Абай тапсырмасымен Көкбайдың, Әріптің, Әсеттің жазған поэмалары.Абайдың оларға айтқан сыны.
Абай шәкірттерінің шет жұрттықтардың өмірінен шығармалар жазуы Абайдың отаршылдыққа қарсы идеяларымен астасып жатыр. Осы тұста ғалым Ш.Елеукеновтің: «Біз бұған дейін Абайды отаршылдыққа қарсылық ойлаған күрескер ретінде зерттемедік» ,- деген пікірін басшылыққа ала отырып, Абай шәкірттері шығармашылығындағы отаршылдық тақырыбына ден қойдық. Мағауияның «Медғат – Қасым», Ақылбайдың «Зұлыс», «Дағыстан» поэмаларын біріктіріп тұрған тақырып ортақтығы ғана емес, отаршылдыққа, үстемдікке қарсы күресті жырлаған идеялық бірлік бар. Қысқасы, қай ел, қандай оқиға, нендей тәсілмен жазылсын Абай шәкірттерінің әуелден көздеген мақсаты адам бойындағы ізгілік пен зұлымдық, қатыгездік пен мейірбандық, махаббат пен ғадауаттың майдандасқан көріністері арқылы қоғамдағы әділетсіздікті әшкерелеу, сөйтіп соры қалың қазақтың көзін ашу сияқты хәкім Абайдың ұлы идеяларын жалғастыру.
Көлемді шығармалар жазуды Абай әуел баста қолға алып, артынан бұл түрден тез суынып кетті дегенімізбен, өз шәкірттерін поэма жазудың соны үлгілеріне баулыды. Ақын шәкірттердің поэма жанрын игеріп, сол салада қандай да бір тақырыпты жырламасын оның артында Абай тұрып, Абай игерген мол мұраның іргесі байқалады.
Әдебиеттер тізімі:
Қалижанов У. Абай (Ибрагим) Құнанбайұлы.– Алматы: Әлем әдебиеті, 2013. – 500 б.
Ердембеков Б. Абайтану: Оқу құралы.– Астана: Фолиант, 2012. – 432 б.
Есім Ғ. Хакім Абай. – Астана: Фолиант, 2012. – 400 б.
Молдаханов А. Абай, Шәкәрім, Әуезов дәрістері: оқулық. – Алматы: Дәуір, 2011. – 192 б.
Мұхамедханов Қ. Көп томдық шығармалар жинағы. 9 том. – Алматы: Ел-шежіре, 2011. – 384 б.
№12 Лекция
ТАҚЫРЫП: Абайдың қара сөздері
Абайдың шығармашылық мұрасында оның қара сөздерінің алатын орны, ұлттық көркем прозаны дамытудағы маңызы.
Абайдың қара сөздері абайтануда жанр, стиль мәселесі, қазақтың жаңа жазба әдеби тілін қалыптастырудағы орны, Абай шығармашылығындағы дін жайы, дүниетаным мәселелері, т.б. жөндерден белгілібір деңгейде қарастырып зерттелді.
Мұхтар Әуезов Абайдың қара сөздері 1890 жыл мен 1898 жыл аралығында жазылған деп көрсетеді. М. Әуезов Абайдың “анық қара сөз мұрасы” отыз бес сөзден тұрады деп түйеді.
“Жалпы алғанда, Абайдың осы барлық қара сөз дейтін мұралары көркем прозаның өзіне бөлек, бір алуаны болып қалыптанады. Бұлар сюжетті шығармалар емес. Бұрынғы жазушылар қолданған естегі, мемуар да емес. Стиль, мазмұн жағынан алғанда осы шығармалар Абайдың өзі тапқан, бір алуан көркем сөздің түрі. Кейде бұлар сыншылдық, ойшылдық және көбінше адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет, толғау тәрізді.
Бұл шығармаларда Абай өзінің оқушыларымен әңгімелесіп, жүзбе-жүз кездесудегі мәслихат, кеңес құрып отырған ойшыл ұстаз тәрізденеді. Кейбір сырт сипаттарына қарағанда Лев Толстойдың “Круг чтение” деп аталатын еңбегіне ұқсас”.
Абайдың үшінші сөзін билеушілер туралы Герценнің “Былое и думысына” ұқсатады.
Біздің осы күнгі сөйлеп, жазып жүрген әдебиет тіліміздің тарихы жалғыз ғана Абайдан басталады деп кесіп айтпасақ та, сондай сапалы тілді қазақтың жазба әдебиетінде анық биік белге өрлетіп шығарған Абай екені даусыз.
Белгілі әдебиет тарихын зерттеуші, абайтанушы Бейсембай Кенжебаев Абай қара сөздерінің теориялық тұрғыдан негізделуінде 1955 жылы бірнеше мәнді мәселеге назар аударды. Ғалымның қара сөз жанрлары туралы айтқан пайымдамаларында қисынды ой, дұрыс бағдар, табылған тоқтам аз емес. Алайда, осындағы көп жай абайтанудың былайғы дамуында, қарасөздердің ендігі зерттелуінде көп ескеріле бермеген. Б.Кенжебаев Абайдың қара сөздерінің “Ғақлия” деп аталып жүргеніне, тегінде Абайдың қара сөздерін ғақлия деп қана атау дұрыс емес деп уәж айтады. “Өйткені ғақлия-ғибрат, мысал жөнімен дін, мінез-құлық жайында айтылған өсиет, насихаттау сөздер. Абайдың қара сөздерінің бәрі бірдей мұндай ғибрат, мысал болып, бәрі бірдей дін, мінез-құлық туралы болып келе бермейді. Тек бірнеше сөзі (1, 15, 25, 28, 32, 34, сөздері) ғана дін, мінез-құлық туралы ғибрат, мысал – ғақлия болып келеді. Естуіміз, Абайдың өзі о баста тек осы сөздерін ғана “Ғақлия” деп атаса керек”.
Ғалым Абайдың қара сөздерінің ара-тұра нақыл, мәтел сөздер – изречение, афоризм деп айтылатынына да қосылмайды.
Абайдың 37 қара сөзі ғана билер сөзі тәрізді шыққан нақыл мәтел, афоризм дейді. Белгілі қисыны, ұйқасы, ырғағы бар тақпақпен айтылатын түйдек ой. “Бақпен асқан патшадан, мимен асқан қара артық. Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық”
Б. Кенжебаев Абай қара сөздерін ғылыми трактат деуге де толық қосылмайды. Ғылыми ой, талдау 17, 19, 27, 36, 38, 43 сөздерде ғана дейді. Мұны Абай өзі “Тастих” деп атағанын ескертеді.
Сонымен Б. Кенжебаевтың Абай қара сөздерінің жанры жайлы түйіні: “Біздіңше Абайдың қара сөздерінің басым көпшілігі сын, сықақ жөнімен сюжетсіз жазылған көркем әңгіме, басқаша айтқанда, көркем проза, көркем публицистика Эссе – жазба”.
Қара сөздерді жазғанда Абай күнделік дәптер сияқты етіп жазған дейді. Қара сөздегі үлгі мектебі С. Шедрин дейді.
Әрине, Б. Кенжебаевтың қара сөздер жайлы тұжырымына толық қосылуға болмас. Дегенмен де ойға тартар жөні бар.
Б. Кенжебаев мынадай ойға тартар тың, тосын шешіммен тоқтайды:
“Сонымен, Абайдың қара сөздері көркем проза. Абай қазақтың көркем прозасының негізін салушы. Бірақ Абай бұл жөнінде жалғыз, тұңғыш емес, оның серігі, құрдасы бар. Ол Абайдың замандасы Ыбырай Алтынсарин. Ыбырайдың көптеген тамаша ұсақ әңгімелері, новеллалары қазақтың көркем прозасының басы, негізі. Ыбырайдың бұл әңгімелері Абайдың тұсында, Абай қара сөздерін жаза бастаған кезде, қайта онан сәл ілгері жазылды” (2, 145 б.).
“Сондықтан Абай қара сөздері сырт формасы жағынан “Кабуснамаға” өте ұқсас болса да, мазмұны мүлде бөлек. Бұл тұста біз Абайдың аталмыш шығарманы оқығаны және түрі, стилі жағынан болса да үлгі тұтқанын айтпақпыз.
Жанрлық іздену жолында ол Шығыстың ғылыми трактат, тастих ретіндегі шағын үлгілерін, Жәмидің қарасөзді ғақлияларын есте ұстағаны даусыз”.
Ғалым Абайдың прозасында ғақлия, нақыл сөздер де, ғылыми мақала да, ойшылдық трактат та, өткір сын, мысқыл ретінде келетін сатиралық әңгіме де, адамгершілік өсиеттер де (дидактикалық рассуждение), публицистикалық насихат түрлері де, шешендік әңгіме кеңестері де бар дейді.