрістері бәрімізге үлгі болары сөзсіз.
Атақ, даңқ, лауазымдарға қызықпай, тек ғылымның ақ жолын кесіп өтпеген ғалымға бізге үлгі боларлық зерттеулері мен халыққа арналған сөздері үшін бүгін алғыс айтамыз.
Тұрсекең бүгінгі ғалымдардың ішінен екеу болса, соның біреуі болып ғылым және дін мәселесі төңірегінде жазып, ел алдында ашық жүрген ғалым.
2003 жылы жарық көрген Т.Кәкішұлының «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» (А, Білім, 2003)4. Екі кітаптің І бөлімінде «Қазақтың сыни ой-пікірінің оянуы және әдебиет сынының туу тарихы» зерттелген. Әдебиетші әдеби-сын арналарын құрастырып, көне дәуірдегі келе жатқан «халықтық эстетика» түсінігін алға тартқан. «Қазақтың ағартушы-демократтарының сыни ойлары арнайы зерттелген. Шоқан, Ыбырай, Абай мұрасы осы тұрғыдан жаңаша сараланған. «Баспа сөз және сын» атты тарауда «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің әдебиет сынын тудырудағы тарихи маңыздылығы қарастырылған. Екі басылым бетінде қазақ әдеби сыны дамығаны талдаулар арқылы айқындалған.
«Жазба әдебиет және сын» тарауы – кәсібиленген әдебиет сынының теориялық талаптары анықталғанымен құнды. «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» атты ІІ бөлімде Т.Кәкішұлы ХХ ғасыр басындағы кәсіби-әдеби сынның қалыптасқанын дәлелдеп шыққан. «Қазақ сынының жанрлық қалыптасуы және әдебиеттану» тарауында Алаш әдебиетшілерінің негізгі зерттеулері айғақталған. Саяси айтыс кәсіби әдеби айтыста орын алғаны – заман талабы ретінде анықталған.
«Эстетикалық-социологиялық сын» тарауында заман талабы – таптық-эстетикалық партияшыл шарттары сөз етілген. «Дөрекі социологизмнің дауылы тез көтерілгенімен, саябырлап басылды. 1932 жылы партияның «Көркемөнер ұйымдарын қайта құру туралы» қаулысы шығып, шығармашылықты жақсартуға бағытталған қадамдар жасалды. Әдебиеттің сын саласына білімді жастардың, әсіресе, сынды өздерінің өнерпаздық арнасы деп таныған Есмағамбет Ысмайылов, Мұхамеджан Қаратаев, Қажым Жұмалиев, Темірғали Нұртазин, Белгібай Шалабаев, Құлмырза Өтепов, Рақымжан Жаманғұлов, Әлібек Қоңыратбаев, Мансұр Қатаулин, Рақым Уалиахметов сияқты сыншылардың, алғашқы қадамдарын сыннан бастаған Саттар Ерубаев пен Зейін Шашкин, Хамза Есенжанов сынды жазушылардың қазақ әдебиетінің әлеміне келуіне байланысты білікті, мәдениетті, эстетикалық сауатты сын өріс алып, аз жылда жетекші тенденцияға ие болар деген үміт оты жылт етті. 20-жылдарда жемісті еңбек еткен көп сыншылар өзінің идеялық-эстетикалық нысанасын қайта қарап, өрелі, білімді сын жолына түсті. Ғ.Тоғжанов, Х.Жүсіпбеков, Б.Кенжебаев, Ә.Мәметова тағы басқалардың қаламдары құнарлана түсті. Қайсыбіреулері сынмен қош айтысты. 1933-1937 жылдар арасында талай мәнді еңбектер мен мақалалар жазылып, социологиялық-эстетикалық сын тез марқайды. Өзінің оңаша отау алуға жарап қалғанын, кәмелетке толғанын Қазақстан Жазушылар одағының 1937 жылғы І пленумында арнайы талқыға түсуімен дәлелдеді. Бұл кезде сыншылар да, сыни пікір айтушылар да көбейіп, сын мақалалары мен рецензиялар мол және өнімді жазылды.
20-жылдардағы творчестволық және ұйымдық айтыс-тартыстар кезінде сыни пікірдің қандай болуы керектігі жөнінде айтылған ойлардың жарықшағы ҚазАПП съезінде әкімшілік тұрғыдан сөйлеген сөздерден аңғарылып қалғанымен әдеби атмосфера жақсара бастағаны, мәндене, салмақтана, қомақтана түскені мақалалардан, өткізілген талқылаулардан айқын көрінеді.
Қазақ сынының шуақты кезеңі (1932 жылдың екінші – 1937 жылдың бірінші жартысы) шын шығармашылыққа бұрылды. М.Әуезов өзінің ашық хатымен жаңа әдебиетке қосылды» [95-96].
Т.Кәкішұлы тұңғыш рет 1920 жылғы әдеби айтыс қалай іске асқаны туралы толық мағлұмат берді. Архив деректеріне сүйеніп отырып жасалған тұжырымдар бүгінгі тәуелсіз әдебиеттануға қосылған жаңа сөз болып табылуда: «Сынның бүкіл қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-эстетикалық ой-пікірдің додасында төңкерісшіл ақын-жазушылардың көшбасшысы Сәкенді, жаңа әдебиет өкілдерінің іс-әрекетіне серке болған Сәбитті көкпардай тартқан бір жарым-екі жылды қиястығы басқаларға там-тұмдап тигені, қайсыбірі қосақ арасында босқа кеткені белгілі. Сондықтан оларға тартылған «сыбағаны» ойлана әңгімелесек, бүкіл бір әдебиеттің шындығы қалай ойсырағаны, ластанғаны көрініп қалар.
Сәкен басына ала шарбы бұлт өзінің шығармашылық еңбегіне 20 жыл толарына дейін-ақ үйірілген болатын. Сәкеннің 1913 жылдан бергі танысы, сібірдің төңкерісшіл жазушысы Ф.Березовский пенделік өкпемен КСРО Жазушылар одағының 1936 жылдың басында Минскіде өткен І пленумында қазақ әдебиетінің жай-күйін әңгімелей келіп, Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасы мен бірнеше шығармаларында троцкизмге іш тартатын саяси қателіктер бар. Қазір Сейфуллин бұл қателіктен арылды дегенмен, сол жиынның төрінде отырып, бұрын Қазақстан өлкелік партия комитетінде ұйымдастыру хатшысы болып істеген, енді КСРО-ның ішкі істер халық комиссары болған қанішер Н.Ежовтың көңілінің бір қыртысына қыстырылып қалған еді. Ол көп кешікпей «Қарағанды ісінде» көрініс берді. Қазақстанның бүкіл жұртшылығын шошындырған сот Ежовтың бақылауымен өтті. Өйткені Сәкеннің жан жолдасы Абдолла Асылбеков Қазақстан өлкелік комитетінде Ежовпен бір мезгілде қызмет істеп, талай мәселеде онымен керісіп, таласып қалатыны «Қарағанды ісінде» алдынан шықты» [121-122].
1930 жылдары сынның жағдайы туралы: «Қазақ сынының «бірінші саласы, – дейді Ғ.Мүсірепов, – ғылыми сын, тексеру-зерттеу арқылы ылғи алға сүйреп отыратын сын – әдебиет пен жазушының алдына жарығын түсіріп, бастап отыратын сын. Бұл сын сынауды ғана кәсіп етпей, сүйіп сынайды, үнемі соңына түсіп жалпы ғылымның өсуімен бірге өзі де өсіп отырды.
Екінші саласы – халық сыны, көпшілік сыны. Бұл әрине ғылыми сын емес, халықтың жүрегінің қалай соғуын көрсетіп отыратын сын, үкім сияқты сын.
Үшінші саласы – сынды кәсіп еткен, арзанқол, әдебиеттің өсуіне жәрдемі тимейтін құр айқай болып келеді. Міне, бізде осының үшеуі де бар» («Суреткер парызы», 1970, 184-185-бет). Бұл пікір – біздің сыншылық ой-пікіріміздің бар эволюциясын, өсу жолын, қалыптасу процесін дұрыс тұжырымдаған қорытынды» [127-128].
Кеңес әдеби сынының басты тақырыбы – әдеби мұраны игеру екені арнайы мәселе етіліп қойылған. Кеңес өкіметі Абайды жоққа шығаруына қарсы болған әдеби қауым бүкіл әдеби мұраны қорғауға шықты. Әдеби мұраны игеру мәселелері әдеби өркендеудегі тарихи сабақтастық. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинау мен зерттеу. «Абайтану асулары» тарауларда аталған мәселе айқындала түскен.
«Сонымен, Ғаббас Тоғжановтың қазақ әдебиеті тарихындағы тұңғыш монографиясында қайшылықты ой-пікірлер, түйіндер кездессе де, Абайды ғылыми жолмен танудың белесті бір шығармасы болды. Ұлы Абайды ұлт ақыны деп тану және бар өнімді ой-пікірлерді осы тұжырым аясынан өрбіту келешектегі көп ізденістер мен зерттеулерге соқпақ салып берді. «Әдебиет майданы» журналындағы құнды материалдар, мектеп оқулықтарындағы соны деректер, Ғ.Тоғжановтың тұңғыш монографиясы көп мәселені айқындап, ендігі жерде көркемдік шеберліктің өнерпаздық биігіне Абайдың қалай көтерілгенін айқындау міндетін көлденең тартты» [226].
«Қалыптасу дәуірін өткеріп келе жатқан қазақ әдебиеттану ғылымына Ғаббас Тоғжановтың «Абай» атты 1935 жылы шыққан зерттеуі әжептәуір үлес қосты. Әрине бұл монографияны Абай шығармашылығының бар проблематикасын әңгімелеген, көбіне оңтайлы жауап берген ғылыми эстетикалық еңбектен гөрі социологиялық арқауы басым монографиялық очерк деп атаған орынды. Өйткені бұл еңбек алғашқы тәжірибе болса, екінші, – абайтанудың, революцияға және революциядан кейінгі жан-күйіне шолу жасалып, көп мәселелер жайында автордың өз ой-пікірі айтылады. Абайдың заманы, оның туып-өскен ортасы, қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге көзқарасы туралы автор көп тоқталады және бәріне де таптық тұрғыдан жауап іздейді, сөйтіп социологияға белшесінен батады. Оған Ғаббас «біздің көбіміз (бәріміз десек те өтірікші бола қойман) қазір универсалмыз. Көп білгендіктен универсал емеспіз, көп міндет жүктелгендіктен, амалсыздан универсалмыз. Қазақ тұрмысында жұртшылық алдына түспей, білінбей қараңғы, тұйық жатқан мәселелер көп. Соларды ашқың келеді, түсінгің келеді» («Абай», 10-бет) деп уәж айтпақ болады. Сонда да эстетикалық өңірден гөрі социологиялық арнаға бұрыла бергені анық байқалады» [223].
«Абай реализмін» сөз еткенде Ғаббас «сыншыл реализм» деген терминді қолданбағанымен, оның негізгі сын-сипатының негізгі айшықтарын атап, міәселенің ішіне кіріп, көптеген тың бақылаулар, түйіндер жасайды. Абайдың «Жұрт ақыны болып, халық қамын қайғырғаны, өзі көрген әлеуметінің кем-кетігін жамауға тырысқаны, жаманды түземек болғаны, кейінгі жасқа үлгі берем дегені, бар ақындығын осыған жұмсағандығы – бұл, әрине, Абайдың өзінен бұрынғы қазақтың феодал ақындарынан анағұрлым артықтығы» (55-бет) деп Ғаббас ой түйген уақытта, әдебиеттің қоғамдық функциясын дәл бағдарлап, өмір шындығын суреттеген шығарма ғана құнды, ғұмырлы болатындығын баяндайды. «Біз бүгін Абайдың атын көтеріп, қадірлесек, Абайдың осы өз тұсындағы көргенін, өткір тілмен жасырмай, жасқанбай айта білгендігіне сүйеніп қадірлейміз. Абайдың осы реалистігін, өз тұсының айнасы, көзі ашық үлгілі баласы болғанын көріп қадірлейміз» (55-бет) деп табады да, осы ойын «Абайға орыс культурасының қандай әсері болды» деген тарауына жалғастырып, дамытып алып кетеді» [224-225].
«1945 жылы Абайдың туғанына 100 жыл толуы бүкілхалықтық мерекеге айналды. Мерекеге арналып шыққан Абай шығармаларының толық жинағына С.Мұқанов «Абай – қазақ халқының данышпан ақыны» деген алғысөз жазуы, М.Әуезов пен Б.Кенжебаевтың «Абай – қазақ халқының ұлы ақыны» деген кітапша шығаруы, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Ә.Қоңыратбаев, Қ.Мұхаметханов, Т.Нұртазин, Н.Сауранбаев, М.Сильченко, Ә.Тәжібаев, Т.Тәжібаев сынды ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың 300-ден астам мақала жариялауы Абайдың жазба әдебиет негізін қалаудағы еңбегін ғана айтып қоймай, бүкіл қазақ қоғамындағы, мәдениет тарихындағы орнын айқындап берді. Соның арқасында қазақ әдебиеттану ғылымында абайтану ілімінің өз алдына отау тігуіне жағдай жасалды.
Бұдан кейінгі 40 жыл, яғни 1945-1985 жылдарда абайтану саласындағы ізденіс-зерттеулердің барынша өркендей түскені соншалықты, ол өз алдына ілім ретінде қаралып, оның тарихы, басып өткен жолы М.Мырзахметовтың жәдігерлігімен жарқырай көрінді, ғылыми жолмен зерттеудің өнімді де жемісті арнасына айналып, қазақ әдебиеттану ғылымының жетістігінің көрсеткіші болып отыр.
Абайтанудың алғашқы кезеңінің ұзақ-сонар баяндалуының себебі – Абай жайындағы ғылыми-сыни ой-пікірдің эволюциясын көрсету болса, екінші жағынан, жеке ақын-жазушылардың шығармашылығын игеру ісі тап осындай болмағанымен, осыған ұқсас процесті басынан өткергенін аңғарту еді. Бұл жөнінен Сұлтанмахмұт Торайғыров, Спандияр Көбеев, Мұхаметжан Сералин, Сәбит Дөнентаев, Махамбет Өтемісов, Ыбырай Алтынсарин, Ақансері Қорамсаұлы, Ығылман Шөреков, бертінгі Баймағамбет, Ізтөлин мен Шолпан Иманбаева т.б. жайында жазылған мақалалар, зерттеулер олардың шығармаларын жариялау қаншалықты мәнді екенін ескергенмен, олардың да тану-танылу процестері Абай өнерпаздығының өткелдеріне ұқсас болғаны айдан-анық.
Жалпы әдеби мұраны дұрыс игеру, әсіресе, жеке ақын-жазушының тарихи орнын айқындау процесінде Абай шығармашылығының шешуші сипаты болды, кейбір дарын тағдыры осы үлгімен пішіліп, әдебиет тарихынан тиісті орын алды. Әрине әрбір дарынның алға тартар әңгімесі де, көтерер мәселесі де Абаймен деңгейлес емесі өзінен өзі түсінікті.
Сонымен, қазақ халқымен талай ғасырдан бері бірге жасап, рухани азығы болған ауыз әдебиетінің озық үлгілері мен жеке дарындардың, әсіресе Абай сияқты данышпан ақынның шығармашылығын игеру барысында қазақ әдебиеті сыны жанр ретінде қалыптасып, қазақ әдебиеттану ғылымының туып, қарқынды өсу жолында келе жатқанын мықтап аңғартты» [229-230].
Достарыңызбен бөлісу: |