/Жастық туралы/
Ғашықтардан ес кеткенде, ерінде ерік қалмайды екен. Ана
баласын аймалайды, әке баласын сүйеді.
Кісіні бір-біріне үйірлестіріп, жүрегін жұмсартатын адам-
шылық қасиеттің ең бір өтімдісі мейірім болса, сол
мейірімділікті нығайтатын ерін екен. Адамдардың бір-біріне
жақындасуы иіскесу арқылы, сүйісу арқылы бекиді. Сондағы
бетке жұғысатын елгезек ерін емес пе.
Жалпы, сүйісуді атам қазақ жоққа шығармайды. Бірақ
әсте-әсте. Сүйісуден сүйіспеншілік шыққан. Махаббат — ана-
ның балаға, әкенің ұл-қызына, бауырдың ініге, достың жолда-
сына мейірленіп жылы амандасуы, төс түйістіруі арқылы
бекиді. Қазақ ғұрпында орынсыз жерде шөпілдесіп сүйісу
ерсілікке жатады. Мұсылмандық тәртіп бойынша, мейлі, әкесі,
әйтпесе, ағасы болсын, қыз баланы сүйіп жақсы көру орын-
сыз. Керек десеңіз, күнәға батыратын оғаштық. Қызды әкесі
немесе ағасы сағынып көріскенде, төбесінен иіскеп, әйтпесе,
маңдайына ернін жұғыстырып, ишаралайды. Бауырына тартып
өбектеу, кеудесіне басу сөкет емес.
Қазақ тәртібінде үлкендер ұстамды келген. Әдеп-ибаның
шекарасын тең ұстаған. Еркек пен еркек төс түйістіріп аманда-
сады. Онда да сағынып көріскенде. Күнде емес. Еркек пен
әйелдің қол берісіп амандасуы, жұрттың көзінше құшақтасуы
тәртіпке жатпайды. Батыстан келіп жеткен /америкалық, еуро-
палық/ демократияның бір көрінісі — жыныстық еркіндік.
Көргені жаман әдепсіз жастар көшеде сүйісетінді шығарды.
Жай ғана сүйіспей, бір-біріне жанығатынын қайтерсің?! Қазіргі
жастардың амандасқандары да ерсі. Жалп-жалп құшақтасады.
Жыныстық еркіндікке ата-бабаларымыз жол бермеген.
Қатты тыйым салған. Үйде қонақ жатқанда әйелімен жақын-
дасқан еркекке ат-шапан айып төлеткен.
Ерінде жазық жоқ. Жазығы - сезгіштігі, оңтайлы келетіні.
Ерін сөйткен күнде де жақсыатты бола алмайды. «Түртік ерін»,
«көнтек ерін» деп добалдығына бола бадырайта таңбаласақ,
сұлудың қаймыжықтай ерніне және төнеміз. Әйел затын
«қызыл ерін» деуіміз бүгінде артықтау. Ерні кезеріп тұрса,
көгістеніп кетсе не болғаны?
Десек те, ерінді халқымыз мағыналы сөзге тиек еткен.
«Елде болса — ерінге тиеді, жауда болса - тезегі тиеді» деген
139
мақал ішті. Абай: «Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма», — деп
бәтуасыз көбік ауыздарды шенейді.
Ерін грамматикада /тіл ғылымында/ дыбыстардың
дәнекершісі. Еріндік дыбыстар /әріптер/ жұмсақ һәм үнді әрі
жіңішке келеді. Ерін айрықша сезімтал. Кісі қатты ойланғанда,
бір нәрсеге көңілі толмағанда ернін жымқырады. Әлденеге
кейігенде, ренжігенде ернін тістегіштейді. Адам тоңғанда ерні
көгеріп сала береді. Мұңайғанда көгістенеді. Ішкі ызасы сыр-
тқа лықсығанда дірілдейді.
Ерінді аяу керек. Жаратқан ие ерінді елгезек, сезімтал ет-
кен. Артықшылық сыйлаған. Жан жарыңды ерніңмен өбесің.
Сәбиіңді ерін арқылы сүйгіштейсің. Тәтті-дәмді тағам түрлерін
ерінмен демесіндеп, аузыңа апарасың.Ерін тазалықтың,
адамгершіліктің, мейірімділіктің қолдаушысы. Сондай-ақ
адалдықтың дәнекері, пәктікке, тазалыққа құштар. Ащыдан
жерінеді, арам астан тітіркенеді. Тәттіге тұшынады. Сезімге
масайтады. Ләззатқа кенелдіреді. Ғашықтарға жеңгетай бола-
ды. Ерінді аяңыз. Құмарлыққа, тойымсыз ындынға дәніктіріп,
қадірін кетірмеңіз. Еріннің де обал-сауабы бар.
Жүрек
Жүрекке байланысты әңгімені Құран сөзінен бастаған жөн:
«Күдіксіз Ыбырайым /пайғамбар/ Раббына ынталы жүрекпен
келген еді» Саффат сүресі, 8-аят. Одан әрі не болды?! Аллаға
ынталы жүрекпен берілген Ибраһим /Ыбырайым/ түс көреді
күңдердің күнінде. Жаратушы ие оған аян беріп, жалғыз балаң-
ды кұрбандыққа шал дейді. Ибраһим көрген түсін Смайылға ай-
тады. Баласы «Алланың әмірін орындаңыз» деп келісімін береді.
Алла жолында қартайғаңда көрген жалғыз ұлын құрбандыққа
шалуға бекінеді. Неге бекінді? Өйткені, Ибраһим Аллаға ынта-
лы жүрекпен берілген ғой. Құранда бар, шариғатта айтылған.
Қиямет-қайымда тау қаңбақтай ұшып, тас бұршақтай жауып,
жанды-жансыз сырат кәпірден өтерде күнәсі мен сауабы тара-
зыға түседі. Адамның он екі мүшесі жұмырбастының күнәсі мен
сауабына айғақ болады екен. Көз көргенін, қол ұстағанын, аяқ
лас жерді басқанын жасырмай айтады. Жалғыз-ақ жүрек
үндемейді. Себебі неде? Жақсылық пен жамандық жүректен
өтпей ме? Соның бәріне айғақ болып, айтып беру оған ауыр.
Үндемейтіні содан шығар. Құдіреті күшті Ие жүректің
үнсіздігіне кешіріммен қарап, оны аса тергемей, таразыдан
өткізуге періштелерге пәрмен бермей ме. Күнәні бойына көп
140
жинаған жүрек ауыр тартса, адал да ақ жүрек жеңіл тартады
екен. Содан да шынайы да шыншыл, ақжарқын, ақкөңіл,
адамгершілігі мол жандарды «акжүрек» десек, қатігездік пен
зұлымдықты көкірегіне сіңіргендерді «қара жүрек» дейміз.
Барша адами қасиет жүрекпен өлшенеді. Қызметі осынша-
ма болғанда, денеге дәнекерлігі орасан. Күндіз-түні бір тын-
бай, лүп-лүп соғып, дене мүшелеріне қан жеткізіп тұратын
еңбекқорлығына не жетеді. Тіршілікте тәніңе қуат беріп, қан
айналысыңа мінсіз қызмет жасаса, қиямет-қайымда да адалды-
ғынан жаңылмай, сені күнәдан қорғаштап, үнсіз тілекші бола-
ды. Онсыз да бейнетқор жүректі қинай беретініміз қалай?! Ар
мен намыстың да тұғыры - жүрек. Махаббат пен достықтың
жылы ұясы тағы сол. Қуаныш пен қайғы да жүректен өтеді.
Содан да сөз ұсталары жүректі жыр етуден жалықпайды. Абай
қиналғанда жүрегіне үңіледі. Жүрекке шағынады. «Жүрегім,
ойбай, соқпа енді, бола берме тым күлкі. Көрмейсің бе, тоқта
енді, кімге сенсең, сол шикі...», «Жетім қозы тасбауыр, түңілер
де отығар. Сорлы жүрек мұнша ауыр, неге қатты соқтығар?
Сенісерге жан таба алмай, сенделеді ит жүрек. Тірлікте бір
қана алмай, бұл не деген тентірек?»
Абайдың қай өлеңін алсақ та, жүрекке соқпай кетпейді.
Ұлылықтың өзі жүректе жатыр емес пе. Халық та мүлт
жібермей дөп басады. Үлкендер кейбір ождансыздан
түңілгенде «Жүрек жоқ онда» дейді. Жүрексіздік имансыз-
дыққа жатады. Сыншыл қарттар менменсіген ісік кеудеге
«Жүрегің өскен екен. Бұл бетінде көп кешікпей бір пәлеге
ұрынарсың» деп налығанын сан естідік. «Жүзі жылы екен,
жүрегі жұмсақ-ау осы баланың» деп өсер жастан үміт күтетіні
тағы бар. Он төртінші қара сөзінде ақын былай дейді: «Тірі
адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың
жүректі кісі дегені - «батыр кісі» дегені. Онан басқа жүректің
қасиетін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық,
әр түрлі істе адам баласын өз бауырым деп, оларға да болса игі,
демек, бұлар - жүрек ісі. Асықтық та жүрек ісі. Тіл жүректің
айтқанына көнсе, жалған шықпайды...»
Бұл арада Абай, сөзі бір басқа, ісі бір басқа адамды
нұсқайды. Айтып-айтып келеді де, былайша түйіндейді:
«Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды,
ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулы-
лықтың жоқтығынан азады...»
Осы ойын ұлы шайыр өлеңде де бекітіп, мықтап шегелейді:
Жүрек — теңіз, қызықтың бәрі - асыл тас,
Сол қызықсыз өмірде жүрек болмас.
141
Жүректен қызу-қызба кете қалса,
Өзге тәннен еш қызық іс табылмас.
Достық, кастық, бар қызық жүрек ісі,
Ар-ұяттың бір ақыл күзетшісі.
Ар мен ұят сынбаса өзге қылық,
Арын, алқын — бұл күннің мәртебесі.
Осы екі ауыз өлең бір кітаптың жүгін көтеріп тұр. Абайды
ой дариясы дейтініміз осыдан. Мұхит десек те болады. Жүрек -
таразы. Адамгершілік өлшемі. Соның аялдамасы іспетті. Оған
соқпай өтпейтін жан тебіренісінен туындаған сезім толқыныста-
ры кемде-кем. Жақсылық пен жамандық та жүректен өтіп жата-
ды. Қуансаң, жүрегің алып-ұшады. Жүректің рақымшылдығы
керемет. Ол дос таппай тыншымайды. «Жүрегі жұмсақ, шын дос
таппай тыншымас. Пайда, мақтан, бәрі тұл. Доссыз ауыз тұшы-
мас»/Абай/.Жүректің сезімтадығы да ғажап. Сәл нәрсеге дір
етеді. Жағымсыз іс жүрекке инеше қадалады. Қайғыдан жүрек
қарс айырылады. Адамға жасалынған жаманшылық ізсіз
кетпейді, жүрекке беріш болып байланады. Жүрек соншалықгы
нәзік, қайғы-қасіретке төзе алмайды. «Боғаштың бойын өрт
алды, жүректің басын дерт алды». Адамға жасаған қастандық,
опасыздық жүректі қылыштай тіледі. Кісіні өлімге душар етеді.
Сеніскен досқа «жүрегіңді сақта» дейтініміз осы себептен.
«Ойлану — кейде наркескен. Жүректі сара тіледі. Ойланба-
саң жаның жай. Қысыла қында жүреді...» /Ілияс Жансүгіров/.
Жүрек қартаяды екен. Біз де жүрегімізге мұң шағамыз. Өзіміз-
ден де бұрын оны аяймыз:
Жүрегім, бұлқынасың, бұның қалай?
Қисынсыз мезі еттім бе, тынымдамай.
Кеудемде сен тұрғанда дүрс-дүрс соғып,
Қамшы боп өрілмейді жырым қалай.
Қолыма құшырланып қалам алсам,
Сеніскен ескі досым, сенің арқаң!
Қояйық бақұлдасып, сыралғым-ау,
Қалармын қоштаса алмай тоқтап қалсаң.
Халқыма атандырып ақын, жырау,
Жетпістен мен бейбақты асырдың-ау.
Әлі де серіктесіп жүре тұршы,
Жазатын дастаным бар, ақылдым-ау!
Ғұмырды жебір уақыт жырымдаған,
Бұл да жөн, мезгілімен тынымдаған.
142
Өкпе
Бала кезімізден құлақта қалды. Үлкендер, әке-шешеміз
«жылы киініп жүр, өкпеңе суық тиеді» деп көп айтатын. Суық
сөз жүрекке қадалса, бойды қармаған ызғар өкпеге шабады.
Өкпесі қабынбай, қолқа-жүрегі сырқатқа шалдықпаған жас
балғын болып өседі. Өкпе жүрек тәрізді үнемі қозғалыста. Де-
неге ауа жеткізеді. Ағзаларға бір минут ауа бармай қалса, өлім
сағатының жеткені. Жан тапсырған адамды «тынысы бітті»
дейміз. Өкпе жүректен де нәзік. Денедегі қызметі орасан болғ-
анымен, болбыр, босаң келеді. Суық тигіш келетіні содан. Сол
себептен жігерсіз, өлі сүйек баланы «бозөкпе» деп жақтырмай-
ды үлкендер. Жетімдік көріп жетілген жасты «тесік өкпе» деп
мүсіркейміз. Реніштен, қайғыдан, ашу-ызадан жүрек өрекпісе,
туласа, өкпе де сыр беріп, ауызға тығылады. Жүгіре-жүгіре
өкпесі өшеді. Асығып, аптыққанда «өкпесін қолына алып»
жетеді. Өкпеден «өкпеші» деген сөз туындаған. Тіршілік адам-
дардың бір-біріне деген ықылас-пейілімен, сый-құрметімен,
алық-берік жасасқан аралас-құраластығымен мағыналы.
Дүние — дәнекер. Көңіл бір атым насыбайдан қалады.
Дүниеге бола, болмашыға өкпелеп, сырт айналатындар бар.
Ондайларды «өкпеші» дейді. Өкпешілдікті адамның жараты-
лыс қалыбынан /мінезінен/ деуге келе қоймайды. Өкпелес-
пейтін адам болмайды. Бұл — адамға тән үйреншікті дағды де-
сек те болады. Кісіні кінәмшіл, кіді, құбылмалы, екіжүзді,
өкпеші деп таңбалап, шетке шығарып тастағаныңмен, сондай
мінез осалдықтарын өз бойыңнан да табасың. Өкпенің бір
қосары — кінәмшілдік. Кінәмшіл адам не болса соған өкпелеп,
кісіні ығыр қылады. Үлкендер «Үкіметке өкпелеген өзіне
өкпелесін» деп отыратын. Біреуге кінә таққан адам алдымен
өзіне қарасын. Өзін салсын тезге.
Өкпешілдіктің жұмсақтау түрі — наз. Бұл ұғымды өкпеге жу-
ықтатып, «өкпе-наз» деп қосарлайды. Наз — жақсы мағынадағы
өкпе түрі. Кісіні араздыкқа ұрындыратын, бір-бірін көрместей
түңілдіруге апарып соқтыратын өкпе кекке ұласып кетуі кәдік.
Тарихтан белгілі, халқымыздың біртуар азаматы Мәди
Бәпиұлы әкесінің ағасы Қақабай болыспен бір тай /ат шығар/
үшін шығысқан ғой. Қақабайдың баласының астындағы тайды
әлімжеттікпен тартып алып, мініп кеткен. Осыдан дау шық-
қан. Соңы қуғын-сүргінге ұласып, әкесінің ағасы Қақабай
Мәдиді елден бездірген. Түрмеге отырғызған. «Қақабай Бөпи-
менен бір туысқан, кеттік қой өле-өлгенше кек қуысқан...» деп
келетін өлең жолдары сол даудан шыққан.
143
Өкпені болдырмаудың, оны ушықтырмаудың амалы —
кешірімділік. «Білместі кешірмесең, білгендігің қайсысы?»
дейді халық. Адам — пенде. Өкпе-араздық болмай тұрмайды.
«Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деп
жуып-шаяды халық. Теңгермешілік /бай да, кедей де/ Кеңес
одағымен бірге кетті. Кең сахарада /далада/ қона түстеніп,
емін-еркін қыдырыстайтын қонақжайлық бүгінгі күнкөріске
/нарықтық қатынасқа/ үйлеспейді. Бұл қалай? «Өле жегенше,
бөле женің» заманы өткені ме? Дәстүршіл қоғам (ақсақалдық,
үлкендік, қонақжайлық, үлкеннің кішіге базынасы, ағаның
ініге үстемдігі, асыра-шашпа мырзалық) енді біздің қолайы-
мызға келмейді екен. Үйлеспейді екен. Сонда не істеуіміз ке-
рек? Біреуге біреу қарайласпасын ба? Мырзалар, қайырымды
адамдар бүгінде бар, оларды бұзатын өзіміз. Ашпа-жалап
сұрамшақтар, тілемсектер бұзады олардың көңіл күйлерін.
Енді бір топ: «Сенде неге бар, бізде неге жоқ», — деп көрінеу
қастыққа басады. Барды тонап, жылқысын ұрлап, банкке
ұрлыққа түсіп, одан қалды байлардан алым сұрап, қарақшы-
лық жолға түседі. Өкпе-араздық шектен шықпасын. Араз-
дыққа шапса, кекке ұласып, адамшылық шекарасынан шыға-
рып жібереді. Шынайы өкпе-базынадан аспасын. Назбен
шектелсін. Өкпе сонда дәнекерлікке жүреді. Ағайынның, жол-
дастың, туыс-туғанның арасын ашатын өкпе арандатқыш
келеді. Түптеп келгенде, қазақ халқы кең қолтық келген.
Ұлтымызға тән қасиет: «Өкпеге қиса да, өлімге қимайды»!
Достарыңызбен бөлісу: |