Бауыржан Момышұлы Москва үшін шайқас (роман)



Pdf көрінісі
бет26/45
Дата19.05.2023
өлшемі1,68 Mb.
#94921
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   45
Байланысты:
199Бауыржан Момышұлы-Москва үшін шайқас 230330 123802

ТҮНГІ САРЫН 
Арада екі-ақ күн өтті... 
Комиссардың бұйрығы бойынша бір зеңбірек, бір пулеметпен кешікпей полк штабына 
келіңіз, — деп ымырт жабыла бір офицер маған телефон соқты. Аттандық. Мені шақырып 
отырған полк комиссары Логвиненко еті тірі болғанмен, ойы шолақтаулардың бірі еді. 
Адалдығында ешқандай күмән жоқ. Түбін терең сүзе ойламайтын ұшқалақ мінезі бар-ды. 
Әскери білім жағынан шалағайлығымен, тасқын, ұрып салма күші қайшыласатын да, 
бүлдіретін. Қолына тізгін тиген тәжірибесіздердің біреуі. Комиссар, оның өз сөзімен 
айтқанда, әр кісіні қиыншылық жағдайда «ерекше тапсырманы» жұмсап сынап алғанды 
дұрыс көретін. Жалпы жағдайға «ерекше тапсырманың» қанша қажеттігі бары - жоғына ол 
бойламайтын. «Мен жауды қыруға жұмсап отырмын. Демек, бүл жалпы жағдайға сәйкес 
деп білемін, солай түсінемін» дейтін-ді. 
Майор Елин болса, комиссардың көп қылықтарын мақұлдамайтын да, ұшқалақтық деп 
санайтын. Бірақ онымен орынсыз жағаласа бермейтін еді. Елин —- сабырлы командир. 
Соғысқа кіргелі бері комиссар біздің батальонда бір болмаған еді. Менің соғыста өзімді 
өзім қалай ұстайтынымды өз көзімен әлі күнге дейін көрмеген. Енді ол мені «ерекше 
тапсырмаға» жұмсап, сынағалы шақыртып отырғаны ап-айқын. 
Түн ортасы бола бергенде біз полк штабына келдік. Логвиненко алдындағы картасына 
үңіле қарап, қоразданып, бұйрық лебімен былай бастады: 
— Тыңдаңыз, жолдас аға лейтенант! Мынау орманның арғы шетінде, көріп турсыз 
Десятидворка дейтін қыстақ — деревня бар. Ол деревняның халқы әлдеқашан үркіп, 
жайларын тастап кеткен. Сонда бүгін коп немістер қонып жатыр деген мәлімет бар. Бір 
зеңбірек, бір пулеметпен сол деревняның іргесіне барып, атқылап, атой салып деревняны 
аласыз. 
— 
Тұра тұрыңыз, — деді Елин комиссардың сөзін бөліп. — Он жауынгермен қалайша 
деревняны ал деп отырсыз? Жөнсіздіктің де орны болады ғой. 
Логвиненко сұп-сұр болып, Елинге ала көзімен бір қарады да, үн қатпады. Елин оны 
аңғармағандай: 
— 
Батальон командирі сізге он басшы емес, қолбасшы, жолдас комиссар. Әркімнің 
өзіне жарастық орны бар. Қалайша сіз батальон командирін деревняға құр қол жұмсайын 
деп отырсыз? 
— 
Онда немістер шырт ұйқыда жатыр емес пе?! — деді ол сасқанынан. 
— 
Жайбарақат жатқан жауды мен әлі кездестірген жоқпын. Ал, келеріңіз келген 
екенсіз, комиссардың да көңілі қалмасын. Бұл кісінің айтуы бойынша деревняның іргесіне 
барып атқылап - атқылап, одан кейін батальоныңызға қайта беріңіз! — деді Елин. 
— 
Қыстақты кім алмақ одан кейін? — деп сұрады Логвиненко. 
— 
Оны алып не керегі бар. Мейлі, әлгі осындағы барлаушылар ротасы дайын болса, 
деревняны алуға соны жұмсаңыз. Комбатты кешіктірмеңіз! Бұл авантюрадан басқа да ол 
кісінің жұмыстары толып жатыр. 


164 
Деревняның іргесіне 260-300 метрдей жақындап, зеңбірек пен пулеметті орналастырдық. 
Деревняның үйлері қаз-қатар қарауытып көрініп тұр. 
— 
Алдымен, жолдас комиссар, зеңбірекпен атқылайық. 
— 
Пулеметпен неге бастағыңыз келмейді? 
— 
Зеңбіректің болат тескіш оқтарымен бірнеше үйлердің қабырғаларын тессек, 
немістер үрке - үрке оянып, дүркіреп далаға шығады ғой. Сол кезде пулеметке жол беруге 
болады. 
— 
Онда бастаңыз, — деді Логвиненко. 
Зеңбіректен он бес-жиырма оқ атылды. Деревня көшесінен у-шу, айқай - даңғаза дауыстар 
шыққанда пулемет оқ боратты. Айқай-ұйқай үдей тусті. 
— 
Барлаушылар әлі көрінбейді ғой. Неге кешікті екен? — деп Логвиненко тықыршып 
турды да, — тағы бір рет бастырмалатып атыңыз да, командир айтқандай, қайта беріңіз! 
— деді маған. 
СЕНІМ 
Истра өзенінің бойы, көл жотасы. Истра қаласының іргесі, одан соң оңтүстікке қарай 
көлбеп жатқан жер беті ойлы-қырлы, шошақ төбелі, белес-белес жонды, қырқалы келеді. 
Мықты бекіністер жасап, қорғануға жер жағдайы өте ыңғайлы - ақ. Командованиенің ойы: 
Истра бойында жауды тоқтатып, алдына көп уақытқа дейін бөгет жасап, ілгері бастырмау 
еді. Бірақ іс ой үстінен шыққан жоқ, күтпеген жерден насырға айналды. Жау Истраны оп - 
оңай-ақ басып алды. Оның себебі, сол маңдағы әскерлеріміздің табансыздығынан емес, 
тек сұрқия сақсыздықтың, бейқамдықтың салдарынан болды. 
Күтпеген жерден болған өкініш бәрімізге де ауыр соқты. «Сен болмасаң бүйтпес едік» 
деген бірін бірі кінәлау мен ашу үстіндегі айқай-ұйқай басталды. Екі солдат кежілдессе, 
оларды басу оңай: қой дегеніңе қоймаса, бұйрықпен қойдырасың. Ал, үлкен екі 
командирдің кежілін қашан өздерінің ашуы тарқағанша қойдыру қиын. Бұзылған шепті 
түзеу үшін қолданған шаралардан ешқандай нәтиже шықпады. Дүмпу басылар емес, 
дұшпан болса шулаған іргені екі босағасын да қиратып барады. Біз қоршауда қалмас үшін 
шегінуге мәжбүр болдық. Ал, шегіну оңай емес. Соғыста ең қиын нәрсе—шегіну. Алдағы 
күші басым дұшпанмен тайталассаң артта жоғарғы орындағы штабтың қысымын көріп, 
сарысуың сыртыңа шығады. Шегінудің ең басты шарты — сабырлылық, асығып-аптығып 
шегіне алмайсың. 
Ашуы тарқамаған, ызалы жаңа комдив полковник Кадров пен майор Елинді орындарынан 
қағып түсірді. Қызу соғыста «менікі дұрыс еді, сенікі дұрыс емес» деп аузыңды ашушы 
болма — бәлеге қаласың. Ақты - қараны талдап, ажыратып жатуға уақыт жоқ. Ұрыс жүріп 
жатыр. Үн қатушы болма. Кейіннен көре жатарсың. 
Капровтың орнына майор Стариков тағайындалды. Елиннің орнын басуды маған ұсынды. 
Жасым жиырма тоғыздан отызға жаңа ғана аяқ басқан едім. Әскери атағым — аға 
лейтенант. Полкты басқаруға тәжірибем мүлде аз. Мен полк командирі болудан бас 
тарттым. Мені жазғырып ұрысты: 
— 
Сізге үлкен орын ұсынып отымыз. Несіне бәлдене қалдыңыз? 
— 
Жоқ, жолдас комдив, мен бәлденін тұрғаным жоқ, полктың обалына қалғым 
келмейді. 


165 
— 
О жеті атаңды... — дей бергенде гүрс етігі, біз отырған үйдің бір босағасы сатыр - 
сұтыр құлады. Үй іші көк түтін, шаң, тозаң. 
— 
Тірімісің?! — деп сұрады менен түкіріп, пысқырып орнынан тұрған комдив. 
— 
Тірімін. Өзіңіз қалайсыз? 
— 
Далаға шығалық. 
Көшеге шықсақ немістің самолеттері төбемізден бомбалар құмалақтап, оқ атып, ойран 
салып ұшып жүр екен. Комдив мені машинасына мінгізіп ала жөнелді. Жол-жөнекей 
әкемді таныта зейіріп ұрсып, айтпаған сөзі жоқ. Жасы үлкен, жолы үлкен кісі 
болғандықтан, мен біраз үн қатпай отырдым. 
— 
Жолдас комдив! — дедім бір сөз кезегінде, — марқұм генерал Панфиловтан «сен» 
деген соз естімеген едім, ал сіз бір сағаттан бері менің жеті атамның түгін қалдырған 
жоқсыз. 
Алда отырған комдив үн қатпады. Желкесі құрымдай қызарып кетті. Онда да, менде де үн 
жоқ. Кетіп бара жатырмыз. 
Машина тоқтады. Комдив адъютантымен шығып кетті. Мен қалып қойдым. Бір сағаттан 
соң, бір капитан келіп мен отырған машинаның есігін ашып: 
— 
Жүріңіз! Сізді командашы қабылдамақ, — деді. Орта мектептің үйіне келдік. 
— 
Мына класқа еніңіз! — деді капитан маған есікті көрсетіп. 
Кіріп келсем, жиырма шақты парталар өз орнында, төрдегі класс тақтасының алдындағы 
столда реңді, жас генерал - лейтенант мұғалімге ұқсап, қағазға үңіле қарап отыр. Тақтада 
ақ бормен сызылған бірнеше әскери белгілер бар. 
— 
Рұқсат етіңіз, жолдас генерал! — деп қалт тұра бергенімде, сұңғақ бойлы генерал 
орнынан тұрып, парталар арасымен маған қарай күлімсіреп келе берді, 
— 
Сәлеметсіз бе, жолдас Момышұлы! — деп қол ұсынды. 
Қолымды алып тұрып, тағы да қара жасыл көзімен «кіммен 
сөйлесіп тұрмын» дегендей, күлімсірей бір қарады да: 
— 
Марқұм Иван Васильевич Панфилов маған сіз туралы айтып еді. Мен сізді 
сыртыңыздан білемін. Бүгін бірінші рет жолығысып тұрмыз, — деп қолымды босатты. Өзі 
әрі-бері екі - үш қадам жүрді де, маған бұрылып: — Барлық Қызыл Армияда полкқа 
командир болған аға лейтенант жалғыз сіз ғана деп айта алмаймын. Бірақ біздің армияда 
сізден басқа аға лейтенант полк командирі дәрежесінде емес. Жаңа қызмет орныңыз құтты 
болсын! — деп маған тағы да қолын ұсынды. Мен не дерімді білмедім. — Әрине, сізге 
полкты басқару ең алғашында оңай болмайды. Қаймықпай, сескенбей іске кірісіңіз. Керек 
болса жәрдем сұраңыз. Көмектесу бізге парыз. 
— 
Сеніміңізге рахмет! 
— 
Тағыда құттықтаймын! Бір майданда соғысамыз ғой. Ісіңіз абыройлы болсын! —
деді қоштасып тұрып генерал. 
Дивизия штабына қайтып оралғанда, комдив машинадан түсті де, шоферға: 


166 
—Полк командирін апарып тастап қайтарсыз! —деп бұйырды да, маған қарап: — Ал, полк 
командирі, асық айтылған сөздерді кек сақтамаңыз! —деді. 
— 
Жоқ, сіз де, жолдас комдив, мені айыпқа бұйырмаңыз. 
— 
Соғыстың бір желісіндегі адамбыз ғой. Тағыда кездесерміз. Ісіңіз сәтті болғай! — 
деді комдив қоштасып тұрып. 
Майор Елин өз міндетін маған тапсырып болып, мені құттықтады. 
— 
Есіңде болсын: полк батальон емес. Сабырлы мінез, салмақты ойсыз полкты 
басқара алмайсың. Әр уақытта ісің ойдағыдай сәтті бола бермейді. Сақ бол. Ойланып, 
ақылдасып шеш мәселені. Бірақ тізгінді ешкімге ұстатпа! — деп ағалық ақылын айтып, 
Елин аттанды. Мен оны қыруар жерге дейін шығарып салдым. 
Қайтып келіп штабқа кірсем, полк комиссары Логвиненко телефонмен сөйлесіп тұр екен. 
— 
Иә, бірақ, жолдас начальник! — Ол мені көріп сөзін бөліп «Иә», «Жоқ», «Солай» 
деумен болды. — Қайтейін, сіздер солай шешкен болсаңыздар. Әрине, бірге істесетін 
менмін ғой... Құп, жарайды... Сөйтуге тырысайын. 
Сөйтіп мен полк командирі болдым.
— 
Ал енді сіздің орныңызға кімді 1-ші батальонның, командирі етіп тағайындаймыз? 
— деп сұрады Логвиненко, штаб начальнигінің сөзін бөліп. 
— 
Лейтенант Исламқұловты тағайындадым. 
— 
Қалайша? 
— 
Исламқұлов жақсы командирлердің бірі. Батальонды соған тапсырдым. 
— 
Ол партияда жоқ кісі ғой. Оның әкесі 25 жыл болыс болған. 
— 
Мен де партияда жоқпын. Оның өзі емес, әкесі болыс болған. 
— 
Мен Исламқұловты тағайындауға қарсымын... 
— 
Сіз мені тағайындауға да қарсы болғансыз. 
Логвиненко бұрқ етіп жанып кете жаздап барып, өзін өзі әрең тоқтатып, штаб начальнигі 
майор Демидовичке: — Сіз әзірше шыға тұрыңыз, — деді. Демидович шығып кеткеннен 
кейін: 
— 
Мен командирмін, Петр Васильевич, — дедім комиссарға. — Будан бұрынғы 
жиырма-отыз ұрыста ол батальонды мен басқарғанмын. Ол менің батальоным. Сондықтан 
оны тапсыру алдымен менің еркімде. Комдивпен Исламқұлов туралы алдымен келісіп 
алған болатынмын. 
— 
Бай - болыстың баласы деп айтпаған боларсыз. 
— 
Айтқам жоқ... Батыл, ауыр мінез, салмақты, ақылды командирлердің бірі деп 
айттым. 
— 
Екеуміз бірге жауап береміз, Петр Васильевич... Сіздің жасыңыз да, әскери 
атағыңыз да менен үлкен. Бірден шажылдаса бастадық. Екеуміздің басымыздың бір 
қазанға сыймайтынын жоғарғы орынға айталық. Олар бірімізді ауыстырар. 


167 
— 
Сіз келе салысымен менімен санаспадыңыз. 
— 
Бұдан былай ақылдасып істеуге уәде етсем, сенесіз бе? 
— 
Сенейін, — деді ашуы тарқамаған Логвиненко қиналып. 
Штаб начальнигі майор Демидович қайта оралды. Ұзын бойлы, семіп қалған, қара қатпа, 
қырықтардан жаңа ғана асқан майор, қолындағы папкасын менің алдыма жайып: 
— 
Жолдас командир, біздің полктың батальондары, — деп жалпы жағдайды баяндап 
өтті де, дивизия штабы сіз жағынан жаңа шешім бар ма деп сұрап жатыр, — деді. 
— 
Бұрынғыдан ешқандай өзгеріс жоқ деп баяндаңыз. 
— 
Бізге 450 адам келді. Оларды қалай бөлмексіз? 
— 
Қай батальонда, қанша адамнан қалды екен, соны айтыңызшы? 
— 
Біріншіде... — дей бергенде сыртта сарт-сұрт атыс басталып кетті. Демидович 
жалма-жан қағаздарын жинап ата жөнелді. Комиссар екеуміз сыртқа шықсақ, жан-жақтың 
бәрі атыс. 450 адам орманға қарай босып қашып барады. Дұшпанға қарсылық көрсетіп 
жатқан — штабтың маңайындағы комендант взводының байырғы жауынгерлері екен. 
Олар әр шарбақты, әр үйді паналап тұрып, дұшпанды атқылап жатыр. Біз комиссар 
екеуміз, 450 қашқынды әрең қуып жетіп, оларды тоқтата алмай әуреленіп жүрміз. 
— 
Тоқтаңдар! — деп айқайлайды комиссар, қолындағы пистолетін көздейді, атпақшы 
бон үрейлендіреді. 
— 
Тоқтаңдар! —деп айқайлаймын қолымды көтеріп. 
Кейбіреулері бізді тыңдайды, кейбіреулері тыңдамайды... 
Әйтеуір әзер тоқтатып, орманның жиегіне жиналдық - ау. 
Бізге жаңа келген 450 адам әр жерден бастары қосылған қурама, қару - жарақтары сайма-
сай емес, әлі шынықпаған, үстерінде әскери киімдері, қолдарында жарақтары болғаны 
болмаса, әлі әскери тәртіпке жаттықпаған азаматтар екен. Оларды дереу арнаға салу қиын. 
Жау штаб тұрған Трусово деревнясын алып, біз орналасқан орманға қарай беттеді... 
— 
Апырмай, мыналарды зорға тоқтатып едік! — деді комиссар келе жатқан жаудың 
түріне қарап. 
— 
Үркейін деп тұрған жылқыға бір-ақ қиқу жеткілікті дегендей, булардың дегбірі 
кетіп тұрған халық қой. Бәрібір қашады ғой, одан да өзіміз рұқсат беріп бастарын қосып, 
топтастырып шегіндірейік. 
— 
Тұра тұралық. Әлі жау алыста, — деді комиссар. 
Сөйтіп тұрғанымызда, біз тұрған орманның сол жағындағы алаңнан қол пулеметтің бауын 
қолына іліп, кезене ұстаған ұзын бойлы, еңкіштеу Семен Краев басқарған рота жүре - 
жүгіре атқылап, жаудың бір бүйірінен тиісті. Краев ентелеп жүгіріп, ротаның алдында 
пулеметпен атқылап барады. 
Тосыннан тигенге жау төтеп бере алмады. Труеовоға қарай табанын жалтырата қаша 
бастады. 


168 
— 
Мына көзсіз батыр кім болды екен? — деді комиссар. 
— 
Екінші ротаның командирі лейтенант Семен Краев, — дедім мен. — Мүмкін оны 
біздің ауыр жағдайымызды көріп тұрып, Исламқүлов жұмсаған болар. 
Штабтан хабар жоқ. Штаб адамдары бізден озып, кейінге қарай безіп кеткеніне 
күмәндануға болмайды. Қолтабыс етер ешкім жоқ. Біздің қасымызда штаб офицерлерінен, 
полк капельмейстері сұңғақ бойлы, қара торы жігіт Николай Попов қана жүр. Ол бүгін 
штаб бойынша кезекші екен, сондықтан командирдің қасында болуды өзіне борыш санап, 
басқаларға ілеспепті. 
Сіз, жолдас Попов, Краевқа барыңыз! — деп бұйырдым мен оған. — Исламқұловпен 
байланыс жасаңыз, бірінші батальон жауды Трусоводан бері қарай шығарушы болмасын. 
Біз мына адамдарды Соколовоға, осы араның сыртындағы деревняға алып барып, 
ұйымдастыру шарасын қарастырамыз. Басқа батальон да орындарында көрінеді ғой, 
оларға біздің Соколовода екенімізді хабарласын! Өзіңіз тез қайтып келіңіз! 
Біз Соколовоға келдік. Жауынгерлерді топ-топқа бөліп, деревняның бір шетінен қорғаныс 
істеуге орындар белгілеп жүрміз. Біз сол орындарды тағы да бір рет аралап келе 
жатқанымызда зу-зу етіп бір оқ бірінің артынан бірі өте шықты. Логвиненко бір сарайды 
ықтай қалды. Попов оған таңданғандай, аңырайып қарап түр. 
-— Жүріңіз! Олар бізге атылған оқ емес, — деп мен алға жүріп кеттім. 
Жауынгерлерді мен білмеймін, олар мені білмейді. Бірақ олар менің командир екенімді 
біледі. 
—Ал, жолдастар, түс қайтқалы коп болды. Біздің жауынгерлер алдыңғы шепте соғысып 
жатыр. Дабылын өздерің естіп тұрған боларсыңдар. Олар ымырт жабыла осы жерге 
келеді. Сіздер олардың қатарына, топтарына қосыласыңдар. Олардың көбі тіс қаққан 
жауынгерлер, гвардияшылар. Солар келгенше орындарыңды дұрыстап, дайындап 
орнығып алыңдар, әзірше ешнәрсе жоқ, кешкі тамақты солармен ішесіңдер! 
Осы сөзімді қайталап айтып, топтан топты аралап жүрмін. Маған еріп жүрген Николай 
Попов біресе менің қасымда болып, біресе мен жұмсаған жаққа жүгіріп барып келіп жүр. 
— 
Ия, жолдас командир, оларды да күтелік, — деді желкесін қасып, даусы қарлыққан, 
бет-аузын тозаң басқан, орта бойлы егде тартқан жауынгер. Ол төмен қарап тұрды да, — 
асығатын не бар дейсіз, жолдас командир, — соғыс болса жақында ғана басталды ғой, 
таяуда біте қоймас. Бірақ мана біраз мүлт кетіріп алдық - ау деймін. 
— 
Қауіптенбеңіз, жолдас командир! Біздің де бөтендігіміз жоқ!.. 
— 
Біздің топтың орнына мықты болуына мен кепілмін, жолдас командир! 
— 
Егерде кенеттен тие қалса, оқтарым аздау, жолдас командир! 
— 
Мапа қашайық деп қашқанымыз жоқ! 
— 
Жарайды, жолдастар, мен қолымнан келгенін аямаймын. 
— 
Өзіміздің адамға өзіміз мылтық кезеді деген не сұмдық! Мерген болса неміс құрып 
қалып па?! — Әй, сен жап аузыңды, — деп бір сержант орнынан қарғып тұрды да, маған 
қарап, — ғапу етіңіз, жолдас командир, арамызда осындай кісілер де жоқ емес, — деді 
күмілжіп. 


169 
Мен басқа топқа кетіп бара жатқанымда соңымнан: 
— 
Саған не жоқ?! 
— 
Сенікі дұрыс па?! Сен мана кімге оқ жұмсадық? 
— 
Сен сияқты сұм аяқтарды құрту керек!.. Тағы осы сияқты қақтығыс сөздер естіліп 
жатты. Тарс етіп мылтық атылды. 
— 
Жолдас командир, жаңағыны өздері атып тастады! — деді маған Николай Попов. 
— 
Мен естігенім жоқ, жолдас лейтенант. 
— 
Ясно, товарищ командир полка! 
Деревняның бір шетіне келсек, біп-биік бір жалғыз мая тұр. Сабан ба, шоп пе белгісіз. 
Қасына бардық. Бұл — текшелене буылған мақта маясы болып шықты. 
«Мына қаңтардың аязында мақтадан окоп істесек, әрі жылы, әрі оны ақ қардан ажырату 
қиын және қалың мақтадан оқ өтпейді» деп ойладым да, Поповқа: 
— 
Мына мақтаны үлесіп алып, әр топ өздеріне окоп істесін! Тез барып бұйырыңыз! — 
деп жұмсадым. 
Попов жүгіріп кетті. Мен деревня шетін аралап келемін. Бір кезде сыммен қоршалап 
қойған бірнеше жертөле күркелерге кездестім. Колхоздың жанармай қоймасы екен. «Бұл 
жер де бір снаряд немесе мина түссе, өртеніп ойран болады - ау» деп ойладым. 
Көшенің ортасына қайта оралып келе жатқанымда аспан күркіреп, тау қулағандай сарт - 
сұрт, тарс - тұрс етіп, Соколовоның үстіне зеңбірек, миномет оқтары жауа бастады. Маған 
да жан керек қой, бір үйдің панасын тасалай қалдым. Снаряд пен миналар үсті-үстіне 
түсіп, бұрқылдап жарылып, әлегімізді аспанға шығарып жатыр. Тәжірибесіз жауынгерлер 
үркек келеді. Деревня шетіндегі топтардың көбі дүркірей жүгіріп, ортаға қарай бет алды. 
Қасымда ешкім жоқ. «Қап!» деп бармақ тістеуден басқа не қалды маған? Манадан бері 
зорға құрған топтарымыз көз алдымда бытырап кетті. Батальон командирі болып жүріп, 
мұндай қорлықты көрген жоқ едім. 
Бір көшеден екінші көшеге өтіп бара жатқанымда, үстінде олпы-солпы әскери киімі бар 
бір әйел, жараланған жауынгердің қасына жүгіріп барып, атыс - матыспен ісі жоқ
жаңағының жарақат жерін таңа бастады. Ол бұдан кейін гүрс етіп қулаған тағы бір 
жауынгердің қасына ұшып барып, оның да киімдерін жыртып, жарасын таңа бастады. Ол 
тағы да орнынан тұрып, екінші көшеге жүгіре бергенде: 
— 
Доктор! — дедім дауыстап. 
— 
Мен доктор емеспін, — деп маған бұрылды жаңағы әйел. 
Мен қасына жетіп бар дым. Көзіне көзім түсіп кетті. 
Еврейлердің ішінде сирек кездесетін әйелдер болады: олардың шашы өте қою, қып-қызыл 
жирен келеді; қасы қалың құс канат келеді; кірпігі ұзын, қайқы болады; көздері 
мөлдіреген, тұңғиық қап-қара. Шын құралай көз солар! Менің қарсы алдымда осы сұлу 
тұр. Тарих сұлу батыр қызды «Амазонка» деп атаған. Жоқ! 
Менің қарындасым Амазонка емес, тек студентка Вера Гордова екен. 
Верочка! Ана үйде дәрігерлік пункт ұйымдастыр. Қазір мен қайтып оралам, қарағым. 


170 
— 
Сіз кімсіз? 
— 
Мен осы полктың командирімін... 
— 
Жаралыларды қайтем'? — деп дауыстап сұрады Вера, мен бір көшеден жүгіріп өтіп 
бара жатқанымда. 
— 
Өздері барады, өзіміз алып барамыз. Сен ісіңе кірісе бер, — деп асығып-аптығып 
жауап қатып, мен алға ұмтыла бердім. 
Бір көшеде Николай Попов соңымнан қуып жетті: 
— 
Жолдас командир! Лейтенант Исламқұлов шабарман жіберіпті. Екі батальонмен 
байланысыпты. Олар орнында. Иеламқұловтың батальоны, сіздің бұйрығыңыз бойынша, 
Трусовоны шеңберлеп тұр екен. Лейтенант Исламқұлов сізден бұйрық күтіп отырмын 
депті. 
— 
Орнынан қозғалмасын! Менің бұйрығым сол. 
—Майор Елинді сіздің бұйрығыңызбен шығарып салып, қазір келдім, жолдас командир, 
— деп алдымда сұңғақ бойлы тарамыс, уылжыған жас лейтенант Петр Сулима тұр. 
Украиндықтар арасында, әсіресе Полтовщинада реңтілер көп кездеседі. Сулима — 
Полтовщинаның бір сұлу жігіті. Ол маған бүгіннен бастан болды. 
Күтпеген жерден менің атқосшым, өзіміздің Текелінің орысы Николай Синченко жирен 
қасқамды жетелеп келіп, қиналған түрде: 
— 
Мына топалаңдамен сізді жоғалтып алдым. Енді ғана зорға тауып тұрмын, - деді 
қазақшалап. 
— 
Дұрыс, жігітім! Анау сарайға барып аттарыңа жем бер де, Исламқұловқа шап! 
Ымырт жабыла ол мұнда жететін болсын деп айт. 
Менің полк командирі болып тағайындалған алғашқы күнім осылай басталды. 
Түн болды.
ТҮНДЕ 
Ол кезде мен жас едім. «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан аламын. Өз еркіммен 
ешнәрсе бермеймін!» деп жүрген кезімнің бастама дәуірі еді ол уақыт. Мені жүгіру 
шаршатқан жоқ. Құмға сіңген судай жоғалған штабым, ғайып болып кеткен комиссарым, 
жалғыздығым шаршатты. Жоқ, мен жалғыз емеспін! Қасымда адал ер-азамат Попов, 
Сулима, санитарка Вера Гордова, әлі ұйымдастыру иі қанбаған 450 жауынгер және мені 
полк командирі санап, алда жаумен айқасып жатқан үш батальон байырғы солдаттарым 
бар. Мен жалғыз емеспін! Алайда, шаршадым. Шаршаған себебім: мен бала мінез, 
ержүрек Жалмұхаммед Бозжанов, ұшқалақтау болса да көзсіз батыр Семен Краев, 
салмақты, сабырлы Хабибулла Рахимов, кінәмшіл болса да адал" Ефим Ефимович 
Филимонов, салмақты тапқыр Мұхамедқұл Исламқұлов сияқты командирлердің 
командирі болып жиырма - отыз ұрыс, бес-алты қоршауды бастан өткізгенмін. Aп бүгін 
полк командирі бола салысымен, оз басыммен өзім әуре болып жүрмін. Штаб та жоқ, 
комиссар да жоқ. Қудай бар — архив бар. Меніңше шыны осы. Айып менде екені де рас. 
Жасырарым жоқ. Басқаны да ақтағым келмейді. Әркімнің өз айыбы өзінде. Менің 
шаршағаным рас. 


171 
Деревняның орталығындағы еңселі үйге кіріп келдім. Вера Гордова жарақаттанған 
жауынгерлердің жарасын таңып, байлап, шыр көбелек болып жүр. Ол біреуінің басын 
сүйейді, біреуін жатқызады, біреуінің «иманын үйіреді». 
— 
Сіз еркек емессіз бе?! — деп қатты сөйледі біреуіне. — Сіздің жараңыз мысық 
тырнағандай ғана. Несіне уһлеп - аһлап тұрсыз! Мына кісінің омыртқасы үзілген. 
Еңгезердей болып неге қарап тұрсыз! Көтеріңіз! Менің күшім жетпей тұр... Басына 
жастық қойыңыз! Абайлаңыз! Су алып келіңіз! Ыңқылдамаңыз! 
Вера мені байқамады. Сулима, Николай Попов келді. 
— 
Қызға көмектесіңдер! — деп бұйырдым мен оларға. Ол екеуі де дереу санитар бола 
қалды. Вера алғыс жаудырып жүр. Мен орындықта отырмын. Адам өлісімен саси 
бастайды. Иіс мұрныңды жарып барады. Көз алдымда коп адам қиналып жатыр, 
бірсыпырасы жантәсілім етуде. Мен бәрін де көріп отырмын. Вера, Сулима, Николай 
Поповтар ажалмен арпалысып жүр. 
— 
Мақтаны қайттіңдер? — деп сұрадым Поповтан бір толастағанда. 
— 
Өзіңіз айтқандай, окоп жасаңдар деп бұйырдық жауынгерлерге. 
— 
Осы үйге бірнеше текшесін алдырыңдар! 
— 
Зачем, это же нестерилизованная вата, —деді Вера. 
— 
Бастарына жастап қоямыз, Верочка. 
— 
Ә, онда жарайды. Менің ойыма келмепті, — деп балаша аңқаулықпен ол өз қатесін 
мойындады. 
Толстунов келді. Оның оң қолынан қан сорғалап ағып тұр. 
— 
Ей, досым - ау, сен жаралысың ғой! 
— 
Менің жарам жеңіл. Пулеметші Алексей Иванович Блоха екеуміз күні бойы қатар 
жаттық. Оның жарасы ауыр. Сіздерге қалқан боламыз деп әрекеттеніп жүргенімізде, оның 
кеңірдегінен оқ тиіп, дәл самайына болат жаңқасы тиді. 
— 
Өзі тірі ме? 
— 
Тірі. Бірақ қырылдап тұншығып жатыр. 
— 
Верочка, мына кісінің қолын өзім байлайын, сіз Блохаға барыңыз. 
Мұхамедқұл Исламқұлов келді. Түрі сұп-сұр, көкпеңбек. 
— 
Мұқа, сізді кім шақырды мұнда! Алда тосқауыл бар ма? — деп ақырып 
жібергенімді сөзімнің аяғында ғана сездім. 
— 
Күні бойы тосқауыл болғанда, күн батқаннан кейін қалай тосқауыл болмасын. 
Сабыр ет, батыр, алдымен тыңда мені! 
— 
Кешіріңіз, Мұқа!.. 
— 
Семен Краев, оның ротасы — көзсіз батырлар. Тосқауылға соларды тастап кеттім, 
жолдас полк командирі! 


172 
— 
Өте дұрыс істепсіз, Мұқа! 
— 
Оларға екі зеңбірек бердім. 
— 
Оларға зеңбіректің не керегі бар еді? 
— 
Жау жағынан екі танк күні бойы мазамызды алды ғой. Біреуін жайраттық, екіншісі 
орманға тығылды. 
— 
Мына жаңа келген 450 адам мені шаршатты. Соларды, Мұқа, сіздің батальонға 
берем. Қабылдаңыз. Жақсы азаматтар көрінеді. Мен полк командирімін ғой. Соколовоны 
да сізге тапсырдым. Краев жақсы жігіт, ол алдағы тосқауыл болып тұра берсін. Осындағы 
мақтаны пайдаланыңыз, Мұқа. 
Түнгі сағат 11-де штаб та табылды, комиссар да қайтып келді. Үлкендер ақырып, кішілер 
баяндай бастады. Подполковник Курганов келді. Шешім алдық. Ел орындарына 
орналасып жатыр. Түні бойы немістер бізге маза берген жоқ. Қой күзеткен қойшыдай, біз 
де дұшпанның түнгі шабуылын тойтара отырумен болдық. «Қойшылар қой күзетсе таң 
атпайды» — біздің басымызға келді. Семен Краев пен оның ротасы бұл түні сақшымыз да, 
қорғанымыз да болуға әбден жарады. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет