ЕТІСТІК – КӨРІКТЕУ ҚҰРАЛЫ
Есімдер сияқты етістіктер де көркем сөз тілінде, әсіресе
өлең тексінде поэтикалық-стильдік қызмет атқара алады.
Абайда ойдың ұсынылу сипатына қарай етістік тұлғалардың
түрліше болып келуі, әрине, ақын тілінің ерекшелігін та-
нытпайды, өйткені бұл тәсілді өзгелер де қолданады, бірақ
Абайдың шеберлігін танытады. Бұл жердегі «шеберлік» деп
отырғанымыз – мазмұн мен түрдің, яғни айтылмақ идея мен
оның тілдегі көрінісінің үйлесімі.
Әдетте өлеңде айтылмақ ой жай баяндау түрінде ұсынылса,
етістіктер көбінесе ашық райдың ауыспалы шақ (кетеді),
өткен шақ (кетті, көрдім деген сияқты) тұлғаларымен
беріледі. Абай «Мен жасымнан көп көрдім» деп басталатын
«Абралыға» деген өлеңінде надан адамның портретін оның
іс-әрекет, қылықтарын баяндау арқылы жасайды, сондықтан
мұндағы етістіктер көрдім, көрмедім, шатылды, білмейді, не
етеді, кетеді тұлғаларында тұр. Сөзге жүйрік болса да, сау-
аты жоқ, тіпті мұсылманшылық шарттарын дұрыс білмейтін
«Сары жорға» атанған замандасына арнаған сықақ түріндегі
бұл өлеңінде ақын Абралы замандасының портретін оның іс-
әрекеттерін көрсету арқылы береді. Ол үшін етістіктің қалыпты
тұлғаларын пайдаланады.
Абайдың көп өлеңі констатация түрінде, яғни оқиғаның,
болмыстың, суреттің дәл солай екендігін, бар екендігін баян-
дау сипатында берілгендіктен, оларда да етістіктер ашық рай
тұлғасында қолданылған. Мысалы, «Қансонарда бүркітші
шығады аңға» деп басталатын өлеңінде аңшылық суретін
береді және оны жай баяндау стилімен ұсынады, бұл конста-
тация шығады, тұра қалады, талас қылады, айқасады деген
сияқты ауыспалы шақ тұлғасында келсе, сипаттау етістіктері
көсемше тұлғаларымен (сымпың қағып, қорқақтап, тісін
қайрап) ұсынылады.
Қысқасы, Абай өлеңдерінде етістіктің шақтық тұлғаларын
қолдануда сол өлең идеясының статика (бір нәрсенің қалыпты
күйі) мен динамика (қозғалыс, қимыл, әрекет) тұрғысынан
38
берілуіне тікелей қатысты. Мысалы, ақынның «Қақтаған ақ
күмістей» деп басталатын өлеңінде сұлу қыздың портреті ста-
тикалық планда берілген, сондықтан бұл өлеңнің сұлудың
сыртқы портретін беретін бөлігінде етістіктер негізінен
ашық райдағы, көбінесе шақ категориясына бейтарап -ады
қосымшалы тұлғамен келген: «Аласы аз қара көзі нұр жай-
найды... Ақша жүз, ал қызыл бет тіл байлайды... Торғындай
толқын ұрып көз таңдайды»... Өлең екі бөліктен тұрады:
1-бөлігі сұлу қыздың сыртқы түр-түсін суреттейді, 2-бөлігі
кейбір сондай сұлулардың («бұл заманның қыздарының»)
және кейбір жігіттердің жағымсыз мінез-қылықтарын су-
реттеуге арналған. Абайдың ақындық құдіреті бұл бөліктің
тақырыптық үні алдыңғыдан мүлде бөлек екендігіне орай
етістік тұлғаларын да өзгеше етіп құрғызады, яғни алдыңғы
бөлікте сыртқы сұлулық суреттелсе, екінші бөлікте ішкі
сұрықсыздық (бұртаңдаған, тыртыңдаған, жыртақтаған,
жыртақтаған қылықты қыз бен жігіт) суреттеледі, мұнда
енді өткен шақ есімше қолданылады. Бірақ мұнда да қылық
бар, қимыл жоқ, қыз бен жігіттің жағымсыз қасиеттері бар,
әрекеттері жоқ, демек, бұл да – статика.
Ал енді сүйіскен қыз бен жігіттің жарық айлы желсіз
аулақта жолығысқан сәті, сырт қарағанда, қалыпты күй (ста-
тика) ретінде суреттелуге тиіс болғанымен, осы тақырыпқа
арналған «Желсіз түнде жарық ай» деп басталатын өлеңіндегі
етістіктер -ып жұрнақты көсемшемен берілген. Бұл
тұлға,
жоғарыда айттық, динамиканы: тынымсыз қозғалысты, үздіксіз
іс-әрекетті, қарқынды қимылды білдіруге бейім, ал «сөз айта
алмай бөгеліп, жүрегі дүрсіл қағып» кездескен ғашықтардың
ішкі дүниесі алай-түлей, сезімдері бір ысынып, бір суынған
тынымсыз күйде. Міне, осы тынымсыз күйді, «өлең қағып,
бос шошыған» жан қозғалысын беретін етістік -ып жұрнақты
өткен шақ көсемше екендігін сөз құдіретінің теориясын емес,
табиғатын сезген ақын дөп басқан.
Абайдың көп өлеңі толғаныс болғандықтан, ондағы іс-
әрекет, қимыл-харекет жай баяндау үнімен (тонымен) берілген,
яғни етістіктің ашық рай тұлғалары қолданылған. Мыса-
39
лы, «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңі – ақындық
оқу-білім қажеттігіне көзқарасы туралы толғаныс. Ақын
көңілінің бұл сыры ескермедім, тексермедім, кеш сермедім,
жек көрмедім, дес бермедім, теріс көрмедім сықылды қара
басының іс-әрекеті арқылы беріледі. Бұл өлеңнің стильдік бо-
яуына экспрессивті -ып тұлғалы көсемше де, философияға
бейім -мақ жұрнақты тұлға да сай келмес еді.
Етістік тұлғалардың өлеңде айтылған ойдың берілу түріне
қарай икемделуі Абайда жақсы көрінеді. Мысалы, ақынның
философиялық толғауларында етістіктің -мақ жұрнақты
тұлғасы жиі жұмсалған. Қимыл есімінің -мақ жұрнақты
тұлғасы метафизикалық ұғымның көрсеткіші іспетті. Абайдың
«Қартайдық, қайғы ойладық...» деп басталатын екі өлеңі бар
екенін білеміз. Бірі – философиялық толғаныс, ол – «Қартай-
дық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген жолдан басталатын
өлеңі. Мұнда ақын адамзатқа тән жалпы қасиет-қылықтарды
баяндап, «сөзді ұғарлық кісі болса, сонымен мұңдасады». Бұл
өлеңдегі етістіктер бастан-аяқ дерлік -мақ жұрнақты тұлғамен
берілген:
Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек...
Талданып отырған тұлға мұнда ұйқас құрайтын элемент те
болып тұр. Демек, бұл етістіктерге біршама ой екпіні түскен
деуге де болады. Ал «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды ар-
ман» – мазмұны жағынан алдыңғы өлеңнен мүлде бөлек дүние.
Бұл – философиялық толғаныс емес, замандастарының нақты
әрекет-қылықтарын айтып ренжу, ызалану, түңілу. Ақын бұл
ойын (тақырыбын) бай адам пәлен істеймін деп, жарлы түген
істеймін деп, сол сияқты дос, сұм-сұрқия, орыс (әкімдер), жұрт
(қазақ қауымы) пәлен етемін, түген етемін деп жағымсыз іс-
әрекетке барып жүр дейді. Мұндағы етістіктер тек берем деп,
жек көрем деп, леп берем деп, тексерем деп, серт берем деп
түрінде келген, яғни деп көмекшісі мен ашық рай тұлғалы
етістік болып келеді. Бұлар ұйқасқа шығарылған. Бір қызығы
40
– едәуір ұзақ бұл өлеңде үш-ақ түрлі ұйқас бар, біріншіден,
басқа алғашқы сегіз шумақ берем деп, көрем деп, өткерем деп
сияқты ұйқастармен келсе, одан кейінгі екі шумақ өз алдына
бөлек-бөлек ұйқаспен берілген, ал соңғы алты жол үні (иде-
ясы) жағынан да, ұйқасы жағынан да, етістіктердің тұлғасы
жағынан да өз алдына автономия деуге болады: бұл алты жол
– осы өлеңнің аккорды, ақынның өзі атап көрсеткен жағымсыз
қылықтарға айтқан «нәлеті», сондықтан етістіктер қарғыс
мәнді жаны құрсын, малы құрсын, заңы құрсын, паңы құрсын
деген тұлғада, ал қалғандары сол жанды, малды, заңды, паңды
суреттейтін -ған жұрнақты есімше: ант ішіп, күнде берген
заңы, арын сатып тіленген малы... түрінде ұсынылған.
Абайдың бірқатар өлеңдері сияқты, бұл да тезис (алдыңғы
11 шумақ) және антитезис-қорытынды (соңғы алты жол – бір
шоғыр) болып құрылған үлгі деп табамыз. Осы үлгіде, яғни
өлеңде айтылмақ идеяға қарай етістік тұлғаларын құбылтып
қолдану өзге шығармаларында да кездеседі. Мысалы, «Өлең
– сөздің патшасы...» деп басталатын өлеңінің алғашқы бес
шумағында етістік тұлғалары әрқилы: көбі -ар жұрнақты
есімше (қиыннан қиыстырар ер данасы), бірақ бұл бес
шумақта етістік ұйқас құрамайды, жол ішінде қолданылады.
Бұл бесеуінде ақын өлеңнің статусын анықтайды, яғни өлең
дегеніміз не (өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы... пайғамбар
мен Алла айтқан аят, хадис т. т.), ол қандай болу керек (тілге
жеңіл, жүрекке жылы тиіп, айналасы жұп-жұмыр болып
келуі керек) дегенді айтады. Келесі шумақтар сол өлеңді (по-
эзияны) өзіне дейінгі кейбір ақынсымақтар не деп таныды, не
үшін жұмсады, ал поэзияға өзі қалай қарайды, тыңдаушы қалай
қабылдайды деген идеяны (тақырыпты) қозғайды. Демек, бұл
өлең тақырыбы жағынан екі бөліктен тұрады, осыған орай
ақын етістік тұлғаларын топтастырады: 1-бөлікте, жоғарыда
айттық, көбі -ар жұрнақты есімше топталған, ол жалпы конста-
тация үшін жұмсалған, 2-бөлікте етістік ашық рай мен шарт-
ты райда келеді де, -ып , жұрнақты көсемше тұлғасы олардың
амалын көрсетіп, ұйқасқа шығарылады: тұрсам барлап... өлең
қыпты жоқтан қармап... отырман бос мақалдап... тыңдар едің
бір сөзін мыңға балап...
41
Өлең 6-шумағынан бастап аяғына дейін -ып жұрнақты
етістік ұйқасымен келген. Мұнда негізгі ойды білдіретін
етістіктер ашық не шартты райларда келгенмен, сол етістік
білдіретін іс-әрекеттің амалын көрсететін көсемше тұлғасы
стильдік қызмет атқарып, ақын мен тыңдаушы портретін беруге
жұмсалған: жаман ақын сөз қадірін жай кетірмейді, топта сар-
нап, жұртты шарлап мақтау өлең айтып кетіреді, сөзі түзелген
ақын бос мақалдап, мал үшін зарлап тұрмайды, ал тыңдаушы
болса, ақыл сөзге көбі ынтасыз, күн өткізбек әншейін әңгімені
ғана мыңға балап тыңдайды, өтірік пен өсекті жүндей сабап
терең ой, терең ғылым іздемейді.
Абай өлеңдерінің бірқатары II жаққа – тыңдаушыға, оқыр-
манға қарата айтылған сөздер болып келеді, сондықтан етіс-
тіктің II жақ анайы, сыпайы түрлері жиі қолданылған. Тіпті
бұл тұлғалардың ұйқасқа шығарылған сәттері де аз емес. Мы-
салы, «Ғылым таппай мақтанба» деп басталатын өлеңіндегі
етістіктер бұйрық райдың II жағын көрсетеді. Сірә, мұнда
оның қосымшасыз түрі мен (мақтанба, баптанба сияқты)
-ңыз жұрнақты сыпайы түрінің қолданылуында мағыналық
реттеушіліктен гөрі, ұйқас пен өлшем талабына сай келтірушілік
мотиві көзделген сияқты. Айталық, Бес нәрсеге асық бол, Адам
болам десеңіз – деген бір сөйлемде етістіктің біреуі анайы
(бол), біреуі сыпайы (десеңіз) тұлғада тұруы мағына жағынан
үйлеспейді. Бұл тәрізді диссонанс (сәйкессіздік) жалғыз Абай
емес, қазақ поэзиясында, тіпті қара сөзі мен сөйлеу тілінде
де кездесетіндігін айту керек. Грамматикалық тұлғалардың
(категориялардың) нормалану процесінде әлі де аяқталмаған
сәттер бары байқалады.
Адамның мінез-құлқын, жалпы көңіл күйін сөз етуге арна-
ған өлеңдері де шақ категориясына бейтарап -а+ды (-е+ді,
-й+ды) немесе -ар қосымшалы етістіктерді пайдалануға бейім.
Мысалы, Абайдың «Сабырсыз, арсыз, еріншек» деп бастала-
тын өлеңі кейбір замандастарының мінез-құлқын, іс-әрекетін
суреттеуге арналған. Демек, мұндағы етістіктер сол заман-
дастарына тән мінез-құлықтарын, олардың әрдайым жасай-
тын әрекет-харекеттерін атайды, сол себептен олар «өзін өзі
42
күндейді, жақынын жалған міндейді, ел тыныш болса, азады,
ерігіп өле жазады»...
«Базарға қарап тұрсам әркім барар» деп басталатын өлеңін-
де ақын өзі «базарға салып» отырған байлығы – өлеңін тың-
даушы, оқушы қауым қалай қабылдауға тиіс екенін сөз етеді.
Мұнда да етістіктер шаққа бейтарап, адамзатқа әрдайым тән
іс-әрекетті білдіретін -ар тұлғалы есімшені таңдайды: «Базарға
қарап тұрсам әркім барар, Іздегені не болса, сол табылар...
Біреу ұқпас бұ сөзді, біреу ұғар... Бағасын пайым қылмай аң-
таң қалар»...
Қысқасы, ақынның айтпақ идеясының үні (тоны) үшін
етістіктер баяндайтын, толғайтын, суреттейтін стильдік жүк
арқалап тұрады. Бір нәрсені жай баяндау (констатация) қажет
болса, көбінесе ашық рай тұлғалары жұмсалады, суреттеу
қажет болса, айталық, біреудің портретін беру немесе көңіл
күйді суреттеу сияқты, көбінесе -ып жұрнақты көсемшені ка-
лайды ақын философиялық толғаныстарға барса, -мақ, -ар
тұғалы есімшелерді таңдайды. Абай өлеңдерінің біразында
етістіктер баяндамайды, сипаттайды. Мысалы, «Адамның
кейбір кездері» деп басталатын туындысында «тәңірінің бер-
ген өнері көк бұлттан ашылған» кезді жырлайды. Мұндағы
етістіктер негізінен -ар тұлғалы есімше болып келген, «Алла
деген сөз жеңіл» деп басталатын өлеңінде адам баласы Алла-
ны ақылмен, жүрекпен біліп, тануын өлең тілімен сипаттай-
ды, мұнда етістіктер еш нәрсені баяндамайды, сондықтан бұл
шағын өлеңде етістік тұлғалары мүлде аз, бары – -ар жұрнақты
есімше мен кәмілдікті білдіретін білмейдүр, сезедүр, езедүр
сияқты тұлғалар.
Қыздың сыны, аттың сыны сияқты сыртқы портреттерді
берген өлеңдерінде де етістік тұлғалар кемдеу ұшырасады,
барлығы көбінесе көмекші етістік болып келеді. Мысалы,
«Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ, Қаз мойынды, қоян жақ,
бөкен қабақ. Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды, Ой желке,
үңірейген болса сағақ» деген төрт жолда бір ғана етістік бар,
ол да қимылды атамайды, сағақтың сипатын (үңірейген болса)
атайды. Әрине, сыртқы портретті берген өлеңдерінде етістік
43
тұлғалары мүлде кездеспейді деуге болмайды (жалпы етістіксіз
ой айту мүмкін емес қой). Бірақ мұндайда етістіктер портреті
жасалып отырған объектінің тікелей іс-әрекетін білдіруден
гөрі, соның қасиет-қылықтарына қатысты болып келеді. Мы-
салы, қыз сынында: «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы, Ала-
сы аз қара көзі нұр жайнайды... Ақша жүз, ал қызыл бет тіл
байлайды»... Бұл үзіктердегі нұр жайнайтын – сұлу қыздың өзі
емес, көзі, тіл байлайтын оның жүзі, беті т.т.
Демек, бұл фактілер ақын тіліндегі етістік тұлғалардың
стильдік-көркемдік қызметі тұрғысынан бейтарап еместігін,
ақынның творчестволық контексін танытатын элементтердің
бірі екенін көреміз. Сол себептен біз Абай поэзиясы тіліндегі
етістіктің мына тұлғаларын арнайы талдауды жөн көрдік:
1. ақынның көсемшенің -ып жұрнақты тұлғасын қолдануы;
2. -мақ жұрнақты етістіктің Абай тілінде жиі кездесуі;
3. -сы жұрнағымен жасалған етістіктердің стильдік қызметі;
4. етістік тұлғаларының ұйқас суретіне қатысуы.
Өткен шақ (-ып/-іп жұрнақты) көсемше тұлғасы. Қазақ
тілінде, әсіресе оның көркем сөзінде бұл тұлғаның қызметі
айрықша. Ол, алдымен, іс-әрекет, қимылдың амалын, сынын,
яғни қалай орындалғанын, орындалатынын жай да, бейнелеп те
береді. Содан соң бұл тұлға қимылдың қарқынын, яғни динами-
касын білдіруге бейім. Мысалы, Абай табиғаттың төрт мезгілін
суреттеген төрт өлең жазған... Оның біреуінде қазақтың кең
даласының қар жамылып, тыным тапқан қысқы кезеңін ақ
киімді, денелі, ақ сақалды, соқыр, мылқау шал кейпінде сурет-
теген. Мұнда динамика: қарқын, қимыл, қозғалыс жоқ, статика
(қалыпты күй) бар, сондықтан етістіктер осы қалыпты күйді
баяндайтын ашық райдың өткен шақ тұлғасында берілген:
басқан жері сықырлап келіп қалды... әлек салды... аязбенен
қызарып ажарланды... мазаңды алды...
Күз болса, қазақ аулында бұл кезеңде де динамика аз: жа-
стар күлмейді, бала шулап жүгірмейді, ауылда үретін ит те жоқ,
тышқан аулап далаға кеткен, қысқасы, бәрі жабырқаңқы. Де-
мек, бұл суретті беретін қимыл-әрекет атаулары етістіктің ауы-
спалы шақ деп аталатын тұлғасымен, яғни әрдайым болып жа-
44
татын қалыпты қимыл-әрекетті білдіретін бейтарап тұлғамен
(қаптайды, малма сапсиды, үйін жамайды деген сияқты) және
-ған, -ар жұрнақты есімше тұлғаларымен берілген.
Жазғытұры табиғат пен адамдар өмірінде қозғалыс (ди-
намизм) басталады, тірлік жандана бастайды, ақын енді осы
қозғалысты білдіретін етістік тұлғаларын да өзгертеді. Көктем
– жаңарудың басы, табиғат та, адам тіршілігі де жаңаша
түрленуді күтеді, сондықтан мұндағы етістіктердің дені -ар
жұрнақты келер шақ есімшемен берілген: Жазға жақсы киінер
қыз-келіншек... Жер жүзіне өң берер гүл-бәйшешек ...Азалы ақ
көрпесін сілкіп тастап, Жер күлімдер өңіне шырай беріп... Ал
кейбір шумақтар қызу қозғалыс, динамиканы суреттейді, ол
үшін ақын -ып тұлғалы көсемшені алады: Қырдағы ел ойдағы
елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып... Ша-
руа қуған жастардың мойны босап, Сыбырласып, сырласып,
мауқын басып...
Енді нағыз жаз келді, өмірдің өзі келді, табиғат жанданды:
қазақ аулының тіршілігі де қимыл-қозғалысқа тола бастады.
«Жаздыкүн шілде болғанда» деп басталатын өлеңінде Абай
жазды қысылып шыққан қыстан кейінгі қазақ аулының тыным-
сыз тіршілігі, қарқынды қимыл-әрекеті арқылы бейнелейді.
Бұл үшін ақын етістіктерді -ып тұлғалы көсемшемен келтіреді.
Осы өлеңнің суреттеу композициясының өзі қызық: алғашқы
бес тармақ (жол) ұсынылатын суреттің қай кезде болатынын
баяндайды, бұған ақын етістіктердің өткен шақ есімше тұлғасы
қолайлы деп табады, яғни: Жаздыкүні шілде болғанда, Көкорай
шалғын, бәйшешек, Ұзарып өсіп толғанда Күркіреп жатқан
өзенге, Көшіп ауыл қонғанда болатын жазғы ауылдың көрінісі
әрі қарай өлең соңына дейін -ып жұрнақты көсемшемен
суреттеледі: «Шұрқырап жатқан жылқының Шалғыннан жоны
қылтылдап. Ат, айғырлар, биелер Бүйірі шығып ыңқылдап»...
Бір ғажабы – Абайдың екі-үш өлеңінде осы тұлға тиянақты
етістік орнында келтірілген, яғни -ып жұрнақты көсемше қарап
отыр, оқып жүр сияқты күрделі етістіктің компоненті немесе
пысықтауышты білдіретін тұрлаусыз мүше (сығалап қарады,
қарқылдап күлді дегендегі сияқты), я болмаса бағыныңқы
45
сөйлемнің баяндауышы (мен хат жазып, жолдасым кітап оқып
отыр дегендей) ретінде тұруы керек. Бұл сәттердің барлығында
да көсемше ашық райда келетін екінші етістікке «байлаулы»
болады: тиянақты тұлғадағы отыр, жүр, қарады,күлді де-
ген сияқты етістіктерсіз -ып жұрнақты көсемше дәрменсіз,
сондықтан оны тиянақсыз тұлға деп атайды.
Ал Абайдың ақындық дарыны тілдің осы заңдылығына «қол
сұқтырады», бірақ ғажабы бұл «тәртіпсіздік» айтылмақ ойды
бұзбайды, тіпті оның бұзылғаны сезілмейді. «Жаз» өлеңінің
кейбір бөліктерін алып оқысаңыз, сурет толық түсінікті болып
шығады. Мысалы, ауыл суретінің түр-түріне қарай бұл өлеңді
шартты түрде бөліктерге бөлсек, 1-бөлік жаздағы жылқы ма-
лынан сурет береді:
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жоны қылтылдап.
Ат, айғырлар, биелер
Бүйірі шығып ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,
Құйрығымен шылпылдап.
Арасында құлын-тай
Айнала шауып бұлтылдап.
Бөлік осымен аяқталады. Тіл заңы бойынша мұндағы
етістіктердің әрқайсысы тұр, жүр деген сияқты сөйлемді
тиянақтайтын тұлғаларды керек етеді: жоны қылтылдап
тұр, бүйірі шығып ыңқылдап тұр, айнала шауып бұлтылдап
жүр... десе керек еді. Өлеңде бұл көрсетілген сөздер жоқ.
Демек, көсемше тұлғалардың өздері «тиянақты», тұр, жүр
етістіктерінсіз-ақ өздері осы шақ немесе ауыспалы шақ
мағынасын беріп тұр. Келесі бөліктер де осындай:
Көлеңке қылып басына,
Кілем төсеп астына
Салтанатты байлардың
Самаурыны бұрқылдап...
Бұл жолдардағы -ып тұлғалы көсемшелер де астына кілем
төсеп отырды, самаурыны бұрқылдап қайнап тұр деген
сияқты тиянақты тұлғалардың келуін қажет етер еді, бірақ
46
олар жоқ және олардың жоқтығы сезілмейді. Бұл – өлең тілінің
табиғатына тән құбылыс. Атап айтсақ, өлең тексінде эллипсис
(ықшамдау) деп аталатын амал орын алады, ол – әдетте тіл
нормасы бойынша қажет сөздердің түсіріліп айтылуы. Эллип-
сис өлең тексіне, мақал-мәтелге және ауызекі сөйлеу тіліне
тән. Өлең тексі мен мақал-мәтелдердегі, афоризмдердегі элли-
сис пен диалогтерде кездесетін эллипсистердің айырмасы бар.
Мысалы, асыл тастан, ақыл жастан дегендегі ықшамдауда
табылады, шығады деген сөздер айтылмайды, бірақ тыңдаушы
оларды ойша қабылдайды. Диалогтердегі эллипсистерді кон-
текстен шығарып тануға болады. Мысалы: – Қайдан келесің? –
Үйден. Мұнда екінші сөйлемнің келемін деген баяндауышы ал-
дыңғы сөйлемдегі келесің сөзіне қарап ойда тұрады. Бұл мы-
салдарда сөйлем мүшелерінің түсірілуі көрініп тұр. Ал Абай
ұсынған жоғарыдағы эллипсистер бұлардан басқаша: Абай
сөйлемнің жеке мүшесін емес, көсемшені тиянақтайтын
етістікті тастап кетеді. Бұл – қазақ поэзиясында тек Абай қол-
данған, өте сирек ұшырасатын тәсіл (Абайдан кейінгілерде кез-
десуі, әрине, олардың Абай үлгісін қабылдап, әрі қарай жал-
ғастырулары болып табылады).
Абай бұл амалды қай тұстарда қолданған десек, біздің
байқауымызша, мынаны айтуға болады. Өткен шақ көсемшенің
стильдік жүк арқалау қабілеті күшті: ол кейде динамизмді
беруге жұмсалса, енді бірде адамның психологиялық күй-
қалпын білдіру үшін алынады. Мысалы, Абайдың «Қызарып,
сұрланып» деп басталатын өлеңі ғашық екі жастың оңаша
кездескен шағындағы «жүректері елжіреп, буындары боса-
нып» тұрған күйін суреттеуге арналған. Мұндағы етістіктердің
барлығы да -ып жұрнақты көсемше тұлғасында: әрбір
шумақтағы сөйлемді оқырман өз ішінен болып тұр (тұрады)
деп аяқтайды. Бір-біріне құмар екі асық кездескенде:
Қызарып, сұрланып,
Лүпілдеп жүрегі.
Өзгеден ұрланып.
Өзді-өзі керегі [боп тұр]
Екі асық құмарлы
47
Бір жолдан қайта алмай.
Жолықса ол зарлы
Сөз жөндеп айта алмай [тұр].
Осылай кете береді. Иықтары тиісіп, көздері төмендеп,
үндемей сүйісіп тұрғанмен, екі жастың ішкі дүниесі алай-түлей
динамизмге толы, сол халді көрсетуді ақын тек -ып жұрнақты
көсемшеге жүктеген. Мұндайда көсемше эллипсистеніп,
тиянақты тұлғаның қызметін атқарып тұр.
Әрине, өткен шақ көсемшеге ашық райдың қызметін жүк-
теп, стильдік мақсатта қолданудың реті барлық сәтте келе
бермейтінін Абай жақсы сезеді. Дегенмен -ып жұрнақты
көсемшенің экспрессивтік қызметі барын жақсы білген Абай
оны пысықтауыш немесе күрделі етістіктің алғашқы компонен-
ті, я болмаса бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы сияқты өзі-
нің тілдік табиғи қызметінде келтіріп-ақ экспрессоид ретінде
жиі жұмсайды. Бұл амал тек Абайдан басталмайды: қазақтың
ауыз әдебиеті үлгілерінде де, бұрынғы ақын-жырауларында
да өткен шақ көсемшенің тыңдаушы мен оқырман сезіміне
әсер ететін, айтылған ойға белгілі бір өң беретін стильдік
құрал стилема етіп пайдаланғанын көреміз. Стилема – белгілі
стильдік жүк артып қолданылған тілдік элементтер: жеке
сөздер, фразеологизмдер, грамматикалық тұлғалар
16
. Мысалы,
«Алпамыс батыр» жырындағы Гүлбаршын сұлуға таласқан
қалмақтың ханы Қараман Алпамыстың ел шетіне келген хаба-
рын естігенде:
Басына қалқан төңкеріп,
Сауытын алды киініп,
Саймандарын сайланып,
Әбден алды түйініп,
Лашын құстай құйылып,
Кабағы тастай түйіліп,
Жауатұғын бұлттай
Келатыр қалмақ құбылып...
Жыр тармақтары әрі қарай осылайша кете береді, яғни
Достарыңызбен бөлісу: |