Қазақтың ғашықтық жырларының ішіндегі халыққа кеңінен танымал болған көлемді де көркем жырдың бірі – «Қыз Жібек». Жырдың тақырыбы – өздерінің ұнатқан адамына қосылуды арман еткен екі жастың арасындағы сүйіспеншілік.
Жырдың басты кейіпкерінің бірі – Төлеген. Ақын-жыршылар Төлегенді туған күнінен бастап таныстырады. Базарбай сексен жасқа келгенде Төлегенді көреді. Жырда оны былай таныстырады:
Төлеген деп қойыпты ұлдың атын,
Құдай артық жаратқан оның затын.
Баланы сипат қылып айтып болмас,
Көрген жан ақылынан бір танатын.
Жырда аса жарқын сипатталатын тұлға – Қыз Жібек. Оның кескін-кейпі, сұлулық-салтанаты барынша әсер бейнеленген:
...Қыз Жібектің ақтығы,
Наурыздың ақша қарындай.
Ақ бетінің қызылы,
Ақ тауықтың қанындай.
Екі беттің ажары
Жазғы түскен сағымдай.
Білегінің шырайы
Ай балтаның сабындай.
Төсінде бар қос анар
Нар бураның санындай.
Оймақ ауыз, құмар көз
Іздеген ерге табылды-ай.
Бұл Қыз Жібектің сыртқы сын-сымбаты. Ал оның Төлеген отырған отауға беттегендегі қимыл-қозғалысын, кербездігін соншама әсерлі де әдемі етіп көрсете білген. Мәселен:
Қылаң етіп, қылт етіп,
Сылаң етіп, сылт етіп,
Тау суындай құлтылдап,
Сүмбіледей жылтылдап,
Буындары бұлтылдап,
Айдынды туған Қыз Жібек
Отауға қарап жөнелді.
Жібек – сұлу ғана қыз емес, парасат-пайымы мол, намысты жан. Талай жігіт Жібекке ынтазар болса да, олардың біріне де назар аудармайды. Төлегеннің қандай жігіт екенін бір көргеннен-ақ таниды. Көңілі толады. Бұдан кейін жүрек қалауы, жан жылуын Төлегенге арнайды. Оның жолын сегіз жыл тосып, адал жар екендігін көрсетеді. Сүйген адамы мерт болғанды басына түскен қайғыны да көтере біледі. Бірақ аяулысынан айырылған қаралы жанның халі Жібектің зарынан анық аңғарылады:
Жайықтың суы ылай-ай,
Көр болды көзім жылай-ай,
Төлеген сынды мырзадан,
Айырдың өзің, құдай-ай.
Жырда жағымды жағынан көрінетін кейіпкер – Сансызбай. Ол хабарсыз кеткен ағасының не өлі, не тірі екенін білуді азаматтық борышым деп ұғады. Сондықтан ағасын іздеп шығады. Сансызбайдың ретіне қарай батырлық та, батылдық та көрсете біледі. Қалмақ ханы Хоренмен жекпе – жекке шығып, оны жеңсе, кейіннен көп қалмақты қырады. Жырда Сансызбай ерлігі көтеріңкі әсерлене көрсетіледі. Хореннің тартқан оғы Сансызбай сауытының сегіз қабатынан өтіп, соңғы бір қабатына келіп тоқтауын «Қырық шілтен» пірлердің көмегімен байланыстырады. «Қыз Жібекте» зорлықшыл Хореннің көрінуі тарихи шындық логикасынан шет емес. Ақ Жайық пен Ақ Еділдің арасында көп замандар қалмақ билеушілері үстемдік үшін соғыстар жүргізгені мәлім.
Жырдағы ұнамсыз жағынан көрінетін кейіпкерлер – Бекежан мен Хорен. Бекежан ішкі, Хорен сыртқы жау. Екеуі де өз мақсаттарына күшпен жетуді ойлаған озбыр жандар. Әсіресе екі жастың бақытсыз болуына тікелей кінәлі – Бекежан. Ол – Төлеген мен Жібектің арасына қыстырылып, өзінің қастандығын арамзалықпен іске асырған қара жүрек жан. Бекежан қыз сезімімен санаспайды. Бақытқа жымысқы жолмен жетпекші болады. Ол – аяушылықты білмейтін қайырымсыз, қатыгез жан. Ақыры Бекежанның осындай зұлымдығы өзінің түбіне жетеді.
Хорен де өз күшіне сенген озбыр. Көп қолмен келіп, елге қысым жасап, сес көрсетеді. Жібекті сырттай иемденеді. Алайда Хорен ақылдың адамы емес, Жібектің алдауына түседі. Тұлпарынан айрылып, күлкілі жағдайда қалады. Жібекті алу жолында қанша әрекеттенгенімен ойға алғанын орындай алмайды.
Қорыта айтқанда, «Қыз Жібек» – қазақ ғашықтық жырларының тамаша үлгісі.