ІІІ саты - жалпы орта білім беру. (11-12- сыныптар - бейіндік мектеп). Оқыту ұзақтығы - 2 жыл.
Орта жалпы білім берудің негізгі міндеті – оқушының саналы түрде кәсіби және азаматтық өзін-өзі анықтауына мүмкіндік туғызатын негізгі құзыреттіліктерді игеруін, сондай-ақ жеке білім алу қажеттілігін қанағаттандыруды қамтамасыз етеді.
Оқушының бейімділіктері мен қабілеттерін есепке ала отырып, білім беру траекториясын барынша даралау мақсатында бейіндік оқыту енгізіледі.
Бейіндік оқыту жаратылыстану-математика, әлеуметтік- гуманитарлық, технологиялық бағыттары бойынша жүзеге асырылады
БІЛІМ БЕРУ НӘТИЖЕЛЕРІ
Білім, білік, дағдылардың, қалыптасқан негізгі құзыреттіліктердің, әлеуметтік дағдылардың негізінде тұлғаның алдына қойған мақсаттарына жету үшін ішкі және сыртқы ресурстарын тиімді пайдалануға дайындығынан көрінетін құзырет - білім берудің негізгі нәтижесі болып табылады.
Осы стандартта реттелген білім, білік, дағдылар, сондай-ақ негізгі құзыреттіліктер түріндегі білім беру нәтижелері, әлеуметтену нәтижелері жалпы білім беретін пәндер мен оқу-әдістемелік қолдау бойынша білім беру және оқу бағдарламаларының мазмұны арқылы қалыптасады
Тұлғаны әлеуметтендіру
Жалпы орта білім беретін мектеп – мектеп жасындағы жеке тұлғаны әлеуметтендіру процесін реттеу мен әлеуметтік рөлдерін игеруге ықпал ететін барлық қажетті жағдайлардың барлығын орындап отыратын әлеуметтендіру институты. Әлеуметтендіру идеяларын іске асыру бiртұтас педагогикалық процесте оқу және оқудан тыс уақытты толыққанды пайдалануды, сондай-ақ отбасымен, қосымша білім беру ұйымдарымен тығыз ынтымақтастықты талап етеді.
Оқушыларды әлеуметтендіру нәтижесі мынадай жетістіктерде байқалады:
бастауыш мектепті бітіруші:
- адам, азамат, елжанды, ұжымшыл деген түсініктердің мәні туралы көзқарасының болуы;
- Қазақстанның барлық халықтарының бірлігінің мәнін, әлемде бейбітшілікті сақтауды, ұлтаралық қатынаста төзімділік танытуды түсінуі;
- Қазақстан Республикасында тұратын қазақ және басқа да халықтардың мәдени құндылықтарын түсінуі;
- «қоғамдық субъекті» ретінде жаңа әлеуметтік мәнді рөлін (оқушы, сыныптас, ұжым мүшесі және т.б.) игеруі;
- балалар ұжымындағы мінез-құлықтың этикалық нормаларын білуі, балалар қоғамдастығында тұлғааралық қатынастардың негізі ретінде берік достық байланыс орнатуы және ондағы жағымды әлеуметтік мәртебені бекітуге талпынуы;
- еңбектің рөлі мен кәсіптер әлеміне біртіндеп енудің қажеттіліктерін түсінуі;
- экологиялық білімді меңгеруі және табиғатты жалпыадамзаттық құндылық ретінде сезінуі;
- жеке гигиенаның дағдылары мен денсаулық сақтаудың негіздерін меңгеруі;
- баламалы өзін-өзі бағалау, өзін-өзі реттеу және өзін-өзі түсіну негіздерін сезінуі;