Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті философия, саясаттану және дінтану институты


 Қазақтың мәдени-философиялық ойы тарихындағы



Pdf көрінісі
бет15/49
Дата16.02.2017
өлшемі2,81 Mb.
#4223
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   49

                   1. Қазақтың мәдени-философиялық ойы тарихындағы                      105
руханият құбылысының қайнар көздері                                   
мәселесі; өлім – өмірге ерекше және қайталанбас мән беретін оның негізгі 
элементі;  адамның  нақты  тәжірибесі  және  адам  әрекеті  мен  қылықтары 
үшін жауапкершілік және т. б.
Өлім феноменіне түркілік философия да, әсіресе Қорқыт ата өз өмірі 
мен  шығармашылығында  өмірдің  бір  элементі  ретінде  мән  беріп,  оған 
үлкен көңіл бөледі. Өлім адамның дүниедегі рухани болмысын бұза ал-
майды.  Ол  адамды  күнделікті  күйбең  тіршіліктің  аясынан  суырып  ала-
ды.  Өзінің  ақырын  сезіну  барысындағы  үнемі  іштей  толғану  мен  уайым 
адамды  өмірдің  мәнін  үнемі  іздестіру  үдерісінде  болуға  мәжбүрлейді. 
Дәстүрлі дүниетанымға да, ортағасырлық түркілік дүниетанымға да мына 
экзистенциалдық тақырыптар бөтен емес: өмірдің мәні мен өзіңді анықтау 
мәселесі; таза күйіндегі болмыс жағдайы ретіндегі өлім; рухани жалғыздық 
пен  еркіндік;  тұлғаның  рухани  дүниесінің  бейнесі  ретіндегі  ішкі  әлем; 
адам  санасының  шектеулі  мүмкіндіктері  мен  тарихи  болмыстың  алуан 
түрлілігінің  арақатынасы;  адамның  ішкі  әлемі  мен  күнделікті  тіршілік 
арасындағы қатынастар; адамгершілік таңдау мәселесі және т. б. 
Түркілік  философия  мен  экзистенциалдық  философия  арасындағы 
ұқсастық бірнеше белгілерден аңғарылады. Біріншіден, олардың антира-
ционалдық бағыты, яғни мидың негізгі қызметімен сипатталатын ақылдан 
рухани  даналықтың  басымдылығы.  Екіншіден,  олардың  антиконцеп-
туалдылығы, яғни екеуі де қатаң тұжырымдардан қашқақтайды. Үшінші-
ден,  оларды  антропологияландыру  жақындастырады,  индивидуалды 
адами  тәжірибеге  ерекше  көңіл  бөлінеді,  адамның  қайталанбас  ішкі 
толғаныстар әлемі алдыңғы орынға шығады. Ақырында, жоғарыда айтыл-
ғандай, экзистенциалистер өз идеяларын романдар мен эсселер түріндегі 
философиялық прозада білдірсе, түркілік дүниетаным да оны көркемдік 
және діни мәтіндерде білдіреді. 
Батыстық экзистенциализмде сары уайымға салынушылық, өмірден 
түңілу,  өз-өзіне  қол  жұмсаушылық  көп  орын  алатын  болса,  шығыстық, 
оның  ішінде  түркілік  өмірмәндік  философияда  бұл  басқаша  рең  ала-
ды, өлім мәңгі өмірдің маңызды бір баспалдағы ретінде қарастырылады. 
Ортағасырлық  түркі  философиясындағы  экзистенциалдық  сарын  барлық 
түркі  тілдес  халықтардың  ортақ  абызы,  дана  сәуегейі  Қорқыт  атаның 
дүниетанымынан  анық  аңғарылады.  Қорқыт  ата  жеке  адамның  физика-
лық өлімнен кейінгі мәңгілік өмірді қобыздың зарлы әуенімен іздесе, бір-
неше  ғасыр  кейін  Асан  қайғы  өзінің  елі  мен  әлеуметі  үшін  Жерұйықты 
Желмаясына мініп іздейді. Түркі халықтарының экзистенциалды ойы мен 
әдеп жүйесінің қалыптасуына Қорқыт ата үлкен үлес қосты. Оның үлгі-
өнеге, өсиет-нақыл сөздері қазақтармен қатар барша түрік халықтарында 
кең таралған. Қорқыт жырлары – имандылық пен ізеттілік, адамгершілік 
пен парасаттылыққа меңзейді. 
Түркі халықтарына тән еркіндік идеясы Қорқыт ата туралы аңыздар-
да терең философиялық мағынамен ұштасып кетеді. «Қар қаншама жау-
ғанымен  жазға  бармас,  гүлденіп  өскен  бәйшешек  күзге  бармас».  «Тозған 

106                                    Қазақ руханияты: тарихи-философиялық 
                                                      және этномәдени негіздер
мақта  бөз  болмас,  ежелгі  жау  ел  болмас».  «Анадан  өнеге  көрмеген  қыз 
жаман,  атадан  тағылым  алмаған  ұл  жаман».  Қорқыттан  қалған  осы  ғиб-
ратты  сөздер  оның  дүниетанымдығының  кеңдігі  мен  асқан  ойшылдығын 
аңғартады. Мәңгілік өмір таппай, көк Тәңірісін мойындауын ол мына сөз-
дермен  қорытындылайды.  «Тәңірі  пендесінің  маңдайына  не  жазса,  сол 
болады. Оның жазуынсыз адам жамандық көрмейді, ажал келіп өлмейді. 
Өлген тірілмейді, кеудеңнен жаның кетсе, ол қайтып келмейді» [9, 15-16 б.]. 
Рухани тазаруды жақтаған Қорқыт ата «ат жемейтін ащы шөптің гүл-
деніп өспегені жақсы, адам ішпес ащы судың жылға қуып ақпағаны жақсы, 
атаның атын былғаған ақылсыз баланың әке омыртқасынан жаралып, ана 
құрсағында шырланып тумағаны жақсы». «Күлді қаншама үйгеніңмен төбе 
болмас,  қара  есектің  басына  алтын  жүген  таққаныңмен  тұлпар  болмас», 
деп артына терең мәнді ұлағатты сөздер қалдырған ол табиғат пен адам-
дар арасындағы үйлесімділікті, әдемілікті, табиғи жарасымдылықты жыр-
лайды. Қорқыттың бастан кешкен жеке өмір жолы мен жырлары, айтқан 
өсиеттері келешек ұрпаққа қалдырған орасан зор мұра болып табылады [9].
Түркі ата-бабаларымыз адамның ішкі дүниесіне зер сала ақтара қарай 
отырып,  оның  әлеуметтік  ортадағы  салмағын  анықтай  білген.  Соңында, 
өздерінің көз жеткізген ой қорытындыларын жасаған. Олар адамға үлкен 
моральдық  талаптар  қоя  отырып,  зор  сенім,  үлкен  үміт  артады.  Қазақ 
халқының дәстүр-салтындағы барлық ізгі қасиеттер мен құндылықтар осы 
түркілік кезеңдегі халық даналығынан бастау алады.
«Даналардан шыққан сөз» кітабында адам бойында кісілік қасиеттерді 
қалыптастырудың  кейбір  шарттары  айтылады:  біріншіден,  адамдарға 
кішіпейіл  және  нәзік  сезімталдықпен  қараудан,  екіншіден,  өзінің  ісінің 
дұрыс екенін біліп, соған орай әрекет жасаудан; үшіншіден, халқына қызмет 
етіп, олардың тілек-армандарын орындаудан; төртіншіден, өз сырларын 
басқаға білдіру-білдірмеуді білу; бесіншіден, өзінің және басқалардың сы-
рын сақтаудан; алтыншыдан, әр жағдайда сақ бола білуден; жетіншіден, 
тілге  ие  болып,  артық  сөйлемеуден;  сегізіншіден,  мәжілістерде  тыныш, 
үндемей  отырудан,  әдеп  сақтап,  білмейтін  нәрсені  айтпаудан  және 
өкіндіретін  сөздердің  тілге  ілігуінен  сақтанудан;  тоғызыншы,  қатеңді 
бірден мойындап, кешірім сұраудан; оныншы, біреудің ісіне, өзі сұрамаса, 
араласпаудан, құлаққа жағымсыз сөзді айтпаудан [10, 94 б.]. 
Тарихи кезеңдердің жаңа дәуірі туғанымен ешқашан құнын жоймай-
тын моральдық-этикалық категорияларға: ар, ұят, намыс, ұждан, абырой, 
борыш, парыз, борыш т. б. жатады. Оған қазақ халқының «Малым – арымның 
садақасы, арым – жанымның садақасы», «Ақылды болсаң, арыңды сақта, ар-
ұят керек әр уақытта», «Жігіттің құны – жүз жылқы, ары – мың жылқы», 
«Ұят кімде болса, иман сонда», «Әдептілік, ар-ұят – адамдықтың белгісі», 
«Өз ұятын білген кісі, бір кісіге төрелік береді» т. б. деген мақал-мәтелдері 
дәлел бола алады. Қазақ халқы ар-ожданды, абыройды қатты қастерлеген, 
оны  адамгершіліктің  туы  етіп  көтерген,  сондықтан  жастарға  бата  берген-
де «Абыройлы бол!», «А, құдай абыройыңнан айырма» деп тілек білдіріп 

                   1. Қазақтың мәдени-философиялық ойы тарихындағы                      107
руханият құбылысының қайнар көздері                                   
отырған. Ал, намыс – адамның ішкі сезімі, абыройды қорғайтын құралы. 
Намыс – адамның қадір-қасиетіне байланысты өте нәзік, өткір, күшті лап 
етпе сезім. Ол адамды жаман әрекеттерден сақтайтын таза ұлы қасиет.
Түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының моральдық-этика-
лық тәрбиесі туған жерге, отбасына, үлкен-кішілерге, қоғамға т. б. көрініс 
береді.  Үлкендерге  деген  сыйластықты  орнату  мақсатында  қалыптасқан 
нормалар  мінез-құлықтың  қалыптасуына  зор  ықпал  етеді.  Бұған  мысал: 
үлкеннің жолын кесіп өтпе, сөзін бөлме, үлкендерге сәлем бер, үлкендердің 
көңілін қалдыратындай қылық жасама, т. б. Мораль, адамгершілік, парыз 
деген ұғымды ең алғаш отбасынан яғни ата-анасы арқылы біліп, түсінеді. 
Ата-ана алдындағы парыз – өтелуі жоқ парыз. Соның ішінде ананың орны 
ерекше. «Ана сүтін оны Меккеге үш рет арқалап апарсаң да өтей алмайсың» 
деп халық бекер айтпаған. Халықтық тәлім-тәрбиеде әкенің де орны ерек-
ше  құрметті.  Аналарының  балаларына  «әкең  біледі»,  «әкеңмен  ақылдас», 
«әкеңнен  бұрын  асқа  отырма»  деп  барлық  нәрсені  әкесінің  нұсқауымен 
істеуге үйретуі әкенің қазақ отбасындағы орнын көрсетеді.
Исламның түркі даласына енген алғашқы әрі одан кейінгі кезеңдерін-
де  исламның  дүниетанымдық  көпқырлылығы,  әсіресе,  өмірмәндік  және 
адамгершілік мәселелері адамның күнделікті тіршілігінде ғана емес, Дала-
ның ұлы дана ойшылдарының философиялық тұжырымдарында да көрініс 
тапты. Жоғарыда аталған атақты жерлес бабамыз, өз заманында жан-жақты 
ғылыми білімімен, ойшылдығымен танылған Әбу Насыр әл-Фарабиден өз-
ге, Матуриди өзінің «тауил» теориясы арқылы Қазақстанға суфизмнің кең 
таралуына жол ашса, Халлаж Мансұр бүкіл түркілердің осы таным арқылы 
ислам  дінін  қабылдауына  әсер  етті.  Түркі  халықтары  арасында  ислами 
өмірмәндік философияның қалыптасуы мен дамуына түркі сопылығының 
ұлы өкілі Қожа Ахмет Ясауидің рухани қызметі үлкен әсер етті. Оған дейін 
түркі тілінде нақыл-дидактикалық моральдық-этикалық  жүйелердің арна-
сын салған Баласағұн мен Иүгінеки бар. Академик Ә. Нысанбаев пен белгілі 
дінтанушы  әрі  философ  Досай  Кенжетай  былай  дейді:  «философиялық 
және  әлеуметтік  ойды  дамытудағы  Ясауидің  айрықша  «дәрежесі»  мен 
дүниетанымының  ерекшелігі,  біздіңше,  қазақ  халқының  дәстүрлі  дүние-
танымының  топырағына  құдайлық  таным  сопылық-исламдық  тұжырым-
дамасын әкелуі дер едік» [11, 58 б.]. 
Жалпы исламда жүрек, рух, көңіл негізгі ұғымдардың қатарына жатса, 
бұл мәселелерді сопылардан артық талдаған ешкім жоқ, өйткені бұл дүние-
танымның  мақсатының  өзі  де  жүректің  пәктігі  мен  көңілдің  тазалығына, 
материалдық  ауыртпалықтардан  арылып,  рухани  еркіндікке  жету  болып 
табылады. Көңіл руханилық тұрғысынан алғанда ақиқаттың көрінісі болып 
табылады. Бұл дүние сынақ алаңы болғандықтан, көңіл нәпсінің жетегінде 
кетпей, өзінің жаратылыстық мақсатына сай, үнемі жетілу, кемелдену үстінде 
болуы керек. Адамның көңілі – құдайлық есім мен сипаттардың ең ашық жә-
не кемел дәрежеде көрініс тапқан айнасы болып табылады. Адамның көңіл 
әлемі ашылғанда ақиқатты, сырды ұғынып, кемелдікке ұласады. Сол себепті 

108                                    Қазақ руханияты: тарихи-философиялық 
                                                      және этномәдени негіздер
көңілді таза ұстау, көңіл әлемін ашу – сопы-әулиелердің негізгі мақсаты бо-
лып табылады. Сондықтан да Ясауидің тікелей адам мен оның көңіл әлеміне 
қатысты  арнайы  жазған  «Көңіл  айнасы»  атты  рисаласы  бар  [12].  Сонымен 
қатар,  Ясауи  бабамыздың  «Диуани  Хикмет»,  және  «Фақрнама»  еңбектері 
–  оның  хикмет,  хәл  ілімдерінің  айнасы,  Ясауийа  тариқатының  этикалық-
моральдық  және  рухани  тәжірибелік  ерекшелігін  көрсететін,  оның  жалпы 
дүниетанымының мәнін ашатын негізгі трактаттары. 
Ясауидің экзистенциалдық хәл ілімінің мәнін ашу үшін алдымен оның 
дүниетанымындағы хикмет (даналық), ғашықтық, рух, нәпсі, өмір мен өлім, 
еркіндік  пен  жауапкершілік,  үрей  мен  қорқыныш  туралы  түсініктердің 
орнын  анықтап  алуымыз  қажет.  Сопылық  дүниетаным  бойынша  «хик-
мет» дегеніміз құдайлық сырлар мен ақиқат туралы таным, болмыстардың 
жаратылыс мақсатының мәнін ашу, олардың арасындағы байланыстарды 
танудағы «құдайлық еріктің» сырын ұғу. Яғни, хикмет – «көкірек көзі» (ба-
сират) деп аталатын «сырға қанығу» (кашиф - иррацоналдық-интуициялық 
метод)  әдісі  арқылы  қол  жеткізетін  сопылық  таным.  Адамдағы  көңіл 
көзі  –  ғайып  (метафизикалық)  әлемге  тән  ерекшеліктерді  көру  қабілеті. 
Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың хикметі адамдық кемелдікке және руха-
ни еркіндікке жетудің ілімі болып табылады. Адамның адамдыққа жетуі 
оның  «нәпсі»  деген  қара  қүшті  тізгіндеуіне  байланысты.  Бұл  қабілетке 
адам Алланың жәрдемінің арқасында ие болады. 
Ясауи ілімінде ғашықтық – өмірдің мәні, адамдық болмысқа жетудің 
шарты болып табылады. Ясауи ғашықтыққа ұласудың жолдарын былай-
ша көрсетеді: біріншісі – тариқатта хәл ілімін меңгеру («Махаббат бағын 
араламай  ғашық  болмас»),  екіншісі  –  риязат  арқылы  рухты  тәрбиелеу 
(«Қорлық-зорлық  тартпайынша  нәпсің  өлмес»),  үшіншісі  –  Хақиқатты 
осы дүние мен ақиреттегі беретін қызығы мен нығметтері үшін сүю емес, 
Оның мәніне, затына ғашық болу («Екі әлем көздеріме тарыдай көрінбеді, 
жалғыз Хақты сүйдім»), төртіншісі – зікір, уажд, сұхбат әдістері арқылы 
Хаққа  ұласу  («Закир  болып,  шакир  болып  Хақты  таптым»).  Бұл  психо-
техникалық әдістер ауруға шалдыққан жүректі айықтырып, оны Тәңірді 
сүйе алатын дәрежеге жеткізетін құралдар ғана. Ясауи үшін бұл құрал-
дар ешқашан мақсат болған емес. 
Сопылық экзистенция рухтың мәніне қарағанда оны тәрбиелеу мәсе-
лесі мен әдістеріне, оның сипаттық кемелдігіне көбірек көңіл бөледі. Сопы-
лық дүниетаным рух пен тән ерекшеліктеріне қарағанда нәпсі мен рухтың 
және олардың іс жүзіндегі көріністері болып табылатын «ақыл мен әуейі-
ліктің» (һауа) ерекшеліктері мен айырмашылықтарын танып, жүзеге асы-
руды мақсат етеді. Бұл жердегі ақыл – жанның, ал, әуейілік нәпсінің сипаты. 
Рух туралы түсініктер сопылардың ұстанымдық және сенімдік қалып-
тарымен үндестікте дамыды. Шариғат өкілдерінің ойынша, рух тәннен бұ-
рын  жаратылып,  «кемелдік  қалпын»  әуел  баста-ақ  алған  болатын.  Кейін-
нен тәнге «үрленгенімен» өзінің жеке әрекеті мен талабы арқылы рухани 
кемелдікке жетіп, өлген соң-ақ (табиғи өлім) бұрынғы қалыбына оралады. 

                   1. Қазақтың мәдени-философиялық ойы тарихындағы                      109
руханият құбылысының қайнар көздері                                   
Бұл  ой  Платонның  идеялар  туралы  ілімінде  де  бар.  Яғни,  рух  қанша  ты-
рысса да өзінің алғаш жаратылған мақамының дәрежесінен аса алмайды. 
Ал,  философ-хакимдердің,  атап  айтқанда,  Фарабидің  түсінігінде,  кемел-
парасатты  адамдардың  рухтары  өлген  соң  еркіндікке  қауышып,  бақытқа 
ұласады.  Ал,  парасатсыз,  надан  қоғам  халқының  рухтары  теориялық  әрі 
практикалық танымға ұласпағандықтан, оған қоса материяның құлы бол-
ғандықтан мәңгілікке жете алмайды, өледі. Надандардың рух болмысы тән-
ге, яғни материяға тәуелді болғандықтан тән өлгенде рухтары да қоса өледі. 
Сопылық  өмірмәндік  философияда  рухани  еркіндік  мәселесі  үлкен 
орын алады. Ойлау мен ой еркіндігі түбінде іс-әрекеттің еркіндігін әкеледі. 
еркіндік  –  психологиялық  құбылыс.  Ол  алдымен  санадан  бастау  алады. 
Міне,  сондықтан  да  Ясауи  іліміндегі  еpкіндік  мәселесі  pух  тіршілігіне 
тікелей байланысты. Pухани тіршілік ішкі қалбке қатысты болғандықтан 
Ясауи іліміндегі еpкіндік мәселесі де адамның «ішкі еpкіндігі» шеңбеpінде 
қаpастыpылады. Ішкі еpкіндікке ислам ахлақында «моральдық еpкіндік» 
дейді. Моральдық еркіндік адамның ғашықтық арқылы өз кісілігін Тәңірмен 
үйлестіріп, тұтастыққа ұласуы. Осы рухани еркіндік – адамдық кемелдіктің 
шыңы.  Түркілік  сопылықта  таңдау  өзімен  бірге  жауапкершілікті  де  ала 
келеді. Сондықтан таңдау еркіндігі – жауапкершілік деген сөз. Олай болса, 
мен бармын – деу, жауапкершілікпен бірге, ерікті түрде таңдау деген сөз. 
Адам өз жауапкершілігіне сай Алланың мейіріміне бөленеді немесе аза-
бына ұшырайды. Сондықтан бұл жерде де толық еркіндік жоқ. Ал, Ясауи 
үшін бұл жеткіліксіз. Еркіндіктің шыңы Тәңірмен тұтастанып, «уахдат-и 
вужуд» дәрежесіне жетіп, екіұдайлықтан арылып, жауапкершіліктен де, 
еркіндіктен  де  ада  болу  Оның  ілімінің  негізгі  категориялық  ерекшелігі 
бойынша еркіндік – Тәңірдің азабында да емес, сыйында да емес, Тәңірдің 
сүюінде, махаббатындағы түпкілікті мұратта. Ғашықтық – адам мен Тәңір-
дің дидарласуын қамтамасыз ететін жол. Демек, махаббат арқылы Тәңірді 
көру, тану, оның хикметін сезу – шынайы еркіндік. 
Ясауи  дүниетанымында  адам  өлім  үрейінен  құтылу  үшін  табиғи 
өлімнен  бұрын  оны  жарық  дүниеде  танып,  дәмін  татуы  яғни,  «өлмес 
бұрын  өлуі»  қажет.  Өлімнен  қашудың  орнына  онымен  табысу,  одан 
қорқудың орнына оны сүйе білу керек. Өлімнен қашудың мүмкін еместігі 
Ясауиде ерікті өлім тұжырымдамасын туындатты. Өзінің бұл теориясын 
Ясауи практикалық тұрғыда жүзеге асырып, пайғамбар жасына жеткен-
нен кейін қылуетке түсіп, сонда өмір сүргені белгілі. Осы мәселеде Ясауи 
сияқты Абай да: «Өлсе, өлер табиғат, адам өлмес, «Мені» мен «Менікінің» 
айырылғанын,  «Өлді»  деп  ат  қойыпты  өңкей  білмес»  [13,  216  б.]  –  деп, 
табиғи өлімге көңіл бөлмейді. 
Ясауи үрей мен қорқу адам баласын санадан айырып, нәпсінің құл-
дығына түсіретін дүлей күш деп есептейді. Бұл хәл, басым көпшілігінде, 
имансыздық  жайлаған  кеңістікте  өзін  анық  көрсетеді.  Қорқу  адам 
азғындығының  негізгі  көзі.  Бірақ  қорқудың  ең  құдіреттісі  –  таным  мен 
махаббатқа  негізделген  Тәңірден  қорқу.  Адам  Тәңірден  қорқу  арқылы 

110                                    Қазақ руханияты: тарихи-философиялық 
                                                      және этномәдени негіздер
басқа үрей атаулыдан арылады. Ол үшін таухидке, иманға бет бұрып, сол 
арқылы  теңдік,  еркіндікке  ұласа  алады.  Тәңірден  қорқу,  яғни  тақуалық 
–  иман  нұры  арқылы  кемелділікке,  тыныштыққа  жеткізер  бірден-бір 
жол.  Ясауи  өз  ілімі  арқылы  адамды  қорқудан  иманға  бастайтын  ерек-
ше  дәстүр  қалыптастырды.  Бұл  дәстүр  Ясауи  іліміндегі  «кемел  адам» 
тұжырымдамасында нақты көрінісін тапқан. «Ясауи ілімінде кемел адам 
–  шариғат,  тариқат,  мағрифат  және  хақиқатта  кемелдікке  жеткен  адам. 
Яғни, кемел адам парасатты сөз, парасатты іс, парасатты ахлақ және та-
ным (білім) тұрғысынан толық адам деген сөз. Осы төрт нәрсені өз рухын-
да сомдаған адам, нағыз кемел адам» [14, 291 б.].
Осы  айтылғандардан  шыға  отырып,  ортағасырлық  түркі  дүниета-
нымында дүниеге деген дәстүрлі көзқарастар мен философиялық ойларға 
исламның терең ықпал еткенін ескерсек, ондағы экзистенциалдық сарын 
діни  сеніммен,  Аллаhқа  (Тәңіріге)  деген  сеніммен  (тәухидпен)  сипатта-
латын  мұсылмандық  теологиямен  астасып  жатады  деген  тоқтамға  ке-
луге  болады.  Бұл  сүннеттің  салтқа,  хадистің  ғұрыпқа  сіңіп,  еніп  кеткен 
түркі халықтарының жөн-жоралғыларынан да, сондай-ақ өтпелі кезеңде 
өмір  сүрген  Қорқыт  атаның  өнеге-өсиеттерінен,  әл-Фарабидің  этикалық 
ілімінен,  Жүсіп  Баласағұнның  дидактикалық  шығармасынан,  сопылық 
тариқаттардың,  оның  ішінде  Ясауи  мен  оның  ізбасарларының  рухани-
практикалық тәжірибесінен айқын аңғарылады. Орта ғасырларда «түркі 
көшпенділігі  (номадизм)  мен  сопылық  ислам  тамаша  үйлесімге  келіп, 
мәдени-әлеуметтік синтез ретінде қалыптасып болды... Түркілер өз тілін, 
келбетін жойған жоқ, көшпенділікке тән тамаша сипаттар сақтала берді, 
ислам нұрына бөленген соң ол енді «өркениетті көшпенділікке» айналды» 
[15, 21; 46 бб.]. Исламның түркі даласына енуіне монотеизмнің белгілері 
бар тәңірілік дінге табынушылық қолайлы жағдайлар тудырды.
Қазіргі  жаhандану  заманында  адамның  өмір  сүруінің  негізқұраушы 
болмыстық және құндылықтық өлшемдері терең дағдарысқа ұшырап отыр-
ғаны белгілі. Бүгінгі адамның өз мәніне келуі, көп жағдайда, оның рухани-
адамгершілік  ерекшеліктері  мен  болмыстың  дәстүрлі,  іргелі  негіздері-
нің  біртұтас  үйлесімділікте  болуымен  сипатталады.  Рухани  болмыстың 
жайлылығын  қалыптастыру,  адамның  ішікі  ұмтылыстарын  сыртқы  қай-
шылықтармен  үйлесімге  келтіруге  ұмтылу  қажеттілігі  өмірқамының 
аксиологиялық  қырларын,  жаңа  дүниетаным  қалыптастыруға  бағдар-
ланған философиялық теорияны керек етеді. Сүйіспеншілік, сенім, үміт, 
даналық,  сұлулық  және  бақыт  тәрізді  қарапайым  әрі  күрделі  ақиқат-
тардың  өзектілігі  оларға  деген  қызығушылықты  оятады.  Әсіресе,  бүгінгі 
күні бақыт туралы түсініктер адам дүниетанымының қажетті компоненті 
ретінде маңызды теориялық және практикалық мәнге ие. Ішкі мән ретін-
дегі,  жанның  белгілі  бір  рухани  жайлы  қалпы  ретіндегі  бақытты  ұғыну 
оны адамның бүкіл рухани әлемінің өзегі ретінде бейнелейді. 
«Бақыт»  негізгі  этикалық  категориялардың  біріне  жатқызылады 
және  ол  адамның  өмір  сүруінің  негізгі  мәселерінің  бірі  болып  санала-

                   1. Қазақтың мәдени-философиялық ойы тарихындағы                      111
руханият құбылысының қайнар көздері                                   
ды.  Яғни  бақыт  түсінігі  өмір  сүрумен,  өмір  сүрудің  мәнімен  байланыс-
тырылғандықтан, біз оны негізгі экзистенциалдық мәселе ретінде қарасты-
рамыз. Әрбір адам бақытты болуға ұмтылғандықтан, өмірден өз бақытын 
табуға тырысқандықтан бұл мәселе де өте ерте кезеңдерден бастап қызығу-
шылық  тудыра  бастады.  Бақыт  ұғымы  моральдық  сананың  тұрақты  әрі 
құбылмалы  қондырғысы  болып  қана  қоймай,  күнделікті  тіршіліктің  де 
бағыт-бағдарын  айқындады.  Сондықтан  бақыт  мәселесінің  адамзаттың 
бүкіл тарихымен қатар өмір сүріп келе жатыр десе де болады. 
Бақыт  ұғымы  –  экзистенциалды  философия  мен  этикадағы  іргелі 
түсініктердің  бірі.  Философия  мен  мәдениет  тарихында  бақыт  туралы 
қолданбалы  этикалық  пән  –  фелицитология  саласы  қалыптасты.  Фели-
цитология  (латынша  felicitas  –  бақыт)  –  бұл  кейбір  неопозитивистердің, 
оның  ішінде  О.  Нейраттың  қалыптастырған  бақытқа  жету  туралы  ілімі. 
Этикалық  теория  ретінде  фелицитология  антикалық  дәуірден  бері  келе 
жатқан эвдемонизм дәстүрін жалғастырады. Алайда бұл ілімде бақыт ка-
тегориясы моральдық түсінік ретінде емес, адамның ұмтылатын ерекше 
психологиялық жағдайы түрінде көрінеді.
Поляк зерттеушісі В. Татаркевич бақыт ұғымының төрт негізгі мағы-
насын бөліп көрсетеді: 1) тағдырдың берген ырыздығы, «қолға қонған құс», 
сәттілік, өмірде жолы болушылық; 2) қуаныш, ләззат, рахат; 3) жақсылыққа, 
ізгілікке  жету,  даналық;  4)  өмірден  өз  орнын  табу,  толыққанды  тұлғаға 
айналу  [16].  Жоғарыда  атап  өткеніміздей,  қазіргі  заманғы  бақыт  туралы 
ілімдерде  негізінен  үш  бағытты  айқындауға  болады:  бақыт  психология-
сы,  бақыт  аксиологиясы  және  бақыт  социологиясы.  Психологиялық 
тұрғыдағы бақыт – жағымды көңіл-күй, өмірден қанағат алу, қуаныш пен 
шаттық  және  ләззат  алу.  Аксиологиялық  тұрғыда  бұл  –  құндылықтар, 
адам өміріндегі жақсылықтың өлшемі. Адам болмысының мәнімен байла-
нысты барлық ізгі адамгершілікті қасиеттерді игеру. Бақыт социологиясы 
утилитаризммен (пайда туралы ілім) тығыз байланысты. Адамды бақыт-
қа жеткізетін құндылықтар тізіміне мыналар кіреді: денсаулық, байлық, 
билік,  абырой  (репутация),  жақсы  қарым-қатынас,  достық,  жұбаныш 
және т. б.
Бұл бағыттарға шолу жасай келе бақыттың төмендегідей құрылым-
дық  элементтерін  келтіруге  болады.  Біріншіден,  береке,  яғни  ауру-
сырқаусыз,  бәле-жаласыз,  қайғы-қасіретсіз  өмір  сүру.  Өмір  ағысының 
мұндай  осал  тұстарын  әркімнің  де  өз  басынан  кешетіні  белгілі.  Екінші-
ден, қажеттіліктерді қанағаттандыру. Мұқтаждықтарды өтеу үшін белгілі 
бір  позитивті  баланс  қажет.  Бұл  жерде  меншік  үлкен  маңызға  ие  бола-
ды, онсыз еркіндік те, байлық та жоқ. Келесі, үшінші элемент – қанағат. 
Өзінің қалауынша, жағдайына қарап өмір сүріп жатқанына ризашылық 
ету. Төртіншіден, бақыт қуанышсыз болмайды. Қуанышты адамнан оның 
ақылы, сезімі, бүкіл құндылықтық бағдарлары айқын көрінеді. Бесіншіден, 
адамның тұтас өмірді адамгершілік және мәнділік тұрғысынан бағалауы. 
Бұл бір сәттік қуанышпен шектелмейді. 

112                                    Қазақ руханияты: тарихи-философиялық 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   49




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет