Ббк 83. 3 (5 Қаз) с 94 Қазақстан Республикасы


§ 1. XIX ғасырдың 60-70-жылдарына дейінгі қазақ



Pdf көрінісі
бет15/25
Дата21.01.2017
өлшемі2,1 Mb.
#2384
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   25
§ 1. XIX ғасырдың 60-70-жылдарына дейінгі қазақ 
әдеби тілі және оны танытатын үлгілер
XIX ғасыр – қазақ көркем әдебиетінің (поэзиясының) қаулап 
дамыған кезеңі. Бұл күнде ақындар мектебі өмірден берік орын 
тебеді, әдеби жанр да бел алады. Ақындардың ішінде даңқтары 
қазақ  даласының  көп  жеріне  жайылғандары  да,  өз  өлкесіне 
ғана танымал болғандары да бар, әлеуметтік-азаматтық тақы- 
рыптарды  кеңінен  жырлап,  биікке  көтерілгендері  де,  ауыл 
арасындағы, ру арасындағы, жеке адамдар арасындағы қарым-
қатынастарды жырлаудан аса алмағандары да болды. Қысқасы, 
қазақ  қауымы  XIX  ғасырдың  өн  бойында  жасап  өткен  (Абай 
мен  Ыбырайды  былай  қойғанда)  едәуір  көп  сөз  зергерлерін 
біледі.  Бұлардың  идеологиялық  бағыттары  мен  дүниеге 
көзқарастары әрқилы болғаны түсінікті. Дегенмен көпшілігіне 
тең ортақ белгі – өмірге қоян-қолтық араласу, адам мен қоғам 
тіршілігін жырлау, айналаны сөз ету болды.
Жалпы өсиет сөз айтатын дидактикалық толғаулар ығысып, 
орнын кең көлемдегі әлеумет өмірінен бастап, тар аумақтағы 
күнделікті  тұрмыс  жайттарына  дейінгі  тақырыптарды  жыр- 
лаған өлеңдер басады. Соған лайық көркем әдебиет тілі де жаңа 
белгілерге ие болады, дамудың келесі сатысына көтеріледі.
XIX ғасырдың өн бойындағы қазақ әдеби тілінің, қоғамның 
тілді пайдалану әрекетінің даму барысын екі кезеңге, екі топқа  
бөліп қарастырған жөн сияқты. Бірі – осы ғасырдың басынан 
60-70-жылдарына  дейінгі,  екіншісі  –  соңғы  үш-төрт  онжыл- 
дықтар  ішіндегі  кезеңдер.  Бұлайша  бөліп  зерттеудің  себебі 
мынадай:  ең  алдымен,  өткен  ғасырдың  70-жылдары  –  қазақ 
тілінің түбірлі жаңа сапаға – ұлттық жазба әдеби тілдің негізі 
қаланып,  әрі  қарай  дамуға  көшкен  тұсы.  Ал  бұған  дейінгі 
кезең  қазақтың  ауызша  дамыған  төл  әдеби  тілінің  жалғасы 
ретінде  танылуға  тиіс.  Әрине,  қазақ  тілінің  өткен  ғасырдың 

186
70-жылдарынан  бастап  жаңа  сатыға  көтерілуі  –  тұтқиылдан 
болған құбылыс емес, ол алдыңғы кезеңдерде іргесі қаланып, 
бірте-бірте дайындалған болатын. Бұл процесте әсіресе XVIII 
ғасырдың  соңы  мен  XIX  ғасырдың  60-70-жылдарына  дейінгі 
қазақ әдеби тілінің күй-қалпы мен дамуы елеулі рөл атқарды.
Өткен  ғасырдың  I  жартысында  Қазақстанның  көптеген 
жері Россия империясының құрамына еніп болды. Ел басқару 
билігін  патша  үкіметі  өз  қолына  алды,  20-жылдарда  қазақ 
хандықтарын  жойды  да  әкімшілік  пен  сот-билік  жүргізудің 
жаңа тәртіптерін енгізді. Олар: Орта жүз бен Сібірді мекенде-
ген қазақтар үшін 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы устав» 
пен 1831 жылғы Кіші жүзде «Ел басқарудың дистанциялық си-
стемасы» деген тәртіптерді енгізу. Бұрынғы ата-баба ғұрпымен 
билік айтып жазалайтын қазақ билерінің үстіне ірі қылмыстар 
(кісі  өлтіру,  барымта  т.б.)  мен  саяси  қылмыстарды  қарайтын 
Россия  империялық  сот  жүйесі  келді.  Осыларға  орай  қазақ 
даласында ел билеу, әкімшілік-сот істеріне қатысты көптеген 
жаңа  ұғымдар  пайда  болды,  демек,  ол  ұғымдарды  атайтын 
сөздер мен сөз тіркестері дүниеге келді.
Қазақ  елінің  экономикалық  жай-күйінде  елеулі  өзгерістер 
болды.  Сауда-саттық  күшейді,  Россия  саудасы  бел  алды. 
Жәрмеңкелер  ашылды.  Қоғамның  әлеуметтік  өмірінде  де 
өзгеріс-  жаңалықтар  пайда  болды.  Әлеуметтік  топтардың 
ескілері  ыдырап,  жаңа  түрлері  өмірге  келді:  сауданың  да-
муына  байланысты  саудагерлер,  сауда-саттықтың  өзгеруіне 
қарай  алыпсатарлар  мен  өсімқорлар  шықты.  Қазақ  жерінде 
құлдардың  әлеуметтік  тобы  жойылды.  XIX  ғасырдың  орта 
шенінде  тұтқындар  мен  құлдарды  ұстауға  мүлде  тыйым  са-
лынды.  Батырлар  мен  билердің  әлеуметтік  мазмұны  өзгерді. 
Жатақтар  пайда  болды.  Ұсақ  қолөнершілер  шықты.  Бұл 
жаңалықтар тілде де орын алды.
XIX  ғасырдың  I  жартысында  қазақ  жерінде  оқу-ағарту  ісі 
әлі де өте мардымсыз болды. 1822 жылғы устав бойынша қазақ 
балаларына  орыс  мектептерінде  оқуларына  құқық  берілді. 
Бұл оқу орындары отаршылық аппаратына кадрлар дайында-
ды және оларда негізінен байлар мен шонжарлардың балала-
ры оқыды. Мұсылманша оқу-ағарту көздері де аз болды. Ана 
тілінде оқытатын ұлттық мектептер атымен болған жоқ. Қазақ 
тілінде кітап шығару ісі де, баспасөз де жоқ болатын.

187
Патша үкіметі XIX ғасырдың ортасына дейін қазақ жеріне 
ислам  дінін  тарату  саясатын  үстайды.  II  Екатеринаның  1783 
жылғы  жарлығы  бойынша  мұнда  мешіттер  салынды,  оларда  
қызмет етуге Қазан татарларының дін иелері жіберілді. Олар 
бірте-бірте күш алып, азаматтық билік айту құқығын ала баста-
ды,  жергілікті  жерлердегі  мұсылманша  оқу-ағарту  солардың 
қолдарында  болды.  Ел  ішінде  мұндай  «үкімет  молдалары-
мен»  қатар  ортаазиялық  миссионерлер  мен  өзін-өзі  молда 
атандырғандар да аз болмады.
Міне,  осындай  саяси,  әлеуметтік,  экономикалық  хал-жағ- 
дайлар мен өзгеріс-жаңалықтар тілге, оның қызмет ету қалпына 
әсерін тигізбей, із қалдырмай кетпеді.
Тіл тіршілігінің бір ғасыр ішіндегі даму барысын бұлайша 
екіге бөлу шартты екенін ескертеміз. Қазақтың төл әдеби тілін 
бұл кезеңде де көркем әдебиет, оның ішінде поэзия танытты. 
Сол  әдебиетті  тудырушылардың  өмір  сүріп,  шығармашылық 
қызмет  еткен  тұсы  ғасырдың  дәл  басы  мен  60-70-жылдар 
арасындағы  мерзімді  хронологиялық  жағынан  қатаң  сақта- 
майды. Тілін осы тұсқа жанастырып қарайтындардан Махам-
бет Өтемісұлы (1803-1846), Алмажан Азаматқызы (1823-?), 
Дулат Бабатайүлы (1802-1871), Сегіз сері Шақшақ (1818-1854) 
сияқты ақындардың өмір кешкен жылдары біздің I кезең деп 
отырған  уақытымызға  дәл  келеді.  Ал  қалғандары  жөнінде 
шарттылық  бар.  Туған-өлген  жылдарын  есептесек,  Шортан-
бай Қанайұлы (1818-1891), Шернияз Жарылғасұлы (1817-
1881), Шөже Қаржаубайұлы (1808-1895), Сүйінбай Аронұлы 
(1823-1896) сияқты сөз иелерінің туындылары XIX ғаеырдың 
II жартысына да ұласады.
Бірақ  бұлар  тудырған  әдебиет  өзінің  жанрлық  сипаты, 
тілдік-стильдік амалдары, туу, таралу жолдары жағынан екінші 
кезеңге өтпей, алғашқы кезеңде қаралуға тиіс. Тіпті бұлар ғана 
емес, шығармашылық жылдарының дені өткен ғасырдың ор-
тасынан асып, екінші жартысына ауысатын Күдері, Жанкісі, 
Мұсабай,  Абыл,  Нұрым,  Жанұзақ,  Бала  Ораз,  Арыстан, 
Кемпірбай, Нысанбай, Мәделі, Мұса, Құсмолда, Құлыншақ, 
Кете  Жүсіп  т.б.  тәрізді  ақын-жыршыларды  да  әдеби  мектебі 
жағынан өткен ғасырдың бірінші кезеңі тобында қарастыру ке-

188
рек болады. «Сарай ақындары» деп танылып жүрген Байтоқ, 
Жанұзақ, Орынбай сияқты ақындардың мұрасын тіл тарихы 
үшін қарастыра қалсақ, осы топтан іздеу керек.
Сөз  жоқ,  аталған  ақын-жыршылардың  әдебиет  пен  тілді 
дамытудағы  қызметтері  мен  орындары,  қалың  көпшілікке  
таралу  шегі  бір  дәрежеде  емес.  Олардың  ішінде  үлкен  әлеу- 
меттік  үндерімен,  жоғары  поэтикалық  дарынымен  танылып, 
мұралары молырақ сақталған Махамбет, Шортанбай, Дулат 
сияқтылар  да,  тақырып  аумағы  әлдеқайда  тар  болғанымен, 
өлең-жырлары  көркем-әсемдігімен,  бұқара  мұңына  үндесіп 
жатқандығымен халық жүрегінен орын алған Алмажан, Шер-
нияз, Сүйінбай, Шөже, Кемпірбай, Арыстан т.б. тәрізді сөз 
иелері де, көбінесе эпикалық жырларды тудырушы, сақтаушы, 
таратушы ретінде қызмет еткен Жанақ, Нұрым, Абыл сияқты 
ақын-жыршылар да бар.
Бұлардың  барлығы  да  –  әр  алуан  дәрежеде  қазақ  поэзия-
сы тілінің дәстүрі мен нормаларын сақтап, таратушылар, кей 
сәттерде  белгілі  бір  үлес  қосушылар  ретінде  танылуға  тиіс. 
Өйткені  әдеби  тілді  дамытуда  тек  ірі  қаламгерлер  ғана  емес, 
қатардағы  жай  жазушы-ақындар  да  қатысатынын  жоққа 
шығаруға  болмайды.  Орыс  тілі  тарихын  зерттеушілердің: 
«Орыс  әдеби  тілінің  тарихы  үшін  қатардағы  жазушылардың 
шығармалары... көп ретте көркемсөздің ұлы шеберлерінің ту-
ындыларынан кем түспейді, олар да құнды әрі қажет материал 
бола  алады»
152
 
дегенін  қазақ  әдеби  тіліне  келгенде  де  айтуға 
болады.
Аталған  сөз  шеберлерінің  барлығы  көркем  әдебиеттің  бір 
ғана  саласында  –  поэзияда  қызмет  етті.  Бірақ  поэзияның  өзі 
жанрлық  тарамдары  жағынан  ілгерілегені  байқалады.  Айтыс 
жанры етек алады. Ертеректе тұрмыс-салт әдебиетіне жатқан 
бұл  жанр  енді  қыз  бен  жігіттің  жар-жар  айтысы  тәрізді  тар 
мазмұннан  әлеуметтік  тақырыптарға  дейін  баратын  сөз  сай-
ысына  дейін  көтерілді.  Айтыс  әуелден-ақ  күнделікті  өмір 
тудырған жанр болғандықтан, бұларда тұрмысқа қатысты лек-
сика тобының орын алуы көзге түседі.
152
 Виноградов В.В. О задачах истории русского литературного языка //Известия 
АН СССР. - ОЛЯ. - 1946. - Т. V. - Вып. 3. - С. 226.

189
Сондай-ақ  әлеуметтік  тақырыпты  қозғаған  шығармалар- 
дың тілі де бұрынғы осы мазмұндағы өлең-толғаулардан ерек- 
шеленетін белгілерге ие бола бастайды. Қоғам өмірі, әлеумет 
тіршілігі, өткен күй мен болашақ жайы қай сарында жырлан-
са да, XIX ғасыр ақындары осы салаға қатысты көптеген ата-
улар мен тіркестерді жаңадан қолдануға мәжбүр болады. По-
эзия тілінде жарыспа суреттермен айту (параллелизм) тәрізді 
тәсілдер  ығысып,  өлең  идеясын  бірден  білдіретін  амалға 
көшеді, нәтижесінде артық сөзділік азая түседі. Бірақ бұл түгел 
поэзияға емес, оның белгілі бір жанрларына ғана тән болады. 
Мысалы,  айтыстар  мен  біреуге  қаратыла  шығарылған  туын-
дыларда әлі де оспақтап сөйлеу, айтпақ ойына көшпес бұрын 
«Молдадан  хат  жазамын  сауыт-қалам»  (Шернияз)  немесе 
«Бірің – жал, бірің – құйрық көңілге тоқ, Аллаға пенде бар ма 
қайғысы жоқ?» деген тәрізді жарыспа жолдарды қыстыра кету 
жоқ емес. Әсіресе бұл тәсіл айтыс ақындарында көбірек орын 
алды.
XIX  ғасырдың  I  кезеңіндегі  қазақ  поэзиясында  нақтылық 
басым бола бастайды. Соған орай біреуді немесе бір нәрсені 
суреттеуде қолданылатын сөздер мен тұрақты тіркестер қыран 
құс,  қос  арғымақ,  наркескен  қылыш  тәрізді  «аспандаған»  су-
реттерден гөрі (әрине, олар да бар), өмір шындығына қатысты 
болып  келеді.  Мысалы,  Махамбет  Исатайдың  образын  бер-
генде,  оны  кермиығым,  кербезім,  құландай  ащы  дауыстым, 
ақ кіреуке жағам, адырнасын ала өгіздей мөңіреткен батыр 
деген сияқты дәстүрлі абстракт теңеулерді келтіріп суреттесе, 
Шернияз сол Исатайды «қарадан халқым сүйіп, ханым деген» 
адам еді, «тарғыл ала жылқы біткен бай» еді, «қысы-жазы рас-
хотымды  содан  ұстаушы  едім»  деп  өмірмен  нақты  байланы-
стырып суреттейді. Тіпті батырдың портретін беретін жерінде 
одан  алып  ішіп-жейтін  «қырық  ат  бас,  өрік-мейіз,  жүз  қадақ 
шайлар» да жүреді.
Әрине,  қай  ақында  болса  да,  бұрынғы  дағдылы  образ-
дарды  пайдалану  үзілді-кесілді  тоқталмайды.  Сол  Шернияз 
орайы келген екінші бір жерде Исатайды «алтыным, самалым, 
саз  қонысым,  алтын  сапты  қылышым»  деп  те  атайды.  Сол 
сияқтағы Дулат ақын жауға қарсы күрестегі ерлікті суреттейтін 

190
«Еспембет» атты көлемді жырында батырдың сауыт-сайманын, 
жекпе-жекке  шыққан  жауымен  сайысқан  тұсын  бейнелеген 
жерлерінде XV-ХVIII ғасырлардағы штамптарды (буырқанды, 
бұрсанды, мұздай темір құрсанды тәрізді) келтірмейді, ұрыс 
көрінісін  шындыққа  сай  етіп  береді:  Қамшы  тиді  тұлпарға, 
қылыштары  жарқ  етті.  Қабағынды  қаққанша,  Жарқ  етті 
де  сарт  етті.  Бірінің  жанды  еңбегі,  Бірі  күшін  сарп  етті. 
Дене  қанға  боялды  дейді.  Жекпе-жекке  дайындалған  батыр 
«буырқанып, бұрсанбайды, мұздай темір құрсанбайды», оның 
Түгі  шығады  сыртына.  Тістегенде  тісінің  Қаны  толады 
ұртына.
Сөйтіп,  поэзияда  әрбір  портрет  пен  сурет  өмір  шындығы 
арқылы  жырлана  бастағанына  байланысты,  әдеби  тілде  күн- 
делікті  ауызекі  сөйлеу  тілінің  мол  байлығы  еркінірек  қол- 
данылуға бет алады.
XIX ғасырдың I кезеңіндегі әдебиеттің дені бізге бұрынғыша 
ауызша  таралып,  ауызша  сақталған  түрде  жетті.  Бірақ  XVIII 
ғасырға  қарағанда,  бір  жағынан,  уақыттың  бізге  біртабан 
жақындығынан, екіншіден, авторлық даралық сипаттың бел ала 
түскендігінен бұл кезеңдегі көркем поэзия үлгілері әлдеқайда 
дәлірек және толығырақ жеткенін атау керек. Мұның тіл тари-
хын танып-білуде мәні зор.
Сонымен бірге XIX ғасырдың бірінші кезеңіне қатыстыра 
сөз  еткелі  отырған  мұралардың  бірқатары  осы  ғасырдың 
70-80-жылдарынан  бастап  жеке  кітап  (мысалы,  Дулаттың, 
Шортанбайдың  кейбір  шығармалары)  немесе  әртүрлі  жинақ, 
журнал, хрестоматияларда үлгі-үзінді болып баспа бетін көрді. 
Мұның  да  тіл  тарихын  зерттеудегі  мән-маңызы  орасан  зор: 
олар бұдан жүз жылдай бұрын хатқа түскен сөз байлығы мен 
грамматикалық  тұлға-тәсілдердің  сыр-сипатын  бұлжытпай 
тануға мүмкіндік береді.
Сөз болып отырған кезеңде қазақ көркем әдебиеті қазақтың 
алдыңғы  дәуірлердегі  төл  әдеби  тілін  пайдаланды,  соны  әрі 
қарай дамыта түсті, жазба тілге біртабан жақындатты,  жазба 
әдеби  тілді  қалыптастыратын  белгілерді  айқындай  бастады. 
Мұны біз осы кезеңнің ірі екі өкілі – Махамбет пен Дулаттың 
тілдерін талдау арқылы көрсетеміз.

191
§ 2. XIX ғасырдың I жартысы – алдыңғы кезендердегі 
ауызша әдеби тілді синтездеу дәуірі
XIX  ғасырдың  60-70-жылдарына  дейінгі  қазақ  көркем 
әдебиеті бұрынғысынша поэзия түрінде әрі қарай жалғасқаны 
жоғарыда айтылды. Бұрынғы жыраулар мектебі әлсірей түсіп, 
ақындар бел алды. Соған орай көркемсөз шеберлері бұрынғы 
өсиет, ақыл-насихат, философиялық толғаныс түрінде келетін 
жырлардан  гөрі,  нақты  тақырыптарды  сөз  етуге  жиірек 
бара  бастайды.  Бірақ  бұл  бетбұрыстың  тілдегі,  әдеби  тәсіл-
амалдардағы  көрінісі  бірден,  шұғыл  болмағаны  байқалады. 
Жаңа  сапаға  көшу  дәстүрлі  әдіс-тәсілдер  мен  көркемдеу 
құралдарынан  қол  үзбей,  оларды  пайдалана  отырып,  жүзеге 
асырыла бастайды. Сонымен қатар қазақ әдеби тілінде (поэзия 
тілінде) жаңа элементтер пайда болады.
Махамбет өлеңдерінің тілі
Осы аралықта – ескіні жинақтап, түйіндеп, жаңаны бастауда 
– қазақтың төл әдеби тілінде із қалдырған сөз шеберлері тұрды. 
Солардың бірі емес, бірегейі – Махамбет Өтемісұлы болды. Ма-
хамбет тарихта жырау емес, ақын деген атпен танылды, бірақ 
әдебиет пен әдеби тілдегі орны – жыраулық пен ақындықтың 
түйіскен  жерінде.  Ол  –  жыраулар  мектебінің  нәрі  мен  барын 
алып, оны ақындық дәстүрге қиюластырған қаламгер.
Ең  алдымен,  Махамбет  –  нақтылы  тақырыпты  сөз  еткен 
ақын
153
. Ол Шалкиіз, Бұхарлардай ақылгөй, кеңесші емес, бұр- 
ынғы  жыраулардай  өмір  мен  болмысты,  айналадағы  тұрмыс- 
тіршілікті  сырттан  бақылап,  толғаушы  да  емес.  Сол  өмірге 
өзі  қоян-қолтық  араласушы,  осы  тіршіліктің  өз  тұсындағы 
оқиғалары мен іс-әрекеттеріне тікелей қатысушы. Сондықтан 
да Махамбет – жырау емес, ақын. Ақылшы емес, айтушы.
Тақырыбы көбіне-көп нақты болғандықтан, оның еншісіне 
сол  нақтылыққа  сай  жаңа  образдар  мен  жеке  сөздерді  әдеби 
тілге қосу үлесі тиген. Бірақ жаңа бағытты бекітіп, жеткізуде 
153
  Махамбет  «қаламына»  телініп  жүрген  «Жапанға  біткен  бәйтерек»,  «Айналайын, 
Ақ  Жайық»  деп  басталатын  толғауларды  біз  ақын  мұрасына  қоспадық.  Олар  –  авторы 
белгісіздеу ортақ үлгілердің бірі.

192
Махамбет өзіне дейінгі қазақ поэзиясының, оның ішінде жы-
раулар мектебінің ең жақсы, ең күшті құрал-тәсілдерін кәдеге 
асырады.  Ақын  шығармаларының  дені  7-8  буынды  жыр 
өлшемімен  келуі  тегін  емес,  ол  –  осы  ұштастықтың  салда-
ры. Әрине, бұл жалғастық тек өлең өлшемінде ғана емес, сол 
өлеңнің, өлеңдегі ойдың берілу тәсілінде анық көрінеді.
Махамбет  шығармаларының  көбінде  нақты  тақырыпты 
жырлау  үстінде  бұрынғы  Шалкиіз,  Қазтуған,  Доспамбеттер-
де  кездесетін  образдар  (тармақтар)  қайталанады.  Мысалы, 
«Тайманның  ұлы  Исатайдың»  портретін  беретін  өлеңдерінің 
бірінде өзінің негізгі айтпақ ойы:
Тайманның ұлы Исатай – 
Ағайынның басы еді,
Алтын ердің қасы еді.
Исатайды өлтіріп,
Қырсық та шалған біздің ел,–
деген  жолдар  болса,  осының  алдындағы  Исатай  портретін 
беретін тармақтары:
Арғымақтан туған қазанат
Шабуыл болса – нанғысыз.
Қазанаттан туған қазмойын
Күніне көз көрім жер шалғысыз.
Айырдан туған жанпоз бар
Нарға жүгін салғысыз.
Аруанадан туған мая бар
Асылын айуан десе нанғысыз...
154
деген түрінде XV-ХVIII ғасырлар поэзиясында кездесетін па-
раллельдер  болып  келеді  (мүмкін,  бұл  –  Махамбет  мұрасын 
жеткізушілердің  қоспасы  да  болар:  оған  дейінгі  әдеби 
үлгілердің  ел  жадындағы  мазмұндас,  идеялас  келетіндерін 
Махамбет  сияқты  ардагерінің  еншісіне  «бере  салу»  халық 
психологиясына қайшы келмейді. Тіпті бұл жағдайда да ақын 
154
 Мұны Шалкиіздегі мына жолдармен салыстырыңыз:
Айырдан туған жанпоз бар
Жүгін нарға салғысыз.
Арғымақтан туған будан бар,
Күнінде көрінім жерді алғысыз.
Жаманнан туған жақсы бар,
Адам айтса нанғысыз...
Бұл жолдардың тіпті Шалкиіздікі болмауы да мүмкін, ол да – авторы беймағлұмданған 
ортақ үлгілер болуы әбден ықтимал.

193
творчествосының  өзінен  бұрынғы  поэзия  дәстүрімен  іліктес- 
тігі  жоққа  шығарылмайды:  оны  өзге,  төмеңдегі  фактілер  де 
дәлелдей алады).
Ең  нақты  тақырыпқа  жырланған  «Баймағамбет  сұлтанға 
айтқан сөзі» деген шығармасының өзіңде Махамбет өткендегі 
әдеби тіл өрнектерін бір-екі тармақ етіп те, жеке бөліктер түрін- 
де де енгізеді. Мысалы, біздің осы күнгі өлең түріне келтіріп 
жазуымызға  орай  12  бөлімнен  тұратын  бұл  шығарманың  
I бөлімі түгелімен дерлік өткен үлгілерден алынған тармақтар, 
ал қалған бөлімдерінде:
Бөліне көшкен еліңді
Бөріккен қойдай қылармын.
Жарыла көшкен еліңді
Жаралы қойдай қылармын...
Керегесін кескілеп,
Отын етсем деп едім.
Туырлығын тілгілеп,
Тоқым етсем деп едім, – 
деген  сияқты  жолдар  жыраулар  толғауларымен  ұштасып  жа-
тыр. Бұл – Махамбет поэзиясы тілінің ерекшелігінің бірі болып 
табылады.  Осы  белгісі  арқылы  Махамбеттің  әдеби  тіліміздің 
даму барысындағы орны да ерекше шығады: оны өзіне дейін 
поэтикалық дәстүрді жинақтаушы (синтездеуші) ақын ретінде 
танытады.  Махамбет  –  өзіне  дейінгі  қазақ  поэзиясының 
ғасырлар  бойы  қалыптасқан,  шыңдалған,  елек  көзінен  өткен 
табысын бір жерге түйіп тастап, оны әрі қарай жаңа бағытта 
жалғастыруға бет алған суреткер.
Ақынның  бұл  қызметі  шығармашылығының  өн  бойынан 
сезіледі. Өзіне дейінгі әдеби тілдің, әсіресе жыраулар тілінің  
бар  байлығын  пайдаланды  деген  сөз  оның  тек  көркемдеу 
тәсілдерін қайталауына ғана емес, сөздік құрамына да, фразео- 
логиялық  құрамына  да  жатады.  Махамбет  шығармаларының 
лексикалық  сипаты  өзінің  алдындағы  әдеби  үлгілермен 
әуендес: мұның да негізі – қазақтың төл сөздері. Өлендерінің 
басты тақырыбына орай Махамбет те жаугершілік лексика то-
бын  молынан  қолданады.  Олар  –  қару-жарақ,  сауыт-сайман 

194
аттары: найза, қылыш, мылтық, білтелі, садақ, жай, дулыға, 
кебе, кіреуке, жебе, сауыт, қорамсақ, сүңгі, семсер т.т. Бұлар 
негізінен  Махамбеттің  өзі  қатысқан  ұрыс-соғысты  суретте-
уден  гөрі,  жоғарыда  келтірілгендей,  өткен  дәуірлерден  келе 
жатқан әдеби штамптарды образ үшін пайдаланған тұстарында 
көбірек  жұмсалған.  Мысалы,  өзінің  портретін  берген  бір 
өлеңінде: «Белгілі туған ер едім, Беліме садақ, асынған» десе, 
бұл жердегі садақ сөзі портреттің дәлдігі үшін емес, образ үшін 
алынған, өйткені беліне садақ асыну – бейнелі тіркесі ұрысқа 
сай ер-азаматтың символы болып табылады.
Жаугершілік лексика тобының образ үшін молынан қолда- 
нылғандығы  олардың тұрақты эпитеттермен келген  сәттерін- 
де  тіпті  анық  көрінеді.  Махамбетте  де  найза  сөзі  жалаң 
түрінен  гөрі,  егеулі  найза,  жалаулы  найза,  алты  құлаш  ақ 
найза, толғамалы найза, қималы найза, қоңыраулы найза де-
ген эпитетті түрлерінде қолданылған. Сары жебе, сұр жебе, 
балдағы алтын ақ болат, қарқыны күшті көк семсер дегендер 
де осы қатардан табылады.
Жаугершілікке қатысты тек есім сөздер емес, етістіктер де 
ақын тілінде едәуір орын алады және олардың басымы бұрын 
қалыптасқан  жеке  сөздер  мен  тіркестер  болып  келеді:  әскер 
жиып аттану, жауға тию, қамалды бұзу, оқ ату, оқ тию, жау 
тоқтату,  садақ  асыну,  қанға  боялу,  қанды  көбік  жұтқызу, 
жандасу, қырылу, кескілесу т.б.
Махамбет  тіліндегі  екінші  бір  көзге  түсетін  белгі  –  көне 
сөздердің қолданылуы. Ол көнелер – бұрынғы поэзия тілінен 
келе  жатқандар.  Махамбеттің  өзіне  дейінгі  әдеби  дәстүрмен 
іліктестігінің тағы бір айғағы осы жерде. XV-ХVIII ғасырларда 
Қырым жері мен Азаулы (Азов), Дон, Еділ, Жайық бойларын-
да жасап өткен Шалкиіз, Қазтуған, Доспамбеттерде кездесетін 
сой  (асыл  тек),  тарлан,  тарпаң,  араша,  баттауық,  сайғақ, 
Еділ-Жайық, емсеу, жемсеу («Еділді көріп емсеген, Жайықты 
көріп жемсеген») сияқты сөздердің Махамбетте сақталу себебі 
– бір жағынан, оның өткендегі әдебі тіл байлығын жақсы пай-
далануы болса, екінші жағынан, осы жырауларға Махамбеттің 
мекен-  тұрағы  жағынан  жақындығы  деуге  болады.  Өйткені 
бұл  сөздер  осы  жыраулар  дәстүрін  ілгері  апарушы  Бұхарда 
кездеспейді  немесе  ақындық  мектебін  әрі  қарай  алып  кеткен 
Дулат, Шортанбай, Шөжелерде де бұл көнелер жоқ.

195
Махамбет  сөздігінде  бұлардан  басқа  қазірде  мағыналары 
күңгірт  немесе  өзгеше  болып  келетін  бір  топ  сөздердің 
қолданылғандығын  көрсетуге  болады.  Мысалы,  қалықпан 
(құстың атауы), ереуіл (тың ат), толағай (тақыр бас), жетім 
(тұтқын),  керіскек  (аң?),  қырқарлану  (тізбектелу),  зымы-
ран  (аң?),  ала  (азбан),  алаулау  (соғысу,  ұрысу),  маңғыстау 
(ілгері  басу,  жүру,  адымдау),  қары  (туысқан),  астана  жұрт 
(бағынышты  ел),  қарашы  (кеңесші)  т.б.  сөздер  –  қазіргі  тілі- 
мізде  кемде-кем  жұмсалатын,  сирек  кездесетін  элементтер. 
Бұлардың Махамбет ішіндегі көрінісі ақынның сөз қазынасын 
поэтикалық талғамға салып сұрыптай білген суреткер екенін 
танытады.
Махамбеттің  сөзқолданысындағы  және  бір  ерекшелік  – 
әдеби-көркемдеу  тәсілдеріне  қатысты.  Жоғарыда  айтылды, 
ақынның  көптеген  эпитет,  теңеу,  метафоралары  өзіне  дейінгі 
бай  ауыз  әдебиеті  мен  ақын-жыраулар  тілінен  алынған.  Со-
нымен  қатар  Махамбеттің  өзі  қосқан  тың  образдары  қазақ 
поэтикасына  әкелген  үлесі  болды.  Бір  ғана  ел  қамын  жеген 
ердің,  халқы  үшін  күрескен  азаматтың  образын  білдіретін 
теңеулердің Махамбет бірнеше вариантын ұсынады. Мысалы, 
қызғыштай болған есіл ер, еркек қойдай бөлініп, қырқарланып 
өткен  ер,  таудан  мұнартып  ұшқан  тарланым,  кермиық, 
керіскендей шандозым, қас бәйтерек, шамданса – шалқасынан 
түсер  асау,  шамырқанса  –  шатынап  сынар  болат,  түбін 
қазған бәйтерек, тауда ойнаған қарт марал, шарға ұстаған 
қара балта, ақсұңқар құстың сойы, екі тарлан бөрі, құстан 
туған құмай, қарақұстан туған қалықпан, суаруы қанық көк 
сүңгі  дегендердің  барлығы  да  –  Исатайдай  батырдың,  оның 
соңына  ергендердің  теңеулері  мен  метафоралары.  Бұлардың 
ішінде  Исатайдан  айрылған  өзін  түбін  қазған  бәйтерекке 
теңеуі,  көтеріліс  жеңіліп,  арманда  қалған  күрескер  образын 
шарға  шауып  мұқалған  алмасқа,  сұғуын  таппай  тот  алған, 
суаруы қанық көк сүңгіге теңеуі – Махамбетке дейінгі поэти-
ка қазынасында болмаған дүниелер. Сол сияқты қалықпандай 
қомданып  жаумен  айқасу,  ағыны  қатты  Жайықты  тіземен 
бұзып өту, қырдан қиқу төгілу (естілу емес, төгілуі), қайраңнан 
алған шабақтай қия бір соғып ас ету, адырнаны ала өгіздей 
мөңіретуі, Темірқазық жастану, қу толағай бастану сияқты 
образдар да – соны. Бұлар – Махамбет жаңалықтары.

196
Ақынның  бұлар  тәрізді  метафоралы,  теңеулі  образдары 
қазақ поэзиясы тілін жоғары сатыға көтерді, осындай қолданыс 
арқылы  жаңа  образдар  жасауда  қазақ  тілінің  мүмкіндігі  ора- 
сан  зор  екендігін  танытты.  Оның  үстіне  бұл  образдардың 
айтылмақ ойға (шығарма идеясына) дәл келіп, қиысып жатуы 
қазақ  поэзиясында  мазмұн  мен  түрдің  үндесуі  дегенге  үлес 
қосты деп тұжырымдауға болады.
Махамбет  тілінде  күнделікті  тұрмыс-тіршілікке  қатысты 
сөздер жоққа тән, бұл – ақынның негізгі тақырыбына байла-
нысты.  Өлеңдерінің  мазмұны  өзі  қатысқан  көтеріліс,  ханға, 
патшаға қарсы күрес болғандықтан, тұрмыстың өзге жақтары 
сөз болмайды. Тілші әлеуметтік-саяси салаға жататын хан, қара, 
қарашы,  ақ  сүйек  тәрізді  сөздерді  ақын  қоғам  тақырыбында 
айтқан  өлеңдерінде  емес,  күрес  мазмұнды  шығармаларында 
қолданған.
Сөйтіп, Махамбет – ХIX ғасырдың I жартысындағы қазақ 
әдеби тілінің әрі қарайғы дамуына үлес қосқан әрі өзіне дейінгі 
әдеби  тіл  дәстүрін  жинақтап,  бар  қазынасын  кәдеге  асырып, 
жаңа  бағытқа  бет  бұрған  суреткер.  Ол  бағыт  Абай  негізін 
қалаған  ұлттық  жазба  әдеби  тілге  апаратын  принциптерді 
ұстағанынан көрінеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет