Ббк 83. 3 (5 Қаз) с 26 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі



Pdf көрінісі
бет3/26
Дата17.01.2017
өлшемі0,95 Mb.
#2079
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26
қаптатып жібереді де, билік сұрап барған Жақсылықты таяқтап, 
ожарлықпен есе бермей кетеді. Шарасы таусылған Жақсылық билік 
сұрап советтік милиция мекемесінің начальнигіне барып, содан 
ғана пана табады. Əбіш пен Құрман бай аз күн абақтыға да отырып 
шығады. Алайда ел ішіне келген соң бай ауыл тағы да жуандығын 
істеп, төңіректегі елдің атқа мінер ақсақал-қара сақалын түгел жи-
нап, ежелгі «ата-бабаның жолын» бұзғаны үшін, сөйтіп мемлекет-
тік мекемеге, ұлыққа шағым жасағаны үшін, Жақсылықтың ісін 
теріске шығарып, оны бүкіл ел болып жауламаққа баталасады. 
Бұл жылдарда қыр елінде байлар мен атқамінерлер əлі де осал жау 
емес-тін. Осылайша Жақсылық «жалғыздың үні шықпас, жаяудың 
шаңы шықпастың» керін көріп, амалсыз айтқанға көнеді. Жазушы 
əңгімесін:
«Желінген егіннің шығынын алмақ болып отырған Жақсылық 
енді бұрынғы егінінің бəрінен айрылды. «Бермесе қайта кел» де-
ген начальникке енді бара алмады. Шығын алу былай тұрсын, 
егінін жиып алған соң, Ақөзектегі қорасын тастап, Əбіштің жері-
нен көшетін болды.
«Ұрысы жуан болса – иесі өледінің» аяғын құшып, егінін жиып 
алған соң, боқыраудың басында қызыл қарын жас баласын шұбыртып, 
Ақ өзекті ықтиярсыз тастап көшіп кетті», – деп аяқтайды.
Əңгімеде жазушы елімізде Совет өкіметін нығайту жолында 
өткен қиыншылықтардың бір көрінісін бейнелейді, ғасырлар бойы 
қалыптасқан ескі салт-сана, əдет-ғұрыптардың ауқымынан аса ал-
май, өзін қорғайтын Совет өкіметінің əперген теңдігін пайдалана 
алмай, ақыры үстем тап өкілдеріне жем болған Жақсылық сияқты 
кедей-кепшіктің көңіл көзін ашу, таптық санасын ояту қажеттігін 
көрсетеді. Белгілі бір тарихи кезеңнің реалистік суретін береді.
Мұхтар Əуезовтің алғашқы кезеңдегі басты шығармаларының 
бірі – «Қараш-Қараш оқиғасы» атты повесі (1927 жылы). Повес-
те революцияның қарсаңындағы қазақ аулының айқын картинасы, 
таптық сананың стихиялық түрде болса да аздап ояна бастағаны 
суреттеледі. Барлық өмірін Сəт, Сəлмен сияқты байлардың есігін-
де жалшылықта өткізген ағайынды екі кедей Бақтығұл мен Тектіғұл 
қаншама арқа еті арша, борбай еті борша болып, қызмет қылса да, 
бай ауылға ұнап көрген емес. Қит етсе көретін көп соққының бірінде 
Тектіғұл таяққа жығылып, ұзақ науқастан соң қайтыс болады. Інісінің 
өлімі үшін кек алуды ойлаған Бақтығұлдың алғашқы наразылығы 
бай аулынан бөлініп көшіп, Сəлмен жылқысынан бір бие ұрлап сою-
мен шектеледі. Бірақ бұл ұрлық ашылып қалады да, іргелі ауыл оның 
өзін жазалап, бір биенің құнын үш есе етіп өндіріп алады. Шарасы 
құрыған жалғыз үйлі кедей қолында қалған жалғыз жорғасын тарту 
етіп, Сəт, Сəлмендермен бəсекелес боп жүрген көрші болыс Жарасбай 
ауылын паналайды. Жарасбай Бақтығұлды бəсекелес, еш ауылдары-
нан барымта қуып, мал ұрлап қайту сияқты ақыры қылмыспен тына-
тын небір қиын-қыстау жұмыстарға жұмсап, ұзақ уақыт қолшоқпар 
етеді. Сайлау аяқталып, ру арасындағы алауыздық, қырғи-қабақтық 
бəсеңдеген кезде үстем тап өкілдері ұлып-ұлып табысқан бөрідей 
өзара табысады да, Жарасбай барымта мен ұрлықтың бар салмағын 
Бақтығұлға аударады. Сөйтіп бүкіл ел жуандары болып, Бақтығұлды 
абақтыға айдатуға үкім шығарады. Үстем тапқа, рулық ағайындыққа 
артқан барлық үміті ақтық рет біржола үзілген Бақтығұл қашқындық 
жолға түсіп, бір кезі келгенде Жарасбай болысты атып өлтіреді.
Көп кешікпей Бақтығұл абақтыға түседі. Қаңғырып кеткен 
семьясынан ол Сейіт деген үлкен баласын қасына алады.
Бұл повестегі кедей бұрынғыдай байдан көрген қорлыққа көніп, 
арқасын тосып отыра беретін кедей емес. Мұнда стихиялық түрде 
болса да, үстем тапқа деген қарсылық, өшпенділік, кек алу ниеті бар. 
Бұл бағытқа Бақтығұлды ауыр тұрмыстың талқысы, алданған үміт, 
өмір логикасының өзі алып келіп отыр. Əрине, оның қарсылығында 
əлі саналы, таптық күрес ұғымы жоқ, стихиялық өшпенділік қана 
бар.
Бірақ Бақтығұл бармаған өрісті болжайтын, ол шешпеген жұм-
бақты қиялмен шарлап шешетін болашақ ұрпақ өсіп келе жатыр. 
Абақтыда отырып айдауда жүрген Апанас деген орыстан сабақ алып 

30
31
сауатын ашып, өмірдің оң мен солына көз жіберіп өсіп келе жатқан 
Сейіт – сол келешек ұрпақтың өкілі. Жазушының бұл шығармасын: 
«оқуға ұғымды, ерекше талапты момын қара бала болашақ заманның 
белгісіз жарығына осы абақты ішінде сенген көңілмен күн санап ер 
жетіп келе жатты» – деп аяқтауы осыны аңғартады. Шығарманың 
идеялық құндылығы да осында. Қорытып айтқанда, «Қараш-Қараш 
оқиғасы» идеялық тақырыптық құндылығы жағынан да, көркемдік 
ерекшеліктері жағынан да М. Əуезовтің алғашқы шығармаларының 
ішінде ерекше орын алады.
Жазушының бұл шығармасы жайында француздың белгілі ком-
мунист жазушысы Андре Стиль 1961 жылы: «Бұл шығарма өткенді 
əңгімелейді. Мезгілі жəне мекені мыңдаған километр өткен өмірдің 
сыры, сипаты басқаша тарихты бізге жеткізе алатын бір көріністі 
алып, оны қожайындардың немесе «байлардың» тепкісінде жүрген 
«батырлардың» бірі арқылы тебірене, шым бояумен нақыштай оты-
рып сипаттайды. Ол «батырды» байлар қорлайды, еңбегін қанайды 
жəне жек көреді. Бірақ еркіндік сүйгіш, ер көңілді оның жеңілістері 
мен қателерінің өзі де азаттық пен адам ұлылығын бейнелейді.
Осы бір жай ғана тарих айналасында дала мен «ақ ордадай» ақбасты 
тауларды, талмас жүйрік аттар мен бұлқына аққан тасқындарды, 
кедей халықтың күші мен ерлігін, табиғи таза жандылығын сурет-
тейтін шығарманың стилі өзінің айқындығымен, кейде тіпті сөйлем 
құрауымен де Гомерді еске түсіреді» – деп жазды.
Жазушының сол тұста «Қараш-Қараш» повесімен қарайлас-
құрайлас, іле-шала жазған сүбелі шығармасы – «Қилы заман» по-
весі. Бұл өзі, расында да, кейбір əдебиетшілердің (Ə. Шəріпов т.б.) 
айтып жүргеніндей, көлемі жағынан да, эпикалық баяндау тəсілі, 
кейіпкерлер характерінің тереңдігі, психологиялық сезімталдығы, 
композиция, сюжет кұру шеберлігі, т.б. көптеген компоненттері 
жағынан повестен гөрі роман деуге лайық туынды. Қазақ ССР 
Ғылым академиясының академигі А. Нүсіпбековтің, корреспондент 
мүшесі марқұм Ы. Дүйсембаевтың жазғандарына қарағанда, жазушы 
1926 жылы ауыз əдебиеті мұраларын жинау үшін, Жетісу өлкесі 
қазақтарының тұрмыс-салт, тіршілігімен танысу үшін осы екі по-
вестегі оқиға өткен жерде, Қарқара жайлауында болып, материалды 
сол сапарда жинаған көрінеді. Бұл шығарма 1928 жылы бір рет қана 
жеке кітап болып басылды да, сол тұстағы сынымызда орын алған 
социологиялық солақай пікірлердің салдарынан көпке шейін қайтып 
жарияланбады. Кезінде оқырман қауым сүйіп жылы қабылдаған
кейін «іздеу салып сағынып жүрген» туындыны қайтарып берудің 
сəті тек бертінде (орыс тілінде 1972 ж., қазақ тілінде 1974 ж.) ғана 
түсті.
Жазушы шығармасын қойын құрттап, айранын ұрттап отырған 
момын ел – қалың албанның Қарқара жайлауындағы бейқам тірлігін, 
«жаз күндерінің жарастығы мен қызығы» басылмаған қызу өмірін 
суреттеуден бастайды. Бар тірлігі малға қараған қазақ сияқты қыр елі 
үшін, қаһарлы қыстың қыспағынан құтылып, жасыл жайлауға көшіп 
орналасуының өз сəні, өз жарастығы бар. Көшпенділер үшін, əсіресе 
жастар үшін жаз жайлауға көші-қонның өзі, қамсыз, харекетсіз 
қыдырып қымыз ішіп, жиналып сірне жасап, марқа жеудің өзі жатқан 
бір романтика боп көрінетін. Айтып ауыз жеткізе алмастай ғажайып 
əсем табиғаттың аясында осындай əдеттегі үйреншікті тіршілігімен 
күн кешіп жатқан момын елдің жүрегіне түйткіл түсіріп, қаяу са-
латын бір ғана келеңсіз көрініс бар. Ол – бір шеті Сібір, Түркістан, 
Қашқардан бастап, мына шеті Орынборға шейінгі саудагер байлар, 
алаяқ қулар қаптаған Қарқара жəрмеңкесі, онда патша өкіметінің 
отаршылдық саясатын жүргізіп, момын елді бір жағы қорқытып, 
үркітіп, бір жағы алдап, арбап, сүліктей сорып жатқан пристав Под-
пороков (жергілікті қазақтар Ақжелке атандырған), урядник Плотни-
ков сияқты əкімдер, солардың қолтығына кіріп ел үстінен пара алып 
күн көрген, жемтік іздеген құзғын тəрізді сатқын тілмаштар Жебір-
баев пен Оспан. Санасы сəбидей ғана аңқау ел алтындай асылын, 
жер қайысқан қора-қора, үйір-үйір малын болмашыға, бақалшының 
бақырына, кəкір-шүкіріне беріп, саудагер атаулыға бір жем болса, 
арыз, шағым айтамын деп патша əкімдеріне екі жем болады. Осының 
бəріне үйреншікті ісіндей көнтерілі көнбістікпен шыдап келген 
қалың елдің төзімі патшаның қазақ азаматтарын майданның қара 
жұмыстарына алу жөнінде 1916 жылғы июнь жарлығына байланыс-
ты біржола таусылып, енді ғана бас көтеріп, тыпырлап тұяқ серпе-
ді. «Талай жылдар емізуге, семіртуге, кергіге түскен ел бауырының 
тозығы жетіп ашынатын, тарылатын күндері де жетіп еді», – дейді 
жазушы.
Тығырыққа тіреліп, сергелдеңге ұшыраған ел енді патша 
əкімдеріне бұл туралы не деп жауап берерін білмей, шарасыздық 
халге түседі. Мұндайда «ел ерге қарайды, ер жерге қарайды» де-
гендей, бұрын өзінше ел басқарып, жайшылықта «пысығым, азама-
тым» атанып жүретін бірқатар болыс, билер, атқамінерлер артынан 
пысып, тайқып шығады. Бұрын Ақжелкенің анда-санда кездескен-

32
33
де «Здравствуй, Рахымбайка» дегеніне шоқтықтанып, өзін өзгеден 
жоғары ұстауға тырысатын Рахымбай болыс патша əкімдеріне ел 
ішінің əрекетін астыртын жеткізіп, жымысқы сатқындық жолға 
түседі. Ал Дəулетбақ, Тұңғатар сияқты құлқын құлы, месқарын бай-
лар «бас аман, мал түгелдігін» ойлап, жұрттан іргесін аулақ салып, 
ақырында ел ауып көшкенде Текестің тауына тығылып қалып қояды. 
Тілмаш Оспан мен Жебірбаев болса, жұртта қалған бұралқы иттей 
ұлықтардың обозының артынан ереді.
Болыстардың ішінен тайсалмай суырылып шығып, елдің еселі 
сөзін ұлықтарға алғаш жеткізіп бетіне айтып, ақыр аяғына дейін 
халыққа адал қызмет ететін еті тірі тек Əубəкір ғана. Табиғатынан 
тайсақтауды білмейтін жас та қайсар, өжет жігіт осы жолда өзі де 
кұрбан болды. Дөңгелек сазда отырған албанның бір тобы осы 
Əубəкір мен елдің беделді азаматы Серікбайдың аузына қараса, 
Қарқара, Лабасы, Сырт жайлаған былайғы қалың албан аузы дуалы 
қария Жəмеңке Мəмбетов пен батыр Ұзақ Саурықовтың ақылына 
бағады. Қысылшаң кезде, ереуілдеп шыққан ел көшін, көтерілісті 
бастайтындар да осылар. Жазушының өз айтуынша, Ұзақ та, 
Жəмеңке де, Серікбай да тарихи өмірде болған кəдімгі реальды 
адамдар. Бұлардың бəрі де осы жолда патша əкімдерінің қолынан 
опат болады.
Кезінде халықтардың түрмесі болған патшалық Россияның не-
бір жауыздық, қатыгездігін жазушы барынша реалистікпен аяусыз 
əшкерелейді. Мəселен, патша жендеттері төрінен көрі жуық қалған 
Жəмеңке қартты жұрт көзінше сотқа тартып жатудан жасқанып 
жауыздықпен у беріп өлтіреді. Ал көтерілісшілердің қалған бас-
шыларын ешқандай сот-собырсыз, үкімсіз абақты ішінде қан жоса 
қырғынға ұшыратады. Қарқарадан Қарақолға баратын жол бойын 
қамауға алынған жазықсыз жандардың өлігіне толтырып, қан са-
сытып, жол-жөнекей атып кеткендері қаншама. Бұл, тегінде, ешбір 
заңның шеңберіне сыймайтын барып тұрған айуандық еді.
Əрине, көздеген айқын мақсаты, алдын ала жасаған саяси жоба, 
программасы жоқ көрсоқыр көтерілістің немен тынары күні бұрын-
ақ белгілі еді. Ереуілге шыққан елдің қарулы көтеріліс дегенінің 
өзі топ құрап, қара көбейтіп сес көрсетуге көбірек ұқсайды. Олар 
жəрмеңке басындағы аз ғана қарулы солдаттар отрядын Қарқара 
жайлауының бір қырқасынан асырып тастаса, енді қайтып олар 
оралмастай көріп, жеңдік деп күн еңкейе үйді-үйіне тарай бастайды. 
Өздері көріп отырған озбырлық патша өкіметі ұстап отырған сонау 
Петербургтан, губерниядан, қала берді уездік əкімшіліктен келіп жет-
кен отаршылдық саясаттың ұшқыны екенін ескермейді. Олардың көр 
бала түсінігінде дүниедегі пəленің бəрі көз алдындағы жəрмеңкеден, 
оның басындағы əкім Ақжелкеден шығып тарап жатқандай көрінеді. 
Сондықтан да олар үшін осы соңғы екеуінен кек алып, құтылса 
болғаны, бостандық пен азаттыққа кенелетіндей көрінеді. Байқайсыз 
ба? Қандай əлеуметтік мешелдік. Пантиелевше айтқанда, мұның «не-
гізінде барып тұрған саяси соқырлық, тəжірибесіздік, алдарқатқан 
сəби аңқаулық, сағым қуған қиял мен жалған сенім, патриархалдық 
қараңғылық пен дəрменсіздік» жатыр. Міне осының бəрін М. Əуезов 
тарихи шындыққа зəредей де қиянат жасамай, оқиғаны да, характер-
лерді де өзінің эволюциялық өсу жүйесімен, логикалық сенімділігі-
мен, барды – бардай, жоқты – жоқтай, қаймағы бұзылмаған қаз-
қалпында таңғы шық тəрізді мөлдіретіп əкеп қағазға түсірген. 
Əсем түсірген, əдемі түсірген. «Əуезов мұны аса зор суреткерлік-
пен жəне тарих таразысы тұрғысынан, өз кезінің алдыңғы қатарлы, 
революциялық, таптық позициясы тұрғысынан жасаған»,– деген 
Шыңғыс пікіріне ден қоямыз. «Қилы заманды» оқып отырып біз 
Ұзақ пен Жəмеңке тұлғасына қарап кейін «Түнгі сарындағы» Жантас 
пен Тəнекенің шығу тегін, «Абай жолындағы» шынайы шеберліктің 
төркінін, алғашқы баспалдақтарын аңғарамыз.
Осы шығармадан алған əсері жайында Шыңғыс Айтматов: «Егер 
Октябрь революциясы болмаса, көшпенді қазақтар мен қырғыздар-
дың одан арғы тағдырларының не боларын мезгіл өткен соң ойлаудың 
өзі қорқынышты. Айтуға аузым бармайды – мүмкін тіпті біз болмас 
та едік. Ал мəңгілік өмір сүргісі келмейтін халық бар ма? Тек жалғыз 
осы үшін – Октябрь революциясының Россияда туып, империялық 
отаршылдықты талқандап, сол арқылы менің халықтарымды бір-
жола жойып жіберуден құтқарып қалғандығы үшін ғана мен өле-
өлгенше революцияны мадақтап өтуге əзірмін жəне балаларымның 
балаларына: күніміздің туғанын Октябрьден санаңдар! – деп өсиет 
қалдырамын», – деп жазды. Тегінде көркем шығарманың эмоциялық 
ықпалы, тəрбиелік күші деп осындайды айтсақ керек.
«Қилы заманды» повестен гөрі романға лайық сүбелі туынды де-
генде біз оның көз тартар көркемдігін де ескереміз. Сөзіміз дəлелді 
болу үшін жайлаудағы ауылдың кешкі мал қамдайтын мезгілін су-
реттейтін бес-алты бет тамаша текстен бір-екі ғана үзінді келтірейік: 
«Ауыл кешке ғана барлық қалпымен толық тіршілік етеді. Бұл уақыт 
– ауылдың еңбек уақыты. Барлық мал мен адамның у-шуы түгел 
шығып, толық араласқан уақыт. Ауыл маңының шұбарланып, жан-

34
35
данып, күндіз құлазыған мең-зеңдіктен дырдуға ауысқан шағы. Сан-
сыз көп тіл біткен, ажарланған шақ. Кешкі ауыл тіршілік жəрмеңкесі 
сияқты.
Қазақ жайлаған табиғат болсын, мал мен адам болсын, барлығы да 
кешкі батар күннің алдында күндік өмірін қызу дырдумен шығарып 
салады. Қырдың күні малдың у-шуымен, адамның сергек айғайы, 
қарбаласқан харекеті, желікті əңгімесімен батады».
«Кешкі қараңғылығы тұтасып молайған сайын иттер дағдылы 
міндетіне құлшына кіріскендей. Өткен-кеткеннің барлығына шабала-
на үріп қоя беріп, алыста көрінген қара-құра болса, алдынан шығып 
бөгеуіл салып, ауылға келгенді ауылға əкеліп, өтіп бара жатқанды өзі 
қуып жібергендей, қанжығалап арсылдап шығарып салып, ауылдың 
амандық, тыныштығын өз мойындарына түгел көтеріп алғандай бо-
латын».
Ұзақтау болса да бұл екі үзіндіні əдейі келтіріп отырмыз. Өйткені 
мұны оқырманға мақала тілімен жеткіземін деу бос əурешілік екенін 
былай қойғанда, бұған тіпті сыншылық көзбен түсіндірме (коммен-
тарий) берудің өзіне кісі жүрексінеді. Сондықтан да бұл суреттемені 
оқырман тек Əуезовтің өз текстін оқып қана əсерленгені абзал. Тек 
сонда ғана қаймағы бұзылмай тұнып тұрған сурет, тұтас бір тіршілік 
əлемі кез алдыңа келеді. Демек, «табиғатты, тұрмысты, Қарқара 
жəрмеңкесін, адамдардың портреттерін бейнелеуде Əуезовтің шын 
мəніндегі Рабле қаламына лайық шырын шеберлігі», – дегенде Айт-
матов осындай суретті жолдарды ескерген болу керек.
Əрине, Əуезов бұл повестерден басқа əңгімелерді де көп жазды.
М. Əуезовтің бұл тұстағы бірқатар əңгімелері əйел азаттығы 
тақырыбына арналған.
Совет өкіметінің алғашқы жылдарында бұл тақырып тек қазақ 
əдебиетінде ғана емес, Орта Азия, Закавказье т. б. көптеген туысқан 
елдердің əдебиеттерінде кеңінен көтерілді. Жалпы əйелдердің право-
сын қорғау, оларға азаттық беру, қанаудан құтқару əріден бері əңгіме 
болып келе жатқан тарихи мəселе. Бұл мəселе əр елдің тарихында əр 
алуан түрде əр уақытта көтеріліп келді. Бұл тақырыпқа өз заманында 
Ыбырай, Абай да үн қосқаны мəлім. Қазақ елінің жағдайында Ұлы 
Октябрь революциясының қарсаңында əйел мəселесі шешілуге тиісті 
аса маңызды əлеуметтік проблемалардың бірі болды. Сұлтанмахмұт 
Торайғыровтың «Қамар сұлу», Спандияр Көбеевтің «Қалың мал», 
Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» шығармаларының тууы тегін 
емес еді. Демек қазақ халқы үшін Ұлы Октябрь əперген ұланғайыр 
жемістердің бірі – осы əйел теңдігі мəселесі болды. Революцияның 
арқасында қазақ əйелі күндіктен босап, басына азаттық алды, атам-
заманнан бері патриархалдық салт-сана қалыптастырған тағылық 
заңнан, ислам дінінің догмалары белгілеп берген шектелушіліктен 
құтылды. Əйелдердің еркектермен бірдей тең право алуы қазақ да-
ласында қалыптасып қалған ескі əдет-ғұрыпты қиратып, қоғамдық 
жаңа қарым-қатынастарды туғыза бастады. Бұл тарихи өзгеріс ең 
алдымен көркем əдебиеттен өз көріністерін тапты. Сондықтан да 
болар, əсіресе 20-жылдардағы əдебиетімізде бұл тақырыпқа қалам 
сілтемеген бірде-бір қазақ ақын-жазушысы жоқ десе де болады.
М. Əуезовтің əйел теңдігі тақырыбына жазылған шығармаларын-
да ескіліктің етектен тартып аяққа тұсау болар небір кедергілері де, 
сондай-ақ жаңаны – əйелдерге совет заманы əперген азаттықты сезі-
ну мотивтері де уақыт шеңберіне сыйымды, заман тынысына лайық 
шынайы суреттеледі.
Ата-анасының еркімен тұрмысқа шығып, кейін соның күйігін тар-
тып, тағдырға мойынсұнып қалған Жəмила («Сөніп-жану» – 1923–25 
жыл), Жақып болысқа əйел үстіне тоқалдыққа барудан бас тартып, 
сүйген жігіті Іслəмға қосылуға заманы жібермей, ақырында ауру боп, 
құсадан өлген Ғазиза («Кім кінəлі» – 1923 жыл), ұзақ жылғы əже 
тəрбиесінің əсерімен өзі сүймеген адамына қосылуға көнген ежелгі 
əдет-ғұрыптың жемісі Жəмеш («Ескілік көлеңкесінде»), əмеңгерлік 
салтқа наразылық білдіріп, қыс көзі қырауда қашып шығып, басы-
на азаттық аңсаған Рəбиға («Қысты күнгі дала» – «Қыр суреттері» 
деген циклдан, 1922 жыл), əке əміріне қарсылық білдіріп, өз көңілі 
қалаған Оспанмен қашып кеткен Жəмила («Үйлену» – 1923 жыл) 
– осылардың бəрі де, М. Əуезов жасаған Еңлік, Айман-Шолпан, 
Мағрипа, Əйгерім, Ұлжан, Қаражан, Жүзтайлақ сияқты образдар 
галереясынан орын алмағанмен, белгілі бір тарихи кезеңнің типтік 
жағдайларын таныта алатын бейнелер.
Бірқатар əңгімелерінде М. Əуезов қазақ даласының табиғатын 
(«Қыр суреттері»), этнографиялық тіршілік бейнесін («Сыбанның 
моласында» т. б.) баяндайды.
Біздің қазақ əдебиетінде көркем проза тек совет дəуірінде ғана 
етек жайып, кең дамыған жанр. Егер Абайдың ғақлия сөздері, Ыбы-
рай Алтынсариннің ұсақ əңгімелері, Сұлтанмахмұт пен Спандияр 
Көбеевтің бірді-екілі шығармасы болмаса, қазақ əдебиетінде Ұлы 
Октябрь революциясына дейін шын мəнісіндегі профессионалдық 
проза, кейінгі əдебиетімізге үлгі-өнеге боларлықтай көркем проза 
жоқ еді. Демек, қазақ əдебиетінде проза жанрының туып, қалып-
тасуында М. Əуезовтің орны ерекше.

36
37
Қазақ мəдениетінің белгілі қайраткерлерінің бірі С. Мұқанов 
М. Əуезовтің бұл саладағы еңбегін бағалай келіп, былай деп жазды:
«1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» атты алғашқы 
əңгімесімен Мұхтар шын мағынасындағы европалық прозаның 
дəрежесіне көтерілді.
Осыдан бастап өрбіген қазақтың көркем прозасы... Уақ жанрда 
да, повесть, роман сияқты көлемді жанрда да көптеген шығармалар 
туғызып, көп тілді совет прозасының алдыңғы қатарынан орын 
алды». Бұдан аңғарылатын бір жəй – жазушы талантының бірден-ақ 
жарқ етіп, зор тұлғасымен көрінгендігі.
Шынында да, табиғи дарыны мол жазушы сол алғашқы кезеңдегі 
шығармаларының өзінде-ақ болашағы зор, құлашы кең қалам 
қайраткері екенін аңғартты. Сол кездің өзінде-ақ əсіресе оның тіл 
көркемдігі, суреткерлік көрегендігі, жіті қарайтын байқағыштығы 
ерекше назар аударды. Оның «Қараш-Қараш», «Қаралы сұлу» жəне 
басқа да ертерек жазған шығармаларының өзінде-ақ шын суреткердің 
қаламы көрініп тұр. Соған қарағанда көркемдік, суреткерлік шебер-
лік жағынан көптеген жазушының творчествосында кездесетін əдеби 
шəкірттік кезеңі Мұхтар творчествосында тіпті кезең деп бөліп атай-
тындай да емес тəрізді.
Қорыта айтқанда, М. Əуезовтің алғашқы кезеңдегі шығармалары 
əдебиетімізде əріден келе жатқан игі дəстүрлерін, сондай-ақ XX 
ғасырдың бас кезіндегі прогресшіл идеяларды əрі қарай дамытып, 
оларды социалистік реализммен ұштастырды. Бұл кезең жазушының 
өзі үшін де, жалпы қазақ əдебиеті үшін де социалистік реализм 
əдісін туғызу, игеру жолындағы белгілі бір басқыш болған тарихи 
кезең еді.
М. Əуезов «Абай» романын жазуға кіріскенге дейін əңгіме, повесть 
жанрын да жазды. Ол отызыншы жылдарда тарихи тақырыптармен 
қатар, еліміздегі социалистік құрылыстың табыстарын, совет 
халқының колхоз шаруашылығын жəне социалистік мəдениетті 
нығайту жолындағы қажырлы күресі мен ерлік еңбегін көрсететін 
бірқатар əңгімелер жазды. Бұл əңгімелердің көбі тақырып, уақиға, 
сюжет жағынан бірімен бірі байланысты.
М. Əуезов отызыншы жылдарда колхоз тақырыбына бірне-
ше əңгімелер жазып, ол шығармаларында колхоз шаруашылығын 
нығайту үшін белсене қатысқан совет адамдарының бейнесін сурет-
тейді.
«Білекке білек» (1933 жыл) əңгімесінде жазушы колхоз сауыншы-
сы Мақпалдың қоғамдық малды өсіруге белсене кірісіп, оны өз ма-
лындай күтіп, бағып-қаққаны, сөйтіп, құрметке бөлеңіп, колхозшы-
лар арасында үлкен беделге ие болғандығы айтылады. Жазушы бұл 
əңгімесінде Мақпал арқылы коллектив мүлкіне жаңаша көзқараспен 
қарайтын, қоғамдық еңбек өсірген жаңа адамның бейнесін суреттей-
ді. Қоғамдық малды өсірудегі озат еңбектері үшін аудандық слет-
ке қатысып отырған жарастықты бір семьяның үш адамы – Қожық 
қарт, оның екі қызы Мақпал мен Айша – советтік тəрбиенің жемісі, 
жаңа типті адамдар.
«Іздер» (1935 жыл) əңгімесінде бақташы Несіпбай колхоз малын 
шашау шығармай сақтау үшін жан-тəнімен қызмет етеді. Ол азамат 
соғысы жылдарында партизан болып революцияның жеңісін қалай 
қорғаса, колхоз құрылысын нығайту үшін де солай күреседі.
Отызыншы жылдарда проза жанры, оның ішінде əсіресе əңгіме, 
очерк кеңінен өрістеді. Бүл тұстағы əдебиетімізде əр алуан қоғамдық 
жағдайларды, еліміздегі социализм құрылысының актуальды 
мəселелерін бейнелеу талабы анағұрлым ілгеріледі. Мұның өзі 
еңбекке социалистік жаңаша қарым-қатынастың туу проблемасы-
мен тығыз байланысты шешілді. Еңбек – социализм орнатып жатқан 
заманның ең маңызды бас факторы, туып, қалыптасып келе жатқан 
социалистік реализм əдебиетінің негізгі мазмұн, мағынасы болды. 
А. М. Горькийдің: «Социалистік реализм тұрмыс, болмыс дегеннің 
өзін жасампаздық, творчество деп түсінеді» – деген сөзі қоғамның 
этикалық нормасымен тығыз байланысты жаңа эстетиканың негізіне 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет