Бағдарламасы бойынша жарық көрді Сақ Қ. С 17 Алаш мұрасы./ Қ. Сақ. Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2014



Pdf көрінісі
бет3/37
Дата31.12.2021
өлшемі1,34 Mb.
#22411
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   37
БАРДЫ БАҒАЛАЙ БІЛЕЙІК
Оқырман қауым, сүйінші! Көптен күткен көз қуанышы-
мыздай  боларлық  дүние – «Дала  уалаятының  газеті»  атты 
жаңа кітап «Ғылым» баспасынан өз оқырманына жол тарт-
ты. Бұл туынды – мұнан бұрын дəл осы тақылеттес атпен əрі 
тура осылай безендіріліп шығарылған 3 кітаптың жалғасы, 
яғни 4-кітап. Осылай бола тұра соңғысының жүгі алдыңғы 
үшеуіне қарағанда əлдеқайда ауыр. Оны кітапты қолына алып 
қараған  көзіқарақты  оқырман  бірінші  беттегі  айқындамада 
(аннотация) айтылған: «Дала уалаятының газетінде» жария-
ланған  қазақ  елінің  саяси  өмірі,  шаруашылығы,  мəдениеті, 
тарихы  жайындағы  нұсқалар  сол  қалпында  беріліп  отыр», – 
деген  сөздерді  оқып-ақ  пайымдар.  Еңбектің  мезгілінен 
көп  кеш  (əрине, «игілікті  істің  ерте-кеші  болмайтынын» 
білеміз) жарық көріп жатқанының сырын да осыдан іздеген 
оң болар. Кешегі кеңес империясының кезінде адамды ой-
лау  қабілетінен  айырып,  ұлттық  сананы  қалың  ұйқыда 
ұстау бір орталыққа бағындырылған елді басқарудың оңай 
жолы  болып  келгенін  бүгінде  кім  білмейді.  Оған  жетудің 
бір  жолы  шындықты  шыңырауда  тұншықтыру  екенін  де 
ұқтырудың  жөні  жоқ.  Олай  десек,  патша  үкіметінің  ресми 
газеті  болғанына  қарамастан, XIX ғасырдың  аяғы  мен XX 
ғасырдың  басындағы  қазақ  даласы  шындығының  айнасы 
іспетті «Дала уалаятының газеті» бетіндегі қазақ елінің сая-
си  өмірі,  шаруашылығы  жайындағы  жарияланымдардың 
халқымызға неге кешіктіріліп ұсынылып отырғаны өзінен-
өзі түсінікті болып шықпай ма? 


19
Кітап  жайлы  сыр  шертпес  бұрын  оның  құрастырушы-
авторы жайында бір-екі ауыз сөз айтпай кетсек, оны əлеумет 
кешіре  қоймас.  Өйткені  біз  білетін  Үшкүлтай  апайдың  əр 
кітабын  асыға  күтіп,  оның  қолындағы  еңбектерін  асыл 
қазынасының  қатарынан  санайтын  жанашыр,  тілеулес 
оқырмандары  республикамыздың  түкпір-түкпірінде  жетіп 
артылатынын  жақсы  білеміз.  Тіпті,  олардың  қатары  Қазан 
төңкерісіне  дейінгі  қазақ  баспасөзі  мен  басылымдарын 
зерттеуші  шалғай  шетелдік  ғылымдармен  толығып  келе 
жатқанынан  да  хабарымыз  бар.  Олардың  бірқатары  есімін 
кітаптары арқылы танып-білгенмен, ғалым-ананың тағдыр-
талайынан беймəлім екенін жасыра алмаймыз. Бəлкім, бұл 
əлдекімдерге оңтайлы болып келген де шығар. Өйткені бүкіл 
саналы өмірін арнап, тірнектеп жиған дүниелерін орта жолда 
өз қажетіне жарата қоятын дайынға тап «жолы болғыштар» 
үшін  Ү.Сұбханбердинаның  есімінің  елге  елеусіз  болғаны 
қолайлы емес пе? Өйтпесе, сіздің пəлен еңбегіңіздің маған 
мынадай жəрдемі болды дегенді қағазға түсіруге қимаса да, 
ауызша алғыс сезімін білдіріп жатса, ала жаздағы еңбегінің 
жемісін  күзде  көрген  диқаншыдай  апайдың  да  көңілі 
марқайып, бір жасап қалар еді-ау! Қайдан, əзірге ол болмай 
тұрған  жоқ  па?  Оны  айтасыз,  керек  кезінде  «мынауыңыз 
халықтың ісі екен, ертеңгі ұрпақтың асыл қазынасына айна-
луына қолқабысымызды аянбаспыз» деп уəдені үйіп-төгіп, 
артынан  түк  көрмеген  кісідей  айналып  шыға  келетіндерді 
қайтесіз. Əрине, біз көпке кір жағудан аулақпыз. 
Үшкүлтай апаймен жақын танысуым осы «Дала уалаяты-
ның  газетінің»  төртінші  кітабын  даярлау  үстінде  болған-
ды.  Рас,  бұдан  бұрын  университетте  оқып  жүрген  кезімізде 
бір  рет  арнайы  шақырып, «Қазан  төңкерісіне  дейінгі  қазақ 
баспасөзі» деген тақырыпта дəріс тыңдағанымыз бар-тын. Бір 
жүздесуден  кісіні  толық  танып-білуге  болмайтыны  белгілі. 
Енді  соның  орнын  толтыруға  мүмкіндік  туғанына  іштей 
қуанғам да. Əрі осы тақырып мені де қызықтыратындықтан, 
кітапты əзірлеуге көмек сұрағанда бірден келіскенмін. 
Шаң  басқан  архив  тігінділерінен  төрт  жылғы  газет  ма-
териалдарын  іріктеп,  құнды  дегендерін  араб  емлесінен  ки-


20
рилл жазуына көшіріп, баспаға əзірлеу сырт көзге ғана оңай 
секілді болғанмен, шындығында, «инемен құдық қазғандай» 
ауыр  жұмыс  екен.  Оның  сыры  архивтегі  материалдар  тым 
ескі  əрі  дұрыс  сақталмай  көмескі  тартып  кеткені  себепті 
əрбір  сөзді  дұрыс  оқу  көп  қиындық  туғызатынын  бастан 
өткізген кісі болмаса, өзгелер түсіне бермейді. Кейде бір сөз 
үшін  бірнеше  сағат  тесіліп  отыруға  тура  келетіні  болады. 
Оған төзімділігі мол, қолға алған ісіне аса жауапкершілікпен 
қарайтын,  аз  нəрсемен  атақ  алуды  емес,  өмірінің  соңында 
өлмейтұғын мұра қалдыруды көздейтұғын кісі ғана шыдас 
бере алатыны белгілі. Осыдан-ақ біздің елімізде библиогра-
фия  саласында  еңбектеніп  жүрген  маман-ғалымдардың  не 
себепті тым аз екенін аңғару қиын соқпаса керек. Апайдың 
бойынан осы қасиеттермен қоса туған халқына деген ерек-
ше  сүйіспеншілігін  танып,  тəнті  болғанымыз  бар.  Оған 
қолымызға  түскен  бірнеше  қойын  дəптерін  парақтап  оты-
рып көзіміз жеткен. Жан баласына айтпай, жеке архивінде 
атадан  қалған  тəбəріктей  мұқият  сақтаған  бұл  дүниелер 
кезінде  қолды  бола  қалса, «халық  жауы»  атанып,  қуғын-
сүргінге ұшырауына бірден-бір себеп болған болар еді. Бізді 
таң қалдырғаны, осыны біле-сезе тұрып, нар тəуекелмен бас-
ты бəйгеге тіккен қаршадай ғана қазақ қызының ерен ерлігі 
болды.  Сонау 50-жылдардың  басындағы  дауылды  кезеңде 
(тарихта  бұл  тұс  жеке  басқа  табыну  зұлматының  екінші 
кезеңі ретінде белгілі) Қазан, Мəскеу, əсіресе, Ленинградтағы 
М.Е.Салтыков-Шедрин  атындағы  мемлекеттік  кітапхана 
қорларын  қопара  ақтарып,  кезінде  аттарын  ауызға  алудың 
өзі  қорқынышты  болған  Алашорда  өкілдерінің  материал-
дарын  жинап,  қағазға  түсіріп,  оны  үйінде  сақтауын  ессіз 
ерлік  демей,  енді  не  дерсіз?!  Əсіресе,  Қазан  төңкерісіне 
дейінгі қазақ зиялыларының қарашаңырағы іспетті «Қазақ» 
газетінің тұңғыш картотекасын жасап, қолына түскен бірді-
жарымды  түпнұсқаларды  сол  кездегі  Қазақ  КСР  Ғылым 
академиясының Орталық Ғылыми кітапханасына əкеліп та-
быстауын қалай бағаласақ та артық болмайтыны анық. Ора-
йы  келгенде  апайдан  қырағы  көз  құзғындар  қорыған,  жан 
баласы  көрместей  құлыптауда  ұсталынған  бұл  дүниелерді 


21
қалай қолға түсіргенін сұрағанымыз бар-тын. Сөйтсек, «кү-
зетшілер»  алдында  айласын  асырған  екен.  Іздеген  тақы-
рыбын басқаша алып, соның арасында өзіне қажетті бұйым-
дарын қойын дəптеріне түсіре берген. Ал ол араб емлесінде 
жазылғандықтан,  бұл  жазудан  мақұрым  кірген-шыққанды 
қадағалап отырғандардың көзінен таса қалса керек. Қазір ой-
лап отырсақ, қазақшалап айтқанда, апайды бір құдай сақтап 
қалған.  Əлде  əруақты  Алаш  азаматтарының  рухы  қорғап, 
қолдады ма екен. 
Бұған қарап, Үшкүлтай апайдың жолы жеңіл, айы оңынан 
туыпты деп əсте де ойлауға болмайды. Он жасында қатыгез 
тағдыр əкеден айырып, жетімдік қасіретін тартқызғаны аз-
дай, 1937 жылы жеке басқа табыну зұлматының құрығына 
іліккен  əке  соңынан  «халық  жауының  қызы»  атандырып, 
қуғын-сүргінге ұшыратқанын қайтерсіз.
Алайда, бұл жай жас қызды жасытпай, керісінше, жігерін 
жанып,  əке  жолын  жалғастыруға  қамшылағандай  болды. 
Кейіннен  оқуын  тəмамдағаннан  кейін  қалған  саналы  өмі-
рінің  барлығын  кезінде  əкесінің  қолынан  көрген  қазақтың 
алғашқы басылымдарын іздеп-тауып, туған халқына қайтару 
жолына арнауы осы жайдан сыр шертсе керек. 
Еңбегі  жеміссіз  де  болмады.  Ғылыми-зерттеу  мақалала-
рын ауызға алмағанда, «Айқап» бетіндегі мақалалар мен хат 
харарлар (1961), «Қазақтың  төңкерістен  бұрынғы  мерзімді 
баспасөзіндегі  материалдар» (1963), «Қазақ  кітаптары» 
(1986), «Дала  уалаятының  газеті»:  əдеби  нұсқалар (1 т. – 
1989, 2 т. – 1991, 3 т. – 1992), «Ғашықнаме» сынды кітаптары 
халқымыздың  рухани  қазынасына  айналды.  Бұлардан  бө-
лек, өз алдына бір төбе дерлік дүниесі – «Бүркеншік аттар 
көрсеткіші» ұзақ жатып барып, өткен жылы жарық көргені 
баршамызға  мағлұм.  Бұл  еңбек  кезінде  атын  жазуды  айта-
сыз,  атауға  тыйым  салынған  қазақтың  біртуар  ұлдарының 
жасырын  есімдері  жөнінен  сыр  шертетінін  оқырман  қа-
уым  жақсы  біледі.  Ол  да  ұзақ  жылғы  ізденістің,  зерделі 
зерттеудің  нəтижесі  екеніне  ешкім  күмəн  келтірмесе  ке-
рек. Мұны аз көрсеңіз, апайдың тікелей жетекшілігімен əрі 
қанатымен  су  сепкен  қарлығаштай  шырылдап  талай  есік-


22
тің  табалдырығын  тоздыруымен,  рухани  қазынамызда 
орны  үңірейіп  тұрған  асыл  мұраларымыз  «Айқап»  журна-
лы мен «Қазақ» газеті беттеріндегі құнды материалдар жи-
нағы  басылымға  əзірленіп  жатқанын  құлаққағыс  етсек  те, 
апайдың  ерен  еңбегі  айқындала  түседі.  Осы  арада  осының 
барлығы не үшін жəне кім үшін керек деген заңды сауал туа-
ды. Атақ-абырой, ел алдында арзан бедел алу үшін десеңіз 
əбден қателесесіз. Өйткені мұның біріне де апай қызыққан 
емес.  Рас, 1964 жылы  Қазақ  КСР  Ғылым  Академиясының 
тіл  білімі  институты  мен  М.О.Əуезов  атындағы  əдебиет 
жəне  өнер  институтының  біріккен  Ғылым  кеңесінде  Қа-
зақ  КСР  Ғылым  академиясының  корреспондент-мүшесі 
Е.С.Ысмайыловтың жетекшілігімен «Қазақтың революция-
дан бұрынғы мерзімді баспасөзі жəне көркем əдебиет» деген 
тақырыпты  кандидаттық  диссертация  қорғағаны  бар.  Онда 
да жас талапкерлерді адаспай танып, қолтығынан демеп, жол 
көрсетіп жүретін Əлкей сынды əз-ағаның қамшылауы себеп 
болған  еді.  Əрі  ол  кісіні  қатты  сыйлайтындықтан  жалтара 
алмаған. Енді ойлап отырса, ұлылардың ұлылығын таныта-
тын  бұл  да  бір  қасиет  екен  ғой.  Əйтпесе,  сол  жолы  Əлкей 
Хақанұлы  жас  қыздың  атақ  алуынан  бұрын  сол  арқылы 
халықтың  ауызға  алынбай  жүрген  мол  қазынасының  елге 
таныла  бергенін  қалаған  болар,  сірə.  Оны  енді  біліп  жүр. 
Ол  кезде  бұл  туралы  сөз  қозғау  мүлде  мүмкін  емес  екенін 
алдыңғы буын ағалар мен апалар ұмыта қоймаған шығар. 
Міне,  басты  бəйгеге  тігіп,  көз  майын  тауыса  ұзақ  жыл-
дар еткен еңбегінің өтеуі. Басқа біреу болса, осыншама тер 
төктім,  қаншама  кітабым  жарық  көрді  деп  еңбегін  пұлдап, 
атақ қалдырмай алып алушы еді. Ал апай үшін мұндай қы-
лық  мүлде  жат.  Халықтан  асқан  төреші  жоқ,  кімнің  кім 
екенін уақыт анықтап береді, менің онда не шаруам бар деп 
түйіп, алаңдамай жұмысын жалғастырып келеді. Тіпті, кейде 
«мынауыңыз ақымақтық қой» деп аздырушылар да кездесіп 
қалады. Əсіресе, бүгінгідей нарық заманында «бір тиын пай-
да келтірмейтін» істен алыс жүретіндер үшін мұнысы есінен 
адасқандық  секілді  көрінетін  болса  керек,  олардың  қатары 
көбейіп келеді. Олар пайда тұрмақ, кей кітаптарын шығару 


үшін қалтасынан қаржы шығарып жүргенін, əрине, білмей-
ді. Ал мұны құлақтары шала қалса, тағы қандай сөз айтаты-
нын кім білсін. Сөйтсе де, мұнысы рас. Үшкүлтай апайдың 
бар  кітабы  «Ғылым»  баспасынан  жарық  көріп  жатқанын 
оқырманы  жақсы  біледі.  Ал  бұл  баспада  қаламақы  тақыл-
тұқыл,  қаражат  жетіспей  жататыны  бесенеден  белгілі.  Де-
мек, кітап шығарып, күреп табыс тауып жатпағаны өз-өзінен 
түсінікті.  Осы  орайда,  осының  барлығы  неге  керек  деген 
сауалға  жауап  іздеген  болып  едік.  Сөйтсек,  атадан  қалған 
асыл мұрадан сусындаған ұрпақ өсіріп, халқымыздың руха-
ни байлығын арттыра беру үшін қажет екен. Оның тиынмен 
емес, термен келетіні белгілі. 
Қолымызға тиген жаңа басылым, «Дала уалаятының га-
зеті» атты 4-кітап, міне, сондай ұзақ жылғы еңбекпен, термен 
келген дүние. Оның беттеріндегі осы күнге дейін көбімізге 
беймəлім болып келген дүниелер тарихымызды ақтаңдақтан 
арылтып,  егемен  еліміздің  іргесін  түзеп,  мəдениетіміз  бен 
ғылымыздың дамуына қосар үлесі теңдессіз десек, артық ба-
ғалағандық  болмайды.  Оған  еңбекті  қолына  алып,  онымен 
жақынырақ танысқан оқырман оңай көз жеткізеді. 
«Еңбегіне қарай зейнеті» дейді халық даналығы. Жұрты-
мыздың  жоғын  жоқтап,  жыртығын  жамап,  жолы  жіңішке 
болса  да  атанжілік  азаматтарымыздың  орнын  жоқтатпай 
жүрген  апайдың  еңбегін  ескеретін  күн  жаңа  туған  секілді. 
Мұны осыған дейін орталықтың кінəсінен көріп келсек, енді 
таяқтың бір басы өзімізге тиетін кез келді. Еңбегіне лайық 
құрмет  көрсетіп,  халық  қадірлілерін  асқақтатып  алақанда 
ұстау  өркениетті  елге  тəн  қасиет  болса  керек.  Ел  болуды 
ойласақ, мұны да есте ұстаған артық болмас. 
                            


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   37




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет