СИНОНИМДЕРДІ ТАҢДАУ
Өлеңнің эстетикалық құнын оның көркемдігі көрсетеді. Ал
көркемдік әр алуан амалмен жүзеге асады. Көркемдік, әрине,
тек сыртқы әсемдік емес. Сыртқы әсемдік деп тұрғанымыз –
образды сөздердің: эпитеттер мен метафоралардың, ұтықты
теңеулердің, арнаулы поэтизмдердің қолданылуы. Әрине, өлең
көркемдігі үшін олардың болуы – басты шарт. Сонымен қатар
көркемдік дегеніміз сыртқы (тілдік) көрінісі жоқ сәттерде де
жүзеге асып жатады. Айталық, синонимдерді таңдауда олардың
сол текске алынған қатары пәлендей экспрессивті немесе
көріне поэтизм болмауы да мүмкін, бірақ белгілі бір стильдік
мақсатпен келгенде, синонимдердің дәл сол таңдалған вариан-
ты ұтымды болып табылады.
Абай синонимдерді таңдауда нағыз ұтқырлық танытқан.
Тұлғалары бөлек, мағыналары жуық сөздер болып табыла-
тын синонимдер – поэзия тілінің ең бір қажетті құралы.
Синонимдік қатардағы сөздердің біреуін таңдап алу ақын-
ның айтпақ ойын (идеясын) дәл беру, ұсынбақ образды әсерлі
етіп шығару сияқты шарттарды жүзеге асырады. Синонимдер
бір-біріне сайма-сай мағынадағы сөздер емес, әрқайсысында
өзіне тән мағыналық реңкі бар, ұқсас мағыналы сөздер болса,
олардың қолданысы көркем әдебиетте, әсіресе өлең тілінде
ерекше орын алады. Өйткені поэзияда әрбір сөздің мағыналық
та, стильдік те жүгі ауыр келеді. Ғылым тілімен айтсақ, әрбір
ең шағын көркем контекстің экспрессивтік арқауы – сөз болса,
оның экспрессия тудыратын күші семантикасында: мағынасы
мен мағыналық реңктерінде. Демек, мағыналас сөздер өлең
тілінде бір-біріне тең түспейді, әрқайсысының өз қолданылу
орны, контекстік ортасы болуы қажет.
Синонимдерді таңдайтын тұстар әртүрлі: ұйқас жасауда
да ақын синонимдердің көмегіне жүгінеді, бір сөзді шағын
микротексте, яғни бір сөйлемнің ішінде немесе қатар келген
өлең жолдарында қайталамау сияқты қарапайым шеберлік
үшін де синонимдер қатары пайдаланылады (тек өлең емес,
прозада да бір жерде бір сөзді себепсіз қайталау жүрекке жылы,
құлаққа жағымды тимейтіні мәлім).
89
Бұл айтылған теориялық жайттарды оқып білмесе де,
Абайдың тілдік интуициясы (сезімталдығы) синонимдерді
шебер жұмсауға жол берген. Синонимдердің стильдік, конна-
тативтік, үдетпелік (градациялық) қасиеттері (қызметтері) бар
десек, оларды Абай тілінен көре аламыз. Синонимдер контек-
сте мағыналық контраст деп аталатын кереғарлық мән туды-
рып, оның оқырманға тигізетін әсерін – экспрессиясын күшей-
ту арқылы стильдік жүк арқалайды. Мысалы, Абайдың бала-
сы Әбдірахманның өлімінде оның жұбайы Мағышқа шығарып
берген жоқтауындағы: «Қызықтың заңғар басынан Қорлыққа
кеттім жығылып. Құдай қосқан қосақтан Жалғанда қалдым
жырылып. Қайғыңда қалдым қамалып, Қызығым кетті сыры-
лып» деген тармақтардың үш жерінде синонимдік қатарлардан
сөз таңдайды. Бірінші сөйлемде құлау мен жығылу деген
синонимдердің Абай екіншісін алады. Сырт қарағанда, ақын
тілдің әдеттегі нормасынан ауытқып кеткен сияқты, өйткені
адам биіктен құлар болар, жығылу – көбінесе өзі аяқ басып
тұрған жеріне құлағанда болатын қимыл атауы. Ақын бұл жер-
де Мағышқа «заңғар биіктен құладым» дегізсе, ол айтпақ идея-
ны бейтарап мәнде хабарлау болар еді, ал қызықтың (бақытты
шақтың) заңғар биігінен жығылдым дегенде әрі мағыналық
контраст пайда болып, бұл сөйлемнің экспрессиясы күшейіп
тұр, әрі биік деп тұрғаны – өз мағынасындағы биіктік емес, ау-
ыспалы мәнде келген сөз: бұл биік – Мағыштың Әбдірахман-
дай асылға жар болған бақыты, демек, өзінің өмірі. Мағыштың
қызықтың заңғар басынан жығылғаны – ең бақытты шағынан
айрылғаны. Сол сияқты келесі сөйлемде де Мағыш Құдай
қосқан қосағынан айрылдым демейді, жырылып қалдым дейді,
оның көріп келген қызығы жай өтіп кетпейді, сырылып кетеді.
Бұл жердегі, Абай таңдаған синонимдер – оқырман (тың-
даушы) сезіміне қатты әсер ететін, жоқтау тексіне экспрессив-
тік өң беретін қатарлар. «Қартайдық қайғы ойладық, ұлғайды
арман» деген өлеңінде «теп-тегіс аларман» замандастарын
сынағанда: «Бір атқа жүз құбылған жүзі күйгір, Өз үйінде шер-
тиген паңы құрсын» дейді. Мұндағы шертиген деген етістіктің
экспрессиясы өте күшті. 1954 жылғы басылымда бұл сөздің
орнына шіренген деген сөз келген. Сірә, түпнұсқада қайсысы
90
болғанын айту қиын, дегенмен Абайдың стиліне салғанда,
шертиген синонимі ұтымдырақ: шертию дегеннің өзі де – жа-
ғымсыз бояуы қалың экспрессоид, ол да «маңғаздану» дегенді
білдіреді, ал шертиген адам жай маңғазданбайды, тіпті шама-
дан тыс шіренеді, өзін мүлде зор санайды.
Синонимдік қатарлардан экспрессивтік мәні күштілерін
таңдау Абайда жүйелі түрде келеді. «Мәз болады болысың
Арқаға ұлық қаққанға, Шелтірейтіп орысың Шенді шек-
пен жапқанға» деген өлең жолдарында «қолпаштау, мәз ету»
мағынасын беретін сөздердің экспрессоид синонимі шелтір-
ейтіп вариантын алады. Бұны таңдау кекесін бояуы қалың
сөз болғандықтан ұтымды, бұл сөз өзі «оңып тұрмаған»
болыстың портретін одан әрі мысқылдап көрсетеді. Оның
үстіне шелтірейтіп тұлғасы келесі жолдағы шенді шекпен де-
ген сөздермен аллитерация жасап тұр, сондықтан мәз етіп бір
орысың немесе қолпаштап қойып орысың деп айтудың орнына
шелтірейтіп орысың дегені екі бірдей стильдік жүк арқалап,
өлең үдесінен шығып тұр.
Синонимдерді қолдануда Абай ұстанған және бір тәсіл –
оларды өлеңнің бір жолында қатар келтіріп, градация (сөз
мағынасын бірте-бірте күшейту немесе әлсірету) арқылы оның
экспрессиясын арттыру. Бұл тәсілді ақын жүйелі түрде жиі
пайдаланған. Мысалы, «Сабырсыз, арсыз, еріншек» деп баста-
латын өлеңінде: «Өз үйіңде қипаңдап, Кісі үйінде күй таңдап,
Ақылы бар кісіні Айбаттайды, даттайды» дейді. Мұнда «жа-
мандау» мағынасындағы екі сөз: біреуі ғайбат – араб сөзі бол-
са, екіншісі – халық тіліндегі кәнігі даттау сөзі, екеуі қатар
келіп, осы образды үстемелеп тұр.
«Түзу кел, қисық, қыңыр, қырын келмей» десе, жолда үш
синоним түзу дегеннің антонимі (қарсы мағыналы сөз) болып,
бірін-бірі үстемелеп, айтылмақ идеяны күшейтіп тұр. «Кісі
алдында кірбеңдеп, Шабан, шардақ және шау... Тиянағым,
тұрлауым Енді кімге асылдым... Абайлаңыз, байқаңыз
Елдің жайы солай-ды... Әуелесін, қалқысын, От жалын боп
шалқысын... Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қылпың»... сияқты
өлең жолдарындағы көрсетілген синонимдік қатарлардың
стильдік жүктері де осы мақсатты көздейді.
91
Мұндай мағыналас қатарлардың жоғарыда келтірілген жеке
лексикалық сыңарларын пайдаланумен қатар, Абай олардың
бірқатарын өзі жасайды немесе сирек сыңарларын іздеп тау-
ып алады. Мысалы, «Татулық пен тыныштықты қоңыр көрер,
кем көрер» дегенінде кем көру сөзіне синоним етіп, қоңыр көру
тіркесін жасап алған. Ал: «Бөтен елде бар болса, Ежеттесің,
сыйласың» дегенінде көпшілікке түсінікті сыйлас сөзіне сино-
ним етіп сирек қолданылатын ежеттес сөзін таңдайды.
Синонимдік қатарларды өлеңнің бір тармағының бойын-
да емес, қатар тармақтарда келтіріп қолдану ақын шеберлігін
қажет етеді. Бұл тәсіл де әрі бір тұлғаны қайталай бермеу
талабын орындаса, әрі өлеңнің сөздігін құбылтып, әсерін
күшейтеді. Мысалы: «Өлмектен басқа дауа жоқ Алланың салған
дертіне. Құтылмас құл жол таппас Иенің салған өртіне» деген
қатар тұрған төрт жолда Алла мен Ие сөздерінен синонимдік
қатар түзіп қолданған. Сол сияқты: «Қорқытпай орнықтыр
Шошынған жүректі» десе де қорқу мен шошу – мағыналық
бояулары ұштасатын сөздер. «Өтірік берген қағаздың Тауып
алып жалғанын» дегендегі өтірік пен жалған да осы топтан
табылады.
Етістіктер – мағына жағынан синонимдер қатарын түзуге
өте бір икемді сөздер. Абай бұл мүмкіндікті де бос жібермейді:
Сөз көбейді, ұлғайды... Тоқтамады, тұрмады Кетті ор-
тадан асылым... Осы өлеңде лексикалық синонимдермен
қатар контекстік немесе стильдік синонимдерді пайдалану –
поэтикалық тәсілдердің бірі. Абай тілінде бұл амал да сирек-
теу болса да орын алған. Мысалы, «Өтті, өлді, тағдыр жоқ
қайта келмек» деген жолдарда өлді мен өтті сөздерін тек осы
контексте ғана синонимдік қатар деп тануға болады, әйтпесе
өткеннің бәрі – өлгендік емес қой. Сол сияқты «Сайра да зарла,
қызыл тіл, Қара көңілім оянсын» дегеніндегі етістіктер де – екі
түрлі қимыл атаулары болғанымен, бұл контексте мағыналары
жуықтатылған қолданыстар: ақын көңілі зарлау үшін сайрай-
ды, сайрау арқылы зарлайды. Бұл етістіктердің арасындағы
қайталанатын да шылауын келтіруі де оларды мағына жағынан
шендестіріп тұр.
Синонимдік қатарлардың біреуін ұйқас үшін таңдау да
жоқ емес. Абай «намаз білмес пақыр» Абыралының портретін
92
берген өлеңінде: «Қирә, тін оқытып Көріп едім – шатылды»
дейді. Мұндағы шатылды – шатасты сөзінің синонимі, оның
тек шатасу емес, сол шатасудың нәтижесінде ұсталып қалу
(надандығын білдіріп қою) деген де реңкі бар, бірақ бұл жер-
де ақын дәл осы синонимді қолданғанда алдыңғы және кейінгі
жолдармен ұйқас құрау талабынан шыққан. «Мен жасымнан
көп көрдім Мұсылманды, кәпірді. Абыралыдай көрмедім На-
маз білмес пақырды. Қирә
,
тін оқытып Көріп едім – шатылды.
Ниет қыла білмейді не қылады нәпілді» ...
«Ішім өлген, сыртым сау» деп басталатын өлеңіндегі: «Кісі
алдында кірбеңдеп Шабан, шардақ және шау» деген жолда-
рында ұйқасқа алынған шау сөзі де синонимдік қатардан таң-
далған болса, бұл да 28 жолдық бір өлеңнің сау~жау~
япырмау~дау... деп кете беретін біркелкі ұйқасы үшін алынған.
Бірақ бұл тәсіл өзгелерде де, Абайда да аса жиі қолданылмаған,
өйткені күшті ақын әдетте ұйқас іздеп қиналмайды, ал
қатарынан ондаған жолдарды бір ұйқасқа кұру – Абай үшін
қалыпты құбылыс. Бір өлеңге немесе өлеңнің бірнеше
тармағына (жолына) бір ұйқасты алу, яғни моноұйқас – Абайда
өлеңнің тұтастығын сомдайтын тәсіл. Мұндайда Абайдың өлең
ырғағына келгенде мықты ақын екендігі ғана көрінбейді, соны-
мен қатар сөз байлығы, сол байлықты айтпақ ойына (өлеңнің
тақырыбы мен мазмұнына) орайластыра жұмсау таланты
ғаламат екені байқалады.
Қазақ өлеңінің ұйқас суреті жағынан да, моноұйқасты
қолдану жағынан да Абай – теңдесі жоқ әрі кейінгілерге жол
салған ақын. Бұл жайында өз алдына жеке айтылды.
Абай синонимдердің мағыналық реңктерін айтпақ ойының
мазмұнына сай қолданады. Мысалы, бағу мен қарау сөздері –
синонимдер. Бірақ алдыңғысы «қарау» мағынасында кез келген
сөзбен тіркеспейді, өйткені бұл етістік деректі (материалдық)
затқа көз тігу деген ұғымды емес, дерексіз (абстракт) нәрсеге
көңіл қою (қарау) деген мағынаны білдіреді. Сондықтан
Абайдың: «Суретін көре алмассың көп бақпасаң» дегенінде көз
салатын, қарайтын нәрсе – құс салудың суреті (абстракт ұғым).
Келесі бір өлеңінде: «Өз хатыма өз көзім Ұялып, қорқып баға
алмас» десе, мұнда да «бағылатын» (қаралатын) – хат жазылған
қағаз емес, оның мазмұны.
93
Синонимдерді таңдауда олардың мағына жағынан нақты
немесе жалпылық ұғымдарды білдіруін, мағыналық қосымша
реңктерінің стильдік жүк жағынан жоғары (асқақ) не төмен
(пәс) қызметте жұмсалу қабілеттерін, экспрессиясы жағынан
бейтарап немесе әсерлі болып келетіндерін Абай тап басып,
жазбай танып отырған. Мысалы, жоғарыда Абай тұсындағы
қазақ әдеби тілінің нормасы тұрғысынан әңгіме болған әйел,
қатын, ұрғашы, деген сөздерді енді синонимдік қатарлардың
қолданысы жағынан қарастырсақ, қазақ жазба тілінде актив-
тене бастаған кірме араб сөзі әйел деген мен байырғы түркілік
ұрғашы синонимін көбінесе «әйелзат, әйел атаулы, әйел жыны-
сты» деген мағынада жұмсайды. Мысалы: «Хан қаһар, қара кісі
қастық кылса, Сонда ұрғашы болмай ма арашашы... Ұрғашы
да көп жан ғой, досым болса, Деп едім бір пайдасы маған
тиер» деген жолдарда ұрғашы жалпылық ұғымды – «әйел жы-
нысты адам, әйелзаты» дегенді білдіреді. Абайда әйел сөзі де
тек қана осы мәнде: «Әйел адам гүлмен тең, дымды сүймек...
Әйел жақсы болмайды көркіменен»... Ал қатын сөзін нақты
біреудің әйелі (қосағы, жұбайы) деген ұғымда да, «әйелзаты»
деген жалпы мәнде де қолданған. Демек, бұл синонимдердің
Абайда жұмсалу орны бар: бірі екіншісін алмастырмайды. Бұл
жерде тек әйел сөзінің бір қолданысы жайында тоқталуға тура
келеді. «Әйелің – Медет қызы, аты – Өрім» деп басталатын за-
мандасы Қарынбай деген жігітке сын-ескерту ретінде айтқан
бір ғана шумақ өлеңіндегі әйел сөзі, сірә, түпнұсқада қатын
болуы керек, өйткені, біріншіден, бұл – біреудің әйелі, жұбайы
мағынасында айтылған, ал Абай әйел сөзін тек «әйелзаты, әйел
жынысты» деген ұғымда жұмсаған дедік, «біреудің әйелі»
мағынасында қатын сөзі келуге тиіс. Демек, Медет қызы
Өрім – Қарынбайдың қатыны. Екіншіден, бұл төрт жол 1940
жылы ел аузынан жазылып алынған. Үстіміздегі ғасырдың
20-30-жылдарынан бастап әйел сөзі «біреудің әйелі, жұбайы»
мағынасында да жұмсалып, қатын сөзін әдеби нормадан
ығыстырған. Қатын сөзі тіпті дөрекі сөздер қатарына көшкен,
демек, 1940 жылдары жоғарғы бір шумақ өлеңді ауызша
жеткізуші өз кезеңінің нормасына салып, «Қатының – Медет
қызы, аты – Өрім» деудің орнына «Әйелің...» деп ұсынған бо-
94
лар, сірә, қатының десе, Абай үшін дөрекі деп тапқан болар.
Әрине, бұл – біздің логикаға сайған жорамалымыз, мүмкін
Абайдың өзі де әйел сөзін «жұбай» мағынасында жұмсай
бастаған болуы, бірақ әйтеуір қайткенде де бұл сөздің «жұбай»
ұғымында жұмсалуы Абайда жеке дара тұр.
Синонимдік қатардағы әйел сөзіне Абай жоғары (асқақ)
стильдік өң берген-ау деп те топшылауға болады. Мұны:
«Ері ашу айтса, әйелі басу айтып» деген өлең жолына қарап
шамалауға болады. Мұндағы айтылмақ ой ері, әйелі деген
сөздер нақты бір әйелдің күйеуі немесе нақты бір еркектің
қатыны туралы емес, әңгіме өзегі – жалпы ер адам мен оның
серігі әйел баласы жайында. Демек, бұл жердегі ер де, әйел де
– жоғары стильдік сөздер, олардың «пәс стильдік» вариантта-
ры – бай мен қатын деген сөздерді дәл осы тармақта қолданса,
бұл идеяның жалпылық мәні шықпас еді.
Алла, Құдай, Тәңірі, Жаратушы, Жасаған (Жаратқан сино-
нимі Абайда жоқ) сияқты мағыналық реңк айырмашылық-
тары жоққа тән «таза» синонимдерді де Абай талғап, белгілі бір
стильдік мақсатта жұмсайды. Мысалы, қатар келген өлең жол-
дарында бір сөзді қайталай бермес үшін бір тармақта Құдай,
екіншісінде Тәңірі сөзін алады: «О да Құдай пендесі, Түспей
кетер деймісің Тәңірінің құрған тезіне». Мұндағы синонимдер
жарыспасы тек бір стильдік жүкті емес, екінші мақсатты да
көздеп тұр деуге болады: әдетте Тәңірі пендесі дегеннен гөрі
Алланың пендесі, Құдай пендесі тіркесі жиірек қолданылады,
ал келесі жолдағы Тәңірі синонимі Тәңірінің құрған тезі деген
құрылымда аллитерация қажетін өтеп тұр: Құдайдың тезі де-
геннен гөрі Тәңірінің тезі варианты құлаққа жағымды, айтуға
икемді келген. Ал ислам діні сөз болған жерде бұлардың Алла
жарыспасы көбірек келеді, әңгіме жалпы «Құдіретті күш, Жара-
тушы» жайында болса, Құдай варианты «өтімдірек», Қазақтың
«өз Құдайы» – Тәңірі сөзі көбінесе Құдай сөзімен алмастыры-
лады, ол Құдай атсын, Құдайға жазу деген тіркестер тәңірі
атсын, Тәңірге жазу түрінде келе береді. Тәңірі синонимінің
аллитерация үдесінен шығуы Абайда жиірек: Тәңірі сақтар та-
бандап тап ұрса да... Мәндес сөздердің біреуін таңдауда жасы-
рын сөзін алмай, ұрланып деген синонимін дұрыс келтіргенін
зерттеуші М. Базарбаев көрсетеді
21
.
21
Базарбаев М. Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы. - Алматы, 1973. - 99-б.
95
Абай синонимдік қатарлардың біреуін өз орнында таңдап
жұмсауды аударма өлеңдерінде де көрсеткен. Аударып отырған
өлеңді жай көшірме емес, қазақ тіліндегі теңдесі етіп ұсыну
үшін, яғни төлтума өлең авторының айтпағын дәл және көркем
түрде беру үшін әрбір сөздің бояуын, семантикалық реңктерін,
ғылыми терминмен айтқанда, семаларын, өзге сөздермен
тіркесу қабілеттерін, сезіне білген Абай М.Ю.Лермонтовтың
«пустыня внемлет Богу» деген идеясын «елсіз жер тұрғандай
боп Хаққа мүлгіп» деп аударады. Бұл жерде Абай орысша внем-
лет етістігінің кітаби поэтикалық сөз екенін іштей сезініп, оны
тыңдады немесе құлақ салды деп аудармай, бұл сөздердің ор-
нына мүлгу сөзін таңдайды, өйткені Хақты, яғни Құдайды жай
тыңдауға, тек құлақ салып қоюға болмайды, оған адам жан-
тәнімен беріліп, бұйрығына мойынсұнып, мүлгіп тыңдау ке-
рек. Сондықтан Абай елсіз жер Хаққа мүлгіп тұр дейді.
Сірә, бұл келтірілген мүлгу, бағу сияқты сөздерді тыңдау,
қарау дегендердің поэтикалық синонимдері деп тануға бо-
лар. Поэтикалық синонимдер қатарына авторлық, контекстік
қолданыстарды да жатқызуға болатын тәрізді. Бұл ретте
Абай өлеңдерінің тілі көп материал береді. Мысалы, Абы-
ралы замандасының барлық мұсылманшылық рәсімі дұрыс
орындалмағандықтан босқа кетеді демейді, желге кетеді
дейді, сұлуды суреттегенде «сөз жетпейді, қызықтырады» де-
ген ойды айту үшін ақын тіл байлайды деген синонимді тау-
ып қолданады. Абайда таза авторлық, яғни тек өзі қолданған,
өзі жасаған өте әсерлі етістік синонимдер молынан табыла-
ды. Оның қулық сауу (алдау), күлкі бағу (құр сайрандау), күлкі
күйлеу (желігу, әуейілену), мақтан күйлеу (мақтан қуу, мақтан
іздеу, «Абай тілі сөздігінде» бір жерде бұл тіркесті «мақтанды
қуу, дәріптеу» деп түсіндірілген, дұрысында, мақтан қуу мен
мақтан күйлеу – синонимдер, алғашқысы бейтарап мәнде,
соңғысы – экспрессиялы образ, яғни поэтикалық қатары).
Күлкі сату – Абайдың өзі жасаған образды тіркес, ол еңбекпен
емес, болмашы әрекетпен көріну дегеннің поэтикалық сыңары.
Бұл етістік «Абай тілі сөздігінде не «күлкі» сөзтізбесінде
(реестрінде), не «сату» реестрінде түсіндірілмеген, ой табу
(іздену), бұл тіркестің түсіндірмесі де сөздікте жоқ, мал салу
96
(мал жұмсау), мойын түсу (үнжұрғасы түсу), сөз сату (сөзін
бұлдау) сияқты қолданыстар кейде жеке бір етістіктің, кейде
тіркестің образды, яғни поэтикалық синонимдері болып келеді.
Бұл көрсетілгендер – Абай ізденістері, Абайдың авторлық
қолданыстары.
Ал қышыну (пәле іздеу), сарнау (зар айту, зарлау), күлмеңдеу
(ойнақылану), босаспау (айрылыспау), дүрсу (кісімсу)
сияқты дара етістіктер де, айдыну (жасқану), алқау (қолдау),
азырқану (азсыну) сияқты сирек қолданылатын етістіктер
де синонимдердің поэтикалық қатарын түзейді, бірақ бұлар
Абайдың өзі жасап ұсынғандар емес, тілде бар сөздер болып
келеді.
Сөйтіп, Абай ақын айтпақ идеясын айқын, әсерлі етіп
жеткізу үшін және поэтикалық образды дәл беру үшін сино-
нимдік қатарларды талғап, таңдап өте шебер пайдаланған
дейміз. Синонимдер – өлең тілінің сөз оралымын арттыра-
тын құралдар. Поэзия өз ерекшелігіне орай тілдегі өте сирек
қолданылатын сөздер мен кейбір көне тұлғаларды синонимдік
қатарға тарта алады. Сондықтан біз Абай тілінен безу ~ күсу,
бүкіл ~ мұқым, сырлас ~ ежеттес, қадірлеу ~ әз тұту, кем көру
~ қоңыр көру, жолдастық ~ сұхбаттастық, шабан ~ шардақ
~ шау деген мағыналас сөздер қатарын көре аламыз. Мұндағы
екінші қатардағы синонимдер не күсу, мұқым, шардақ сияқты
сирек қолданылатын сөздер, не ежеттес сияқты көне тұлға,
не әз тұту сияқты поэтизмдер, не сұхбаттастық сияқты араб
сөзінің түпнұсқа тілдегі бір мағынасын кәдеге асыру
,
не қоңыр
көру, шау сияқты экспрессоидтер болып келеді. Сонымен,
Абай поэзия тілінде синонимдерді «ойната», «сөйлете» білудің
ғаламат үлгісін көрсетіп кетті дей аламыз.
Мағыналары қарама-қарсы сөздер – антонимдер деген-
дер де – ақын діттеген поэтикалық қызметті атқара алатын
құралдардың бірі. Абай мұны да қалт жібермейді. Ол өмір мен
өлім, жақсылық пен жамандық, достық пен қастық, білім мен
надандық сияқты кереғар полюстерді көрсету арқылы өмірге
көзқарасын, философиялық ой түйінін білдіреді. Бұндай
қарама-қарсы ұғымдардың тілдегі көрінісі – антонимдер болса,
ақын оларды бір өлеңде немесе өлеңнің бір шумағында, кей-
97
де тіпті бір жолында қатар келтіріп, сол арқылы айтпақ иде-
ясына поэтикалық өң береді. Мысалы, «Ішім өлген, сыртым
сау, Көрінгенге деймін-ау. Бүгінгі дос – ертең жау, Мен не
қылдым, япырмау» дегендегі айтпағы – қайшылығы мол өмір,
сол қайшылықты тудыратын құбылыстың бірі – адамдардың
тұрақсыздығы болса, осыны білдіруде іш – сырт, өлген – сау,
бүгінгі – ертең, дос – жау деген төрт жұп антонимді қолданған.
Абайда тілдік антонимдермен қатар, контекстік антонимдер
де жиі кездеседі Мысалы: «Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты
ұғар» дегенінде тасыр мен талапты сөздері – қарсы мәнді
образдар және олар антонимдік сипатқа тек осы контексте ие
болып тұр, әйтпесе тасыр сөзінің лексикалық мағынасы «есер,
алаңғасар, тасырлаған адам» дегендер болса, бұл контексте та-
сыр сөзі «еш нәрсеге талпынысы, ынтасы жоқ» деген мағынада
жұмсалып, талапты сөзінің антонимі болып тұр. Сол сияқты:
«Надан жөндіге жөн келмей, Білер қайдағы шәргезді» деген
өлең жолдарындағы шәргез деген сирек қолданылатын сөздің
Абай берген мағынасын оның осы контексте жөнді сөзіне ан-
тоним ретінде қолданылуына қарап айтуға болады: бұл жердегі
шәргез – «шәлкес, жөнсіз». Әрине, Абай тілінде антонимдер
сан жағынан синонимдерге қарағанда, әлдеқайда кем, бірақ
олардың белгілі мақсатпен қолданысы жағынан уәжділігі өте
айқын көрінеді.
|