Ббк 83. 3 (5 Қаз) с 94 Қазақстан Республикасы


§ 3. Тілдің даму барысында жаңа сапалық



Pdf көрінісі
бет16/25
Дата21.01.2017
өлшемі2,1 Mb.
#2384
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   25
§ 3. Тілдің даму барысында жаңа сапалық
белгілердің көріне бастауы
Қазақтың төл жазба әдеби тілі – бір жылдың (бір мерзімнің), 
бір-екі адамның еңбегі немесе бір-екі баспасөз органдарының 
шыға бастауы арқылы тұтқиылдан пайда болған құбылыс емес. 
Қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің бастауы Абай, Ыбырай 
сияқты  қаламгерлер  есімімен,  «Түркістан  уалаяты  газеті», 
«Дала уалаяты газеттерінің» шығуымен байланыстырыла сөз 
етіліп жүргені мәлім. Бірақ бұл – осыларға дейін ұлттық жаз-
ба  әдеби  тіліміздің  алғашқы  нышандары  болмады  деген  та-
ным емес. Ұлттық жазба әдеби тілге келу үшін тілде сапалық 
өзгерістер  мен  дамудың  жаңа  белгілері  болуы  шарт.  Мұндай 
белгілер  қазақ  топырағында  өткен  ғасырдың  орта  тұсынан 
бастап  айқын  және  молынан  көріне  бастады.  Атап  айтқанда, 
тілдік, стильдік, поэтикалық жаңа сипаттар пайда болды.

197
Дулат ақынның тілі
Көркем  әдебиет  стилінде  жаңа  белгілерді  анық  көрсете 
бастаған  үлгілер  –  Дулат  Бабатайұлының  өлең-жырлары. 
Дулат  та  –  Махамбет  сияқты,  алдыңғы  дәуірлердегі  қазақ 
поэзиясының тілдік-стильдік құралдарын барынша пайдалана 
отырып, оларды жаңаға ұластырушы, жаңа үлгілерді ұсынушы 
қаламгер.  Біз  бұл  жерде  стильдік-тілдік  сипаты  жағынан 
бұрынғы  дидактикалық  толғаулармен  келетін  «Ата-ананың 
ақылы»,  «Бұл  заманғы  адамның»  деп  басталатын  екі  ұзақ 
толғауы мен «Асқар таудың сәні жоқ» сияқты шығармаларды 
Дулат  шығармашылығындағы  жыраулық  мектептің  жалғасы 
деп танудан бойымызды аулақ салып отырмыз. Оған себеп – осы 
толғаулар кірген «Өсиетнама» деген атпен 1880 жылы Қазанда 
басылған  кітапты  күні  бүгінге  дейін  түгелімен  Дулаттікі  деп 
келгеніміздің жаңсақтық екендігі. Зерттеуші Қ.Өмірәлиев бұл 
кітаптағы өлең-толғаулардың көбі Шортанбайдікі, бірері Шал 
ақындікі  екендігін  текстологиялық  салыстырулар  жүргізіп, 
бұлтартқызбай дәлелдеп берді
155
. Біз бұл пікірге мейлінше ден 
қоямыз.
Тегінде,  Дулат  –  жыраулық  дәстүрден  бас  тартқан,  ақын- 
дықтың жаңа үлгісін бастаған адам. Оның жыраулар поэзиясы-
на сырттай ұқсас түсетін жері – 7-8 буынды жыр ағымындағы 
өлең өлшемі. Ақын Дулат өз поэзиясын тек қана осы өлшемде 
жазған.  Ал  құрылымдық-тақырыптық  бітімі  жағынан  оның 
өлеңдері  –  бұрынғы  толғаулардан  мүлдем  өзгеше  түсетін 
шығармалар. Қазақ өлеңінің шоғырларға
156
 (яғни тирадаларға) 
бөлінуі және әр шоғырдың тілдік құралдар арқылы бір-бірінен 
айқын бөлініп көрінуі Дулаттан басталады. Шоғыр (оны кей-
де  абзац  деп  те  атайды)  –  өлең  құрылымына  тән  дүние.  Әр 
шоғырдың  тармақтары  бір  ұйқаспен  топтастырылады  және 
әрқайсысы  бір  тақырыпты  қамтиды.  Мысалы,  Дулаттың 
«Тырнақтай меңі болған соң» деп басталатын өлеңі 9 шоғырға 
бөлінген:
155
 Өмірәлиев Қ. Қазақ поэзиясының жанры мен стилі. - Алматы, 1983. - 216-237-б.
156
 Біз қазақ өлеңінің синтаксисі мен композициялық құрылымы жағына қатысты 
біраз  категорияларды  тұңғыш  рет  сөз  ету  үстінде  бірқатар  терминдерді  де  ұсынған 
едік.  Солардың  бірі  –  өлендегі  тирада  (абзац)  дегенді  қазақша  шоғыр  деп  атадық  
(Сыздықова Р .  Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы. - Алматы: Ғылым, 1970. 
- 99-б.).

198
1 - ш о ғ ы р:
Тырнақтай меңі болған соң,
Тарлан тартып оңған соң,
Түріне кір қонған соң,
Мінсіз, меңсіз, кіршіксіз,
Шаңқан болмай, қылаң ба?
Мұның ұйқасы – болған соң, оңған соң, қонған соң.
2 - ш о ғ ы р:
Ту ұстап, тұлпар жаратпай,
Алдынан топ таратпай,
Елді аузына қаратпай,
Жай отындай оқ атпай,
Анадан тудым дегенмен,
Бастамаса ел, ұлан ба?
Мұның  ұйқасы  өз  алдына:  олар  да  –  тұлғалас  етістіктер: 
жаратпай, таратпай...
Және бір ерекше көрсететін нәрсе – әр шоғырдың ең соңғы 
тармақтары өзара ұйқасып (қылаң ба, ұлан ба, Тұранда, қараңға, 
мұнан да, бұлан да, құлан да, қыран да) өлең тұтастығын жа-
сайды.  Бұл  –  нағыз  жазба  поэзияның  белгісі.  Мұның  жүйеге 
айналып өте айқын көрінген тұсы – Абайдың өлеңдері. Абай 
шоғырды  тек  сыртқы  көрінісі  –  ұйқас  бірлігі  арқылы  емес, 
мағыналық- экспрессивтік, яғни модальдық реңкі жағынан өз 
алдына дербестік сипат беру арқылы да жетілдірген (мысалы, 
«Болыс болдым, мінекей» деген өлеңін алыңыз).
Шумақсыз (астрофикалық) дүниелердің мұндай мазмұндық-
композициялық  тұтастықтарға
157
  ажыратылуы  Дулатта  едәуір 
кездеседі.  «Жау  көргенде  көздейсің»  деген  өлеңі  –  3  шоғыр, 
олар  өз  ішінен  бір  ұйқаспен  шоғырланса,  әр  шоғыр  соңғы 
ұйқастары арқылы байланысып, өлең тұтастығын құрап тұр.
Ал бірқатар өлеңдері шоғырларға бөлінгенмен, әр шоғыр- 
дың  соңғы  жолдары  ұйқаспайды,  демек,  бұл  арқылы  өлең 
тұтастығы  берілмейді  (ол  –  әрине,  шарт  та  емес).  Мысалы, 
«Сөзім бар да, көзім жоқ» өлеңі, біздіңше, 4 шоғырдан тұрады. 
«Күнәм  жойқын,  тәубем  аз»  деп  басталатын  жыры  6  жол  –  
бір  шоғыр,  әр  шоғырдың  мағыналық  та,  ұйқастық  та  тұтас- 
157
 Бұл да – біз ұсынған термин: орыс филологиясында «синтаксическое целое» дегенді 
синтаксистік тұтастық деп, ал жалпы поэзиядағы «целое» деген терминмен аталатын 
категорияларды тұтастық дегенді жөн көреміз.

199
тығын  сақтаған.  Ақынның  «Қылығың  қылжақ  туысқан» 
өлеңі  де  9  шоғырдан  тұрады,  бұл  туындының  тақырыптық-
композициялық  құрылысы  тіпті  қызық:  алғашқы  шоғыр  – 
кіріспе: онда, негізгі идея айтылады, ол – өзін қоршаған «бәрі 
тегін  жертезек»  сияқты  қылығы  «қылжақ  туысқан,  қырт  пен 
мылжың  ағайынның»  қайсысын  таңдап  алайын  деген  күңі- 
реніс,  келесі  шоғырлардың  әрқайсысы  солардың  топ-топ- 
тары: «шаруа десе – жиреңдеп, қымыз аңдып қыдырған» ұл, 
«аңдығаны мал болған» бай, «шешесін тыңдамай кеткен қыз», 
содан соң осылар құраған заман сипаты – «қайран талай жыл», 
«шарғы соққан із», «ұлғайып пәле қау басып, зая кеткен дәм 
мен  тұз»,  «ер  шөгіп,  есер  ер  жеткен  қайран  заман».  Бұл  – 
нағыз профессионалдық сауатты, мәдениетті поэзия үдесінен 
шыққан құрылым. Дулаттың көп өлеңі осылайша жазба поэзия 
үлгісінде туған.
Көркемсөз  дүниесіндегі  жаңалықтардың  бірі  –  образдар  
саласында.  Образ  тіл  элементтері  арқылы  жасалады.  Соны  
образ  тілдік  тұлғалар  мен  тәсілдерде  өзгерістер  мен  жаңа- 
лықтар  әкеледі.  Дулат  бұл  орайда  да  екі  қырынан  көрінеді: 
бірі – бұрынғы қазақ поэзиясы қолданып, қазақ әдеби тілінде 
нормаға  айналған  материалды  еркін  және  орынды  (шебер) 
пайдаланған тұста, екіншісі – тың, жаңа сападағы образдарды 
ұсынған сәттерінде.
Бірінші орайда Дулат қара қылды қақ жару, арғымақ аттай 
аңқылдау,  қыран  құстай  саңқылдау,  көл  қорыған  қызғыштай, 
еңбегі  еш,  тұзы  сор,  бел  шешпей  жорту,  айдын  ала  ту  алып 
жауға  тию  немесе  ту  ұстап  тұлпар  жарату,  азуын  айға  білеу 
сияқты кәнігі образдарды пайдаланады.
Тіпті кей тармақтарда:
Толғаулы найза қолға алып,
Тұйғын құстай толғанып,
немесе:
Түйені жұтсаң – түгімен
Бәлені жұтсаң – бүгімен...
Алты малта ас қылып,
Сары садақ асынып,

200
Егескен жауды қашырып...
Белін шешіп жатпастан...
Аққудайын таранған,
Өкшесіне қарайған... –
деп,  халық  ауыз  әдебиеті  үлгілеріндегі  дайын  клишелерді 
келтіреді.
Тек поэтикалық образдарды ұсынуда емес, жалпы тұрақты 
тіркестер  мен  дәстүрлі  эпитетпен  келген  тіркестерді  пай-
далануда  да  Дулат,  ең  алдымен,  өзіне  дейінгі  қазақ  әдеби 
тілінің бай қазынасына иек артады. Оның өлеңдерінде орны-
мен жұмсалған: тұғырдан түсу, шепті бұзу, олжаны ортаға 
салу, жағасы сөгілу, қара қазан, сары бала, кең дүние, жалған 
дүние сияқты тұрақты тіркестер ортақ қор болса, осылардың 
қатарынан образды эпитеттермен келген тіркестерді де молы-
нан көреміз.
Дулат  та  өзінің  алдындағылар  сияқты  қару-жарақ,  сауыт- 
сайман,  жауға  мінер  аттардың  атауларын  эпитетпен  қолда- 
нады, тек айырмашылық – Дулаттың көбінесе дайын анықта- 
уыштардан  гөрі,  мағыналары  соларға  жуық,  солар  типтес 
өзге  баламаларын  беретіндігінде.  Мысалы,  Дулатта:  айбар-
лы  ақ  орда  (салыстыр,  Қазтуғандарда:  еңсесі  биік  боз  орда, 
қалайылаған  қасты  орда),  шаншулы  найза  (алдыңғыларда: 
толғамалы  найза)  т.б.  Бұл  –  қазақ  поэзиясының  ұзақ  уақыт 
дәстүрлі болып келген көркемдеуіш амалдарының бірі.
Сонымен  қатар  Дулатта  жаңа  сапалық  өзгерістердің  эле- 
менттері  де  айқын  сезіледі.  Фразеология  әлемінде  ақын  екі 
түрлі  жаңалықты  енгізген:  бірі  –  жаңа  перифрастикалық 
тіркестер жасауы, екіншісі – жаңа фразеологизмдер ұсынуы.
Перифраз (немесе перифраза) дегеніміз – бір нәрсені немесе 
құбылысты сол нәрсенің (құбылыстың) бір белгісін, қасиетін 
көрсетіп,  суреттеп  атау
158
.  Бұл  –  тіл-тілдің  қай-қайсысында 
да  бар  амал.  Қазақ  тілінде  де  (біз  ілгеріде  талдаған  өлең-
толғауларда) дүние, әлем  дегенді «сегіз қиыр, шартарап»  деп 
атау,  өмірді  «жалған  дүние»  деп  суреттеген  атаулар  кездесіп 
отыратын.  Бірақ  бұрынғы  ақын-жыраулар  бұл  тәсілді  жаңа 
фразеологизмдер тудыруда өнімді түрде қолданбайтын.
158
 Ахманова О. С. Словарь лингвистических терминов. - М., 1966. - С. 312.

201
Дулат болса – перифрастика амалын едәуір жандандырған 
ақын.  Ол  өз  заманын  «толқынды  теңіз»  деп  суреттеп  атай-
ды:  қазақ  қоғамының  өз  тұсындағы  саяси-әлеуметтік  күй-
жағдайын  ой-пікірде,  іс-әрекетте,  саясатта,  талап-талғамда 
жел  қайық  сияқты  жеңіл  дүниелерді  бетінде  қалқытпайтын 
«толқынды  теңізге»  балап  атайды.  Жекпе-жекке  шыққан  екі 
батырдың біреуінің жеңіліп, қаза табуын «тіршілік пен өлімнің 
ұзақ дауы шешілген» деп суреттеуі де – соны перифраз: адам 
өмірінің өзі – «тіршілік пен өлімнің дауы, ұзақ дауы», өлім – 
сол  даудың  шешілуі,  дауласушы  жақтардың  біреуінің  жеңуі. 
Немесе арман- аңсағанына жете алмай, тірлікте тапқан рухани 
олжасынан гөрі, өкініші басым болып өткен өмірді «құмар ой-
нап ұтылған саудагер сарт» деп атауы да – дәл айтылған, тың 
перифраз. Заманындағы әр алуан қайшылықтарды шеше алмай 
қиналған, ел басшысы – пысықтарға разы емес ойшылдың об-
разын беруге «саулы иіп Дулат жүр, місе тұтып тұлыпты» де-
ген перифразды ұсынады. Міне, осы типтес образдар Дулатта 
едәуір мол және тұңғыш рет бой көрсеткен.
Дулаттан өзіне дейінгі көркем әдебиетте көп кездеспейтін 
және бір тәсіл басталады. Ол – мағыналары жағынан бір-біріне 
жанаспайтын  сөздерді  тіркестіру.  Мысалы,  «Әкеңнің  айтқан 
аз сөзін, Құтысына көңліңнің, Төгіп алма, дәлдеп құй» деген 
жолдарында  ақын  көңілдің  құтысы,  сөзді  құю  деген  сияқты 
тіркестер  жасайды.  Мағыналары  жагынан  көңіл  мен  құты 
сөздері  –  түйіспейтін,  «ауылдары  алшақ  қонған»  дүниелер: 
көңілдің құтысы шындыққа сай емес: құты – сауыт, ол нақты 
бір  затқа  ғана  телінеді:  оқ-дәрінің  құтысы,  насыбай  сала-
тын құты, ал көңіл деген – қолға ұстап, көзбен көріп, құтыға 
салуға болатын нақты зат емес, дерексіз ұғым. Сондай-ақ сөз 
деген  де  –  зат  емес,  оны  да  құтыға  суша,  сүтше  құюға  бол-
майды. Бірақ икемі күшейген, әдісі көбейген әдеби тіл мұндай 
қабыспайтын  дүниеліктерді  қабыстырып,  жаңа  ассоциация 
беретін (шендестіріп жаңаша қабылдайтын) образ жасай ала-
ды. Бұл тәсіл қазақ әдеби тілінде ХIX ғасырдың орта шенінен 
бастап жиі көріне бастады деуге болады.
Дулаттың жоғарғы тіркестерінен басқа: жырдан алқа тағу, 
әділетке  шөлдеу,  көкірегінде  қонақ  жоқ,  сұлулық  сәулетінің 

202
сағымы, ұйқы беріп, қайғы алу, жырмен жуыну, жетімдіктің 
белі  деген  тіркестері  –  сөздің  экспрессиялық  бояуын  қалың- 
датқан тың поэтикалық сөздер (поэтизмдер). Бұл реттегі жаңа 
тіркестердің қолданылуы Дулатта басталғанымен, оның жүйелі 
түрдегі поэтикалық құралға айналуы Абайдың еншісіне тиді.
Салыстыру,  теңеу  дегендер  –  көркемдеуіш  құралдардың 
ішінде өте әріден келе жатқан, қазақ әдебиеті еркін және жиі 
пайдаланғандарының бірі. Қазақ әдебиеті әрі қарай да бұдан 
іргесін аулақ салмайды. Айырмашылығы – соңғы кезеңдерде 
көбінесе  әлдеқайда  кереғар,  алшақ  дүниелер  салыстырыла-
ды, теңестіріледі, сол арқылы тосын, күтпеген соны образдар 
жасалады.  Бұл  орайда  да  Дулат  өз  қолтаңбасын  танытады.  
Оның Дүние – жемтік, мен – төбет, Соны бақпай не бақтым 
дегені жасалу қалыбы (моделі) жағынан бұрынғыша: шендес- 
тірілетіндердің бір қарсы тұсы (полюсі) – табиғат, екіншісі –  
адам,  тіршілік,  дүние,  ал  мағынасы,  одан  туатын  ассоциа-
ция  тың:  бұрын  дүниені  жемтікке,  адамды  төбетке  теңеп, 
ақындықты жемтік аңдыған иттің тіршілігіне балау – болмаған 
дүние.
Дулаттың:  Ел  тереңге  сүңгіді,  қармайтұғын  қалмай  тал 
дегенінде  де  заман  қайшылығы  мен  өзен-көлдің  тұңғиығын, 
тереңін  шендестіру  –  астарлап  айтудың  шебер  үлгісі,  ол  – 
экспрессивтік бояуы, беретін ассоциациясы жағынан жаңа об-
раз.
Заман  сырын  ұғуға  тырысқан,  заманмен  ілесе  отырған 
ақындар өз тұсыңда туған жаңа ұғымдарды атауға, жаңа образ-
дарды сол заман түсінігіне сай түрде жасауға ұмтылады. XIX 
ғасыр, әсіресе оның II ширегінен бермен қарайғы кезеңі – қазақ 
жеріне  әлеуметтік-саяси  жаңа  қатынастардың,  шаруашылық- 
тың жаңа түрлерінің айтарлықтай ене бастаған тұсы. Сондықтан 
бұл тұстағы қазақтың әдеби тілінен осы жаңалықтарды атай- 
тын тек соны сөздерді (кірмесі болсын, мағынасы ауысып жаса- 
лған байырғысы болсын) ғана емес, заман көрінісінен алынған 
жаңа тіркестерді де көреміз. Бұл ретте Дулаттың алты батпан 
кір,  саудасы  біткен  сарт,  жалаң  бастанып  ұл  кетті,  пара-
ны  көздеу  сияқты  тіркестерін,  Шортанбайдың  бір  қалаштық 
тиын,  насихат  шашу,  малды  қағаздату,  күймелі  шана  міну, 

203
салдатқа айдау, абақтыда жату сияқты жай тіркестері мен 
образды дүниелерін, Сүйінбайдың кедейдің жалғыз аты, Меке 
дүзін көру, мұжықтың аты деген сөз қисындарын атауға бола-
ды. Бұлардың барлығы – заман көрінісінен алынғандар.
Заманға  ілесіп  отыру  –  дәстүрлі  шарттылықты  бұзу  деген  
сөз,  қалыпты  дүниелерді  (стандарт  пен  штамптарды)  ығыс- 
тырып, жаңа атауларды, жаңа сөз тіркестерін, жаңа поэтикалық 
құралдарды  туғызуға  жол  ашу  деген  сөз.  Демек,  бұл  –  тілге, 
оның  әдеби  түріне  сапалық  белгі  беретін  әрекет.  Осы  про-
цесс XIX ғасырдың орта тұсында батылырақ жүре бастағаны 
байқалады.
Жазба әдеби тілдің дамуындағы заңдылықтардың бірі өзге 
тілдерден  сөз  алу  сипатында  (тәртібінде)  көрінеді.  Ауызша 
дамыған  әдеби  тілдің  лексикалық  қабатында  да  кірме  сөздер 
бар болатын, олардың негізі – халықтың сөйлеу тілінде әбден 
қалыптасқандар болып келеді. Ал XIX ғасырдың орта тұсынан 
бастап, әсіресе Дулат, Шортанбай сияқты қаламгерлер тілінде 
араб-парсы сөздерінің бірқатары жазба әдебиет пен оқу-білім 
арқылы  енген  элементтер  екені  байқалады.  Олардың  ішінде 
әсіресе  мұсылман  дініне,  оқу-білімге  қатыстылары  молырақ 
орын  алған  және  едәуір  бөлігі  халық  тілінде  қалыптасқан 
тұлғасынан гөрі, жазба тілдегі түрінде берілген: ’ақыл, хақын 
жеу, ахирет, ’адилшафағат, ’аделет, адет беһсмилла, айып, 
уа’да, а’раб, фарсы, а’за, ’алал, ’айбат, ’алам, муһмин, Хұда, 
а’лан, а’заб, руза, харам, ’адлдік, меһр, хисаб, хаһар, Сүбхан, 
Алла,  рұхсат,  кәмирһе,  ’умр,  раббы,  сүннет,  фарз,  ’ибрат, 
а’рип пәндә, әдһәм, а’ сила т.б. (мұнда арабша айн дыбысы  
таңбасымен берілді, бұл дыбыспен келген сөздер қазақ тіліне 
енгенде  ғ  дыбысымен  айтылып  кеткен,  сондықтан  осы  күнгі 
жазуымызда  араб  жазуында  айн  әрпі  бар  кейбір  сөздер  ғ 
арқылы таңбаланып жүр: ғақыл, ғадет, ғаділ, ғаделет, уағда 
т.т.
Грамматикалық  сөз  түрлендіру  мен  сөз  тудыру  жүйесін- 
де әдеби норманың бағыты әлдеқайда айқындалып, принцип- 
терінің тұрақтала түсуі де тіл дамуының сапалық белгілерінен 
саналады.  Бұл  ретте  XIX  ғасырдың  50-60-жылдарында-
гы  қазақтың  ауызша  әдеби  тілі  қазіргі  қазақ  әдеби  тіліне 

204
біртабан жақындай түседі. Сөздің септелуі, тәуелденуі, көптік 
тұлғаларда  түрленуі,  етіс,  рай,  көсемше,  есімше  категория-
ларында  өзгеруі  осы  күнгі  қалпында  тұрақталған,  бұл  сала-
да  варианттылық  жоққа  тән.  Сөз  жасауда  -лық,  -шы,  -ты,-
сы  сияқты  қазақ  тілінің  өз  жұрнақтары  активтену  бағытын 
алған.  Жаңа  ұғымдарды  атауда,  алдымен,  қазақ  тілінің  өз 
мүмкіншілігін пайдалану принциптері ұсталған.
Міне,  осылардың  барлығы  –  қазақтың  байырғы  ауызша 
әдеби  тілі  дамуының  сапалық  жаңа  кезеңін  бастауға  қажет 
алғышарттар  болды.  Бұл  жаңа  бағыт-принциптердің  едәуірі 
сапалық құбылыстар ретінде жазба әдеби тілге тән сипаттар-
ды  білдірді.  Олар  XIX  ғасырдың  60-70-жылдарында  айқын 
көрініп, тарих сахнасына келген қазақтың ұлттық жазба әдеби 
тілінің іргетасын қалап, оның заттық, тілдік-стильдік негіздерін 
жасады.
§ 4. Лексика құрамы және ондағы өзгерістер
XIX ғасырдың I жартысындағы (60-70-жылдарына дейінгі) 
қазақтың  төл  әдеби  тілінің  лексикалық  құрамының  негізі  –  
алдыңғы  дәуірлерден  сұрыпталып,  нормаланып  келген  сөз 
байлығы болды. Оның басымы – қазақтың өз сөздері, екінші 
қабаты  –  араб-парсылық  кірме  сөздер.  Әдетте,  сөздік  –  за-
ман  айнасы.  Сондықтан  бұл  кезеңде  өздері  білдіретін  зат, 
ұғымдардың өмірден бірте-бірте қалып бара жатқанына қарай 
және  сөз  мағынасының  ішкі  семантикалық  қозғалыс  заңына 
орай кейбір сөз топтарының тіл тәжірибесінен ығыса бастауы 
немесе керісінше, қазақ даласына XIX ғасырда келе бастаған 
жаңа  әлеуметіік,  экономикалық  құбылыстарға  байланысты 
көптеген соны сөздердің пайда болуы сияқты процестер жүріп 
жатты. Дегенмен бұл процесс әлі де күрт түрде емес, баяу, бірте-
бірте өзгеру сипатында болды. Бұған, біздіңше, екі фактор се-
беп  болды.  Бірі  –  бұрынғы  ұғым,  зат,  құбылыстардың  қоғам 
өмірінен  әлі  де  үзілді-кесілді  кетпегендігі.  Мысалы,  кәдеден 
қалып бара жатқан қару-жарақ атаулары мен қазақ қоғамының 
ішкі саяси-әкімшілік құрылысына қатысты сөздердің көпшілігі 
XIX ғасырдың I жартысында әлі де актив элементтер түрінде 
сақталды.

205
Исатай-Махамбет  бастаған  шаруалар  көтерілісі  ілгергі 
дәуірлердегі  жаугершілік  мотивтегі  әдебиет  үлгілерінің  тілін 
әрі  қарай  жалғастыруға  мүмкіндік  туғызды.  Демек,  жаугер- 
шілікке  қатысты  бұрынғы  образдар,  оларды  жасайтын  тілдік 
құрал- тәсілдер молынан пайдаланылды. Бұл әсіресе жауынгер 
ақын Махамбетте күшті сезіледі. Оның тілінде бұрынғы най-
за, садақ, сүңгі, жебе, қорамсақ, адырна, сауыт, оқ, кіреуке
дулыға деген қару-жарақ, сауыт-сайман атаулары да, қол, шерік 
(әскер),  ер,  жолдас,  азамат  («дружинник»  мағынасында), 
аламан  сияқты  «қару  ұстайтындардың»  атаулары  да  өз 
мағыналарында  еркін  жұмсалады.  Олар  бұрынғыша  тұрақты 
эпитеттермен  келіп,  образ  жасауға  да  актив  қатысады:  алты 
құлаш ақ найза, толғамалы найза, қималы найза, қоңыраулы 
найза; садақ толған сай кез оқ, қызыл сырлы жебе, қозы жа-
урын  оқ,  сұр  жебелі  оқ  т.б.  Бұл  кезеңде  тек  Махамбет  емес, 
жалпы  батырлық,  жаугершілік  тақырыпты  да  сөз  еткен  өзге 
ақындар да бұрынғы әскери сөз қоймасына жүгінеді. Мысалы, 
«Еспембет» поэмасында Дулат та кіреуке, жеңсіз берен, адыр-
на, бадана көз тоғыз тор сауыт, сары ырғай садақ, найза, сем-
сер,  оқ,  білтелі  сөздерін  қолданады.  Сонымен  қатар  бұларда 
әскер сөзі жандана бастайды, ол бұрынғы шерік, қол сөздерінің 
тепе-тең баламасы ретінде жиі жұмсалады. Бірақ осы атаулар 
әдебиет  үлгілерінде  азая  береді.  Тіпті  «Мен  едім  Исатайдың 
Шерниязы»  деп  өткен  Шернияз  ақында  соғысқа,  ұрысқа 
қатысты  сөздер  әлдеқайда  кем  ұшырасады.  XIX  ғасырдың  I 
жартысындағы аты аталғандардан өзгелерде олар тіпті жоққа 
тән.
Тілдегі  өзгерістердің  қауырт  болмауының  екінші  себебі  – 
әдеби  тілдің  дамуындағы  іліктестікке  байланысты.  Мысалы, 
орда, хандық, «жұрт» мағынасындағы байтақ, «қазақ халқы» 
ұғымын білдіретін алаш, «рулас, ағайын» мәніндегі қарындас, 
«алыс,  шет  аймақ»  мағынасындағы  қырым,  «тұтқын»  мағы- 
насындағы жетім «заңды, заңсыз» деген ұғымдарды беретін 
теңдікті,. теңдіксіз сөздері, «ұл, бала» мағынасындағы көбеген, 
көбек,  ұлан,  «ойрандалу,  жаудан  жеңілу»  ұғымындағы  бүлу, 
«қоластындағы  халық»  мәніндегі  астана  жұрт,  аса  жұрт, 
әлеуметтік топ ұғымындағы бұзық, оның синонимі – тентек, 

206
«ұрыс»  мағынасындағы  соғыс,  «жазу»  мағынасындағы  сызу 
(«Шежіре  туған  адамның  көкірегі  сызған  хатпен  тең»  –  Ду-
лат) сөздерінің XIX ғасырдың 60-70-жылдарына дейінгі қазақ 
әдеби тілінде орын алып келуі – әдеби тіл дәстүрінің жемісі.
Бұл  сөздердің  барлығы  бұрынғы  эпитеттерімен,  тіркесу 
үлгілерімен  (модельдерімен)  сақталып,  әрдайым  дерлік  об-
раз  үшін  қолданылады.  Махамбет:  Алты  сан  алаш  ат  бөліп, 
Тізгінін  берсе  қолыма  десе,  алты  сан  алаш  «көпшілік,  ел» 
дегенді  білдіріп,  тұтас  сөйлем  «қолға  ерік  тисе,  еркім  бол-
са»  дегеннің  образын  жасайды.  Шортанбай:  Текті  құс  қарар 
қырымға  дегенінде  бұрынғы  мәтелді  қолданып  отыр.  Дулат: 
«Ту ұстап, тұлпар мініп, елді аузына қаратпаған адам жігіт пе» 
деген идеяны білдіру үшін бұрынғы ұлан сөзін қолданады, осы 
көне тұлға арқылы экспрессияны күшейтеді, образ жасайды.
Егер XIX ғасырдың I жартысындағы әдеби тілде бір алуан 
көнерген сөздер сақталған деген пікір айтсақ, ол осы фактілерге 
қарап айтылады.
Сонымен қатар бұл кезеңде қоғам өмірін, оның әлеуметтік, 
экономикалық  жай-күйін,  өзгеріс-жаңалықтарын  суреттеу  – 
көркем  әдебиеттің  басты  тақырыбы  болғандықтан,  ел  басқа- 
руға, әкімшілікке, әлеуметтік құрылысқа қатысты ұғымдарды 
атайтын  сөздердің  бұрынғылары  (мысалы,  хан,  ханзада,  ха-
ным, ханша, төре, сұлтан, бек, би, ақсүйек, қазы, бай, кедей, 
төлеңгіт, жатақ, қарашы, қара, қара қазақ, қара жұрт т.б.) 
өздерінің  атауыш  (номинатив)  мағыналарында  актив  қолда- 
нылып,  сөздік  қорына  қосыла  бастайды.  Айталық,  патша 
сөзі  екі  түрлі  мағынада  жұмсалады:  бірі  –  жалпы  билеушіні 
атайды, ол образ үшін айтылады. Екіншісі – нақты бір әмірші 
– Ресей империясының монархын атайды. Сол сияқты халық 
сөзі  екі  түрлі  мағынада  жұмсала  бастайды:  бірі  және  басты-
сы  –  оның  «жұрт,  көпшілік»  ұғымында  қолданылуы.  Мыса-
лы: «Қоластында халқының бәрін бірдей көрген соң» (Дулат); 
«халқымнан безіп барамын» (Алмажан); «Сүйткен бір қайран 
халқым-ай, Қасыма бір келмедің» (Махамбет). Екіншісі – осы 
күнгідей жалпы мағынада.
XIX  ғасырдың  орта  тұсынан  бастап  ене  бастаған  жаңа 
сөздердің  бірі  –  Шортанбай  сияқты  ақындардың  таным  тұр- 
ғысынан бағаланған зар заман, ақыр заман, заман ақыр тіркес- 

207
тері.  Соңғы  тіркес,  әдетте,  діни  ұғымға  қатысты  бұрыннан 
бар  болғанмен,  енді  ол  зар  заман  дегеннің  синонимі  ретінде 
де  келеді  (осы  атаудан  шығарып,  кейін  қазақ  әдебиеттану 
ғылымында «зар заман ақындары» деген терминдік тіркес те 
қолданылып кеткені мәлім).
Әсіресе бұл кезде тілде билеуші топ пен бағынышты қалың 
бұқараны,  бай  мен  кедейді  қарама-қарсы  қойып,  ажыратып 
атау тенденциясы күшті: хан/қара халық, қара жұрт; ақсүйек/
қара; бай/кедей/жарлы т.б. Бұл топқа патша үкіметінің қазақ 
даласын билеу жөніндегі 1822, 1868 жылдардағы реформала-
рынан кейін енген аға сұлтан, болыс, майыр, старшын, онба-
сы, елубасы, ұлық, тілмаш, қара шығын, алым-салық, шаңырақ 
салығы, зекет, қайыр, абақты, малды қағаздату сияқты сөздер 
жатады.  Ондаған  жаңа  ұғымдардың  атаулары  қазақ  тілінің 
өзіңде бұрыннан бар сөздер болғанмен, олардың ендігі беретін 
мағыналары нақтылы бір әкімшілікке, шаруашылықта байла-
нысты жаңа болып келеді.
Сауданың,  оның  ішінде  орыс  саудасының  қазақ  жерінде 
күшейе  түсуіне  байланысты  қолданылатын  сөздердің  ішінде 
бұрыннан бар сауда, саудагер, ақша, бұл, сату, батпан, тара-
зы сияқтылар жиірек ұшыраса бастайды. Оның үстіне пайда, 
өсім, несие, қарыз деген сөздер терминдік дәрежеге көтеріліп, 
белгілі бір сауда-ақша операцияларының атауларын білдіретін 
болады. Сірә, теңге, сом, тиын, кір сияқты сөздер осы кезеңде 
ғана енген немесе активтенген элементтер болар.
Шаруашылықтың  жаңа  түрлеріне  байланысты  ылауға  ат 
алу, ат жалдау, кіре тарту, шаруа жию, шаруа істеу тәрізді 
нақтылы іс-әрекеттердің аналитикалық атаулары пайда болып, 
көркем әдебиет тіліне енеді. Бұлар бірте-бірте атаулық (кейде 
тіпті терминдік) сипат алады.
Біздіңше, қазақ тілінде сайлау, атқамінер, ел пысығы деген 
сөздер  де  –  өткен  ғасырдың  орта  тұсында  пайда  болғандар. 
Сайлау – әкімшілік жүйесіндегі жаңа тәртіпке сай актінің ата-
уы.
Қазақ  қоғамының  жаңа  кезеңіндегі  әлеуметтік  топтардың 
атауларының  ішінде  50-70  -жылдардағы  әдеби  тілде  жиі 
қолданылған сөздердің бірі – ұлық. Бұл да – қазақ жеріндегі орыс 
империясының  жаңа  әкімшілік  саясаты  мен  құрылысына 

208
қатысты  терминделе  бастаған  атау.  Бұл  сөзбен  қазақтардың  
өз  ішінен  шыққан  әкімдерін  де,  орыс  әкімшілігінің  билеу- 
шілерін де атайды: «Орыстың көрсе ұлығын...»,  «жақсы бол-
са  ұлығы,  өз  елін  жаудай  таламас»  (Барақ  сұлтан  жайында  – 
Дулат)  немесе:  «Қазіргі  қазақ  ұлығы»  (Дулат).  Оның  есесіне 
кейбір әкімшілік атаулары ығыса бастайды. Хандық институты 
жойылуымен  байланысты  50-60-жылдардағы  әдеби  тілде  хан 
сөзі көбінесе образ үшін ғана жұмсалады.
Әкімшілік жүйесіндегі адамдардың пара алуы, ірі байлар- 
дың мал ұрлығын кәсіпке, дағдылы әрекетке айналдыруы қазақ 
әдеби тілінде парақор, ұры, ұры-қары сөздерін де әлеуметтік 
терминология  саласына  шығарған.  Бұл  кездегі  әдеби  тілде 
қолданылған  ұры  сөзі  жай  ұрының  емес,  қоғамдық  мәні  бар 
актіге өз бетімен және көбінесе арнайы жұмсаумен араласатын 
адамды білдіреді. Сондықтан да Дулат: Ақтайлақ пен Аққожа, 
Құрық берді ұрыға дейді.
Көркем әдебиет тіліне еркін және жиі ене бастаған сөздер- 
дің  келесі  тобы  –  оқу-ағарту,  мәдениетке  қатыстылар.  Бірін- 
шіден, біртабан ілгері жылжыған қазақ қоғамында оқу, рухани 
дүниенің сөз бола бастауы – занды құбылыс, екіншіден, Ма-
хамбет,  Дулат,  Шортанбайлар  мұсылманша  сауатты  ақындар 
болғандықтан, оқу-білімді, өнерді сөз етпей немесе осы сала- 
ларға  қатысты  сөздерді  не  тура  мағынасында,  не  образ  үшін 
пайдаланбай  отыра  алмағандары  және  түсінікті.  Сондықтан 
өткен ғасырдың I жартысында-ақ, әсіресе, 50-70-жылдарынан 
бастап, қазақтың төл әдеби тілінде молда/молла, сабақ, сабақ 
алу, сабақ оқу, хат («жазба дүние» мағынасында), сызу («жазу» 
мағынасында),  сызған  хат,  кітап,  кітап  сөзі,  оқымалды 
(«білімді»), ұстаз, өнер, ғалым («сауатты адам»), ақын, шай-
ыр, ділмар, шешен, жыршы, жыр, жаршы (сірә, жыршы бо-
луы  тиіс),  медресе,  өнерпаз,  әріп  («29  әріптің  жайын  білмек 
керек-дүр»), ғалым, мәселе кітап, бәйіт («өлең»), сөз («өлең, 
туынды»), насихат («ақыл»), қалам, сия сөздері қолданылады.
Бұлардың ішінде хат, насихат, ғалым, сызу сөздері ол кез-
де осы күнгі мағынасынан өзгеше жұмсалған, қалғандарының 
мағынасы  қазіргі  кездегідей  түрде  қалыптасып,  бізге  жет-
кен. Әсіресе өнер, өнерпаз, ақын, кітап, «оқуға» байланысты 
мәндегі сабақ, сабақ оқу, «мұғалім» мәніндегі ұстаз сөздерінің 

209
осы күнгі мағыналары XIX ғасырдың орта шендерінде пайда 
болып, қалыптасқан деп табамыз.
Біз талдап отырған кезеңдегі әдеби үлгілердің тілінде бұл 
күнде  сол  мағынада  актив  жұмсалмайтын    және  бір  алуан 
сөздер бар. Олардың бірқатарын не көне, не жергілікті сөз де-
уге де болмайды. Мысалы, Махамбет шығармаларында ереуіл, 
қалықпан,  қу  толағай  бастану,  мінкен,  қырқарлану,  керіскен 
керіскендей  шандозым»),  емсеу,  жемсеу,  кескекті  ер,  мей-
манасы тасқан, зымыран, алаулау (соғысу), мараю («Астыма 
мінген арғымақ, Аяндай түсіп марай ма?») деген сөздер – не сол 
дәуір үшін, не қазіргі кезең үшін норма да, актив те емес. Олар 
Махамбеттен  өзгелерде  ақын  қолданған  ұғымда  кездеспейді. 
Бұлардың  бірсыпырасының  білдірген  мән-мағынасын  біз 
сөздердің  қолданылу  тарихына  арналған  бір  еңбегімізде 
бұрынырақ  көрсеткен  болатынбыз:  ереуіл  –  монғол  сөзі, 
мағынасы «тың, күшті», бұл контексте жорыққа алып шығатын 
қосалқы  (запастағы)  атты  білдіреді;  қалықпан  –  құстың,  ірі 
жыртқыш  құстың  аты,  түбірі  қалық  –  көне  түркі  тілдерінде 
«аспан» деген мағынаны білдіретін сөз, ол Махамбет текстінде 
мықтылықтың,  айбарлылықтың  символы  («Мен  қара  құстан 
туған қалықпан... », «Жалаулы найза қолға алып, Қалықпандай 
қомданып»); қу толағай сөзі «тақыр бас, жалаңаш бас» дегенді 
білдіреді (бұл сөз Шал ақында да бар: «Тау толағай көрінер 
тасы кетсе»; Дулатта да бар: «Төрт түлікке толтырды, толағай 
тұлдыр  қыратын»);  қырқарлану  «тізбек  құру,  қатар  түзу»  де-
ген мәнді, емсеу «сусау, шөлдеу», жемсеу «жем жегісі келу» 
дегендерді, алаулау «шабуылдау, соғысу» дегенді білдіреді
159
.
Сол  сияқты  Дулат,  Шортанбайлардағы  мәт,  жолан,  мұза 
(«мініп шығар мұзаға»), топырыш, кегеже («кегеже туған, кер 
кеткен»), әкпіш, ырғын (ит ырғын да көл-көсір), ылат («Алпыс 
келдің  арсаңдап,  Нөсер  жауған  ылаттай»)  сөздері  де  –  көп 
үлгілерге  ортақ,  әдеби  нормадағы  элементтер  емес.  Оларды 
қаламгердің өзі жасаған жаңа сөздер (неологизмдер) деуге де 
болмайды. Сол сияқты Шортанбай өлеңдеріңдегі көксім, шер-
неу,  селебе  (мұнда  ол  «қылыш,  пышақ»  дегенді  білдірмейді) 
сөздері де көпшілікке таныс емес.
159
  Бұлар  жөніндегі  толық  талдауларды  мына  кітаптан  қараңыз:  Сыздықова  Р. 
Сөздер сөйлейді. - Алматы, 1980.

210
Қазақтың  ескі  жазба  әдеби  тіліне  тән  кейбір  сөздер  мен 
тұлғалар  бұл  кезең  ақындарында  кездесіп  отырады.  Мыса-
лы:  «Кетпей  де  нешік  етермін»  (Махамбет),  «Амалым  нешік 
Құдайға»  (Шортанбай).  Мұндай  сирек  сөздердің  кездесу 
фактісі  –  XIX  ғасыр  ақындарының  тіл  байлығын  сарқа  пай-
далана  білгендіктерінің  белгісі.  Әсіресе  образ  үшін  толағай, 
қалықпан, жолан, топырыш, ылат, мәт (мат) тәрізді сөздерді 
кәдеге  асырулары  –  ізденістің,  тілдегі  шығармашылық 
әрекеттің куәсы.
Сөз болып отырған кезендегі лексика құрамында кездесетін 
жергілікті  ерекшеліктердің  көрінісіне  келсек,  мыналарды 
айтуға болады. XIX ғасырдың I жартысында қазақ даласының 
батыс  аймақтарынан  шыққан  ақындар  тілінде  қазірде  әдеби 
нормаға  жатпайтын  біраз  сөз  бар.  Олардың  бірқатары  бір 
кезде  Қазақстанның  көптеген  өлкелерінде  жиі  қолданылып, 
жергілікті элементке кейін айналғандар. Мысалы, «ел», «жұрт» 
мағынасындағы байтақ сөзі – көбінесе эпостық жырлар мен 
батыс аймақтарынан шыққан ақындарда кездесетін диалектілік 
архаизм. Бұл күнде сой сөзін «ата тек», «нәсіл» мағынасындағы 
батыс  говорларына  тән  диалектілік  сөз  деп  жүрміз.  Ол 
өткендегі «батыс» ақындарында да жиірек қолданылған: «Мен 
ақ сұңқар құстың сойы едім», «Мен кескекті ердің сойымын» 
(Махамбет),  «Асыл  сойдың  баласы»,  «Шығаруға  сой  керек» 
(Шернияз).  Сонымен  катар  бұл  сөзді  қазақ  жерінің  екінші 
қиыры – Аякөзде туып-өскен, бар өмірі осы өлкеде өткен Ду-
латтан  да  кездестіреміз:  «Адал  сойы  мен  емес  Пірдің  сөзін 
тұтынған». Мұны Абайдың баласы – Ақылбай ақыннан да та-
бамыз: «Үлбіреген ақ тәнді, көзі көкшіл, Не қылса да ол жақсы 
адам сойлы» («Зұлыс» поэмасынан). Соған қарағанда, бұл сөз 
өткенде жалпыхалықтық тілге тән, бірақ сирек қолданылатын 
ортақ элемент болғанға ұқсайды.
Махамбет,  Шернияз,  Алмажан,  Байтоқ,  Жанұзақтарда 
кездесетін  шандоз,  зәуде  (кездейсоқ),  жігі-жапар  болу  (ын-
тасымен  кірісу),  сыңайы  (реті,  шамасы),  жандасу  (өліспей 
берілмеу),  қасқару,  жұрт  сұрау  (ел  билеу)  сөздері  қазірде 
қазақ тілінің батыс говорларына тән диалектизмдер қатарында 
қаралады. Сондай-ақ XIX ғасыр әдеби үлгілерінің мәтіндерінен 

211
қазірде оңтүстік-шығыс говорларына тән бірқатар сөздерді та-
бамыз. Мысалы, Шортанбайда шата сөзі (әкесі белгісіз бала), 
Дулатта  тантық  (мылжың),  дегдар  (асыл),  бошалаң  (бос, 
ынжық), бияпыр т.б. сөздер кездеседі.
Бұл  көрсетілген  сөздер  қазіргі  қазақ  лексикасының  әдеби 
нормасы бойынша диалектизмдер болып саналғанымен, олар 
өткен  дәуірлерде  әдеби  тіл  элементтеріне  жатады.  Өйткені 
ұлттық  жазба  тіл  қалыптасқанға  дейінгі  әдеби  тіл  нормасын 
жасауға сол тілдің барлық говорлары қатысады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет