4) Қазақ тілінің ұлт тұтастырушылық қызметі
Тіл құдіреті арқылы ұлттың рухани тарихы мен таным-тәжірибесін сақтайтын қазынасы бізге жетеді, танылады. Бұл кешегі өткен ата-бабаларымыздың ерлік мұрат-мүддесі мен азаттық үшін күрестегі ұлттық рухын көтеретін қуатты құралы болса, тіл бүгінгі таңда да ұлтты тұтастыратын ұлттық идеяның негізгі мәні және құралы болуға тиіс.
Әрине, өзінің тұтастырушылық қызметіне орай, тіл тарихи категория ретінде ұлттық идеяның нақты тарихи кезеңнің контекстінде жаңарып, жаңғырып отыруы – заңды құбылыс. Мысалы, ұлттық мәдени тарихымыздағы мұның нақты мысалын қазақ хандығы құрылып, қалыптасу кезеңінде көшпелі қоғамның басты идеясы ретінде жыраулар тілінде көрініс тапқан «Ата-қоныс», «Жерұйық», «Құтмекен» ұғымдары арқылы жоңғар, қалмақ шапқыншылығы тұсындағы «ұлттық бірігу» (Бұқар жырау т.б), Ресей отаршылдығы кезеңіндегі «ұлт-азаттық күрес» және «ағартушылық» (Махамбет, Мұрат Мөңкеұлы,Шоқан, Ыбырай, Абай т.б.), ХХ ғасыр басындағы «Алаш» идеяларынан (А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев т.б) көруге болады.
Қазіргі таңдағы қазақ қоғамының да, қазақ мемлекетінің де өзекті мәселелерінің бірі – қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық, құқықтық т.б. деңгейлерде ұлттық сананы жаңғыртып, соның негізінде өзі де өркендейтін, қоғамның барлық саласында қолданылуға тиіс ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесіне сәйкес жаңа сапалық сипаттағы жан-жақты қызметін дамыту, күшейту, қалыптастыру. Себебі ұлттың ажырамас бірлігі, тұтастығы, түптеп келгенде, ұлт тілінің тұтастығымен байланысты. Ал бұл белгілі бір кезеңге тән өткізілетін, өтіп кететін науқандық шара ғана емес. Біріншіден, ҚР-дағы мемлекеттік тіл мәртебесін, ол туралы ресми заңды шын мәнінде іске асырудың нәтижесі болуға тиіс.
Екіншіден, ол – тамырын тереңнен алаын ұлттық мәдениеттің, негізінен тіл арқылы сақталып, кейінгі ұрпаққа тіл арқылы жететін асыл мұра. Осымен байланысты белгіленген «Мәдени мұра» атты мемлекеттік бағдарламаның мәні ерекше екеніне кешенді түрде жүргізіліп жатқан филологиялық, археологиялық, тарихи, т.б. рухани мәдениетіміздің арналарын сипаттайтын деректерінің ашылып, толығып, зерттеу айналымының дәйектемесіне айналып жатқаны дәлел. Осы орайда ашылып, анықталатын ұлтымыздың мәдени-әлеуметтік тарихи-тілдік бастау көздерін таныту, оқыту, зерттеу – қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі.
Тілді адамның әлеуметтік тұрмысын қамтитын мәдениеттен, тарихтан тыс қарапайым таңбалық жүйе деп қарастыру ол туралы түсінікке керағар әсер етеді және оны зерттеудің мүмкіндіктерін шектейді. Академик Ю.В.Бромлей сөзімен айтсақ: «Әрбір этноста мәдениет элементінің сыртқы көрінуі мен «ішкі» мазмұнында ерекшелік бар. Мағынасына байланысты барлық мәдени құбылыстар өзіндік екіжақтылыққа ие: өзінің «сыртқы» көрінісімен қатар, олардың «екінші өмірі» бар. Олар мағынасы арқылы айқындалады. Мағына затта жасырылған, ол ақыл-ой, эстетикалық сезіммен, адамгершілік интуициямен белгілі болады, бір көргеннен танылмайды. Мағынаның бұл мәні – мәдениетті тану кілті»
Ал мұның өзі оның мәдени фонын зерттеуге әкеп тірейді. Мәселен, шаңырақ, сәукеле, жөргем, т.б. Демек,тіл, көнеден айтылып келе жатқандай, таңбалар жүйесі ғана емсе, ол осы жүйені көмкерген мәдениет, сондықтан да ол – әр халықтың ұлы мұрасы, ұлттың тарихи жетістігі.
Тіл – мәдениет дерегі, өйткені ол мәдениеттің құрастырушы бөлігі және тіл мәдениетті танудағы негізгі құрал, себебі ол арқылы біз мәдениетті меңгереміз. Тіл мәдениеттің жалпы сипатын танытады, негізгі ақпаратты жинайды, сақтайды және жеткізеді. Осыған сай тіл әрбір этникалық қоғамдастықта, бір жағынан, этностың мәдени өзгешелігінің факторы ретінде, екінші жағынан - тіл шеңберінде мәдениеттің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуын қамтамасыз етеді. Осылайша қазіргі, келер ұрпақты бір тұтастырып, бүтіндікте байланыстырады. Демек, тіл мәдениетте өсіп-өнеді, дамиды және соны бейнелейді.
Достарыңызбен бөлісу: |