Оқыту әдістеріне қойылатын жалпы талаптар Бірінші талап – қазіргі мектептегі оқытудың негізгі міндеттерін шешуге бағытталуға тиісті. Білімнің жаңа мазмұнын оқушыларға ұғындыруда оқыту әдістерінің атқаратын ролі ерекше.
Екінші талап - әдістерді оқытудың тәрбиелік ықпалын арттыруға көмектеседі. Балалардың жалпы дамуына, ақыл-ой қабілеттерін және дүниетанымының қалыптасуына оқыту әдістерінің жасайтын ықпалы зор.
Үшінші талап - мұғалім оқыту әдістері арқылы оқушыларды ғылым әдістерінің элементтерін таныстыруға міндетті.
Төртінші талап – оқыту әдістері оқушылардың өздігінен жұмыс істеу және дербес білім алу дағдыларын қалыптастыруға бағытталуы тиіс.
Бесінші талап – мұғалім әдістерді қолдану шеберлігіне озат педагогтардың, жаңашыл мұғалімдердің іс-тәжірибесінен үйреніп отыруы пайдалы.
Оқыту әдістерінің тиімділігін арттыру сабақтарда үнемі біркелкі әдістерді қолдану емес, әр түрлі, бірнеше әдістерді ұштастырып қолдана білуге байланысты. Ең көп тараған топтастыру – ол оқыту әдістерін білім алудың көзіне қарай / сөз, заттар мен көрнекі бейнелер, практикалық әрекет/ үш топқа бөлу: сөздік, көрнекілік және практикалық әдістер. Сөздік әдістерге жататындар: мұғалімнің ауызша баяндауы, әңгіме, түсіндіру, оқулықпен және кітаппен жұмыс істеу әдістері.
Көрнекілік әдістер: оқушылардың бақылауы мұғалімнің көрнекі және техникалық құралдарды көрсетуі.
Практикалық әдістер: жаттығулар, графикалық және лабораториялық, практикалық жұмыстар, дидактикалық және ұлттық ойындар.
Сөздік әдістер Мектептегі ең көп тараған оқыту әдісі – ол мұғалімнің ауызша баяндауы.
«Сөз, - дейді В.А. Сухомлинский, - ең маңызды педагогикалық құрал, оны еш нәрсемен ауыстыра алмайсың. Бастауыш сыныптың мұғалімі – ең алдымен тіл маманы». Мұғалімнің сөзі әсерлі, тартымды, сенімді, сондай-ақ дауыс ырғағы мен мимикасы мәнерлі бай болғаны жөн.
«Мұғалім балалармен сөйлескенде ашуланбай, сабырлықпен сөйлеп, шұбалаңқы сөздер мен керексіз терминдерді қолданбастан әрбір затты ықыласпен, қарапайым тілмен түсіндіру керек», - деген Ы.Алтынсарин.
Әңгіме әдісі Бұл әдіс бастауыш сыныптарда кең қолданылатын әдістің бірі. Әңгіме барысында мұғалім мен оқушылардың арасында диалог пайда болады. Әңгіме әдісі оқытудың түрлі міндеттерін орындауға бағытталады: өткендегі материалды жаңамен байланыстыру, жаңа білімді хабарлау, өткенді қайталау, оны тексеру және бағалау үшін мұғалім қолданады. Әңгіменің бірнеше түрі болады. Мысалы: эвристикалық әңгіме, кіріспе әңгіме, қайталау әңгімесі т.б.
Әңгіме әдісін қолдану арқылы мұғалім оқушылардың бұрынғы тәжірибесі мен алған білімдеріне сүйене отырып, оқу материалының мазмұнына талдау жасап, оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытады.