Тыныс алу жүйесі. Суда тіршілік етуіне байланысты тыныс алу мүшесі – желбезек, ол сүйекті қақпақшаның астында орналасқан. Желбезек 4 жұп болады, олардың әрқайсысы желбезек доғасынан (1), доғал жағында орналасқан күлтешелерінен (3) және ойыс жағында орналасқан сүзгілерінен (2) тұратындығын көріп байқаймыз. (30 сурет).
Несеп жүйесі. Торсылдақ астында орналасқан мезонефридиялық бүйрек зәр шығару қызметін атқарады. Бүйректі көру үшін балықтың ішектері мен торсылдағын алып тастау керек. Бүйрек омыртқа жотасының екі жанында орналасқан ұзынша таспа түрінде болады, одан несеп ағар басталады, ол несеп тесігіне ашылып сыртқа төгіледі. Қуық болады.
Жыныс жүйесі. Құрсақ қуысының жоғары бөлігінде торсылдақтың екі бүйірінде жыныс бездері орналасқан. Аналықтарында түйіршікті құрылыстағы жұмыртқа безі (уылдырық) болады, оның қабығының артқы ұзарған бөлігі шығарушы өзек қызметін атқарып аналь тесігі артындағы жыныс тесігіне ашылады.
Аталық жыныс бездері ұзарған ақ түсті оның қабығының артқы бөлігі тұқым шығарушы өзекке айналып жыныс тесігіне ашылады. Сонымен сүйекті балықтарда Вольф, Мюллер каналшалары жоқ. Жұмыртқа немесе тұқым безінен арнайы түтік басталып, жыныс тесігіне ашылады.
Орталық жүйке жүйесі. Орталық жүйке жүйесі шеміршекті балықтарға қарағанда сүйекті балықтарда қарапайымдау. Бас миы кіші, ортаңғы ми сыртында жүйкелік заттан құралған қабығы болмайды. Алдыңғы ми (3) кіші оның бүйір қарыншасы арасында перде болмайды. Бас миында ортаңғы ми (4) мен мишық (5) жақсы жетілген. Бас миын көру үшін балықты ыдысқа (үлкендеу) салып қайнатады. Бас қаңқасының сүйектерімен танысу барысында ми сауытын ашып ңмайдыңң ішінен ақ түсті бас миын көруге болады. Аралық ми көрінбейді, алдыңғы ми астында орналасқан сопақша мидан (6) жұлын (7) басталады (31-сурет).