«Мұғалім- мектептің жүрегі.» Ұстаздық- киелі әрі мақтан тұтарлық мамандық. Ұстаз - бала болмысына өзгеріс енгізуші,оған бағыт-бағдар беруші. Ұстаз болу әркімнің қолынан келе бермейді. Оқымысты Әбу Насыр әл-Фарабидің өзі "Ұстаз...жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадына жақсы сақтайтын, бұлардың ешнәрсені ұмытпайтын...алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер- білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысты ардақтайтын, жақындарына да, жан адамдарына да әділ..., жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер жүрек болу керек" деген екен. Әйтсе де, дән егіп өсіруден, балапан салып ұшырудан бала тәрбиелеп, мектептен үлкен өмірге қанат қақтыру-ең қиын іс. Бала жанының бағбаны - ұстаз атану - қиынның қиыны!
Елбасымыз айтқандай "Болашақ-білімді жастардың қолында!" . Яғни, біздің болашағымыз,келешегіміздің нұрлы бола түсуі өз қолымызда. Ал,осы нұрлы болашақты құру жолында әркез жастарға жол көрсетіп, көмек қолын созатын, үлгі бола алатын бірден бір тұлға-ұстаз.
Мектепті - білімнің тірегі десек, ал тәрбиеші мен мұғалім - сол мектептің жүрегі, яғни бұл мамандық иелерінің қолында адам тағдыры, болашақ ұрпақтың тәрбиесі тұр. Негізі, ұстаз болу оңай шаруа емес. Әр оқушының көңілінің кілтін тауып, олардың тұлға болып қалыптасуына сүбелі үлес қосатын жан болу әр адамның қолынан келе бермейтін дүние. Аса сабырлықты, шыдамдылықты, жылулықты қажет ететін үлкен іс.
Жалпы, ұлағатты ұстаз атанған жандар біздің заманымызда да, өткен ғасырларда да аз болмаған. Олар сонау Батыстағы Аристотельден бастап, шығыстағы Конфуцийге дейін жалғасып жатыр. Ал, сол батыс пен шығысты жалғастырып тұрған, Азияның кіндігінде орналасқан қасиетті қазақ жерінде дүниеге келген, әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидай алыбымызбен күллі түркі xалқы мақтана алады. Кейінірек XX ғасырда ұлағатты ұстаз, әл-Фарабидай асылдың сынығы ретінде Аxмет Байтұрсынұлын айта аламыз. Ол кісі қазақ xалқының сана-сезіміне білім нұрын құю мақсатында, қазақ тілінің жалпы тіл ретінде қалыптасуына үлкен үлес қосты, талмай еңбек етті.
Енді, әңгіме өзегін өзім білім алып жатқан Алматы қаласы, Жетісу ауданындағы №43 жалпы білім беретін қазақ мектебінің ұстаздар қауымы жөнінде өрбіткім келеді. Жалпы арнаны осы тақырыпқа қарай бұратын болсақ, ауыз толтырып өте көп дүние жазуға болады. Себебі, біздің алтын ұя мектебіміздің ұстаздары- білімді, тәжірибелері мол, шәкірттеріне қандай жағдай болмасын қолдау көрсете алатын жандар. Көпшілік үшін мұғалімнің бәрі бірдей. Алайда, мен үшін олай емес. Олай дейтін себебім, менің белгілі бір мұғалімді артық я кем ұнатуымда емес. Кез келген мұғалім өз болмысымен ерекше. Бала бағбандарының ішінде өзінің қажырлы еңбегімен, талмас жігерімен, мінезімен, шәкірттеріне деген сарқылмас ыстық ықыласымен ерекше көзге түсетін, мен мақтанатын, үлгі тұтатын бір жан бар. Ол - біздің мектептің Қазақстан тариxы пәнінің мұғалімі Тілеубаева Ардақ Бақбергенқызы.
Бұнымен қоса, үш періштенің аяулы анасы. Кейде осы кісіні қазіргі заманның "супер-әйелі" деп қаларсын. Қосымша сабақтарына да үлгеріп, өзінің жеке басының дамуына да қарайтынына таңым бар. Ал, ең бастысы, журналистика мамандығын таңдауыма себепші болып, өзіме деген сенімділікті арттыруға дәнекерші , жалғыз үміт артқан осы кісі еді. Сол үшін сізге деген шексіз ризашылығымды осы мақалам арқылы білдіргім келді.
Сөздің соңын ұлағатты ұстаздар жайында xалқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлының сөзімен аяқтайын: "Ұстаздық-ұлы кұрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді...Өмірге ұрпақ әкелген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз".
"Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз баласына талмас қайрат сыйлайды" демекші әр кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі бола білетін барша ұстаздарымды мақтан тұтамын!
Ұстаздық өте жауапты мамандық екені баршамызға белгілі. Ол – мектептің де, қоғамның да, ғылымның да, білімнің де, ұлттың да, адамгершілік пен ерліктің де, жақсы мінез бен ақындықтың да нағыз жанды өкілі. Үнемі бала көзінде болу, әрдайым жинақы, таза, әдепті жүруді талап етеді. Кез келген уақытта шәкірттің қандай да болсын сұрағына білімділікпен жауап беруге тура келеді. Оған нақты, дәлелді, сенімді, көркем, жүйелі, тартымды сөйлеу керек. Ұстаздың әділдігі, адалдығы, батылдығы, мінез сұлулығы, іс пен сөз бірлігі, шыншылдығы, ұстамдылығы күн сайын балалар тарапынан баға алып отырады. Ол – әрі ғалым, әрі шешен, әрі көшбасшы. Ұстаз – мейірім, махаббат, сүйіспеншілік, жанашырлық сезімдерінің көрігі. Ұстаз – білім беру сапасын арттыру саясатын тікелей жүзеге асырушы. Ол – мемлекетімізді құрметтеу жауапкершілігін шәкірттеріне жеткізіп дарытушы. Мемлекетіміздің өркениетті даму саясатының мектептегі насихатшысы да – ұстаз. Бір сөзбен айтсақ, мұғалім – мемлекет өкілі. Ол өзінің ісімен де, сөзімен де, жүріс-тұрыс мәдениетімен де, мектепте және мектептен тыс қоғамда Тәуелсіз еліміздің эталондық бейнесі болып табылады.
Ұстаз беделін қоғам алдында көтеру үшін Елбасының тікелей өз Жарлығымен еліміздегі ең жоғары марапат – Қазақстанның Еңбек Ері атағы мен «Алтын жұлдыз» белгісі және «Отан» ордені ең бірінші рет ұстазға берілді. Бұл – мектеп мұғалімінің еңбегі елімізде жоғары құрметке ие екендігінің айғағы.
— Балалар қазақтың тұңғыш ұстазын білесіңдер ме?
— Ыбырай Алтынсарин.
— Әрине, Ыбырай Алтынсарин. Қазақтың ұлы ағартушысы, педагог, ғалым-жазушы Ыбырай Алтынсарин тұңғыш ағартушы, балаларға таза ана тілін үйрету арқылы халықтың бай тілін меңгеріп, өнер-білімге бастаушы. Ыбырай Алтынсарин туған халқына оқу-білімге шақырып, кенжелеген қараңғылықтағы еліне білімнің жарық сәулесін таратты. Тұңғыш қайраткер жас ұрпақ тәрбиелеуде жаңа ғылымның іргетасын қалады. Өзі бас болып, бірнеше жерде кездескен кедергі қарсылыққа қарамастан, 1864 жылы мектеп ашты. Сол жылдан бері қазіргі күнге дейін, 149 жыл бойы бала өміріне жауапты мамандықты таңдаған аяулы ұстаздарымыз тынбай еңбек етуде.
Нағыз ұстаз болу – бақыт, әрі абырой. Шындығында мұғалім болу оңай болып көрінгенімен, нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім»,- деп ұлы педагог Ы.Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рахаты жетерлік мамандық атаулының ұлысы.
Мектеп – жас ұрпақтың нәр алатын бастауы болса, мұғалім – тәуелсіздікке тірек болар сол бастаудың басты тұлғасы. Бүгінгідей зымыраған уақыт көшіне ілесу кез-келген ортада бәсекеге қабілетті болу, білім мен ғылым жетістіктерін меңгермей мүмкін емес. Рухани өрісі биік, ұлттық құндылықтарды ұлықтай білетін азамат тәрбиелеу, ұстаздардың, яғни, біздердің қолымызда.
«Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз»,- деп елбасы Н.Назарбаев ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік жүктеді. Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Менің түсінігімдегі қазіргі ұстаз қандай болуы керек? Ұстаз – жауапкершілігі мол, заман талабына сай, жаңа технологияларды меңгерген, оқушының жанын баурап алатындай, яғни, «жанам деген жүрекке от беретін» тұлға болуы керек.
Мұғалім – мектептің жүрегі. «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау»,- деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы ұстаздардың еңбегі ерен.
Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту.
Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері, кәсіби ұстаздар жетерлік. Солардың бірі өзім қызмет етіп жүрген №14 мектеп-лицейінің «қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі - Құрымбаева Ғалия Мырзағұлқызы. Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланып келе жатқан Ғалия Мырзағұлқызы жайлы ерекше ілтипатпен айтқым келеді. Себебі, ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын болашақ буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келеді. Өз ісіне, шәкіртінің жанына нұр құя білген Ғалия Мырзағұлқызындай ұстаздың өмірі біз үшін, болашақ үшін үлкен өнеге. Ұстаздық өмірге қадам басқан кезінен бастап, әлі күнге дейін шәкірт тәрбиелеуде тер төгіп келе жатқан мұғалім еңбегінің жемісі де аз емес.
Бойынан сол бір жастық жігердің ұшқыны жылдар өтсе де, әлі де сөнбегенін сөзбен емес нақты істер арқылы көрсетуде. Атап айтар болсам, Қазақстан Республикасының «Білім және Ғылым» министірлігінің «Құрмет грамотасы», 2013 жылы аудандық «Жылдың ең үздік пән мұғалімі», Аудан әкімінің «Алғыс хатымен» және т.б облыстық, аудандық байқаулардың дипломдарымен марапатталды.
Ұстаздың қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы өзгелерден оны ерекшелендіреді. Ол кісінің қайсар мінезі, жауапкершілігі, ақжарқын пейілі, қызметіне деген адалдығы жас мамандар, яғни, біздер үшін үлгі болары анық. Әйгілі жазушы Ғ.Мүсірепов «Оқушы жастардың ең сенімді ұстазы, сыр жасырмай ашық айтатын адамы – мұғалім» демекші Ғалия Мырзағұлқызы өз оқушыларын шыншылдық пен батылдыққа тәрбиелеп жүрген жан. Менің ұстаздық жолымда Ғалия Мырзағұлқызынан үйренгенімнен үйренерім көп.
Мен мамандығымды сүйемін! Өз мамандығын жақсы көрген жан әрқашан да жетістікке жетері даусыз. Алдыңғы буын ұстаздарымды үлгі етіп, болашаққа қадам басып, шәкірт тәрбиелесем еткен еңбек пен төккен терімнің зая кетпегені деп білемін.
«Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет»,- деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, ұлы қызметімді абыроймен алып жүру менің борышым.