65.Тәуелсіздік прозасындағы ұлттық характер Тәуелсіздік тұсындағы прозалық туындыларда көркемдік тәсілдер күрделеніп, метафоралық, аллегориялық, гротескілік ойлау жүйесі дамыды. Жаңарған проза табиғаты ұлт ұғымына сәйкес өз оқырманына тосын құбылыстарды (антропологиялық, мистикалық, виртуальдылық) бейнелеу тұрғысынан ерекшеленді. Абстрактілі ұғымдарды заттандыру, адам мен оның барлық ішкі сыртқы болмысын тұлғаландыру арқылы жаңа сипатты ой айтудың көркемдік әдістері қазақ прозасында жаңаша қалыптасты.
Реализм мен мистика шебер үйлескен шығарманың бірі – Думан Рамазанның «Көш» атты әңгімесі. Әңгімеде әлдебір бағытты бетке ұстаған ұзын-шұбақ көш суреттеледі. Әуелде байырғы қазақтың дағдылы көші секілді әсер қалдыруы ғажап емес. Бірақ көп ұзамай мұның автордың аллегориясы екені, шығарманың қоғамдық астары, сыртын сюжет көмкерген ішкі иірімі айқындала бастайды. Бұл көштің сипаты арқылы жазушы өзі өмір сүріп отырған қоғамының бағдардан жаңылуын, ашық күнде адасуын, әу баста ту етіп көтерген ұрандар мен ұстанымдардың аяққа тапталуын меңзейді.
Серік Сағынтайдың «Қарға» және «Аң» атты әңгімелеріндегі басты идея – адам мен табиғат арасындағы үйлесім және оның бұзылуы, рухани экология. Мәселен, «Қарғадағы» басты кейіпкер күнбағыс алқабына тыныштық бермеген қарғаларды жазалау оқиғасын айтады. Көкесінің Қабыл досы қарғаларды шегемен піскілетіп, даусын магнитофонға жазады. Осы оқиға арқылы автор адам баласының қатыгездігі мен бала психологиясын тамаша жеткізген. Тозақы дауыстан үрейі ұшқан бала былай дейді: «Қолыма қайдан іліккені белгісіз, әлдебір қисық шегемен бір бейбақты мен де піскілеп-ақ жатыр екем». Автор айуандық пен қатыгездіктің жұқпалы екенін тамаша суреттейді. Шығарманың түйіні – өмірдегі әр ісімізге өзіміз жауапты болғанымызбен, жазалаушы біз емеспіз дегенді меңзейді.
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасында адамның iшкi жан-дүниесiне бойлап, оның ой-санасындағы өзгерiстер мен құбылуларды аша түсуге деген құлшыныс айқын көрінеді. Мұндай жаңашылдық, форма, көркемдiк әдiс-тәсiлдердi жетiлдiре түсуге талпыну, жаңа өрiстер iздеу, түрлi эксперименттер жасау, шығармашылық iзденiстерге бару – дәстүрсiздiкке ұрыну емес, қайта сол дәстүрдi байыту болса керек. Осы кезеңдегі прозалық туындыларда тек тақырыптық, образдық тұрғыдан ғана емес, көркемдік ерекшелік, поэтикалық стиль тұрғысынан да жаңарып, түлегені байқалады. Жаңа тақырып пен өмір құбылыстарын бейнелеудегі тілдік айшықтар арқылы да қаламгерлердің дара қолтаңбасы айқындалады.
ХХ ғасырдың 90-жылдары мен ХХІ ғасырдың басындағы қазақ прозасының өз ұлттық негізін сақтай отырып, әлем әдебиеті арналарымен бірге көркемдік дамудың жаңа жетістіктеріне құлаш ұруы жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан мәдениетінің тұғырын нығайта түседі. Бұл – қазақ сөз өнері дамуының мәңгілік шығармашылық қозғалыстағы жолы.