Домалақ ана
Ертедегі бабаларымыз бен ғазиз аналарымыздың өмірлі өнегесі, қадір-қасиеті бізге аңыз күйінде жетті. Сондай қасиетті есімдердің бірі – он төртінші ғасырдың аяғында әйгілі болған әз анамыз Домалақ ана.
Бәйдібектің үшінші кіші әйелінің есімі Нұрила еді. Түбі түркістандық Мақтым Ағзамның жалғыз ұлы Әли Сыман ержүрек батыр болады. Ол Уәйіс ханның апасы Нұрбикеге үйленген. Ақсақ Темірдің қаруында болып, соның әскерін басқарды. 1388 жылы күзде 40 жасында Әмір Темір әскерінің құрамына қосылып, Алтын Ордаға аттанады. Елге қайтпай ұзақ уақыт Ақсақ Темір әскерінің сапында қалып қояды. Ал елде, Түркістан маңындағы Қарашық өзеніне суға түсіп жүрген Нұрбикені жылан шағып өлтіреді. Әкесі әскерден келмеген, анасынан тірідей айрылған Нұрила жетім қалады.
Нұрила 1378-1456 жылдары өмір сүрді. Бұл есім парсы тіліндегі шежіре деректерінде Бибі Мэрилы деп көрсетіледі. Ол Түркістандағы Яссы қыстағында туып, бабасы Мақтым Ағзамның тәрбиесінде өскен. Нұрила – араб сөзі, қазақша «Алланың нұры» деген мағына береді. Нұрила 1397 жылы он тоғыз жасында Бәйдібекке күйеуге шығып, ақ некесі қиылады.
Нұрила «Дихнат мама» атануы. Бәйдібектің үлкен әйелі Сарықыз Нұриланы қатты күндейтін еді. Бірде Бәйдібек Ташкентке сапар шегеді, қала базарына мал айдатады. Ол елдегі мал-жанға Сары бәйбішені ие қылып қалдырады. Бәйдібек би кетісімен Кіші Тұра бөктеріне келіп, ондағы ел- жұртты, малды түгелдей Балабөген аңғарына көшіреді. Ырғайлының басына Нұриланы ұлы Жарықшақпен жалғыз тастайды. Баспанаға жаман қара лашық, азғана ұн, бір сауын ешкі қалдырады. Иығыңа іл деп өзінің ескі-құсқы киімдерін береді. «Екі күннен кейін келіп көшіріп әкетеміз» деп алдайды. Әрине, Сары бәйбіше қайтып келмейді. Мұның қасақана істелген тірлік екенін Нұрила бірден сезген еді, үндемей сыр брмеуге тырысқан еді. Нұрила ешкінің сүті мен азғана ұнды талшық етеді. Нұриланың емшек сүті мол, қою әрі майлы болатын. Қомақты, аумағы үлкен емшектің біреуін Жарықшақ зорға тауысатын. Нұрила екінші емшегін сауып, таза майда ұн қосып, қамыр илейтін. Одан әдемі күлше пісіріп, Жарықшаққа бір мезгіл шайнап беретін.
...Көктемнің соңғы айы еді. Бір күні Кіші Тұраның күншығыс иығынан асып, топ-топ аттылар ылдиға еңкейіп келе жатты. Олар бұлақ басындағы қара лашық үйді көрді. «Неғылған жалғыз лашық, адамы болса сусын сұрап ішейік» деп аттылар сонда бұрылады. Бұлардың тегін адам еместігін сезген Нұрила ескі кимешек киіп, кемпір бейнесіне түседі. Келген адамдарға Нұрила: «Қош келдіңіздер» деп ізет көрсетті. Сұлу мұртты қара жігіт:
- Апа, аңқамыз кеуіп келді. Сусыныңыз бар ма? – деді. Нұрила дереу үйге кіріп, ешкінің айранын араластырып жасаған сусынын алып шығып, мұртты жігітке ұсынады. Жігіт зеренді қолына ұстап біраз отырды. Неге ішпей тұрғанына таң қалған Нұрила бақылап тұрды. Аттылардың артында қалып, әбден шаршап шаң жұтқан бір жігіт лашық үйге кешігіп жетті. Сұлу мұртты жігіт зеренді соған ұсынады. Сусын соңғы жігіттен бастап, алдымен келгендерге қарай жылжыды. Жолбасшы жігіттің тегін адам еместігін Нұрила іштей сезінді. Сұлу мұртты жігіттің кезегі жеткенде сусын таусылып қалады.
Сусын таусылды, балам, - дейді Нұрила.
Оқасы жоқ, апа, жігіттердің шөлі қанса болды. Егер болса нан әкеліңіз, ауыз тиіп шығайын – дейді.
Нұрила дастарқан жайып, таза пісірілген бірнеше әдемі күлшелерді әкеледі. Күлше тәтті еді.
Апа күлшеңіз өте дәмді екен, не қосып пісіргенсіз? – деп сұрады жігіт.
Ұнға өзімнің емшек сүтімді қосып, күлше пісіремін де жалғыз ұлыма шайнап беріп асыраймын, - дейді Нұрила.
Пәлі, Алланың рақымын қараңыз! Енді сіз бізге ана болдыңыз. Сіздің ақ сүтіңіздің қасиет нәрі, өзіңіздің шапағат мейіріміңіз біздің қан тамырымызға түгел тарап кетті. Бұдан былайғы жерде сізге перзентпіз, олай болса ана алдында қашанда қарыздармыз, - деді мұртты жігіт.
Бұл Ангренің аты шулы батыры, қарақшы Қара Хайдар болатын.
Апа, осы өңірді мекендеген Бәйдібек бидің малы есепсіз көп деп естідік. Қонысы мен жайлауының қайда екенін айтсаңыз, жылқыларын айдап әкетуге аттанып барамыз, - деді Қара Хайдар. Нұрила оларға тура жолды түсіндірді. Осы сапар құдай оңдап, олжалы қайтса лашық үйдегі «мүсәпір» Нұрилаға қайыр-садақа жасауды Қара Хайдар көңіліне түйіп қойған еді.
Қара Хайдардың сол сапарда жолы болып, көп жылқыны олжалап, айдап қайтады. Жолай қара лашық үйдегі Нұрилаға соғып:
Апа, мынау көп жылқыдан қалағаныңызды алыңыз, - дейді Қара Хайдар.
Нұрила көп жылқыға көз тастап, кәрі Құласары биені іздейді. Құласары айғырдың жылқылардың соңында ақсаңдай басып келе жатқанын көрді.
Мен мына ақсақ кәрі құла айғырды қалайын. Үй тұрмысының тіршілігіне, шаруаға осының қызметі қолайлы, - дейді.
Қара Хайдар өзге шешім айтпай, Құласары айғырды алып қалуға рұқсат етті. Қара Хайдарға Нұриланың кәрі айғырды қалағаны жұмбақ көрінді. Қара Хайдар Нұриламен қоштасып, көп жылқыны алдына салып кете барады.
Жылқы ішіндегі ерекше бәйге жүйріктері қарақшылардың айдап кеткені жөніндегі хабар Сары бәйбішенің аулына ертеңіне таң азанда жетеді. Бестоғайдағы көп жылқының жауапкершілігі ағайынды Жантас пен Тоғанаста болатын. Сол күні жылқыларды күзетсіз қалдырып, үйлерінде шілдехана тойын өткізеді. Олар дереу бақташы жігіт Бекқұлыны Сары бәйбішенің аулына жіберіп, түс кезінде Теректі бекінісінде күтетіндіктерін мәлімдеді. Өздері айнала төңіректі сүзіп шықты, бірақ ешқандай белгі байқалмады. Көп кешікпей Сары бәйбішенің адамдарына қосылып, Кіші Тұра тауына бет түзеді. Қуғыншылар Ырғайлы бұлағына келгенде қара лашық үйдің белдеуінде байлаулы тұрған Құлсары айғырды көреді де, сонда бұрылды. Нұрила кешеден бері көрген-білгендерін айтады.
- Енді не істейміз, - деп Зеріптің ұлы Жалмамбет сөзге араласты.
- Сабыр қылыңдар, бір амалы табылар, - деп Нұрила елдің жүрегін орнықтырды. Құлсары айғырды Кіші Тұраның ұшар басына шығарып, тамыры берік бадамшаға байлаймыз. Қолтығынан, шабынан қылбұрау салып шыңғыртамыз. Жаны қиналған айғыр құлындағы даусы шығып, қатты кісінейді, үйірін іздеп, енесін көмекке шақырады. Айғыр даусын естіген жылқылар ешкімге бой бермейді. Қоныс-мекеніне өздері оралады.
Көпшілік бұл шешімді мақұл көреді. Айғырдың кісінеген даусы тау өңірін жаңғырықтырып жіберді.
Қарақшылар Құтырған өзенінің басындағы үлкен қақпатасқа жеткенде кешкі іңір қараңғылығы қоюлана түсті. Жылқыларды сол жерге үйіріп, таң сызат бергенше аялдауды ұйғарды. Осы кезде үйірдің шетіне кәрі Құлсары биенің құлағына таныс үн талып жетті. Сосын бір кісінеп алды да үйірден бөлініп, қаша жөнелді. Қарақшылардың алды-артын орап қамалағанына көнбей, сарсаң қылды. Оны еркіне жібере салады, үйірдегі көп жылқы осы Құлсары биеден өсіп, тараған тұлпар тұқымды болатын. Жылқылар қозғалақтап, кәрі биенің ізімен Кіші Тұраны бағытқа ұстап шұбай жөнелді. Қара Хайдар бұл кереметтің бәрі Нұриламен байланысты екенін түсінді. Ол жігіттеріне «Қумаңдар, кемпірдің ақ сүтіне иленген наннан бәріміз дәм таттық, егер қару көтерсек күнаға батамыз. Аттың басын кері бұрыңдар, елге қайтамыз» - деді.
... Тарихи осы оқиғадан соң үш ай мерзім өткенде Қара Хайдар қасына екі-үш жігітін алып, Кіші Тұра бөктеріндегі қара лашыққа қайта соқты. Үйді таппады, тек көшкен елдің жұртын көреді. Теректі бекінісіне соғып, онда Оспан деген ұстадан Нұриланың жайын сұрап біледі. Ұста мән-жайды түсіндіріп, жол көрсету үшін баласын қосып береді. Қара Хайдар Ұзынбұлаққа күн кешкіре жетті. Бәйдібек бимен танысты, өзін таныстырды. Сөз арасында Кіші Тұра бөктерінде баласы бар жарлы әйелді көргенін, сол кемпірде керемет қасиет барын хабарлап, мән-жайды түсіндірді.
Бәйдібек сол үйге Нұриланы алдырады. Нұриланы көрген Қара Хайдар қайран қалады. Баяғы лашық үйде көрген кемпірге мүлде ұқсамайды. Қара Хайдар орнынан ұшып тұрып, Нұрилаға иіліп сәлем берді. Халықтың алдында Қара Хайдар «Диһнат мама» деген атақ берді. Қазақша «Әулие ана» ұғымын береді. Кейін келе «Диһнат мама» сөзі сөйлеудің ұлттық диалектісі негіздерінде бастапқы формасы өзгерістерге ұшырап, қазақ тілінің үндестік заңына сәйкес «Домалақ анаға» айналып кетті.
Нұрила ана 1456 жылы мамырдың 28 жұлдызында қайтыс болады.
Дархан адамгершілігі мен ақыл-парасаты ел аузында аңыз боп айтылған даңқты ана бүкіл Жетісу өлкесі Шымкент, Әулиеата, Ташкент өңірлерін мекендеген елдер ұрпағының түпкі анасы болды.
Достарыңызбен бөлісу: |