екен. Атымды ажыратып, қайтып келіп, терген тезегімді алайын десем, пыр–пыр етіп, ұшып кетті. Тезек
деп тергенім ылғи бөдене екен. Онан кейін алдап ұстап алған қоянымды сойып, етін бір бөлек, майын бір
бөлек қылып, майын күйдірмекші болдым. Майын күйдірейін десем, тақсыр-ай, адамның соры қайнап
кетсе, бүтін қазанға май тұрмайды екен ғой. Бүтін қазаннан май ағып кететін болған соң бір жыртық қазан
тауып алып, соған қоянның бар майын ерітіп алдым. Қоянның семіздігі сонша екен, бір түйенің қарны,
бір қойдың қарны, бір тышқан қарны лық толды. Онан кейін ер еңбегіне бір тойсын дегендей, қоянның
аяғын асып жемек болғанымда, денемде басым жоқ екендігін жылқы суғарғанда [білдім], суат ойған
жерде басым ұмыт қала берген екен. Дереу барып, басымды тауып алып, қоянның етін тойғанымша жеп,
баяғы үш қарын маймен етігімді майлайын десем, бар майым бір етігімнің бір жұлығына ғана жетті.
Екінші етігіме май жетпей қалды. Мұнан кейін біраз ұйықтап, дем алмақшы болдым. Мұздан төсек,
қардан көрпе қылып, ыстық күнде жатып, ұйықтап кеткен екенмін, бір нәрселердің тарсылынан оянып
кетсем, екі етігім ал кеп төбелесіп жатқан екен, май жетпей қалғаны майланғаныменен қызғаншақтық
қылып, ұрыс–керіс болып, екеуі қанша жаман сөздерге барып, ақыры, төбелеске айналған екеуін екі
етігіме арашашы болып, жанжалдарын басып, екеуін екі жағыма қойып, тағы да ұйықтап қалдым. Біраз
мезгілден кейін ұйқым қанып, түрегелсем, май жақпаған етігім өкпелеп, мені тастап, араздасып, қашып
кеткен екен. Онан екі аяғымды қалған жалғыз етігіме тығып алып, қашып кеткен етігімнің ізіне түсіп,
іздеп, жүріп кеттім. Бірнеше күндер жол жүріп, өгіздің жаурынына қауын егіп отырған бір қарт кісінің
үстінен шықтым. Ол кісіге сұрау салып жоғымды сұрап, біраз ғана дем алдым. Қауын еккен қария:
– Балам, арып–ашып шаршап келе жатыр екенсің, міне, бір қауынды сойып же, – деп, бір қауын кептіріп
берді. «Бісмілдә» деп, қауынға жанымдағы кездігімді салып жібергенде кездігімнің басы қауынның ішіне
түсіп кетіп, сабы қолымда қалды. Бұл пышақ жеті атамнан қалып келе жатқан пышақ еді, мұнан
айрылғаным болмайды деп, пышақтың түскен жерінен қауынның ішіне өзім де түсіп кеттім. Бұрын жоғым
– жалғыз етік еді, енді пышақпен екеу болды. Бірнеше күн қауынның [ішінде] кезіп жүріп, ішін[д]е неше
сулардан өтіп, неше тауларға кез болып жүргенде қолында бір құрығы бар атты адам жолықты. Бір–
бірімізден жол сұрасып тұрғанда мәлім болды, әлгі атты адам бір үйір қысырақ жоғалтып, соны іздеп
жүрген екен. Біріміздің жоғымызды біріміз білмедік, ол адамнан айырылып келе жатсам, бір жерде ұлы
Email:
1001ertek@gmail.com
and WWW:
http://www.elarna.com/ertegi_kk.php
674 bet
жиын ас болып жатқан екен. Сол жиыннан жоқтарымды сұрайын деп келсем, баяғы өкпелеп, қашып
кеткен етігім табақ тартқан бозбалалардың ішінде келген көпке табақ тартып жүрген екен. Бір уақытта
маған көзі түсіп кетіп, екі қолындағы екі табақ май алып келіп, менің алдыма қоя салды да:
– Менен қызғанып, жақсы көрген етігіңе жаққан майың осы ма, же, – дегенде, тақсыр–ай, ұялғаннан
жаман болады екен. Сондағы ұялғаным есімнен кетпейді, – дегенге, хан:
– Жарайды, балам, – деп, тазшаны бас уәзірлікке алып, қызын берген екен.
Өтірік пайда да емес, һәм зиян да,
Һеш сөз жоқ өтіріксіз бұл заманда
Өтірік ылғи айту жарамайды,
Болады айтса егер анда–санда.
80. ЖҮЗ АУЫЗ ӨТІРІК АЙТҚАН ТАЗША
Баяғыда бір хан болыпты. Ханның сұлу қызы бар екен. «Кімде-кім жүз ауыз өтірік айтса, қызымды
беремін», – деп, хан жар салыпты. Талаптының бәрі де өтірік айтамын деп, одан-бұдан құрап айтса, не
дәмін келтіре алмай, не жүзге толтыра алмай, ханға басын алдырта беріпті.
Сонда бір сиыр баққан тазша бала ханға: «Мен жүз ауыз өтірік айтамын», – деп мәлімдепті. Хан:
– Айт, – деп лұқсат қылған соң тазша бастап кетіпті.
– Болмаған бозбала күнімде, тумаған ту атамның жылқысын бақтым. Атам арнап, ұрғашы ала тайға ен
сап берді. Ала тайым ай жасап, жыл жүріп ала байтал болды. Байталымды айғырға қостым, буаз болды.
Бір күні желіні жетіп жүрген, ала бием бошалап кетіпті. Әкемнің Сары биігіне шығып, көздесем,
көрінбейді. Көк дөненіме мініп, төбеге шықсам, көрінбейді. Атым үстіне құрығымды шаншып, шығып
қарасам, көрінбейді. Құрығыма қамшымды шаншып, шығып қарасам, көрінбейді. Қамшыма пышағымды
шаншып, шығып қарасам, көрінбейді. Бізіме тебенімді шаншып, шығып қарасам, алты дарияның ары
жағында, бес дарияның бері жағында айға қарап, құлындап, күнге қарап, оттап тұр екен. Құлын биенің
белінен бұлай бір аттап, бұлай бір аттап түседі. Құрығымды қайық қылып, әлгі дариялардан, «а» дегенше
сыр етіп өте шығып, қасына жетіп бардым. Енесіне мініп, құлынды өңгеріп едім, көтере алмай, омақаса
жығылды. Құлынды мініп, енесін өңгеріп алып, алты дарияны аттатып, бес дарияның бері жағына өте
шықтым, – дегенде, хан:
– Ой, ол дария деп, дардай қып отырғаның шұқанаққа жаңбырдан іркілген шалшық-малшық-дағы, – депті.
Тазша:
– Шалшық-малшық емес екенін содан байқаңыз, бері жағынан ертемен ұшқан тұрымтай кешке аржағына
әзер шығып қонды.
Хан:
– Ой, оның тұрымтай емес, қанаты жетілмеген балапан-салапан-дағы, – [депті].
Тазша:
– Балапан-салапан емес екенін содан біліңіз, тұғырға байлағанымызда, томағасы тоғыз қанат үйдің
шаңырағынан асып тұрды.
Хан:
– Ой, оның үй емес, балалардың ойын-күркешігі де, – [депті].
Тазша:
– Күркешік-мүркешік емес екенін содан байқаңыз, есігінен өкірген өгіздің дауысы төріне естілмеді.
Хан:
– Ой, оның бір тайынша қашқанның бұзау-мұзауы да.
Тазша:
– Оның бұзау-мұзау емес екенін сонан біліңіз, бір сонарда алпыс кісі мінгесіп жүріп, кісі басы алпыс
алтыдан қоян соғып алдық.
Сонда хан:
– Ой, өгізің құрысын, бағанағы биені өңгеріп, құлынмен қайда кеттің? – депті.
Тазша:
– Дариядан өтіп келе жатсам, өспеген қоян өре қашты. Тебеніммен түйреп ұрып, инеммен екі салып,
біреуін соғып қалдым. Пісіріп жейін деп, бір етек тезек теріп әкелсем, барлығы да бөдене екен. Ұйықтап
ши түбінде жатқанда, теріп ала беріппін, теріп ала беріппін. Әкеліп төге салғанда, ұшты [да] кетті, ұшты
Email:
1001ertek@gmail.com
and WWW:
http://www.elarna.com/ertegi_kk.php
675 bet
[да] кетті. Қайта барып, шын тезек теріп әкеліп, қоянымды қақтап жеп, майын етігіме жағып, биемді бір
қазыққа байлап жатсам, ұйықтап қалыппын. Бір мезетте жау шапқандай тарс-тұрс төбелес шығады.
Шошып ояна келсем, аяқ жағыма тыққан екі етігім қызыл шеке болып, төбелесіп жатыр. Бір етігім біріне
маған су жақты, саған май жақты, – дейді. Жанжалы – осы. Ұрыстың басының былжырамадан шыққанын
білдім де, екеуін екі қойып, орны-орнына тығып қойдым. Тағы ұйықтап қалыппын. Таң қылаңда тұре
келсем, май жаққан етігім жатыр, су жаққан етігім өкпелеп, қашып кетіпті.
Шіркін, қанша ұзады дейсің деген оймен сыңар аяқ аяқтап, ізімен қуып кеттім. Бием қазыққа байлаулы
қала берді. Желе-жортып жеті күн қуыппын. Ең аяғында, етігімнің ізі шармайақ шырдың үлкеніне соғып,
адастырды да кетті. Не болса да, осы елден жөнін сұрайын деп, жақын жердегі бір ауылға келсем, шыбын-
шіркейдің ұрулы ел[і] екен. Атақты бір адамы қаза болып, қасқа шыбын сойып, ас беріп жатқан екен.
Сұрастырсам, қашқан етігім сол аста табақшы болып, табақ тартып жүр екен.
Көрінген жерден көзімді алартып едім, қорыққанынан қос табақ, сасқанынан сан табақ әкеп, тартты. Етті
жеп, етігімді екі құлағынан тартып, тебіне киіп, қайтып келе жатсам, бағанағы еттің тұзы ащы болып,
қатты шөлдеп кеткенім.
Күн ми қайнаған ыстық. Су ішейін деп, құдыққа барсам, құдықтың суы қатып қалыпты. Балталасам,
ойылмайды. Теселесем, ойылмайды. Тепкілесем, болмайды. Шекеммен ақырын ғана нұқып қалып едім,
мұз ойылып кетіп, мөлдір суы көріне кетті. Ішіп, жұтып, қанып алып, қайтып, ауылға келе жатсам,
жолдағылар:
– Жаным-ау, жарты бас қашан болғансың, шекең жартысы қайда? – деп күліседі.
Бұлар не айтады деп, сипап қарасам, шекемнің жартысы бағанағы мұз ойған құдықта қалып қойған екен.
Қайта жүгіріп келсем, шекемнің шарасына алпыс үйрек ұялап, қырық қаз жұмыртқалап қалған екен.
Барлығын үркітіп жіберіп, шекемді орнына орнатып, биеме қайтып келе жатсам, алдымнан алпыс
құмырсқа: «Ауылға жүріп, түстеніп кетіңіз», – деп, жік-жапар болып, болмағаны. Қабырғама кеңесіп едім,
үйі-түзін көре кетейік дегендей қылған соң, құмырсқаның аулына келдім. Төмендегі үйдің төрінен, тоғыз
бөлмелі үйдің көрінен орын беріп отырғызды. Үй иесі: «Мына кісіге бураның санын бұзып, қазанға сал!»
– дегеніне, – бұл шіркіндердің бурасы қайсы деп отырсам, шегірткенің сүрлеген саны екен. Алдыма әкеліп
қойғанда, қара кездікпен жамбасты қайшылай турағанымда, қайқайма табақ ет шықты. Артылғанын
асатып, қалғанын қатын-баласына беріп, қайтып келе жатсам, жанбасымнан жанжал шықты.
– Бұл не? – деп, құлағымды салсам, қыным мен пышағым күңкілдесіп, ұрысып келеді екен. Қын пышаққа:
– Ішіп-жеп аласың да, ішіме жатып аласың, – дейді. Пышақ:
– Тұмсығымды томағалап, танауымды пышылдатып, ішкен-жегенімді мұрнымнан шығарып келесің ғой,
– дейді. Ұрысы – осы. Мұртымнан мырс етіп күліп, жүре бердім. Бияда – бес күн, жаяу жалғыз баяғы бие
байлаған жерге келсем, бие байлаған қазығым шоңқайған қасқырдың мойыны екен, құлынымен қоса бір
жапырағын қалдырмай, жеп кетіпті.
Осымен тамам, жүз ауыз болды, хан-еке, – депті тазша.
Хан сонда тазшаны арқаға қағып, қызын қосыпты.
81. ҚЫРЫҚ БІР ӨТІРІК
Патшаның қызы он жетіге келген соң патша жұртқа былайша жариялайды:
– Менің өзіме құрастырып, қырық бір өтірік айтқан адамға қызымды текке берем, егер өтірікті айтқан
адам қырық бірге жеткізе алмаса, басын кесем, – деді.
Ауыл-ауылдан сөзге шешенсініп жүрген жігіттердің талайы келіп, қырық бір өтірікке жеткізе алмай,
біразының басы босқа кесіліп кетті.
Патшаның сиырларын бағып жүретін Айдар деген киқуат бар еді. Айдардың басынан күн өтіп, шыбынмен
арпалысып жүрген кезі еді. Жазғы шілденің шыжылдаған кезі еді. Айдар мына шілденің шыбынына
таланып жүріп өлгенімше патшаның барып, айт деген өтірігін айтып берейін, қызын уәдесінде тұрса,
берер, бермеген күнде осы мал бағудан құтқарар, өтірікті айта алмасам, бұл сықылды қорлықтан көрі
өлгенімнің өзі де артық қой, – дейді де, таяқты лақтырып жіберіп, ордаға қарай жүре берді.
Салып ұрып, патшаның ордасына келді. Патшаның есігіндегі жігіттерінен рұқсат сұрап, Нарунның
алдына енді.
– Ассалаймағалейкум, ханым, тақсыр, сіз қырық бір өтірікті айтқан адамға қызымды берем деген екенсіз,
сол сөзді есітіп, мен де тақымым тырысқасын келген едім, – депті.
Email:
1001ertek@gmail.com
and WWW:
http://www.elarna.com/ertegi_kk.php
676 bet
– Бірақ шартты білесің ғой, қырық бірге жеткізе алмасаң, өлтірем, – деді.
– Жеткізе алмасам, өлтіруіңе құлмын, – деді.
– Е, жарайды, айт.
– Жалғыз буаз бием бар еді. Буаз болғанына биыл жеті жыл болған еді, толғатқанына тоғыз ай болды,
құлынының басы шығып жүргеніне алты ай толды, сол бием осы бүгін түнде босанып кетіпті. Ары-бері
жүгіріп, түнде таба алмадым. Таңертеңмен тұрып, биені іздедім. Іздей-іздей, аяғым сарсылып ауырды,
кеш болған соң бір жартастың баурайына жабысқан дарақтың тамырына ындысына сегіз қанат ақ отауға
жолықтым. Отаудың ішінде бойы бір қарыс, сақалы мың қарыс бір шал мен бойы елу кез, ені де елу кез
бір қыз отыр екен. Биемді солардан сұрадым. Шал айтты:
– Мына судың ар жағына өтіп кеткен шығар, осы үйдің төбесіне шығып, қарай ғой, – деді.
– Үйдің сыртына шығып, шаңыраққа қарай секіріп едім, шаңырақтың дәл төбесіне дік етіп түстім. Былай-
былай төңірекке қарап едім, бие көрінбейді, шаңырақтың тесігінен өтіп тұрған уықтың қаламынан
ақырын ұстап, тартып едім, уық бауын салаңдатып, шаңырақтың тесігінен сопаң еткізіп, суырып алдым.
Шаңырақтың төбесіне уықты қойып, уықтың басына қалпағымды алшысынан қойып, қалпақтың үстіне
ырғып шығып, қарасам, бием судың ар жағына өтіп, туған екен. Құлыны екеуі жайылып жүрген екен.
Тағы уықтан шаңырақтың үстіне секіріп түстім. Шаңырақтың төбесінде тұрып, қаламынан ұстап,
шаңырақтың тесігінен уықты тығып жіберіп едім, бұрынғы орнына сарт етіп, тұра қалды. Сол жерде
тұрып, уық бауды керегенің басына байлап, қайтып жерге түстім. Сол күні кешкеқұрым сол үйге қонақ
болдым. Ертеңіне таңертеңмен тұрдым да, манағы көрген судың қасына барып, саныма асулы
пышағымды алдым да, пышаққа мініп, қынымды есіп-есіп жіберіп едім, атасы заты темір емес пе, суға
батып кеттім. Қайтып шығып, қынға мініп, пышағымды есіп-есіп жіберіп едім, атасы заты көн емес пе,
судың ар жағына сыр етіп, өте шықтым.
– Биемнің қасына барып қарасам, көзі шегір, өзі қасқа (төбел) ала аяқ еркек құлын туған екен. Жануардың
маңдайына тәу етіп, биемді жетелеп, манағы суға келіп, биені мініп, құлынды өңгеріп, суға биені «Шу»
деп едім, заты әйел емес пе, суға батып кеттім. Қайтып шығып, құлыныма мініп, биені өңгеріп, «Шу» деп
едім, заты еркек емес пе, судан сыр етіп, ар жағына өте шықтым.
Судан өтіп келе жатсам, қанатына оқ тиген қаз даусын есіттім. Биені міне салып, бүйрегінен жанасып,
Ора төбенің баурайына қабаттаса келіп, қолымда ешқандай құрал болмаған соң аяғымның біреуін жұлып
алып, лақтырып жіберіп едім, қаздың тірсегіне сарт етіп тиді де, аяғым Ора төбеден асып кетті.
Биемен жорта түсіп, теңкиіп жатқан қазға келіп едім, артта келе жатқан құлыным кісіней келіп, омақаса
құлап жатқан қазды көлденең тістеп алды да, ердің қасына әкеліп берді. Сосын мен қанжығама тірсегінен
тесіп, байлап алдым. Қазды салаңдатып, Ора төбеден асып кеткен аяғымды іздей бастадым. Ора төбенің
төскейіндегі құм арықтың ернеуінде жатыр екен. Аяғымды алып, орнына қондырып алдым. Сосын
қарным ашты. Төңірекке қарасам, көз үшінде туырлығы желпілдеп, маңдайшасы селкілдеп тұрған ақ
отауды көзім шалды. Отауға келіп:
– Сөйлес, – деп едім, қарны қабақтай, беті табақтай, өмірінде жарық көрмеген адам сияқты өзі қара, көзі
көк, орта бойлы, аш жүзді, зеңірейген қара кемпір:
– Сөйлей тұр, – деп, шыға келді.
– Армаңыз, малы-басың аман ба? – деп менен сұрады.
– Өзіңіздің деніңіз сау ма? – деп амандастым. Амандасып болғасын сіздің қазан-аяқтарыңызбен осы арада
кішкентай тамақ істеп алуға бола ма? – деп сұрап едім.
– Не болмасын, болады, – деп, он екі құлақты қара қазанның қасына барып, «Иә, пірім» деп, көтеріп еді,
екі құлағы жұлынып кетті. Көтеремінмен он екі құлағынан да айрылды. Соның ернеуінен өзіне икемдеп
тартып, зордан босағаға әкелді. Өзім биеден секіріп түсіп, қазанның ішіне екі аяқпен екі қасық, бірнеше
шелек су құйып, үйден оңашалау жерге барып, манағы ұрып алған қазды пісіру әрекетіне түстім. Қазанға
салып қайнатып, шамалыдан соң пісіп, даяр болды. Бір өзім қарлығып, жей алмадым. Төңірекке қарасам,
төскейді қаптап келе жатқан топ адамды көзім шалды.
Адамдар жақындаған соң қалпағымды қолыма алып, бұлғалақтап едім, барлығы маған қарай қайрылды.
Қасыма келген соң аттан түсіріп алдым да, жай-түрін сұрап едім, тойға бара жатқан адамдар екен.
Тамақтағы қаздың етін алдарына қойдым. Барлығы жеп, тауыса алмады. Олардан он екі шелек май
артылып қалды. Меймандар көп рақмет айтып, тойға қарай жүріп кетті.
Email:
1001ertek@gmail.com
and WWW:
http://www.elarna.com/ertegi_kk.php
677 bet
Қалған екі шелек маймен етігімді майлап едім, етігімнің біреуінің жұлығына дейін майладым-ау,
екіншісіне жетпей қалды. Сол уақытта намаз әсір болған екен, сол күні далада түнедім.
Түнімен аяғымдағы екі етігім бір-бірімен ұрысып жатты. Ұрыса берген соң май жетпеген етігімді шешіп
алдым да, басыма жастанып жатсам, ұйықтап қалыппын. Таң алагеуімнен тұрып, бас жағыма қарасам,
етігім бір жаққа лағып кетіп қалыпты. Төңірегімде боз қалың еді, ары-бері қарап, таба алмадым. Аңқам
кеуіп, сусап барамын, сосын төңірегіме көз салсам, ешқандай су табылатын түрі жоқ. Басымды қолыма
алып, жерге бір ұрып едім, бұрқ етіп, су шыға келді. Өзім де, құлын мен бием де суға әбден қанып алдым.
Биені мініп, аяңдап, бір жотаның басына шықтым, төңірекке көз салып едім, көз ұшында құжырлаған
адамдарды көзім шалды. Жорта түсіп, сол жерге бардым. Жиынның түрі – той болып жатқан сияқты, бір
малшыны шақырып алып, бұл қандай жиын деп сұрап едім:
– Бұл жерде Қасымқажы ұлын сүндеттетіп еді, соған жұртқа той беріп жатыр, – деп, жай-күйін түсіндіріп
айтты.
– Тойханаға барсам, жұрттың барлығы маған қарап, «Мына басы жоқ адамды қара», – деп, бір-біріне мені
көрсетіп жатыр. Басымды ұстап қарасам, басым жоқ. Манағы су ішкен жерде қалып кетіпті. Су ішкен
жерге қарай тұра шаптым, барып қарасам, басым теңкиіп жатыр екен. Алып, басымды жалғастырып
алдым.
Қайтып тойханаға барсам, етігім тойға келген адамдарға табақ тартып жүр. Көрдім де, биеден секіріп
түсіп, байладым да, бір үйге барып, отыра кеттім. Етігім мені көріп, сасқанынан сан табақ, қорыққанынан
қос табақ әкеліп, алдыма қойды. Әкелген асты жеп алып, жұрт көкпарға бара жатыр екен, мен де солармен
ілесіп, аяңдап көкбарға бардым. Жұрт шуласып:
– Асыр тақымға! Аш белінен бас! Қолың бар ма? А, тарт! Тарт! – деп, шулап жатыр екен.
– Мен де жалма-жан биенің ер-әбзелін құлынға ұрып, додаға құлынды омыраулатып, дода болып жатқан
көкбардың тірсегіне қолым тиді. Ұмтыла түсіп, жақындап едім, көкбар маған көлденең келіп, аш белінен
тақымға басып алдым. Айқайлап, аттың сауырынына сегіз өрмек қамшыны екі ұрып едім, доданы қақ
жарып, ауылға қарай ала қаштым. Артымнан шабандоздар жабыла қуды, жеткізбей-ақ келе жатыр едім,
астымдағы жануар омақаса құлап, артымдағы адамдар келіп қалды да, мені біраз қамшының астына алып,
сабап, басымның быт-шытын шығарып еді, сонан әлі басым жазылмай келеді.
Міні, тақсыр, осымен елу алты өтірік болды.
82. ҚАЙНЫМА ҚАРҒА МІНІП, ҰРЫН БАРДЫМ
Қайныма қарға мініп, ұрын бардым,
Күйеуден өзім қатар бұрын бардым.
Айғырын шегірткенің ұстап мініп,
Алдында қайын атамның қырындадым.
Жүк артып инелікке ерте көштім,
Шүйкелеп сары майдан арқан естім.
Мұртына шегірткенің ат арқандап,
Дегенде өлдім-талдым әрең шештім.
Міндім де осырақ қоңыз аяңдадым,
Бүлдіртіп аяңымен қоян алдым.
Япырым, сол қоянның семізін-ай,
Көтеріп қоңызыма қоя алмадым.
Міндім де жасыл қоңыз сона қудым,
Басынан мұнар төбе сағым будым.
Дәулеттің Құдай берген арқасында,
Қанменен көйлегімнің кірін жудым.
Үш жаста мергеншілік кесіп қылдым,
Ши оқпен мың құланды атып, қырдым,
Ауынан өрмекшінің кілем тоқып,
Ұялмай, жүз тұсақтан сатып тұрдым.
Балықтың қабыршағын отқа жақтым,
Өтірік өлең айтып, жұртқа жақтым.
Email:
1001ertek@gmail.com
and WWW:
http://www.elarna.com/ertegi_kk.php
678 bet
Бір сонам асыранды қашып кетіп,
Мекеден он жыл іздеп, азар таптым.
Ақылдан ержеткен соң болдым жарым,
Бір суыр мал дегенде қолда барым.
Қатыным тел қоянды жаздай сауып,
Түйреді сары майды екі қарын.
Беріпті бақа қызын көбелекке,
Жүріпті қара шыбын жеңгелікке.
Бір туын құмырсқаның ұстап сойып,
Той қылып, ат шаптырып төңірекке.
Міндім де осырақ қоңыз сона қудым,
Үш жұма, үш ай жүріп, қона қудым.
Қумасқа белді байлап тұрып едім,
Дегенге жеңгем жерік бола қудым.
Бай болдым, төрт түлікке тумай жатып,
Бабама қалың бердім бәрін сатып.
Білімін мал жиюдың ерте біліп,
Сондықтан кедейлікке қалдым батып.
Байлықтан ыза шектім ақырында,
Бір түйір мал болмады жақынымда.
Малымның бәрін жинап отқа жағып,
Отырмын кедейліктің тақырында.
Қамыстан жылқы ұстауға құрақ қылдым,
Жусаннан үйге тіреу сырық қылдым.
Бір талын сақалымның кесіп алып,
Көшкенде мал айдайтын шыбық қылдым.
Жиынға салтанатқа кидім құрым,
Қытықтап, зорға айтқыздым ханның сырын.
Келгенде қалыңдығым сексен төртке
Қайныма бес жасымда бардым ұрын.
Жүз салған қорғасыннан қара балтам,
Шықпады он матадан сыңар қалтам.
Дәулеттің Құдай берген арқасында,
Көшкенде жүз түлкіге жүгімді артам.
Айдадым жылқы қылып отыз түлкі,
Борсықты ұстап мінсең, аттың мүлкі.
Ішінде топ адамның тулап жығып,
Қылдың-ау, ойбай, қарсақ, жұртқа күлкі!
Арасын жырып қостым, Сыр, Қуаңның,
Мақсұтым елін билеу бес дуанның.
Екі жүз құнан қойым егіз туып,
Осыған нанар болсаң, көп қуандым.
Мен көрдім қара шіркей бала қаздай,
Жүк арттым бес қарсаққа ала жаздай.
Түлкісін қырдың қызыл жайлаймын деп,
Қан түсіп, аяғына өле жаздай.
Тамырға өтірікті қап-қап бердім,
Найзасын нар қамысқа саптап бердім.
Жүйрігін тасбақаның ұстап мініп,
Түлкіге төсте қашқан тап-тап бердім.
Басынан Қап тауының қора қылдым,
Email:
1001ertek@gmail.com
and WWW:
http://www.elarna.com/ertegi_kk.php
679 bet
Бітер деп бес мың жылқы жора қылдым.
Топан суы тау басына дамыл бермей,
Қылмасқа енді қора тоба қылдым.
Баласы қасқа айғырдың бөлтірікті,
Айтпаймын өлтірсең де өтірікті.
Мың кісі бір тышқанға мінгескенде,
Апырмай, бәрін тулап өлтіріпті.
Мен өзім кішкенеден қарға бақтым,
Қашырмай, сол қарғаны зорға бақтым.
Біреуі жануардың үздік шығып,
Мойнына ақ киізден тұмар тақтым.
Басында керегенің үрген қарын
Көтердім балуандықпен соның бәрін.
Түйеге түстеп барып қойғанымда,
Мертікті көтере алмай қара нарым.
Мизамның сілемейін желі қылдым,
Шымшықтың жұмыртқасын келі қылдым.
Қамыстан сегіз қанат үй істедім,
Жонынан кесірткенің көгін тілдім.
Шымшықтың шылым шектім бақайынан,
Қоянның атым үрікті топайынан Достарыңызбен бөлісу: |