АУРУДЫҢ ШАҒЫМДАРЫ Тәбетінің төмендеуі. Асқазанның қабынуында (гастритте), қарынның жарасында,
бауырдың созылмалы ауруларында, ұйқы безінің қабынуында (панкреатитте) ең жиі
кездесетін шағымдардың бірі. Асқа зауқы болмау (анорексия) – асқазанның кілегей
қабығы зақымдалғанда, сөл бөлуі азайғанда және баланың тәрбиесі нашар болғанда
байқалады.
Кейбір жағдайларда баланың белгілі бір астан жиренуі мүмкін. Дисахаридтік
жарамсыздыққа сүт тағамдарын, жемістерді, тәтті тамақтарды пайдаланғанда тәбет
бұрмалануы пайда болуы мүмкін. Бауыры және өт жолдарының ауруларында майлы
тамаққа тәбеті нашарлайды.
Тәбеттің артуы (полифагия) мальабсорбциямен, созылмалы панкретитте (жазылу
кезінде) байқалады.
Тамаққа жылдам тою асқазанның фундальдік бөлімінің қабынуында, бауыр және өт
жолдарының ауруларында кездеседі.
Үнемі қарын ашу сезімі ұйқы безінің қабынуында, қант диабетінде байқалады.
Ішек құрты ауруында (аскаридозда) шектен тыс сілекей бөліну байқалады.
Ауыздың дәмі – қышқылт дәм – асқазанның жарасында, гастродуоденитте, ал ащы
немесе ауыздың темір татуы бауыр ауруларында кездеседі.
Жұтынудың бұзылуы (дисфагия): ісікпен, лимфа бездерімен, айыршық және
қалқанша бездермен, көкірек және плевра қуысында жиналған іріңмен немесе
сұйықтықтармен өнеш басылып қалған жағдайда аурудың тамақты жұтуы қиындап, өңеш
бойы ауырып, регургитация пайда болады.
Кекіру – қарындағы жиналған ауаның кері шығуы – құрғак кекіру, ал ауаның
тамақпен аралас шығуы – тамақ аралас кекіруі деп аталады.
Емшектегі сәбилердің емшек емген кезіндегі жұтылған ауаны қайта шығару немесе
кекіруі
аэрофагия деп аталады.
Шіріген иісті кекіру қарын қалтқысының тарылуында, гастритте кездеседі. Асқазан
сөлінің қышқылдығы көбейгенде (асқазан жарасында, гастродуоденитте) кекіріктің өте
қышқылтым дәмі, ал дуоденогастральды рефлюксте өттің ащы дәмі білінеді.
Дуоденогастральды рефлюкс дегеніміз өттің ұлтабардан қарынға кері түсуі.
Қыжылдау, күю-құрсақ басының немесе төс астының қыжылдауы немесе күюі
эзофагитте, өңештің пептикалық жарасында, гастродуоденитте, асқазанның жарасында,
диафрагма жарығында байқалады.