Тақырып №6. МҰҒАЛІМНІҢ ӨЗІНДІК РЕТТЕУ ТЕХНИКАСЫНЫҢ НЕГІЗДЕРІ
Теориялық мәліметтер Жоспар: 1. Өзін-өзі тану адам тану жүйесінде.
2.Педагогикалық өзара қызметте ауызша қатынас құралдары. Өзара қатынас кезіндегі вербалсыз құралдардың рөлі.
3. Мұғалімнің өзін-өзі басқара білу шеберлігі, өзін-өзі қалыпқа келтіру техникасының негізі.
Негізгі ұғымдар: өзін-өзі тану, басқару, вербалды, вербалсыз қарымқатынас, педагогигалық әдеп.
1. Өзін-өзі тану адам тану жүйесінде. «Педагогика және психология» саласының түсіндірме сөздігінде «Өзін-өзі тану» ұғымына төмендегідей түсінік берілген: «Өзін-өзі тану» - өзін-өзі бағалау секілді интероспекциядан маңызды ерекшелігі бар өзін-өзі бақылау әдісі секілді, психиканы субъективтілік тұрғыдан танып білу:
интроспекцияның әдеттегі актілеріне қарағанда бұл процестер әлдеқайда күрделі және ұзағырақ, жинақталған және өңделген өзін-өзі бақылау мәліметтері бұларға тек бастапқы материал ретінде ғана енеді;
адам өзі жайлы мәліметтерді өзін-өзі бақылау арқылы ғана емес, сондай-ақ сыртқы бастау-көздерөз әрекеттерінің объективті нәтижелері, өзге адамдармен қарымқатынасы арқылы да алады». Өзін-өзі тану ұғымдары арқылы адамның ішкі дүние танымындағы құбылыстарды, олардың өзара байланысын көреміз. Өзін-өзі тануда «өзін-өзі тану», «өзін-өзі өзектілеу», «өзін-өзі жетілдіру», «өзін-өзі тәрбиелеу» «өзін-өзі басқару», «даму» және «қалыптасу» «саналы пайымдау», «өзінді талдау» сияқты ұғымдар да кездеседі. Педагогика ұғымдарының бірі - өзін-өзі тәрбиелеу. Өзін-өзі тәрбиелеу – жеке тұлға болып қалыптасудың негізгі маңызды бөлігі. Оның нәтижесі қоғамдық талаптарға адамның өзіндік жауап қайтаруы, яғни реакциясы арқылы көрінеді. Өзін-өзі тәрбиелеу – ол моральдық және этикалық нормалардың қалыптасуы және олардың әдетке айналуы.
Өзін-өзі тәрбиелеу – адамды дамытуға арналған тәрбие үрдісі. Кез-келген тәрбие жүйесінде адам өзін әлеуметтік тұлға ретінде сезініп, қоғаммен және табиғатпен біртұтас тіршілік етеді. Өзін-өзі тәрбиелемей жеке тұлға қалыптаспайды. Өзін-өзі тәрбиелеу барысында адам өз білімін дамытады. Өздігінен білім алу – мәдени мұраны игерудің өзіндік жүйесін жасау, өзін дамытушы жүйе құру.
Өздігінен білім алу білімді дамытушы қозғаушы күш болып табылады. Өздігінен оқу- адамзат тәжірибесін өзінің ынтасымен, өзі таңдаған әдіспен игеру үрдісі. Осы өздігінен білім, тәрбие алу, оқу адамның ішкі жан-дүниесінің қажеттілігінен туындап, өздігінен дамуға өзін-өзі жетілдіруге тұлғаны бағыттайды.
Өзін-өзі оқытуды оқу орындарының оқу бағдарламасы мен оқу жоспарынан тыс қоғамдық және өзіндік қажеттіліктер негізінде жүйелі және белгілі бір мақсатқа құрылған жеке тұлғаның танымдық іс-әрекеті деп тануға болады. Өзін-өзі оқыту – жалпы және кәсіби білімнің үздіксіз жалғасы, өйткені білімнің жан-жақты болып кеңеюіне және адамның рухани баюының жетілуіне септігін тигізеді. Сонымен қатар интеллектуальдық арсеналының үнемі жаңалануына, кәсіби шеберлігінің шыңдалуына әсер етеді.
Адамдардың қоршаған табиғи ортадағы құбылыстарды қабылдап түсінуі де әр түрлі. Ол адамның жеке басына тән физиологиялық, психологиялық, биологиялық ерекшеліктермен тығыз байланысты. Мәселен біреулердің бір нәрсені жасауға іскерлік қабілеті болса, екінші адамда оның болмауы, біреудің ұйымдастырушылық қабілеті күшті болса, ал екінші бір адамның ұйымдастыру ісіне қабілетсіз болуы, біреу бір айтқаннан білімді тез қабылдаса, ал екінші бір адамның абстракциялық ойлау қабілетінің баяу дамуы, біреулердің сурет салуға, ән салуға бейімділігі болуы мүмкін. Жеке бастың бұл ерекшеліктер адамдардың басқалармен ұжымдық қарымқатынасында байқалады. Сонымен бірге адам баласы өмірде үздіксіз тәрбие құшағында болатынын, бұрынғы игерген білім, білік, дағдылары біртіндеп көмескіленіп, оның орнына жаңа білім, білік, дағдыларды меңгерумен шұғылданатынын ескеруге де тура келді. Жеке тұлғаның ой-санасының, білім көлемінің толығуымен байланысты оның өмірге көзқарасы, белгілі құбылыстарға баға беруінде де өзгерістердің болуы, оның жаңаруы мүмкін. Бұған қоса әлеуметтік ортаның, отбасы мүшелерінің, жолдас-жораларының, таныстары мен достарының да белгілі мөлшерде әсер ететінін ескерсек, жеке тұлғаның ерекшелігінің басым болуына оның да ықпалы зор. Сондай-ақ басқалардың көзқарасын, ой-пікірлерін қабылдау дәрежесі де түрліше болады.
Сондықтан да әр адамды бір-біріне ұқсамайтын, өзіндік ерекшелігімен дараланған тұлға дейміз. Жеке тұлға өзін-өзі бағалауға да, өзінің іс-әрекетін, оның нәтижелерін басқалардың іс-әрекетімен салыстырып байқауға, басқалардың бойындағы артықшылық қасиеттерді көре, тани білуге, соған теңелсем, сондай болсам деп ұмтылыс, іс-әрекет жасауға да қабілетті. Жеке тұлғаға тән қасиет – ақыл, ес, яғни олар өмірді өзінің сана-сезім өлшемімен қарап бағалауға бейім тұрады. Сондықтан өмірді танып білу дегеніміз миллиондаған жеке тұлғалардың сезім, түсінігінен тұрады.
«Тұлға» дегеніміз адамның келешек өмірдегі жобасының келбеті. Яғни адам өз бейнесін өзі жасаушы. Тұлға-жеке адамның өзін өмірде көрсетудегі мақсатының орындалуы ғана емес, оның ерікжігерінің іске асуы. Яғни өзі жөніндегі ойын еркін іске асырудың дайындығы және оны іске асыруының нәтижесі, көрінісі. Сонымен бірге, тұлға дегеніміз сезімнің, әсердің, ішкі күйініш-сүйініштің бойға жинақталған көрінісі. Тұлғаның құрылымдық компоненттері үш бөліктен тұрады. Біріншіден – оның ақыл-ойын дамыту арқылы санасын жетілдіру; екіншіден-адамзаттық өркениетті тұлғаның бойына біртіндеп сіңіру; үшіншіден-жеке тұлғаны іс-әрекетке ендіру арқылы өзін-өзі тәрбиелеуге белсене қатыстыру. Тұлғаны тәрбиелеп жетілдіруде осы үш компонент органикалық бірлікте қызмет етеді.