Қазан патшайымы - Сүйімбике
Сүйімбике үлкен Ноғай Орда әкімі Жүсіптің қызы екені белгілі. Әкесі Сүйімбикені Мәскеудің ұлы князі III Василий таққа отырғызған 17 жасар Жан-Әлиге 1533 жылы күйеуге береді. Жастар жақсы жарасқанымен, бұл неке есеппен ойластырылған болатын. Ноғай сарайындағы орыс елшісі Д.Губиннің айтуынша, Сүйімбике әкесіне Яналей патшаның сүймейтіндігін айтып шағымданып тұрса керек. Жүсіп қорланғанмен, не істей алар еді? Сол Губиннің мәліметтері бойынша, Жан-Әлиді тақтан түсіру үшін ноғай патшасы қазандықтарды айдап салып отырды. 1535 жылы қазандық ақсүйектер ханды тақтан түсіріп, Ескі-Қазан қаласына жер аударып жіберді, осы жылы ол өз өлімінен бе, әлде біреулердің қолынан ба қаза тапты. Сүйімбике жесір қалады. Оны не күтіп тұрды?
"Қазан мемлекетінің тарихы очерктерінің" авторы Михаил Худяков былай деп жазады: "Хан әйелдері өз күйеулерінің ауыртпалығына ортақтасып, олар шетелге - Ресейге немесе Ноғай даласына, сондай-ақ басқа жерге тұтқынға қудаланғанда бірге еріп барған. Хан-күйеулері қайтыс болған соң, оларды ағалары жєне мирасқорлары әйелдікке алған... Сол уақытта ханымдар басынан жан түршігерлік қайғы кешкендіктері белгілі."
Сүйімбикенің бағы ашылды. 1524-1531 жылдары Жан-Әлиге дейін таққа отырған Қазаның келесі ханы Сафа-Гирейге күйеуге шығады. Кезінде қазандықтар оны тақтан түсірген екен. Енді Жан-Әлидің хандығы да, әйелі де оған берілді. Сақталған мәліметтер бойынша Сүйімбике оны қатты жақсы көрсе керек. Ол ержүрек және жігерлі адам, батыл саяси қайраткер болған. Мәскеу княздығына қарсы бірнеше жорықтар жасап, түрлі саяси партияларды табыстырған. "Қазан шежіресінің" мәліметтері бойынша Сүйімбике Сафа-Гирейдің тек әйелі ғана емес, сонымен қатар серіктесі, пікірлесі болған. 1546 жылы халық көтерілісінен кейін, хан қайтадан Қазаннан қуылып, қырымдық және ноғайлық әскерлердің көмегімен қайта оралған. 1548 жылы Сафа-Гирей дүние салады. Ол моншада болған сәтсіз оқиғаның нәтижесінде оқыстан қайтыс болды. Сүйімбике сүйікті күйеуінің қазасын ұзақ жоқтады. Оның жалғыз жұбанышы екі жасар ұлы Өтеміс-Гирей еді. Сафа-Гирейдің өлімінен кейін Қазан хандығына ұлы мирасқор болып, ал шешесі 1549 жылы регент болады. Сафа-Гирейдің көзі тірісінде Қазанға қырымдық татарлары аз келтірілген жоқ, тіпті хан әскерлерінің өзі қырым татарларынан тұрды. Сүйімбике басшылықты қырымдықтардан құрды, оны қырым жаршысы Қошақ (Кощак) басқарды. Кейбір зеттеушілер бұл мәліметтің шындығына күмәнданады.
Сүйімбике Қазан хандығын ең қиын қыстау кезінде басқарды: Мәскеу князі жас IV Иван Қазан хандығын құртпақ болды. Татар феодалдарының ықпалды "Мәскеулік партиясы" оны қолдады. Сүйімбике оның қарсыласы болды. Мәскеу регенттің жас ханмен көшіп келуінің талап етті. Сүйімбике ұлымен бірге хандық астанасын тастап кеткеніне қатты қапаланды. Ол Сафа-Гиреймен оның моласының басында қоштасады. Оның айтқан жоқтауы, Қазанның орыс күзетшілерінің айдауымен кеткені татар фольклоры мен өнерінде сақталған.
Ол Мәскеуде Кремльдің патша сарайында тұрды, оны орыс патшасы қорғады. Бірақ ол тұтқында еді. Бір жарым жылдан соң IV Иван Сүйімбикені ұлынан ажыратып алып, Шах-Әлиге күйеуге береді. Өмірінің соңғы жылдарын ол Касимовте өткізді.
Сүйімбикені Шах-Әлиге күйеуге беру 1550 жылдан орыс билеушілерінің ойында болатын. 1552 жылдың ақпан айында-ақ ноғай басқарушысы Жүсіпке олардың бұл ниеті белгілі болатын. Осы жылдың мамыр айында Жүсіп қызы мен немересін босатпақ болғанда, орыс билеушілері "қызыңды Шигалей патшаға беріп, сені қуантпақпыз", - деп тыйып тастаған болатын.
Бұл неке саяси есеппен жасалып отыр, Сүйімбикені қалайда Қазан тағына отырғызбаудың амалын қарастырды. Оны қол астындағы касимдік ханға беріп, бұл мәселені оңай шешуге болатын болды.
Туыстары ноғай князі қызының Касимовтағы тұрмысы туралы естіп үрейленді. Шах-Әли Сүйімбикені әбден өлімші етіп қинап, мұрнын кескен. Мазасызданған Жүсіп осы мәселе жөнінде орыс патшасына хат жазады. Ақыр соңында патша ноғай елшілерін Касимовке жіберіп, Сүйімбикенің аман-саулығына көз жеткізіп келулеріне рұқсат береді. Дегенмен, жел соқпаса шөптің басы қозғалмас. Ұлынан алыстап кеткен бұрынғы Қазан патшайымның әр күні қайғырумен өтті, ол туыстарымен де қатынаса алмады. "Қазанның өткені мен бүгіні" атты кітабында Пинегин былай деп жазды: "Жұрттың қауесеті өмірінде қайғыны бастан кешкен әдемі әйелдің поэтикалық бейнесін жасады".
Сүйінбикенің қашан қайтыс болғаны белгісіз. Энциклопедияларда "1554 жылдан кейін" деп жазады. Дегенмен, халық аузында мынадай бір аңыз бар: Қазандағы IV Иван әскерлері басып алмақ болғанда, жаудың қолына түспес үшін Сүйімбике мұнарадан құлап өлген екен. Сондықтан, мұнара соның есімімен аталып кетсе керек. Кейбір ғалымдар "Сүйімбике мұнарасын" Қазан басып алған соң, орыс сәулетшілері шамамен XVII ғасырдың екінші жартысы XVIII ғасырдың басында салған дегенді айтады. "Сүйімбике" мұнарасының биіктігі 58 метр шамасында. Касимовте татар сәулетінің бірегей ескерткіші - Шах-Әли кесенесі "Шах-Али-хана текия" сақталған. Зерттеушілер қабір басында атаусыз тас тапқан. Мүмкін осында Қазан патшайымының сүйегі жатқан болар.
Сүйімбике татарлардың ұлттық санасында бірегей, ешкімге ұқсамайтын ерекше тұлға. Дегенмен, XVIII-XX ғғ. әдебиетінде оны кіммен салыстырмады десеңізші - даланың қаһарлы шабандоз әйелімен де, ұлы еуропалық басқарушы Мария Стюартпен де, Англия Елизаветтасымен де, Изабелла Кастильскаямен де, Мысырлық Клеопатрамен де, Түрік сұлтандарының Роксолано сияқты арбағыш гаремімен де... Әдебиетте сентиментализм романтизмге көшіп, соңғысының орнын әшкерелеуші реализм басты, кейін символизм пайда болып, оны "таптық ықпал" ығыстырды, кейіннен постмодернизм үстемдік етті. Халық түсінігінде Сүйімбике әдемі де, ақылды, қайғы-қасіретті әйел бейнесінде қалды. өйткені, оны қиын тағдыр қажыта алмады. Ол халқын қан төгістен қорғап, көтеріліске шақырмастан, өзі тұтқынға кете барды. Халықтың ойынша, құрбандық - әйелдің ең жоғарғы адамгершілік қасиеті. Халық оның бойынан адамгершілікпен қоса қайырымдылық, даналық сияқты жақсы қасиеттерді көре білген.
“Ғасырлар бойы халық арасында Сүйімбике туралы алтын аңыз құсша самғап жүрсе керек”. Бұл қазандық ақын Николай Беляевтың өлең жолдарынан алынған. Никитина Баки Урманченің ағаш мүсінінен шабыт алып мынадай өлең жолдарын жазды: “Глаза опущены, сокрыты веками, звук плача губы таят века...”
Аты аңызға айналған Сүйімбике халық арасында тазалық пен адалдықтың белгісі болып қала береді.
Достарыңызбен бөлісу: |