Гауһар
Алып денелі Қабанбай атына қарай аяңдады. Дәл осы кезде алаңдағы жалғыз ашада байлаулы тұрған Қабанбайдың ату шулы “Көкдауыл” атанған қара көк атын жетелеп, Қаратаудың сусар бөркін киген сұңғақ бойлы, бота көз аққұба бойжеткен алдынан көлденең тарта берді.
- Батырдың жолы болар ма екен, өзім аттандырайыншы, - деді маржандай аппақ тісін көрсете күлімсіреп, сөйтті де тізгінді қолына алып, үзеңгісіне аяғын салған қас батырдың қолтығынан ұстап, жоғары көтере бастады.
Қабанбай атына мінген соң ғана қыздың жүзіне дұрыстап қарады. Қыз екі көзі жаудырап, Қабанбайды қимаған адамдай мөлдіреп тұр.
- Рақмет, құрбым, - деді Қабанбай, жүрегі кенет дүрсілдеп, - айдын көлдің аққуы аттандырды ғой, жолым болады екен! Қыз әлі жаудырай қарап тұр.
- Айтқаныңыз келсін!
- Қош бол қарындасым!.. – Қабанбай атының басын тежей қалды, - кездесе алмай қалсам, ең болмаса біліп кетейін, атың кім қарындасым?
- Атым Гәуһар... Бәсентин Малайсары батырдың қарындасымын, - қыз бұ жолы сүйріктей аппақ саусақтарын ұсынды. – Алла сау-сәламат көрісуге жазсын!
Айтқаның келсін, қарындасым! Қош бол!
Қош болыңыз!
Қабанбай Көкдауылын тебініп қап, “Гәуһар... Гәуһар!...” деп күбірлей солтүстікке қарай жөнеп берді. Ұзап бара жатып, артына бұрылып қарады. Қыз әлі орнында тұр екен. Ол ақ орамалын алып, жігітке “сау қайтыңыз!” деп екі-үш рет бұлғады.
- Гәуһар десе Гәуһар-ақ екен! – деді Қабанбай, атының борбайына қамшыны басып жіберіп.
І.Есенберлин. “Көшпенділер”
Бопай
Бопай ханым (шын аты Бәтима шамамен 1690 – 31.5.1780 жылдары Батыс Қазақстан облысы, Елек өзені бойында өмір сүрген), Әбілқайыр ханның зайыбы, ел басқару ісіне араласқан қайраткер, мәмілегер. Төре тұқымынан тараған.
Бопай күйеуі Әбілқайырдың түпкі мақсаты Жайық казактарының, орыс бодандығындағы башқұрттар мен Еділ қалмақтарының шапқыншылықтарын тоқтату, жоңғарларды түпкілікті талқандау екендігін және бұл күрделі мәселелерді уақытша болса да, Ресей империясына бодан болу арқылы шешуге тырысқандығын терең ұғынған. Сондықтан да Әбілқайырдың осы бағыттағы саяси қадамдарына қолдау көрсеткен. Ол ханымның 1731 жылы 22 қарашада орыс патшайымы Анна Иоанновнаға, 1748 жылы 5 қазанда Елизавета Петровнаға, әр уақытта Орынбор әкімшілігінің басшыларына жазған хаттарынан айқын көрінеді. Күйеуінің қазасынан кейін де Бопай өзінің ұстанған бағытынан таймайды. Әбілқайыр саясатының өз жалғасын табуы баласы Нұралының әке орнын басуына байланысты екендігін терең ұғынған Бопай батыл әрі ойлап-пішілген қадамдар жасайды. Орта жүз бен Кіші жүздің беделді билері мен батырларының Нұралыны хан көтеруге келісімін алғаннан кейін ғана, Бопай патшайым Елизавета Петровнаға, келесі күні бригадалық генерал А.И. Тевкелев пен Орынбор губернаторы И.Неплюевке қисынды өтініш хаттар жолдайды. Осы хаттарды жеткізу үшін аталмыш екі жүздің 8 беделді биі Орынборға, одан кейін Санкт-Петербургке аттанады. Нұралыны “қырғыз-қайсақ ханы” етіп бекіту туралы Елизавета Петровнаның 1749 жылғы 2 мамырдағы жарлығы, онда Бопай ханымның хатына да сілтеме жасалуы, канцлер А.П. Бестужев-Рюминнің Бопайға арнайы хат жазып, патшайым атынан сыйлық жолдауы ханым саясатының жеңісі еді.
Бопай Әбілқайыр әулетінің дәрежесі мен беделін көтеруге ұмтыла отырып, орынсыз қантөгістің болмауын, ел іргесінің сөгілмеуін қалады. Сол үшін де ол күйеуінің кегін алуға “аттандатпай”, Барақ сұлтанды жазалауды орыс әкімшілігі арқылы заңдастырып алуға тырысты. Қоғам дамуының негізгі көзі тыныштық өмір екендігін, тірлігін ат үстінде өткізген халықтың болашағы бұлдырлығын ұғынған ханым орыс әкімшілігін Елек өз. бойында қала салдыртуға да үгіттейді. Қазақ-жоңғар қатынастарына тигізген әсері, Қайып хан мен Нұралы ханды бітістіруге бағытталған әрекеттері Бопайдың ел бірлігін қамтамасыз етуге тырысқан мәмілегерлік ниетін аңғартады. Бопай орыс-қазақ қатынастарындағы және сол кездегі қазақ қоғамындағы шешімін таппай жүрген кейбір мәселелерді талқылау үшін Орынбор әкімшілігінің басшыларымен кездесіп, келіссөз жүргізгісі келеді.
1740 жылы Санкт-Петербургке ресми сапармен барып, Анна Иоановнаға жолығу ниеті де болған. Бопайдың зеректігі мен тапқырлығы жөнінде ағылшын суретшісі Дж.Кэстльдің, Әбілқайыр ордасында болған орыс шенеуніктерінің жазбаларында біршама деректер келтіріледі. Тарихи құжаттармен жақсы таныс А.И.Левшин ХІХ ғасырдың 30-жылдарында: “Бопай… өзінің ақылдылығы арқасында бүкіл Кіші жүздің құрметіне бөленді және кейде оны басқаруға үлкен ықпал етті” деп жазды. Бопай Елекке құятын Жосалы өзенінің жоғарғы жағындағы қорымда жерленген.
Казахско-русские отношения в ХVІ — ХVІІІ веках, А.-А., 1961; Кэстль Дж., 1736ж. Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапар туралы, А., 1996.
Достарыңызбен бөлісу: |