Ббк 83. 3 (5 Қаз) с 26 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі



Pdf көрінісі
бет4/26
Дата17.01.2017
өлшемі0,95 Mb.
#2079
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26
айналды.
Заман тынысын, əдебиетіміздің даму процесін терең сезінген 
жазушы сол жылдарда жазған көптеген əңгімелерінде социалистік 
еңбекті, сол еңбек процесінде өсіп жетілген жаңа адам үшін күрес 
проблемасын көтерді. М. Əуезов бұл жағдайды «Іздер» əңгімесінде 
былайша баяндайды:
«...Ескінің кейбір ізі бұл (Несіпбай – Б. С.) бағып-қағып өсіріп 
келе жатқан төлден, жаңаның төлінен əлі түгел арылып болмай, 
анда-санда жотасын көрсетіп қалады.
Əлі көзі түгел жоғалып болмаған ескі адам мынадай момын 
колхозшының момындығы арқасында, қаға берісте отырып, көз бояп, 
ескі қырсық мінездерін жасайды. Совхоз қойына уақытша залал кел-
тіріп тұрған шытырдай о да улатып, Құлжатайларды күйдіреді».
Жасампаз еңбектің жасаушылары Несіпбай, Құлжатайлар міне 
осындай ескінің сарқыншақ қалдықтарымен, жат элементтердің, 

38
39
жаулардың «іздерімен» күресе жүріп, ер жетеді, қоғамдық шаруа-
шылықты нығайтады.
Жаңа өмірді жасаушы – жаңа адам, еңбек адамы. Ендеше негізгі 
мақсат – осы жаңа адам үшін күрес болуға тиіс. Совхоздың саяси 
бөлімін басқарушы Рақымның («Іздер») совхоздар мен колхоздарда 
«жаңа адам, жақсы адамды, біздің тəрбиенің адамын» тауып, сосын 
оларды «баулып, өсіріп... алға сүйреп, бойына екпін, қайрат бітіріп, 
жарыққа шығару, көтеру» жөнінде Несіпбай мен Құлжатайға айтқан 
ақыл-кеңесі осыны аңғартады. Əңгіменің негізгі идеялық мазмұны 
да осында.
– «Міне сендермен мен істейтін істің мағына, мазмұны осымен 
шешілді, ашылды...», – дейді Рақым сөзінің қорытындысында.
Жазушы өзінің көптеген əңгімелерінде советтік құрылысқа қарсы 
жау элементтерді, бүркенген қаскүнем зұлымдарды, олардың колхоз 
құрылысына жасаған зиянкестік əрекеттерін көрсетеді. Мұның өзі 
сол кездегі шындыққа үйлеседі. Өйткені біздің еліміздің тарихын-
да ауыл шаруашылығын коллективтендіру қаншалықты қиындыққа 
түскені, қаншама тап жауларының қастандық əрекеттерін əшкерелей 
отырып жеңуге тура келгендігі мəлім.
«Октябрь» колхозында зиянкестік істеп жүрген Жұматай («Із-
дер»), «Талды өзек» колхозының қойларын қырып кетуге əрекет 
жасаушы Сүгір мен Қатпа («Шатқалаң»), 1929 жылы конфискация-
дан қашып, Сібір, Ташкент жақты аралап кеп, енді конзаводтың 
жылқысын ұрлап шекарадан өтіп кетуге əрекет жасаушы Сəтбек 
(«Бүркітші») т. б. осы сияқты зиянкестер – қазақ еңбекшілерінің тап 
жаулары. Жазушы совет адамдарын осындай бүркенген тап жау-
ларына қарсы қырағылыққа шақырады. Советтік заманның жаңа 
адамдары, совет патриоттары: Бекбол («Бүркітші») Самат, Айша, 
Паншин («Шатқалаң»), Несіпбай, Құлжатай («Іздер») сияқтылар 
колхоз құрылысы жауларының зұлымдық əрекеттерін дер кезінде 
əшкерелеп, жойып отырады.
Бұл əңгімелердің бəрінде де уақиға советтік құрылысты нығайту 
үшін күресіп жүрген кейіпкерлердің жеңуімен аяқталады. Жаппай 
шабуылға шығып, күн санап іргесі бекіп келе жатқан социализм 
құрылысшылары мен келмеске кеткен ескінің қалдықтары арасынағы 
қақтығыстар арқылы жазушы советтік, социалистік құрылыстың 
мызғымас беріктігін, оның болашағын айқын көрсетіп отырады. 
М. Əуезовтің отызыншы жылдарда жазған көп əңгімелерінің 
тақырыбы, уақиға желісі бірімен-бірі астасып жатады. «Шатқалаң» 
(1935 жыл) атты ұзақ əңгімесінде шекараға жақын жердегі 
«Талдыөзек» колхозында болған уақиға баяндалады. Осы жердің 
конфискеленген бұрынғы байы Сүгір шетелге қашып барып пана-
лайды. Ол шекарадан қайта өтіп, советтік құрылысқа қарсы зиян-
кестік, жаулық əрекеттер жүргізеді. Сүгірдің жаулық əрекетіне ту-
масы Қатпа, аудандық судья болып алған халық жауы Садыров 
жəрдемдеседі. Ақырында, колхоз белсенділері Хасен, Самат, Пан-
шин сияқты совет адамдарының саяси қырағылығы арқасында, 
Сүгірлер қолға түсіріліп, жаудың ұясы талқандалады.
* * *
М. Əуезов – очерк сияқты əдебиеттің ең актуальды жанрына да 
белсене атсалысқан жазушы. Оның ел өмірінен, күнделікті тұрмыс-
тіршіліктен жазған орасан очерктерін былай қойғанда, көркемдік 
құндылығы жағынан көңіл бөліп, назар аударар дүниелері бар. Оның 
очерктері жайлы əңгіме болғанда, «Түркістан солай туған» мен «Ин-
дия туралы очерктерін» ерекше атап өту қажет.
«Мұхтар очерктер де жазады, – деді С. Мұқанов,– солардың ішін-
де көпшіліктен жақсы баға алғаны – тың жəне тыңайған жерлерді 
игеру тақырыбына арналып 1955 жылы жазылған «Түркістан солай 
туған» деген очеркі».
Бұл көлемді очеркте елімізде тың жəне тыңайған жерді игеру 
проблемасы, партия жіберген өндіріс командирлерінің күнделікті 
тəжірибесінде кездескен əр алуан қиындықтар сөз болады.
Жазушы Қазақстанның оңтүстік облыстарының бірінде 
ұйымдасқан жаңа егін совхозының жай-жапсарын баяндау арқы-
лы жалпы тың жəне тыңайған жерді игеру мəселесіне ортақ 
проблемалық, типтік жағдайларды көтереді. Құлан жортпас қу адыр-
да тіршілік ошағын орнатып, совхоз ұйымдастыруға партиялық тап-
сырмамен келген Алексей Иванович Строгов жазушы суреттеуінде 
М. Шолоховтың «Көтерілген тыңындағы» Давыдовтың мұрагері 
тəрізді. Очерктегі совхоз директоры Строгов, партия ұйымының сек-
ретары Тұрсынов, шофер Матайбаев, агроном Нина Петровна, трак-
тористер Ткаченко мен Новиков, аудандық партия комитетінің сек-
ретары Сандыбаев т. б. жазушының 30-жылдарда колхоз құрылысы 
үшін жан аямай күрескен кейіпкерлерінің заңды жалғасы, ауыл 
шаруашылығының жаңаша жағдайдағы жаңаша қайраткерлері ретін-
де бейнеленеді. Ал очерктегі етектен алар, аяққа оралғы болар, кейін 
тартар кейіпкерлер отызыншы жылдардағыдай тап жаулары емес, 

40
41
қоғамнан неғұрлым көп алып, соғұрлым аз берсем дейтін санадағы 
капитализм қалдықтарының жетегіне ерген Шарафьянов, Ағабеков, 
Мотов, Пыжов, Дивов сияқты ауырдың үсті, жеңілдің астымен өтуге 
əдеттенген алаяқ қулар. Бірақ бұлар бұл шақта белең алар белгілі 
күш емес. Қырсығын тигізер бұл азғантай топқа қарсы тұратын, 
оларды сын тезінен өткізіп, жөнге салатын совхоздың біртұтас 
ынтымақшыл коллективі бар. Жазушының негізгі кейіпкерлері де 
осы еңбекшіл коллектив.
Өзінің көркемдік ерекшеліктеріне, тіл шеберлігіне қарағанда, 
«Түркістан солай туған» тек фактіге құрылған очерк қана емес, 
көп жағдайларды топтап, типтендіріп суреттеген очерк-əңгіме деп 
айтуға болады.
М. Əуезовтің бұл саладағы елеулі еңбектерінің бірі 1959 жылы 
жеке кітап боп жарыққа шыққан Индия жайындағы очерктер циклі. 
Бұнда жазушы өзінің шетелге шеккен жолсапарларынан алған əсері, 
индус халықтарының ежелгі мəдениеті, тарихи, мəдени мұралары 
жайында бай мəлімет береді. Бұл жазушының шетелдермен мəдени 
байланысты нығайту жолында еткен елеулі еңбектерінің бірі ретінде 
бағаланады.
Қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың өмірі мен еңбегі – М. Əуезов-
тің творчествосында үлкен орын алған тақырып. Жазушы Абайдың 
өмірі мен творчествосын ғылыми-зерттеу жолында көп еңбек сіңіре 
отырып, бірнеше көркем шығармалар да жазды. Ол 1936 жылы 
«Татьянаның қырдағы əні» атты əңгімесін, 1939 жылы Л. Соболев-
пен бірге «Абай» атты трагедиясын жазды.
1945 жылы М. Əуезов Абайдың туғанына 100 жыл толуы 
қарсаңында, осы пьесаның уақиғасы негізінде «Абай» атты операның 
либреттосын жəне «Абай жырлары» атты көркем суретті фильмнің 
сценарийін жазды.
М. Əуезовтің ұлы ағартушы, классик Абайдың зор тұлғасын 
кемеліне келтіре суреттеп, айқын образын жасаған шығармасы – 
«Абай» жəне «Абай жолы» романдары.
Абай жайындағы бұл эпопеяны жазуға М. Əуезов ұзақ жылдар 
бойы көптеген материалдар жинап, тыңғылықты əзірлік жасады. 
Эпопея – жазушының осы ұзақ жылдық еңбегінің жемісі.
М. Əуезов «Абай» романының бірінші кітабын 1942 жылы, екін-
ші кітабын 1947 жылы жазып бітірді. 1949 жылы бұл романға со-
циалистік реализм əдебиетінің кесек, құнды шығармаларының бірі 
ретінде бірінші дəрежелі Мемлекеттік сыйлық берілді. Ал 1959 
жылы төрт томдық эпопеяға Лениндік сыйлық берілді.
«Абай жолы» эпопеясы – тек жазушының немесе қазақ-совет 
əдебиетінің ғана емес, сонымен бірге бүкіл совет əдебиетінің, социа-
листік мəдениетіміздің де зор табысы; күшті, əбден жетілген, нағыз 
көркем проза. «Абай жолы» эпопеясы бүкіл совет əдебиетінде та-
рихи тақырыпқа жазылған кесек шығармалардың таңдаулыларының 
қатарынан орын алады.
Партиямыздың орталық органы «Правда» газеті (1954 жыл, 
17 сентябрь) қазақ əдебиетінің табыстарын аса жоғары бағалап: 
«Жазушы Мұхтар Əуезовтің «Абай» романы бүкілодақтық əдебиет-
тің алтын қорына қосылды», – деп жазды.
М. Əуезов «Абай жолы» эпопеясында сол заманның шындығын 
қазақ халқының ұлы ойшылы, қоғам қайраткері Абай айналасын-
да топтап көрсетеді. Романның сюжетіне Абай өмірінің бірқатар 
биографиялық нақтылы деректерін негіз етіп ала тұрса да, жазушы 
оны біртұтас желілі уақиғаға тіркеп, ақын өмір сүрген заманның 
əлеуметтік сипатын айқындау мақсатына бағындырып отырады. 
Сөйтіп, жазушы Абайдың өміріндегі жеке хроникалық уақиғаларға 
мүдіріп қалмай, XIX ғасырдағы қазақ халқының қоғамдық зор өмірін, 
ондағы жаңалық пен ескіліктің күресін, ол күрестің зор болашағын 
көрсетеді. Жазушы тарихи Абайды дəріптеп немесе бүгінгі күннің 
шеңберіне зорлап əкеп тықпай, оны халық дамуының ішкі пробле-
матикасымен органикалық байланыста, тарихи шындық шеңберінде 
алып бейнелейді.
Ақын өміріндегі жеке фактілердің ішінен жазушы романның ал-
дында тұрған осы басты мақсатты шешуге жарамды маңыздыларын 
ғана сұрыптап алады.
XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстан Россияға түгелдей 
қосылып болды. Мұның өзі қазақ даласындағы феодалдық-рулық 
тəртіпке, олар орнатқан əдет-ғұрыпқа тиген қатты соққы еді. 
Бұрынғы томаға тұйықтық шетінеп, қазақ қоғамындағы əр түрлі 
əлеуметтік топтардың ара жігі бірте-бірте айқындала берді. Қазақ 
даласына орыс халқының прогресшіл озат мəдениеті сəулесін шаша 
бастады. Абай – осы озат мəдениетті елдің үлгісін өз халқына тара-
ту жолында қызмет еткен қайраткер. Романда осындай зор маңызы 
бар тарихи прогресс кең қамтылған, ақын өмір сүрген дəуірдің прог-
ресшіл сипаты айқын ашылған. Бұл шығарма арқылы бүгінгі жас 
ұрпаққа бейтаныс біртұтас дүниенің кең қамтылған панорамасы көз 
алдымызға келеді.
Романның сюжетін құрайтын негізгі тартыс екі түрлі əлеуметтік 

42
43
топтың арасында, яғни Абай жəне оның арқа сүйенері болған еңбекші 
халықтың өкілдері мен Құнанбай жəне оның тобындағылар арасын-
да болады. Бұл – əке мен баланың арасындағы жай ғана үй ішінің 
көңіл кірбіңі емес. Бұл – Абай бастаған прогресс пен Құнанбай 
қорғаштаған кертартпа ескішілдіктің арасындағы ымыраға көнбес 
қоғамдық тартыс. Бұл тартыстың өз дамуы, өз заңы бар. Романдағы 
барлық уақиға осы заңға бағынып отырады.
Эпопеяның бірінші кітабында балалық шақтан бастап азамат 
ретінде қалыптасқан Абай көрінсе, кейінгі кітаптарында прогрестің 
жақтаушысы, зор əлеуметтік, қоғамдық тартысқа түскен қайраткер, 
ұлы ойшыл ақын Абай көрінеді. Романның бірінші кітабында Абай 
ескілікке, феодалдық-рушылдық салт-санаға қарсы бел шешіп 
күреспей, баяу ғана, көбінесе адамгершілік жүректен іштей ғана 
ренжіп жүреді. Өйткені қараңғылық басқан сахарада туып өскен 
Абайдың ескі қазақ қоғамының жағдайында бірден тарихи қайраткер 
болып, күреске араласып кетуге мүмкіндігі де жоқ. Абай соқтықпасы, 
шытырманы, бел-белесі көп үлкен өмір жолынан өтеді. Оның 
творчестволық еңбегі де, қоғамдық ой-пікірлері де осы ұзақ өмір 
жолында көрген-білгенінен, оқып-тоқығандарынан, тəжірибесінен 
толысып қалыптасады. Бұл ретте жазушы геройдың өсу жолын, та-
рихи шындық шеңберіндегі эволюциясын өте шебер жасаған.
Романның жеке тарауларының: «Қияда», «Өрде», «Бел-белесте» 
т.с.с. аталуы да осындай ойдан туған.
Осы жөнінде белгілі жазушы Ғабит Мүсірепов былай деп жаз-
ды:
«Қайтқанда, Қат-қабатта, Шытырманда, Бел-белесте, Өрде, 
Қияда» деген əрбір бөлімнің аттары.
Осыны біріне-бірін жалғап, бір саты етсең, қат-қабат шытырман-
дар арқылы, бел-белеске, өрге, қияға шығып келе жатқан Абайды 
көресің. Бұл – үздіксіз өсіп келе жатқан Абайдың жолы.
Сонымен бірге ол Құнанбайдың да баспалдақтары. Осы саты-
ларды төмен қаратып қойып, аяғынан басына қарай оқысаң, бұл 
жоғарыдан ылдилап келе жатқан Құнанбайдың жолы болып шығады. 
Сонда, Абайдың жолы – «қайтқанда, қат-қабатта, шытырманда, 
бел-белесте, өрде, қияда» болып шығады да, Құнанбайдың жолы 
–«қияда, өрде, бел-белесте, шытырманда, қат-қабатта, қайтқанда» 
болады. Бірі – көтерілу, бірі – түсу, төмендеу жолы».
«...Абайдың өзін алатын болсақ, бұл қара халықтың тартқан жапа, 
көрген қорлық, теккен жасынан туған, ел тілегіне жаңа жолдар, ел 
болашағына жаңа бағыт іздеген, əзір таппаған, бірақ қайдан таба-
тынын дəл сезіп болған, ел баласы, замана жасы. Құнанбай – елдің 
тоқырап қалған, өз биігінен аса алмаған ескі ойы болса, Абай – елдің 
алысты болжай алған, ілгері сүйреген ойы». Бұл кезде Абайдың ел 
ішінде байқағандары – дау, жанжал, төбелес, ұрлық, барымта, бəсеке, 
рулық тартыс. Жас Абайдың жүрегі осыны сезіп өсті.
Романның кейінгі кітаптарында Абай ескілікке қарсы 
қоғамдық күрес жүргізеді. Ол қазақ аулындағы əлеуметтік бітіс-
пес қайшылықтардың, заман сипатын айқындайтын əр алуан кесек 
уақиғалардың қайнаған ортасында жүріп, қазақ халқын прогреске 
бастайды.
Бала кезінен бастап əке орнатқан тəртіпке, қаталдық пен зорлыққа 
жаны түршіге, жиіркене қараған гуманист Абай осы тартыста өз то-
бынан іргесін мүлде аулақ салып, ара жігін ашып алады.
Абай – қиюы қашып, ыдырай бастаған ескі қоғамның заң-
дарындағы əділетсіздікке қарсы күресіп, орыстың демократия-
шыл, озат ой-пікірлерін берік тұтынған, адам правосы мен əділеттік 
үшін күрескен өз заманының аса көрнекті қоғам қайраткері. Ол 
озбырлық пен жауыздыққа қарсы өз творчествосын күрес құралы 
етеді. Ол айдауда жүрген Михайлов арқылы орыс халқының рево-
люцияшыл демократы Чернышевскийдің пікірлерімен танысады. 
Абайды қазақ сахарасына ене бастаған прогрестің басы ретінде та-
нып, оның бойынан зор талант пен гуманизмді көрген Михайлов 
Абай пікірлеріндсгі осал жақтарын да бірден байқайды. Михайлов 
Абайға əсіресе қоғамдағы тап жігін тани білуге көп көмектеседі. 
Өзінен алған тəлімін, үлгісін жұмсайды, соның арқасында ол өз 
дұшпандарын ықтырып, басып отырады. Əдет-ғұрыпты бұзып, 
сүйгеніне қосылмақ болған өз немересі Əмірді буындырып өлтірмек 
боп жатқан Құнанбайға, «дəуренің өткен, тек жат... заман менікі» деп 
қатал үкім шығарса, оның жолын қуушы Тəкежан, Жиренше, Ораз-
байларды халық алдында сүріндіріп, аяусыз əшкерелейді. Əзімбай 
сияқты өсіп келе жатқан ертеңгі «Құнанбайларға» қарсы жаңашыл 
талантты жастардан прогрестің жақтаушыларын тəрбиелейді. Осы 
мақсатпен ол өз балаларын орыс мектебіне беріп, орысша оқытады. 
Сөйтіп, ұлы ақын өз жолын орыс мəдениетінен іздеп табады.
Ұлы орыс халқының бостандық сүйгіш, демократияшыл идеяла-
ры қазақ халқының да жақсы тұрмысты көксеуіне, ез жағдайының 
ауыр екендігін ойлануына мұрындық болды. Осыны сезінген Абай 
орыс халқынын мəдениеті мен ғылымынан өз халқының үміт 

44
45
сəулесін көрді. Бұл ретте жазушы Абай жанын тебіренткен небір 
күрделі мəселелердің түйінін дұрыс шешіп берген.
Абай – орыстың демократияшыл озат мəдениетінің жемісі екен-
дігін жазушы толық ашып көрсеткен. Абай бойындағы сарқылмас мол 
қуаттың, білімнің, түптеп келгенде, сол орыс халқының мəдениетінен 
дарыған қасиет екенін оның жаулары да сезеді. Романның бірін-
ші кітабының соңында əлі əлеуметтік үлкен, кесек тартысқа түсіп 
үлгермеген 24 жастағы Абай бойынан қатал əке Құнанбай тапқан 
міннің ең үлкені де оның осы «орысшылдығы» болуы тегін емес. 
Абай əкесінің бұл кінəсына қарсы: «Халық үшін де, өзім үшін де 
дүниенің ең асылы – білім, өнер. Сол өнер орыста. Мен барлық тір-
ліктен ала алмаған асылды содан алатын болсам, ондай жер жатым 
бола ма?» – деп дау айтады.
Романда Абай Семей қаласында ұзақ уақыт болып, Михайловпен 
кездесіп, əңгімелескеннен кейін екі Россияның – халықты құлданушы 
патшалық Россия мен еңбекші бұқара Россиясының бар екендігін 
түсінеді. Қаладан қайтқан сапарында жолда жатақтар аулына тоқтап, 
қонып аттанған Абай өзінің сыралғы досы Дəркембайға айтқан 
əңгімесінде: «Бейнет иесі болған бұқараның мұңдасы тек қазақ 
ішінде емес. Өзіңдей қорлық пен зорлыққа шіріген қалың миллион 
қара халық орыста да бар екен. О да руым орыс деп, аталасым деп, 
патшасы мен чиновнигіне, төресі мен ұлығына ден қойып отырған 
жоқ. Қайта «қан сорғышым, обырым осы», – дейді екен...– Ойла-
сам, Көкше-Мамай руынан шыққан кедей жатақтарының ғана мұңы 
бір емес. Олардың Сібір мен Россиядағы бар орыс жатақтарымен де 
ұраны, мұңы бір екен», – дейді.
Бұдан Абайдың қоғам қайраткері, халық қамқоршысы ретін-
дегі зор тұлғасы айқын көрінеді. Романда Абайдың демократия-
шыл пікірлері оның əр алуан тұста əрбір мəселе жайлы айтқан 
əңгімелерінен ғана емес, сонымен бірге оның қимыл, іс-əрекетінен 
де көрініп отырады. Тəкежан мен Ысқақ, Шұбарлардың тізесі батқан 
еңбекші халыққа, жатақтарға Абайдың өз туыстарынан бірнеше рет 
есе қайтарып əперуі тегін емес.
Абай – өз халқының бақытын көксеген, ақ ниетті, игі жақсы 
адам. Ол əрқашан кедейлерді байлардың, əкімдерінің өктемдігі мен 
зорлығынан арашалап, қуғын көргендерге пана болып отырады.
М. Əуезовтің қаламынан шыққан кесек шығармалардың бірі 
– «Абай жолы» романы. Бұл роман алдыңғы «Абай» романының 
заңды жалғасы. Мұнда Абайдың жаңа кезеңдегі өмірі, əлеуметтік, 
творчестволық қызметі баяндалады. Романда Абай қазақ қоғамының 
тарихи жағдайын, əлеуметтік-экономикалық тұрмысын танып білу-
де бұрынғыдан да өсіп-дамыған, романның қамтитын əлеуметтік 
мəселелері де анағұрлым кең.
«Абай жолы» романында Тəкежан сияқты бай ауылдың кедей 
ауыл Жігітектің пішенін зорлықпен шауып алғандағы қақтығыстан 
бастап, тап тартысы барған сайын айқындалып отырады. Бұл кезде 
Абай «Атаның ұлы болмай, адамның ұлы болған», əлеуметтік оң мен 
солын ажыратқан күрескер дəрежесінде көрінеді. Бірақ халқын бері-
ле сүйген ұлы ақын əділетсіздік пен жауыздықтан біржола құтылып 
кету жайын ойланғанда дəрменсіз, шарасыз. Айналасында Абайдың 
көмегін, жол көрсетіп, жөн сілтеуін күтіп отырған халқы бар. Абай 
халықты күреске шақыру дəрежесіне көтере алмады, өйткені оның 
əлеуметтік ортасы əлсіз, қоғамның дамуы кенже. Осы тұрғыдан 
алғанда, Абай бойындағы олқылықты Дəркембай мен Базаралы 
толықтырып отырады. «Мынау жақсылық, мынау халық басатын 
жол, мынау қайратты тартыс арнасы деп танытқаным жоқ, ел қолына 
ұстатқан құралым жоқ», – деп, Абай Базаралыға өзінің көптен ішін-
де жүрген арманын айтады.
Абай – өз кезінде көп ойланып, көп толғанып, ой соңына 
жете алмай, жалғыздығын, етекбасты болғандығын сыртқа да 
шығарып отырған аса күрделі тұлға. Оның əлеуметтік пікірлерінде, 
əрекеттерінде дұрыс та, қайшы да пікірлер жоқ емес. «Абай жолы» 
романында Абай осы қалпымен өте шебер көрсетілген.
Эпопеяның соңғы кітаптарында Абай халықтың қоғамдық 
өміріндегі қайшылықтарды, ауыр да ащы шындықтарды бақылап, 
қорлық көрген қарапайым жұртты көп тыңдап, көптеген сырлар 
түйген, оларға жанашырлық білдірген гуманист қана емес, халыққа 
түскен ауыртпалықтың тауқыметін бірге тартып, бейнетін бөліскен 
белді қайраткер, жаңа жұрттың жарығына бастаушы ақылгөй, дана. 
Бұл жай, əсіресе эпопеяның 4-кітабында баяндалатын қалаға тараған 
жұқпалы ауру – оба індеті тұсында, Дəрмен мен Мəкен қыздың дауы 
тұсында, Оразбайлардың Көкен елін шабуға қол аттандыруы тұсында 
айрықша көрінеді. Бұл тұста Абай тек тобықтының ғана Абайы бо-
лудан асып, бүкіл қазақ даласына халық қамқоры ретінде мəшһүр 
болған. Жұқпалы індет Семей қаласының тұрғындарына тарап, ажал 
күн сайын сан өмірді өшіріп жатқан шақта Сармолда сияқты сөз 
тыңдар бірлі-жарым адамдар арқылы мешітке жиналған жұртқа сөз 

46
47
салып, ауру таратуға себепші болмау, ол үшін өлген адамның жана-
за, підиясына жиналмау жайында берген мəслихаты, қалаға мешіт 
салудың орнына орыс оқуын ашу, ғылым-білімді насихаттау жайын-
да махоллə (қала) халқына айтқан өсиеті – осының бəрі де Абайды 
өз ортасынан озған парасатты ой иесі, қарапайым халықтың шын 
қамқоры ретінде танытады.
Бүгінде Абай салған соқпақпен болашақ ел көшін бастауға əзірлік 
жасап келе жатқан ізбасарлар да аз емес. Олар күні кешегі Балағаз, 
Базаралы, Қараша, Қаумен, Əбілғазы, Дəркембайлар; олар – бүгінгі 
Əбді, Əбендер мен Сейіт, Дəрмендер; олар – қашанда Абай тобынан, 
Абай қасынан табылатын қарапайым халық.
Кешегі Құнанбай заманында «ата жолын» аттап, бата бұзған Сали-
ха қыздың дауы «қазақ жолы» дейтін салт бойынша билер талқысына 
түсіп шешілсе, енді дəл сондай сүйген жары Дəрменмен қашып кет-
кен Мəкен билер тобынан емес, Россия өкіметінің заңына жүгініп, 
мемлекет мекемелеріне шағыну арқылы басына бостандық алып, өз 
махаббатына пана тауып отыр. Қараңғы қазақ қызының қысылғанда 
«қазақ жолынан», қара дүрсін ауыл əдетінен қашып шығып, қалаға 
бет түзеп, ұлыққа шағынып, орыс өкіметінің заңынан пана сұрауы 
да Абай ақылынсыз, оның үміт артқан сүйікті ұлы, орыс ғылымынан 
сусындаған Əбдірахманның көмегінсіз болып отырған жоқ. Түптеп 
келгенде, бұл да Абай жайған өнеге, Абай ақылымен болған іс.
Əрине, патша үкіметінің жергілікті əкімшілігі үшін ел арасындағы 
жер дауы, жесір дауы, барымта, болыстық, старшындыққа таластан 
туатын партиягершілік сияқты дау-жанжалды қоздырып, өз керегі-
не жаратып отыру пайдалы болатын. Бұл оларға, біріншіден, Рос-
сия буржуазиясының пайдасы үшін, патша өкіметінің отаршылдық 
саясаты үшін қажет болса, екіншіден, ел жуандарынан, би, болыс, 
старшындардан пара алатын өз құлқындары үшін де қажет еді. Со-
лай бола тұрса да, уездік сот Мəкен қыздың жеке басына азаттық 
берді. Өйткені Россия өкіметінің заң орындарынан пана сұрап кел-
ген, өзінде жазылған қалыпты заңы жоқ жабайы елдің бір қызын 
қандықол қара күштің қолына қайтарып беру қыр жайлаған онсыз 
да үркек елді ұлықтан, патша əкімшілігінен үркіте түскен болар еді. 
Демек, мұнда да отаршылдық саясаттың салқыны жатыр. Мұның өзі 
де қазақ өмірінде сонау Құнанбайдан Оразбайға дейінгі қалыптасып 
қалған жуан жұдырық, дырау қамшы, қол шоқпар, қара сойылдың 
заманы байқаусыз, бірте-бірте өтіп бара жатқанын жəне өте бере-
тінін аңғартады.
Абайдың жоғарыдағыдай адамгершілік қасиеттері ел арасына 
кең тараған. Ол ешнəрсеге араласпай, тек кітаппен, өлеңмен болып, 
үйінде жатса да, сол ел ішіне жайылған Абай өнегесі, Абай үлгісі 
ел жуандарының, зорлықшыл ожар қауым Оразбайлардың алдынан 
шыға береді, жай шығып қана қоймайды, əр жерде аяқтарынан ша-
лып, омақаса құлата береді. Абай шашқан жаңалық шұғыласы кеше 
Құнанбай, бүгін Оразбайлар қатырған ескілік тоңын ерітіп, жібітіп 
барады: Мəкен қыздың дауы тұсында дау қуған ожар Оразбайлар то-
бына қарсы Əбді, Əбен, Əлмағамбет сияқты Затон жұмысшыларының 
(пароходқа жүк тиейтін адамдар) Дəрмендермен тізе қосып, көмекке 
келуі де тегін емес.
«...Сіздерге қазақ даласынан қалаға қашып келген жалғыз ғана 
қыздың дауына араласу да революцияшыл программаға кіре ме?» 
– деген Əбіштің əзіл аралас сұрауына саяси жер аударылып келген 
Павловтың: «Біз жұмыскер қауымды қандай тұста, нендей істе бол-
са да, өздерінің жауларын аңғара берсін дейміз. Тегі жауын білген 
қауымның қаруын қайда сілтеуі оңай мəлім болса керек... Мінеки, со-
лайша Мəкеннің дауы біздің Затон халқының тосып жүрген жайына 
мезгілін тауып қосылған керекті сылтаудың бірі болды» – деп жауап 
беруі бүгінгі уақыт сонау Құнанбайлар заманынан мүлде басқаша 
екенін аңғартады. Павловтың бұл сөзінде келе жатқан 1905 жылғы 
бірінші орыс революциясының лебі сезіледі.
Осы жайлардың бəрінде де жазушы барды айтып бадырайтпай-
ақ, болмашы ғана эпизод немесе диалогтар арқылы əрі ұтқыр, əрі 
заман шындығына үйлесімді нəзік жеткізіп отырады. М. Əуезов 
шеберлігінің бір көрінісі осында.
Əлгі айтылған Əбді, Əбен, Əлмағамбеттердің аузында да Абай 
есімі, Абай сөздері бар, Абайға, ол уағыздаған адамгершілікке де-
ген ыстық ықылас, зорлықшылдарға деген өшпенділік бар. Тағы да 
Абай үлгісі, Абай сөзі, Абай есімі. Оразбайды қалада да қарсы алып, 
тағы да алдын орап кетті, тағы да білім жеңді, Мəкен басына еркін-
дік алды, Оразбайға есе бермей кетті.
Көкен елі дейтін еңбек сауған жатақ, момын ел мен тобықты ара-
сында болған жер дауы тұсында жер өлшейтін өкілге əділін айтып, 
сонау Құнанбай тұсында тобықтылар тартып алған атақонысын иес-
іне қайтаруға себепші болатын да Абай. Қала халқының арасына 
тараған індет тұсында адамгершілікке, нысап сақтауға шақырғаны 
үшін, қараңғыда жол торып, Сармолданы бауыздап кеткен Шəріпжан 
халпе мен Соқыр қарилардың ындыны жаман ниеттерін көпке таны-

48
49
тып, əшкерелейтін де Абай. Міне, оның дұшпандары – ел ішінде-
гі жуандар мен атқамінер пысықтардың, дін иелерінің Абайға кел-
мейтіні де осы, атап айтқанда, Абай жайған өнеге мен үлгі, Абай 
жақтаған əділеттік. Өшіккен осынау озбыр топ Абайдың өз басына 
таяқ та тигізеді.
Ел жуандарының көрсоқыр қараңғылығы мен надандығына 
күйінген ұлы ақынның «мұңды көңілім сырласар, сұрғылт тартқан 
бейуаққа» немесе «Мен татпаған у бар ма?» деп аталатын жан 
кейістігін білдірген өлеңдерінің тууына себеп болған да осы топ. 
Ақынның əлеуметтік күрес-тартыс мəселесінде бастан кешірген 
əлгіндей кейістік күйлеріне сүйікті ұлдары Əбдірахман (Əбіш) пен 
Мағауия қазасының қасіреті қосылады да, эпопеяның соңында түн 
түнегін түре қуып атып келе жатқан таң Шолпаны сияқты ұлы тұлға, 
ел қамқоры, данышпан Абай дүние салады.
Алайда Абай өлгенмен, оның өнеге-үлгісі, өшпес өлеңдері, кейін-
гі ұрпақ кеңейтер із-соқпағы, «Абай жолы» қалды. Сол соқпақтың 
мұрагерлері – Абайдың жас достары Дəрмен, Рақым, қалада орыс 
мектептерінде оқып жүрген шəкірттер Асан, Үсен, Асқар, Мұрат, 
Жəкеттер бар. Тарих сахнасына Абай соқпағымен ілесе шығып келе 
жатқан жас қауым, жаңа күш, Абай армандаған алыс бағдарға бет 
түзейтін сахара тірлігіне Абай еккен дəн, ұрық осылар.
«Абай аға, қадірлім! Ол дəндерің елген жоқ, жойылған жоқ. 
Рас, бұл күнде бір араға біткен дүм тоғай болмасын. Үлкен бақ боп 
тұрмасын... Бірақ ен дала, мол сахараның бар бойында ол дəндерің 
өсіп келеді... Көп өсіп, көктей өсіп келеді... Өсе бермек күн санап 
та жыл санап... Сол үшін де əз өмірімде, өле-өлгенше асыл сөзіңді 
сақтармын, ата тəрбиеңді ақтармын, ағажан!»
Абай қазасы үстінде Дəрмен аузынан шыққан бұл сөздері 
М. Əуезов жасаған классикалық тұлға Абай образының да, XIX 
ғасырдың екінші жартысындағы Қазақ өмірінің энциклопедиясы 
болған төрт томдық роман эпопеяның да эпилогы тəрізді.
Романда орыс жəне қазақ халқының тарихи достығы да өмір 
шындығына сыйымды берілген. Қазақстанға көшіп келе жатқан орыс 
шаруалары Əзімбай сияқты озбырлардың қазақ кедейлеріне жасап 
отырған зорлығын көргенде, шыдап отыра алмайды; олар қолға қару 
алып, қазақ кедейлеріне жəрдемдесіп, басынып кірген Əзімбай то-
бын қуып шығады. Тағдыры бір екі елдің еңбекші шаруалары бірі-
мен-бірі осылайша ұғынысып табысады.
«Абай жолы» эпопеясында Абай есімімен қазақ əдебиетіне ен-
ген реализм бағыты да толық көрініс берген. Абайдың əдебиетші 
жастарға шындық өмірді ғана жырлау жөнінде берген кеңесі, мұндай 
қасиеттің кейін Дəрмен басынан табылуы бұған дəлел. Абай енді 
тек қана ақылшы емес, бұдан былайғы прогресшіл əдебиетшілер 
тобының ұстазы да.
Эпопеяның аты қойылған Абай жолы, бұл – ойы мен шұңқыры, 
қиясы мен құзы, адасуы мен сергелдеңі бар ақынның өзі ғана түскен 
жол емес, сонымен бірге бұл – Абай нұсқаған, болашақ ұрпақ көре-
тін даңғыл жол. Ол даңғыл жол – орыс мəдениетінің озат ойыңда, 
оның озат идеясының өрісінде. Эпопеяның үшінші кітабында аға 
ақынның Дəрменнің ақындық өнерінен орыс поэзиясындағы Некра-
сов үнінің нышанын тануы осыны аңғартады.
«Артымнан мен жетпегенге жетіп, мен көксегендей ортаны 
көксеп ұшармысың алысқа! Жетермісің жақсы жайылымға? Мен 
ұшқаннан арыға ұшар болшы! Мен танығаннан арғыны танышы, 
кейінгі елің көрер ырыс-қонысты барлашы! Ол – сол сен бүгінгі 
шыншыл жүрекпен таныған өрісте»,– дейді Абай Дəрменге.
Орыс поэзиясының азаттық идеясының өзінде де Некрасовтың 
үні тың үн болды. Абайдың Дəрмен басынан тауып, танып отырған 
үні,– бұл – қазақ қоғамына кірген тың үн, қоғамдық даму заңының 
өзі тудырған, бұдан былай тұншығып жата беруі мүмкін емес өмір 
үні.
Абайдың ендігі үміті мен тілегі, арманы – орыс мəдениеті мен 
ғылымына бет бұрған Дəрмен сияқты жастар. Бұлар – Абай салған 
жолды ілгері апаратын, болашақ сол жолдың бекетшілері.
Жазушы Абайдың демократизмі мен гуманизмін айқын ашып 
көрсете отырып, оның ақындық творчествосының өсу жолын да 
заңды түрде дамытады. Романның басында Шығыс поэзиясын оқып, 
жаттап, медреседен қайтқан бала шəкірт пен романның соңында 
Пушкинді, Лермонтовты оқып, «Евгений Онегиндегі» Татьянаның 
мұңы мен зарын қазақ даласына тұңғыш танытқан Абайдың ақындық 
жолы да өз эволюциясымен дəлелді суреттеледі. Ақын творчес-
твосы орыс əдебиетінің прогресшіл идеяларының ықпалымен 
қалыптасады.
Оның бірсыпыра лирикалық жəне сатиралық өлеңдері өзінің 
көзбен көріп сезінген əсерінен туады. Тоғжанға арналған «Жарқ ет-
пес қара көңілім неғылса да», Əйгерімге арналған «Көзімнің қарасы», 
Салиха қыздың дауы тұсында жазылған «Бір сұлу қыз тұрыпты хан 
қолында», Біржан келіп кеткеннен кейін туған «Құлақтан кіріп бой-
ды алар», сондай-ақ Балқыбек съезіндегі ұлықтардың мінезін көріп 
жазылған «Болыс болдым, мінеки», күзеуде отырған Тəкежан аулын-

50
51
да қонып жатқанда туған «Қараша, Желтоқсан мен сол бір екі ай», 
Тəкежан аулының жатақтарға жасаған жəбір-жапасын Дəркембай ау-
зынан тыңдап отырғанда көмейге оралған «Ар ұялар іс қылмас ақыл 
зерек» т. б. өлеңдерінде сол заманның шындығы жырланғандығы 
романда шебер көрсетілген.
Қорыта келгенде, М. Əуезов тарихи шындық фактілерге сүйене 
отырып, халқын сүйген патриот ақынның, қазақ халқының асқан 
ойшылы, ағартушы-демократы Абайдың толық, жарқын образын 
жасап, оның халық деп соққан ізгі жүрегін танытқан. Бұл ретте ол 
тарихи фактілер шеңберінде шектеліп қалмай, шындықта болған 
Абайды жұртшылыққа көркем шығарманың геройы дəрежесіне 
көтеріп ұсынған. Алайда жазушы Абай образын жасауда тари-
хи шындықты да аттап өтпейді. Романда Абай озбырлыққа қарсы 
қаншалықты арпалысып күрескенмен, əлі ол таптық күресті айқын 
түсінген революционер емес. Жазушы оны халық қамқоршысы, гу-
манист-демократ ретінде өте орынды көрсеткен.
Абайдың қоғамдық ой-пікірлері екі түрлі жағдайдың əсерімен – 
қазақ ауылындағы тарихи-əлеуметтік жағдайдың жəне орыс халқы-
ның демократияшыл идеяларының ықпалымен қалыптасқандығы 
нанымды суреттеледі.
Роман, осы тұрғыдан алғанда, тек Абайдың өмірі мен əлеуметтік 
күресі жайында ғана емес, сонымен бірге XIX ғасырдың екінші 
жартысындағы бүкіл қазақ қоғам дамуының небір терең сырларын, 
халық тарихының алуан түрлі белестерін, яғни қазақ халқының 
ұзақ жылдардағы зор өмірін кең көлемде түсіндіріп берерліктей 
өрісі кең шығарма. Бұл жағдайлардың бəрі де романда кейіпкер-
лер арасындағы қарым-қатынас арқылы ашылып отырады. Роман 
– қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін, бүкіл бір тарихи кезеңдегі 
тұрмысын бүгінгі күннің тілегіне сай партиялық тұрғыдан сурет-
тейтін қазақ əдебиетінде тарихи тақырыпты қалай меңгеру керек 
екендігіне жол салып, үлгі көрсеткен эпопеялық шығарма, яғни 
XIX ғасырдың II жартысындағы қазақ халқының қоғамдық өмірінің 
көркем энциклопедиясы.
Романда Абай тобындағы жағымды кейіпкерлердің ішінде сəтті 
шыққан образдар – Дəркембай мен Базаралы образдары. Дəркембай 
мен Базаралы – халық өкілдері. Бұлар – күштілерден қорлық көріп, 
зəбір-жапа шеккен кедейлер. Бұлардың көзін ашқан жоқшылық пен 
озбырлық. Осы тұрғыдан алғанда, əсіресе Дəркембай образында 
«Түнгі Сарын» пьесасындағы Тəнекеге біраз ұқсастық бар.
Дəркембай көп уақыт бойы бай ағайындарының ауылдарымен ір-
гелес қонып, солардың шылауында жүреді. Бірақ бай ағайындарға 
мұның туыстығынан да еңбегі керек екендігін сезген Дəркембай 
егін егіп, күн көріп отырған жатақтарға, кедейлерге келіп қосылады. 
«Күйі бірдің – күні бір. Туысым – аталасым емес, өзіммен мұңы бір, 
бейнеті бір жатақтар», – дейді Дəркембай.
Жатақтарды қосып отырған – ру мүддесі емес, таптық мүдде. 
Жатақтар – «алтыбақан алауыз» емес, бірлікшіл, ынтымақшыл. 
Олар көп жағдайда тіпті Абайдың өзіне де, сондай-ақ Базаралыға 
да сүйеніш болады. Олар аршынды əрекеттер, көңіл сүйсінерлік 
қимылдар жасауға да əзір. Рушылдықтың шырмауынан шыға алмай 
жүрген ауыл кедейлеріне қарағанда, жатақтардың тіршілік бейнесі 
де, іс-əрекеттері де бөлекше. Олардың болашағы зор. Жатақтардың 
тіршілік бейнесі феодалдық, қоғамдық құрылысқа ұнамайды, 
өйткені ол рулық-феодалдық қоғамның ыдырай бастағандығын, 
қазақ аулында тап жігі айқындала бастағандығын көрсетеді. Ро-
манда Тəкежан, Ысқақ т. б. ел жуандарының жатақтарға өктемдік 
пен озбырлық жасай беретіндігі де сондықтан. Рулық-феодалдық 
қоғамның қиянатшыл, озбыр əкімдері жатақтардың бұрынғыдай 
емес, ескі ауылдағы əкімдерге, феодалдарға кіріптарлықтан шығып 
кетіп бара жатқандығын түсінеді.
Дəркембай – осы жатақтардың ақылшы, кеңесшісі ғана емес, 
олардың бай-феодалдарға, үстем тап өкілдеріне қарсы наразылығын, 
күресін бастаушы. Өмірден тоқығаны, түйгені көп Дəркембай 
қарапайым халықтың батылдығын бойына сіңірген. Ол – əрі тілді, 
əрі өткір.
Қоғам өміріндегі əлеуметтік теңсіздікті көзімен көріп, тұрмыс 
ауыртпалығының себептерін ақылмен дұрыс топшылай біл-
ген Дəркембай қаһарымен бүкіл төңіректегі елді шошындырған 
Құнанбайдан да ығыспайды. Халыққа арқа сүйеп сөйлегендіктен, ол 
кімге болса да еселі сөзін жібермейді. Меккеге жүрейін деп жатқан 
Құнанбайдың мойнында кеше жазықсыз өлтірілген Қодар мен 
Қамқаның қаны қарыз боп кетіп бара жатқанын бетіне айтып, жетім 
бала Дəрменнің есесін жоқтайды.
Романда Дəркембай сияқты халық бейнесін елестететін кесек 
тұлғаның бірі – Базаралы. Ол – сырт пішінімен ғана емес, ақыл-
ой парасатымен де көз сүйсіндіріп, көңіл толтыратын аса ұтымды 
жасалған образ. Оның айтулы мінезі мен ақылдылығын, айдын-
ды айбарлығын тек достары ғана емес, тіпті, Құнанбай бастаған 

52
53
дұшпандары да мойындайды. Базаралы образын жазушы «Абай 
жолы» романында əлдеқайда тереңдете түседі.
«Абай жолы» романында Абай мен Базаралы, Дəркембай 
арасындағы байланыс күшейе түседі. Бұлардың əрқайсысы қазақ 
даласындағы қоғамдық дамуда бұрын болып көрмеген əрекеттердің 
иелері.
Абайдың пікірлері, оның өз кезінде көтерген озат ойлары XIX 
ғасырдың екінші жартысында қазақ даласына ене бастаған орыс 
халқының ұлы ойшылдарының бостандық сүйгіш идеяларының 
əсерінен туғандығы қандай басы ашық мəселе болса, Базаралы 
əрекеті де орыс халқының тəжірибесінен, үлгі-өнегесінен енген, 
қазақтың қарадүрсін жолы тосырқап қарайтын əрекет. Базаралының 
зорлықшыл Тəкежанға қарсы көп кедейді бастап барып, оның 
жылқысын қуып, бірін қалдырмай қан жоса қырғын жасатуы – қазақ 
аулының баяғы барымтасы, жай ғана есе қайтаруы емес, бұл – қазақ 
қоғамының дамуында бұрын болып көрмеген күрестің жаңа бір тың 
түрінің көрінісі. Мұны оның жаулары да, тіпті барлық Тобықты елі 
мойындайды. Базаралының бұл батыл қимылы бүкіл сол төңіректегі 
елді дүр сілкіндіріп, əбігерге салады.
Халқының бостандық жолындағы күресте санасын оятуда Базара-
лы ісінің үлкен прогресшіл маңызы бар. Базаралының Семейде дауға 
жиналған билерге айтқан сөздерінен бұл пікір айқын аңғарылады: 
«Мен Құнанбай баласы да өзіміздей адам баласы екенін таныттым. 
Ұрсаң, оған да таяқ өтетінін, жұлқыласаң, оның да жыртылатын 
жағасы барын таныттым. Тіпті онан əрі батыл, бекем ұра берсең, ті-
кейіп тұра алмай, омақаса жығылып, өлуге де бар екенін таныттым... 
Бірақ мұны... айтатын жерім сендер емес едіңдер. Ол менің халыққа 
айтатын, сенің əрқайсыңның сыртыңызда тұрған халыққа айтатын 
сөзім еді. Оларға тілхатым жетпес күн емес пе? Біреу болмаса біреу 
арқылы осынау мұратты сөзім тым құрыса жарым жұртқа жетер деп 
айтқан едім», – дейді Базаралы.
Базаралы ісі – қазақ қоғамының ішкі қайшылығының, тап 
тартысының айқын белгісі. Кедейлерді Базаралының соңына ертіп, 
басын қосып отырған да – таптық мақсат.
Базаралының Абай көмекке жіберген халыққа: «Келе бер! Ке-
дей елім... келе бер! Бетің дұрыс! Атаның ұраны қоспай, аталының 
қорлығы қосқан қосағым, қасымнан табыл осылай», – деуі осыны 
аңғартады.
Эпопеяның соңғы кітабында халықтың небір асыл қасиеттерін 
бойына жиған дана қарт Дəркембай қаза болса, Базаралы да 
қартайып, қажитын шағына жеткен. Алайда Базаралы мен оның іс-
əрекеттері де із-тозсыз кетіп жатқан жоқ. Кешегі күні Базаралы бас-
тап Тəкежанның жылқысын тиеп алса, бүгінгі бүлікшілдердің басы 
Оразбай ауылын ойрандайтын да топ құралып жатыр.
«Бұл топты,– дейді жазушы,– қазір бастаған Жомарт, Омар, Сейіт 
сияқты ер жігіттердің өздері. Ауру Базаралы шабуылға жарамай 
азғана топ ақсақалдың ішінде қалып қойған. Бірақ Əбдіге өзінің 
сегіз өрме бұзау тіс дырауын беріп жатып: «Мен үшін он дұшпанның 
басын жар! Соны істемей қайтушы болма!» – деп Əбдіні өз қасынан 
қайрап жөнелткен».
Қартайып, қайраты қайтып, тұғырдан түскен шағында кəрі 
қыранның қамшысын қолынан беріп, Əбдіні жолға салуында көп 
мəн бар. Бұл арқылы ол ендігі ел ұлына, ер азаматқа қару беріп қана 
қойған жоқ, үстем таптан, зорлықшыл озбыр қауымнан қалай өш 
алып, есе қайырудың өнеге-үлгісін де қалдырып отыр. Сол үлгіні 
тұтынған бес жүз кісілік қалың қол талтүсте Оразбай аулының 
шаңырағын ортаға түсіріп, көш жерге созылып жатқан ұзын желіге 
байланған құлындардың желісін қиып, байдың өз əулетіне қараған 
үш мың жылқыны қуып əкетеді. Оразбайдың өзі де, балалары да 
қатты ширығып ашынып келген кедей қауымға қайрат көрсете ал-
май, бас сауғалап, қара бастарын амалдап, тығылып қалады. Жа-
зушы бұл жағдайды былайша баяндайды: «Оразбай бұрын жалғыз 
өзі көпке осындай қол қимылын, шабуылын жұмсап келсе, енді 
бүгін аты жоқ, аталы жау емес, бірақ одан əлдеқайда басым, жуаны-
нан жуан, күштісінен күшті, тобынан сонағұрлым көп, анық асыл 
күш жазалаушы шығып еді! Бұл бұрын көпті жылатқан болса, енді 
сол кеп елден жиылған кептің өзі келіп, бұның малын шұбыртып, 
ауылын шулатып, өзін жерге тыға қор етіп, кек алып кетті».
Сан тараптан қосылған бұл көптің ішінде Абай басына тиген 
қамшы үшін кектенушілер де, кедей-кепшіктен кұралған Көкен 
елінің намысын қорғаушылар да, Абай сөзі үшін Сейітке Оразбай 
кескен сорақы, сойқан жазаға қарсы көтерілушілер де бар. Бəрі де 
жоқ-жітік кедей қауымдар. Бұлар – эпопеяның І-кітабындағы Бөжей 
ауылын шабуға аттанған Құнанбай тобынан мүлде басқаша топ. 
Бұлардың басқосуында бұрынғыдай емес, рулық намыстан гөрі 
таптық белгілер басым жатыр.
Мұндағы Əбді, Сейіттерден бастап сонау Затон жұмысшысы 
Əбден мен қайықшы Сейілге дейін халық өкілдерін – Базаралы, 

54
55
Дəркембай тұлғаларын толықтырып, молайта түсетін ұтымды бей-
нелер. Бұл арқылы жазушы халықтың бойында қалауын тауып, жана 
алмай жатқан мол жалын, өшпес от, жігер-қайрат бар екендігін, 
халық өнерін, халық өмірін өте ұтымды бейнелейді.
Романның ерекше табысының бірі – бірқатар қазақ əйелдерінің 
образдарын өздеріне лайық мінез, іс-əрекетпен ұтымды көрсет-
кендігінде. Бұл ретте адалдық, мейірімділік сияқты ізгі қасиет 
бойынан табылатын ақылды ана Зере мен Ұлжанды, Абайдың ай 
батқандай адастырып кеткен асыл арманы, кіршіксіз таза махаб-
бат иесі Тоғжанды, сұлулық пен əншілік иесі, ақын жанын əнмен 
баураған Əйгерімді, жұртқа өз қолынан түйір ұсынбайтын сараң 
Қарашашты, əкенің ұйғаруымен қосылған, Абай балаларының ана-
сы Ділдəні, жай таныс, көзтаныстардан Семейдегі Салтанат пен Са-
бырбай қызы Қуандықты, қысылшаң жерде сөз тапқан Сары апаны 
т. б. ерекше атап етуге болады.
Романға сюжет болған ескі мен жаңаның арасындағы тартыс-
та прогресшіл бағытты бастаушы Абай болса, оған қарсы алысып, 
рулық-феодалдық салт-сананы сақтап қалу үшін жанталасушы 
күш – Құнанбай мен оның тобындағы Бөжей, Майбасар, Ызғұтты, 
Тəкежан т. б.
Құнанбай төңірегіндегілердің өз ішінде де келіспеушілік, өкпе-
наразылық, дау-жанжал болып тұрады. Бірақ бұлардың арасындағы 
талас-тартыстың сипаты Абай тобындағылармен болатын тартыстан 
мүлде басқаша. Мəселен, Құнанбай мен Бөжей арасында болатын 
кесек қақтығыс – феодалдық қоғамның реакцияшылдығы туғызған 
рулық тартыстың шыңы. Бұл тартыс əрбір атқамінердің əрқайсысы 
өз руының үлесі басым болуын көздегендіктен туады.
Романда Бөжейдің Құнанбайдан көрген жəбірі, Дəркембайдың 
Құнанбайдан немесе Тəкежаннан көрген қорлығынан мүлде бөлек. 
Бөжей де Құнанбай сияқты феодалдық-рушылдық қоғамның мықты 
болғанын тілейтін феодал. Бұлардың арасындағы келіспеушілік 
– үстем тап өкілдерінің феодалдық-қоғамдық құрылысқа сыйымды 
бəсекесінің бір көрінісі. Олардың əрқайсысы сол қоғамның заңын өз 
руының мүддесіне қарай шешуге күш жұмсайды.
Құнанбай – өктемдік пен зорлық-зомбылыққа негізделген 
феодалдық қоғамның небір айла-тəсілдерін меңгерген қатыгез мі-
незді, қайсар жыртқыштың бейнесіндегі аталы ақсүйек, феодал. Ол 
– алған бетінен қайтпайтын, өз дегенінен басқаға көнбейтін, ырық 
бермейтін озбыр адам. Тұтас алғанда, Құнанбай – өз заманының қатал 
əміршісі, бүкіл рулық-феодалдық қоғамдағы үстем тап өкілдерінің 
жиынтық бейнесі. Қазақ даласында патша үкіметінің арқа сүйеп 
отырған белді тірегі де – осы Құнанбайлар.
Құнанбай қарауындағы елді сүліктей сорады, ол өз құлқыны 
дегенде алысты да, жақынды да, ағайын-туғанды да талғамайды. 
Қолында əкімшілік пен билік тұрған, арқасын патша əкімдеріне 
мықтап тіреген Құнанбай адамның жаны түршігерлік жауыздық жа-
сап, жерін иемденіп қалу үшін момын шаруа Қодар мен оның келіні 
Қамқа жөнінде өсек таратады да, ел əкімдерінің аузын ала отырып, 
ақыры, «шариғат жолы» деп аталған реакцияшыл заң бойынша, ол 
екеуін түйеге асып өлтіреді.
Құнанбай тек қатыгез ғана емес, сонымен бірге ақылды да. Бірақ 
ол осы өз бойына біткен табиғи қасиеттердің бəрін еңбекші халықты 
қанау үшін, феодалдық салтты нығайта беру үшін пайдаланады.
Қодарды өлтіргенде, ол əуелі түйеге асқызып, оның артынан құз 
басынан құлатып, өлі денеге қырық рудың ру басыларына қырық 
кесек атқызады. Сөйтіп, ізінен қан сорғалаған қылмысын Құнанбай 
жалғыз көтермей, көпке бөліп жібереді. Сол қырық кесек атқан ру 
басыларының бəрі де Қодарды өлтірушілер болып табылатынын 
олардың өздері де кейін барып біледі. Құнанбайдың қулығы бұл 
қанды уақиға туралы елдің атқамінер əкімдерінің үнін осылайша 
алдын ала өшіріп қояды.
М. Əуезов Құнанбайдың қандай адам екенін оның портретін 
жасау арқылы бірден танытады. Қодарға үкім шығаруға жиналған 
атқамінерлердің ортасында Құнанбайды алғаш көргенде-ақ оның 
пішінінен зорлық пен феодалдық қаталдықтың, аяуы аз, кешірімі 
жоқ қара күштің бейнесі байқалады: «...ат жақты келген, ұзын сопақ 
басының құлақтан жоғарғы жері қаз жұмыртқасындай... онсыз да 
ұзын, үлкен бетіне ұп-ұзын боп, дөңгелей біткен сақалы қосылғанда, 
басы мен беті бір өңірдей. Сонда Құнанбайдың жалғыз сау көзі оның 
көтеріңкі жал тұмсығының сол иығына шығып алып, қалғымай, 
сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп тұрған сияқтанады... 
Салғырттығы жоқ, сергек, қатал күзетші.
Жалғыз көз шүңет емес, томпақша. Тесіле, сыздана қарайды. Кір-
пігін де сирек қағады. Иығына бота ішігін жамылып, шалқая отырып 
сөйлеген Құнанбай осы үйде əркімге қарамайды. Қарсысына таман 
отырған Сүйіндікке ғана қадалып сөйлейді».
«Түсі суық. Қара сұр жүзіне бозғылданып түгі де шығып алыпты. 
Жалғыз өзі ұзақ сөйлеп отыр. Зор даусында ыза мен зіл бар».

56
57
Осы үзіндінің өзі-ақ жазушы шеберлігінің айқын бір мысалы емес 
пе? Əңгіме мұнда дала билігін қолдан шығарып алмайын деген қатал 
əкімнің қалғымай, сақшыдай бағып отырған жалғыз көзінің суретте-
луінде ғана емес, сол көздің көпке қарамай, көп ішінен əдейі тауып, 
қарсы алдында отырған Сүйіндікке ғана қадалып сөйлеуінде. Егер 
Құнанбай осы отырыста əркімге бір қарап сөйлесе, жалғыз көздің зілі 
де, осы қазір жазықсыз екі жан – Қодар мен Қамқаға шығарылайын 
деп отырған адам айтқысыз жауыздық үкімнің салмағы да жеңілдеп 
кететін тəрізденеді. Сондықтан да ол күні ертең Бөкенші, Борсақтың 
сөзін ұстауы ықтимал-ау деген Сүйіндікке ғана қадалып сөйлейді.
Міне, осы көріністің өзі-ақ Құнанбайдың қандай адам екенін 
аңғартады. Жиналған ел жуандарының бірде-біреуі бұған қарсы сөз 
айтпақ түгіл, оның жалғыз көзіне көз қадап тура қарауға да батылы 
бармай, сипақтап, тайғақтай береді.
Өз ортасынан осылайша сұсы басып, сескендіріп отырған 
Құнанбайды тек Абай бастаған прогресшіл жаңа бағыт қана шет-
тетеді. Бүкіл Тобықтыны əмірімен билеп отырған Құнанбайдың 
қажыға жүрмек болып жатқанда, оның жауыздығын бетіне айтқан 
Дəркембайға істейтін ешқандай шарасы болмайды. Осының өзі 
де – ескі өмірдің барған сайын қаусап, ал жаңаның күшейіп келе 
жатқандығының белгісі.
Эпопеяның бірінші кітабының аяғында Абайды өз жолына салып, 
ел билейтін əкім шығармақ боп жүрген əке үміті біржола үзіледі. Өз 
басынан сыншыл да қатал əке тауып отырған үш «міннің» үшеуіне 
Абай айтқан дау – эпопеяның қалған кітаптарында Абай үшін сана-
лы өмірінің программасы тəрізді болса, Құнанбай үшін бұл батар 
күннің белгісі тəрізді.
«Құнанбай тыңдап болды да, күрсініп қойды,– дейді жазушы,– 
шарасыздық ажары білінді. Бірақ үн қатқан жоқ. Сөз осымен біткен 
еді. Абай қоштасты да жүріп кетті.
Дөң басында ауыр оймен жалғыз отырып қалған Құнанбай 
қиналған күйде. Тағы жеңілді. Баладан ғана жеңілген жоқ. Ендігі 
өмір меңдеп барады. «Əлсіредің, тозарлық шағыңа жеттің» деп 
тықсырып кеп, шетке қағып барады.
Өз баласының аузынан естіген үн – сол бір «дəуренің өтті» деген 
суық сарынның қатаң лебі еді».
Міне, əке заманы мен бала буынның арасындағы қоғамдық тар-
тыс тағдыры бірте-бірте ескіні шеттетіп, жаңаның қолына көшіп ба-
рады.
Эпопеяның екінші кітабының соңында өз баласы Абай мен өз не-
мересі Əмірге қолын теріс жайып, қарғыс айтудан басқа қарсылығы 
қалмай, Абай əндерін естуден қашып, құлағын тығындап, кəрі сіңір 
қолымен шымылдығын жауып қымтап, өз төсегінің үстінде əрекетсіз 
қалған Құнанбайды көреміз. Бұл – бір Құнанбайдың ғана кəрілікке 
мойынұсынып, əлсірегендігі емес, сонымен бірге бүкіл Құнанбай 
мен оның тобындағылар қызғыштай қорыған ескі салт-сананың да 
əлсіреп, дəрменсіз тарта бастағандығының белгісі.
Солай болса да, Құнанбаймен бірге ескілік атаулы құрып бітпей-
ді. Олар – Құнанбай тұтынған жолды ілгері апару үшін арпалысып 
жүрген Тəкежан, Шұбар, Майбасар, Жақып, Оразбай, Əзімбай т. б. 
Бірақ бұлар Құнанбайға қарағанда, күшке басып батыл əрекеттер 
жасаудан гөрі жасырын жаулыққа, екіжүзділікке, алдап-арбап, өтірік 
айтуға, əлсізге жұдырық көрсетіп, еті тірі жандардың сыртынан 
ор қазуға бейім. Осының өзі де Құнанбай бастаған топтың екінші 
буынының ұсақтап, бірақ амал-айласы мен жауыздығы молайып, 
басқаша сипат алып келе жатқандығын, Құнанбай заманы бірте-бір-
те алыстап, келмеске кетіп бара жатқандығын көрсетеді.
Алайда озбырлыққа келгенде Оразбайлар Құнанбайдан кем 
соқпайды. Кешегі күні Құнанбай Бөкенші, Борсақ руларының жері-
не кұрық салу үшін Қодар мен Қамқа сияқты жазықсыз жандарды 
құрбандыққа шалып, Абай əндерін естімес үшін құлағын тығындап, 
өз немересі Əмірді қылғындырса, бүгін сол жолды берік тұтынған 
Оразбай жер үшін Көкен еліне қол аттандырып, шабуыл жасап, Абай 
сөзін таратып, əн салғаны үшін жалғыз атты кедей жігіт Сейітке бұл 
атырапта құлақ естіп, көз көрмеген сойқанды сұмдық жаза кеседі:
«...Сейіттің екі қолын артына қыл шылбырмен байлатып жіберіп, 
терең қазылған құр құдыққа тастатып жіберді, сол арада өзі бастап екі 
жақтап шым топырақты Сейіттің үстіне лақтырды. Барды төгіп, ой-
ран-топанын шығарып, ілезде құдықтан басы ғана көрінер-көрінбес 
боп тұрған Сейітті анық тірідей көмдіріп салды. Тек өлмес етіп, ие-
гіне шейін көмдірді де, жалаңбас басын, жүзін көмілген топырақтың 
сыртында қалдырды».
Бұл қорлық жазадан Сейітті кедей жігіт Айса мен түнгі қой 
күзетіндегі малай құтқарып алады. Өткен заманда Құнанбай өзі 
істеген ешбір жауыздыққа жауап бермей кетіп отырса, мына кезде 
жағдай басқаша. Бұл тұста Сейіт, Əбді, Омар бастаған кедей-кепшік 
көп болып есе қайырып, кек алып отыр. Түптеп келгенде, бұл да 
уақыттың, жағдайдың сонау Құнанбай заманынан көп өзгергендігін 

58
59
аңғартады. Əлгіндей қара күш, зорлықшыл қол қимылы арқылы 
Оразбай кешегі Құнанбай тұтынған өктемдік, зорлық-зомбылықтың 
тізгінін өз қолында берік ұстап, «бүгінгінің Құнанбайы – мен» деп 
отырғаны түсінікті. Оразбай озбырлығының басталар жері де, барып 
құяр арнасы да, түптеп келгенде, сол Құнанбай тұтынған белгілі жол 
– өктемдік пен қиянат жолы. Сондықтан да жазушы оны: «Оразбай 
болса, ол əлдеқалай аңдамай басқан, байқамай адасқан кісі емес. Ол 
өзінің жаманшылығын анық, берік жолы қып ұстанған кісі. Оның 
аты Оразбай емес, жауыздық», – деп сипаттайды.
Ескілік эстафетасын Құнанбай қолынан Оразбай, Жирен-
ше, Тəкежандар, олардан Əзімбайлар алса, келешекте оны иесіз 
қалдырмайтын тағы да бір топ əзірленіп жатыр. Семейдегі гим-
назияда орысша оқып жатқан Құнанбай шөберелері Нығмет пен 
Жəлелдің өздерін жуан тұқым, ақсүйек санап, керден, пан ұстайтын 
қазіргі қас-қабақтарының өзінен-ақ «мен – бөрінің бөлтірігімін» – 
деген сыңай байқалады. Жазушы өзгерген заманның, келер күннің 
Құнанбайлары мен Оразбайлары осылар екенін де аңғартып өтеді.
Эпопеяның бірінші кітабында ру басыларының арасындағы 
ұрыс-керіс, дау-жанжал, талас-тартыстар көбірек көрсетіледі. Бірін-
шіден, автор мұнда негізгі геройының əлі жас екендігімен, оның 
өз айналасындағы құбылысты қоғам қайраткерлерінің сын көзімен 
қарап тану дəрежесіне жетпегендігімен санасса, екіншіден, сол ру 
тартысының бар ауыртпалығы да ауыл кедейлерінің, қарапайым 
халықтың иығына түсетіндігін ескерген.
Кейінгі кітаптарда тартыс бірте-бірте күшейіп, əлеуметтік, таптық 
сипат ала бастайды.
Феодалдық қоғамда негізгі мəселе – жер мəселесі екендігі ежел-
ден мəлім. Əсіресе қазақ сияқты мал баққан елде тіршіліктің тірегі 
жер болады. Роман-эпопеядағы көптеген талас-тартыс, қақтығыстар 
осы жер үшін болып жатады. Қазақ халқының өткен өмірі мен ұлттық 
ерекшеліктерін жете білген жазушының «Абай жолы» эпопеясында 
тарихи шындық шеңберінде алып, өте дұрыс көрсеткен əлеуметтік 
ірі проблеманың бірі де осы. Қазақ даласындағы жер дауы, жесір 
дауы сияқты əлеуметтік мəселелердің небір қиян-қилы сырларын 
жазушы көркем шығарма арқылы көзге елестетеді.
Романның ұтымды жақтарының бірі – оның тіл, композиция жəне 
көркемдік ерекшеліктері. М. Əуезов – қазақ тілінің мол байлығын 
жете меңгеріп, оны шығарманың көркемдік сапасын арттырудың 
мықты құралы ете білген жазушы. Өз бойындағы бұл қасиетті ол 
тырнақалды тұңғыш шығармаларының өзінде-ақ еркін танытқан 
болатын. Ал «Абай» жəне «Абай жолы» романдары М. Əуезовтің 
қазақтың əдеби тілін дамытуға зор үлес қосқандығын танытқан 
шығармалар болды.
Адам образын жасауда, оның ой-сезімін, психологиясын, күйініш-
сүйініш, адамдардың өзара қарым-қатынасын, дүниеге көзқара-
сын саралап, талдай көрсетуде жазушының мықты құралы – тіл. 
М. Əуезов – тілге аса бай жазушы.
«Қатты жел тездеткен жауын Абайлар Шілікті кезеңге тақай бер-
генде жауып та кетті. Жылы жауын. Жел басылған. Орданың бет 
бөктері алкүрең бетеге, жусанмен құлпырып тұр екен. Жас көктің 
жауын ішінде құлпыра түскен шат селін жүргіншілер тықыр жол-
мен жарып өтіп келе жатқанда, айналасынан жас жусан исі үзілмей 
толқып келіп отырды. Бірақ жауын қатайып, бұлт тұтасты. Күн қай 
мезгілге жеткенін біліп болмайды. Батыс жақты жауын құрсап, күн 
көзін толық жасырған. Енді ымырт тақау сияқты. Ақшам жамырай 
бастағаны ма, жоқ батар күннің жауын бұлты арқылы себездегені 
ме, əйтеуір батыс жақта көкжиек үстінде сарғыш мұнар сəуле бар. 
Сөнер үміт, үзілер тірліктей, жүдеп, талмаурап бара жатқан соңғы 
сəуле. Аздан соң ол да, сүлдері азайып барып бəсеңдей берді. Сарғыш 
сəуле сұрғылт тартты. Тағы бір сəттен соң күңгірттене барып, қара 
қошқыл қызғылт реңге кірді. Көгілдірленіп барып мұңды қоңыр 
аспанның түн мұнарына жол берді».
Адам жанмен сезінетіндей əсерлі осы бір көріністің өзінде-ақ 
жазушының халықтың тіл байлығын соншалықты мол жəне орынды 
пайдалана білгендігі байқалады.
Бұл романда жазушы тек қазақ халқының тіл байлығын ғана емес
сонымен бірге орыс тілінің де сөз байлығын, сөйлем құрылысының 
үлгілерін жете меңгеріп, оларды творчестволықпен пайдалана біл-
гендігін көрсетті.
Жазушы романда халық даналығынан туған афоризмдерді, мақал-
мəтелдерді кеңінен жəне өте орынды пайдаланған. Жазушы əсіресе 
кейіпкердің тілдік мінездемесін беруге өте шебер. Романның əр кейіп-
кері өзіне лайық тілмен, яғни өзінің мінезіне, іс-əрекетіне, кəсібіне 
лайық тілмен сөйлейді. Мəселен, халық даналығын бойына сіңірген 
Дəркембайдың тілі бір бөлек. Сол сияқты Абайдың, Михайловтың 
сөз қолданыстары Құнанбай, Майбасарлардан өзгеше. Автор əрбір 
кейіпкердің мінезіндегі, іс-əрекетіндегі өзгешеліктерге байланысты 
олардың тілдеріндегі сөз нақыштарын да саралап көрсетіп отыра-

60
61
ды. Сол сияқты романдағы авторлық ойлар мен суреттеулерде де 
жазушының тіл шеберлігі айқын байқалып, оқушыны баурап, үйіріп 
отырады.
Романда өткен ғасырдың қоғамдық мəселелерінің сипатын 
терең аша түсу үшін сол дəуірдің тіл ерекшеліктері де өте орынды 
пайдаланылған. Ол сияқты сөздердің бірсыпырасы бүгінгі заманда 
біздің сөздік қорымыздан шығып, архаизмге, ескірген сөздерге ай-
налып та барады.
Жазушының шын мəніндегі суреткерлік шеберлігі – адам ха-
рактерін, образ жасауда ерекше көзге түседі. Эпопеяда аты аталып, 
оқиғаға азды-көпті араласып жүрген ірілі-уақты кейіпкерлердің 
ішінде өзіне тəн іс-əрекет, мінез-құлықпен оқшауланып, дараланып 
берілмеген бірде-біреуі жоқ. Тіпті екінші қатарда алынып суреттел-
се де, азды-көпті оқиғаға араласып, көрініп кетіп отыратын жылпос 
жігіт Өтегелді, керенау, енжар, «терін сатпай, телміріп көзін сатуды» 
машық еткен еріншек Жұман т. б. – осылардың бəрі де өз кезіндегі 
қазақ ауылының шындығын бере алатын типтік бейнелер дəрежесіне 
көтерілген.
Мұнда тек Абай бастаған ұнамды кейіпкерлер ғана сомдалып 
қоймай, оларға қарсы тұратын Құнанбай, Оразбайлар тұлғасы да 
барлық ішкі-тысқы бітім-болмысымен өте əдемі мүсінделген. Бас 
кейіпкердің бағасын арттыру үшін оған қарсы шығатын ұнамсыз 
кейіпкерлерді де көтере көрсету – халықтың ауыз əдебиетінен бері 
келе жатқан бұрыннан бар үлгі. Алайда жазушы осы бұрыннан бар 
үлгіні Құнанбай образын жасауда мүмкіндік шегіне жеткізе пай-
далана білген. Құнанбай бейнесі ұнамсыз кейіпкерлердің образын 
жасауға үлгі боларлық кесек тұлға.
Кейінірек «Оянған өлке» романындағы Игілік би, «Дауылдан 
кейін» романындағы Шəкен мырза сияқты ұнамсыз кейіпкерлердің 
шынайы да кесек образдарының мүсінделуіне «Абай жолы» 
эпопеясының жағымды əсері тигендігі байқалады.
Романда кейіпкерлердің сырт бейнесі, портреттері өте ше-
бер жасалған. Көптеген кейіпкерлердің портреті оның ішкі жан 
дүниесінің ойпатын аңғартып отырады. Мұны Құнанбайдың, 
Оспанның, Қодардың немесе Əзімбайдың портреттері берілетін 
жолдардан айқын көруге болады.
Жазушы өз кейіпкерлерінің тек сырт пішінін, портреттерін ғана 
емес, сонымен бірге олардың ішкі жан дүниесін, психологиялық, 
эмоциялық жақтарын айқын суреттеп, ашып көрсетуге де шебер. 
Кейіпкерлердің ішкі дүниесі олардың романдағы болып жатқан əр 
алуан оқиғаға қатынастарына қарай айқындалып отырады.
Абайдың өмір шындығынан алып жаңа бір шығарма жазу үстіндегі 
жан толқындары, Қодар өлімін немесе жатақтарға істелген шектен 
тыс зорлық-зомбылықтарды көргендегі ашу, ызаға, аяушылық сезім-
дерге толы ой дүниесі, ақынға, əнші жастарға лайық мінез бітімдер 
– бəрі жан-жақты суреттеліп беріледі.
Жазушы табиғат суреттерін (пейзажды) өте əдемі суреттейді. 
Оның табиғат суреттері көзбен көріп, қолмен ұстап сезінгендей əсер 
береді. Романда табиғат суреті кейіпкерлердің ішкі дүниесіне, бо-
лайын деп тұрған уақиғаның сипатына қарай өте шебер жəне мол 
суреттеліп отырады. Табиғаттың əр мезгілі романда өз əсемдігі, өз 
көркемдігімен бейнеленеді. Табиғат суреті баяндалатын уақиғамен 
іштей қабысып жатады. Ал мұның өзі шығарманың идеялық 
көркемдік сапасын көтеруде көп роль атқарады. Мəселен, оқудан 
қайтқан шəкірт Абайдың көңіл күйін қуаттайтын табиғат көріністері 
бір қуанышты хабарлап тұрғандай болса, Бөжей аулына, Жігітек-
ке қарсы қол жинап аттанған Құнанбайдың көңіл күйіне қошемет 
қылғандай қызарып туған күн мен азынап соққан ызғырық жел жан 
түршігерлік бір сойқанның болатынын алдын ала хабарлап тұрғандай 
əсер береді.
Абайдың Шыңғыс сыртында адасуына байланысты қысқы сұра-
пыл боранның сипаты, көл айналып, қаршыға салумен байланысты 
жазғы кештің сұлу көріністері шебер беріледі.
Шығармада бұдан басқа да есте қаларлық көптеген əсерлі, əдемі 
суреттер бар. Əзберген, Шүйгінсу тұсында əлем апатын алып келе 
жатқандай, астан-кестен шаптыға алысып, шарпысқан бұлтты 
аспанның суреті, таң бозында күзгі даладағы жүргіншілердің суреті 
жазушының шын мəніндегі көркем сөз шебері екендігін танытады.
Жалпы, жазушының үлкен сөз зергері екендігін танытарлық мы-
салдарды төрт томдық эпопеяның кез келген кітабынан, кез келген 
тараулары мен беттерінен тауып келтіруге болады.
Романның композиция, сюжет желісі де шебер құрылған. Мұнда 
бірімен-бірі байланыспай үзік-үзік алынған уақиғалар жоқ. Уақиға 
бірімен бірі жалғасып келіп, бірінен бірі туып, өрбіп-өсіп, заңды 
түрде дамып отырады. Бір уақиғаның ішінде келесі бір кесек 
тартыстың төбесі көрініс береді. Бұл, əрине, жазушының компози-
ция жасап, сюжет құруға шеберлігін танытады.
Шығарманың уақиға желісін үзбей тарта отырып, кейіпкерлердің 
іс-əрекеті мен ішкі сезімдерін нəзік, əсерлі суреттеуде, сөйтіп, өзінің 

62
63
көркемдік шеберлігін арттыруда М. Əуезов орыстың XIX ғасырда-
ғы классикалық əдебиетінің өкілдерінен, əсіресе Л.Н. Толстой мен 
И.С. Тургенев, В.Г Короленкодан жəне бүгінгі совет əдебиетінің 
көрнекті өкілдерінен көп үйренді. Мəселен, аң аулап жүріп, боранда 
қалып, Тоғжан аулына ауырып, ес-түссіз келген Абай мен Тоғжан 
арасындағы ыстық махаббатты ақылға жеңдіріп, соншалықты əсерлі, 
орынды кесім, байлаулы пікір айтылатын көріністердегі геройлардың 
ішкі жан дүниесінің суреттелуінде Л.Н. Толстойдың «Соғыс жəне 
бейбітшілік» романындағы соғыстан жараланып қайтқан Андрей 
мен Наташаның қайта табысатын жеріндегі психологиялық момент-
терге көп ұқсастық бар.
«Абай жолы» эпопеясы тек жазушының өзінің ғана емес, қазақ-
совет əдебиетінің, бүкіл совет əдебиетінің көрнекті табысы боп са-
налады. Бұл роман қазірде ондаған шетел халықтарының тілдеріне 
аударылып отыр.
Қорыта айтқанда, «Абай жолы» – М. Əуезовтің творчестволық 
ұзақ жолының жемістерін жинақтап, мəуелі бір кең арнаға сайған, 
қазақ-совет əдебиетін жаңа белеске, құзар биікке көтерген, сөйтіп 
оны бүкілодақтық, тіпті дүниежүзілік аренаға шығарған классикалық 
шығарма, барынша көркем кесек туынды. «Шығыстың Шолоховы» 
атанған сөз зергері М. Əуезовтің бұл шығармасы тек жазушының өз 
есімін ғана əлемге əйгілеп қойған жоқ, сонымен бірге қазақ халқының 
даңқын шығарып, оның тарихи даму процесін, елдік қадір-қасиетін 
де танытты. Эпопеяның дүниежүзілік мəдениет қазынасында ерек-
ше орын алатындығын айта келіп, француздың коммунист жазушы-
сы, халықаралық Лениндік сыйлықтың лауреаты Луи Арагон былай 
деп жазды:
«Эпикалық «Абай» романы – XX ғасырдағы ең таңдаулы 
шығармалардың бірі. Ол образдар мен ақыл-ойдың тұтас бір дүниесін 
алдыңа тартады, бізді өткендегімен де, бүгінгімен де таныстырады. 
Оны тек совет əдебиеті шығармаларының ішінде алдыңғы қатардан 
орын алады деп қою жеткіліксіз.
...Ал сөз болып отырған кітаптағы махаббат сезімінің толғауы 
қандай десеңізші... Оқушыны осынша баурап алатын бұл кітаптағы 
махаббат жырына мен, шынымды айтсам, бүгінгі кері кетіп, жұтаң 
тартқан біздің кішкентай Европа мойнағынан не тауып салыстыру-
ды да біле алмай отырмын...
Қалай болғанда да Мұхтар Əуезовті тек бүгінгі күннің шеңберіне 
сыйғызып қою қиын».
Жанрлық жағынан «Абай жолы» – тарихи роман. Тарихи ро-
манда белгілі бір тарихи оқиғалардың, тарихи дəуірдің шындығы 
бейнеленеді жəне ондағы оқиғаға тікелей қатысушы бас геройдың 
өзі де тарихи тұлға болады. Көп ұлтты совет əдебиетінде толып 
жатқан тарихи романдар бар. Мысалы, Шишковтың «Емельян Пу-
гачев», Алексей Толстойдың «Петр I», Дм. Фурмановтың «Чапа-
ев», Юрий Тынянның «Уəзір Мұхтардың өлімі», Степан Злобиннің 
«Степан Разин» шығармалары осы тарихи роман жанрына жатады. 
«Абай жолы» эпопеясында ұлы ақын Абайдың ақындық еңбегі мен 
қоғамдық қызметі, қазақ халқының жарты ғасырлық əлеуметтік 
өмірі мен күресі, тарихи даму процесі суреттеледі.
* * *
Драматургия – біздің қазақ əдебиетінде Ұлы Октябрьден кейін 
туған жанр. Революцияға дейін прозаның кейбір жекелеген бастама 
үлгілері болды десек, драматургия, сахна, театр өнері мүлде болған 
жоқ. Қазақ халқына таныс емес тың өнердің алғашқы бороздасын 
тартқан да М. Əуезов. Оның 1917 жылы жазылған «Еңлік–Кебек» 
пьесасы 1926 жылы қазіргі Еңбек Қызыл Ту орденді академиялық 
драма театры құрылғанда, соның тұңғыш шымылдығын ашты. 
Міне, сондықтан да қазақ əдебиетінде драматургия жанрының туып
қалыптасуы, өсіп-өркендеу кезеңдері М. Əуезов есімімен тығыз бай-
ланысты.
Қысқа күнде қырық рет қоныс аударып, мал жағдайы қайда жете-
лесе, сонда ілесіп келген байырғы қазақ сияқты көшпелі елдің тари-
хында кейінгі ұрпаққа аңыз боп жеткен талай тарихи оқиғалар мен 
солар жайында туған асыл мұралар бар.
Осындай ұрпақтан ұрпаққа аңызбен жеткен бағалы мұраның бірі 
– қытымыр заманның қатыгез əміршілерінің қолынан қаза тауып, 
дегеніне жетпей арманда өткен асыл жас Кебек пен Еңлік оқиғасы. 
Ел ішіне көп тараған бұл аңыз талай замандар бойына естігеннің ет 
жүрегін елжіреткені аян. Бұл жөнінде бірқатар аңыз-əңгімелер ғана 
емес, тіпті поэтикалық шығармалар да жазылған болатын. Халық 
көңіліне берік ұялап, əркімнің-ақ аяушылық сезімін тудырып келген 
екі жастың арманды өмірі жаңа заманда мол дарынды, кең өрісті ше-
бер драматург М. Əуезовтің қаламынан театр сахнасына шықты.
Жазушы пьесаның сюжетіне ел аузындағы аңызды ала тұрса да, 
оны жол-жөнекей қосылған жамау-жасқаудан аршып, ақыл тезінен 
өткізіп, көркем тың шығарма етіп қайта жасап шығарды.

64
65
Образдардың ішкі дүниесі мен əлеуметтік бет-бейнесінің айқын-
дығы, жазушының ақыл-ой зердесінің сүзгісінен сан рет еткен, 
мағынасы өткір, логикасы салмақты поэтикалық тіл шешендігі – 
міне, пьесаны əрлендіріп тұрған көркемдік ерекшеліктер осылар.
Шығарманың бүкіл желісіне тіреу боларлықтай кесек тұлға – 
Нысан Абыз. Бұл образға арнайы тоқталмай болмайды.
Пьесаның басында қобыздың қыл ішегінен күңірене күй төгіп, 
шер тарқатып отырған қария Абыздың аппақ сақалы ақыл мен 
адамгершіліктің айғағындай сезіледі.
Абыздың əуелгі монологы мен қобыз үнінен, Көбеймен сөйлескен 
диалогтарынан оның ауыр күйзеліске ұшыраған жаралы жанын, 
жабырқау, жадау жүзін танығандай боласың. Бұдан арғы көріністерде 
оның себебі де анықталады: ел ішінде қалыпты тыныш өмір жоқ, 
күнде бəсеке, күнде барымта, жер дауы, жесір дауы – мұны пайым-
дап, ой жіберіп, көз салған жұрт жоқ, басалқа болар басшы, əділін 
айтар əкім жоқ. Əрекет орнына əуре қуған жұртқа жол көрсетіп, 
жөн сілтейтін құнсыз, құнарсыз əкімдер мен билер құлқынын қуып, 
нəрсіздікпен нəпсі соңында жүр. Əр əкім өз руының шыққан тауы 
биік, қаққан қазығы берік, тұтатқан түтіні жоғары болуын тілейді. 
Ел намысын рулық намысқа, халық мүддесін қара бастың қамына 
айырбастауға пьесадағы би атаулының бəрі де əзір отыр. Міне, қария 
жанын қинайтын жəйттер осылар. Пьесада батылдықпен барды ба-
дырайта бетке айтып, əділет үшін күреске түсетін белді кейіпкер де 
осы Абыз.
Абыз Тобықтының Матай руын ықтырып тастағанына күпінің 
мақтанған Көбейді жаңа пəле бастадың деп айыптаса, есем кетті деп 
ерегіс іздеген Есен батырды адасқан бетінен аз уақыт болса да ата-
лы сөзбен буып тоқтатады. Дау қуа келген билер мен жанжал іздеп 
келген батырдың бірде-біреуіне жылы жүз көрсетпеген қарияның 
«ұзында өшім, қысқада кегім жоқ, дос қолын ұсынған адамға адал 
жүрегім əзір» деп келген Кебекке алақан жайып, ақ батасын беруі де 
өзінен-өзі түсінікті.
Басты кейіпкерлердің бірі – Еңлік. Ол Кебекпен жолыққанға 
дейін еразаматтың киімін киіп, қолына садақ ұстап, тау тағысындай 
бұла боп, ата-анасының алаңсыз өскен ерке қызы. Бірақ оның Жа-
палмен əңгімелескенінен өз болашағы жөнінде көп ойлары, үлкен 
қауіп-қатері бар екендігі, феодалдық дəстүр бойынша еріксіз атасты-
рып қойған қайын жұртына көңілі толмайтындығы, қараңғылықтың 
қалыңмал сияқты заңына мойын ұсынбайтындығы аңғарылады. 
Сондықтан да ол ескілік атаулыны аттап өтіп, қараңғылық салттың 
темір құрсауынан құтылуға талпынып, өз жүрегінің əмірімен ел 
азаматы Кебектің етегінен ұстайды. Еңлік ақтық минутқа дейін 
өзінің Есендер мен Еспембеттер үшін таныс емес биік махаббатын 
ардақтап, жоғары ұстайды жəне осы жолда құрбан болайын деп 
тұрғанына өкінбейді. Сөйтіп ол сүйе білетін үлкен жүрегі бар, ма-
хаббат бостандығын аңсап, ескілікке қарсы шыққан жаңашыл жас, 
өткен ғасырлардағы ақыл-парасаты зор қазақ қыздарының үлгісі 
ретінде танылады.
Кебек болса, керек күнінде Тобықтының намысын қорғап, есесін 
қайтарған батыр. Өз заманындағы бірқатар дəстүрге бұл да қарсы. 
Сол себепті ол тəуекелге бел байлап, өзінің сүйген жары Еңлікті алып 
қашады да, істің ақырын күтеді. Бірақ сенген Қараменде, Кеңгірбай 
сияқты билер батырдың басына іс түскенде арашашы болуға жара-
май, опасыздықпен сырт айналады да, Кебек қолға түсіп, қаза таба-
ды. Мұнда да батырға тəн аңғалдық жоқ емес, ол əділетсіздікке өлім 
алдында көзі жеткендей болып, алдап кеткен аталастарынан мүлде 
түңіледі.
Пьесада өзінің заңды орны, лайықты үлесі бар образ – Есен 
батырдың образы. Бұл – тобылғы түбінен тоят іздеген көп торы-
шаның бірі емес. Сол бір заманның тұрғысынан қарағанда бұл да 
өз ортасының, өз руының бетке ұстап отырған ардақтысы, батыры. 
Мұнда да дəлелді сөзге тоқтайтын ақыл, сұлуды сүйетін жүрек, кек 
қуатын намыс пен қайрат бар. Қарамендедей төбе бидің сөзінен 
ұтылып, бой тасалап бұғып қалған азулы Еспембет бидің алдын орап, 
өз руының еселі сөзін «жат» қолына жібермей, қысылғанда жол та-
уып кеткен де осы Есен. Міне осы жағдайдың бəрі Есеннің əншейін 
ел ішіндегі қара жаяу көп тентектің бірі емес екенін көрсетеді.
Есен – Еңлікке ғашық адамның жəне өз көңілінде үлкен 
үміткерлердің бірі. Еңлік алдында Кебекпен кездесіп қалған сəтте 
қыздың алдаусыратып айтқан шығарып салмасөзі аңғал батырдың 
ғашықтық отына тіпті май құя түседі. Үміт сəулесі оны иек артпа 
жерге кейде жақындатып, кейде жақындатпай, алыстан қол бұлғап, 
бұйдалаған тайлақтай жетелеп жүр.
Бірақ Есен, қалай болғанда да, өзі өскен, тəрбие-тəлім алған 
феодалдық ортасының жемісі. Сондықтан да əуелі Абыз алдын-
да өз қателігін мойындап аттанған Есен шынтуайтқа келгенде 
өз түсінігінің, уақыт, заман түсінігінің деңгейінен аса алмай, кек 
қуамын, намыс қуамын деп мерт болады.

66
67
Пьесада қарапайым халық өкілі ретінде Жапал бейнесі берілген. 
Жапал – сол замандағы қазақ қойшыларының қалың ортасынан алы-
нып, траго-комикалық планда жасалған образ. Сырт қарағанда ол сол 
жүргенінің өзіне мəз сияқты. Бірақ Жапалдың өз трагедиясы өзінде, 
оның жан сарайына шындап үңіліп, сығалай қарасаң, асқақ ойлары, 
болашақтан аңсап күткен алыс арманы бар екендігін көресің. Оның 
да жар құшып, бала сүймек, батыр боп ел қорғап, жау қумақ ойы 
бар.
Жапалда ақ пен қараны, əділет пен жаланы айыра білетіндей, 
халық өкіліне тəн үлкен ізгі жүрек те бар. Жапал Еңлікке əншейін 
мұңды болған бай қызына қашанда қойшы жанаса жүруші еді деп 
жақындаспай, нақ осындай үлкен жүрегімен, адамгершілік ниетімен 
қыз көңіліндегі мұң-шерді, оның басына туған ауыр күнді танып, 
біліп барып, іздеп табады да, қасірет-қайғысына ортақ болады, жан 
күйзелісін бөліседі. Пьесаның өнбойына оқиғаның басы-қасында 
болған Жапал Кебек пен Еңлік қаза болатын ақтық минуттарға дейін 
дос көңілінен айнымай, əділетті ісімен де, іштей де жақтап отырады. 
Қатыгез қаражүрек жандар шырылдатып далаға тастап кеткен жас 
нəрестені (Кебек пен Еңліктен қалған баланы) орап алып, Еңліктің 
ата-анасына табыс ету арқылы ол соңғы рет өзінің адамгершілік 
асыл қасиетін көрсетеді. Жапал образы – пьесада жазушы жасаған 
ең ұтымды образдың бірі.
М. Əуезов осы тұңғыш шығармасынан бері жиырмадан астам 
пьеса жазып қалдырды. Олар: «Бəйбіше-тоқал», «Қаракөз», «Ай-
ман-Шолпан», «Қобланды», «Бекет», «Шекарада», «Сын сағатта», 
«Абай», «Түнгі сарын», «Дос – Бедел дос» т. б. Жазушы «Айман-
Шолпан», «Қобланды» пьесаларының сюжетіне де халықтың ауыз 
əдебиеті мұраларының оқиғасын пайдаланған. Бірақ бұларда да 
ол бірыңғай жыр оқиғасының жетегімен кетпей, оның идеялық 
мазмұнын ұштап, сахна заңына лайық көркем туындылар жасап 
шығарған. «Айман-Шолпан» пьесасында заман көшіне ілесе алмай 
кейін қалып, дəурені өтіп кеткенін сезбей, əжуа, күлкіге ұшырап 
жүрген, қара күшіне мəз, «қу шоқпармен далаң қаққан» батыр жайы 
комедиялық планда сөз болса, «Қобландыда» елге пана ер жайы, 
басқыншы жауға қарсы ерлік, елдік жайы баяндалады.
«Шекарада» пьесасында жазушы Жомарт сияқты шетелден ше-
кара бұзып келіп, колхоз шаруашылығына зиянкестік жасап жүрген 
жасырын жауды əшкерелеп, жоюда Мұрат, Ганшин сияқты совет 
адамдарының патриоттық істерін суреттейді, жұртшылықты Отан 
қорғау ісіне, қырағылыққа шақырады.
М. Əуезовтің Отан қорғау тақырыбына арналған пьесаларының 
бірі – «Сын сағатта», 1942 жылы Ұлы Отан соғысының қызу жүріп 
жатқан кезінде сол ірі тарихи оқиғаға дер кезінде үн қосқан бұл пьеса-
да майдан мен тыл өмірінің бірлігі, совет адамдарының жарастықты 
берік ынтымағы, отаншылдық, патриоттық сезімдері ұтымды 
оқиғалар арқылы бейнеленген. Мұнда ел басына ауыртпалық күн 
туып, ер азамат етігімен су кешкен қысылшаң шақта, сын сағатта 
сүрінбей өткен инженер Ескендір, дəрігер Назым Бердиева, еңбекте 
де, майданда да даңқын шығарған Ербол Датов, майорлар Звездов, 
Нұрлан Бектасов сияқты кейіпкерлердің образдары айрықша назар 
аударады.
Əрине, драматургтың барлық пьесаларына бірдей арнайы 
тоқталып, талдау жасап жату, пікір айту бір мақалада мүлде 
мүмкін емес. Сондықтан біз оның драматургиясының белгілі бір 
белестерін құраған шығармаларына, оның да кейбіреулеріне ғана 
қысқаша тоқталып отырмыз. Өйтпеске лаж да жоқ. Əйтпесе дра-
ма түрінде жазылған махаббат дастаны бір ғана «Қаракөз» пьеса-
сы жөнінде қаншама қыруар дүние айтуға болар еді. «1934 жылдың 
13 январында, – деп жазады белгілі композитор Латиф Хамиди 
өзінің «Теңіздей терең білімдар» деген мақаласында, – қазақтың 
музыкалық театрының (қазір академиялық опера жəне балет театры) 
шымылдығы да Мұхаңның «Айман-Шолпан» атты музыкалық коме-
диясымен ашылды. Мұның өзі одан кейін жарыққа келген «Шұға», 
«Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын» сияқты музыкалық драмалар 
мен операларға жол ашып берген жəне үлгі болған еңбектердің бірі 
болды. «Айман-Шолпанның» сол кезде халыққа ұнағаны соншалық, 
ол тек бір маусымда ғана 101 рет сахнаға қойылды». Демек, тек осы 
фактінің өзі ғана неге тұрады?!
Жазушыны төселген шебер драматург ретінде танытқан, 
оқиғалары жанр табиғатына сыйымды, сахна өнері қоятын қатаң 
талаптарға толық жауап беретін реалистік құнды шығармалардың 
бірі – «Абай» пьесасы.
«Абай» пьесасы – тарихи тақырыпка жазылған трагедия. Бұл – 
жазушының көркем шығармада Абай образын жасауға талпынудағы 
алғашқы еңбектерінің бірі.
Пьеса қазақ халқының классик ақыны, ағартушы-демокра-
ты Абай өмірінің соңғы жылдарын, яғни ұлы ақынның қуатының, 
ақыл-ой парасатының кемеліне келіп толған шағын қамтиды. Пье-
сада көрінетін Абай, бір жағынан, ескі өмірдің рушыл-феодалдық 

68
69
кертартпалығына, қара түнек қараңғылық пен надандықка қарсы, 
екінші жағынан, қазақ даласына енді-енді ғана тамырын жая бастаған 
зиянды дерт – панисламизмге қарсы күресуші қоғам қайраткері. 
Пьесаның басынан аяғына шейін біз Абайды қазақ қоғамындағы 
осындай əлеуметтік кеселдерге қарсы күрес үстінде көреміз.
Пьесаның уақиғасы бірін-бірі сүйген екі жастың – Айдар мен 
Ажардың махаббатын таптап өтпек болған Нарымбет, Оразбайлардың 
бүлікшіл əрекеттерінен басталады.
Олар көңіл қосқан екі жасты бір-бірінен айырып, ескі «ата жолы» 
дейтін феодалдық озбырлықпен қатал жазаламақ болады. Осыдан 
басталған тартыс пьесаның барысында шиеленісіп, нағыз драмалық 
үлкен конфликтіге айналады. Уақиға зор əлеуметтік мəселелерге 
көтеріледі.
Түнек заманның дүлей заңына бас иіп, ескілік атаулының етегіне 
ошағандай жабысқан Оразбай, Жиренше, Нарымбеттерге Айдар мен 
Ажардың бірін-бірі сүйіп қосылмақ болған талабы, сол жолда батыл 
əрекет жасауы бүкіл патриархалдық-феодалдық құрылысқа, олар 
тұтынған тəртіп пен заңға, салт пен əдет-ғұрыпқа тиген соққыдай 
көрінеді.
Пьесада тартысқа түскен екі топтың ара жігі де, мақсат-мүдделері 
де Айдар мен Ажарға үкім шығарылатын көріністе айқындала 
түседі.
Жаңалық атаулыға шошына қарайтын Оразбай, Жиреншелердің 
арам ниетін Абай халық алдында əшкерелейді. Абай «ата жолына», 
Əнет, Қеңгірбай, Құнанбайлар тұтынған айуандық, ортағасырлық 
дəстүрге лағнет айтып, қаратүнек заманның қатал заңының үкімінен 
Айдар мен Ажарды арашалап, өлім тырнағынан босатып алады.
Мұнымен Абай меңіреу, топас күшке аяусыз соққы бере отырып, 
қазақ даласына ене бастаған прогресті, жаңалықты, халық мүддесін 
қорғайтын ірі гуманист ретінде көрінеді. «Өзімді мына халық алдын-
да қарыздармын деп санаймын. Ол қарызым – адамшылық, əділет 
қарызы. Əлім жетсе, қолымнан келсе, сол қарызымды ақтамақпын... 
Бүгінгі елдің жетім қызы, жалқы жігіт – сені ақтасам, сол Əнет, 
Қеңгірбай, Құнанбайлар істегенді істемеймін деп ақтаймын. Келер 
ұрпақтан қарғыс алмаймын деп ақтаймын», – дейді Абай.
Осы тұрғыдан ол өзінің туысы Керімнің де халықты кертартпа-
шыл шығысқа қарай бұрмақ болған панисламистік пікірлерін қатал 
сынайды.
Аяусыз əшкереленген Керім Абайдың жақсы көретін ең талантты 
шəкірті Айдарға у беріп өлтіреді. Бұл арқылы жазушы ұлтшылдық-
тың бойындағы опасыздықты шебер əшкерелеп көрсеткен.
Пьесада Абай басындағы трагедиялық хал осындай жағдайлармен 
байланысты.
Бірақ мұның бəрі де ұлы ақынның жігерін жасытпайды. Ол 
жақсылықты болашақтан күтеді, озбырлықты əділдік жеңетініне 
берік сенеді. Пьесаның соңғы көрінісінде ол: «Туар ертең жаңа 
жыл, келер ертең жаңа төл... ең соңғы сағатымды достыққа берем, 
дұшпаным емес, еліме, еліме берем», – деген сөздермен еледі.
«Абай» – трагедиялық пьеса. Трагедия – көркем əдебиетте 
драмалық шығарманың бір түрі. Мұнда адамдар арасындағы тар-
тыс бітіспейтін шиеленіске жетіп, басты кейіпкерлердің зор апатқа 
ұшырауымен аяқталады. Пушкиннің шағын пьесалары, Шекспирдің 
«Гамлет», «Отелло» пьесалары – бəрі де драмалық жанрдағы 
трагедияға жатады. Бұл шығармаларда уақиға үнемі өрбіп, ши-
еленісіп дами келіп, тартысушы екі жақ кескілесіп кек алумен, 
өліммен, қайғылы уақиғамен тынады. Трагедияның осындай бірқатар 
сипаты «Абай» пьесасынан да табылады. Айдардың, Əбдірахманның 
өлімі, Долговтың ұсталып кетуі, ақырында, Абайдың өз өлімі – бəрі 
де пьесадағы трагедиялық халдерді анықтай түседі.
М. Əуезовтің бірқатар шығармалары тарихи тақырыпқа арналған. 
Оның драмалық шығармаларының ішінде тақырыпты меңгеріп, 
уақиғаны шындық шеңберінде шешкен көлемді еңбегінің бірі – 
«Түнгі сарын» (1934 жыл) пьесасы.
«Түнгі сарын» пьесасының тақырыбы – қазақ халқының 1916 
жылғы ұлт-азаттық қозғалысы. Империалистік соғыс майданының 
окоп қазу сияқты қара жұмысына қазақ азаматтарын алу жөнінде 
патша үкіметінің июнь жарлығына байланысты қазақ еңбекшілері 
бас көтеріп, қолына қару алып, патша əкімдеріне, сондай-ақ жер-
гілікті қанаушыларға қарсы күрес жүргізгені, сөйтіп, ол көтерілістің 
ұлт-азаттық сипатқа көтерілгені пьесада нанымды суреттеледі.
Пьесаның басынан аяғына шейін бітіспес таптық күреске түсетін 
екі топ бар. Бірінші топ – үстем тапқа, патша əкімдеріне қарсы 
көтеріліске шыққан еңбекші бұқараны бастаушы Жантас, Тəнеке 
тобы. Бұл топта Сапа, Мөржан, Бойбермес, Бөрбасар т.б. бар. Екін-
ші топ – халықтың қанын сүліктей сорған патша əкімдері Казанцев, 
Семенов жəне ел жуандары Майқан, Қыдырбай, Нұрқан, Жүзтайлақ 
тобы. Бұлардың тобында ұлтшыл оқығандар Кəрім, Жүніс т. б. бар.
Пьесадағы желілі уақиға, негізгі тартыс осы екі топтың ара-
сында болады. Бұлардың арасындағы кайшылық – күрессіз тын-

70
71
байтын, бітіспес қайшылық. Мұны арыз айта келген топты бастау-
шы Тəнекенің Қыдышқа (Қыдырбайға) айтатын: «Жылап келген 
тағы біз, жылатушы тағы сен, ей, Қыдырбай» деген сөзінен айқын 
аңғаруға болады.
Қазақстанда 1916жылғы ұлт-азаттық қозғалысы майданға жігіт 
алуға байланысты басталса да, оның шын себептері тереңде еді. 
Шындығында, бұл көтеріліс, пьесаның бас геройы Жантастың 
сөзімен айтқанда «еттен өтіп, сүйекке жеткен қорлыққа» қарсы 
суырылған қылыш, атылған оқ болатын.
Жантас образы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің бастаушы-
лары Аманкелді, Бекболат есімдерін еске түсіреді. Майданның қара 
жұмыстарына қазақ азаматтарын алу жөніндегі патша жарлығына 
байланысты ел іші дүрлігіп, ел жақсыларымыз деп жүргендер 
сергелдеңге түсіп, тығырыққа тірелген шақта қамалған кешті бастауға 
Жантас шығады. Ол мұндай қиын-қыстау іске белін бекем буып, нар 
тəуекелін серік қып, бұлтақсыз біржола шығады. Сондықтан да ол 
өмірінің соңғы сағатына дейін өзі бастаған кедей, қараша қауыммен 
бір болып, ояз бастығы, ел жуандары бастаған қарулы отрядпен аян-
бай шайқасады.
Жантас образын толықтырып отыратын екінші бір ірі тұлға 
– Тəнеке. Бұл – көтерілісті бастаушылардың бірі ғана емес, соны-
мен бірге Жантастың өзіне де ақылгөй аға есепті. Бұл да Жантас 
сияқты алған бетінен қайтпайтын өжет те өткір. Көтеріліс кезінде 
ояз бастығы бұл екеуінің əрқайсысының басына бес мың сом ақша 
сыйлық белгілеп, ұстап берген кісіге бермек болуы – Жантас, Тəнеке 
тұлғаларын аша түседі.
Тəнеке ояз бен болысқа сөйлесу үшін елші боп кеп, қолға түскенде 
де олардың жауыздығы мен істеп келген жаулық жуандықтарын бет-
ке айтып əшкерелеуден тайынбайды:
«Менің арманым жоқ,– дейді ол.– Өмір бойы басымды қостырмай 
тоз-тоз ғып, əр жерге шаңға аунатып келіп ең. Тамам жылауларды 
соңыма ертіп, артыма қыруар ел жинап кеп тұрмын. Соның көшін 
бастап өлсем арман емес маған, кəрің өтпейді, білдің бе, болыс!»
Тəнеке тобын бұл тұтқыннан Жантас құтқарып қалады.
Көтерілісті бастап жүрген Жантас, Тəнекелер – халықтың 
қайнаған қалың ортасынан шыққан өжет, іскер, уытты адамдар 
болғанымен, оларда саяси көрегенділік жоқ. Олар патша əкімдеріне, 
болыс-байларға карсы күресу керек екенін түсінеді; бірақ олар 
ертең көтеріліс жеңген күнде не істеу керектігі женінде ойланбай-
ды. Көтеріліске қатысушыларда ұйымшылдық аз. Көтерілістің саяси 
бағытына өзінше азды-көпті пікір айтып жүрген мұғалім Сапаның 
өзі де, көтеріліс жеңіліске ұшыраған кезге дейін, əлденеше рет 
солқылдақтық жасайды. Ал көтерілісшілердің өзі тізе қосып, ба-
тыл қимыл, ашық шабуыл жасаудың орнына көпке дейін тек сес 
көрсетумен ғана болады. Тіпті қолға түскен Майқан болыстың өзін 
өлтіруге де олардың көпке дейін батылдығы жетпейді. Тек патша 
өкіметінің жазалаушы отряды əбден қоршап алған ақтық минуттарда 
ғана олар жан аямай қарсыласады. Бірақ күші басым қарулы отряд 
көтерілісті талқандайды. Жантас, Мөржан т. б. азаттық жолындағы 
күресте қаза болады да, Тəнеке бастаған бір топ қоршаудан аман 
құтылып кетеді.
Драматург Тəнеке бастаған көтерілісшілердің бір Тобын текке 
құтылдырып жіберіп отырған жоқ. Бұл арқылы автор үлкен тарихи 
шындыққа нұсқап отыр. Жұртқа мəлім, 1916 жылы қазақ даласында 
болған ұлт-азаттық қозғалысы Ұлы Октябрь социалистік революция-
сына келіп ұласты. Пьесаның соңындағы көтерілісшілердің қашып 
құтылып кеткен тобы – осы революцияға барып ұласуға тиісті топ.
Саяси бағыт-бағдары жоқ стихиялық көтеріліс жеңілді. Ол заңды 
құбылыс. Алайда бас көтеріп, қанат қағар халық, сана саңлауы ашы-
ла бастаған кедейлер тобы бар. Көтеріліс жеңілгенмен, ол оятқан са-
рын бар. Пьесаның финалында қолға түскен мұғалім Сапаның оязға 
айтатын соңғы сөздері бұған дəлел:
«Көрсетсең көріп алармын, бəлем, сенің де күнің бітер. Өтер 
зұлмат түні!
Дұшпан екенім рас. Дұшпаным сен. Саған оқ атқан (Жантасты 
көрсетіп) мынау асыл ұлдар! Өлтірдім дейтін шығарсың! Жоқ, бұл 
сияқты ер ұлдардың қолымен біздің де дала дабыл қақты. Сарын 
қосты, сол даланың азаттығына біз құрбанбыз.
Ажал сағаты соғар. Түбіңе жетер осы сарын. Тұсау кестің, қанат 
қақты – қанат қақтың, қайран елім, жаса, көгер елім!»
Бұл сөздерден пьесаның бүкіл идеялық-тақырыптық мазмұны 
айқын көрінеді.
Қорытып айтқанда, «Түнгі сарын» – М. Əуезовтің драматургия-
сында ерекше орны бар, драмаға тəн қасиеттерді өз бойынан көрсете 
алатын, идеялық мазмұны ұтымды, көркемдігі де көзге ілігерліктей 
реалистік құнды пьеса.
М. Əуезовтің алуан түрлі, көп қырлы еңбегінің бір саласы 
– көркем аударма. Көркем аударма мəселесі əсіресе 30-жылдардан 

72
73
бастап кеңінен өрістеді. Түрі ұлттық, мазмұны социалистік жаңа 
сипатты əдебиет жасау жолында көркем аударма аса маңызды роль 
атқарады. Сондықтан да аударма мəселесі – жаңа туып, қалыптасып 
келе жатқан социалистік реализм əдебиетін əрбір ұлттық формада 
жасау жөніндегі туысқан халықтар арасында тəжірибе алмасуға, бірі-
нен бірінің үйреніп, əдебиет үлгілерін байытуға көп көмегін тигізді, 
ұлт əдебиеттері өкілдерінің өзара байланыстарын нығайтты. Əсіресе 
орыс жəне дүниежүзі классикалық əдебиетінің озық үлгілерін, сон-
дай-ақ Максим Горький, Вл. Маяковский бастаған пролетарлық со-
вет əдебиетінің таңдаулы шығармаларын ұлт тілдеріне аудару бұрын 
профессионалдық дəстүрлі жазба əдебиеті болмаған халықтар 
əдебиетінің тез аяқтанып, тез жетілуіне тікелей əсер етті.
Міне, осындай ерекше маңызға ие болған үлкен іске М. Əуезов 
те белсене қатынасты. Ол əсіресе драмалық шығармалардың аудар-
масына күш салды. М. Əуезов Н. В. Гогольдің «Ревизорын», В. 
Шекспирдің «Отеллосы» мен «Асауға тұсауын», Н. Погодиннің «Ақ 
сүйектерін», К. Треневтің «Любовь Яроваясын» қазақ тіліне аудар-
ды. Мұның өзі қазақтың жас театр өнерінің өркендеуіне зор үлес боп 
қосылды. Сонымен қатар бұл пьесаларды аудара отырып, жазушы 
өзі де драматургияға тон бірқатар мəселелерді үйреніп, шеберлігін 
арттырды.
М. Əуезов аудармаларына тəн бір ортақ қасиет – түпнұсқаның 
ерекшеліктері мен тілдік нəр-нақышын, ұлттық бояуын сақтай оты-
рып, қазақ тіліне соншалықты етене төл туындыдай жақын да жатық 
етіп аударуға тырысушылық. Бұл қасиет əсіресе «Ревизор» мен 
«Отелло» аудармасынан айқын аңғарылады.
Прозадан М. Əуезов И.С. Тургеневтің «Дворяндар ұясы» атты ро-
манын аударды. Жазушы мұнда түпнұсқаның ерекшеліктерін, тіпті 
орыс сөйлемдерінің синтаксистік құрылымын сақтауға баса назар 
аударды.
Жазушының сан салалы еңбегінің əлі де сиректеу сөз болып 
жүрген тағы бір парасы – ғалымдық, ұстаздық, педагогтік қызметі. 
Мұхаң сонау жиырмасыншы жылдардың орта шенінде Семейдің 
казпедтехникумынан бастап, Ташкентте училищелерде, Алматыда 
КазГУ мен КазПИ-де, елуінші жылдардың бас кезінде МГУ-де сабақ 
берген ұлағатты ұстаз, тəрбиеші педагог екені мəлім. Ал оның қазақ 
əдебиетінің оқулықтары мен программаларын жасауға, əдебиет та-
рихын жасауға сіңірген қыруар еңбегін, сонау отызыншы жылдары 
қазақ мектептерінің мұқтажын өтеу үшін тіпті химия мен биология, 
география пəндерінің көмекші оқу құралдарына дейін аударып, қазақ 
балалары үшін орыс тілінің əліппесін («Букварь») жасап шығарғанын 
екінің бірі, егіздің сыңары біле бермейді. Ал зерттеу, сын саласында 
Əуезовтің жалпы совет əдебиетінің, оның ішінде қазақ əдебиетінің 
күнбе-күнгі актуальды мəселелері, басты-басты ұрымтал проблема-
лары жөнінде жазған сансыз мақалаларын былай қойғанда, басты-
басты үш мəселенің төңірегіндегі еңбегін топтай отырып, айрықша 
атап көрсету парыз. Оның бірі – ақын Абайдың ұлы тұлғасын көркем 
əдебиетте сомдап, мүсіндеп қана қоймай, сонымен бірге оның өмірі 
мен творчествосын ғылыми тұрғыдан үзбей зерттеп, абайтанудың 
іргетасын қалауы; енді бірі – халық творчествосын талмай тексеріп, 
ол туралы бұрын соңды айтылып жүрген пікірлерді бір жүйеге кел-
тіріп, қазақ-совет фольклористикасын əдебиеттанудың өз алдына бір 
күрделі ғылыми саласы ретінде негіздеуі, соның ғылыми жүйесін 
қалыптастыруы; ал үшіншісі – туысқан қырғыз халқының тамаша 
батырлық эпосы «Манас» жырын мансұқ етіп, қаралауға тырысқан 
кейбір ғылыми негізі жоқ жаңсақ əрі зиянды пікірлерге батыл қарсы 
шығып, тойтарыс беріп, халықтың баға жетпес мол мұрасын, ал-
тыннан асыл қазынасын арашалап алып қалып, халықтың өз қолына 
қайтарып беруі. Бұған оның «Манас» жəне «Манастың халықтық 
вариантын жасайық» деп аталатын ғылыми еңбектері дəлел. Осы 
мəселенің төңірегінде бүкілодақтық масштабта болған ғылыми 
айтыста «Манас» жырының тағдырын шешкен ең соңғы сөз М. 
Əуезовтің сөзі екендігіне куəгер, сол жиынға қатысқан орыс жа-
зушысы Алексей Пантиелевтің естелігінен мына бір үзінді келтіре 
кету орынды:
«Қырқыншы жылдардың аяғында «Манас» туралы дискуссия, ту-
расын айтсақ, «Манас» үшін күрес жүріп жатты...
Жылдар бойы «Манас» қатты сынға ұшырап, феодалдық, байлық 
бағдардағы эпос деген айдар тағылып келді...
Міне сөйтіп 1952 жылы 8 июльде Қырғызстанның астанасы 
Фрунзе қаласында үлкен конференция өткізілді. Ол сыпайы ғана 
«Манас» зерттеу конференциясы деп аталды, бірақ оның міндеті, 
Əуезов айтқандай, «халық қазынасының» тағдырын шешу еді. Бүкіл 
Совет Одағынан аса көрнекті ғалымдар һəм жазушылар жиналды. 
Манасшылар келді... Конференцияға бүкіл республика жұртшылығы 
болып назар аударып қана қойған жоқ, шындығында оған бүкіл 
еліміздің интеллигенциясы құлақ түріп отырды.

74
75
Жұртшылықтың түгел мойындағанындай, конференцияда «Ма-
нас» туралы ең шешуші сөздің біреуі Мұхтар Əуезовтің сөзі бол-
ды. Ол кезде мұны көп адам үзілді-кесілді айтып жүрді. – Соның 
бірі МГУ-дің профессоры Мəдина Богданова еді; ол: «Əуезов «Ма-
насты» құтқарып қалды, – дейтін... Ол («Манас» – Б.С.) туралы ең 
соңғы шешуші сөзді тағы бір ұлы қазақ, біздің замандасымыз, біздің 
жолдасымыз айтты. Жəне осы бір тындырылған игі жұмыс толық, 
шын мəніндегі партиялық іс болды».
Міне, осының бəрі – өз алдына ден қоя арнайы зерттеуді қажет 
ететін аса үлкен тақырып.
* * *
М. Əуезов – өз творчествосымен қазақ-совет əдебиетін 
қалыптастыруға зор үлес қосқан, социалистік заманымыздың 
алдыңғы қатарлы жоғары идеясының дəрежесіне көтерілген жазушы. 
Оның əсіресе «Абай» жəне «Абай жолы» романдары халқымыздың 
игілігіне айналып, көп ұлтты совет əдебиетінің бай қазынасына 
мол мұра боп қосылды. Бүгінгі өскелең əдебиетімізді бүкіл Одақ 
көлеміне, сол арқылы дүниежүзілік аренаға көтеруде М. Əуезовтің 
зор үлесі бар. М. Əусзовтің творчествосы – ұлттық əдебиеттің совет 
заманы тұсында соншалықты өскендігінің айғағы. Қазақ əдебиетінің 
жетекші саласы – реалистік кесек проза, атап айтқанда, роман жан-
ры, негізінен алғанда, тек Ұлы Октябрь революциясынан кейін ғана 
қалыптаса тұрса да, қазір орасан зор адыммен ілгері басты. Бұл 
салада социалистік реализм əдісін творчестволықпен меңгерген, 
бүкіл совет əдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі болып отырған 
М. Əуезовтің еңбегі ерекше.
Өзінің терең идеялы, көркем шығармаларымен М. Əуезов 
халқымыздың социалистік ұлттық мəдениетін, сондай-ақ қазақ 
халқының əдеби тілін байыта беру жолында талмай жемісті еңбек 
етті.
М. Əуезовтің творчестволық өмірі халыққа, Отанға қызмет етудің 
айқын үлгісі болды. Ол өзінің артына қалдырған көп томдық мұрасы 
арқылы қазақ жазушыларының бір емес, əлденеше буынына ше-
берлік шыңындай жөн сілтейтін, шын мəнінде ұстаздық қақына ие 
болған аса көрнекті совет жазушысы.
1954-1978.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет