Хазіреті Әлі әл Мұртаза
Ислам әлемінің төртінші халифі – Али ибн Талиб ибн Абд ал-Мутталиб (656-661жж.) Алланың соңғы және ұлы елшісі Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с) немере іні болумен қатар, күйеу баласы да. Ол ислам әлемінде әділетті төрт халифаның (632-661 жж.) соңғысы болған. Хазіреті Әлі сүнниттік дүниетанымда Алланың елшісінің сенімді серігі (сахиб), ислам таратушы (фатих) болумен бірге, «Асад Аллах» (арабша Алланың арыстаны) және Шаһ-и Мардан (парсыша Ерлер патшасы) деген атаққа ие болған жан.
Хазіреті Әлі Шаһид 661 жылдың 21 қаңтарында, 63 жасында, намаз оқып отырған сәтінде Куфа қаласында дүниеден өтті. Асыл тәні Наджаф қаласында жерге қойылды. Ол өзі жан тәсілім етер кезде денесінің жуылып, кебінделіп, есіктің алдына келіп шөккен түйеге артуын және түйе қай жерге шөксе, сол жерге жерленуін өсиет еткен.
Арада көп заман өткенде халифа Харун ар-Рашид (786-809 жж.) өзінің ұлы бабасы Али ибн Абу Талибтың Наджафқа қойылғанын біліп, басына сағана мазар салуға бұйрық береді. Міне, осы уақыттан бастап бұл жер мұсылмандар үшін зиярат ететін қасиетті орынға айналады.
Хазіреті Әлі Түркістан, Орталық Азияда болмаған. Сөйте тұра, жергілікті аймақтың тұрғындары шартты түрде ұлы қолбасшының аяғы тиген жерлерді көрсетіп, ауыз әдебиетінде оны «ерлердің патшасы, батыр, алып, теңдесі жоқ әділ, ислам таратушы» деп дәріптейді.
Осы тұста мынадай сауал туындайды. Егер хазіреті Әлінің Түркістан жеріне табаны тимеген болса, оны мұншалықты дәріптеудің мәні неде? Неліктен халық осы уақытқа дейін Әлінің ізін қасиетті санап, оны зиярат етіп келеді? Сауалға жауап беру үшін алдымен хазіреті Әлінің ислам тарихындағы орнымен танысу керек.
Хазіреті Алидің Пайғамбарға (с.ғ.с) жақын алты адамның бірі (сахаба) екені көпшілікке жақсы таныс. Оның үстіне, Алладан жаннат уәде етілген он адамның бірі де сол.
Али ибн Абу Талиб өзінің немере ағасы – Пайғамбардан (с.ғ.с) отыз жас кіші еді. Хазіреті Әлі мен Алланың Расулының арасындағы жақындық туралы көптеген куәліктер, әңгімелер бар. Әлінің анасы Фатиманың айтуынша, хазіреті Әлі туылғанда оның атын Алланың елшісі қойған. Уақыт өте келе хазіреті Әлі пайғамбардың ерте қайтыс болған ұлдарының орнын басады, екеуінің арасында әке мен бала қарым-қатынасы орнайды. Шешуші сәтте, Алланың Расулына пайғамбарлық хабар келген кезде он жастағы Әлі мұсылмандықты еш күмәнсіз қабылдайды. Оның және бір елеулі еңбегі – хижра, яғни Меккеден Мединаға көшу кешінде Алланың Расулының үйінде қалып, исламның дұшпандарын пайғамбардың ізінен адастыруы. Сол кеште исламның дұшпандары пайғамбарды өлтіруге жиналған болатын. Хазіреті Әлі жасына қарамай исламның қалыптасу дәуіріндегі барлық соғыстарға қатысады. Бадр соғысы мен Ухуд соғысына қатысып, соңғы соғыстағы шайқаста он алты жерден жараланады. Хайбар соғысында ерен қайрат көрсетіп, исламның туын көтеріп жүру мәртебесіне ие болады.
Әлі пайғамбардың (с.ғ.с) немере інісі, ұлы орнына ұл, күйеу бала, соңынан Расулдың айырылмас досы, оқымысты, уәли, ислам әлеміндегі айтулы тұлға болып қалыптасты. Алланың Расулының соңғы күндерінде оның іс жүргізушісі болып, қасында отырды. Сол себепті Әбілқасым Фирдоуси «Шахнаме» дастанында: «Егер Мұхаммед (с.ғ.с.) күнге ұқсаса, Али оның жұлдызы еді», - дейді.
Әлі мұсылман әлемінде Аллаға шексіз берілген, тұрақтылық, бір сөзділік жөнінде ол сирек кездесетін дәрежеде беделді және көп сөзділік пен өзімшілдікке жаны қас адам болды. Сол себепті Хишам ибн ал-Калби (820 ж.ө.) оған: «Алланың елшісінен кейінгі адамдардың ең абыройлысы... – бұл Али ибн Абу Талиб», - деп баға берді.
Көптеген адамдардың жазуында хазіреті Әлі орта бойлы, денесі мығым, сұлу жүзді, үлкен қара көзді, денесі тік, жауырыны жалпақ, сәл шығып тұратын қарынды, төбе шашы түсіп қалған, қарулы адам болған. Алланың берген алып күшінің арқасында ол соғысқа жұлқынып кіріскен. Жекпе-жекте кіммен кездессе де жеңіп шыққан. Артқы шаштары ұзын болғандықтан екіге бөліп, арқасына тастап жүрген. Бас киіміне бір қара, бір сары жіңішке матадан жолақ тігіп, сары жолақты арқасына қаратып киген.
Хазіреті Әлі жайында аңыз әңгімелер Түркістан, Орталық Азия өңірінде кең тараған. Кезінде ол туралы аңыз-дастандарды шайханалар мен жиындарда, тойлар мен мейрамдарда ертегі айтқыштар, ақындар, жыраулар таң атқанша айтатын. Көпшілік түні бойы жалықпай тыңдағаны былай тұрсын, кейбір қатерлі сәттерді дәріптегенде еңіреп жылап отыратын. Өзбектерде «Баба Раушан», қазақтарда «Мұхаммед-Ханафия», «Зарқұм», «Сал-Сал», «Қыз Дариға» атты дастандар бар. Жалпы қазақ ақындарының хазіреті Әліге ат басын бұрмағаны кемде-кем. Хазірет Әлі айтулы батыр, теңдессіз балуан болумен қатар, аса дарынды көркемсөз ұстасы да. Ғалымдығы да болған адам.
Мысалы: Ол туралы Сары-ағаш ауданында тұратын әйгілі Саийд Атаның ұрпағы Тұрсынәлі Айнабекұлы «Саийд нама» кітабында хазірет Әлінің ғалымдығын былай деп дәріптейді.
Еңбегі Ер Әлінің ғылымдағы,
Ғалымдар мойындаған бұрын бәрі.
«Мұхаммед ілімдегі қала болса,
Қаланың қақпасы дер хазіреті Әлі».
Қарсылас Қауаржының мықтылары,
Білімін сынағалы Әзірет Әлі.
Іріктеп он адамды дайындайды,
Ілім жайлы сауалын сұрағалы.
Он түрлі жауап берсе он адамға,
Кемеңгерлік болғаны ол адам да.
Онына да бірыңғай жауап берсе,
Нышаны кемеңгерлік шамалы онда.
Жіберіп біріншісін Қауаржылар,
Ер Әліні сынамақ болды бұлар.
-Ілім жақсы ма немесе мал жақсы ма,
Бар – деді - бір сауалым сізден сұрар.
Әли айтты: «Ілім қалған пайғамбардан,
Мал қалған Перғауын, Шаддат, Харундардан.
Білгенге ілім жақсы мал, дүниеден,
Білімсіз надан тура жолдан тайған».
Екінші сұрағанда сауал беріп,
«Ілім жақсы, - деп айтты жауап беріп.
Ілім сақтар адамды әр бәледен,
Мал сақтаймын демейсің әуреленіп».
Үшінші сауал берді жаңа,
«Ілім жақсы», - деп, айтты келсе шама.
Өйткені мал-дүниең өзіңе жау
Нағыз дос ілім, - деді, ойлап қара»
Төртінші сол сауалмен келген тағы,
Әлі айтты: «Артық қой, - деп, ілім бағы.
Малды істетсең шарт оның азаймағы,
Ілім тасыр істетсең бойыңдағы».
Бесінші келіп сауал сұрағанда,
«Ілім қажет, деп айтты әр адамға.
Өйткені малды адамды бақыл деп жұрт
Ілімдіні теңейді ұлы адамға».
Алтыншы келгенінде сол сауалмен,
Ер Әлі ілімсізді надан деген.
Өйткені мал ұрланар, қору қажет,
Ілімді ұрлай алмас адам деген.
Жетінші сол сауалмен тағы келді,
«Ілім артық – деп Әлі жауап берді.
Ақиретте мал дүниеден есеп алар,
Шафғат етер онда ілім» - деді.
Сегізінші сауалын сұрағанда,
«Мал-дүниең, - деді – ұзақ тұра ала ма,
Ілім деген сақталар мәңгі-бақи,
Деп айтты абзалдығын сонан аңла».
Тоғызыншы таңдайын қағып тақ-тұқ,
Ер Әліге сауал берді нақ қып.
«Ілімге тән қасиет кішіпейілдік,
Дүниеліге тән, - деді - кесапаттық».
Оныншы Әліге артық сауал берді,
«Дүниелі құдайға өзін санар – деді,
Ілімді Перғауынша асқақтамай,
Құдайға құлшылықпен жағар» - деді.
Қауаржылар бір сауалына,
Тәнті болып, он түрлі жауабына.
Әлінің даналығын мойындапты,
Қалмаған соң айла-шара, амалы да.
2003 жылы өзбектің ұлы ақыны Әлишер Науаидың өз заманында жазған өзбек тіліне аударған хазірет Әлінің «Жаухарлар тізбегі» атты төр тағандық өлең жолдары мен «Хикметтері және насихаттары» атты үш бөлімнен тұратын еңбектерін кітап етіп Шымкент қаласында шығарылды. Сол ұлықтың бесінші ұрпағы Абд ул-Жалил баб Хорасан Ата Орта Азияға ислам дінін алып келіп, сол дінді басына ту етіп тұрып қалған тұлғалардың бірі.
«Келген бәлеге», яғни, ел шетіне келген ауруларға бірінші болып қарсы шыққан ғалым-әулие. Кесел жұқпалы дертке қарсы ем қолданып, обаға, шешекке қарсы тұрғаны үшін Хорасан атанған.
Хазіреті Әлінің кітаптарда жазылған жеті аты бар: Али Хайдар («Арыстандай қайратты», «құдіретті» деген мағынада), Шах-и Мардан («Ерлердің падишасы»), Шер-и Йаздан («Алланың арыстаны»), Васи Аллах («Алладан тілек тілеуге құқылы»), Мұртаза («Таңдалған»). Сонымен қатар Әлінің ар-Ради (көпті риза етуші, сахи) деген де атағы болған. Бұл атаулар Хазіреті Әлінің халық арасында қаншалықты беделге ие болғанын дәлелдейді.
Хазіреті Әлі, имам Хасан, имам Хусейн үшеуі де өз туыстары – Умия әулетінің қолынан шаһид болды. Бұл жөнінде ел аузында мынадай бір әңгіме бар: Алланың соңғы Расулының төртінші атасы – Абд Манафтың әйелі бір-біріне арқалары жабысып қалған екі ұл туады. Абд Манаф елді шақырып, мәслихат жасайды: «Не істеу керек, қандай амал бар, кім қандай ақыл береді?». Біреу оған «Баланың біреуін өлтір, екіншісі тірі қалады», - дейді. Екінші біреу де: «Баланың біреуін өлтіріп, жерге көмейік, ол шірігенде екінші бала аман қалады», - дейді. Бірақ Абд Манаф қатал да болса ерлікті таңдап алып, өткір қылышпен екеуінің арасын шауып екіге бөледі. Екі баланың біріншісінің аты Хашим, екіншісінің есімі Умия болатын. Ел ішінде: «Бұл екі баланың ұрпағының арасынан қылыш өтті, енді заман ақырға дейін бұл әулеттің арасында достық болмайды», - деген әңгімелер тарады. Шын мәнінде ол солай болды да. Хашимнен Абд Мутталиб, одан Абдуллах, одан Мұхаммед (с.ғ.с.) туды. Умиядан – Харб, одан – Абу Суфиан, одан – Муавия, одан – Йазид.
Хазіреті Әліні жалданбалы құлдың қолымен өлтірткен Умияның әулеті Хасанға да осыны істейді. Оны өз әйелі Асма Йазидтің азғыруымен у беріп өлтіреді. Асманы Йазид әйелдікке алуға уәде берген болатын, алайда Йазид оған: «Хасанға опа бермеген сен кімге опа қыласың», - деп, асау аттың құйрығына байлап жіберген дейді.
Имам Хасаннан осылай құтылған Йазид, имам Хусейннен құтылудың жолын таба алмай сарсаңға түседі. Бірақ оның да есебін табады. Жалған хат жазғызып, Кербала шөлі арқылы Куфаға шақыртып, шөл далада қамап, бала-шаға, үй-ішімен тегіс қырып жібереді. Әлдеқалай бір себеппен нағашысының үйінде жүрген 11 жастағы Зейн ул-Абиддин ғана аман қалады.
Енді хазіреті Алидің тағы бір ұлы Мұхаммед ибн ал-Ханафия мен оның ұрпақтары жайлы тоқталып кетуіміз керек. Себебі, біздің қолға қалам алып, осы сөзді бастағандағы мақсатымыз – Мұхаммед ибн ал-Ханафия және оның Араб жарты аралынан шығып, бір шеті ауған мен Түркістан (Орталық Азия), оның арғы жағы Қашқардан өтіп, Қытайдың шекарасына дейін «ислам аша» барған әулеті жайымен таныстыру.
Ислам әлемі Мұхаммед ибн ал-Ханафияның жеке басына және оның әулетіне ислам таратуға сіңірген ерен еңбектері үшін үлкен құрметпен қарайды. Орта ғасырларда оның атымен байланысты қасиетті жерлер халықтың сүйікті, қасиетті жерлері саналған.
Хазіреті Әлі мен оның екі ұлы имам Хасан мен имам Хусейн халифаттың саяси сахнасынан түскен соң, Умия әулеті Абд ал-Малик (685-705 жж.) басқарып тұрған халифат тағының бірден-бір заңды иегері болып хазіреті Әлінің көзі тірі ұлы – имам Мұхаммед ибн ал-Ханафия шықты. Міне, осы кезден бастап Мұхаммед ибн ал-Ханафия имамдығын жақтаушылар оның пайдасына үгіт-насихатты күшейтті. Осының салдары, яғни дәріптеудің ықпалы имам Мұхаммед ибн ал-Ханафияның атымен байланысты қасиетті жерлердің көбеюіне алып келді.
Қазіргі Қазақстан аумағында, соның ішінде Сырдарияның бойында ислам аша келгендер мен оны орнықтырушылардың ізі сайрап жатыр. Бұл алқапта Абд ул-Жалил бабтың (Қорасан ата) мазары Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Оғыз қыратында, ел арасында «Тоты құс» аралы деп аталатын жерде, әйгілі Қызылқұмның шетінде. Сол маңда Бақшайыш ата-Камалиддин шайхтың мазары да Хорасан атадан төменірек, сол ауданның Байкенже атты жерінде. Жаңақорғанның күнбатыс бетінде Оғызкентте Әл-Әмин баб, Саблут ата, Шәмші Бүзірік аталарымыздың сағанасы орналасқан. Түгіскент (Тоғызкент) маңында Сафи ад-дин Урынк Қойлақтың қабірі бар. Бұның күншығысында Құл Қожа Ахмет Йассауи сағанасы тұр. Түркістаннан жоғары әйгілі Арыстан баб сағанасы. Осы маңда Мұхаммед данышпанның кесенесі бар. Бұл Қожа Ахмет Яссауидің туысы Садыр шайхтың ұлы. Қаратаудың теріскейінде Ысқақ бабтың кесенесі тағы тағылар...
Осы аталған әзіздердің барлығы да бір Хазіреті Әлидің ұрпақтары.
Достарыңызбен бөлісу: |