Бағдарламасы бойынша шығарылды Редакция алқасы: С. Абдрахманов, Н. Асқарбекова, Р. Асылбекқызы



Pdf көрінісі
бет13/22
Дата14.02.2017
өлшемі2,02 Mb.
#4133
түріБағдарламасы
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   22

Ғ.М.  Сəкен  адам  ретінде,  мемлекет  басшысы  ретінде, 
меніңше,  ешкімге  жақсылықтан  басқа  еш  нəрсе  ойламай-
тын. Бұл сол кездегі, менің жас кезімдегі əсерім емес, кейін 
де  талай  əңгімелерде,  талай  істерде  байқалған.  Сəкеннің 
табиғаты ғой деп ойлаймын.
Сəкенді  «анаған  қарсы  болды,  мынаған  қарсы 
болды»  дейді  ғой.  Бұның  көпшілігі  Сəкеннің  атымен 
жасалған істер. Сондай қолайсыз жағдайларды, əсіресе 
мына жікшілдік жағындағыны, Сəкенге таңып жіберіп, 
Сəкен көбінесе содан күйіп жүретін.
Мен оны Совнарком кезінде «Еңбекші қазақ» газетінің 
редакторы болғанда көріп, біліп жүрдім. Сол лауазымдары-
на  қарамай,  оқу  істеріне  қатты  араласып  отыратын  адам 
еді.  Əлгі, 1922 жылғы  ашаршылық  кездерінде  Сəкен  ел-
дің жайына көбірек назар аударатын, əңгімесінің көпшілігі 
соған арналатын.
Ол  кезде  Сəкен  Қазақ  автономиялық  республикасы-
ның  Совнарком  председателі  ғой.  Біздің  рабфакқа  жаңа 
түскен кезіміз. Сəкеннің айтқан əңгмесіне құлақ қойып, зер 
салып  тыңдағанымыз  болмаса,  анықтап  сұрауға  шамамыз 
келмейтін.  Сол  тұста  сайлау  деген  де  жиі  болып  тұратын: 
болыс  сайлауы,  ВЦИК-тің  сайлауы,  КазЦИК-тің  сайлауы, 
Советтердің сайлауы.
Əлгіндей  əңгімелер  үстінде  өзінің  Ленинге  жолық-
қанын,  Кремльге  тоқтаусыз  кіре  беретінін,  Ленинмен 
қалай сөйлесетінін көбірек айтатын еді.
Менің  байқауымша,  ол  Ленинге 3-4 рет  кірген, 3-4 
мəжілісте  болған  сияқты  сезілетін  еді.  Съезд  уақытын-
да  Совнарком  председателінің  президиумда  болулары  да 
мүмкін.  Онда  болмаса,  съезд  үстіндегі  жүріс-тұрыстарда 

260
сөй лесуі,  не  өзінің  кабинетінде  Лениннің  Сəкенді  қабыл-
дауы  даусыз  ғой  деп  ойлаймын.  Ленин  жайын  сұрай  қою 
бізге  ол  кезде  тіпті  ретке  келмейтін  шаруа  ғой.  Соны  біз 
анықтай алмай кеттік. Білсе, естігені бар, əлгі Қаскей Өтекин 
білер, құлағында не қалды екен, өйткені ол «Еңбекші қазақ» 
газетінің секретары болатын.
Т.К.  Əнеукүні  университетте  естелік  айтқан  уақытта 
Лениннің  мінезін  аңғартатын  бір  детальды: «Осылай  емес 
пе?», – деп басын қисайтып, бір сұрақ қоятын əдетін айтып 
едіңіз.
Ғ.М. Ондай жайларды Сəкен көп айтатын. Өзіне бір рет 
Ленин «Ты же поэт» деп қалғаны бар деп айтатұғын еді.
Т.К. Оны қандай жағдайда айтты екен?
Ғ.М.  Ондай  əңгімелерде  Лениннің  айтқан  негізгі,  сал-
мақты  мəселелерін  бізге  айта  қоймауы  мүмкін.  Бірақ  сол 
жеке  кездесу  кездерінде,  əсіресе  салынайын  деп  жатқан 
Көкшетау  жолы  əңгіме  болған  сияқты.  Кейін  оны  «Жер 
қазғандарда»  жазды.  Осы  төңіректе  бір  əңгіме  болғаны 
анық.  Кең  байтақ  қазақ  даласының  қарым-қатынасы  жоқ, 
бір  облысқа  бару  үшін  қаншама  күндер  кететінін  айтып, 
темір жол салу жағын тездетуді өтінген жайы бар сияқты. 
Сол кезде Ленин: – «Оны тез жасайтын ақша қайда, ты же 
поэт,  саған  ол  оңай  көрінеді,  ал  біздің  қалтамыз  бос  отыр 
ғой»,– деп айтқан сияқты.
Т.К.  Қаражат  мəселесіне,  Ленинмен  кездесуіне  байла-
нысты  мынадай  бір  жай  менің  есіме  түсіп  отыр.  Архив 
документтеріне қарап отырғанда, қаражат өзі қашанда жет-
пей жатады ғой.
Біздің  республикамыздың  жол  қатынасын  жақ сар- 
ту  мақсатында  Сəкен  аэроплан  алу,  теміржолды  өр-
кендету мəселесін қатты көтерген.
Ал сонымен қатар, ең бір айырықша, ақшаны көп тілеген 
жəне  əлеумет  ыждаһатын  талап  еткен  мəселе – оқу-ағарту 
саласы.  Сəкеннің  айтатыны  бар  ғой: «Қазақ  халқы  енді 
бір жиырма жылдың ішінде мəдениетті елдердің қатарына 
қосылуы керек», – деп, мүмкін, осыған қажетті каражаттар 
жөнінде, осы мақсаттар деңгейінде болған əңгіме шығар.
Ғ.М.  Сəкеннің  аэроплан  сатып  алу  керек  деген  екі-үш 
мақаласы бар ғой. Сəкен теміржолды, экспресті, аэропланды 

261
жазғанда  да  біздің  еліміздің,  жеріміздің  сонша  шашы-
лып,  бытырап  жатқанын  еске  алған.  Мəдениетті  елдердің 
қатарына  тез  жету  үшін  теміржол,  аэроплан  керек  дейтін 
ойлары оның Ленинге байланысты да айтатын əңгімелері-
нің бір үлкен саласы болатын.
Баяғыда қызыл отау керуені деген жүргізілді ғой. Оны 
біз  қазір  Əліби  Жанкелдин  атына  байланыстырамыз. 
Əлекең тек сол қызыл отаудың, сол керуеннің бастығы 
ғана. Оны шығарып жүрген, елге спектакль апарыңдар, 
оқу  апарыңдар,  білім  апарыңдар  деген  идеяның  көбі 
Сəкеннен  таралған  болатын.  Сəкеннің  керуені  қайтып 
келгенде  қатты  наразылық  айтқаны  бар: «Спектакль 
беріңдер  деп  те  кісі  қостық,  пьеса  да,  əншілер  де, 
домбырашылар  да  бердік,  соның  барлығын  пайдалана 
алмай,  əншейін  өлең  айтудан  басқа  жағын  келістіре 
алмай келді», – деп.
Мен  білсем,  Сəкен  өзі  республикалық  ЧК-ның  са-
уатсыздықты  жою  жөніндегі  комиссиясының  бастығы 
болатын.
Т.К.  Ол  жөнінде  жазған  мақалалары  өте  көп.  Сосын, 
өзінің  ағартушылық,  мұғалімдік  парызы  да  бар  ғой  мой-
нында.
Ғ.М. Ол өзі 1916 жылы мұғалімдік семинарияны бітір-
ген,  енді  бала  оқытам  дегенде  қозғалысқа  қатысып  кеткен 
адам  ғой.  Содан  соң  ол  қайтып  бастауыш  мектепке  орал-
ған кісі емес, сабақ берген кісі емес. Кейін, осы Алматының 
өзінде Сəкен сабақ бермей отыруына да болатын еді, бірақ 
сол əртіннен келе жатқан əлгі халық ағарту қызметкерлерінің 
парызы болуы керек, осы КазПИ-де, анда-мұнда сабақ беріп 
жүрді.
Т.К.  Осыған  байланысты  менде  тағы  да  бір  сұрақтар 
туып  отыр. 1922 жылдан  бастап  Сəкен  қазақ  тілін  кеңсе 
тіліне  айналдыру  мəселесін  көп  көтерді.  Ана  тілі  арқылы 
халықты  өкімет  ісіне  жақындату,  сот  тілі  арқылы  елді 
өркендету,  жеткізу  мəселесіне  Сəкеннің  көзқарасы  қандай 
еді?
Ғ.М.  Сəкен  қазақтың  тілі  дегенге  қатты  қарайтын 
кісі  еді.  Ол  елдің  конституциясының  бірінші  пунктінде 
«Мемлекеттік  тіліміз – қазақ  тілі»  деп  жазу  керек  деп 

262
сөйлейтін.  Ал  біріміз  орысшалап,  біріміз  қазақшалап, 
«шала  молда  дін  бұзар»  болып  отырсақ,  ел  өз  бетінен  өзі 
дұрыс  ойланып,  өз  сана-сезімімен  түсінбесе,  өз  ісін  өзі 
орнықты істей алмайды. Елдіктің негізігі белгісі – тілінде. 
Осы мағынада ол көп сөйлейтін, көп жазатын да еді.
Ол кезде көптеген қазақ аудандарында кеңсе, оқу-ағарту 
істері – барлығы қазақ тілінде жүретін.
Сəкен тілді жеке ғана сөйлесу үшін, жеке ғана қызмет 
атқару  үшін  керекті  нəрсе  деп  ұғынбайтын.  Тілдің  өзі 
көп салалы. Жалғыз əдебиет тілі ғана емес, мемлекеттік, 
яғни кəдуілгі кеңселік тіл, заң тілі, əскер тілі, сонымен 
бірге  ауыл  шаруашылық,  өндірістік  дүние  жағындағы 
тілі болуы керек дейтін.
Менің  алғашқы  басылып  шыққан  нəрсем – «Амери-
кан  бидайығы»  деген  кішкентай  кітапша.  Білмеймін, 
неше  бет  екені  есімде  жоқ.  Сонда  «сен  маманмын  деп 
маманша  да  жазасың,  бірақ  сенің  тілің  жақсы  екен, 
шаруа  адамдары  түсіне  алады  екен,  олардың  басын 
шатастырмапсың», – деп еді. Мақтаған түрі солай болу-
шы еді ол кісінің.
Демек,  ол  тілге,  тілдің  өсуіне  мемлекеттік  көлемде 
кең қараған кісі. Онысы кейде өзіне зиян болып жүрді. 
Кей біреулер əдейі бұрмалады ғой.
Т.К. Тоғыз мақала жазды ғой ол тіл жөнінде. Айтпақшы, 
осы  кезде  Би-ағаң  қабырға  газетіне  жарияланған  Сіздің 
«Тулаған  толқынданы»  оқитын  еді  ғой.  Əлгі  «Американ 
бидайығынан» туып жатқан ойлар ғой.
Ғ.М.  Би-ағаң  деген  кісі  бір  қызық  адам  еді.  Жазу-
шылардың  бір  түрлі  болмай,  əртүрлі  болғаны  жақсы.  Екі 
Сəкен  болса  бір  жерге  сыймас  еді,  екеуі  қызық  та  болмас 
еді.
Би-ағаң  Сəкенге  мүлде  ұқсамайтын.  Оның  мінезі – 
азырақ тұйықтау деуге келе ме, немесе қақ-соқта жұмысы 
жоқтығына қарап, тұйық көреміз бе, ол өзі кəдуілгі ішінен 
ойланып, ішінен тексеріп жүретін адам болатын.
Ол кезде мен «Еңбекші қазақта» корректор болып істей-
тінмін.  Оқып  жүріп  сөйтетінбіз,  ақша  тауып,  күн  көру 
керек.  Сол  кезде,  əйтеуір,  Бейімбет  араламаған  институт 
бол майтын.

263
Бейімбет  жиналыстарда,  президиумға  да  отырмайды, 
келгенін де ешкімге білдіртпейді. Талай жиналыстарда əше-
йін топтың бір шенінде отыра беретін еді.
 Əрбір жиналыста бірдеңе оқылмай, бірдеңе айтылмай 
қоймайды  ғой  студенттер  арасында.  Соны  Бейімбет  ер-
теңіне ұстап алатын сияқты еді маған. Осы Тайырды (Тайыр 
КазИНО  дейтін  институтта  оқитын)  содан  тауып  алды, 
білдіңіз бе? Мені рабфактан тауып алды.
Т.К. «Біздің Би-ағаң» деген естелігіңізді айтып отырсыз ба?
Ғ.М.  Иə,  өзінің  жазғандарын  да  бастан-аяқ  білесіңдер 
ғой. Əйтеуір, осы қазақтың тілі, психологиясы дегенге боя-
маламай  жазуға  келгенде  Бейімбет  ерекше  адам.  Сосын, 
қазақ  жазушыларында,  осы  Советтік  Қазақстанның  туған 
күнінен  бастап  қаламы  қолынан  түскенше  жазып  кеткен 
өмірі – осы бүгінгі өмір ғой.
Т.К. Советтік өмірдің шежіресін жасап кетті ғой.
Ғ.М. Иə, шежіресін жасаған адам. Төрелікке, бірдемені 
басқаруға жоламайтын адам еді.
Т.К.  Сізге  «бастық  сен  бол,  жұмысын  атқаратын  мен 
болайын» деп жүргені содан екен ғой.
Ғ.М.  Мен  бастық  болып  келгенімде  партбилетім  əлі 
қолға  да  тиген  жоқ  еді.  Кандидаттықтан  мүшелікке  ауда-
рыл ғанмын.  Сол  кезде  мені  баспаның  бас  редакторы  етіп 
бекітті.
Бейімбет  сол  баспада  қызмет  істеп  отырғанда,  менің 
кеңсе қызметіне араласқан бірінші қызметім ғой бұл. Шы-
нында, келе-сала бас редактор болу тіпті ойыма да, миыма 
да сыймай қойды. Баяғы рабфактан кейін бірінші кездесуім 
еді. Би-ағаңа сонша жалындым. «Сіз барда менің тіпті ретім 
келмейді»  деп.  Əйтеуір  мойнына  арқан  салудан  басқаның 
бəрі істелді. Бейімбет көнбей қойды. Ол керемет қарапайым, 
еңбекші адам еді ғой.
Т.К.  Бейімбет  екеуіңіз  бірігіп  «Аманкелді»  пьесасын 
жаздыңыздар. 1936 жылы  «Социалистическая  Алма-Ата» 
дейтін  газетте  (Қазіргі  «Вечерняя  Алма-Ата»)  орысша 
повесть жаздыңыздар ғой деймін.
Ғ.М. Иə, иə.
Т.К. Оған себеп болған жағдай не?
Ғ.М. 32-жылы біздің Қазақстанда бір ауыр жылдар бол-
ды ғой. Сонда...

264
Т.К. Əлгі «Бесеудің хатын» айтасыз ба?
Ғ.М.  Сол  «Бесеудің  хатының»  ішінде  мен  де  бармын. 
Бізді быт-шыт қылып, онда-мұнда қуды ғой. Мені алты айға 
елдегі  кемшілікті  түзеп  кел,  жəрдем  бер  деп.  Батпаққара 
ауданына жіберді.
Т.К.  Кемшіліктерді  көре  біледі  екенсіз,  енді  түзетіс 
дегені ғой.
Ғ.М.  Шолақсай  деген  жерде  Помголдың  тарысы  бар. 
Сонда Аманкелдінің əйелі қыс бойы, байғұс түйемен тары 
тасиды  екен.  Барарда 120 шақырым  жерге  мініп  баратын 
көрінеді,  қайтарда  жаяу  келеді,  түйені  жетелеп.  Əбден 
қалжыраған екен.
«Қыс бойы тасыдым, үйде ауру кемпірім бар. Бір жолға 
қалайын», – деп рұқсат сұрап келді. Мен енді өлкенің уəкі-
лімін ғой. Райкомға айтып, босаттырып бердім.
Сол  жолы  Аманкелдінің  əйелімен  жолығып,  жай-күй-
лерін  сұрастырып,  Аманкелдінің  жайын  біліп  келіп  едім. 
Мен ол кезде пьеса жаза алатын жайым бар деп ойламадым.
Би-ағаңмен өте жақын араласып, достасып кеткен адам 
едік. Аманкелді жөнінде естіген-білгенімді айттым. Өзі де 
сол Қостанай жігіті ғой, оның да құлағында біраз əңгіме бар 
екен. Сол жылы күзде Аманкелді жөнінде пьеса жаздық.
Сонан  соң, 1936 жылы  Москвада  бірінші  онкүндік 
болды  ғой.  Сонда  Сталин  біздің  басшыларға  «Сендердің 
Ча паев тарың бар ғой» деген көрінеді. Ол кезде Чапаев ки-
носы шығып, жер-көкті дүбірлетіп жатқан. Біздің адамдар: 
«Бар», – деп Əліби Жанкелдинді атапты. Ол да онкүндікке 
барған топтың ішінде екен. Сонда Сталин: «Жоқ, ол емес, 
анау əлгі Тургайский комиссар, Тургайский» деп бір-екі рет 
қайталайды. Сөйтіп есіне түскенде «Иманов», – дейді.
Т.К. Сонда Сталин Аманкелдіні білетін болған-ау.
Ғ.М.  Қалайша  білгенін  айта  алмаймын,  бірақ  білген. 
Біз сол арада Всеволод Ивановты тауып алып, «Ленфильм-
мен» шарт жасадық. Жұрт он күндіктен елге қайтты. Ал біз 
Бейімбет  екеуміз  Батпаққара  жағына,  Аманкелдінің  еліне 
кеттік.  Содан  соң  Бейімбет  екеуіміз  жазған  очерк 14-15 
санға басылды.
Т.К. «Социалистическая Алма-Атада» ғой.

265
Ғ.М. «Социалистік Қазақстанда», «Казахстанская прав-
дада» басылды, білдіңіз бе?! 37-жылы басылды. Сол кезде 
37-жылдың «науқаны» басталды. Сонсын үзіліп қалды ол.
Т.К.  Осыған  байланысты  бір  сұрағым  бар.  Сол  кездегі 
газеттерде  жазылды.  Сіз  бір  жиналыста  Бейімбет  мəселе-
сіне байланысты сөйлеп: «Егер Бейімбет жау болса, мен де 
жау шығармын», – депсіз. Соны тарата баяндап берсеңіз.
Ғ.М. Ол енді болған нақты факт. Партия жиналысын да 
айтылды.  Осы  мына  Қара  Қастекте  күллі  əртістер, «Лен-
фильмнің» адамдары жаз бойы «Аманкелді» фильмін түсіріп 
жатқан.  Бейімбет  ұсталардан  бір-екі  жеті  бұрын  Мирзоян 
маған: «Сəкен мен Ілияс ұсталып кетті. Енді, міне, Бейімбет 
те  ұсталайын  деп  отыр.  Материал  көп...» – деп  қынжыла 
айтты.  Сонда  мен  Мирзояннан: «Онда  мына  фильмді 
қайтеміз?..» – деп  сұрадым. «Түсіре  берсін  фильмді.  Бір 
амалы табылар, ол фильм керек қой», – деді ол. Айт қандай-
ақ Бейімбетті Қара Қастектен ұстап əкетті ғой.
Оны  естіген  соң  Жазушылар  одағында  партия  жина-
лысы  болды. «Мына  Бейімбет  ұсталды.  Сəкен  ұсталды. 
Бейімбеттің достары бар» деп, қырағылық көрсетіп, атым-
ды  атамаса  да,  тие-тисе  сөйлеп  жатыр.  Мен  партия  жи-
налысында  айттым. «Бейімбет  ұсталыпты,  мен  де  есті дім. 
Бірақ Бейімбет халық жауы емес, Бейімбет халық жауы бол-
са,  мен  де  халық  жауымын».  Бұл  менің  батырлық  істейін 
деп  айтқаным  емес.  Бейімбеттің  тазалығына,  қақ-соқпен 
жұмысы жоқтығына біржола сенген сөзім.
Т.К. Дегенмен, өзіңізде батырлықтың бір белгілері бар-
ау. «Ұлпандағы» түрікпен Мүсіреповтен қалған болар, сірə?
Ғ.М.  Атадан  балаға  мінездер  ауысатыны  табиғи  нəрсе 
ғой. Бірақ, сол тіпті жастықтың əсері болуы да мүмкін.
Т.К.  Əйтсе  де,  Ғабе, «Бесеудің  хатының»  ішінде  бол-
дыңыз.  Одан  мына  оқиға.  Бұлар  қорқақтың  қолынан  кел-
мейтін іс. Айтпақшы, «Бесеудің хаты» Сəкен, Ілияс, Бейім-
беттерге қалай əсер етті?
Ғ.М. «Бесеудің хатынан» кейін, Сəкен маған ерекше кө-
ңіл танытты. Сəкен мені алақанына салып алардай қуан ды.
Т.К.  Өйткені  ол  кезде  өзі  «Қызыл  атты»  жазып  жүрді 
ғой.
Ғ.М. «Қызыл атты» Мирзоян келген соң жазды.

266
Т.К. Оған дейін де жазды.
Ғ.М. Бірақ кейін жарияланды.
Т.К. Алғашқы тараулары «Лениншіл жаста» 32-жылдың 
күзінде басылды.
Ғ.М.  Солай  ма?  Əйтеуір  біздің  сол  мəлімдемемізге 
Сəкен: «Егер  шындықты  айта  алмасақ,  жазушы  болып  не 
керек, адалын айт, адалынан өлсең арманың бар ма», – деді. 
Солай бағалады ол кісі.
Бейімбет  «Əй,  осы  бірдемеге  ұрынып  қалмасаң  жарар 
еді. Жай белгілі, жағдай киын», – деді. Ол солай дейтұғын.
Ал Ілияс мұрны қолағаштай, қабағы қалың, денелі, күл-
мейтін кісі сияқты болғанымен, іштей юморист, қалжыңбас 
болатын.
Ілиястың  бір-екі  өте  қызықты  хаты  бар  еді.  Мен  Бат-
паққарада  жүргенде,  сүзек  болып  ауырып  қалдым.  Сон да 
Ілияс: «Сен болсаң, курортқа кеттің, елге барып жатырсың. 
Біз  мұнда  іштен  тынып  отырмыз.  Меніңше,  сенің  сүзек 
болып жатқаныңның өзі курорт», – деп жазыпты.
«Бесеудің  хатын»  Крайкомның  бюросында  қарап,  бəрі 
мақтаған  болды. «Жақсы  қаулы  аламыз.  Сіздерге  көңіл 
аударамыз, пəлен-түген» деп Голощекин сөйлеген.
Бір-екі күннен кейін Ілияс кез болды. «Көңіл аударамыз 
депті. Құтты болсын көңіл аударатыны». Солай сөйлесетін 
ол.
Бұлар бір ерекше адамдар еді өздері. Үшеуінің бір-бірі-
не ұқсастығы жоқ, бірақ ой түптерінде барлығының саятын 
жері бір.
Т.К.  Енді  осыған  байланысты  тағы  бір  сұрақ  қоймақ-
пын. Осы соңғы кезде, біздің кейбір əдебиетшілер ара сында 
Сəкенді қазақ совет əдебиетінің негізін қалаушылардың бірі 
деген  деңгейде  əңгімелеп,  көптің  бірі  ретінде  көрсетсек 
қайтеді дейтін сыңай бар сияқты.
1957-1958  жылдары, «ҚазақССРтарихы», «Қазақ  со вет 
əдебиеті  тарихының  очеркі»  жасалған  кезде,  сонсын  Сə-
кеннің 70 жылдық тойында жасаған баяндамасында Сəбит 
Мұқанов  «Қазақ  совет  əдебиетінің  негізін  қалаушы  Сəкен 
Сейфуллин»  деуіміз  керек  деген  пікірді  нығыздап  айтқан 
болатын.  Сол  тұжырым  біздің  əдебиеттану  ғылымында 
қалыптасып  еді.  Қазір  соңғы  кезде  көпшіліктің  бірі  деген 

267
сияқты  ойларды  айтқысы  келетін  əдебиетшілер  солай  деп 
жазып жүргендер де бар.
Ғ.М.  Ол  дұрыс  емес.  Əдебиетке  біреу  ерте  қатынасты, 
біреу кеш қатынасты. Сəкеннен артық жазушы болып шық-
қандары да бар.
Сөйте тұра ол кезде Сəкен қазақ совет əдебиетінің туын 
көтеріп шыққанда қасында болғаны əлгі жастар ғана ғой.
Ал  туған  жылдары  бір  екенін  бəрінің,  бəрі  сексенге 
келеді  екен,  сондықтан  бұлар  бəрі  бірге  жасады  деуге 
болмайды ғой.
Бейімбеттің  «Шұғасы» 16 жылы  жазылған  мысалы, 
Торайғыровтың 15-16 жылдары жазғандары бар. Иə, «Қамар 
сұлулары» 16 жылы ма немене, бəйге алған шығармалар дың 
біреуі ғой. Мына Мамановтардың бəйгесін алған шығарма.
Бірақ  ол  кезде  бұлардың  бірде-бірінің  басы  қосылып, 
Сəкенмен бірге үзеңгілес аттанғаны жоқ, білдіңіз бе?! Сон-
дықтан  Сəкенге,  оның  орнына  тарлық  жасамай-ақ  қойған 
жөн.
Əр нəрсенің алдымен бағыты ғой, ең маңызды нəрсе. 
Ал сол бағытты, біздің қазақ совет əдебиетінің бағытын 
сілтерде Сəкен жапа-жалғыз білдіңіз бе?!
Біреуінің  кейінірек  қосылуы,  біреуінің  Сəкеннен  ана-
ғұрлым терең жазушы болып шығуы қай əдебиетте де бар 
нəрсе ғой. Олар Сəкеннің ана игі ісіне ортақтаса алмайды, 
совет  əдебиетінің  бірден-бір  нұсқаушысы,  бағыттаушысы 
болғандығына олардың қатынасы бола алған жоқ ол кезде.
Былай  ғой  енді,  біз  де  жетпістен  астық.  Кейде  бізді  де 
қосып  жібереді,  ол  совет  əдебиетінің  негізін  қалаушылар-
дың  қатарына.  Ол  біздің  жасымызға  көрсетілген  құрмет 
жəне  біздің  арамызда 5-10 жыл  үзік  бар.  Сəкеннің  қасына 
еруге.
Демек, мұнда Сəкенге əдебиеттің бағытын бағдарлау жа-
ғынан ең жақын тұратын адам – Сəбит, білдіңіз бе? Өйткені 
сол 22 жылдан бастап ұрандауы Сəкенменен бірге.
«Жыл құсы» альманахын шығаруда, «Əдебиет майданы» 
журналын  шығаруда  Сəбиттің  еңбегі  мол.  Сəкеннің  қол 
астында еңбек етті деп ойлаймын мен. Шынында да, солай, 
сондықтан Сəкенге ең жақын тұрған адам – Сəбит.
Т.К.  Сəкен  қолбасшы  болды  да,  Сəбең  оның  жауынгер 
генералының міндетін атқарды ғой.

268
Ғ.М.  Бұл  арада  бірін-біріне  теңейміз,  бірінен-бірі  кем 
емес деген бірдемені өткізейін дейді ғой. Бұл немене, совет 
үкіметін  біреу  жасасқан  болса,  келесі  адам  оның  істерін 
қостасып,  қол  ұстасып  аттанған  болса,  соның  бірінен-бірі 
кем болып санала ма екен? Саналмайды ғой.
Мұнда  əдебиетті  жасаушы  бар,  басқарушы  бар, 
идеялық бағыт беруші бар, бұл кезде Сəкен байғұс жапа-
жалғыз.
Т.К.  Əлгінде  Сəбең  жөнінде  де  əңгіме  болып  қалды 
ғой. Сəбең 20-жылдан партия мүшесі, өмір бойы, жамбасы 
жерге тигенше совет əдебиетінің туын көтеріп өткен адам. 
Көптеген  құнды  шығармалар  берген  жазушы.  Сəбеңнің 
дүниеден  өткеніне  бір  жарым  жылдай  болып  қалды,  ал 
Сəбеңді есте қалдыру шаралары, ескерткіш салу, музей ашу 
мəселелері  мардымды  емес,  осы  жөнінде  қарын  ашарлық 
істер болып жатыр. Осыған себеп не?
  Ғ.М.  Бұл  да  жаңағы  өзің  айтып  отырғанның  бір 
саласы,  бір  көрінісі.  Соның  əсері  ғой  деймін.  Осы  күнгі 
ғалымдарымыз  болсын,  əдебиетшілершіз  болсын,  бір  уыс 
қазақты батысқа, оңтүстікке бөліп алу деген бір пəле ауру 
шықты  ғой.  Сондықтан  Сəбит  шығармаларының  азды-
көпті  кемшілігін  пайдаланып,  кішкене  кемітіңкіреп  ұстау 
беталысы жоқ емес осы кезде. Оны байқап жүрмін.
Осы  жайды  Ілиясқа  байланыстырғанда  оны  осы  ұлы 
жүздің  ақыны  деп  елеп,  соны  кішкене  өзінің  дəрежесінен 
де  көтеріңкіреп,  өресі  жететін  жердің  бəріне  де  апарып, 
өзгелерді аз-кем одан төменірек қойғылары келетіндері жоқ 
емес. Ол дұрыс емес.
Кімді болсын, Сəкенді болсын, Бейімбет, Ілиясты болсын 
жеке-жеке бөліп-бөліп алып, баяғы ескі ауылдың əдетінше 
ұранға айналдыру дұрыс емес, əрине.
Баяғы  «Аққошқар  Сайдалының  заманында»  деген 
сияқты бөліп-бөліп алып, сіздің орта жүзден біздің кіші 
жүздің ақыны күшті демек қой. Бұл бір жаман мінездер. 
Бізді біріктірудің орнына ыдыратудың əрекеттері болып 
шығады түптің түбінде.
Бір жақ Сəкенді жалғыз көтеріп жатса əулиеміз осы деп, 
екінші  жақ  Ілиясты  көтеріп  жатса  оған  қарсы,  əрине,  бұл 
біріктіру емес, қайта ыдырату.

269
Бұларды  ешбір  жүзге  бөліп  алуға,  ешбір  руға  бөліп 
алуға  болмайды.  Естеріңде  бар  ма,  баяғыда  Гурьевтің  бір 
жігіті «Біздің Хамит» деп əлсін-əлсін айта берген соң, мен 
бір жиналыста ептеп басып қойып ем: «Неге сенікі болады 
ол, Қазақстанның Хамиті болуы керек», – деп.
Бұларды  баяғы  жүзге  бөлу  де  қате,  бірінен-бірін  асы-
рамыз деп талаптану да қате. Əрқайсысы өз орнында үлкен 
жазушылар бұлар. Əрқайсысының мінездемесі өзіне толық 
жетеді, білдіңіз бе?
Ал  енді  əлгі  основоположник  деген  мəселе – ол  өз 
алдына бір мəселе. Основоположник болған адам міндетті 
түрде  ұлы  ақын  ия  ұлы  прозаик  болу  керек  деген  мағына 
тумайды ғой. Ол көбіне идеялық бағытты аңғартады.
Сонау  шытырман  заманда,  ұлтшылдықтың  шыл-
қылдап тұрған кезінде: «Жоқ, біз бұл жақта, ескі бағытта 
қалмаймыз.  Жаңа  бағытқа  көшеміз.  Біздің  бағыт 
мынау»  деп  қолына  ту  көтеріп  шыққан  кісі – Сəкен. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет