Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық униврситеті әлеуметтік-гуманитарлық факультеті



бет19/30
Дата15.03.2023
өлшемі134,33 Kb.
#74467
түріСабақ
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   30
Байланысты:
Дәріс институт

Әдет-ғұрып - бұл топтық іс-әрекеттің үйреншікті, қалыпты ең ыңғайлы және жеткілікті кең таралған әдістері. Адамдардың жаңа ұрпақтары қоғамның үйреншікті әдістерін жартылай санасыз түрде еліктеу арқылы, жартылай саналы түрде оқыту арқылы қабылдайды. Әр адам бала кезінен көптеген көне мәдени элементтердің қоршауында болады. Ол үнемі көз алдында осы ережелерді көргендіктен, өзі үшін ең дұрыс және ең қолайлы болып қала береді. Бала өсіп-өніп, үлкейген соң, олардың пайда болуы туралы ойланбастан, оған өзінен-өзі белгіленген құбылыс ретінде қарайды. Мысалы, амандасу үшін ол дағдылы түрде оң қолын созады, бірақ бір кездері мұндай ым жәй амандасуға қарағанда үлкен мән, дәлірек айтсақ, қолда қару жоқ екендігін білдірген. Қоғамда әдет-ғұрыптар саны өте көп. Жабайы қоғамның өзінде де бірнеше мыңдаған әдет-ғұрыптар болған, ал қазіргі индустриалды қоғамда олардың саны көбейе түсуде [10].
Салт-дәстүр - бұл мұраттар мен құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жазбаша немесе ауызша түрде тасымалдау, жеткізу, қолдау және сақтау процесі. Салт-дәстүр адам мәдениетінің барлық салаларын қамтиды. Салт-дәстүрсіз адамзат тарихында ешқандай мәдениет өмір сүре алмайтынымен қоса, онсыз кез келген адамдар қауымдастығының өмір сүруін көз алдымызға елестету мүмкін емес, ал салт-дәстүр - бұл мәдениет және өркениет қоғамы онсыз өмір сүре алмайтын жалпы рухани негіз. Бір сөзбен айтқанда, салт-дәстүр - жеке адамның, топтың, халықтың және адамзаттың мәдени ұқсастығы мен тарихи зердесінің құрамында болатын құндылықтар, нормалар, идеялар, әдет-ғұрыптар жиынтығы. Қазіргі әлеуметтану еңбектерінде салт-дәстүрді жайлап үйрену мен ұзаққа созылған қандай да бір қоғамдық талаптар ғана емес, сонымен бірге адамның өмір сүруіне қажетті жағдайларға негізделуі деп қарастырады. Сол себептен салт-дәстүрдегі қажеттілік бір уақытта босататын, жаншитын, адамдар жүрегіне жол салатын маңызды қажеттілік болып табылады. Әлеуметтану анықтамалары қатарында, сонымен бірге салт-дәстүрді әмбебап мәдениет құбылысы ретінде қарастыратын мағыналар да бар [11].
Салт-дәстүр барлық әлеуметтік жүйелерде қызмет етеді және олардың өмір саласындағы қажетті жағдай болып табылады. Салт-дәстүрге немқұрайды қатынас қоғам мен мәдениет дамуындағы мирасқорлықтың бұзылуына, адамзаттың құндылықтық жетістіктерінің жоғалуына алып келеді. Салт-дәстүрге соқыр сеніммен бас ию қоғамдық өмірде кертартпалық пен тоқырау туғызады.
Мәдениет әр түрлі деңгейдегі қоғамдық өзара байланыста қандай да бір нақтылы нысанда қызмет атқарады. Мәдениет болмысының бұл нақтылы нысанын көрсету үшін әлеуметтануда субмәдениет түсінігі қолданылады. Субмәдениет - бұл көбінесе оларды алып жүретіндердің ойлауы мен өмір стилін анықтайтын, өздерінің кешендерімен, әдет-ғұрыптарымен, нормаларымен ерекшеленетін автономды тұтастай білім.
Әлеуметтануда субмәдениеттің пайда болуы қоғамдық субмәдени және мәдени қажеттіліктеріне жағымды жауап ретінде (кәсіби мәдениет) және қоғамда үстемдік етуші мәдениет пен әлеуметтік құрылымдарға жағымсыз әсер ретінде (деликвентті субмәдениет, яғни қоғамның қылмыстық топтар мәдениеті) қарастырылады. Ұлттық, дінаралық, кәсіби субмәдениеттерді, ұйымдар мен әлеуметтік топтар, т.б. субмәдениетін атап көрсетуге болады. Субмәдениеттің қалып-тасуының әлеуметтік базасы жасы үлкен-кішілі топтар, әлеуметтік топтар, ірі бейресми бірлестіктер болып табылады. Субмәдениет түсінігі әлеуметтік топтар қатарын мамандандыру, урбанизациялау әсерінен болатын мәдениеттің бірігу мен жіктеу процестерін және мәдени салт-дәстүрден ұзап кетуге әкелетін әлеуметтік икемділіктің күшею процестерін зерттеп-білуге көмектеседі.
Әлеуметтанудың маңызды мәселесі басқа мәдениетті адамдардың бағалануы. Адамдар көбінесе өздерінің мәдениеті тұрғысынан басқа мәдениеттерді бағалауға бейім. Мұндай ұстаным этноцентризм деп аталады. Этноцентризм қандай да бір деңгейде барлық қоғамға тән, керек десеңіз артта қалған елдердің өзі бір нәрседе өзінің қалғандардан артықшылығын сезінеді. Этноцентризм сияқты қиын мәдени құбылыстың жағымды сәттері этноцентризмнің нақтылы айқын көрінісі бар топтар басқа мәдениетке және субмәдениетке толығымен шыдамды топтарға қарағанда өмір сүруге аса дәрменді болып келетіндігінен көрінеді. Этноцентризм топтарды шоғырландырады, оның әл-ауқаты үшін құрбан болу мен азаптануды ақтайды; онсыз отан сүйгіштіктің пайда болуы мүмкін емес. Этноцентризм - ұлттық сана-сезімнің, керек десеңіз әдеттегі топтық адалдықтың пайда болуының қажетті жағдайлары. Әрине, этноцентризмнің жағымсыз пайда болулары да мүмкін, мысалы, ұлтшылдық, басқа қоғам мәдениетіне теріс қарау. Бірақ этноцентризм көп жағдайларда төзімді нысандарда пайда болады. Біз этноцентризм құбылы-сымен күнде кезігеміз, жынысы, жасы бойынша басқа аймақтардың, басқа ұйымдардың өкілдерімен салыстырғанда және әлеуметтік топ өкілдерінің әлеуметтік үлгілеріндегі айырмашылық болғанда, барлық жағдайда адамдармен жиі ұшырасамыз.
Этноцентризмге мәдениетті релятивизм қарсы тұрады. Оның негізгі тұжырымы мынада: егер ниеттер мен құндылықтар өздерінің жеке меншік мәдениетінің әлеміне ұқсамайтын болса, бір әлеуметтік топтың мүшелері басқа топтардың ниеттері мен құндылықтарын түсіне алмайды. Басқа мәдениетті түсіну үшін оның нақтылы белгілерін, дамуының ерекшеліктерін және оқиғаларын байла-ныстыру керек. Әрбір мәдени элемент өзі бір бөлігі болып табылатын мәдениеттің ерекшеліктерімен ара қатынаста болу қажет. Бұл элементтің құндылығы мен мәні тек қана қандай да бір мәдениеттің астарында қаралуы мүмкін. Мәдени релятивизмге сәйкес жеке мәдени жүйенің нақтылы элементтері дұрыс және жалпылама қабылданған болып табылады, өйткені олар өздерін дәл осы жүйеде жақсы көрсетті; ал басқалары дұрыс емес және қажетсіз деп саналады, өйткені оларды қолдану осы қоғамда немесе осы әлеуметтік топта ауру мен жанжалды салдарды туғызар еді. Қоғамда мәдениетті қабылдау мен дамытудың ең тиімді жолы - этноцентризм мен белгілердің және мәдени релятивизмнің сәйкес келуі, жеке адам өзінің тобының немесе қоғамының мәдениеті үшін мақтаныш сезімін сезіне отырып және осы мәдениеттің негізгі үлгілеріне жолын қуушылық ойын айта отырып, сол уақытта басқа әлеуметтік топтардың өмір сүруге құқы бар екенін мойындай отырып, сол топтар мүшелерінің мінез-құлқын, мәдениетін түсінуге қабілетті.
Мәдениет қоғам өмірінде маңызды рөл атқарады, ол ең алдымен адамзат тәжірибесін сақтаудан және жеткізуден құралады. Бұл рөл бірнеше қызметтер арқылы іске асырылады:
1) мәдениеттің білім беру тәрбиелік қызметі. Жеке адам әлеуметтенуінің арқасында тұлға, қоғам мүшесі, адам болып қалыптасады, яғни барлық адамзаттың және өзінің әлеуметтік тобының, өзінің халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, нормаларын, құндылықтарын, рәміздерін, тілдерін, білімдерін игереді. Тұлғаның мәдени деңгейі оның әлеуметтенуінен - мәдени мұраға араласуынан, сонымен қатар жеке-дара қажеттіліктерінің даму дәрежесінен көрінеді. Тұлғаның мәдениеті әдетте дамыған шығармашылық қабілеттерімен, эрудициясымен, өнер туындысын түсінуімен, ана тілі мен шет тілін жетік меңгеруімен, ұқыптылықпен, сыпайылықпен, жоғары өнегелілікпен ұштастырылады;
2) мәдениеттің интегративтік және дезинтегративтік қызметі. Э.Дюркгейм өз зерттеулерінде осы қызметке ерекше көңіл бөледі. Э.Дюркгейм бойынша, мәдениетті игеру адамдарда – қандай да бір қауымдастық мүшелерінде, қауымдық сезімін, бір ұлтқа, халыққа, дінге, топқа жату сезімін қалыптастырады. Осылайша мәдениет адамдарды шоғырландырады, қауымдастықтың тұтастығын қамтамасыз етіп, біріктіреді. Осы үлкен қоғамдастықтар мен қауымдастықтар ішінде мәдени жанжалдар пайда болуы мүмкін. Осылайша мәдениет дезинтеграциялану қызметін атқарады;
3) мәдениеттің реттеуші қызметі. Әлеуметтендіру процесі барысында құндылықтар, мұраттар, нормалар мен мінез-құлық үлгілері тұлғаның сана-сезімінің бөлшегіне айналады. Олар адамдардың мінез-құлықтарын реттейді және қалыптастырады. Мәдениет адам әрекет жасай алатын шеңберді анықтайды деуге болады. Мәдениет адамның отбасындағы, мектептегі, өндірістегі, күнделікті тіршіліктегі мінез-құлқын реттейді, өйткені ол тыйым салу мен ережелер жүйесін қамтиды. Бұл тыйым салу мен ережелерді бұзу қоғамдастықтармен бекітілген және институционалды мәжбүрлеудің әр түрлі нысаны мен қоғамдық пікір күштерінен қолдау алатын қандай да бір санкциялардың әрекет етуіне алып келеді.
Мәдениет дамуындағы ең маңызды сәттердің бірі - мәдениет үлгілерінің таралуы. Француз мәдениет зерттеушісі А.Моль осы процесс жолында пайда болатын мәдени үлгілер мен бөгеттердің таралуының әр түрлі кезеңдерін анықтауға болатын қазіргі қоғамда мәдениетті таратудың әмбебап үлгісін өңдеп шығарды [12]. А.Мольдың үлгісі бойынша, мәдени үлгілерді таратудың кез келгені шығармашылық тұлғаның іс-әрекетінен басталады, олардың әрқайсысы өздерінің ақылды іс-әрекетінің, экспериментінің бұрынғы тәжірибелері негізінде кейбір әлеуметтік топтарда қолдану үшін өзінің сапасы бойынша жарамды өнім жасайды. Жаңа мәдени үлгіні көрсеткен кіші топта ол алғаш рет бағаланады. Ондай жағдайда, егер үлгі кіші топ мүшелерін қанағаттандырса, онда ол қабылданады және ол микроортада мәдени үлгінің алғашқы таратылуы болып саналады. Осында мәдениет нормалары мен құндылықтардың таратылуы аяқталады. Қандай да бір отбасына немесе шағын жұмысшылар ұжымдарына тән және үлкен әлеуметтік жиынтықтарға таралмайтын нормаларды жиі байқауға болады.
Мәдениет үлгісінің әрі қарай таралуы үшін, біріншіден, үлкен топтар мен қоғамдар шегінде құндылықтары мен мәні болу керек, екіншіден, бұқаралық ақпараттар құралдары көмегімен үлкен аудиторияға жеткізілуі және көбейтілуі керек. Бұқаралық ақпарат құралдары әлеуметтік құндылықтарды қалың қауымға немесе макроортаға дейін жеткізеді. Алайда бұқаралық ақпараттар көмегімен таралған идеяларды бұқаралық мәдениеттің бір бөлігі деуге болмайды. Біз күнде үлкен аумақта ақпараттар аламыз, бірақ одан игеру үшін аз ғана бөлігін аламыз. Егер де жаңа мәдени норма немесе құндылық кең аудиториямен, микроортамен мәдениеттің пайдалы, қажетті бөлігі ретінде қабылданатын болса, егер де ол қазіргі қоғамның басқа мәдениет үлгілерімен таласта төтеп бере алса, онда ол осының бөлігі болып қалыптасады. Әрі қарай қолдану барысында мәдени үлгі адамдармен игеріледі, тұлғаның жеке-дара мәдениетіне ажырамас бөлік ретінде енеді, процесс қайталана береді.
Мәдениеттің икемділігі, оның қоршаған ортаға бейімделу және өзгеру қабілеті көбінесе мәдени үлгілердің негізін құратын жаңа идеялардың айналу жылдамдығына байланысты.

ДІН ӘЛЕУМЕТТІК ИНСТИТУТ РЕТІНДЕ

Дін әлеуметтануының қалыптасуы мен дамуы


Ғылымда діннің мәні қалай бағаланып, қалай түсіндірілгенімен, әлеуметтану қоғамның дінге әсер ету жәйтін мойындамай тұра алмайды, жоқ дегенде теологияға қарағанда ол діннің мазмұнының және оны ұйымдастыру нысандарының өзгерісін табиғи, эмпирикалық белгіленіп отыратын күштердің, бірінші кезекте әлеуметтік күштер әрекетінің нәтижесі ретінде түсінеді. Бұл дінді психология, философия немесе тарих қалай көріп, бейнелейтінінен ерекшеленеді.
Дін әлеуметтану тұрғысынан талдаудың нәтижесінде ең алдымен әлеуметтік феномен ретінде алға шығады. Дінді ғылыми анықтаудың қарапайым және ең кең тараған әдісі ол индуктивті әдіске негізделеді: мүмкіндігінше қарастырылып отырған құбылысқа қатысы бар фактілердің бәрін жинап, оларды салыстыра отырып, зерттеліп отырған феноменді сипаттаушы ретінде ұқсас жақтарын, қайталанып отыратындарын, ортақ қасиеттерін бөліп қарастырады. Сонымен бірге әлеуметтану олар соншалықты әр түрлі болғанымен, барлық діндерге тән қандай да бір ортақ қасиеттерін анықтау мүмкін емес екендігін көреді. Айталық, мысалы, мұсылман және христиан діни дүниетанымдарына тән дүниенің бөгде және о дүние болып екіге бөлінуі буддизм немесе индуизм дінінде жоқ.
Қандай да бір дінде адамдардың ғажайыпқа негізделген қоғамдастықтарға ұйымдасуы еш анықтамаға келмейтін жағдайлар көп кездесетін басқа да мысалдар бар. Әлеуметтанушылар мен басқалар арасында да діннің шіркеу, құдай, діни сенім сияқты жекелеген элементтерін анықтау кезінде үлкен пікірлестік байқалса, бірақ сонымен қатар діннің өзін тікелей анықтауда үлкен келіспеушіліктер байқалады. Діндер түрлі қоғамдарда немесе әр түрлі тарихи кезеңдерде бірдей қызмет етіп отыр ма деген сұраққа әзірге сенімді жауап жоқ. Ал егер олай болса, онда оны қандай да бір ортақ анықтамаға әкеп тіреуге болатын феномен ретіндегі дін жайлы түсініктердің өзі сенімсіздік тудырады. Әлеуметтану беретін немесе беруі мүмкін діннің анықтамасын жеткілікті және мейлінше толық деп қарастырмау керек. Өйткені дін әлеуметтік аспектімен - қоғаммен өзара әрекеттесу процестерімен, сондай-ақ дінді зерттеудегі әлеуметтанушылық әдістер шеңберімен шектелген сұрақтар тұйықталмайды.
Дін әлеуметтануының ғылыми пән ретінде қалыптасуы көбінесе еуропалық қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық және мәдени процестерге байланысты. Бұл сұрақтарды шешуге елеулі талпыныстардың бірін О.Конт (1798-1857) жасады. Ол әлеуметтік өмірді зерттеуге жаратылыстану ғылымдары қолданып жүрген индуктивті әдісті қолдануды ұсынды. Діннің рөлі және әлеуметтік тәртіптің негізінде не нәрсе жатыр деген сұраққа О.Конт “тарихтың үш сатысы жайлы заңында” жауап берді. Бірінші саты – діни немесе “теологиялық жағдай”, онда адам санасында дәлелсіз ойға негізделген оқиғалар, субъективтік негізсіздіктер үстемдік етеді. Екіншісі – философиялық, “метафизикалық жағдай”, онда абстракция, дөрекі дерексіздік шынайылық ретінде қабылданады. Үшінші - позитивті, онда ғылымның көмегімен қолда бар жағдайларға дұрыс баға беруге қол жеткізіледі. Осы үш “сана жағдайының” әрбірі бүкіл әлеуметтік ұйымдасудың негізін құрайды. Дін және позитивті білім, ғылым арасындағы жанжалдың міндетті түрде болатындығын мойындай отырып, сонымен бірге оның дами түсуі діннің құлдырауына және міндетті түрде оның өліміне алып келеді дей отырып, Конт әлеуметтік байланыстардың ыдырау қаупін болжады. Ақырында Конт әлеуметтік байланыстардың рухани тірегі ретінде “екінші теологиялық синтез” керек деген қорытындыға келіп, адамзаттың бірыңғай ортақ “ұлы тірі жан” культі, барлық өмір сүргендердің, өмірден өткендердің және болашақ ұрпақтардың үлкен әлеуметтік организмі ретінде “позитивті дінді” жасады.
К.Маркс (1818-1883) дінді қоғаммен өзара байланыста қарастырды, бірақ оның түсінігінде ол екі дербес өмір сүретін шаманың өзара әрекеттесуі болған жоқ. Маркс, шын мәнінде алғаш рет дін өзінің табиғатымен әлеуметтік феномен болатынын көрсетті. Ол қоғамдық байланыстар, қатынастар жүйесіне енгізілген және оның түп-тамыры әлеуметтік құрылымдарда. Діннің түсіндірмесін содан іздеу керек. Жаратылыстан тыс, қасиет туралы көзқарастар осындай негізде пайда болды: дін аспан есебінен емес, жердің есебінен өмір сүреді.
Дінді әлеуметтік феномен ретінде түсіну оны қоғам өмірінде әбден шынайы функциялар орындайды, белгілі бір қажеттіліктерді қанағаттандырады деп түсінуді білдіреді. Маркс осылайша дінді зерттеудегі функционалдық әдістің негізін қалап кетті. Бірақ Маркс көзқарасының айрықша ерекшелігін дінді тарихи табиғатында мәңгілік емес, ауыспалы әлеуметтік жағдайлардың - олардың негізін басқаның еңбегін иемдену жүйесі, әлеуметтік теңсіздік жүйесі құрайтын жағдайлардың туындысы ретінде сендіру құрайды, яғни біреулердің бостандығы екіншілердің құлдығын білдіреді; қоғамның таптарға бөлінуі, әлеуметтік антогонизмдер, таптық күрес осыдан келіп шығады. Маркстің пікірі бойынша, дін - идеология, ол оның ең ежелгі, тарихи алғашқы нысаны. Оның әлеуметтік қызметі - идеологиялық қызмет: ол оны ақтайды немесе сонысымен қолда бар тәртіптерді заңдастырады немесе оларды сынайды, оларға өмір сүру құқығын беруден бас тартады. Ол қоғамдық дамудың тежеушісі ретінде қызмет атқара отырып, әлеуметтік конформизмді сіңіруі мүмкін немесе әлеуметтік наразылықты ынталандыруы мүмкін. К.Маркстің діннің шарасыз өлуі немесе оның жеңіске жеткен жұмысшылар табы тарапынан жойылуы жайлы айтарлықтай қатаң түрдегі қорытындысы осыдан шығады. Көріп отырғанымыздай, олай болған жоқ және болып жатқан да жоқ, оған қоса Конт айтқандай, олардың діннің дәл сол әлеуметтік қызметтерін иелену арқылы діни идеологияның басқа жүйелермен ауыстырылуы болып жатыр.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында еуропалық қоғамда діннің жағдайы айтарлықтай өзгере бастады. Индустриаландыруға және урбанизациялануға байланысты күшейе түскен әлеуметтік жіктеліс процестері қоғамды біріктіруші факторлар жайындағы мәселені күрделі түрде қойды. Мұндай фактор ретінде діннің жағымды рөлі жайында әлеуметтік қатынастарды, өрлеу, тұрақтылық пен тәртіпті жете түсінуге әрекет жасаған ғалымдар айта бастады. Француз ойшылы Э.Дюркгеймнің (1858-1917) көзқарасы тұрғысынан, дін қоғамның ынтымақтастығы мен оның тұтастығы үшін маңызды әлеуметтік қажеттілікке жауап береді. Діннің шығу көзі - қоғамның өзі. Ол дінді қасиетті немесе қарапайымнан бөлінген тыйым салынған заттарға қатысты сенімдер мен нанымдардың тұтас жүйесі ретінде анықтайды. Олар артынан ерушілердің барлығын шіркеу деп аталатын моральдық қауымдастыққа біріктіреді. Ол әлеуметтік сезімді оятады, ұжымдық көзқарастарды қалыптастырады. Дінде адамдарға тән жай заттарды құдай деп тану қасиеті жүзеге асады, оларға қасиетті мән беріледі, соның арқасында олар қоғамды тұтас ортаға топтастыру қызметін атқара алатын болады. Олар салт-жоралық әрекеттердің, құрметтеудің, ізгілік көрсетудің ерекше объектісіне айналады. Олар сол әлеуметтік топтың нышаны ретінде қасиетті, оларда өмір және оның құрамына кіретін адамдар әл-ауқатының жақсаруы іске асырылады.
Әлеуметтік өмір өзінің табиғатынан ұжымдық болып келеді. Сондықтан сенушілердің оларды “жоғары күшпен” байланыстарын біріктіруші толғаныстары, адамның туылуында, өлімінде қолданылатын салт-жоралық әрекеттер, бірігіп жасалатын ырымдар бірігу және ынтымақтастық сезімдерін нығайтады. Осылайша дін басқалардан өзінің қасиетті объектіге бағыттылығымен ерекшеленетін айрықша әлеуметтік әрекет болады. Бірақ сенімнің қасиетті объектісін құрметтеу - ол шындығында өз “әлеуметін” құрметтеу, оның мықтылығы - топтың ұйымдасып өмір сүруі жалғасуының кепілі, бұл оның әрбіреуінің және барлығының үстінен талассыз билігін мойындау. Сонымен діннің шығу көзі - адамдардың өмір сүруінің әлеуметтік тәсілі.
Э.Дюркгейм шындығында әлеуметтік және діниді теңдестіре отырып, дінге кеңейтілген түсіндірме береді. Алайда қазіргі қоғамда дүниені ғылыми түсіндірумен байланысты жаңа мифтер мен нышандар пайда болды. Сондықтан ол діннің рөлі мен әсерін нақтылы тарихи тұрғыдан бағалау талаптарын қояды. Әлеуметтіктің дінимен бірлігінің ажырау өзгерісі болып жатыр, мұнда саяси, экономикалық және ғылыми қызметтер діни қызметтерден біртіндеп босанады және ол бірте-бірте айқын көрінген зайырлы сипатқа ие болады. Сонымен, қоғам өмірінің бүкіл саласының діннің әсерінен құтылуының үздіксіз процесі бар екендігі мойындалады. Солай бола тұра, Э.Дюркгеймнің пайымдауындағы бір нәрсе – бұл процестің дамуы діншілдіктің аяқталуын білдірмейді. Оның ойынша, дін К.Маркске қарағанда, мәңгі өмір сүреді. Қоғамның бірлігі мен жеке-даралығын айқындаушы ұжымдық сезімдер мен идеяларды үнемі тірілтіп, нығайту қажеттілігін бастан кешірмеген қоғам өмір сүруі мүмкін емес. Ол бұл процестің нәтижесінде діннің және құдайдың орнына “адамгершілік дінінің” келетініне сенді.
Дюркгейммен қатар, неміс ғалымы М.Вебер (1864-1920) дін әлеуметтануының негізін салушы болып саналады. Ол әлеуметтануды әлеуметтікке айналатын әлеуметтік мінез-құлық жөніндегі ғылым деп қарастырды. Егер ол мәнге ие болса, онда олардың белгілі бір мінез-құлқын күтуге бағыт ұстанған басқа адамдардың мінез-құлқымен саналы түрде субъективті ара қатынаста болады, осыған сәйкес қандай да бір өзінің әрекеттерінің табысты болу мүмкіндігін субъективті бағалаумен өз жалғасын табады дейді.
Әлеуметтану пәнінің осындай жалпы тұжырымдамасына сәйкес М.Вебер дінді зерттеуге әлеуметтанушылық ыңғайдың ерекшелігін қалыптастырады. М.Вебер тұрғысынан әлеуметтанушы теолог пен философқа қарағанда, діннің шығу көзі жайлы мәселеге араласпау керек және діннің қандай да бір метафизикалық “мәніне” мән бермей, оның өмір сүру жағдайын қарастыруды немесе проблеманы сену объектісінің шынайылығымен, құдай болмысы, т.б. жөніндегі мәселелерді шешумен алмастыру керек. Басқаша айтқанда, дін әлеуметтанушы үшін тек адамдардың әлеуметтік мінез-құлқы дәлелденуінің ерекше түрі ретінде ғана қызық болады. Сонымен, М.Вебер бойынша, әлеуметтану діннің шынайылығы мен жалғандығы, оның шығу көздері жайындағы мәселені қозғамай, көзқарастардың діни идеялармен ынталандырушы әсерін зерттеумен, олардың қоғамдық өмірге әсерін анықтаумен шектелуі керек. Бұл ХІХ ғасырдың соңында ұсынылған маңызды ережелер, бұрын көбіне дінді атеистік дүниетанымдық үгіт шеңберінде сынау үшін эмпирикалық материал жасаумен айналысуға үйреніп қалған қазіргі заманғы әлеуметтанушылар үшін айрықша өзекті болып отыр.
Дін әлеуметтануының пәніне мұндай баға беру – діннің әлеуметтік қызметін Вебер бойынша түсіндіруге негізделеді. М.Вебер дінді мәдени жүйенің белгілерін сәйкестендіретін әлеуметтік-мәдени институт ретінде қарастырды, яғни білім саласын, нышандарды және жеке адам мен қоғамның құндылықтарын анықтайды және сонымен бірге ол өзінше әлеуметтік институт ретінде қызмет атқарады.
М.Вебер дінді құндылықтардың бастапқы негізі ретінде көрсетеді және осы тұрғыда ол әлеуметтік әрекетке мән берудің ең маңызды амалдардың бірі болып табылады, оның мағынасы мен мақсаттарын анықтайды. Осыдан келіп діни нұсқаулардың негізінде адам өмірінде болып жатқан оқиғалардың бәрі өз тарапынан өмірлік маңызды немесе маңызды емес болып жіктелінеді. Дүниеге діни түсіндірме беру – ондағы бағыт ұстануды және мінез-құлықты реттеу құралы болып табылады. Дін дүниенің белгілі бір бейнесін суреттейді және сонымен қатар құндылықтар мен нормалардың жүйесін ұсынады және соларға сәйкес бір әрекеттерге тыйым салынады, екіншілерге рұқсат етіледі. Сонысымен ол адамның мінез-құлқының моральдық нормаларын құрады.
Вебердің дін әлеуметтануының тағы бір маңызды бөлігі - “шіркеу мен секта” арақатынасын қарастыруға саятын діни ұйымдар түрлерін зерттеу.
Діни әлеуметтанудың негізін қалаушылар қатарына Б.Мали-новский де (1884-1942) жатқызылуы тиіс. Дінтанушылар Дж.Фрэзер және оның соңынан Л.Леви-Брюльдің есептеуінше адамның дамуының ертеректегі сатысында оның санасы пралогиялық сипатта болды және сиқырлық (магия) хабарсыздық пен надандыққа негізделеді, одан көмек сұраған адамның талпынысын сәтсіздікке ұшыратады. Сиқырлық пен діннің айырмашылығын көрсете отырып, Б.Малиновский дін адамның әлеуметтік табиғатына негізделеді, ол сиқырлықты өлімге ұшыратып, оның орнын басады деп санады. Ол адамдар шындығында да олардың әрекеті өзіне бағынышты болған жерлерде - өзінің бау-бақшасында, балық аулауда кәдімгідей ұтымды ойлайтынын көрсетті. Сиқырлық іс-әрекет тәуелділік пен анықсыздық элементі жоғары болған кезде өз күшіне енеді. Сиқырлықтың адамның өмірі мен әрекетіне айтарлықтай мықты әсері бар, өйткені олар толығымен еш уақытта адамның билігінде болмайды және ол ешқандай есептеуге келмейді. Сиқырлықтың қандай да бір қоғамда әсер ету көлемінің деңгейі сол қоғамдағы табиғи және әлеуметтік процестерге бақылау орнатуға қол жеткізу деңгейіне байланысты болады. Малиновский сиқырлықтың таза функционалдық түсінігін ұсынады. Ол Фрэзер сияқты оның дінмен ұқсастығын, екі жағдайда да әңгіме ойдағы нәтижеге тексеруге келмейтін құралдар көмегімен қол жеткізу жөнінде болып отырғанын көреді.
Дінге және мәдениетке жалпы фунционалдық көзқарасқа сәйкес, өркениеттің әрбір түрінде әрбір әдет-ғұрып, идея, сенім-нанымдар бірқатар өмірлік қызмет атқарады. Оның ішінде ең бастысы - қоғамдық тәртіптің тұрақтылығын сақтау. Малиновскиймен келісер болсақ, сиқырдың қызметі адамға бағынбайтын үмітсіз жағдайды, үрей-қорқынышты жеңуге үміттенуге көмектесіп, қиыншылықтардан өте білуінен тұрады. Функционализм тұрғысынан дін сол сияқты рөл атқарады: ол Дюркгеймдегі секілді қоғамның бірігу факторы болып табылады.
Жоғарыда келтірілген дін әлеуметтануының негізін салғандардың еңбектері оның кейінгі барлық дамуын, зерттеудің негізгі бағыттарын, проблематикасын, әдіснамасын анықтады. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында дін әлеуметтануы жеке пән ретінде қалыптасты. Әлеуметтану дінді қоғамға қатынасында қарастырады, оның қоғамдық өмірді ұйымдастырумен байланысы тұрғысынан талдайды. Бұл байланыс екі жақты болады. Қоғамның дінге әсер етуі қалай бағаланып, түсіндірілмесін, әлеуметтану мұндай әсер ету фактісін мойындамай тұра алмайды. Діннің әлеуметтік тәртіптің құрылуындағы, оны ұстап тұру мен өзгерісіндегі, тұлғаның іс-әрекетінің қалыптасуындағы рөліне баға беру мен түсіндіру әр түрлі болуы мүмкін, алайда діннің қоғамда қызмет етуі әлеуметтану тұрғысынан талдаудың басты пәнін құрайды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   30




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет