23. Бауыр. Даму көздері. Бауыр бөлікшелері. Бауыр эмбриогенездің 3-ші аптасында ішектің кеуде бөлігінің энтодермасынан бастау алады. Алғашқыда пайда болған бауыр бастамасы екіге бөлінеді: краниальді-алдыңғы, каудальді-артқы. Краниальді бөлігінен бауыр мен бауыр ішіндегі өзектері, ал каудальдіден-өт қабы мен өт өзектері дамиды. Краниальді бөлігінің жасушаларының арасындағы мезенхимадан синусоидты капиллярлары, бөлік аралық дəнекер тіні қалыптасады. Ұрықтық дамудың 5-ші аптасында бауыр қан түзу қызметін атқарады. Нəресте туғаннан кейінгі алғашқы аптасында ақ бұл қызметі жойылып, бауыр асқорыту жүйесінің ең ірі бездерінің бірі болып табылады.
Бауырдың қызметтері:
• Ағзада бауыр деполық – қор жинау қызметін атқарады. Бауырда гликоген, майда еритін витаминдер (А,Д,Е,К) жиналады. Бауырдағы қан тамырлары жалпы ағзадағы қанның қоры.
• Көптеген зат алмасу процестеріне қатыса отырып, белоктың, липидтің (холестериннің), көмірсулардың, пигменттің, минералды заттардың алмасуы бауырда жүреді.
• Улы заттарды, гормондарды, дəрі-дəрмектерді, ксенобиотиктерді залалсыздандырады.
• Қорғаныс-сүзгі қызметі. Қаннан келіп түскен микроорганизмдерді, ондағы токсиндерді, ісік жасушалары мен басқа да биологиялық заттарды сүзіп, жояды. Бұл қызметті атқаруға бауыр макрофагтары (Купфер жасушалары), Pit-жасушалары, лейкоциттер жəне секреторлы антиденелердің алатын орны ерекше.
• Қан белоктарының синтезіне қатысады, бұларға: фибриноген, протромбин, альбуминдер жатады.
• Қанның ұюын реттеуге қатысатын – фибриноген мен протромбинді синтездейді.
• Секреторлы қызметі өтті синтездейді. Өт көптеген қызмет атқарады: майды ыдыратып, қорытады да, ішекте сіңуін, ұйқы безінің қызметін, асқазан қабырғасының жиырылғыштығын реттейді.
• Гомеостатикалық қызметі: антигендік жəне ағза температурасының тұрақтылығын сақтайды.
• Қан түзуге эмбриональды кезеңде қатысады, бірақ қатерлі анемияда бұл қызметі қайта жаңғырып, қан жасушалары түзілетін экстрамедуллярлы ошақтар пайда болады.
• Эндокринді қызметі. Бауыр қанға көп мөлшерде белоктарды жəне басқа да заттарды бөледі.
Құрылысы. Бауыр паренхиматозды, бөлшектенген мүше. Бауыр стромасы: а) ТТДТ-капсуладан (Глиссон капсуласы), б) БТҚДТ-перделері бауырды бөліктерге бөледі. Қалыпты жағдайда БТҚДТ перделері адамда нашар дамиды. Ал, бауыр перделері жақсы дамығаны байқалатын болса цирроз ауруы п.б.
Бауыр капсуласының астында бір қатар болып орналасқан гепатоциттері – бауырдың сыртқы терминалді пластинкасын түзеді. Бұл пластинка бауыр гепатоциттерінің камбиалді жасушалары болып саналады деген түсініктер бар. Созылмалы гепатит пен цирроз ауруларында пластинка бұзылады. Бауыр паренхимасы классикалық бөліктер түзетін гепатоциттердің жиынтығы. Бауыр бөліктері, бауырдың құрылыс-қызметін атқаратын бірлігі. Бауыр бөліктерінің пішіні алты қырлы призма тəрізді, ені 1-1,5мм, ал биіктігі 3-4мм. Ал бөліктерінің арасында бауыр үштігі; бөлік аралық артерия, вена жəне өт өзегі, сонымен қатар лимфа тамырлары мен нервтер жатады. Бауыр бөліктерінің ортасында орталық венасы орын алады. Бөліктің негізін түзетін бауыр баулары немесе трабекулалары. Бауыр баулары десмосомалармен байланысқан екі қатар болып орналасқан гепатоциттер тізбегі. Гепатоциттердің арасында, ішкі бөлігінде өт капиллярлары болады, олардың қабырғасында қабығы болмайды. Өт капиллярлары гепатоциттердің цитолеммасымен тысталған. Бауыр баулары радиалді түрде бағыттала келіп, орталық венамен түйіседі. Көршілес бауыр бауларының арасында синусоидты қан капиллярлары орналасады. Бұл капиллярлардың қабырғасын эндотелиоциттер ғана тыстайды (базальді мембранасы болмайды).