сапысын қайрап берді. Бір мезетте қалғып кеткен екем, қараңғы қорада бірдеңе қорқырап барады екен.
Бағанағы ауру сиыр өліп барады екен деп қорқырағанды бауыздап жіберсем, сарттың ұйықтаған есегін
бауыздап тастаппын. Жаным жағамнан шықты. Таң сарғая, қорыққанымнан сартты көрмей, елге қашып,
шығып кетейін деген оймен қораның бір тесігінен шығып, ар жағына қарғып түссем, сарттың ас үйіндегі
қазанына түсіп кеттім. Жалма-жан тұрдым да, үш жұмыртқаны бөркіме салып киіп, сары майдан
белбеуіме түйіп алып, о күні ұзай алмайтын болып, сарттың ұн салған үлкен сандығына кірдім де, жатып
алдым. Сарт ертемен диірменге кетті де, кешке қайтып келіп, әкелген ұнды менің үстіме төгетін болды.
Мен енді не болса да, болды дедім – дағы, сарт ұнды құя бергенде:
– Ойбай! – деп, өзін құшақтай алып едім, сарт қорықпастан шап беріп, ұстап алды. Ұрды, соқты,
отырғызып қойды. Есекпен бірге бауыздаймын деп, пышақ қайрайды, ішімнен буынған белбеудегі
сарымай еріп, астыма төгіліп отыр еді, сарт:
– Анаңды... қазақ, шыжыңбысың, – деп, төбеме түйіп қалып еді, бағанағы
жұмыртқа бырс етіп жарылып кетті. Сарт:
– Батшағар, таз екен, – деп, күбі шелекке салды да, айдалаға апарып
тастады.
Айдала, адам жоқ. Бір күн, бір түн елсіз далада жаттым, қарным ашты. Не
қыларымды білмедім. Аяғында амал қылдым да, қасқыр болып ұлыдым. Ұлып едім, айналама қасқыр
қаптап кетті. Ұлуды қойып, үндемей жаттым. Майдың исі мұрындарын жаратын шығар деймін, айнала
тұрып, иіскелейді. Бәрі келіп, бір-бір сарып кетіп жатыр. Бір төбеті бұтын көтеріп сари бергенде, бөшке
шелектің аузынан аңдып тұрып, құйрығынан шап беріп, ұстай алдым. Қасқыр күбіні салдырлатып алды
да жөнелді. Тауға да, тасқа да соқты. Күбі күйреп, күл-күл болды. Болдырған қасқырды қақпалап мініп,
үйге келдім.
Өсіп, ержеткен соң арыстан асқан, қасқыр алатын қақпаншы, бөрі алатын бүркітші болдым. Бөріге түсетін
бөрте қара бүркітім болды. Өрелі қасқырды он күн қуып соғатын бурыл жүйрік атым болды. Алатауға
аңға шықтым. Адыр-адыр тауларды арылтып, қиын-қиын тауларды қыдырып келе жатсам, бір
қапталында бір айғыр үйірлі түлкі жүр екен. Биікте тұрып туралап, бүркітімнің томағасын тартқанда,
құйрығымен қуалап, қанатымен қайырып, екі аяқпен елуді, тұмсықпен тоғызды ұстады, – депті.
93. ӨТІРІКТІ АЙТҚАН ЖАҚСЫ, ҚОСТАУШЫСЫ ТАБЫЛСА
Екі өтірікші бірі бастап, бірі қостап, ел аралап, өтірік айтпақшы болыпты. Біреуі бір күн ілгері жүріп, ел
аралап, қонған, түстенген жеріне, жолыққан адамына өтірік айта бермекші болыпты. Екіншісі бір күн
кейін жүріп, сол жөнмен алдыңғы өтірікшінің айтқанын қостап, растап отырмақшы болыпты.
Өтірікті бастаушы бір ауылға келіп, қоныпты. Ауыл адамдары:
– Жарқыным, жақсы-жаманнан не тіл бар? – десе, өтірікші: «Ел аман, жұрт тыныш, жалғыз-ақ көкті
көбелей, аспанды аралай, көшіп бара жатқан елді көрдім», – депті. Ел нанбапты.
Енді келесі кешке сол ауылға қостаушы өтірікші келіп, қоныпты. Ауыл адамдары тағы да:
Email:
1001ertek@gmail.com
and WWW:
http://www.elarna.com/ertegi_kk.php
689 bet
– Жарқыным, жақсы-жаманнан не тіл бар, кеше бір қонақ көкті көбелей, аспанды аралай, ел көшіп бара
жатыр екен деді, онан не білесің? – десе, қостаушы:
– Болса болар, өйткені, аспаннан анда-санда керегенің сағанағы түсіп бара жатқанын көрдім, – депті. Бұл
өтірік сонан кейін өріс алып, елге таралып кетіпті.
Келесі күні өтірікті бастаушы енді бір қоналқадағы елге келгенде, тағы естіген-білгендерін сұрағанда:
– Бөтен айтарлық сөз жоқ. Жалғыз-ақ жолда бір үлкен көл өртеніп жатыр екен, – депті. Ел нанбапты.
Келесі кешке сол ауылға қостаушы өтірікші келіп, қоныпты. Ауыл адамдары тағы да: «Жарқыным,
жаңғырыққан не тіл бар? Кеше бір жолаушы: «Жолда бір көл өртеніп жатыр екен деп кетті, онан не
білесің?» – дегенде қостаушы:
– Болса, болар, өйткені, сол деңгейден басы күйік, көті күйік балықтарды әркім алып бара жатқанын
көргенім рас, – депті. Бұл өтірік содан кейін әуезе боп, елге тарап кетіпті.
«Өтірікті айтқан жақсы, қостаушысы табылса» деген мақал осыдан қалған екен дейді халық.
94. АҢШЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ
Декабрь айының іші еді, аңшылықпен қона түнеп, бұйырған аңдарды атып алып, кешке таман шаршап,
бір сайдың саласына келіп, ылдиға түстім. Маужырап ұйықтап қалармын деп, желдің өтіне түсіп, отымды
жағып, киіктің қоң етінен ыстық істеп ішейін деп, мосыға бақырымды іліп қойдым. Қоржынымдағы
піскен тамағымды жеп отырып, қалғып кетіп, шошынғандай көзімді ашып жіберсем, жағып қойған отым
шашылған, бақырым төмен қарай жылжып бара жатыр. Таңырқап, кішкене отырдым да, тұра кеп, шелекке
барып қарасам, бақырымды бір тасбақа мойнына іліп, жылжып барады. Ғажаптанып ойлап қарасам,
манағы от жаққан жерім, тасбақаның үйі екен. Отты бақаның үстіне жағыппын. От мазданып жанғанда,
бақаның сүйегі қызып, оянып, қимылдап, отты шашып тулағанда, бақырым мойнына киіліп қалыпты.
Бақа содан құтыла алмай, жанталас қылып, кетіп барады екен. Сөйтіп, тасбақа отымды шашып,
бақырымды төгіп, бос бақырымды мойнына іліп, әкетіп бара жатыр екен ғой.
– Қыстың күнінде мазаңды алып, ұйқыңды бұздым-ау, сен де бір момын мақұлықсың ғой, – деп, жерге
көміп тастадым да, тыңдадым. Бақам қор ете түсті.
95. ЖЕЛМАЯМЕН ЖЕЛГЕНДЕ
Үйшіктен шығып, Қарақұмды басып, Түрікпен елін асып, Шевченко-Маңқыстақты аралап, Астраханға
келіп, қонып жүрген күнде болып еді.
Бір күні Қара бұғаздың сорына түсіп, бір бала жоғалып, ел-жұрт болып іздеп, таба алмай, сабылып жүр
екен деп естідім. «Ағайынның жоғын жоқтас, табылса иесіне, табылмаса, көңіліне жақсы» деген бар ғой,
бармай болмас деп, Ақтайдың Сары үлегін сұрап мініп, жолға шықтым. Күн өте суық еді, әдепкіде бет
қаратпай отырды. Тайпақтан шыққанымда күн сәскенің кезі еді. Сары үлектің еті қызды. «Енді шыдап
бақ, мен тарттым!» – дегендей, екі жағына кезек-кезек жалтақтап, желдей есіп, судай тасып, бұлттай
көшіп, шығысқа бетті қойып, жұлдыздай ағып келеді. Бұл кезде Сары үлекті тоқтатып, не басқа жаққа
басын бұруға болмайтынын білем, жүрісіне мәз болып, масайрап келем, бір кезде маужырап қалғып
кетсем керек, сескеніп кетіп, жан-жағыма қарасам, бір зор дарияның жағасы, қалың орман, зеңгір таудың
арасында келемін. Сары үлектің жүрісінің, үстінің жұмсақтығына, өнімділігіне масаттанып отырғанымда,
мына бір көрмеген-жүрмеген жерді аралап келе жатырмын. Бұл не ғажап? Мұндай жерді бұрын көрген
жоқ едім деп, таңырқанам да, толғанып, ойланам. Сүйтіп келе жатып, шіркін-ай, мына дарияның суына
шомылып, тауына шығып, орманын аралап, көк шөпке аунар ма еді деп ойладым. Сол кезде ойыма мына
қауіптер сап ете түскені! Тауда бөрі болса, шөп арасында, суда шаян болса, қайтесің дегендей болды.
Сонымен бұл қай жер деп ойлаймын, таңданып тұрғанымда ойыма сап ете түсті; бұл жер баяғы
«Шаһнамадағы» Рүстем Зорабтың аралаған таулары екен. Ал менің астымдағы, баяғы қазақ еліне қоныс
іздеп, жер жүзін аралаған Асанқайғының желмаясының баласы екен ғой. Жүрісіме енді түсініп келе
жатсам:
– Тоқтаңыз! – деген дауыс естілді. Тұра қалсам, баяғы Адайда жоғалған бала екен. Бұл бала Қара бұғаздан
шығып, Қарақұмды басып, Тянь-Шяньнің тауын аралап, Памирге таман өтіп барады екен.
Екеуміз жөн сұрасып, амандасып, қуанысып, күллі таудың халқын жиып, той жасап, енді еліме келсем,
осы екі арада дәл бір сөткеге жетер-жетпес мерзім өткен екен. Көп жүрген екем деп қатты ренжідім, –
депті сөзі селді, аузы желді айтушы.
96. БАЙСАРЫНЫҢ ӨТІРІГІ
Email:
1001ertek@gmail.com
and WWW:
http://www.elarna.com/ertegi_kk.php
690 bet
– Ақжал, Шабдар атым бар. Ақшамға азан айтып, алдау акбар дегенде Алматыдан шығып, Лайдолда
дегенде Қарғалыны қақ жарып, Ұзынағашқа бардым. Сол жерден бір нан ауыз тиіп, аттанып,
бұлаңқұйрықпен қазан қайнап жатқанда Қазан қаласына бардым. Қазан қаласында бір жомарт адам бар
еді, баяғы қонақ тағы келді деп, атым шаужайынан ұстай алды, – депті.
97. ЕКІ СУАЙТ
Баяғы заманда заманы бір замандас, қатары бір құрбылас үш адам болыпты. Бұлардың екеуі өтірікші
болыпты да, біреуі оларға үнемі төреші болыпты. Төреші дегеніміз әділі мен расын, өнері мен өтірігін
көзбе-көз, бетпе-бет айтып беретін адам екен.
Сол екі өтірікші мен бір төреші қартайып, тұғырдан түсіп, тоқсанға келіп, тоқтасып қалған шағында бір
үйде бастары қосыла қалыпты. Осы екі өтірікшінің екеуінің де құрыққа сырық жалғап, бір сөзге екі сөзді
қосақтап, көпіртіп, лепіртіп сөйлеуді өздеріне үлкен өнер санайды екен.
Бұлардың ол сырына ежелден қанық, өзінің үзеңгілес жолдасы төреші Тайжан:
– Үшеуіміз де кәрі буын, көпті көрген көне екенбіз. Келешектің гүлі – жас буын, мынау отырған балбөбек
балалар да ести отырсын. Мал сойылып, ас түскенше сары қымызды сіміре отырып, әңгіме дүкенін
құрайық. Кәне, Түсіпбек пен Бейсенбек, өткен-кеткеннен әңгіме шертіңдер, – депті, оларды тым
қолтықтай түсіп.
– Жөн айтасың, Тайжан! Мұндай бас қосыла бермейді, бас қосылғанда көңілді отырған бір ғанибет. Бірақ
төрешіміз өзің бол, кәне, қайсымыз бұрын сөйлейік, – депті Түсіпбек, желпіне отырып.
– Онда бастапқы сөзді Түсекем бастап, соңғы сөзді Бейсекем жалғап кетіп отырсын, – депті төреші
Тайжекем.
– Әне бір жылы қатал бір жұт болды. Ақпан айы ақырып, қаңтар айы қақырып келді. «Ту» деген түкірік
жерге түскенше қатып қалып, жағаңа жабысып жатқан бір үскірік күн еді. Бір айғыр үйірімен ықтап кетіп,
соны іздеп, ат сабылтып келе жатқан бетім еді.
Шоқ болып өскен қызыл тобылғының түбінен бір қоянның көжегі кездесе кетті. Ойда жоқ жерден, көбек
үстінен шыға келгенімде қоянның қашуға да мұршасы келмеді. Көзін бақырайтып, құлағын жымитып,
етпетінен шөге түсіп, жата қалды. Жалма-жан атымнан түсе қалып, көбегінен көтеріп алсам, көжектеп
жатқан бір еркек қоян екен. Уай, то-б-ай, баға келсем, өз өмірінде еркек қоян да бір көжек табады екен
ғой. Міне, саған тамаша! Соны мына мен өз көзіммен көрдім! – депті Түсіпбек тапжылмастан.
Сонда миығынан күліп отырған түлкі көзді Тайжан төреші:
– Онда өз өмірінде ер адам да бір бала табатын болғаны ғой. Дәуде болса, сол ақпанның қақаған аязында
сенің сақал-мұртыңа да қырау қатып қалған шығар, – дегенінде, өтірікші де болса, адамның аңғалы екен,
өмір-бақи сақал-мұртына бір тал қылтанақ бітіп көрмеген көсе Түсіпбек:
– Рас айтасың, Тайжан! Ол күні сақал-мұртыма қырау біткен қатып бақты, – деп, қара шыбын тайғанап
жығылардай қызыл күрең иегін бір сипап қалыпты. Тыңдап отырған үлкен аға, кіші іні ду күліпті.
– Бір жылы қыс аяғы ұзап, қар кеш кеткен қара дауылды көктем еді. Үлкен ұлым Жұман екеуміз есік
алдындағы күресінге шығып тұр едік. Аспанға қарасам, нақ үстімізден қаңқылдап ұшып, жалғыз қоңыр
қаз кетіп барады екен.
– Әй, Жұман! Ана бір жануардың жұмыртқалайтын тоқымдай құрғақ жер таба алмай, қанатын зорға қағып,
әзер-әзер ұшып, үрпін шашып бара жатқанын қарашы! – дедім.
– Әке, үрпін шашып бара жатқаны рас екен. Өйткені, жаңа үстімізден ұшып бара жатқанда бір тамшы
уызы менің бетіме тамып та кетті, – деді балам.
– Уау, Бейсенбек! Жылқыда өт, төрешіде бауыр, құста сүт болушы ма еді? Ағама жеңгем, апама жездем
сай демекші, өзіңе балаң да сайма-сай екен ғой! – депті төреші Тайжан.
– Қысты күні айдалада қоста жатып жылқы бағушы едік. Қара құрық қалың жылқыдан қалай аңдысақ та,
күнара бір жылқыны қасқыр жеп кететін болды. Бір күні барлық жылқышы ыза болып, қару алып,
жортуылға шықтық. Сол күні жеті қасқыр тобымен келіп, жылқыға шапты. Көзді ашып-жұмғандай
болмады, бір желіндеп жүрген топ басы биені жарып тастады. Екі жылқышы жарау қос атпен тұра қудық.
Жылқыны құйрығынан тартып тұрып, тоқтатып, мұрттай ұшырып, басқа қасқырларға жығып беретін бір
қызыл шолақ, көкжал арлан қасқыр екен. Қос атпен ұтылап қуып, таянып қалғанымызда, жаны қысылған
алты қасқыр ортасындағы арлан қасқырды тастай қашты.
Email:
1001ertek@gmail.com
and WWW:
http://www.elarna.com/ertegi_kk.php
691 bet
Сөйтсек, бағанағы көкжал арланның екі алдыңғы аяғын ертеде қақпан қиған, нақ тізеден шолақ екен.
Жаңағы алты қасқыр көкжалды кеудесіне көлденең ағаш салып, кезекпе-кезек аузымен тістеп отырып,
алып қашады екен.
Біз арланға алданып тұрғанымызда, басқасы ұзап шығып, бізден құтылып кетті. Көкжалды соғып алып,
біз кері қайттық. Содан кейін, көзіңіз жамандық көрмесін, қасқыр атаулы маңымызға да жоламай кетті, –
деді Түсіпбек.
Көзі күлімдей түсіп, көңілі түйткілденген Тайжан:
– Түсекем, шылғи өтірігіңе беп-береке, бірақ, ұятыңа дәл он серке! – деді.
– Ана жылы қыс ортасында, бір атан өгізім зым–зия жоғалып кетті. Бармаған жерім де, іздемеген ой-
шұқырым да қалмады. Көктемнің бір көксоқта күні еді. Көнек тауының беткейіне қой жайып тұр едім.
Сол таудың қойнауындағы Қойтастан көзіме бір қуыс шалынды. Жалма-жан әлгі қуысқа шауып барып,
белімдегі қол күректі ала салып, үш-төрт күрек кесек қарды ойып-ойып тастап едім. Сізге өтірік, маған
шын, ар жағы ұзын өзек сияқты үңірейіп, төбесі жабық қора сипатты көше болып кетті.
Сол төбем тимес өзекпен кетіп бара жатсам, жолымда тоқ сиырдың жас тезегі мен жаңа жүрген ізі жатыр.
Ізбен індетіп, жарты шақырым жерге барсам, бұдан жарты жыл бұрын жоғалтқан атан өгізім, өркеші жоқ
түйедей болып, басын бір бүйіріне қайырып салып, жануарым бырт-бырт күйсеп жатыр екен. Жатқан
жерінің шөбі мен көгі тура тізеден келеді.
Асыл шөп пен тұнық судың неше алуаны сол жерде екен. Ат пен өгізім жонынан жарылардай нән семіз
екен. Қыстай қалың қардың астында қалған көкорай шалғынға әбден бордақыланып алған екен. Қуыстан
шығарып алып, қойыммен қосып, үйге айдап қайтып, атам марқұмды әкесі базардан келгендей етіп, бір
қуанттым, – деді Бейсенбек.
– Онда, айыр тұяқ сиыр малын бағып әуре болмай-ақ, қыс болса-ақ, Көнек тауының етегіне айдап салу
керек болды ғой, – деп, жымың-жымың етті Тайжан төреші.
– Қалың керуен Қырғыз ағайынның Тоқпақ, Пішпегіне кіре салдық. Сол сапардан қайтып келе
жатқанымызда, үш күн, үш түн нөсер жауын болды. Енді ұзап жүре алмайтын болған соң, бір өзеннің
қырқа тұсына келіп, еру болдық. Түн қараңғы, көзге түртсе, көргісіз. Қара нөсер жаңбыр төгіп тұр. Ат
арқандайтын бір бұта да таба алмадым. Сонан соң жалғыз тал бозды қазық етіп, бір түп бетегенің түбін
қазып алып, оны қолағаш етіп, шу асау атымды әзер дегенде арқандадым. Ол жақтың бетегесі қалақтай,
бозы таяқтай болады екен, – деді Түсіпбек.
– Иә, ол жақтың елі мен жерін, бетегесі мен бозын біз де көрген едік. Әйтсе де, дәл осың көзге шыққан
сүйелдей сөлекет болды, – деді төреші Тайжан.
– Жас кезімде тоғыз шақырым жерде кетіп бара жатқан қызыл алтайы түлкіні көрдім. Ол түлкіге қасымда
ертіп келе жатқан құмай қара тазымды қостым… Ал енді, бертін келгенде, бір көлден жалғыз ауыз бытыра
мылтығыммен бір атқанда отыз бес дар қоңыр үйректі бір-ақ жықтым. Сөйтіп, атқан үйрегімді әзер
дегенде жинап, бір қайық етіп, алып шықтым,–деді Бейсенбек.
– Әй, Бейсенбек! Тіпті, түйтігің де жоқ екен. Ең болмаса, сол атқан үйрегіңнің санын үш есе азайтсаң,
қайтер еді, – деді Тайжан төреші.
– Жасымда, адам айтып болмас, адамның қырағысын көрдім. Ол заманда жауласқан екі ел, екі қырағысын
таудың басына шығарып қойып, қарауыл қаратады екен. Қарауыл қарайтын сол екі тауының арасы жеті
күндік жер болады екен.
Сонда қазақтың қарауыл жігіті:
– Таудың басында бір зат отыр. Бірақ адам екенін де, құс екенін де анық айыра алмай отырмын, – депті.
Сонда қалмақтың қарауыл қызы:
– Мені осы жерден ол көріп отыр. Бірақ не адам, не құс екенімді айырып біле алмай, дал болып отыр.
Қазақ қарауылы мені «Құс екен» деп, қапыда қалсын. Бұлғары қара тоқымды біреуің менің үстіме
лақтырып жібер де, екіншің тоқымның соңынан іле бір тостаған ақ ұнды шашып жіберіңдер. Мен сол
мезгілде қара тоқымның тасасымен домалап, ойға түсейін.
Сонда қазақ қарауылы өз адамдарына:
– Жоқ, бұл қарауылда тұрған адам болмады. Саңғып ұшқан Оралдың ақ иық қара бүркіті болды дер, –
депті.
Email:
1001ertek@gmail.com
and WWW:
http://www.elarna.com/ertegi_kk.php
692 bet
Ақырында, сол жауласқан екі елдің әкімдері екеуі де қырағы-ақ екен. Осы екеуінен дүниеде теңдесі жоқ
адам қырағысы туады деп, екеуін ерлі-зайыпты етіп, қосыпты. Сол екеуінен қырағы бала тумай, түк
көрмейтін суқараңғы бала туыпты, – деді Түсіпбек.
– Көпті көрген көнелер айтқан. «Екі қырағыдан бір су қараңғы туады» деген мәтел осыдан қалған ғой! –
деді талғампаз Тайжан.
Екі өтірікшінің сөзін алма кезек тыңдап отырған үлкен-кішісі аралас барлық қауым:
– Тайжеке! Осы Түсекең мен Бейсекеңнің қайсысының өтірігі шынға бергісіз? Қайсысының өтірігі
қисындырақ, нанымдырақ, қызығырақ? – депті.
Сонда төреші Тайжан ойланбай, тайсалмай:
– Иә, кәзіргі біздің заманға қарағанда, осының екеуін де өтірікші деуге болады және бірінен-бірі басым
жатыр.
Ағама жеңгем сай,
Апама жездем сай,
Бірін-бірі аялаған, әлди-ай, – дегендей, Түсіпбек пен Бейсенбек те біріне-бірі сайма-сай. Анығын айтқанда:
– Өтіріктің өзіне сенбе, қисынына сен деген рас-ақ. Сіздер мен біздер осы өтіріктің өзіне емес, қиыстыра,
қызықтыра айтқан қисынына сенейік, –депті төреші қарт Тайжан.
98. КӨЛДІҢ КҮЙГЕНІН КӨРГЕН АДАМ
Бір күні бір жаққа барам деп, атқа мініп, ен далада жалғыз өзім келе жатыр едім, бір мезгілде бір нәрсе,
«Бақ» еткендей дыбыс естілді. Жан-жағыма қарадым, еш нәрсе көрінбеді. Тағы жүріп келем, тағы «Бақ»
етті. Қарадым, дәнеме жоқ. Және жүріп келем, тағы «Бақ» етті. Тоқтап тұрып, бұл немене, анықтап
байқайын деп, жан-жағыма айнала қарадым. Еш нәрсе көрінбеді, сонан соң ойладым – құстың дауысы ма
деп жоғары, аспанға қарасам, жүк артып, тізілген түйе көшкен ел, үй, Алла-ай, аспанмен ел көшеді екен-
ау, – деп ойлап, ауған жүкті әлді өңкей бозбалалар түзетем деп, басқанына «Бақ» еткен түйенің дауысы
екен. Сонда білдім – тағы ойладым: әкем айтып отырушы еді-ау, әуеде өзіміздей ел болады деп. Сонда
әкеме осы кәрі кісі не боса, соны айтады, басып жүретін жері жоқ, қалай жүре алады деп, нанбаушы едім.
Ел болатыны шын екен ғой деп келемін.
Алдымда бір белге шықсам, ар жағында бу ма, түтін бе, будақталған бірнеме
көрінеді. Жақындап келсем, бу мен түтін аралас шықты, қасына жақын келсем, бір көл қамысы, суы аралас
жанып жатыр. Соның буы мен түтіні екен. Бір сыпыра қарап, байқап жүрдім. Сумен қамыс аралас біткен
көл екен. Қамыс жанып, суы қайнап, бұрқылдап жатыр. Ары-бері аралап жүріп, көріп болдым ғой деп
кеттім.
Баратын жеріме барып, қайтып келе жатып, суы жоқ бұрынғы көлдің орны
құр тақырға кез болып, тақырдың үстімен жүріп келе жатсам, тақырдың әрбір ойдым-ойдым жерінде
жылқының бір жерде тұрып тышқан, кепкен тезегіндей үйіліп, өліп жатқан бақа. Аттан түсіп көрсем,
бәрінің де артқы аяғы мен көттері күйген. Атыма мініп, жүріп келе жатып ойладым. Тағы әкемнің сөзі
есіме түсті: балық пен бақа сусыз жерде жан сақтай алмайды дейтіні осы екен. Балығы жоқ, бақасы көп
көл өртенген соң қамыс қалың, шетінің жалынының күшті қызуынан қашып, суға тығылып, көзі көретін
бас жағы оттан қашып, теріс қарап жатып өліп, судағы тығылып жатқан аяғы, көті күйіп, пысылдап, су
бітіп, бақа үйіліп қалған. Сөйтіп, көлдің өртенгенін көзбен көрдім.
99. ҚҰТАЙБА ӨТІРІКШІ
Бұрынғы заманда Бағдад шаһарында Перімәлік деген бір үлкен бай болыпты. Өзі алтын, күміс, асыл
тастарын сауда етеді екен. Әйелі перзент көрмегендіктен, ұлы да, қызы да болмапты. Соншалық сауда
жұмыстарын басқарып, реттеп жүргізетін, барлық шаруашылығын билеп, құл-құтандарын жұмсайтын
билеуші бір адамы бар екен.
Бай әлгі адамына сондайын сеніп кеткен. Барлық байлығын, қылған пайда, залалдарын жоғарғы айтылған
адамнан жылында бір мәрте есеп алады екен. Тіпті, өзінен туған баласы сықылданып, байдың
шаруашылықпен жұмысы болмайды екен.
Бір күні сол адамы ауырып, келтесінен өліп қалыпты. Әлгі адамы өлген соң барлық жұмысы тоқтап, қараң
қалған сияқтанғандықтан Перімәлік бай тұрмастан төсегіне жатып алыпты. Тамақ ішпей, бір жұма
қайғырып, есінен тануға жуықтапты. Байдың мұншалық есеңгірегенін көріп, көршілері, туған-туысқан,
дос-жарлары жиылып келіп, байға ақыл айта бастапты.
Email:
1001ertek@gmail.com
and WWW:
http://www.elarna.com/ertegi_kk.php
693 bet
– Байеке, мұныңыз Құдайға қарсылық емес пе? Жақсы жалшыңды өзі берген Құдай өзі алды. О баста
сатып алған құлың емес пе еді?! Ақылдылығымен сіздің ырысыңызға қарап, құл болса да, ұлыңыздай
болып, барлық мүлкіңізді өзі билеп, төстеуші еді. Орныңыздан тұрыңыз да, тағы бір құл сатып алыңыз.
Бағыңыз қалың, ырысыңыз мол кісісіз ғой. Бәлкім, одан да артық адам кез келіп қалар, – десіпті.
Тегі, анау адам да бала кезінде сатып алған құл болуы керек. Жатуға бола ма, бай тұрады да, қасына бір
ер адам ертіп, құл алуға базарға шығады. Құл базарына барып, бір құл жаратпайды. Түгел Бағдад шаһарын
аралап болып, басқа қалаға жол шегеді. Қала-қаланы кезіп жүріп, Милләтиа шаһарына келсе, бір мыңға
таяу сатылатын қауым құлға кездеседі. Құлдарды сататын бастығына сөйлескен екен, қожайыны басқа
құлдың бағасы үш жүз алтын, ана бір жастау құлдың басы бір мың алтын, жүз алтындығы да бар деген
соң, барлық құлдарға сөйлесіп, ұнатыңқырамай, қымбат құлға сөйлесейінші деп, қасына кеп:
– Шырағым, сен сатылатын адамсың ғой, жақсы болсаң, ұл қыламын, жаман болсаң, құл бойыңмен жүре
берерсің. Өзің тым қымбат екенсің, кәні, қандайлық өнерің бар, қолыңнан нендейлік іс келеді? Нағыз
шыныңды айтшы. Сен жақсы құл болсаң, сатып алайын, – деп, – Ешбір құлды жаратпай, қала-қаланы
аралап жүрген пәндемін, – деді. Байлығын, мырзалығын, абыройын, баласы жоқтығын, құл жұмысы емес,
сауда өнері бар, шаруашылыққа лайықты, қолынан іс келетін құл болса ғана алатындығын айтады.
Әлгі құл тұрады да:
– Бай, сіз мені ала алмайсыз. Менің нарқым қымбат, арзандарын ала беріңіз. Мен сіз сияқты байларға Достарыңызбен бөлісу: |