Ббк 83. 3 (5 Қаз) с 26 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі



Pdf көрінісі
бет5/26
Дата17.01.2017
өлшемі0,95 Mb.
#2079
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26
МҰХТАР ƏУЕЗОВҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
Мұхтар Əуезов өзінің дарқан дарынын ел өмірінің сан саласымен 
қиюын таба ұштастырып, орнымен жұмсай білген жан-жақты, халық 
айтатын «сегіз қырлы, бір сырлы» қаламгер болғаны баршамызға 
аян.
Қазақ халқының əдебиеті мен өнерінде оның назарынан тыс 
қалған саласы шамалы деп айтуға болады. Қазақ театр өнері жаңа 
ғана аяқтанып, аяғын апыл-тапыл, қаз-қаз басып келе жатқан сонау 
алғашқы жылдардың өзінде-ақ М. Əуезов пьесалар жазып, дүниежүзі 
мен орыс драматургиясының классикалық үлгілерінен кейбір 
таңдаулыларын қазақ тіліне аударып, оның репертуарына мол үлес 
қосты. Театр зерттеушілерінің, сондай-ақ қазақ өнерінің босағасын 
арнайы профессионалдық білімсіз аттаған қарт актерлердің айтула-
рына қарағанда, Мұхтар Əуезов театр өнерінің, сахна заңының сан 
салалы құпияларын түсіндіретін лекциялар оқып, мақалалар жазып, 
қыруар еңбек еткен. Қазақ өнерінің көпке дейін кенжелеп келген 
саласының бірі – кино өнері болды. Бұл салада да ол еткен еңбек өз 
алдына бір төбе. Əңгіме оның студиядағы көркемдік советтің мүшесі 
болып, əр алуан талқылауларға белсене қатысуында ғана емес, он-
сыз да тапшы уақытының бір мезетін арнайы бөліп «Райхан», «Абай 
əндері», «Əйел тағдыры» сияқты кинодраматургиялық шығармалар 
жазуында.
Ал қазақтың ұлттық музыка өнерін алып қараңыз. Қазір ұлттық 
операмыздың тұрақты репертуарынан орын алып, оның таңдау-
лыларының бірі болып отырған «Абай» операсының либреттосы да, 
Совет Одағының Батыры Төлеген Тоқтаров ерлігін жырлайтын «Бес 
дос» операсының либреттосы да Мұхтар Əуезов қаламынан туды. 
Міне, соның бəрінде де ол мəселеге таза қоғамдық тұрғыдан, туған 
халқының мəдениетін жетілдіріп, алдыңғы сапқа шығаруға деген 
жанашырлық қамқорлық тұрғысынан қарады.
Дəлірек айтқанда, ұлттық əдебиетіміз бен мəдениетіміздің қай 
саласы кенжелеу қалып бара жатса, дəл сол салаға арнайы көңіл бөліп, 
өз көмегін, қол ұшын беруге құлшына кірісіп отырды, халқының 
олқысын толтырып, жыртығына жамау болуға барын салды. Демек, 
жазушының айдай əлемге əйгілі творчествосын ғана емес, оның 
жарқын өмірінің осындай жан-жақты, көп қырлы өнегелік-үлгілік 
жақтарын да арнайы сөз ету абзал.
Мұхтар Əуезов қоғамдық өмірге тіпті ерте, жастай араласты. 

76
77
Оның творчестволық жолында, қаламының ұшталып, талантының 
шырқау биікке кетерілуінде əуелгі кезде əр алуан əлеуметтік, 
қоғамдық, проблемалық мəселелер көтерген ғылыми, сын жəне 
публицистикалық мақалаларының мəні өзгеше. Ол өзінің «Қазақтың 
өзгеше мінездері» деп аталатын тұңғыш мақаласында («Алаш» га-
зеті, 1917 жыл, 30 март, № 16) қазақ арасындағы «ұйымсыздық, 
күндестік, парақорлық, партиягершілік, əділетсіз билік, əйел жолы 
жіңішкелік» сияқты неше түрлі болып жататын ауыр халдердің 
түпкі төркіні əлі баспасөз бетінде кеңінен сөз болып, талқыға түспей 
келгенін атай отырып, халықтың «мінезін түзеу» керек деген пікір 
ұсынды. «Адам баласының жаман құлқы жаратылыстан емес, 
өскен орта, көрген үлгі, өнеге билейді» – деп жазды. Ал 1917 жылы 
Семей қаласында «Сарыарқа» газетінің 5 сентябрь күнгі санын-
да жарияланған «Адамдық негізі – əйел» атты мақаласында қазақ 
əйелінің əлеуметтік жағдайы жайында проблема көтерді. «Əйелдің 
басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты 
күні күліп қарамайды. Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, 
тағлымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, əйелдің халін 
түзе» – деп жазды ол.
1918 жылы Семейде «Абай» журналын шығарушылардың һəм 
белсенді авторларының бірі болған Мұхтар Əуезов ол журналдың 
беттерінде өзінің қоғамдық көзқарасының айқындала түскеніне айғақ 
боларлық əр алуан мəселелерге арналған: «Ғылым», «Мəдениетке 
қай кəсіп жуық», «Философия жайында», «Ғылым тілі», «Мəдениет 
һəм ұлт», «Оқу ісі» сияқты т. б. мақалаларын жариялады.
Содан бастап қазақ жастарының оқу əдісі, ғылым тілі (науч-
ный термин), мəдени кəсіппен шұғылдану қажеттігі сияқты сан 
салалы проблемалық мəселелер жайлы мақалалар уыздай жас 
Əуезов қаламынан бірінен соң бірі туындап жатты. Сол кездің 
өзінде Абай ауылы жастарының, сондай-ақ Семей қаласындағы 
қазақ жастарының мəдени, драмалық үйірмелерге топталып, Затон 
жұмысшыларына спектакль, концерттер қойып берулері, олардан 
жиналған қаржыны əр алуан қоғамдық мақсаттарға пайдаланула-
ры, футбол командасын құрулары, қоғамдық кітапханалар кұруға 
ұмтылулары т. б. мəселелердің бəр-бəрінің басы-қасында жас 
М. Əуезов жетекшілік жасады. Бұған сол кездегі баспасөз деректері, 
сондай-ақ қарт пенсионер, мұғалім Ғ. Төребаевтың, дербес пен-
сионер, республикамыздың еңбек сіңірген экономисі Ишмұхамет 
Əлиннің, сондай-ақ жазушының өз туысы марқұм Ахмет Əуезовтің 
жарияланған естеліктері айғақ бола алады. Əрине, бұл арада біз 
жазушының 1919-1922 жылдар арасында атқарған ресми мемлекет-
тік қызметін сөз ғып отырғамыз жоқ.
Жас Əуезов сол тұстарда көшпелі елдің отырықшылыққа ауысуы-
на да көп еңбек сіңірді, ол туралы мақалалар жазып қана қоймай, ті-
келей практикалық іске де араласты. Бұл туралы республикамыздың 
еңбек сіңірген экономисі, дербес пенсионер Ишмұхамет Əлин былай 
деп еске алады:
«1923 жылы мен Семейдің уездік атқару комитетінің президиум 
мүшесі жəне уездік жер бөлімінің бастығы болып қызмет атқарып 
тұрғанымда күзді күн Архам Исхақов (Абайдың туысы) маған 
Мұхтардан бір хат əкеп тапсырды.
Мұхтар хатында: «Сенің уездік жер бөліміне бастық болғаның 
дұрыс болған. Ауыл шаруашылығынсыз өмір жоқ. Өкіметтің 
мақсаты қазақ халқын көшпеліліктен отырықшылық тұрмысқа ауда-
рып, поселке салдырмақ екені өзіңе белгілі ғой. Бірнеше үйлер бір 
жерге жиналып поселке салса, мал кəсібімен бірге егін егу кəсібін де 
істеуге болады. Мал тұқымын асылдандырып, мал шаруашылығын 
өркендетуге болады. Бала оқыту жағына да пайдалы. Бір жерге жи-
налып поселке салған қазақтарға өкіметтің беретін көмек-жəрдемі 
де көп. Жер бөлімінің бастығы болған, бұл жұмыстардың барлығы 
сенің қарауыңда ғой.
Мен өзіміздің ауылдың шаруаларын үгіттеп, бір жерге жиналып 
поселке салуға көндірдім. Жерлері өте жақсы. Бақанас өзенінің 
жиегінде Байқошқар деген жер. Поселке салу жөніндегі шаруалар-
дың өкілі мына хатты апарып тапсырушы Архам Исхақов. Менің 
сенен сұрайтыным поселке салуға жəрдемдес, үкіметтің заңы бойын-
ша берілетін көмек-жəрдемдерін бер» депті.
Мен жер бөлімінің бастығы болып тұрғанымда Байқошқар посел-
кесін салуға тиісті көмек-жəрдем көрсетіп тұрдым.
Бұдан əрі ол арада жыл еткен соң сол поселкеде Мұхтар Əуезовпен 
жолығып, дидарласқанын баяндайды.
Жазушы өмірінің ташкенттік кезеңі деп аталатын сонау жиырма-
сыншы жылдардың аяғы мен отызыншы жылдардың басында сол 
кезде əр тарапта оқып жүрген қазақ жастары мен интеллигенттеріне 
М. Əуезовтің қоғамдық негізде оқыған лекциялары, мұқтаж студент-
терге стипендия бөліп беру жөнінде құрылған комиссияда істеген 
еңбектері, Ленинградта оқып жүрген кезіндегі қоғамдық қызметтері 
де документальды түрде ізденіп, өз алдына дара зерттеуді қажет 
ететін келелі мəселелер.

78
79
Тіпті қазіргі Қазақ мемлекеттік университетінің жазушы есіміне 
ие болып отырған əдеби-ғылыми бірлестігінің іргесін де бір кезде, 
осыдан жиырма-отыз жыл бұрын М. Əуезов қалағаны мəлім. Ал сол 
бірлестіктен қазір қаншама түлек түлеп ұшып, қаншама қаламгер 
қатарға қосылып, қаншама ғалым сапқа тұрды?!
Көркем сөз зергері, əдебиетші-ғалым Мұхтар Əуезов, сонымен 
қатар Совет Одағының аса көрнекті қайраткері де еді. Ол бейбіт-
шілікті қорғаудың советтік комитетінің мүшесі, үнді-совет достығы 
қоғамының мүшесі, əрі сол қоғамның Қазақстандық бөлімінің 
председателі, Азия-Африка елдері ынтымағы комитетінің мүшесі 
болды. 1958 жылы февральда болған бүкілодақтық конференцияда 
М. О. Əуезов Совет Одағының шетелдермен достық жəне мəдени 
байланыс жасау советінің мүшелігіне сайланды. Ал оның Лениндік 
сыйлық Комитетінің мүшесі ретінде атқарған қызметі жайлы белгілі 
əдебиетші Каиповичтің естелігін еске алсақ та жеткілікті.
«Ересен ақылы, батыс пен шығыс мəдениетін төл емген шалқар 
білімі, өзіне де, өзгеге де қатал талап қоятындығы, басқаның өнеріне 
деген ілтипат-ықыласы, советтік əдебиеттің мүддесі мен Лениннің 
ұлы есімімен аталатын сыйлықты аса қадір тұтатындығы комитет 
мəжілістерінде сөйлеген сөздері мен білдірген пікірлерінің қай-
қайсысынан да бой көрсетіп тұратын. Комитет құрамында совет 
мəдениетінің жетпістей шеберлері, барлық республикалардың да 
өкілдері, сан-сала мамандыктың иелері бар. Солардың арасында 
М. Əуезов аса қадірменді болумен қоса, ол дегенде комитет 
мүшелерінін ықыласы ерекше бөлек еді. Оның əдеби лекцияларын, 
комитет пленумдарында шығып сөйлеуін тағатсыз тосып, көңілдері 
құлай тыңдайтын», – дейді Книпович. Бұдан əрі ол Расул Ғамзатовқа, 
Мұса Жалилге, Шолоховтың «Адам тағдыры» əңгімесіне сыйлық 
беру жөніндегі талқылауда Əуезов сөзінің əсері ерекше болғандығын 
айтады. Мəселенің бұл бір ғана ресми жағы.
Зерттеу демекші, М.О. Əуезовтің творчествосы мен ғылыми 
еңбектерін түбегейлі зерттеп жүрген əдебиетшілеріміздің назарынан 
қаға беріс қалып жүрген бір жай – жазушының осы қоғамдык қызметі 
екендігін орынды жерінде еске ала кету артық емес. Жазушының 
қоғамдық қызметін бағалай келіп Николай Тихонов: «М. Əуезовтің 
Азия елдері ынтымағы комитетіндегі, бейбітшілікті қорғаудың со-
веттік комитетіндегі ерекше еңбектері – халықаралық ең бір жауап-
ты кездесулерде бейбітшілікке қауіп төндірушілерге қарсы, халық-
тарды бір-бірімен жақындастыру жолындағы жұмыстары – қазіргі 
тарихтың жанды да жарқын беттері болып саналады. Ол көп елдерде 
болды... Ол жүрген жерлеріне халық достығы рухын, ынтымақ ру-
хын, бейбітшілік үшін күрес рухын əкелуші еді. Басқаша болуы 
мүмкін де емес еді. Оның дарқан жүрегі əлемде, əсіресе шығыста бо-
лып жатқан оқиғалардан тыс қала алмайтын. Оянған жəне жарыққа 
талпынушы Азия елдерінің өмірін білмесе, ол ұлы Абай туралы 
эпопеясын жаза алмаған болар еді» – деп жазды. Шынында, Əуезов 
– бейбітшіліктің жаршысы.
Ия, бұл солай. Жазушы əлемде, əсіресе шығыста болып жатқан 
халықаралық оқиғалардың ешқайсысынан жайбарақат күйде қалып 
көрген емес. Ол 1956 жылы «Литературная газетаның» 7 ноябрь күнгі 
санында жарияланған «Отаршылдарға лағнет» атты мақаласында 
Израиль басқыншыларының Египетке қарсы соғысын айыптап, 
Александрияның аты əлемге əйгілі кітапханасы мен Каирдың Əл-
Азхар университеті сияқты мəдениет, ғылым ошақтарын қорғау 
үшін гуманистік ұлы жүрекпен қаһарлы үн қатты. Бейбітшілік 
жолындағы күрескердің сол үні күні бүгінде əлем жұртшылығына 
дəл бұрынғысындай қуатты естілуде. Ал американ қарақшылары 
азаттық сүйгіш қаһарман Кубаның күн нұрына шомылған мөлдір 
аспанына бұлт үйірілтіп, теңіз тұнығын лайламақ болғанда, М.О. 
Əуезов: «...империалистердің жалдампаздары біліп қойсын, Куба 
мұхиттың салқын суы мен суық толқыны қоршаған кұр ғана арал 
емес. Ол – бостандық бесігі, ұлы еркіндік үшін күрескен айбынды 
да жалынды ерлердің Отаны» деп əлемге жар салды.
Қоғамға қызмет етудің мықты құралы əдебиет екенін терең 
түсінген жазушы: «Əдебиет азаттық дабылын қағады, сондықтан да 
біз колониализмге қарсы күресте оған үлкен міндет жүктейміз...», 
– деп жазды.
Халықаралық империализм қаншама жанталасқан.
Мен, адамзат қоғамының жарқын болашағына нық сенген гу-
манист жазушы халықтар келешегіне зор үмітпен қарадым. Қаза 
болардан бір жыл бұрын, 1960 жылы, советтің төрт жазушысы: 
Л. Леонов, С. Щипачев, М. Əуезов, О. Гончар – Америка Құрама 
Штаттарына барып қайтқаны белгілі. Бұл сапардан аңғарып түйген 
жайларын жазушы өзінің «Америка əсерлері» атты очерктерін-
де жан-жақты баяндап берген болатын. Американың қарапайым 
халқына жазушы зор үміт артып: «Соғыс өртін тұтандырушылардың 
сұрқия мақсаттары айқын болып отырған Американың өзінде мен 
қарапайым адамдардың опат əкелуші ядролық соғысқа қарсы қатты 

80
81
наразылығын көзіммен көріп, құлағыммен естідім» – десе, 1957 
жылы августа Токиода болған атом жəне сутегі бомбаларына қарсы 
III халықаралық конференциядан қайтқан бетінде: «Мен сəулелік 
апаттың дəл осы күнге дейін белгісі бар Японияда, Хиросиманың 
жан шошырлық қасіретін шеккен Японияда болдым. Сол сұмдық 
соғысқа, соғыс отын тұтандырушыларға деген өшпенділік, жек 
көрушілік сезімі атом лаңының жаңа қаупіне қарсы күресіп жатқан 
еңбекқор Япония халқының жүрегінен мəңгі орын теуіпті» – деп 
жазды.
Əрі жазушы, əрі қоғам қайраткері, бейбітшілік жолындағы күрескер 
ретінде М. О. Əуезов Индия, Япония, Герман Демократиялық Рес-
публикасы, АҚШ, Чехословакия сияқты көптеген шетелдерде болып, 
халықаралық мəжіліс-форумдарда жалынды сөздер сөйледі. Қай са-
пардан болса да, ол өзіне байтақ Отаны, елі жүктеп жіберген совет 
əдебиетінің, совет азаматының өкілдігін асқан абыроймен ақтап 
қайтып отырды. Əрине, бұлардың бəрі де бүгінгі ұрпақ үшін, Əуезов 
мұрагерлері үшін тек мақтаныш қана емес, сонымен бірге сан-қилы 
зерделі зерттеулердің де объектісі боларлық ғажайып сапарлар еді. 
Жазушының бір ғана «Индия очерктерінде» ежелгі мəдениет ошағы 
– үнді уəлаятының қаншама ғажайып ғаламаттары қамтылған? 
Ал сол сан сапарларда сөйленген сөздер, үлкен қалалар мен штат-
тарда болып, сан елдің саяси жəне мемлекет қайраткерлерімен, 
творчестволық интеллигенция өкілдерімен, қарапайым еңбек адам-
дарымен бас қосып құрған мəжіліс, сұхбат, кездесулер, жазысқан 
хаттар қаншама қыруар дүние. Міне, жазушы өмірі мен еңбегінің 
осы бір бөлінбес байтақ саласын зерттеу аса маңызды іс.
Жазушы Японияға барып қайтқан сапарынан кейін мынадай 
бір хат алыпты. Қазір М. Əуезов музейінде сақтаулы осы бір хатты 
жоғарыдағы сөзіміздің дəлелі ретінде келтіре кетуді жөн көрдік:
«Аса қадірлі профессор Мұхтар Əуезов! Біздің қаланың 
тұрғындарына СССР азаматымен жүзбе-жүз жолығып əңгімелесу 
сəті тұңғыш рет туғандықтан, Сіздің сөзіңіз оларға естен кетпсстей 
терең əсер етті.
Кездесуден кейінгі күндердің газеттері Сіздің жұртшылық 
сұрауларына берген жауаптарыңызды егжей-тегжейіне дейін хабар-
лады. Сіздің сөзіңіз газет беттері арқылы мəжілісте бола алмаған 
ондаған мың оқушы қауымды қозғады. Біз əлі күнге дейін Сіздің 
аса бағалы мəслихатыңызды тыңдай алмай қалғандықтарына өкініш 
білдірген қала тұрғындарын əр жерде кездестіріп жүрміз. Біз, Уцуно-
мия қаласындағы япон-совет қоғамы филиалының барлық мүшесі, 
Сізге осы жылғы 24 августа біздің қалаға ілтипат білдіріп келіп 
қайтқаныңызға тағы бір мəртебе рахмет айтамыз.
Аса зор құрметпен. 19 сентябрь, 1957. Уцуномия қаласы, Точиги 
префектурасы, Япония...». Бұдан əрі хат иелері жазушының Ленин 
орденімен наградталуына байланысты құтты болсын айтып, оның 
мəңгі өлмес шығармаларымен бүкіл адамзаттың игілігі үшін қызмет 
етуде творчестволық табыстан-табысқа жете беруіне тілектестік біл-
діріпті. М.О. Əуезовтің қоғамдық қызметін көрсететін документтер 
толып жатыр. Олар күні бүгін де дүниежүзі халықтарын берекелі бір-
лікке, ыстық ынтымаққа, баянды бейбітшілікке шақырып тұрғандай 
сезіледі.
1967.
БІР ХАТТЫҢ ТАРИХЫ
Заманымыздың ұлы суреткері Мұхтар Əуезовтің бүкіл творчес-
твосы, қоғамдық һəм практикалық іс-əрекеті туған халқына, еліне, 
Отанына барынша тиімді қызмет етудің айқын үлгісі болғандығы 
баршаға мəлім ақиқат. Жазушы жолының, өмір өткелдерінің 
кезең-кезеңіне атүсті көз жүгіртіп өткеннің өзінде, «болар балаға» 
жөргегінде жорамал жасап, қаршадайынан таныған қазақ мəтелінін 
даналығына еріксіз тəнті боп, тағзым етесің. 1914 жылы Қазақстан 
топырағында тұңғыш рет хатқа түсіп, тарихта із қалдырған алғашқы 
матчты өткізген «Жарыс» атты футбол командасын құруға күш са-
лып, мұрындық боп жүрген шағында Мұхтар Əуезов 16-17 жаста 
екен. Егер спорт түрлерінің ішінде футбол күні бүгінге дейін қазақ 
жастарының «сүрінер томары» болып келе жатқандығын ескерсек, 
жоғарыдағы аталмыш оқиғаның маңызын асыра бағаладым деу 
артық, кем өлшеп, келте қайыру қиянат. Ал 1917 жылы Ойқұдықта 
қос киіз үйді жалғастыра тігіп, ауыл жастарының күшімен «Еңлік 
-Кебекті» алғаш рет көрермен қауымның алдына шығарғанда 
сахарадағы сол бір алғашқы спектакльді қоюшы да, бүгінгі 
профессионалдық тілмен айтқанда, көркемдік жағын басқарушы 
да автордың өзі болғандығы, тіпті əуесқой артистер диалогтары-
нан жаңылып қалмасын деп, жүкаяқтың артына тығылып суфлер-
лік міндетке дейін өзі атқарғандығы – осының бəрі еріккеннен туған 
ермек емес, жас қаламгердің бұрын беймағлұм тосын өнерге, атап 

82
83
айтқанда, сахна өнеріне қазақ қауымының кезін қандырып, бойын 
үйретіп баулу ниетінен туған батыл бастама болатын. Содан былай 
жалғаса берген «Ел ағасы», «Бəйбіше – тоқалдан» бастап ең соңғы 
«Дос – Бедел досқа» дейінгі аралықтағы 20 шақты төл туынды пье-
саларды, классикалық аудармаларды, оның үстіне театрмен тікелей 
араласып атқарған қыруар істерді, сан сапа мақалаларды ойласақ, 
Мұхаң өз өмірінің ақырына дейін қазақ өнерінің бұл саласын бір сəт 
болса да көзден таса, көңілден жырақ ұстамағанға ұқсайды. Бейім-
бет пен Ғабиттің «Аманкелдісінен» соң ілесе шыққан «Райхан», 
«Абай əндері» атты көркем суретті фильм сценарийлерінің жазы-
луына да жоғарыдағы жағдай, атап айтқанда, мешеу, кенже қалған 
өнерге қолғабыс жасап, септігін тигізу, жетпегенге жетелеу ниеті се-
беп болғандығы байқалады.
М. Əуезовті жас кезінен білетін адамдардың естелігіне қарағанда, 
ол өзінің қоғамдық, практикалық қызметінде де əлгіндей қасиетті 
ниеттен қия баспаған. Жазушының жастық шағын жақсы білетін 
Құлатай Ақбердин бұрынғы Шыңғыс болысында М. Əуезов тұты-
нушылар кооперациясын ұйымдастырғанын айтса, бұрын совет 
қызметкері, қазір дербес пенсионер Ишмұхамед Əлин Байқошқар 
поселкесінің салынуына М. Əуезов тікелей мұрындық болғанын 
оның 1922 ж. Əрхам Ысқақов арқылы жолдаған хаты бойынша ба-
яндайды.
Мұның бəрі де ұлы жазушының мұратты, мүдделі болған 
мəселелері ауқымының кеңдігін, өз халқының кетігіне кірпіш, 
жыртығына жамау болуға ерте əзірленгендігін дəлелдейтін фак-
тілер.
Өткен жылы М. Əуезов музейіне жазушыны қоғамдық қызметі 
қырынан танып-білуге септігін тигізетін бір хат келіп түсті. Арап 
əрпімен жазылған бұл хаттың тексті мынадай:
«Қадірлі Ике, Жұмжұма, Смағұл, Кəкен, Өлмесқұл, Тоқар, Өмір-
тай, Құлке, Бұғыш, Қамза, Абайке, Садуақас, Бендебай ағайлар! 
Мына кісілер Ленинградтағы білім ордасының қазақ өкіметінің 
сұрауы бойынша қазақ даласына қазақ малының тұқымын айы-
рып, түрін сынап, бітім сүйегін өлшеуге шыққан маман білгіштер. 
Бұлардың істері ғылым жолымен қазақ шаруасына пайда тигізу, пай-
дасына ғана арналады.
Одан басқа алым-салыққа септік тигіземіз деп, сол ниетпен жүрген 
кісілер емес. Сондықтан əрбір тəуір малдардың түрлерін ел жасыр-
май толық көрсетуді тілейді. Мүмкін болғанынша елдің сенімді 
көзбен қарап, істеріне шама келгенше көмектес болуын қатты тілей-
ді. Сондықтан мені тобықты баласы болған соң елдің сөз ұғатын, 
жөн білетін кісілеріне хат жазып, біздің жайымызды ұғындырып хат 
жазып бер деген соң осыны жазып отырмын. Көмектеріңді аямассыз 
деп сенемін. Жазушы інілеріңіз Мұхтар Əуезов».
Бұл хатты 1927 жылдан бері қастерлеп сақтап, арнаулы аппарат-
та I дана копиясын түсіртіп, түпнұсқасымен қоса əкеліп тапсырған 
Латвия ССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Лат-
вия ССР-ның ғылымға еңбегі сіңген қайраткер, Латвия мемлекеттік 
университетінің биология факультетінде зоология жəне генетика 
кафедрасының профессоры Лусис Ян Янович (бұрын жастау кезінде 
ол Лус Янис Янович болып жазылыпты). Ең алдымен осы бір ілти-
пат-ізеті үшін ғалымға алғыс айту лəзім.
Қазір есімі бүкіл Одақ көлеміне белгілі бұл биологтың жетпіс 
жасқа толған торқалы тойың өткен 1971 жылдын аяғында Лат-
вия республика жұртшылығы кеңінен атап өтті. Оны құттықтауға 
Қазақстаннан белгілі ғалым, СССР Мемлекеттік сыйлығының лау-
реаты Əндижан Есенжолов арнайы сапармен барып қайтты. Лусис 
1941 жылға дейін СССР Ғылым академиясының үй жануарларының 
генетикасы, селекциясы жəне эволюциясы бөлімінде меңгеруші бо-
лып, одан соң көп жылдар басқа институттарда ғылыми қызметтер 
атқарып, 1949 жылы Латвияға, аталған университетке ауысқан 
көрінеді.
Хаттың жазылу тарихы мынадай: 1926 жəне 1927 жылдары 
СССР Ғылым академиясының СССР өндіргіш күштері жөніндегі 
Комиссиясы Қазақстанның шығыс облыстарында комплексті 
экспедициялық зерттеулер жүргізген. Сол комиссияның құрамында 
үй жануарларының жергілікті тұқымдарын (нəсілдерін) зерттеу-
ге арналған отряд жұмыс істеген. Бұл жұмысқа жалпы басшылық 
жасаған Ленинград университетінің профессоры, белгілі био-
лог ғалым Филипченко Юрий Александрович марқұм екен. Ал 
экспедицияға тікелей қатысқан отряд жұмысты тездетіп, уақыттан 
ұту үшін Семей губерниясына келісімен екі топқа бөлініп, бір тобы 
Тарбағатай, Алтай жағына, екіншісі Шыңғыс бөктеріне аттанған. 
Сол екінші топты ғылыми қызметкер Лусис басқарған. Отряд 
жұмысына қатысқан сол кездегі Ленинград университетінің практи-
кант студенттері Медведев Николай Николаевич, Колесник Николай 
Никитич, Керкис Юрий Яковлевич т.б. қазір Совет Одағының бел-
гілі генетик-ғалымдары. Сөз болып отырған хатты Мұқаң (ол кезде 

84
85
Ленинград университетінің студенті) отряд басшыларының өтініші 
бойынша ел ішінде беделі бар жерлестеріне жазып берген. Хаттың 
түпнұсқасының шет-шетіне отряд басшысының қолымен Семей гу-
берниясына қарасты аудандардың сол кездегі атаулары жəне хатта 
есімдері аталған адамдардың біразының фамилиялары жазылыпты. 
Мəселен Шаған болысы – Ике Əділев, Жұмжұма Үкібаев, Смағұл 
Нұрақовұғылы болысы – Кəкен Жақыпов, Тоқар Бейғамбетовтің 
Шығыс болысы – Өміртай Ақбердин, Құлке Жирен-Хя, Буғыбай 
(Бұғыш) Шұбаров; Мұқыр болысы – Хамза Дүйсекин, Абайке 
Жұманбаев; Қызыладыр болысы – Бендебай... т. б.
Осы экспедициялық зерттеу материалдары сұрыпталып, соның 
негізінде 1928 ж. СССР Ғылым академиясы «Семей губкрниясының 
үй жануарлары» («Домашние животные Семипалатинской гу-
бернии») атты көлемді екі жинақ шығарған. Оның бірінші бөлімі 
жылқы мен маралға, екіншісі – ірі қара мал мен қой-ешкіге арналған. 
Жинақтың кіріспесінде қазақтың мал бағу тəсілдері, көктеу, жай-
лау, күзеу, қыстау сияқты көші-қон жайының классикалық цикліне 
түсіндірме келтірілген экспедициялық зерттеудің мақсат-мүддесі, 
міндеттері, жергілікті мал тұқымын асылдандыру (будандастыру) 
мүмкіндіктері т. б. актуальды, маңызды мəселелер баяндалған.
Жинақтағы тағы бір мақалада революциядан кейінгі азамат 
соғысы жылдарында əскери бөлімдердің мұқтажы үшін жылқы 
малына жиі-жиі жасалып тұрған реквизиция жергілікті халықта 
əбігер-үрей туғызғандығы, ол əлі де ұмыт бола қоймағандығы, 
сондықтан да көшпенділердің көбі қайдағы бір қиян-қиыр, шалғай 
жерлерде, жырақта бой тасалап мекендеп жүретіндігі (26-бетті 
қараңыз) айтылған. Мақалада тағы да былай делінген: «Мəселе мы-
нада, көшпенді шаруашылықтарда мал санағын алу барынша қиын 
іс болып келді, болып та отыр. Жалпы көшпенді қазақтар, оның 
ішінде əсіресе ауқаттылары, өз қолдарында бар малдардың саны 
туралы мəлімет беруге соншалықты сараң, қатты қынжылады. Ал 
олар солай етуге мəжбүр болған күннің өзінде, мал санын алдын 
ала əдейі азайтып айтады. Мұны олар ең алдымен алым-салықтан 
қорыққандықтан, екіншіден көпшілік жағдайда əр алуан санақшы-
статистик жəне зерттеушілер сияқты бағзы бір «бөгде адамға» сен-
бестікпен қарайтын жалпы көшпендінің каны мен бойына сіңісті 
болған секемшілдіктен жасайды». (25-бет.)
Міне осы жайларды ескерсек, сонымен бірге экспедиция жұмысы 
Қазақстанда ірі байларды конфискелеу қарсаңында жүргізілгенін 
ойласақ, жалпы мал-мүлкін, дүниесін хаттау, қағаз бетіне түсіру де-
генге үрейлене-үрке қарайтын қыр қазағы үшін Мұхаңның бұл хаты 
дəл бір сенім грамотасындай роль атқарғандығын түсіну қиын емес. 
Демек, малдардың бойын, салмағын өлшеп, фотосуретке түсіріп алу 
жөнінде экспедиция жұмысының кедергісіз өтуіне бұл хат кеп сеп-
тігін тигізген.
Жазушының «Білекке білек», «Асыл нəсілдер», «Құм мен асқар» 
əңгімелерінің мал шаруашылығы мəселелеріне арналғандығы, 
Əуезов сңенарийі бойынша түсірілген көркемсуретті «Райхан» 
фильмі қазақ жылқысының тұқымын жақсарту, асылдандыру проб-
лемасын көтергендігі, ал «Өскен өркен» романында бүгінгі таңда 
малды сонау бабалар заманындағы көнерген тəсілмен бағу жайы 
сынға алынғаны мəлім. Демек, бұл хат сонымен бірге жазушы твор-
чествосынан үздіксіз (əр кезде əр алуан) орын алын келген мал 
шаруашылығы тақырыбының түп-төркіні тереңіректе жатқанын, 
жазушыны тіпті сонау ертерек жас кезінде-ақ қатты ойландырғанын 
танып білуге көмектеседі.
1973.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет