Бопай (т.-ө.ж.б.) — Кенесары Қасымұлы көтерілісіне белсене қатысушылардың бірі, Кенесарының қарындасы. Көкшетауда дүниеге келген. Қасым төренің Санжар, Есенкелді, Ағатай, Көшек, Кенесары және Наурызбай атты алты ұлының арасындағы жалғыз қызы. Деректерде Бопы болып та кездеседі.
Бопай бойжеткен шағында Әбілқайырдың Сәмеке деген ұлына ұзатылады. Жастайынан сұлулығымен, өжеттігімен көзге түскен. Өзінің күйеуі мен оның туыстары сұлтан Сартеке, Досан Әбілқайыровтарды көтеріліске қосылуға тартады. Олардан келісім ала алмаған соң, 1837 жылы өзінің алты баласын ертіп, көтерілісшілерге қосылады. Бопай 600 адамнан тұратын ерекше топты басқарады. Көтерілісшілердің бұл тобы Кенесары әскерлерін жабдықтаумен шұғылданып, елден зекет, көтеріліске қосылмаған сұлтандардан мал-мүлік жинады. Бопай қатысқан шайқастардың ішіндегі ең ірісі – 1838 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторлығының терістік батыс аудандарына бағытталған Аманқарағай дуанына шабуылы.
1840 жылы Қасым төре, балалары Көшек, Бопай қолдау іздеп, Хиуаға барар жолда (Созақ маңында) Ташкент бегінің қолына түсіп, Бопай Әзірет бекінісіне қамауға алынады. Көшек Ташкентке жіберіледі. Тұтқында жүріп Бопай Кенесары әскерінің құрамындағы ұлы Нұрқанның Ақтөбе жасағының қолына тұтқынға түскенін естиді. Бопай 1847 жылы қырғыз манаптарына қарсы шабуылда Кенесарымен бірге болған. Дүние салған жері Ақтөбе облысы, Ырғыз бойы. Әйтеке би ауданында Бопайдың атында ауыл бар. Зираты осы ауылдың тұсындағы төбешік басында орналасқан.
Ғашықтық эпос Қазақ халқы эпикалық мұрасының бір саласы – романдық немесе ғашықтық эпос. Романдық эпостардың таңдаулы туындысының бірі туралы академик Ә.Марғұлан: «Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» ескі дәуірдегі сюжеті біздің заманымыздан екі мың жылдан аса бұрын шыққан» - деп жазады. Қазақтың ғашықтық жырларына «Қозы Көрпеш-Баян сұлудың», «Қыз жібек», «Айман-Шолпан», «Күлше қыз», «Мақпал-Сегіз», т.б. жатады. Эпикалық жырлардың басқа түрлерімен салыстырғанда, ғашықтық жырларда халықтың тұрмыс-тіршілігі, наным-сенім, әдет-ғұрпы көбірек көрініс табады. Осыған орай қаһармандардың сыр сезімі кеңірек баяндалады.