Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті философия, саясаттану және дінтану институты


 Кеңестік кезең мен қазіргі замандағы қазақ халқы



Pdf көрінісі
бет41/49
Дата16.02.2017
өлшемі2,81 Mb.
#4223
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   49

                       4. Кеңестік кезең мен қазіргі замандағы қазақ халқы                        307
руханияты дамуының мәдени-философиялық қырлары                           
әлеуметтік мозаиканы біріктіруші элемент ретінде қызмет ете алмағанын 
айта  кету  керек.  Ол  уақыт  ішіндегі  республика  азаматтарының  көңіл-
күйлерінің алмасуы мен өзгерістерінің амплитудасы келешекке деген үміт 
пен  күдіктің  аралығында  алмасуда.  Әсіресе,  әлеуметтік  әлсіз  жағдаймен 
қатар, қоғамдық өмірдегі сыбайлас жемқорлық (коррупция), бас шұлғу-
шылық  (конформизм),  тамыр-таныстық  пен  жең  ұшынан  жалғасу  (про-
текционизм),  рушылдық  (трайбализм)  секілді  келеңсіз  құбылыстар  аза-
маттық  бірегейлікке  Қазақстанда  қалыптасқан  саяси  құндылықтардың 
тұғыр болатынына күмән келтірді.
Біз табалдырығын аттаған жаңа ғасырдың бет-бейнесін «өркениеттік қақ-
тығыстар»  айқындайтынын  американ  профессоры  Самуэль  Хантингтон 
бекерден-бекер жорамалдамаса керек. Кез келген елдің немесе халықтың, 
әсіресе ол өтпелі (транзиттік) қоғам болған жағдайда, болашақ өркениеттік 
дамуы сырттан енгізілген саяси технологиялар мен экономикалық рефор-
малау  үдістерінің  көмегімен  емес,  ұлт  болмысының  терең  рухани  қыр-
тыстарын қамтитын дүниетанымдық тұрғыда шешіледі.
Ғасырлар  тоғысындағы  2000  жылдың  Елбасы  жарлығымен  «Мәде-
ниетті қолдау жылы» деп жариялануы жалпы көпшіліктің тарапынан кең 
қолдау  тапты.  Халық  пен  ұлттың  болашағы,  оның  мәдениеті  мен  білім-
ділігінің  деңгейі  ғасыр  басында  қаланған  іргетастың  беріктілігіне  байла-
нысты.  Сондай-ақ  дербес  дамудың  онжылдығы  барысындағы  тәуелсіздік 
ұғымының құндылығы мен мәдени мұраны игеру мәселесі де жаңа ғасыр 
басында күн тәртібіне көтерілді. 
Тәуелсіздік  Қазақстанның  бүкіл  тарихи  дамуының  сабақтастығын, 
республиканы  мекендейтін  барлық  ұлттар  мен  халықтардың  дамуының 
ортақтастығын  қалыптастыратын,  оларды  өз  мемлекетіне  қызмет  етуге 
бағыттайтын,  мемлекеттіліктің  өзегін  құрайтын  идея  болуы  тиіс.  Тәуел-
сіздіктің  негізгі  принципіне  Отанға  деген  шынайы  сүйіспеншілікпен, 
мемлекеттік тіл мен ұлттық дәстүрге деген құрметпен, өз елінің егемен-
дігі  мен  тәуелсіздігін  жан  аямай  қорғау  қабілетімен  сипатталатын  пат-
риотизмді  жатқызуға  болады.  Елбасының  бастамасымен  2004  жылы 
қабылданып,  бүгінгі  күні  іске  асырылып  жатқан  «Мәдени  мұра»  мем-
лекеттік  бағдарламасының  бұл  бағыттағы  атқарар  қызметі  ұшан-теңіз. 
Өткеніне шекеден қарап, өз тамырын өзі қиғанның келешегі де болмай-
тынын ескерсек, ата-бабадан қалған рухани бай мұраны жоғалтып алмай, 
өскелең  ұрпаққа  табыстау  елдің  болашағын  қамтамасыз  етуге,  қол  жет-
кен тәуелсіздікті онан әрі орнықтырып, бекіте түсуге орасан зор септігін 
тигізері сөзсіз. Бүгінгідей жаһандану жағдайында қоғамдық өмірдегі ру-
хани ізгілік пен мәдени құндылықтарды жаңғыртуға деген талпыныс тағы 
да бір кезекті науқаншылдықтың көлеңкесінде қалып қоймай, онан ары 
мәдениет ғасырына ұласады деген үміт те жоқ емес.
1990-жылдардың  басынан  бастап  қазақстандық  мемлекеттік  мәдени 
саясаттың стратегиялық бағыттары ғылыми негіздеуді талап етті. Мәдени 
саясат сонымен қатар өтпелі қоғамдағы ғылым интеграциясының ұлттық 

308                                    Қазақ руханияты: тарихи-философиялық 
                                                      және этномәдени негіздер
мәдениетке ықпалын да бақылауда ұстауы тиіс. Бұл әлеуметтік және гума-
нитарлық ғылымдар жүйесіне үлкен міндеттер жүктейді.
Бүгінде «білімді адам» түсінігі «мәдениетті адам» ұғымынан ажырап, 
«ақпаратты адамның» синониміне айналды. Гуманитарлы құндылықтар-
дан айрылған, тек функционалды-кәсіби білім алуды ғана көздейтін «білім-
ділік» феномені пайда болды. Соңғы кездері дербес ғылыми салалардың 
«рухани өндірістің конвейерлеріне» айналуы себепті тұтастық жойылды. 
Әлем ден қойған осы жаппай гуманитарландыру процесінде мәдениетта-
нудың рөлі ерекше. Ғылыми білімнің бұл саласында ғасырлар бойы шеші-
мін таппай келген сұрақтар жинақталып, олар үстіміздегі ғасырда шеші-
мін тауып, адамзат мәдениетінің дамуына игі ықпал ететіндігі даусыз.
Егер мәдениеттің схемалық түрде үш қабатын, яғни этникалық (ауыз-
екі),  ұлттық  (жазбаша)  және  бұқаралық  (экрандық)  қабаттарын  бөліп 
алып  қарастырар  болсақ,  онда  оның  әрқайсысымен  өз  әдіс-тәсілдерін 
қолдана отырып арнайы ғылым саласы айналысады. Бұлардың қатарына 
мәдени антропологияны (этнология, этнографияны қамти отырып), фи-
лологияны (лингвистикамен қоса) және социологияны (әлеуметтану) жат-
қызуға  болар  еді.  Ал  қазіргі  қоғамдағы  тұлғаның  мәдени  өзіндік  санасы 
мен  құндылықтық  бағдарларымен  мәдениет  философиясы  айналысады. 
Мәдениет туралы ғылыми білімнің осындай жалпы құрылымы мен көлемі 
мәдениеттану ғылымының мазмұнын құрайды.
Мемлекеттік  саясат  елдегі  социомәдени  ахуалды  реформалау  бары-
сында мәдени зерттеушілік сананы енгізе отырып, мәдениет теориясына 
мынадай міндеттер жүктейді:
Қазақстан халықтары тарихи жадының мәдени-психологиялық қыр-
ларын зерттеу;
Қазақстан дамуының мәдени-саяси парадигмасының философиялық 
әдіснамалық негізін дайындау;
құндылықтары жалпы ұлттық басымдылықтарды бекітетіндей мәде-
ни бағдарларды қалыптастыру;
елдің  әлеуметтік  тұтастығын  бекітуге  мәдениеттің  өзіндік  құралдар 
арқылы әсер ету жөнінде практикалық ұсыныстар жасау; 
жаңа қоғамдық тетіктердің қызмет етуі үшін әлеуметтік-мәдени алғы-
шарттар калыптастыру жөніндегі жобалар дайындау және оны іске асыру.
Өтпелі  қоғамда  ғылымдағы  жаңа  сұраныстар  мен  қоғамдық  талап-
тардың  өсуіне  қарай  еуроорталықтық  көзқарасты  жаппай  сынаумен 
қатар, этномәдениеттің экзотикасымен әсірелену, максимализмге ұрыну, 
идеалды немесе белгілі бір рухани феноменді жоғарылатып көрсету сын-
ды  үрдістер  де  орын  алады.  Тәуелсіздік  алғаннан  кейінгі  қазақстандық 
қоғамның руханияты саласындағы шынайы үдерістер мен нақты өмірді, 
рухани  мәдениеттің  даму  ерекшеліктерін  зерттеудің  өзектілігі  мынадай 
негіздермен айқындалды:
өтпелі  қоғамда  мәдени  бағдарды  таңдау  және  сара  жолды  анықтау 
қажеттілігімен;

                       4. Кеңестік кезең мен қазіргі замандағы қазақ халқы                        309
руханияты дамуының мәдени-философиялық қырлары                           
әлемдік мәдени қауымдастыққа ене отырып, заман талабына дәл жа-
уап беру міндеттерімен;
даму барысындағы дәстүр мен жаңашылдықтың дұрыс арасалмағын 
анықтау мақсатымен;
қазіргі қалыптасқан мәдени ахуалға қатысты өзіндік ұсыныстар айту 
талпынысымен.
Мәдениеттің  қазіргі  қалыптасқан  жағдайын  дұрыс  түсіну  үшін  оның 
негіздерін  айқындаудың  маңызы  зор.  Қазақтың  дәстүрлі  этномәдениетін, 
негізін  көшпелі  өмір  салты  құрайды.  Мәдениеттанымдық  әдебиеттерде 
номадизмге қатысты оларды кемсіте отырып, тарихтағы рөлін төмендетіп 
қарастыратын еуроорталықтық және культуртрегерлік көзқарастар басым. 
Мұның  тағы  бір  себебі  көшпенділік  қоғамдық-экономикалық  құрылым 
ретінде маркстік бес формациялық үлгіге сыйыса қоймағандығында. Оның 
үстіне кеңестік дәуірде жалпы дәстүр ескілік, артта қалушылық деп түсін-
діріліп, пролетарлық және социалистік мәдениет насихатталды. Міне, осын-
дай әдістемелік негіздер мен идеологиялық шектеулер зерттеулерді жалған 
бағытқа бұрып, оның төл ұлттық болмыстан арасын ажыратып жіберді.
Қазақстанның тәуелсіздікке қолы жетуімен отандық зерттеушілердің 
дәстүр мен ұлттық мәдениетке, оның тарихы мен ерекшеліктеріне деген, 
қазақстандық  мәдениеттің  өткені,  оның  терең  рухани  қыртыстары  мен 
болмысы, бүгінгі мәдениеттің кайшылықтары мен оның келешегін зерт-
теуге  деген  қызығушылығы  арта  түсті.  Ғылымның  әртүрлі  қырларынан 
жазылған  бұл  зерттеулер  мен  еңбектер  ұлттың  рухани  мұрасын  игеріп, 
мәдени төлтумалылықты қалыптастыруда үлкен еңбек сіңірді. 
Мәдениет дамуы барысындағы дәстүр мен жаңашылдық арақатынасын 
аша  отырып,  өзіндік  сара  жолды  анықтау  барысында  қазақстандық 
зерттеушілер  ұлттық  тарих  пен  мәдениеттің  өте  ертедегі  қабаттарына 
дейін үңілді. Орталық Азия территориясындағы негізгі этникалық және 
лингвистикалық субстрат түрінде көрінетін түрік дәстүрімен қатар, прото-
түріктік және оның арғы кезеңдеріндегі ирандық компоненттің дәстүрлі 
мәдениетке ықпалы зерттеу объектілеріне айналды. Тәңірілік, шамандық 
діндердің шығу тегі мен олардың мәні, сонымен қатар араб-парсы-түрік 
өркениеттерінің нәтижесінде қалыптасқан ислам діні мен оның таралуы, 
дүниетанымдық синкретизм және ресейлік империялық отаршылдық сая-
сатпен  қатар  ұлы  орыс  мәдениетінің  дәстүрлі  мәдениетке  әсері  жайлы 
әртүрлі ғылыми еңбектер мен жұмыстарда сөз болды.
Өтпелі кезеңдегі болмысымыздың ең көкейтесті мәселелері – ұлттық 
үндестіктің мән-маңызы неде, қазіргі Қазақстан үшін мәдениетке қатысты 
үлгінің қандайы қонымды, біздің ұлтгық санамыздың арқауы неде, қазір-
гідей  жедел  құбылатын  заманда  «Мен»  дегізерлік  ұлттық  қасиеттерді 
қалай  сақтап  қалуға  болады  деген  сұрақтарды  тарихтың  тұңғиығымен 
тамырластырған  елбасы  Н.Назарбаевтың  «Ғасырлар  тоғысында»,  «Тарих 
толқынында»  еңбектерінің  мәдениеттанымдық  құндылығының  жоғары 
екендігін ерекше атап өтуге болады [1].

310                                    Қазақ руханияты: тарихи-философиялық 
                                                      және этномәдени негіздер
Дербестікке қол жеткізгеннен кейінгі Қазақстанда қалыптасқан мәде-
ни ахуалдан, оның көпұлтты және алуан дінді сипатынан, мәдени дамудағы 
дәстүр мен жаңашылдық, ұлттық мәдениет пен жалпы адамзаттық мәде-
ниет, төлтума мәдениет пен батыстық өркениет, дәстүрлі рухани құнды-
лықтар  мен  өркениеттік  нарықтық  құндылықтар,  тәуелсіз  сана  мен 
адам  болмысындағы  отаршылдық  пен  тоталитаризм  қалдықтарының, 
заман  талабы  мен  мәдениет  келешегінің  арақатынастарынан  туындай-
тын қазіргі қазақстандық мәдениеттің дамуындағы негізгі бағдарлар мен 
қайшылықтарды анықтау 1990 жылдар әдебиеті мен ғылымындағы зерт-
теудің  негізгі  мақсаты  және  ізденістің  басты  бағыты  болды.  Аталмыш 
тақырыптарға  орай  ғылыми  әлемдегі  пікірлерді  ескере  отырып,  мына 
төмендегі мәселелердің мейлінше өзекті болғандығын аңғаруға болады:
республикадағы  автохтонды  халық  –  қазақтардың  дәстүрлі  этно-
мәдениетінің  басты  архетипін  анықтау.  Осыған  сәйкес  оның  дәстүрлі 
дүниетанымының,  ұлттық  сипаттамалары  мен  ментальдық  ерекшелік-
терінің, рухани салт-дәстүрлері мен әдет ғұрыптарының бітімдік ерекше-
ліктерін талдау және сипаттау;
заман  талаптарымен  қатар  ішкі-сыртқы  ықпалдардың  нәтижесінде 
дәстүрлі  мәдениеттің  өзгеру  кезендерін  анықтау.  Қазақ  мәдениетіндегі 
дәстүр сабақтастығы мен жаңашылдық арақатынасын талдау;
өтпелі қоғам тұсында жаппай батыстық ықпал мен бұқаралық мәде-
ниет тегеурінінің дәстүрлі мәдениетке әсерін, оның салдарларын айқындау;
қазіргі заманғы қазақстандық мәдениеттің ерекшеліктері мен қайшы-
лықтарын, оның себеп-салдарларын сараптау;
қазақстандық қоғамның мәдени әртектілігінің сипатын, мемлекеттік 
мәдени саясаттың таяу жэне стратегиялық бағдарларын анықтау;
жаңа  постиндустриалды  ақпараттық  қоғамда  ұлттық  мәдениетті 
дамытудың келешектері мен бағдарларын сараптау.
Енді осы өзекті мәселелерге жеке-жеке тоқталсақ. XXI ғасырдың басын-
да қазақстандық мәдениеттің қазіргі қалыптасқан жағдайын дұрыс түсіну 
үшін осы территорияда пайда болып өркендеген тұрғылықты халықтың 
дәстүрлі этномәдениетінің ерекшеліктерін анықтаудың, оның дамуы бары-
сындағы  өзгерістік  процестерді  айқындаудың  маңызы  зор.  Жаңа  мың-
жылдық табалдырығында тұрған қоғамымыздың өтпелі кезеңінде ертеңгі 
болашақ мәдениет, дәстүрлі құндылықтар мен өркениетті құндылықтар, 
дәстүрлер және  жаңартулар,  заман  талабы мәселелерінің  арақатынасын 
шешуде  туындайтын  сұрақтардың  жауабын  өткен  заманнан,  Уақыт  пен 
Тарих шеңберінен іздеу қажет.
Қазақстан мәдениеті әлемдік өркениет пен жалпыадамзаттық мәдени-
еттің  құрамдас  бөлігі  ретінде  өзіндік  табиғи-ландшафттық  жағдайларда 
–  ерте  кезден  Батыс  пен  Шығыс  мәдениеттерін  байланыстырып  келген 
Еуразияның орталық территориясындағы Ұлы дала аймағында қалыптас-
ты. Орталық Азияның халықтары мен ертедегі тайпаларының палеолит, 
қола дәуірлерінен бастап мәдени дәстүрлері жаһандық жалпыадамзаттық 

                       4. Кеңестік кезең мен қазіргі замандағы қазақ халқы                        311
руханияты дамуының мәдени-философиялық қырлары                           
зандылықтардың  динамикасы ағымындағы социомәдени процестерді  бас-
тан кешіріп, номадизмге тән көшпелі мал шаруашылығының ықпалымен 
қалыптасты.  Кейінірек  толық  құралып  біткен  жергілікті,  төл  дәстүрлер 
әртүрлі    шекаралас,  жапсарлас  жатқан  халықтар  мен  елдердің  мәдени 
ықпалын  бойына  сіңіре  отырып,  қазіргі  мәдениеттанымдық  теориялық 
тұрғыдағы зерттеулерді талап ететіндей күрделі және біртұтас феномен – 
дәстүрлі этномәдениетті дүниеге әкелді.
Ұлт  –  тарихи-мәдени  факт  болғандықтан  кез  келген  мәдениеттің 
түбірін  құрайды.  Этнологияда  қалыптасқан  дәстүр  бойынша  мәдениет 
ұғымы  берілген  этносты  құрайтын  қауымның  коғамдық  қатынастары 
түсінігімен  өте  ұқсас.  «Этнос»  термині  ежелгі  грек  тілінде  «қауым», 
«топ»  деген  ұғымды  білдіргенімен,  ол  дәл  қазіргі  мағынасында  ғылыми 
әдебиетте  XX  ғасырдың  бас  кезінен  қолданыла  бастады  (Ж.  Денникер, 
М.  Вебер,  С.М.  Широкогоров).  Бұл  ұғымның  даму  эволюциясындағы 
қазіргі мағынасы үстіміздегі ғасырда «үшінші әлем» елдері мен халықтары 
ұлттық санасының жаппай оянуымен, соңғы уақыттардағы кейінгі кеңестік 
кеңістіктегі «этникалық ренессанстың» әсерімен ұлттық және этникалық 
мәселелер  жаңа  мәнге  ие  болып,  этнология  ғылымының  жаңа  сатыға 
көтерілуіне байланысты кеңейе түсті. 
Кеңестік  ғылыми  әдебиетте  этнографияның  категориялдық  аппара-
тын  жүйелеген  Ю.В.  Бромлей  этностың  қалыптасуында  әлеуметтік  фак-
торға  баса  назар  аударса  [2],  Л.Н.  Гумилев  этносты  табиғи  ландшафтқа 
бейімделуші  биологиялық  түр  ретінде  қарастырады  [3].  Қазіргі  қоғам-
дағы  қалыптасқан  ұлттық  процестер,  ұлттық  мәдениет  және  ұлттық 
мұра мәселелері ресейлік және қазақстандық авторлардың еңбектері мен 
мақала-ларында  философиялық  жоне  социологиялық  тұрғыда  зерттеле 
бастады. 
Этнос – тарихи қалыптасқан адамдардың тұрақты қауымдастығы, ол 
тілдің, территорияның, шаруашылық және мәдени өмірдің, психикалық-
гомогендік жүйенің бірлігімен ерекшеленеді. Этностың қалыптасуына гео-
графиялық, әлеуметтік, соииобиологиялық және экономикалық фактор-
лар ықпал етеді. Осы факторлардың әсері мен коршаған ортаға бейімделу-
дің  және  осыларды  өндірісте  қолданудың  нәтижесінде  ортақ  тіл,  мінез-
құлық, әдет-ғұрып, тұрмыстық және психикалық сипаттамалар құралады.
Публицистика мен ғылыми көпшілік басылымдарда этнос және ұлт 
ұғымдары  бір  мағынада  колданылғанымен  арнаулы  ғылыми  әдебиетте 
бұл  екі  түсінік  арасында  елеулі  айырмашылық  бар.  Егер  этнос  бүкіл 
әлемдік тарихтың өн бойында өмір сүрсе, ал ұлт Жаңа дәуір мен Қазіргі 
заманда қалыптасады және ХІХ-ХХ ғасырлардың маңызды феномендерінің 
қатарына жатады.
Ұлтшылдық  бастапқыда  негізінен  Батыс  Еуропа  елдерінің  мемлекет-
аралық қатынастарын қалыптастырса, өткен ғасырдың орта шенінде оның 
толқыны бүкіл «үшінші әлемді» қамтыды, ал ғасыр соңында социалистік 
жүйені және оның берік негізі саналатын Кеңестер Одағын ыдыратуға се-

312                                    Қазақ руханияты: тарихи-философиялық 
                                                      және этномәдени негіздер
бепкер болды. Ұлтшылдықтың әсері мен мұндай кең таралуы бұл мәселе-
нің  әлеуметтік  мәдени  қырларын  зерттеу  барысында  әртүрлі  концепция-
ларды туғызды.
Мысалы, фундаменталистік тұжырымдама бойынша ұлттық қауым-
дастық тілдің, діннің, наным-сенім, тұрмыс пен тарихи тағдырдың ұқсас-
тығымен  сипатталатын  халықтың  өзін-өзі  бекітуі  арқылы  пайда  бола-
ды.  Релятивистік  көзқарастың  түсіндіруінше  ұлттық  бірліктің  бекітілуі 
ішкі  кикілжіңдер  мен  шектеулерді  жою  ғана  емес,  өзінің  көршілер  мен 
қарсыластар алдындағы үстемдігін нығайтуға да бағытталады және, сон-
дықтан  да,  ұлтшылдықтың  сенімді  серігі  –  соғыс.  Мұқият  талдаудың 
нәтижесінде  бұл  екі  концепцияның  да  кейбір  шарттылықтары  мен 
кемшіліктері анықталып, ғылыми әлемде келесі тұжырымдама – мәдени 
коммуникативтік  концепция  мойындалған.  Сауатсыздықтың  жойылып, 
мерзімдік  басылым  мен  кітап  басу  ісінің  және  білім  ағарту  саласының 
өркендеуімен,  қалалардың  өсуімен  сипатталатын  шаруашылық  дамуы-
ның қарқындылығы коммуникативті тұтастылықты туғызады. Коммуни-
кацияның  қарқындылығы  көркем  шығармашылық  пен  өзара  тұрақты 
қарым-қатынасты дамыту нәтижесінде жалпы ұлттық тілді және ұлттық 
мемлекетті қалыптастырады. Демек ұлттық мәдениет гомогендік этника-
лық қауымдастықтың тар шеңберімен шектелмейді.
Ал  осыған  байланысты  қазақ  халқының  ұлт  болып  қалыптасуы  мә-
селесінде  белгілі  отандық  мәдениеттанушы  ғалым  С.Т.Темірбеков  мына-
дай пікір айтады: «Қазақтардың басым көпшілігі аграрлы халық қатары-
на  жатады,  олар  рушылдық,  трайбалистік  қатынастарды  жоюға  жағдай 
жасайтын  индустриалды  қалалық  мәдениеттің  қазанында  қайнаудан 
өткен жоқ, нарықтық өркениет тәжірибесі жоқтың қасы. Технологиялық 
менталитет қалыптаспаған. Демек, қазақтардың ұлттық консолидацияла-
ну процесі әлі де жалғасуда» [4, 84 б.].
Жоғарыда келтерілген этносты немесе ұлтты құрайтын негізгі сипат-
тамалардың қатарына этностық өзіндік сананы (өз этносына тиесілік сезімі) 
жатқызамыз,  онсыз  бұл  анықтама  жеткіліксіз  болар  еді.  Бұл  этникалық 
мәдениеттің негізгі өзегі болып табылады, егер этникалық сана қалыптаспа-
са, онда ол қауымдастық өзінің бірлігінен айырылады. Этникалық сананың 
маңыздылығы халық санағы немесе тұрғындарды бұқаралық статистикалық 
есепке алудың әртүрлі  формалары барысында оның тілді де ығыстырып, 
негізгі этникалық анықтауышқа айналуынан да көрінеді.
Ұлттық сананың қалыптасуы этностың тарихи дамуымен тығыз байла-
нысты болуымен қатар оның ерекшелігі сананың тұрақтылығы мен ұжым-
дылығымен сипатталады. Қауым мүшелері қандайда да бір бастапқы не-
гізді (мысалы тіл, тарихи оқиға, өзіндік сана және т. б.) абсолюттендіруіне 
байланысты  олардың  санасында  тұрақты  стереотип  қалыптасып,  соның 
нәтижесінде  өздерін  өзге  ұжым  мүшелеріне  қарсы  қояды.  Мұндай  «біз 
және олар», «өзіміз және өзгелер» деген ажыратушылық принцип неме-
се  социомәдени  антитеза  кез  келген  этносқа  тән.  Бұл  тұрғыдан  алғанда 

                       4. Кеңестік кезең мен қазіргі замандағы қазақ халқы                        313
руханияты дамуының мәдени-философиялық қырлары                           
оның  жағымды  және  жағымсыз  жақтары  бар.  Біріншіден  ұлттық  мәде-
ниетті сақтау мен дамытуға ықпал етсе, ал екіншіден жеке тұлғалық құн-
дылықтарды теріске шығарады және, кейде, нәсілдік символикаға айналып 
(мысалы,  немістердің  арийлік  рухының  фашизмге  айналуы),  арты  ұлт-
аралық  қақтығысқа  әкеліп  соғады.  Әрбір  халықтың  бойындағы  этноцен-
тризм  көріністерін  әлемдік  мәдениет  тарихынан  көптеген  мысалдармен 
келтіруге болады. Оның классикалық үлгісі – «варварлық» әлемге өздерін 
қарсы қойған грек полисі мәдениетінің «жоғарғы этноцентризмнің» арты 
қазіргі заманға дейін үстемдік етіп келген еуроцентризмге ұласты.
Ұзақ  уақыт  бойы  тарихқа  еуроорталықтық  көзқараспен  үңілудің 
салдары  мәдениеттанушы-зерттеуші  Акселеу  Сейдімбектің  айтуынша 
«сананың  улануына...  оның  құлдығына,  ұрпақтың  рухани  жарымжанға 
айналуына,  ақиқаттың  жартыкештенуіне,  этникалық  мәңгүрттенуге» 
алып  келді.  Оның  қарапайым  салдарын  қалыптасқан  топонимдерден-
ақ аңғаруға болады. «Әбден орныққан «Жерорта теңізі», «Таяу шығыс», 
«Орал сырты», «Еділдің арғы жағы» деген жүздеген географиялық атау-
лар бар. Рас, топонимдерде белгілі дәрежеде шарттылық болады. Алай-
да, бірінші кезекте кім-кімге де танымдық мәні қымбат, танымның объек-
тивтілігі шарт. Бұл тұрғыда, жаңағы топонимдердің танымдық мәні са-
лыстырмалы    түрде  ғана  дұрыс  екенін  аңғару  қиын  емес.  Тек  байырғы 
Грекия тұрғындары  ғана емес, кез келген адам өзі басып тұрған мекенді 
«жердің  ортасы»  десе  қателеспес  еді.  Немесе  «Таяу  Шығыс»  таяу  бол-
са  еуропалықтарға  таяу.  Ал  Қиыр  Шығыстағылар  үшін  ит  өлген  жер. 
Сондай-ақ,  «Орал сырты», «Еділдің арғы жағы», «Каспийдің арғы жағы» 
деген  атаулар  да  еуропалықтардың    бағдарлауы  бойынша  ғана  дұрыс. 
Бергі жақтағылар үшін рухани қиянат» [5, 7 б.]. 
Жалпы  «культура»,  «цивилизация»  терминдерінің  ең  алғаш  пай-
да  болған  антикалық  замандағы  және  бұл  ұғымның  кейінгі  эволюция-
сы  бойынша  «мәдениеттілік»  пен  «мәдениетсіздіктің»  арақатынасында 
алғашқысының  табиғаттан  оқшау  қалаға  тән,  ал  екіншісі  дала  адамын 
тағылыққа теңейтін шартты түсінігін аңғаруға болады. Мысалы, профес-
сор Б.Ғ. Нұржанов осы терминге лингвистикалық талдау жасай отырып, 
отырықшылық  пен  көшпенділік,  қала  мен  дала  арасындағы  қағидатты 
айырмашылықтарды дәлелдеп жазады [6, 7-13 бб.]. Жиырмасыншы ғасыр-
дағы мәдениеттанушы ғұлама ғалымдар көшпенділерді жабайылар, тағы-
лар ретінде емес, керісінше олардың мәдениетіндегі «терең экологиялық 
мазмұнды» [7, 185 б.] және сонымен қатар, «жылқыны пайдалана білудің 
адамзат үшін үлкен маңызы болғандығын» [8, 71 б.] дәлелдеп жазады.
Соңғы кездері түсіндірмелі мәдениеттану (герменевтика) өзінше пай-
ымдауды  құндылықты  тұрғыда  –  позитивті  (жағымды)  және  негативті 
(жағымсыз) – бағалаудан принципті түрде алшақ болуды насихаттайды. 
Бірақ, бұл үрдістің де сыни әлеуметтік талдаусыз мүмкіншілігі шектеулі 
екендігін ескерген жөн. Адам ақиқатты рационалды қабылдауы үшін де 
белгілі дәрежеде мәдени құндылықтарды игеруі тиіс, сондықтан да оның 

314                                    Қазақ руханияты: тарихи-философиялық 
                                                      және этномәдени негіздер
көзқарасы  әрқашанда  идеологияға  берілген,  кейде  этноцентризммен  де 
ұштасып жатады. Мысалы: 
«Мен қажеттілікте байланысты адаммын, ал тек бақытты кездейсоқ-
тықтың арқасында ғана французбын» (белгілі француз ағартушысы).
«Дүниеде үш нәрсеге қуанамын: құл болмай ерікті болғаныма, әйел 
болмай  еркек  болғаныма  және  варвар  болмай  грек  болғаныма»  (атақты 
грек философы).
«...Мен қазақпын, мың өліп мың тірілген» (танымал қазақ ақыны).
Енді  қазақтың  дәстүрлі  мәдениетіндегі  этноцентризм  көріністеріне 
көз  жіберіп,  оның  ерекшеліктерін  анықтайық.  Қазақ  этноцентризмнің 
қалыптасуына  өзге  де  факторлармен  қатар,  ерте  және  орта  ғасырларда 
Еуразия далалы аймағын мекен еткен көшпелі қоғамдардың дүниетаным-
дық,  саяси  конфесссиялық  идеологиялары  әсерін  тигізіп,  ізін  қалдырды. 
Шығыстанушы-тарихшы ғалым В.П.Юдиннің еңбегінде «оғызшылдықтың», 
«шыңғысшылдықтың»,  «ноғайшылдықтың»  еуразиялық  көшпелілер  са-
насында  идеялық-исихологиялық  төңкеріс  жасап,  жаңа  рухани  тәртіптер 
орнатқандығы айтылады [9, 14-56 бб.]. Көшпенділердің ертедегі саяси және 
идеялық,  діни  тұғырнамасы  эпикалық  деңгейдегі  Оғыз  туралы  аңыздар 
циклі  түрінде  біздің  заманымызға  дейін  жетті.  Ол  туралы  А.Н.  Кононов, 
А.М. Щербак, В.В. Бартольд еңбектерінде жазылған. Ал «Ясы» құжатымен 
заңдастырылған  «шыңғысшылдық»  тарихи  феномен  ретінде  маңызын 
ұзақ  уақытқа  дейін  жоймай  келді.  Халық  санасындағы  «қарадан  шығып 
хан болмайды» (Шыңғыс, төре тұқымынан шықпағанның хандық билікке 
ұмтылуының  әдеттен  тыс  саналуы,  тіпті  аморалдығы),  «өзбек  –  өз  ағам» 
(әлеуметтік-тектік  иерархияның  сақталуы,  өзбек  хандарының  арғы  атасы 
Шейбан  –  Жошының  бесінші  баласы,  яғни  үлкен,  ал  қазақ  хандарының 
атасы Тұқай-Темір Жошының он үшінші баласы) және т. б. мәтелдер бұл 
стереотиптің тұрақтылығын көрсетеді. 
Еуразия  көшпенділігінің  берік  негізі  Алтын  Орданың  ыдырауы 
тұсында өзінің шығу тегі туралы діни аңызды ойдан шығару арқылы (Ислам 
қайраткерлерінің бірі Баба түкті Шашты Әзизден таратады) билік басына 
келген Едіге дағдарыс кезіндегі отырықшы және қалалық бағдар ұстанған 
топқа қарсы жаңа саяси-құқықтық жүйені (атақ-дәрежесінен көрінетін, мы-
салы би, мырза, тайбұғы, нұраддин т. б.) енгізе отырып, нағыз көшпенділікке 
негізделген  «едігешілдікті»  өмірге  әкелді.  Бұл  дәстүрдің  идеологиялық 
көрінісі  «ноғайлы  циклі»  деп  аталатын  эпостық  жырлардан  байқалады. 
Ноғайлылармен  бірге  болған  бұл  дәуір  кейінгі  қазақтардың  санасында 
«Алтын  заман»  (Ш.Уәлиханов)  ретінде  сақталған.  Дәстүрлі  көшпелілік 
әлемінің  қуаты  кеміп,  күні  еңкейген  шақтағы  бұл  туыстас  екі  тайпаның 
айырылысуы  да  осы  «көшпелі-отырықшы»  альтернативасына  негізделіп 
[10, 53 б.], кейінгі Қазақ хандығы Алтын Орданың тікелей мұрагері түрінде 
көрінеді [11]. Мұның жарқын көрінісін халық ауыз әдебиетіндегі (Айрылысу 
жыры, «Орманбет би өлгенде, он сан ноғай бүлгенде») драмалық лейтмотив 
пен Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз шығар-маларындағы алдағы қилы за-


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   49




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет