ТАРАУ ІІ. 2000-2021 ЖЫЛДАР АРАЛЫҒЫНДА АҒЫЛШЫН ТІЛІНЕН ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ЖАСАЛҒАН АУДАРМАЛАРҒА ШОЛУ
2.1 2000-2021 жылдар аралығында ағылшын тілінен қазақ тіліне жасалған аудармалар сапасы
Аударма адамның өмірін байытады, өйткені ол тілдік кедергіге қарамастан қарым-қатынас жасау және ақпарат беру мүмкіндігін береді. Мысалы, адамзат тарихында дін мен білім осы уақытқа дейін дәлме-дәл аудармалар арқылы жеткізіліп отыр. Әрбір кітап, оқулық немесе зерттеулер белгілі бір тілде жазылған. Тіпті, әр адам белгілі бір тілде ойлайды. Бүгінгі бізде бар жалпы білімнің көпшілігі аудармалар арқылы біріктірілді.
Тарих пен саясат күнделікті өмірден алшақ, бірақ аударманың бізге тікелей қатысы бар. Аударма ақпаратты қолжетімді етеді және адамдарды біріктіреді. Мысалы, шетелдік фильмдер мен сериалдар көбінесе субтитрмен немесе дубляжбен аудармасы экранға шығады. Сондай-ақ, көптеген шығармалардың дүние жүзіне танылуына әдебиет аудармасы ықпал етті. Бір оқиғаны көру немесе оқу арқылы дүние жүзіндегі адамдар басқа мәдениеттерден білім алып, өз тәжірибелерімен бөлісуде.
Осындай әсерге интернет арқылы қол жеткізіледі, ол жерде қызығушылықтары ортақ адамдар сөйлесіп, біліммен алмаса алады. Алдыңғы ұрпаққа қарағанда, біз бүгін көбірек тілде оқып, сөйлей алатын болсақ, көбінесе белгілі бір тіл қажет. Бұл құбылысты Интернетте ғана байқауға болады, өйткені әртүрлі әлеуметтік және басқа онлайн қызметтерінің танымалдылығы олардың әртүрлі тілдердегі қолжетімділігіне тікелей байланысты.
Аударманың болмауы да, болуы да біздің өмірімізге әсер етеді. Қазіргі таңда басқа тілдерге жат, суреттеу арқылы ғана жеткізілетін кірме сөздер де жеткілікті. Түпнұсқа тіл сөздігімен салыстырғанда бұл сөздердің жазылуы немесе айтылуы айтарлықтай ерекшелікке ие. Осындай айтылуы да, жазылуы да қиын сөздер, жергілікті тілдің сөздерімен мүлдем ұйқаса алмайды. Мұндайда аударманың жоқтығы өмірімізді қиындатады [13, 41-45 б.].
Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан басқа да мемлекеттермен тығыз байланыс жасай бастады. Мемлекетаралық байланыс, әрине, аударма арқылы жүзеге артады. Сол кезден бері аударма жанры ресми іскерліктен алуан түрлі жанрларға бет алды. Еліміздегі аударма ісінің сапасы соңғы жылдары айтарлықтай дамуда. Оған дәлел әлемдік бестселлер-дің өз бояуын жоғалтпай, оқырмандардың көңілінен үлкен әсер алуында, сондай-ақ, алуан түрлі фильмдердің, анимациялық мультфильмдердің қазақ тілінде кәсіби түрде сайрауында. Сол сияқты мысалдар жетерлік. «Болашақ» қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі Бауыржан Байбек атап өткендей, шетелдік фильмдерді бюджеттен тыс қаражат есебінен ана тілімізге аудару – болашақ түлектері іске асырған әлемдегі бірден бір жеке бастама. 2011 жылдан бері жобаға 22 демеуші компания қолдау көрсетті, ал барлық 38 фильмді аударып, дубляждаудың жалпы соммасы 1,5 млрд теңгеден асып түсті.
2000-2021 жылдар аралығында аударма ісі елімізде айтарлықтай дамыды. Соңғы жылдары кәсіпқой академиялық және көркем аудармашылардың ортасы құрылды. Өзіндік жұмыс технологиясы, стилі, терминологиясы бар жаңа аударма мектебі дүниеге келді. Осы мектептің мүшелерінің барлығы кәсіби тұрғыда шыңдалып, аудармашы ғана емес, ұстаз, ғалым, зиялы орта өкілі ретінде жаңа қырынан танылуда, олар XXI ғасырдағы қазақ интеллигенциясының алдыңғы тобына айналды. Сонымен қатар, «Ұлттық аударма бюросы» әлемнің ең беделді, әрі танымал ғылыми орталықтарымен байланыс орнатты, әлемнің алдыңғы сапты оқу орындарының бағдарламалары зерттеліп, қолданыстағы ең үздік деген оқулықтарға қол жеткізу мақсатында Гарвард, Кембридж және Оксфорд университеттерінің баспалары, “Sengage”, “Pearson”, “McMillan”, “Penguin” және басқа да ірі халықаралық баспа үйлерімен қоян-қолтық жұмыс жасалғанын да тілге тиек ету керек.
«2011 жылы біздің «Өзіңнен баста» деп аталатын жобамызды еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолдады. Нәтижесінде, 10 жыл ішінде балалар үшін қазақ тілінде 70 сағаттан астам сапалы контент жасалды», - деді Бауыржан Байбек. Оның айтуынша, болашақтықтардың бастамасы «Nur Otan» партясының қолдауымен жалғасын тауып, мемлекеттік тілде сапалы мультимедиалық контент жасау жөніндегі ұлттық саясаттың бір бөлігіне айналады.
«Барша ұлт өкілдерінің өзіндік болмыс-бітімін сақтай отырып, қазақ тілін, мәдениет пен дәстүрді дамыту «Nur Otan» партиясының стратегиялық басымдығы болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Жол картасы аясында «Кинематография туралы» Заңға өзгерістер енгізу жоспарланған. Кинотеатрларда қазақ тіліндегі контентті көруге теңдей мүмкіндік беру мақсатында жыл сайын кемінде 15 анимациялық фильм мен отбасылық тамашалауға арналған фильмнің дубляжын қамтамасыз етуге мемлекеттік қолдау көрсету көзделіп отыр, – деді ол. Осы жылдар аралығында болашақтықтардың жобасы арқасында қазақ тілі «Walt Disney» компаниясының тарихында 39-шы және екінші түркі тілі болғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ, қазақ тілі Шығыс Еуропа мен ТМД елдері үшін шығарылатын голливудтық фильмдердің Blu-Ray-де көруге болатын негізгі 7 тілінің қатарына қосылды. Жобаның арқасында 100-ден астам қазақстандық актер бүгінде «Walt Disney Pictures»-тің дыбыстық базасында тұр, ал шығармашылық және техникалық мамандықтар саласының 203 өкілі «Walt Disney Pictures» студиясының стандарттары бойынша оқудан өтті. 2016 жылдың 26 желтоқсаны мен 2017 жылдың 6 қаңтары аралығында Ұлттық арнада мемлекеттік тілдегі ең үздік Disney мультфильмдері көрсетіледі. «Қазақстан» РТРК» АҚ мен «Walt Disney Company» студиясы мультфильмдер көрсету бойынша эксклюзивті келісімге келді. Қазақстандық көрермендер Диснеймен бірге жаңа жылдық мерекелер циклі аясында 13 мультфильм көреді. Алты мультфильм мемлекеттік тілде көрсетіледі. «Үйректер хикаясы» («Duck tales»), «Күлшеқыз-2» («Cinderella-2»), «Күлшеқыз-3» («Cinderella-3»), «Бэмби» («Bambi»), «Ханшайым София» («Sofia The Best»), «Мұзды өлке» («Frozen») қазақ тілінде сөйлейді. Бұл мультфильмдер «Қазақстан» ТРК» АҚ дубляж студиясында аударылып, дыбысталды. Ағылшын тілінен тікелей аударма жасайтын Қабшықбай Нағыз анимациялық фильмдерді аудару өте қызық болғанымен, қиындықтары да барын айтады: Тілді әдемі, бояулы, нақты ету аудармашыдан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Тіл байлығын сарп етсе, аударма түпнұсқадағыдай әдемі, көркем, табиғи болады. Көркем аудармамен салыстырғанда бұл жерде мәселе бар. Өйткені дәлдік, дәлдік керек. Әрбір сөз шектеулі және ауызды қозғалтуға қабілетті болуы керек. Екінші жағынан, қиындықтар бар. Әсіресе мультфильмде ән айтқан кезде аздап ойлану керек. Сондай-ақ бұл күндері біз «Рататуй» («Ratatouille»), «Ханшайым мен бақа» (The Princes and the frog), «Тастағы семсер» (The sword in the stone), «Көкке» (Up), «Немо» (Finding Nemo), «Батыл жүрек» (Brave), Малефисента (Maleficent) мультфильмдерімен қуантты. «Қазақстан» РТРК» АҚ талғамы жоғары Дисней фильмдерін шығарады. Соның нәтижесінде сапасы өте жоғары, әр кейіпкер қазақша сөйлейтін сияқты, саундтрек кезінде балалармен жұмыс істейтін жалғыз студия осы. Рита Әбішева – дубляж режиссері: Дауысты таңдағанда адам мен кейіпкердің мінез-құлқы мен жасына үлкен мән беремін. Мен тіпті олардың ұқсастығын іздеймін. Дыбыс - үлкен жұмыс. Өйткені, біз ондаған әртістерді мәтіннен бір кейіпкерді дыбыстауды үйретуге тырысамыз. Төрт-бес дауысты таңдап, Диснейге жібереміз. Олар да белгілі бір адамды дауыстардың келісімін байқағаннан кейін ғана бекітеді. Осылайша біз Диснеймен тығыз жұмыс жасаймыз. Дегенмен, біздің жұмыс көзге қызық. «ТРК Қазақстан» АҚ мен «Уолт Дисней» компаниясы 2012 жылдан бері ынтымақтастықта. Осы аралықта 100-ден астам отбасылық көркем фильм, 138 балалар ойын сериалы, 828 мультфильм, 16 көркем фильм қазақ тіліне аударылып, дубляждалған. Әлемдік үздік туындылардың қазақ тілінде орындалуының арқасында қазақ аудиториясы қалыптасады. Бүгінде қазақ дубляж саласы қарқынды дамып, аударма сапасы да артып келеді. Жұртшылықты баурап алатын қазақ аудармалардың қатары әлемдік қойылымдардың арқасында жыл өткен сайын арта бермек. Осыдан-ақ, ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылған кез келген жұмыстар сапасы өте жоғары деңгейде айтуға болады.
Еліміздегі білім берудің мазмұны мен әдістемесін жаңарту аясында Пирсонның «Оқыту теориясы», «Цифрлық педагогика: 21 ғасырдағы оқыту дизайны», «Бастауыш мектеп мұғалімі», «Рефлексивті оқыту» оқулықтары шығарылуда. Сонымен қатар, білім беру және басқа да әлеуметтік ғылымдар саласындағы зерттеудің сандық және сапалық әдістері, зерттеулерге қажетті статистика негіздері, әлеуметтік жұмыс тәжірибесі бойынша оқулықтар аударылып, академиялық айналымға енгізілді.
Сонымен бірге, медиа саласына бұқаралық ақпарат құралдары этикасы, заманауи журналистика, дәстүрлі және жаңа медиаға арналған жазу бойынша оқулықтар кіреді. Заң ғылымы саласында ағылшын құқығына сәйкес азаматтық сот ісі, сот жүйесі, медиация және арбитраж, шарттық ережелер, сонымен қатар 3 томдық «Зияткерлік меншік құқығы», Малькольм Шоудың 2 томдық «Халықаралық құқығы» аударылды.
Сонымен қатар, саясаттану бойынша бірқатар оқулықтар мазмұндық және идеялық бейтараптық қағидаттары негізінде іріктеліп алынды. Оларға саяси философия, заманауи дипломатия, мемлекеттік саясат және Эндрю Хейвудтың «Саясаттану ғылымдары» жатады.
«Ғылыми терминдер мен түсініктерге сүйене отырып, аударылған 100 оқулықтың ішінде 4 жаңа сөздік құрастырылды. Олар: Оксфордпен бірлесіп шығарылған «Әлеуметті ғылымдар сөздігі», «Экономикалық сөздік», «Қазақ тілінің кірме сөздерінің сөздігі» және 500 мың сөз бен сөз тіркесін қамтитын үлкен «Ағылшынша-қазақша және қазақша-ағылшынша Оксфорд сөздігі». Жаңа оқулықтарды университет оқытушылары мен студенттері жақсы қабылдап, ғылыми ортада оң бағасын алған. Бюроға келіп түскен хаттарды, баспасөзде, әлеуметтік желілерде жарияланған мыңдаған пікірлерді қорытындылай келе, ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылған оқулықтардың:
- Біріншіден, еліміздегі гуманитарлық білім мазмұнын бірден жаңартып, оның әрі қарай халықаралық деңгейге көтерілуіне жол ашты;
- Екіншіден, қазіргі қазақ тіліндегі ғылыми стиль мен академиялық терминологияны қалыпқа келтіру жеделдеді;
– Үшіншіден, төл тілден, оның ішінде ағылшын тілінен тікелей аударма мектебінің қалыптасып, нығаюына берік негіз қалады.
Әлемнің үздік университеттерінің бағдарламасына енгізілген ғылыми әдебиеттер мен академиялық бестселлерлер қазақ тіліне аударылды. Олар қазірдің өзінде ондаған тілдерге аударылып, дамыған қоғамдарда миллиондаған көшірмелермен таратылды. Ал қазір елімізде білім алып жатқан жарты миллион қазақстандық студент Кембридж, Оксфорд, Гарвард университеттерінің үздік оқулықтары бойынша қазақ тілінде білім алуда. Мұндай бағдарлама әлемнің ешбір елінде жоқ екенін ғалымдар мақтана айтуда.
Ұлттық комиссия төрағасының айтуынша, оның ауқымы неғұрлым кең болса, мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігі де соғұрлым жоғары болады.
«Сондықтан бұл жоба бірінші күннен-ақ қоғамның назарында, мемлекеттің бақылауында болды. Аударма сапасы мен мазмұны жағынан да, жұмысты ұйымдастыру тұрғысынан да жоба жұртшылық пен тиісті мемлекеттік органдардың оң бағасын алды. Сондықтан Ұлттық аударма агенттігі өз миссиясын лайықты деңгейде атқарды деп айтуға әбден болады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әрбір аударылған оқулық еліміздегі жалпы таралымы 10 000 данамен 132 оқу орнына тегін жеткізілген. Оқулықтардың электронды нұсқалары «Қазақстанның ашық университеті» порталында (www.openU.kz) бар және интернетте еркін қолжетімді.
Сондай-ақ, аударылған оқулықтар негізінде қазақ және орыс тілдеріндегі 200 онлайн курс, барлығы 5 мыңнан астам мультимедиялық бейне-дәрістер әзірленіп, Қазақстанның ашық университеті порталына (www.openU.kz) жүктелді. Курстарды дайындауға еліміздің үздік университеттерінің оқытушылары мен профессорлары қатысты.
Балалар әдебиеті – балалардың психофизиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып жасаған авторлардың шығармалар топтамасы. Балаларға арналған шығармаларда балалардың қызығушылықтары ескерілуі керек. Балалар әдебиетін аудару барысында аудармашылар бірқатар қиындықтармен бетпе-бет келеді. Бір жағынан , аудармашының міндеті – шығарманың мәні мен идеясын дәл беру. Ал, екінші жағынан, аудармашы дәлме-дәл аудармадан да аулақ болуға тиіс [14, 272 б.]. Шет тілді оқырман аудармашының өзіндік жеткізу стилін елестете алу үшін аударма түпнұсқадағы ұлттық колоритті жеткізе білу керек.
Түптеп келе айтарым балалар әдебиеті – бала дүниетанымын қалыптастыратын негіз. Оның көмегімен ұлттық бейне, ұлттық ерекшеліктер қалыптасып, ұлттық менталитеттің негізі қаланады. Шынымен-ақ, қоғамға өз септігін тигізетін, адамгершілігі мен мінезі жақсы және дүниетанымы толыққанды қалыптасқан, жанұясы, отаны, халқының болашағы үшін жаны ашитын, көзі ашық ұрпақ өсіруде балалар әдебиетінің атқаратын жұмысы орасан [15, 163 б.].
Льюис Кэрролдың «Алиса ғажайыптар елінде» - бүкіл әлемдегі балалар да, ересектер де ықыласпен қайталап оқитын ең сүйікті ертегілердің бірі. Бірақ сонымен бірге басқа тілдерге аудару қиын шығармалардың бірі. Автор тек британдықтарға ғана түсінікті метафораларды, сілтемелер мен сөз тіркестерін көп қолданады, танымал балалар рифмалары мен мәдени ерекшеліктерді де пайдаланады. Шығармада филологиялық нәзіктіктер, реңктер, тілдік юмор өте көп. Аудармашының алдында ең қиын міндет тұр: осы сан алуан мағыналарды жеткізу және оны қазақ тілді оқырманға түсінікті ету. Льюис Кэрролдың «Алиса ғажайыптар елінде» ертегісінде ерекше назар аударатын нысан – оларда өзіндік «кейіпкер» ретінде көрінетін тілдің өзі. Кэрролдың шығармаларында сөз ойыны негізінен стильдің табиғатын анықтайды, ал жазушы үнемі сөзбен ойнайды, бұл оның жұмысын аударудың ең қиындарының біріне айналдырады, өйткені онда көптеген тапқырлықтар мен сөз тіркестері бар. Ең көп тараған және аударуға қиын сөз тіркесінің түрі паронимдерді қолдануға негізделген.
Түпнұсқа мәтіндердің бірін сөз тіркесі мен оның аудармасымен салыстырайық: And here Alice began to get rather sleepy, and went on saying to herself, in a dreamy sort of way, “Do cats eat bats? Do cats eat bats?” and sometimes, “Do bats eat cats?” for, you see, as she couldn’t answer either question, it didn’t much matter which way she put it …
Осы жерде Алиса көздерінің жұмылып бара жатқанын сезді. Ол ұйқылы ояу: — Мысықтар жарғанаттарды жей ме? Жарғанаттар мысықтарды жей ме?,- деп сандырақтап тұрды. Алиса не бірінші, не екінші сұрақтың жауабын білмегендіктен, не айтақанына мән бермеді. Ол өзінің қалғып бара жатқанын сезді. Бұл,әрине, сөзбе-сөз аударма. Ал орыс тілінде "cats-bats" тіркесін, "кошки-мошки" деп аударған.
Англиялық атақты жазушы Джоан Роулиңтің сиқыршылар әлемі жайлы романдар желісі қазақ тілінде жарық көрді. Енді оқырмандар «Harry Potter» романын қазақ тілінде оқи алады. Алғашқы кітапты аудармашылар "Хәрри Поттер мен пәлсапа тас" деп тәржімалаған. Кітапты қазақ тіліне басып шығару құқығы Steppe & World Publishing баспасына берілген. Қазақшаға тәржімаланған кітаптың мұқабасы желіде жарық көргеннен кейін көптеген желі қолданушылары бас кейіпкерді "Хәрри", авторды "Роулиң" деп жазғанын сынады.
Осы іске жауапты аудармашылар тобы: «Хәрри Поттердің аты өзгертілген жоқ. Ағылшын тілінде қалай естілсе, солай жазылған. Ағылшынның "Н" әрпін "Г" деп аудару орыс тілінің фонетикалық заңдылығы болып табылады. Сол заңдылықпен Гарри деп айтылған. Ағылшын тілінде Гарри деген ат бар, бірақ ол Garry деп жазылады. Ағылшындар Harry-ді "Хәрри" деп атайды, қазақ тілінің фонетикалық заңдылығы бізге солай жазуға мүмкіндік береді. Бұл аударма кездейсоқ емес, аудармашылар тобының ақылдаса келе шығарған шешіміне сәйкес. Иә, тосын естіледі. Ағылшын мен қазақ тілінде фонетикалық кедергі жоқ. Сондықтан қазақ тілінде ағылшындар айтатын секілді "Хәри" және "Роулиң" деп жазуға мүмкіндігіміз бар» - екенін айтады..
"Хәрри Поттерді" қазақ тілінде сөйлетуге үш аудармашы атсалысқан. Олар кітапты ағылшын тілінен алты айға жуық уақытта аударған. Аудармашылар – Динара Мәзен, Саят Мұхамедияр және Нәркез Берікқызы. Роман қазақша мұқабасының аудармасы оқырмандардың пікірін екі жаққа бөлді. Бірі бұл аударманы қате десе, екіншілері ағылшын тіліне сәйкес дұрыс аударылғанын айтып қолдау білдіруде. Соған қарамастан, кітап аудармасы көпшіліктің оң көзқарасына ие болуда.
Достарыңызбен бөлісу: |