Сөздікке қазақ тілі сөздік құрамындағы сөздердің бәрі түгел енген жоқ, жазылуы бірқыдыру қиын деген сөздер енді. Қазақ тіліне орыс тілі арқылы енген сөздердің де барлығы бірдей енбей, олардың ішінде жазылуы күрделілеу ең жиі қолданылатындары және қазақ тілі қосымшалары жалғанғанда, жазылуы қиын соғатындары берілді. Мысалы: абстракт (абстрактіге, абстрактісі), альманах (альманахы), принцип (принципі),калий (калийге, калийі),полюс (полюске) т.б. Идиома, фраза тәрізді тұрақты сөз тіркестерін кейде бөлек, кейде қосып, кейде дефис арқылы жазу қаупінен сақтандыру үшін, көбінесе, екі сөзден құралғандары реестр етіп сөздікке енгізілді: боз өкпе, жез таңдай, нар тәуекел, ақ ниетті, қара ниетті т.б. Қос сөздер сөзтізбеде (реестрде) берілді. Жазылуы қиындау сирек қолданылатын кейбір көне сөздер сөздіктен орын алды. Оларға жақша ішіне “көне” деген белгі қойылып, кейбіреулеріне түсініктеме берілді: ағасұлтан(көне; термин), айдауыл(көне; конвой),басқақ (көне);бірауыз (көне; мылтық),қаратаяқ(көне; интеллигент),сияз(көне) т.б. Авиа, авто, кино, аэро... сияқты сөздермен келетін күрделі тұлғалардың көбінесе қазақ сөздерімен келетіндері берілді де, жақша ішінде орыс немесе қазақ сөздерінің осы компоненттер қосылуы арқылы жасалатын өзге түрлерінің де бірігіп жазылатындығы ескертілді. Бір өсімдіктің, аңның, жәндіктің, аурудың екі-үш түрлі атауы бары белгілі. Әр түрлі мақсатпен олардың барлығының да жазба әдебиетте қолданылатындығынан бұл жарыспа сөздердің көпшілігі сөздіктен орын алды. Мысалы, тышқан тұқымдас бір ғана аңның үш аты бар: аламан//атжалман//алақоржын. Бұл үш сөздің үшеуі де өз орындарында берілді. Екі түбірден құралған термин сөздердің басым көпшілігінің бірігіп жазылатындығын ескеру үшін бірқатар сөздердің тұсына жақша ішіне сол терминнің “иесі” болып тұрған ғылым саласының аты немесе “термин” деген белгі көрсетілді: қуысмүйізділер(термин),алауыздық(термин), алғышарт (термин), атсайыс (спорт термині) т.б. Әр түрлі айтылып және түрліше жазылып жүрген сөздердің дұрыс емес түрі жақша ішіне алынып, “емес” деген сөзбен берілді: маңдай (маңлай емес),айнала(айлана емес). Мұндай ескертулер өткен басылымдарға қарағанда, едәуір азайды, өйткені көптеген сөздердің жарыспалы тұлғалары екшеліп, олардың бір вариантының жазылуы соңғы ширек ғасыр ішінде орнықты деуге болады. Реестрдегі сөзбен көбінесе тіркесе айтылатын екінші сөз жақша ішінде берілді: ат шаптырым (жер), әбілет (басқыр), әлден (бастап), дақ (түсу), далап (жағу) т.б. Бұлар реестр сөздің жалғасы іспетті сол шрифтімен терілді. Мағынасы түсініксіздеу деген сөздің тұсына жақша ішіне әр түрлі жолмен түсіндірмесі берілді. Ол түсіндірмелер: 1) сол заттың жалпы атын көрсету арқылы берілді. Мысалы: ақиық (құс),ақшелек(індет),бұзаубас(қкұрт),аюқұлақ (өсім.) т.т.; 2) кейбір сөздер синонимі арқылы түсіндірілді: қайтіп(қалай), әнтек (сәл),әсел(бал); 3) бірен-саран создердің түсіндірмесі орыс тіліндегі баламасы немесе ғылыми термині арқылы берілді: Ақшақар(Снегурочка), қылтүтік(капилляр), көлтабан(лимон); 4) тбірқатар сөздердің бөлек не бірге жазылу себебін таныту үшін немесе мағыналарын ажырату үшін, оның қай сөз табына жататындығы жақша ішінде көрсетідді: ауру (зат е.),ауыру (етістік),дағы (шылау),гөрі (шылау),моһ-моһ(одағай) т.т. Сөз таптарының аталулы қысқартылып берілді. Ол қысқартулардың тізімі кітап соңында. Сөзді тәуелдегенде соңғы буынындағы ы, і әріптерінің түсіріліП немесе түсірілмей жазылатындығы сол сөздердің ІІІ жақта тәуелдеулі түрін жалғастыра беру арқылы көрсетілді: ауыл, аулы; ауыз, аузы; орын, орны; халық, халқы; көрік, көркі (“ажар” мағынасын да), парық, парқы.Бұл сөздерде, демек, тәуелдегенде ы, і әріптері жазылмайды, ал бауыр, бауыры; дәуір, дәуірі; иық, иығы; иіи, иіиі; көрік, көрігі (ұстаның көрігі) деп көрсету бойынша бұл әріптер түсірілмейді.