66.Қазіргі қазақ поэзиясындағы дәстүр жалғастығы Дәстүр мен жаңашылдық - әдебиет пен өнердің даму барысында сабақтастық пен жаңғыртуды, мұрагерлік пен қайта жасауды, бұрынғы мен соңғының байланысын білдіретін ұғым. Дәстүрге ғасырлар бойы қалыптасып, сұрыпталған әдет-ғұрыптар, жол-жобалар көзқарас түсініктер жатады.
Жаңашылдық - өткен өмірдің, кешегі күннің тәжірибесі мен жемістерінің ішінде мән-мағынасы бай, дәрежесі жоғары заман талабына жауап беретін, бұрынғы-соңғының шеңберінен шығып, болашаққа кең жол ашатын аса маңызды ізденіс-әрекеттер. Ол жалпы өркениеттің дамуына әсер етеді, осы жолда туып, орнығады.
Дәстүр мен жаңашылдық - диалектикалық бірлестікте болып, ескі мен жаңаны жалғастырады, тарихпен бірге дамиды, өндірістің базисі ретінде өзгеріске ұшырап отырады. Дәстүр мен жаңашылдық арасындағы заңды байланыс материалдық және рухани мәдениеттің, өндіріс пен техниканың, философия мен әдебиеттің, өнердің барлығына тән.
Ұлы Абайдың:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Түспеді ер жеткен соң уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім
деген өлеңінің «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» жолын ақын Мұқағали Мақатаев өлеңіне арқау етіп:
Өмірге ерте құлаш сермегенмен,
Өзімшіл жас жүректі тербегенмен.
Өсиетсіз, сүйеусіз, самарқау жас,
Өте алмассың өткелсіз көлденеңнен.
Абай:
Күшік асырап ит еттім,
Ол балтырымды қанатты –
деп жырласа:
Қ.Баянбай өз заманының осы көрінісін:
Жыландай арбап алған жұмыр басты
Кешегі қиялдардан қию қашты.
Қолымды жалап өскен күшіктерім
Ит болып,
Енді өзіммен ырылдасты –деп жырлайды.
67.Қазіргі әдеби процесс пәнінің зерттеу обьектісі туралы талдау жасаңыз Әдебиет сыны — аса күрделі сала. Оның негізгі зерттеу объектісі — көркем әдебиет, әдеби процесс. Сыншы белгілі бір әдеби шығарманы талдап, баға беру үшін әдебиеттану ғылымының зерттеу әдістерін, методолгиясын қолданады. Әдебиет сынның басты ерекшелігі, көбінесе, қазіргі әдебиеттің жай-күйін қарастыруында, әдеби мұраларды бүгінгі заман тұрғысынан пайымдауында әдебиет сыны әдебиеттің теориясы, әдебиеттің тарихы жеткен жетістіктерге сүйенеді. Көркем шындыққа айналатын өмір - аса күрделі құбылыстардың біртұтас жиынтығы. Міне, сол сан қырлы өмір оқиғаларының көркем әдебиетте қалайша көрініс тапқандығын анықтап отыратын әдебиет сыны да оларды түрлі жақтарынан зерттейтін ғылым салаларының жетістіктерін қажетінше пайдаланып отырады. Әдебиет сынында берілген баға сол кезеңдегі әдеби процестің үні. Онда пікірлер қайшылығының кездесуі заңды да. Әдебиет сыны көркем шығармашылыққа дер кезінде үн қосып, сыр-сипатын айқындайды, баға беріп, пікір білдіреді.